Бүгінгі күнге айтылған Құдайдың пайғамбарлық сөзіне құлақ салыңдар
“Адам ұлы, ұғып ал, бұл аян заманның ақырына қатысты!” (ДАНИЕЛ 8:17, ЖД).
1. Ехоба қазіргі уақытқа байланысты бүкіл адамзаттың нені білгенін қалайды?
ЕХОБА болашақта болатын оқиғаларға қатысты білімді жасырмайды. Керісінше, ол — құпия нәрселерді ашатын Құдай. Ол барлық адамдардың ‘заманның ақыры’ деп аталатын уақыттың соңы таяп қалғанын білгенін қалайды. Жер бетінде өмір сүріп жатқан алты миллиард адам үшін бұл қандай маңызы зор жаңалық десеңші!
2. Не себепті адамзаттың болашағы бізді мазасыздандырып отыр?
2 Осы дүниенің соңы таяп қалғандығына таңғалатын ештеңе жоқ. Бүгінде адам айда жүре алады, бірақ өз планетасының көптеген жерлерінде көшеде жүруге қорқады. Оның үйі жаңадан шыққан сан алуан техникаға толы, бірақ ол отбасының босағасын берік етуге дәрменсіз. Адам баласы ақпарат дәуірінің табалдырығынан аттады, бірақ адамдар бір-бірімен бейбіт өмір сүруді үйрене алмады. Адамзаттың осындай дәрменсіздігі біздің заманның ақырында өмір сүріп жатқандығымыз туралы Киелі жазбаларда айтылған көптеген дәлелдерді қолдайды.
3. ‘Заманның ақыры’ деген сөз жер бетінде ең алғаш қашан қолданылды?
3 ‘Заманның ақыры’ — осы таңғаларлық тіркесті алғашқы рет шамамен 2600 жыл бұрын Жәбірейіл періште қолданған. Тұла бойын қорқыныш билеген Құдайдың пайғамбары Жәбірейілдің былай деген сөздерін естіді: “Адам ұлы, ұғып ал, бұл аян заманның ақырына қатысты!” (Даниел 8:17).
Қазір ‘заманның ақырғы’ күндері!
4. Заманның ақыры жөнінде Киелі кітап тағы не дейді?
4 ‘Заманның ақыры’ және ‘белгіленген заманның ақыры’ деген тіркестер Даниелдің кітабында алты рет кездеседі (Даниел 8:17, 19; 11:35, 40; 12:4, 9). Бұл тіркестер елші Пауылдың ‘соңғы дәуір’ деп атаған мезгіліне қатысты (2 Тімотеге 3:1—5). Сондай-ақ Аспан Патшасы ретінде қатысатын уақыты жөнінде айтқанда Иса Мәсіх тап осы мезгілге нұсқаған (Матай 24:37—39).
5, 6. Осы соңғы уақытта Құдай Сөзін кім ‘оқыды’ және бұның нәтижесі қандай болды?
5 Даниел 12:4-те былай делінген: “Ал сен, Даниел, заманның ақыры келгенше бұл сөздерді жасырып, бұл кітапты бекітіп қой; оны көпшілігі оқып, білімі артады”. Ғасырлар бойы Даниелдің жазған нәрселерінің көбісі адамдарға түсініксіз, жасырын болатын. Ал бүгінгі күні ше?
6 Бүгінгі күні — заманның ақырында — көптеген шынайы мәсіхшілер Құдай Сөзін, яғни Киелі кітапты, ‘оқыды’. Мұның нәтижесі қандай болды? Ехоба олардың ықыласына батасын беріп, осының арқасында олардың даналығы мейлінше артты. Мысалы, Ехоба өзінің майланған қызметшілеріне батасын беріп, олар 1914 жылдан бері Иса Мәсіхтің аспанда патшалық етіп отырғаны туралы түсік алды. Елші Петірдің 2 Петір 1:19—21 тармақтарда жазылған сөздеріне сәйкес, майланғандар да, олардың адал серіктері де ‘пайғамбарлық сөзге’ ‘көңіл қоюда’, сондай-ақ олар қазіргі уақыттың ‘заманның ақыры’ екендігіне сенімді.
7. Әңгімеленген қандай оқиғалар Даниелдің кітабын бірегей етеді?
7 Даниелдің кітабы көп жағынан өзінше бірегей кітап. Оның беттерінде мынадай оқиғалар суреттеледі: таңғаларлық жұмбақ түсін есіне салып, жорып бере алмаған данышпандарын патша өлім жазасына кесетінін айтып қорқытады, бірақ Құдайдың пайғамбары оны жорып береді. Алтын мүсінге табынудан бас тартқаны үшін үш жас жігітті жанып тұрған пешке тастайды, бірақ олар аман қалады, тіпті ешқандай зақым да алмайды. Той-думанның ең қызған кезінде, жүздеген адамдар қабырғаға құпия сөздерді жазып жатқан қолды көреді. Зұлым қаскүнемдер егде кісіні арыстандары бар апанға тастатады, бірақ ол аман қалады да, оның денесінде тырнақтың ізі де болмай шығады. Аянда төрт хайуан көрінеді, әрі бұл пайғамбарлықтың орындалуы заманның ақырына дейін созылуы керек болады.
8, 9. Әсіресе қазір, яғни заманның ақыры таяп қалған уқытта, Даниелдің кітабының біз үшін қандай пайдасы бар?
8 Даниел кітабында оқиғалардың бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі түрлі желіде дамитындығы анық байқалады. Біріншісі — тарихи жағдайларды хабарлау, екіншісі — пайғамбарлық. Бұлардың екеуі де сеніміміздің нығаюына себепкер бола алады. Хабарлау мәнерінде жазылған бөлігі Ехоба Құдайдың Өзіне деген адалдығын сақтағандарға батасын беретіндігін көрсетеді. Ал пайғамбарлық бөлігінің біздің сенімімізді нығайта алуының себебі — Ехобаның ғасырлар, тіпті мыңдаған жылдар алдын тарихтың бағытын білетіндігінде.
9 Даниел жазған әр түрлі пайғамбарлықтар Құдай Патшалығына көңіл аудартады. Осындай пайғамбарлықтардың орындалғанын көргенде біздің сеніміміз нығаяды әрі заманның ақырында өмір сүріп жатқанымызға деген сенімділігіміз артады. Бірақ кейбір сыншылар Даниелге қарсы сын айтып, оның есімімен аталатын кітапта суреттелген оқиғалар, шын мәнінде, орындалып қойған соң пайғамбарлық ретінде жазылған деген айып тағады. Егер бұл рас болса, Даниелдің кітабында жазылған заманның ақырына қатысты оқиғаларға байланысты ойлануға тұрарлық күдік туады. Скептиктер бұл кітаптың хабарлау мәнерінде жазылған бөлігіне де күмәнданады. Олай болса, осы сұрақтарды зерттеп көрелік.
“Тергеуде!”
10. Даниелдің кітабына қандай айып тағылуда?
10 Іс қаралып жатқан сот залында отырғандарыңды елестетіп көріңдерші. Прокурор сотталушыны өтірікші ретінде айыптайды. Даниел кітабының мазмұнына қарағанда, ол б. з. б. VII—VI ғасырлардың аралығында өмір сүрген еврей пайғамбарының өз қолымен жазған жұмысы екендігі көрінеді. Бірақ сыншылар оны жалған кітап деп есептейді. Онда, алдымен осы кітаптың хабарлау мәнерінде жазылған бөлігінің тарихи айғақтармен сәйкестігін қарастырып көрейік.
11, 12. Балтасар ойдан шығарылған адам деген айыпқа қандай жауап қайтарылды?
11 “Ешқашан болмаған патша” деп атауға болатын істі қарастырып көрейікші. Даниел кітабының 5-тарауында б. з. б. 539 жылы Бабыл жауланып алынғанда онда Балтасардың патшалық еткені жазылған. Сыншылар осы сөздерге дауласатын, өйткені Киелі кітаптан басқа еш жерде Балтасардың есімі аталмаған. Ежелгі уақыттың тарихшылары Бабылдың соңғы патшасы Набонид болғандығын айтатын.
12 Алайда қазіргі Ирак жерінде орналасқан ежелгі бабылдық Ур қаласының үйіндісінде 1854 жылы жүргізілген қазба жұмыстарының барысында балшықтан жасалған бірнеше кішкентай цилиндрлер табылды. Сына жазуы бар осы құжатта, басқа мәліметтермен қоса, Набонид патшаның “[өзінің] үлкен ұлы Балтасар” туралы дұғасы да бар болатын. Бұл құжатта Даниелдің кітабында аталып өткен Балтасар жөнінде айтылғанын тіпті сыншылардың да мойындауына тура келді. Сонымен, “ешқашан болмаған патшаның” шын мәнінде болғандығы расталды, тіпті ол жөнінде Киелі кітаптан басқа мәлімет көздерінде де әңгіме қозғалғаны анықталды. Бұл — Даниелдің кітабында жазылған нәрселердің рас екенін дәлелдейтін көптеген айғақтардың біреуі ғана. Осындай дәлелдер Даниелдің кітабы Құдайдың пайғамбарлық Сөзінің бір бөлігі болып табылатынын, сондай-ақ әсіресе қазіргі уақытта, яғни заманның ақыры таяп қалған уақытта, біздің бұл кітапқа мұқият зер салуымызды талап ететіндігін көрсетеді.
13, 14. Набуходоносор деген кім болған және ол қандай құдайға ерекше табынған?
13 Даниелдің кітабының хабарлау мәнерінде жазылған негізгі арқауына дүниежүзілік үкіметтердің салтанатты шеруі туралы шынайы пайғамбарлық пен осы үкіметтердің әкімдерінің кейбір іс-әрекеттері қиюластыра өрнектелген. Осындай әкімдердің бірін империя құрған жауынгер деп атауға болады. Бұл жауынгер Бабылдың патша тағының мирасқоры болатын, сонымен қатар ол өзінің әскерімен Кархамисте мысырдың перғауыны Нехаоны күйреткен. Бірақ оның алған хабары түпкілікті жеңіске жетуді өзінің қолбасшыларына тапсырып кетуіне мәжбүр етеді. Әкесі Набопаласардың қайтыс болғанын білген соң, Набуходоносор деген осы жас жігіт б. з. б. 624 жылы таққа отырады. 43 жыл бойы патшалық еткен уақыт аралығында Набуходоносор империя құрды, бұл империя бір кездері Ассирияға жатысты болған жерлерді қамтыды және оған Сирия мен Палестинаның Мысыр шекарасына дейінгі жерлерін ендірді.
14 Набуходоносор Бабылдың басты құдайы Мардукқа табынуда ерекше ынта көрсететін. Патша өзінің жеңістерінің бәрін Мардуктың қолдауының арқасында деп есептейтін. Набуходоносор Мардукқа және Бабылдың басқа да алуан түрлі құдайларына арнап Бабыл қаласында әсем безендірілген ғибадатханалар соқтыртқан. Бабыл патшасының алтыннан жасатып Деир алаңында қойдырған мүсіні тап сол Мардукқа арналған болса керек (Даниел 3:1, 2). Оның үстіне, әскери жорыққа дайындалғанда Набуходоносор балгерлікке ерекше арқа сүйегенге ұқсайды.
15, 16. Набуходоносор Бабылды қандай қалаға айналдырды және ол оның айбындылығымен мақтанған уақытта не болды?
15 Набуходоносор әкесі бастаған қаланың қос қабат зор қабырғаларын соғып бітіреді, бұл қабырғалар астананы айбынды етіп көрсететін. Туып өскен жерінің қыраттары мен ормандарын сағынып жүрген мидиялық патшайымының көңілін табу үшін Набуходоносор — ежелгі әлемнің жеті кереметінің бірі болып есептелетін — аспалы бақ соғады. Ол Бабылды тарихтағы берік қорғаны бар қалалардың біріне айналдырған. Осы жалған мінажат орнын ол қалай мақтан тұтты десеңші!
16 Бір күні Набуходоносор: “Мен салған айбынды Бабыл осы емес пе?!” — деп мақтанды. Бірақ Даниел 4:30—36 тармақтарға сәйкес, “әлі бұл сөздер патшаның аузында тұрғанда”, ол ақылынан алжасты. Даниел алдын ала айтқандай, ол жеті жыл бойы, патшалық етуге жарамай, шөп жеп күн көрді. Осыдан соң ол қайтадан патша тағына отырды. Сендер осы оқиғалардың пайғамбарлық мәнін білесіңдер ме? Осы пайғамбарлықтың басты орындалуы қалайша заманның ақыры туралы айтатынын түсіндіріп бере аласыңдар ма?
Даниелдің пайғамбарлығында әңгімеленетін нәрселер
17. Патшалық етуінің екінші жылында Набуходоносор Құдайдан алған пайғамбарлық түсінде не көрді?
17 Ал енді Даниелдің кітабындағы кейбір пайғамбарлықтарға көңіл аударып көрелік. Киелі кітаптағы пайғамбарлықта айтылғандай Набуходоносор дүниежүзілік ірі мемлекеттің билеушісі ретінде екінші жыл патшалық етіп отырғанда (б. з. б. 606/605), Құдай оған қорқынышты түс көрсетті. Даниел кітабының 2-тарауына сәйкес, патшаның түсіне басы алтыннан; көкірегі мен қолдары — күмістен; қарны мен бөксесі — мыстан; сирақтары — темірден; ал аяқтары — жартылай темірден, жартылай балшықтан жасалған үлкен мүсін кіреді. Бұл мүсіннің әр түрлі мүшелері нені білдірген еді?
18. Мүсіннің алтын басы, күміс көкірегі мен қолдары және мыстан жасалған қарны мен бөксесі ненің бейнесі болды?
18 Ехобаның пайғамбары, Набуходоносорға: “Уа, патша... алтын бас бұл — сен”,— деді (Даниел 2:37, 38). Набуходоносор Бабылды билеген патша әулетінің біріншісі еді. Кейін оның орнына мүсіннің күмістен жасалған көкірегі мен қолдары арқылы бейнеленіп көрсетілген Мидо-Парсы патшалығы орнады. Одан кейін мүсіннің мыстан жасалған қарны мен бөкселері арқылы бейнеленген Грек империясы пайда болды. Осы дүниежүзілік мемлекет қалай пайда болды екен?
19, 20. Ескендір Зұлһарнайын деген кім болған және Грецияның дүниежүзілік мемлекетке айналуына ол қалай ықпал етті?
19 Б. з. б. IV ғасырда Даниелдің пайғамбарлығының осы бөлігінің орындалуында бір жас жігіт елеулі орын алды. Ол б. з. б. 356 жылы дүниеге келіп, Ескендір Зұлһарнайын деген есіммен танымал болды. Б. з. б. 336 жылы әкесі Філіп қастықпен өлтірілгеннен кейін, жиырма жасар Ескендірге Македонияның патша тағы мұраға қалады.
20 Б. з. б. 334 жылдың мамыр айының басында Ескендір жаулап алу шапқыншылығын бастады. Оның 30000 жаяу және 5000 атты әскерден тұратын азғантай, бірақ жақсы дайындықтан өткен әскері бар болатын. Тап сол жылы, яғни б. з. б. 334 жыл, Кіші Азияның солтүстік батысындағы (қазіргі Түркия) Граник өзенінің бойындағы шайқаста Ескендір алғашқы рет парсыларды жеңді. Осы қайсар шапқыншы б. з. б. 326 жылдың қарсаңында парсылықтарды өзіне бағындырып, тіпті қазіргі Пәкістанның шығысындағы Үнді өзеніне дейін жеткен болатын. Бірақ Ескендір Бабылда болған соңғы шайқасында жеңіліп қалған еді. Б. з. б. 323 жылдың 13 маусымында не бары 32 жыл 8 ай өмір сүргеннен кейін, Ескендір өзінің ата жауы — өлімнен жеңілген болатын (1 Қорынттықтарға 15:55). Сөйтсе де, Ескендірдің шапқыншылығының арқасында, Даниелдің пайғамбарлығында алдын ала айтылғандай, Греция дүниежүзілік мемлекетке айналды.
21. Набуходоносордың түсіне кірген мүсіннің темір сирақтары Рим империясынан басқа тағы қандай дүниежүзілік мемлекетті бейнелеген еді?
21 Алып мүсіннің темірден жасалған сирақтары ненің бейнесі еді? Олар Грек империясын мылжа-мылжа етіп быт-шытын шығарған темір іспеттес Римнің бейнесі болатын. Римдіктер Иса Мәсіх уағыз еткен Құдай Патшалығына құрмет көрсетпей, б. з. 33 жылы Мәсіхті бөренеге шегелеп азаптап өлтірді. Рим шынайы мәсіхшілерді жоюға тырысып, Исаның шәкірттерін қудалаған. Бірақ Набуходоносордың түсіне кірген мүсіннің темір сирақтары Рим империясының ғана бейнесі болған жоқ, оның мирасқоры — дүниежүзілік Англо-Америка мемлекетін де бейнелеген болатын.
22. Мүсін туралы түс біздің заманның ақыры таяп қалған уақытта өмір сүріп жатқанымызды түсінуімізге қалай көмектеседі?
22 Мұқият зерттеу барысында заманның ақыры делінген уақыт соңына таяп қалғандығын анық байқауға болады, өйткені біз қазір мүсіннің жартылай темір, жартылай балшықтан тұратын аяқтарымен бейнеленген мезгілінде өмір сүріп жатырмыз. Бүгіндегі кейбір үкіметтер — темір сияқты, яғни өктемшіл келеді, ал басқа біреулері балшыққа ұқсайды. Балшықтан жасалған “адам баласының ұрпағының” әлжуаз болатынына қарамастан, саясаттың “темір” талаптары қарапайым халықтың қандай да бір шамада мемлекет басшылығына араласуына жол беруге мәжбүр болып отыр (Даниел 2:43; Аюп 10:9). Ал өктемшіл үкімет басшылары мен қарапайым халықтың бірлесуі темір мен балшықтың қоспасының беріктігінен әрі бармайды. Бірақ жақында Құдай Патшалығы осы саяси бөлшектелген дүниені жойып жібереді (Даниел 2:44).
23. Балтасар патшаның бірінші жылында Даниелдің көрген түсі мен аяндарын қалай суреттеп берер едіңдер?
23 Оқырманды қызықтырып баурап әкететін Даниел кітабының 7-тарауында жазылған пайғамбарлықтар да біздің назарымызды заманның ақырындағы оқиғаларға аударады. Бұл тарауда Балтасардың Бабылда патшалық еткен бірінші жылында болған оқиғалар туралы әңгімеленеді. Жетпістен асып қалған Даниел “төсегінде жатып түс көріп, басына пайғамбарлық аяндар алды”. Бұл аяндардан оның зәре-құты қалмады! Ол: “Міне, қарасам,— деп дауыстап жіберді,— ұлы теңізде аспанның төрт желі күресіп жатыр. Сосын теңізден бір-біріне ұқсамайтын төрт хайуан шықты” (Даниел 7:1—8, 15). Қандай таңғажайып хайуандар! Бірінші — қанатты арыстан, ал екінші — аюға ұқсайтын хайуан шығады. Сонан соң төрт қанатты, төрт басты барыс шығады! Ерекше күшті төртінші хайуанның болса, үлкен темір тістері мен он мүйізі бар болатын. Оның он мүйізінің арасынан “адамның көздері іспеттес көздері мен тәкаппар сөйлейтін аузы бар” тағы да бір “онша үлкен емес” мүйіз шығады. Расында да құлақ естіп, көз көрмеген хайуандар!
24. Даниел 7:9—14 тармақтарда жазылған мәліметке сәйкес Даниел аспаннан не көрді және ол неге нұсқайды?
24 Сосын Даниел аспанды көрді (Даниел 7:9—14). “Күндері көне”, яғни Ехоба Құдай, салтанатты даңқымен төреші ретінде таққа отырды. “Мыңдағандар Оған қызмет етіп, сан-мыңдағандар Оның алдында тұрды”. Ол хайуандарға үкім шығарып, оларды билігінен айырды, ал төртінші хайуанды өлтіріп тастады. Сосын ‘барлық халықтар, ұлттар мен тілдерге’ билік етуді ‘Адам Ұлы тәріздіге’ мәңгілікке тапсырды. Бұл көрініс заманның ақырына, сондай-ақ Адам Ұлының, яғни Иса мәсіхтің, 1914 жылы патша тағына отырғанына нұсқайды.
25, 26. Даниелдің кітабын оқу барысында қандай сұрақтар тууы мүмкін және пайда болған сұрақтарымызға жауап табуға қандай кітап көмектесе алады?
25 Даниелдің кітабын оқыған адамдарда сұрақ туатындығы сөзсіз. Мысалы мынадай сұрақтар: Даниелдің 7-тарауындағы төрт хайуан нені білдіреді? Даниел 9:24—27 тармақтарда Мәсіхке қатысты айтылған “жетпіс апта” туралы пайғамбарлықты қалай түсінуге болады? Даниелдің 11-тарауында жазылған “оңтүстіктің патшасы” мен “солтүстіктің патшасының” арпалысуы туралы пайғамбарлық нені бейнелейді? Заманның ақырында осы патшалардан қандай әрекет күтуге болады?
26 Ехоба өзінің жер бетіндегі майланған қызметшілеріне, яғни Даниел 7:8-де жазылғандай, “Құдай Тағаланың қасиеттілеріне” осындай сұрақтардың түсінігін беріп отыр. Оның үстіне, Даниел пайғамбардың киелі рухтың жетелеуімен жазған сөздерін біздің тереңірек түсінуіміз үшін, “адал және ақылды қызметші” қамданып қойды (Матай 24:45). Даниелдің пайғамбарлықтарын тереңірек түсіну мүмкіндігі жақында жарық көрген “Даниелдің пайғамбарлығына көңіл қойыңдар!” кітабының арқасында туды. Даниел кітабының әрбір бөліміне көңіл аударылған, әрі керемет безендірілген бұл кітап 320 беттен тұрады. Онда Құдайдың сүйікті пайғамбары Даниелдің сенімді нығайтатын пайғамбарлығы мен әңгімелерінің әрқайсысына жеке-жеке көңіл аударылған.
Қазіргі уақытқа қатысты мағынасы
27, 28. а) Даниелдің кітабындағы пайғамбарлықтардың орындалуы туралы не деуге болады? ә) Біз қандай уақытта өмір сүріп жатырмыз және біз не істеуіміз керек?
27 Мына бір маңызы зор нәрсеге көңіл аударыңдаршы: кейбір ұсақ-түйек нәрселерін есептемегенде, негізінде Даниелдің кітабындағы пайғамбарлықтардың бәрі орындалып қойған. Мысалы, біз қазір Даниел кітабының 2-тарауында суреттелген мүсіннің аяқтарымен бейнеленген уақыт аралығында болуы керек дүниежүзілік жағдайлардың барысын бақылап отырмыз. Тағайындалған Патша Иса Мәсіх 1914 жылы таққа отырғызылған кезде, Даниел кітабының 4-тарауында әңгімеленген ағаштың томарына салынған бұғау алынған болатын. Сонда, Даниел кітабының 7-тарауында алдын ала айтылғандай, Күндері көне Адам Ұлына билікті табыс етті (Даниел 7:13, 14; Матай 16:27—17:9).
28 Даниел кітабының 8-тарауында жазылған 2300 күн де, 12-тарауында жазылған 1290 күн мен 1335 күн де өтіп кетті. Даниелдің кітабының 11-тарауын зерттеу арқылы “оңтүстіктің патшасы” мен “солтүстіктің патшасының” арпалысының аяқталып қалғанын көруге болады. Осының барлығы заманның ақыры делінген уақыт соңына таяп қалғанын Киелі кітапта жазылған нәрселер дәлеледеп отырғанына тағы да біздің көзімізді жеткізеді. Қайталанбас уақытта өмір сүріп жатқанымызды ескере отырып, біз қандай әрекетке бел бууымыз керек? Ехоба Құдайдың пайғамбарлық сөзіне құлақ салуымыз керек екендігінде сөз жоқ!
Қалай жауап берер едіңдер?
• Құдай қазіргі уақытта бүкіл адамзаттың нені білгенін қалайды?
• Даниелдің кітабы біздің сенімімізді қалай нығайтады?
• Набуходоносордың түсіне кірген мүсіннің қандай ерекшеліктері бар еді және олар ненің бейнесі болды?
• Даниелдің кітабындағы пайғамбарлықтардың орындалуынан не нәрсені ескерген жөн?