Құдайды қуантатын ән-күйлер
Музыка “ең көне әрі адамға анағұрлым жақын көркемөнер” ретінде белгілі. Бұл, сөйлеу сияқты, адамдарды жануарлардан айырып көрсететін керемет сый. Музыка адамның көңіл-күйіне әсер етеді, әрі құлаққа жағымды тиіп, есте сақталып қалатын ерекшелігі де бар. Ал ең маңыздысы — ол Құдайды қуанта алады.
КИЕЛІ КІТАПТЫҢ айтуынша, Исраил әнші, күйші халық болған. “Киелі кітап заманында ән-күй әсіресе кең жайылған көркемөнер болған” дейді бір сөздік (Unger’s Bible Dictionary). Күнделікті өмірде және Құдайға мінажат еткенде олар ән айтумен, күй тартумен ерекшеленген. Бірақ ән айту өнерінің орны ерекше болған.
Сүлеймен ғибадатхана соққанға дейін, оның әкесі Дәуіт патша ғибадатхана алдында ‘ән айтып қызмет ететін’ адамдарды Леуі ұрпағынан таңдап тағайындаған болатын (1 Шежіре 6:31, 32). Ехобаның өз халқымен бірге екенін білдіретін келісім сандығын Иерусалимге алып кіргенде, Дәуіт ұйымдастырған леуіліктер тобы “Тәңірді мадақтап, ризашылық сөздер айтып, дәріптеді”. Олар бұл әндерін ішекті аспаптардың, арфалардың, шыңның, дауылпаздардың сүйемелдеуімен орындады. Бұл ер адамдарды “Рақымы мәңгілікке ұласатын болғандықтан Тәңірді мадақтау үшін... аттарын атап тағайындаған болатын” (1 Шежіре 16:4—6, 41; 25:1).
“Тәңірдің рақымы мәңгілік” деген сөздер Киелі кітаптың әсіресе ән-күймен байланысы бар Забур кітабында жиі кездеседі. Мысалы, Забурдың 135-жырындағы 26 тармақтың әрқайсысы осы тіркеспен аяқталады. “Оның ықшамдылығы тілге жеңіл. Естіген адам оңай жаттап аларлық”,— дейді бір Киелі кітап зерттеушісі.
Забур жырларының кіріспе сөздерінен ән-күй аспаптарының кеңінен қолданылғаны байқалады. Забурдың 150-жырында керней, ішекті аспаптар, дауылпаз, сыбызғы, шың сияқты аспаптар аталған. Сонда да болса ән айтуға көбірек мән берілген. Алтыншы тармағында: “Тіршілік атаулының бәрі де Тәңірді мадақтасын! Аллилуя!” — деген шақыру жазылған.
Ән-күй біздің сезімдерімізді сыртқа шығаратын болғандықтан, адамдардың қайғы-мұңы Киелі кітап заманында жоқтау әндерін немесе бір сарынды зарлы әндердің шығуына ықпал етті. Әннің осындай бір сарынмен айтылатын түрлері алайда Исраил әндерінің ішінде сирек кездесетін. “Тек жоқтау әндерінде немесе зарлы әндерде ғана әсем саз не шешендік сөздерден гөрі бір сарындылықтың болғанын дұрыс көрген”,— делінеді “Жазбаларды түсіну” атты Киелі кітап энциклопедиясында”a.
Иса өлер алдындағы түні адал елшілерімен бірге әндетіп Ехобаны мадақтап өлең айтқан болатын. Бұл өлеңдер Жаратқан Иені мадақтау жырларынан алынған болса керек (Забур 112—117). Ұстаздарымен айырылысудың алдында елшілерге бұл қандай күш берді десеңші! Оның үстіне, өлеңнің “Оның рақымы мәңгілік” деген қайырмасын бес рет айтқаны әлемнің құдіретті Әміршісі Ехобаға адал қызмет етуден ешқашан таймау шешімдерін әрі қарай да берік ұстануларына жігер берген болса керек (Забур 117:1—4, 29).
Ертедегі Ефес пен Қолостағы мәсіхшілер ‘Забур жырлары мен мадақтау өлеңдерін’ айтқан. Сонымен қатар олардың жүректері ризашылыққа кенеліп, “рухани әндер” орындаған (Ефестіктерге 5:19; Қолостықтарға 3:16, сілтемені қара). Олар Құдайды әнмен де, сөзбен де мадақтаған. Иса: “Ауыз көңілі тасығаннан сөйлейді”,— демеп пе еді? (Матай 12:34).
Құдайға ұнамайтын ән-күйлер
Киелі кітапта жазылған оқиғалардағы ән-күйлердің Құдайға ұнамағандары да болған. Мұсаға құрамына Он өсиет кіретін Заң берілгенде Синай тауында болған оқиғаны қарастырайықшы. Таудан түсіп келе жатып Мұса не естіді? Оның естігені ‘жеңімпаздардың шуы да, жеңілгендердің зары да емес еді; бұл ән айтып жатқандардың даусы’ болатын. Бұтқа табынып орындалған бұл әнге Құдай ашуланады да, нәтижесінде осы ойын-сауыққа қатысқан 3000-ға жуық адам өлімге кесілді (Мысырдан көшу 32:18, 25—28).
Адам ән-күйдің түрлі-түрлісін жазып, оны орындап, тыңдап қуанышқа бөлене алады, бірақ бәрі Құдайға ұнайды деуге болмайды. Неге? Елші Пауыл былай деп түсіндірді: “Бәрі де күнә жасап, Құдайдың (бергісі келетін) ұлылығынан құр алақан қалды” (Римдіктерге 3:23). Бұтқа табынушы халықтардың тұқымдылық рәсімдері мен жанның өлмейтіндігі туралы ілім, сондай-ақ Мәриямға “Құдайдың анасы” ретінде табыну жиі музыкалық шығармалардың мазмұнының негізгі арқауы болып келеді. Бұл ілімдер мен әдет-ғұрыптар Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған Сөзі — Киелі кітапта айтылған ілімге қайшы келетін болғандықтан, ақиқаттың Құдайы — Ехобаның атына кір келтіреді (Заңды қайталау 18:10—12; Езекиел 18:4; Лұқа 1:35, 38).
Ән-күйді парасаттылықпен таңдау
Ән-күйді дұрыс таңдау оңай емес. Түрлі әндер жазылған компакт-дискілердің мұқабасы сатып алушыларды қызықтырарлықтай етіп жасалады. Дегенмен Құдайдың қызметшісі Оған жағымды болғысы келсе, таңдаған кезде абай болып, жалған діни көзқараспен байланысы бар, әрі өнегесіз қылықтар мен зұлым рухтарды дәріптейтін ән-күйлерден парасаттылықпен бас тартады.
Альберт есімді миссионер Африкада қызмет етіп жүргенде пианино ойнайтын мүмкіндігінің аз болғандығын айтады. Алайда ол өзімен алып келген ұзақ ойнайтын бірнеше күйтабағын қайта-қайта тыңдап тұрған екен. Ол өз еліне қайта оралып, қазір мәсіхшілер қауымдарында аралаушы бақылаушы ретінде қызмет етіп жүр. Оның ән-күйге көңіл бөлуге көп уақыты жоқ. Ол былай дейді: “Мен композитор Бетховеннің шығармаларын сүйіп тыңдаймын және бірнеше жыл бойы оның симфониялық, концерттік, сонаталық және квартеттік шығармаларын жинадым”. Бұларды тыңдаудан ол үлкен ләззат алады. Әрине әр адамның ән-күйде өз талғамы бар, бірақ біз мәсіхші ретінде Пауылдың: “Не ішіп-жесеңдер де, не істесеңдер де, бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер!” — деген кеңесін есте ұстаймыз (1 Қорынттықтарға 10:31).
Ән-күй және Құдайға арналған өмір
Сюзи ән-күй дегенде ішкен асын жерге қоятын. “Пианинода алты жасымнан, скрипкада он жасымнан, ал арфада он екі жасымнан ойнай бастадым”,— дейді ол. Кейін ол Лондон қаласындағы Корольдық музыка колледжінде арфада ойнау студиясында оқиды. Төрт жыл испаниялық атақты арфашы әйелден сабақ алады. Кейін бір жыл Париж консерваториясында оқып, музыкадан үздік диплом, сонымен қатар арфашының және пианино ұстазының дипломдарын алып шығады.
Сюзи Лондондағы Ехоба Куәгерлерінің қауым жиналыстарының біріне қатыса бастайды. Ол жерден шынайы ықылас пен Куәгерлердің бір-біріне деген сүйіспеншілігін байқайды. Оның да бірте-бірте Ехобаға деген сүйіспеншілігі артып, Оған қызмет еткісі келеді. Сондықтан ол Құдайға қызмет етудің мүмкіндігін іздейді. Содан ол өз өмірін Құдайға арнап, шомылдыру рәсімінен өтеді. “Музыкант болу үшін адам өз өмірін соған толығымен арнайды, сондықтан өмірді Құдайға арнау деген маған түсініксіз болған жоқ”,— дейді Сюзи. Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздауды, яғни Исаның тапсырмасын орындауды, бастағанда, ол концертке аз қатысатын болды (Матай 24:14; Марқа 13:10).
Ән-күймен айналысуға уақыттың аздығынан ол қазір өзін қалай сезінеді екен? “Музыкаға жеткілікті уақыт бөлінбегеніне кейде сәл қапаланамын, бірақ бірақ анда-санда болса да музыкалық аспаптарда ойнап, әлі де ән-күйден ләззат аламын. Ән-күй — Ехобаның берген сыйы. Мен ән-күйден қазір — Құдайға қызмет ету өмірімдегі ең маңызды іс болғалы — бұрынғыдан да көбірек ләззат алам”,— дейді ол (Матай 6:33).
Құдайды мадақтайтын ән-күйлер
Альберт пен Сюзи, алты миллионға жуық Ехоба Куәгерлері сияқты, Ехоба Құдайды үнемі әнмен мадақтайды. Ехоба Куәгерлері екі жүз отыз төрт елдегі Патшалық Сарайларында өтетін кездесулерінде, бұл мүмкін жерде, Ехобаны мадақтайтын әндермен бастап, аяқтайды. Өлеңдердің мажорлы және минорлы тамаша әуендері мен Киелі кітапқа негізделген сөздері Ехоба Құдайды мадақтайды.
Қатысушылардың барлығы әнге қосылып, шын жүректерінен Ехобаның қамқор Құдай екендігін айтады (44-ән). Сондай-ақ олар Ехобаға Оны мадақтайтын әндер айтады (190-ән). Олардың әндері мәсіхшілердің бауырластығында болу, мәсіхші боп өмір сүру, сондай-ақ мәсіхшіге тән қасиет дамыту дегендердің үлкен қуанышқа бөлейтінін, бірақ, сонымен қатар жауапкершілік те жүктейтінін көрсетеді. Сондай-ақ бұл әндердің композиторлары Азия, Австралия, Еуропа мен Оңтүстік және Солтүстік Америка елдеріндегі мәсіхшілер болғандықтан, түрлі музыкалық стильдердегі әндер таңдандырадыb.
Забур жыршысы Патшаға қатысты ұлы әнұранды: “Тәңірге арнап жаңа ән айтыңдар; жер жүзі, Тәңірге арнап ән айтыңдар; Тәңірге арнап ән айтыңдар, Оның есімін дәріптеңдер”,— деп бастайды. “Оның құтқаруы туралы ізгі хабарды күннен-күнге айтыңдар; даңқын халықтарға, жасаған керметтерін барлық ұлттарға жариялаңдар” (Забур 95:1—3). Сіз тұратын жерде де Ехоба Куәгерлері осындай әндер айтады. Олар сізді де өз қатарларына қосылып мадақтау әндерін айтуға шақырады. Патшалық Сарайында олар сізді қуана қарсы алады. Ол жерде Ехобаны оны қуантатын әндермен мадақтауды үйренуіңізге болады.
[Сілтемелер]
a Күзет Мұнарасы Қоғамы басып шығарған (ағ.).
b Бұл әндер Күзет Мұнарасы Қоғамы басып шығарған “Ехобаны мадақтап ән шырқаңдар” кітабында жинақталған.
[31-беттегі сурет]
Ехобаны мадақтап ән шырқа.