Ехобаны мадақтайтын қуанышты үйлену тойлары
Уэлш пен Элтия 1985 жылы Соуэтода (ОАР) үйленген болатын. Олар кейде қыздары Зинзимен бірге үйлену тойларындағы суреттерді қызықтап, сол қуанышты күнді еске түсіреді. Зинзи тойдағы қонақтарды танығанды ұнатады, әсіресе оған үйлену тойына арналған өте әдемі көйлегімен түскен анасының суреттері ұнайды.
АЛДЫМЕН Соуэто муниципалитетінде үйлену тойына арналған баяндама айтылды. Сонан соң жас мәсіхшілер хоры төрт дауыспен Ехобаны мадақтайтын әндер айтты. Ал одан кейін қонақтар мерекелік дастарханға шақырылды. Ас ішіліп жатқанда Патшалық әуендері баяу ойнап тұрды. Ешқандай спиртті ішімдіктер, даңғаза әуен немесе би болған жоқ. Қонақтар, өзара әңгімелесіп, жас жұбайларды құттықтап, уақытты қуанышты өткізді. Жалпы той шамамен үш сағатқа созылды. “Бұл мен үшін әрқашан сүйсіне еске алатын той болды”,— деді мәсіхші қария Реймонд.
Үйленген кездерінде Уэлш пен Элтия Күзет Мұнарасы Қоғамының Оңтүстік Африка республикасындағы филиалының ерікті қызметшілері еді. Олардың кішігірім той өткізуге ғана мүмкіндіктері болды. Кейбір мәсіхшілер үлкен той өткізуге қаржы жинау үшін толық уақытты қызметті тастап, осы дүниелік жұмысқа тұруды шешкен. Бірақ Уэлш пен Элтия шағын ғана той өткізгендеріне өкінген жоқ, өйткені Зинзи дүниеге келгенге дейін Құдайға толық уақытты қызмет атқаруға мүмкіндіктері болды.
Ал жас жұбайлар үйлену тойларында осы дүниелік музыка мен бидің болуын ұйғарса ше? Ал, шарап пен басқа да спиртті ішімдіктер болады деп шешсе? Дүркіретіп үлкен той өткізуге мүмкіндіктері болған жағдайда? Олар бұл мерекенің Құдайдың қызметшілеріне лайықты қуанышты оқиға болуы үшін не істей алады? Бұл сұрақтар мұқият қарастыруды талап етеді, өйткені Киелі кітапта былай делінген: “Не ішіп-жесеңдер де, не істесеңдер де, бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер!” (1 Қорынттықтарға 10:31).
Жүгенсіздіктен аулақ болу
Ойын-күлкісіз үйлену тойын елестету қиын. Бірақ, ойын-күлкі шектен шығып кетсе өте қауіпті. Көптеген осы дүниелік тойларда Құдайдың атына кір келтіретін нәрселер болып жатады. Мысалы, спиртті ішімдіктерді шамадан тыс ішу — үйреншікті нәрсе. Өкінішке орай, бұндай жағдай кейде мәсіхшілердің үйлену тойларында да кездесіп жатады.
Киелі кітап: “Ішкілік — елірген”,— деп ескертеді (Нақыл сөздер 20:1). “Елірген” деп аударылған еврей сөзі “көп шу шығару” дегенді білдіреді. Егер ішіп алған бір адамның өзі қатты шу шығаратын болса, көп адам бас қосып, шамадан тыс ішкендегі шуды елестетіп көріңдерші! Мұндай жағдайлар “маскүнемдік, жүгенсіздік және сол сияқты” Киелі кітапта “күнәкар болмысымыздан” деп аталатын нәрселерге оңай ұласып кететіні анық. Мұндай істермен айналысып, оған өкінбейтін әркім Құдай Патшалығының қол астында мәңгі өмір сүру үмітінен айырылады (Ғалаттықтарға 5:19—21).
“Жүгенсіздік” деп аударылатын грек сөзі көшеде музыкаға қосылып ән айтып, би билеп шулап келе жатқан ішіп алған жастарды суреттеу үшін қолданылатын болған. Егер үйлену тойында спиртті ішімдіктер шектеусіз ішіліп, даңғаза музыка мен өрескел би болатын болса, тойдың жүгенсіздікке ұласып кетуі әбден мүмкін. Мұндай жағдайда рухани әлсіз адамдар оңай елігіп, “жеңіл жүріс, азғындық пен ұстамсыздық, ашу-ызаға [берілу]” сияқты күнәкар болмыстан туындайтын басқа да қылықтарды істеуі мүмкін. Күнәкар болмыстан туындайтын мұндай қылықтар мәсіхшілердің үйлену тойының шырқын бұзбауы үшін не істеуге болады? Бұл сұраққа жауап беру үшін, Киелі кітапта бір үйлену тойының қалай суреттелгенін қарастырып көрейікші.
Иса қатысқан үйлену тойы
Иса мен шәкірттері Ғалилея аймағының Қана қаласындағы үйлену тойына шақырылады. Олар шақыруды қабыл алады, тіпті Иса бұл оқиғаның қуанышты өтуіне өзінің үлесін де қосады. Шарап таусылған кезде ол керемет жасап, жоғарғы сапалы жаңа шарап жасайды. Риза болған күйеу жігіт пен оның отбасы тойдан қалған шарапты тағы біраз уақыт пайдаланғаны анық (Жохан 2:3—11).
Иса қатысқан үйлену тойынан біраз нәрселерге үйренуімізге болады. Біріншіден, Иса мен шәкірттері тойға шақырусыз келген жоқ. Киелі кітапта олардың шақырылғаны анық айтылған (Жохан 2:1, 2). Оның үстіне үйлену тойы туралы екі мысал әңгімесінде Иса ондағы қонақтардың арнайы шақырылғандығын бірнеше рет қайталап айтқан (Матай 22:2—4, 8, 9; Лұқа 14:8—10).
Кейбір елдерде үйлену тойына арнайы шақыруды күтпей-ақ келе береді. Бірақ бұл қаражат жағынан қиындық тудыруы мүмкін. Мол қаражаты жоқ жас жұбайлар сансыз көп адамды тамақпен, сусындармен қамтамасыз ету үшін қарызданып қалуы мүмкін. Сондықтан, жас жұбайлар арнайы аз ғана қонақтар шақырып, кішігірім кеш ұйымдастыруды шешсе, шақырылмаған мәсіхшілер оларды түсіне біліп, тойға келмеулері керек. Кейптаунда (ОАР) бір кісі өзінің үйлену тойына 200 адамды қонаққа шақырады. Бірақ 600 адам келіп, аз уақыттың ішінде тамақ таусылып қалады. Шақырылмаған қонақтардың ішінде, сол той өткен демалыс күні Кейптаунда экскурсия жасап жүрген бір автобус туристер де бар еді. Туристердің жол көрсетушісі қалыңдықтың алыс туысы болғандықтан, қалыңдықпен немесе күйеу жігітпен ақылдаспай-ақ бір топ адаммен келуге құқым бар деп ойлады.
Егер үйлену тойына қалағандар келе алатыны айтылмаған болса, Исаның шынайы ізбасарлары шақырылмаған жерге келіп, арнайы шақырылған қонақтардың дастарқанына ортақ болмайды. Шақырылмаған тойдың қызығына еліккен әркім өзінен: осы үйлену тойына келгенім жас жұбайларға деген сүйіспеншілігімнің жетіспейтінін көрсетпей ме екен? Оларды ыңғайсыз жағдайға қалдырып, тойдың шырқын бұзбаймын ба? — деп сұраулары керек. Түсіне білетін мәсіхші шақырмағандары үшін өкпелеудің орнына, жас жұбайларға сүйіспеншілікпен құттықтау қағаз жіберіп, Ехобаның батасына ие болуларына тілектестік білдіреді. Ол тіпті оларға көмек көрсетуді ұйғарып, үйлену тойы күнгі олардың қуанышын молайту үшін сыйлық жіберуіне де болады (Екклесиаст 7:9; Ефестіктерге 4:28).
Тойды кім өткізеді?
Африканың кей бөліктерінде тойды жас жұбайлардың жасы үлкен туыстары өткізеді. Қаражат табу қиындығынан босатқандары үшін жас жұбайлар оларға риза бола алады. Сонымен қатар олар күтпеген жағдайлардың жауапкершілігінен құтыламыз деп ойлаулары мүмкін. Бірақ, туыстарының шын жүректен ұсынып отырған көмектерін қабылдамас бұрын, жас жұбайлар өздерінің жеке өтініштерінің ескерілетініне сенімді болулары керек.
Иса “көктен түскен” Құдайдың Ұлы болса да, өзін жоғары ұстап, Қанадағы тойда бұйрық беріп жүрді деп еш жерде айтылмаған (Жохан 6:41). Киелі кітаптағы мәліметке сәйкес, онда арнайы тағайындалған “асаба” болған (Жохан 2:8). Ал ол болса өз кезегінде жаңа отбасының отағасына, яғни күйеу жігітке, жауапты болатын (Жохан 2:9, 10).
Мәсіхші туыстары жаңа отбасының Құдай тағайындаған отағасын сыйлаулары керек (Қолостықтарға 3:18—20). Өйткені үйлену тойында болатын нәрсенің бәріне де күйеу жігіттің өзі жауапты. Әрине, күйеу жігіт ақылдылық танытып, мүмкіндігінше қалыңдығының, ата-анасының және туыстарының тілектерін ескеруі керек. Сөйтсе де, егер туысқандары жас жұбайлардың қалауына қарсы нәрсе істегілері келсе, онда олар сыпайылықпен олардың көмектерінен бас тартып, өздері қарапайым той өткізулеріне болады. Нәтижесінде жас жұбайлардың тойында кейін өкінішпен еске алатындай еш нәрсе болмайды. Мысалы, Африкада мәсіхшілердің үйлену тойын басқарған мәсіхші емес туысы қайтыс болып кеткен ата-бабаларына арнап тост көтерген!
Кейде ерлі-зайыптылар үйлену тойлары аяқталмай жатып кетіп қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда күйеу жігіт Киелі кітаптың нормалары сақталып, той уақтылы аяқталуы үшін жауапкершілікті басқа біреуге тапсырып кетуі керек.
Мұқият жоспарлау және байсалдылық
Иса қатысқан үйлену тойында тәтті тағамдар көп болған болса керек, өйткені Киелі кітапта ол ұлан-асыр той болды делінген. Жоғарыда айтылғандай мұнда шарап та көп болған. Онда жақсы музыка мен әдепті би болса керек, өйткені музыка мен би иудейлердің мәдениетінің бір бөлігі болған. Бұны Исаның адасып қайта оралған ұл туралы астарлы әңгімесінен көруге болады. Ол әңгімедегі бай әке, теріс қылықтарына өкініп, қайта оралған ұлын көргенде, қатты қуанып кетті де: “Ішіп-жеп көңіл көтерейік”,— деді. Исаның айтуы бойынша, бұл мейрамда “музыка мен би” болған (Лұқа 15:23, 25, ЖД).
Бірақ, бір қызығы, Киелі кітапта Қана қаласындағы үйлену тойына байланысты музыка мен би туралы тікелей айтылмаған. Сондай-ақ үйлену тойы туралы Киелі кітапта айтылған хабарлардың ешқайсысында би туралы айтылмаған. Бұл Киелі кітап уақытындағы Құдайдың адал қызметшілері билегенмен де, олардың үйлену тойларында биге ерекше көңіл қойылмағандығын көрсетеді. Біздің бұдан қандай да бір үлгі алуымызға бола ма?
Африкада кейбір мәсіхшілердің үйлену тойында қуатты электрондық дыбыс системаларын қолданады. Музыка өте қатты болғаны сонша, қонақтар бір-бірімен жөнді сөйлесе алмайды. Кейде тамақ өте аз болып, керісінше биге ешқандай шек болмайды да, олар жеңіл бейбастақтыққа ұласып кетеді. Мұндай кештер үйлену тойынан гөрі, жай ғана би кешіне ұқсап кетеді. Оның үстіне көбінесе қатты шығып жатқан музыканы естіп, шақырылмаған бөтен адамдар келіп, тойдың шырқын бұзады.
Киелі кітапта жазылған үйлену тойларында музыка мен биге ерекше көңіл бөлінбегені үйлену тойын Ехобаны даңқтайтындай етіп ұйымдастырғысы келетін жас жұбайлар үшін басшылық болуы керек емес пе? Жақында Оңтүстік Африкада кейбір үйлену тойларына дайындық барысында тойдың бағдарламасына қатысатын мәсіхші жастардың көп уақыты қиын биді үйренуге кеткен. Бірнеше ай бойы олар бұл биді үйренуге аса көп уақыт жұмсаған. Бірақ мәсіхшілер уағыз айту, Киелі кітапты жеке өзі зерттеу, мәсіхшілер жиналыстарына қатысу сияқты “ізгілікті” нәрселерге “уақыт босатулары” керек (Ефестіктерге 5:16, ЖД; Філіпіліктерге 1:10).
Исаның көп шарап жасағанына қарап Қана қаласындағы той үлкен және дастарқаны мол той болғанын көруге болады. Бірақ ол мерекеде кейбір иудейлердің үйлену тойларында болып жататын у-шудың болмағанына және қонақтардың спирттік ішімдіктерді шамадан тыс ішпегеніне күмән келтірмеуімізге болады (Жохан 2:10). Біз неге бұған сенімді бола аламыз? Өйткені ол тойда Иеміз Иса Мәсіхтің өзі болған. Иса Құдайдың “шарап ішіп мас болатындар мен ет жеп күпті болатындардың арасында болма” деген жаман ортаға байланысты өсиетін басқа адамдарға қарағанда жақсы сақтаған (Нақыл сөздер 23:20).
Сондықтан жас жұбайлар үйлену тойында шарап немесе басқа да спиртті ішімдіктер болады деп шешсе, қанша ішіліп жатқанын қатаң қадағалайтын адам тағайындап қоюлары керек. Музыка болатын болса, олар мәсіхшілерге лайық әуендерді таңдап алуы керек, сонымен қатар дыбысының қаттылығын қадағалайтын адамның болғаны қажет. Қонақтардың еркінсіп, күдікті музыка қоюына немесе даусын тым қатты шығаруына жол берілмеуі керек. Ал егер билейтін болса, әдепті және сабырлы билерді таңдау қажет. Мәсіхші емес туысы немесе рухани жетілмеген мәсіхші тұрпайы немесе сезімге кері әсер ететін биді билей бастаса, күйеу жігіттің музыканы өзгертуіне немесе сыпайы түрде биді тоқтатуын өтінуіне болады. Әйтпесе үйлену тойы бейбастақтыққа ұласып, біреулердің сенім жолынан тайып кетуіне себеп болуы мүмкін (Римдіктерге 14:21).
Қазіргі заман билерінің кейбір түрлері, даусы қатты шығатын музыка және спиртті ішімдіктердің көп болуы қауіп тудыратын болғандықтан, кейбір мәсіхші күйеу жігіттер үйлену тойларында олардың болмағаны дұрыс деп шешеді. Сол үшін кейбіреулер оларды сынап-мінейді, ал бірақ іс жүзінде олар Құдайдың киелі есіміне кір келтіруі мүмкін нәрселерден аулақ болуды қалағандары үшін мақтауға лайық. Екінші жағынан кейбір күйеу жігіттер әдепті музыка қойылып, билейтін уақыт белгіленіп, спиртті ішімдіктердің аз мөлшерде ішілуі үшін шара қолданады. Қалай болғанда да үйлену тойында не болатынына күйеу жігіт жауапты.
Африкада кейбір рухани толыспағандар мәсіхшілердің әдеп сақталған үйлену тойларын менсінбей, оларды жерлеу шеруіне ұқсайды дейді. Бірақ бұл байсалды көзқарас емес. Күнәкар болмыстан туындайтын қылықтар уақытша сезімге бөлеуі мүмкін, бірақ кейіннен мәсіхші ұжданы алдында азап шегеді және Құдайдың атына кір келтіреді (Римдіктерге 2:24). Ал Құдайдың киелі рухы шынайы қуанышқа бөлейді (Ғалаттықтарға 5:22). Тойлары біреулерді сүріндіретін кедергі тас болмай, қуанышты оқиға болғандықтан, көптеген мәсіхші ерлі-зайыптылар өздерінің үйленген күндерін мақтанышпен еске алады (2 Қорынттықтарға 6:3).
Уэлш пен Элтия мәсіхші емес туыстарының үйлену тойлары жайында жақсы пікірлер айтқандарын әлі күнге дейін еске алады. Олардың бірі былай деген болатын: “Осы күндері өтетін даңғаза тойлардан шаршадық. Анда-санда әдеп сақталған үйлену тойында болып тұрған қандай жақсы”.
Ең маңыздысы — қуанышты да, әдеп сақталған үйлену тойлары некеге бастама берген Ехоба Құдайды даңқтайды.
[22-беттегі қоршау/сурет]
ҮЙЛЕНУ КЕШІНЕ АРНАЛҒАН ЖАДНАМА
• Егер мәсіхші емес туыстарың сөз сөйлейтін болса, оның мәсіхшілікке жат дәстүрлерді енгізбейтініне сенімдісіңдер ме?
• Егер музыка болатын болса, тек әдепті әндерді таңдадыңдар ма?
• Музыканың даусы орташа шығатын бола ма?
• Егер би болатын болса, ол әдепке сай бола ма?
• Спиртті ішімдіктер аз мөлшерде бола ма?
• Қанша ішіліп жатқанын қадағалайтын адам бола ма?
• Үйлену кеші уақтылы аяқталатын мезгілді белгіледіңдер ме?
• Той аяқталғанша тәртіпті қадағалайтын адам бола ма?