Рухтың айтқанына құлақ салыңдар
“Егер оңға немесе солға бұрылып кетсеңдер, құлақтарың: “Міне жол, сонымен жүріңдер!” — деп арттарыңнан айтылған сөздерді еститін болады” (ИШАЯ 30:21).
1, 2. Тарих бойында Ехоба адамдармен қалай байланысып отырған?
ПУЭРТО-РИКО аралында жалғыз параболалық антеннасы бар дүние жүзіндегі ең үлкен әрі ең сезімтал радио-телескоп орнатылған. Ондаған жылдар бойы ғалымдар осы ауқымды құралдың арқасында басқа планеталардан мәлімет алуға үміттеніп келеді. Бірақ осы уақытқа дейін ешқандай мәлімет келіп түскен емес. Сөйтсе де, бір қызығы, біздің әрқайсысымыз кез келген уақытта күрделі құралдардың көмегінсіз-ақ бұ дүниеден жоғары тұрған рухани ортадан мәлімет ала аламыз. Бұл мәліметтер қиялдағы басқа планета тұрғындарынан емес, одан әлдеқайда жоғары Бастаудан шығады. Осы мәліметтерді жіберетін Бастау кім және оларды кімдер қабылдайды? Әңгіме қандай мәліметтер жөнінде болып отыр?
2 Киелі кітапта адамдардың бірнеше жағдайда Құдайдан мәлімет естігені жөнінде жазылған. Кейде мұндай мәліметтер Құдайдың хабаршысы ретінде қызмет ететін рухани жаратылыстар арқылы берілетін (Жаратылыс 22:11, 15; Зәкәрия 4:4, 5; Лұқа 1:26—28). Ал үш рет Ехобаның өз даусы естілген (Матай 3:17; 17:5; Жохан 12:28, 29). Сонымен қатар Құдай өзінің пайғамбарлары арқылы да сөйлейтін. Олардың көпшілігі Құдайдың киелі рухының жетелеуінің арқасында оның сөздерін қағазға түсіріп отырған. Бүгінгі күні бізде осы іспетті Құдайдың мәліметтерінен тұратын, сондай-ақ Иса мен оның елшілерінің ілімдері жазылған Киелі кітап бар (Еврейлерге 1:1, 2). Расында да Ехоба адамдарға мәлімет беріп отырған.
3. Құдайдан келген мәліметтердің мақсаты неде және біздің не істегеніміз дұрыс?
3 Құдайдан келген аталмыш мәліметтерде физикалық әлем туралы мағлұмат аз. Олар анағұрлым маңыздырақ нәрселерге, яғни біздің қазіргі өміріміз бен болашағымызға көбірек көңіл аударады (Забур 18:8—12; 1 Тімотеге 4:8). Осы мәліметтер арқылы Ехоба бізді өзінің еркімен таныстырады, әрі бізге басшылық береді. Осылайша Құдайдан келген мәліметтер, қандай да бір шамада, Ишая пайғамбардың: “Егер оңға немесе солға бұрылып кетсеңдер, құлақтарың: “Міне жол, сонымен жүріңдер!” — деп арттарыңнан айтылған сөздерді еститін болады”,— деген сөздерін орындайды (Ишая 30:21). Ехоба бізге өзінің “сөздерін” зорлап тыңдатпайды. Оның басшылығына құлақ асып, оның жолымен жүреміз бе, жоқ па — ол өзімізге байланысты. Сондықтан Киелі жазбалар бізді Ехобадан келген мәліметтерге құлақ асуға шақырады. Аян кітабында жеті рет ‘рухтың айтқандарын тыңдауға’ шақырған сөздер кездеседі (Аян 2:7, 11, 17, 29; 3:6, 13, 22).
4. Бүгінгі күні Құдайдың тікелей көктен байланыс жасамайтынын күтудің қисыны бар ма?
4 Қазіргі уақытта Ехоба рухани ортадан бізге тікелей тіл қатпайды. Киелі кітап жазылып жатқан уақыттың өзінде табиғаттан тыс түрде берілетін мәліметтер сирек болатын, кейде олардың арасында ғасырлар өтетін. Тарих бойында Ехоба өзінің халқымен көбінесе тікелей емес, басқалай жолдармен байланысып отырған. Қазір де тап солай. Бүгінде Ехобаның бізбен байланысқа түсетін үш жолын қарастырайық.
“Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған”
5. Адамдармен байланысу үшін бүгінгі күні Ехобаның қолданатын басты құралы қандай және ол бізге қалай көмектесе алады?
5 Құдайдың адамдармен байланысу үшін қолданатын басты құралы — Киелі кітап. Ол Құдайдың киелі рухының жетелеуімен жазылған, әрі ондағы жазылған нәрселердің бәрі бізге пайдалы (2 Тімотеге 3:16). Киелі кітапта Ехобаның даусына құлақ асуды я аспауды өз еркімен шешкен тарихи тұлғалар жөнінде әңгімеленеді. Осындай мысалдар Құдай рухының айтқандарына құлақ асқанның неге маңызды екенін есімізге салады (1 Қорынттықтарға 10:11). Сонымен қатар Киелі кітапта маңызды шешім қабылдағанда бізге басшылық болатын дана кеңестер бар. Құдайдың өзі артымыздан: “Міне жол, сонымен жүріңдер!” — деп тұрғандай.
6. Өзге әдебиеттердің бәріне қарағанда неге Киелі кітап әлдеқайда артық?
6 Киелі кітап беттеріндегі сөздер арқылы рухтың не дейтінін есту үшін, біз оны үнемі оқуымыз керек. Киелі кітап керемет жазылған әрі бүгінде көпшіліктің қол жеткізуіне болатын көпке танымал кітап қана емес. Бұл кітап киелі рухтың жетелеуімен жазылған, сондықтан онда Құдайдың ой-ниеті жазылған. Еврейлерге 4:12-де былай делінген: “Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті. Ол екі жүзі өткір семсердің қайсысынан да өткір. Жан мен рухты айырып, буын мен жұлынға жеткенге дейін бойымызға терең енеді де, ішкі дүниеміздегі ой-ниетімізді әшкерелеп, бағалайды”. Біз Киелі кітапты оқығанда ондағы жазылғандар семсер сияқты бойымызға терең өтіп, ой-ниетіміз бен пиғылымыздың Құдайдың еркіне қаншалықты сай келмейтіндігін көрсетеді.
7. Неге Киелі кітапты оқығанның маңызы орасан зор және біз оны қаншалықты жиі оқуымыз керек?
7 Уақыт өте келе, өмірде көрген жақсылы-жаманды нәрселердің нәтижесінде ‘ішкі дүниеміздегі ой-ниетіміз’ өзгереді. Егер Құдай Сөзін үнемі оқымасақ, ой-ниетіміз, көзқарасымыз бен сезімдеріміз Құдайдың принциптерімен үйлесімділікте болмайтын болады. Сондықтан Киелі кітап былай деп ескертеді: “Өздеріңді сынаңдар, сенім жолымен жүрсіңдер ме, жоқ па? Өздеріңді тексеріңдер” (2 Қорынттықтарға 13:5). Рухтың не деп жатқанын тыңдауды жалғастыра беру үшін, Құдай Сөзін күнделікті оқу керектігі туралы айтылған кеңеске құлақ асуымыз керек (Забур 1:2).
8. Елші Пауылдың қандай сөздері Киелі кітапты оқуға деген көзқарасымызды тексеруге көмектеседі?
8 Алған мәліметтерді қорытуға жеткілікті уақыт бөлу керек екендігін Киелі кітапты оқитындардың есте сақтағанының маңызы орасан зор! Берілген кеңеске құлақ асып Киелі кітапты күнделікті оқығанда, мағынасына мән бермей бірнеше тарауға көз жүгіртіп шығу дұрыс емес. Әрине, Киелі кітапты күнделікті оқудың маңызы зор, алайда біздің мақсатымыз оны белгіленген уақыт аралығында оқып шығу ғана емес, бізде Ехобаның ілімі мен еркін білуге деген шынайы ықылас болуы керек. Бұл жағынан өз-өзімізді тексеру үшін Пауылдың төменде келтірілген сөздерін қарастырып көруге болады. Ол бауырластарына былай деген: “Мен Құдай Әкеміз алдында сендер үшін тізе бүгіп, дұға етемін... Мәсіх сенімдерің арқылы жүректеріңе орнығып, рухани өмірлерің Оның сүйіспеншілігіне тамыр жайып, негізделсін. Осылай сендер Мәсіхтің сүйіспеншілігінің қаншалықты кең де көз жеткісіз, терең де биік екенін Құдайдың бүкіл халқымен бірге түсіне алып, адам санасы жетпейтін осы сүйіспеншілікті танып біліп, сол арқылы Құдайдың рухани қасиеттері бойларыңа толықтай дари берсін!” (Ефестіктерге 3:14, 16—19).
9. Қалайша біз Ехобадан үйренуге деген ықылас дамытып, оны күшейте аламыз?
9 Кейбіреуіміз оқығанды жақсы көрмейміз, ал басқа біреуіміз, керісінше, оқу десе ішкен асымызды жерге қоямыз. Сөйтсе де, өз болмысымызға тән осындай ерекшеліктерге қарамастан, Ехобадан үйренуге деген ықылас дамытып, оны күшейте аламыз. Елші Петірдің айтуынша, біз Киелі кітаптан білім алуға шөліркеуіміз керек, оның үстіне, бәлкім, бойымызда осындай құштарлықты дамыту керек те болатын шығар. Петір былай деп жазды: “Жаңа туған сәбидің сүтке шөліркегеніндей, әрдайым Құдай сөзінің “таза сүтіне” құштар болыңдар. Содан нәр алғанда рухани өсіп, өлімнен құтқарыла аласыңдар” (1 Петір 2:2). Киелі кітапты оқып білуге ‘шөліркегіміз’ келсе, белгілі бір тәртіпті қатаң ұстана білудің маңызы зор. Бірнеше рет татып көргеннен кейін жаңа тағамды жақсы көріп кетуге болатыны сияқты, белгілі бір тәртіпті қатаң ұстану жағын қолға алар болсақ, Киелі кітапты оқып, зерттеуді де жақсы көріп кетуге болады.
Уақтылы берілетін ас-су
10. ‘Адал және ақылды қызметшінің’ құрамына кімдер кіреді және бүгінде Ехоба оларды қалай қолдануда?
10 Ехобаның бүгінгі күні бізбен сөйлесетін жолдарының тағы бірін Иса Матай 24:45—47 атап өткен. Мұнда ол өзгелерге ‘ас-суын уақытында беру’ жауапкершілігі тапсырылған киелі рухпен майланған мәсіхшілер қауымы, яғни “адал және ақылды қызметші” жөнінде айтқан болатын. Ал жеке-жеке алғанда, қызметші таптың мүшелері де Исаның қауымдағы басқа қызметшілері сияқты ‘қызметшілер’. Олар “ұлы жамағат” ‘басқа қойлармен’ бірге жігер мен басшылық алып отырады (Аян 7:9; Жохан 10:16). Уақтылы таратылатын ас-судың басым көпшілігі “Күзет мұнарасы”, “Ояныңдар!” (ор.) сияқты журналдар мен басқа да басылымдардан тұрады. Сонымен қатар рухани тағам конгрестер арқылы, сондай-ақ қауым кездесулеріндегі баяндамалар мен көрсетулер арқылы да беріледі.
11. Біздің “адал және ақылды қызметші” арқылы рухтың айтқандарына құлақ асуға дайын екендігімізді неден байқауға болады?
11 ‘Адал және ақылды қызметшінің’ беретін мәліметі біздің сенімімізді нығайтып, жаман мен жақсыны айыра білу қабілетін дамытуымыз үшін арналған (Еврейлерге 5:14). Бұл кеңес жалпы айтылуы мүмкін, сондықтан әрбір адам оның өзіне қаншалықты қатысты екенін өзі шешеді. Оның үстіне біз мінез-құлқымызға байланысты түрлі кеңестер алып тұрамыз. Қызметші табы арқылы рухтың не дейтініне шынында да құлақ асқымыз келсе, біз қандай көзқарас дамытуымыз керек? Елші Пауыл былай деп жауап береді: “Ұстаздарыңа бағынып, оларға мойынсұныңдар” (Еврейлерге 13:17). Рас, олар да кемелсіз адамдар. Сөйтсе де, кемелсіз болғандарына қарамастан, Ехоба олардың қызметін қуанышпен қабыл алып, осы зұлым заманның ақырында бізге басшылық беру үшін қолдануда.
Ар-ұжданымыздың басшылығы
12, 13. а) Ехоба басшылық ететін тағы қандай бастау берді? ә) Құдай Сөзі туралы тура білімі жоқ адамдардың ар-ұждандары қалай дұрыс әрекет ете алады?
12 Ехоба басшылықтың және бір бастауын берген, ол — біздің ар-ұжданымыз. Ол адам баласын дұрыс пен бұрысты іштей ажырата білу сезімімен жаратқан. Бұндай ішкі сезім біздің болмысымыздың бір бөлігі болып табылады. Римдіктерге арналған хатында елші Пауыл былай деп түсіндірген: “Таурат заңы жоқ басқа ұлттар өз еріктерімен оның талаптарын орындаса, онда олар сол заңсыз-ақ не істеп, не қою керек екенін білетіндіктерін көрсетеді. Осы арқылы олар Таурат заңының талаптарының жүректерінде жазулы екенін дәлелдейді. Бұған олардың ар-ұждандары куә, яғни оларды іштей қаралайтын немесе ақтайтын осы ұждандарынан туған ойлары куә” (Римдіктерге 2:14, 15).
13 Ехобаны білмейтіндердің көпшілігінің ой-ниеті мен іс-әрекеті, қандай да бір шамада, жақсылық пен жамандыққа қатысты Құдайға ұнамды принциптермен үйлесіп жатады. Олар өздеріне дұрыс бағыт беретін ішкі дауыстарының баяу үнін еститіндей. Егер бұндай нәрсе Құдай Сөзі туралы тура білімі жоқ адамдарға тән болса, шынайы мәсіхшілер үшін бұл дауыс қаншалықты қатты шығуы керек десеңші! Құдай Сөзіндегі тура біліммен жетілдіріліп, Ехобаның киелі рухымен үйлесімділікте әрекет ететін ар-ұжданның берер кеңесіне сенім артуға болатындығында күмән жоқ (Римдіктерге 9:1).
14. Киелі кітапқа сәйкес машықталған ар-ұждан Ехобаның рухының басшылығына мойынсұнуымызға қалай көмектеседі?
14 Дұрыс әрекет ететін әрі Киелі кітапқа сәйкес машықталған ар-ұждан рухтың көрсеткен жолын есімізге салып тұрады. Біз Киелі жазбаларда да, Киелі кітапқа негізделген басылымдарда да нақты ештеңе айтылмаған жағдайға тап болып қалуымыз мүмкін. Бірақ ар-ұжданымыз бізді қауіпті іс-әрекет жасаудан сақтап қала алады. Осындай жағдайларда ар-ұжданның даусына құлақ аспау, Ехобаның рухы айтқан нәрсені елеусіз қалдырумен барабар болуы әбден мүмкін. Басқа жағынан, мәсіхшіге тән машықталған ар-ұжданымызға сүйенуді үйренсек, өзіміз ұшырап қалған жағдайға байланысты еш жерде анық жазылмаса да дұрыс әрекет ететін боламыз. Бірақ қандай да бір жағдайға байланысты жоғарыдан ешқандай принцип, басшылық немесе заң берілмесе, әңгіме жеке мәселеге қатысты болғанда бауырластарымыздан біздің ар-ұжданымыздың даусына құлақ асуын талап еткеніміз орынсыз екенін есте сақтағанымыз жөн (Римдіктерге 14:1—4; Ғалаттықтарға 6:5).
15, 16. Не себепті біздің ар-ұжданымыз “істен шығып” қалуы мүмкін және қалай бұның алдын алуға болады?
15 Таза, әрі Киелі кітапқа сәйкес машықталған ар-ұждан — Құдайдың ізгі сыйы (Жақып 1:17). Егер құлықтылығымызды сақтап қалуға көмектессін десек, бұл сыйды оған нұқсан келтіретін нәрселерден сақтауымыз керек. Құдайдың талаптарына қайшы келетін жергілікті ғұрыптар мен жағымсыз әдеттерді ұстанатын болсақ, ар-ұжданымыз “істен шығады” да, бізге дұрыс бағыт беру қабілетінен айырылады. Біз іс-әрекетімізді дұрыс бағалаудан қалып, тіпті жаманды жақсы деп есептеп, өз-өзімізді алдайтын дәрежеге де жетуіміз мүмкін (Жохан 16:2, салыстырыңдар).
16 Егер ар-ұжданымыздың жасаған ескертулерін елеусіз қалдыра беретін болсақ, оның даусы әстін-әстін бәсеңсіп, ақыр аяғында өнегесіз қылықтарға әдеттеніп, ар-ұжданымыз сезімсіз болып кетуі мүмкін. Забур жыршысы осындай адамдар жөнінде былай деген болатын: “Олардың жүректері шел басқандай ауырлап кеткен” (Забур 118:70). Ар-ұжданының талпындыруын елеусіз қалдыратындардың кейбіреулері дұрыс ойлау қабілетінен айырылады. Олар Құдайға ұнамды принциптерді ұстанудан қалып, дұрыс шешім қабылдауға дәрменсіз болып қалады. Осындай жағдайлардан аулақ болу үшін, тіпті болмашы болып көрінетін істе де, мәсіхшіге тән ар-ұжданымыздың басшылығын ескергеніміз жөн (Лұқа 16:10).
Тыңдайтындар және мойынсұнатындар бақытты
17. ‘Артымыздан айтылған сөздерді’ естіп, Киелі кітапқа сәйкес машықталған ар-ұжданымызды елеусіз қалдырмайтын болсақ біз қандай батаға ие боламыз?
17 Егер біз ‘артымыздан айтылған сөздерді’ тыңдайтын болсақ,— ал бұл сөздер бізге Киелі жазбалар мен адал және ақылды қызметші арқылы жетіп отырады,— сондай-ақ Киелі кітапқа сәйкес машықталған ар-ұжданымыз ескерту жасағанда құлақ асатын болсақ, Ехоба бізге батасын жаудырып, рухын береді. Ал осы киелі рухтың арқасында Ехобаның айтқандарын қабылдау және түсіну қабілетіміз жақсара түседі.
18, 19. Ехобаның басшылығы қызметте және өмірімізде бізге қалай көмектесе алады?
18 Сонымен қатар қиын жағдайларға тап болғанда дұрыс әрекет етіп, батыл болу үшін, Ехобаның рухы бізге жігер береді. Елшілермен болғандай, Құдайдың рухы ақыл-парасатымыздың жұмыс істеу қабілетін күшейтіп, әрдайым Киелі кітап принциптеріне сай әрекет етіп, соған сай сөйлеуімізге көмектеседі (Матай 10:18—20; Жохан 14:26; Елшілердің істері 4:5—8, 13, 31; 15:28). Маңызды қадам жасау керек болғанда Ехобаның рухы мен біздің ынтамыз бірігіп, дұрыс шешім қабылдауға, сондай-ақ қабылдаған шешімімізге сәйкес әрекет етуге батылдық береді. Мысалы, рухани нәрселерге көбірек уақыт бөлу үшін өміріңе өзгеріс енгізгің келді делік. Немесе сенің алдыңда отау тігу, ұсыныс жасалған жұмысқа орналасу я орналаспау, үй сатып алу я сатып алмау сияқты қиын мәселе тұр делік. Мұндай жағдайда тек өз сезіміңе ғана жүгінбей, Құдайдың рухының айтқанына құлақ асып, соның басшылығына сәйкес әрекет еткен дұрыс.
19 Біз бауырластарымыздың, олардың арасында қариялар да бар, біздің игілігімізді ойлап ескертулер мен кеңестер беретіндігіне өте ризамыз. Бірақ бір нәрсеге біздің көңілімізді өзге біреудің аударғанын күтіп отырмауымыз керек. Егер біз қалай әрекет етіп, көзқарасымыз бен мінез-құлқымызда нендей нәрсені өзгертуіміз керек екенін білсек, Құдайға ұнамды болу үшін, қол қусырып отырмай әрекет етуіміз керек. Иса былай деген: “Осыны біліп, солай іс-әрекет етсеңдер, бақытты боласыңдар!” (Жохан 13:17).
20. ‘Арттарынан айтылған сөздерге’ құлақ асатындар қандай баталарға ие болады?
20 Сонымен, Құдайға ұнамды болу үшін, мәсіхшілерге тікелей аспаннан дауыс естудің немесе періштелермен сөйлесудің қажеті жоқ. Оларда Құдайдың Сөзі бар, сондай-ақ олар жерде өмір сүріп жатқан майланғандар табынан қамқорлықпен берілген басшылық алып отырады. Егер мәсіхшілер ‘арттарынан айтылған сөздерге’ құлақ асып, Киелі кітапқа сәйкес машықталған ар-ұждандарын басшылық ретінде қолданатын болса, Құдайдың еркін орындауда табысты болады. Сонда олар елші Жоханның: “Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді”,— деген сөздерінің орындалғанын көретіндігінде күмән жоқ (1 Жохан 2:17).
Қысқаша қайталау
• Не себепті Ехоба адамдармен байланысқа түседі?
• Киелі кітапты үзбестен оқуға арналған бағдарлама бізге не нәрседе көмек бола алады?
• Қызметші табының басшылығына деген біздің лебізіміз қандай болуы керек?
• Неге біз Киелі кітапқа сәйкес машықталған ар-ұжданымыздың даусын елеусіз қалдырмауымыз керек?
[28-беттегі сурет]
Күрделі құралдарсыз-ақ Құдайдан мәлімет алуға болады.
[Түпдерек]
Arecibo Observatory/David Parker/Science Photo Library-дың рұқсатымен
[32-беттегі сурет]
Ехоба бізбен Киелі кітап пен “адал және ақылды қызметші” арқылы сөйлеседі.