Дұғаның күші
Таяу Шығыстағы Нахор тұратын қаланың үстінен күн ұясына отыра бастаған кезде, Елиезер атты сириялық кісі он түйесін жетектеп қала сыртындағы құдықтың басына келіп тоқтайды. Елиезер шаршап-шалдығып, сусап келген болса керек. Алайда оны бұл емес, басқа нәрсе толғантты. Ол қожайынының баласына әйел іздеу үшін бейтаныс елге келген болатын. Оның үстіне, әйелді қожайынының туыстарының арасынан табуы керек еді. Осындай ауыр тапсырманы ол қалай орындай алды екен?
ЕЛИЕЗЕР дұғаның күшіне сенеді. Балаға тән шынайы сеніммен, ол өзін төмен тұтып, Құдайға: «Жаратқан Ием, қожайыным Ыбырайым сиынатын Құдай! Бүгін жолымды оңғарып, қожайыным Ыбырайымға рақымыңды түсіре гөр! Міне, мен осы жерде құдықтың басында тұрмын, қаланың қыздары су алуға келе жатыр. Мен бір қызға: құмыраңды еңкейтші, су ішіп алайын деп айтқанда, ол маған: ішіңіз, мен сіздің түйелеріңізді де суарамын десе, сонда құлың Ысқаққа Сен таңдаған қалыңдық осы қыз болсын деп Сенен тілеймін. Қожайыныма жасаған рақымыңды мен осыдан білетін боламын»,— деп жалбарынады (Жаратылыс 24:12—14).
Елиезердің дұғаның күшіне деген сенімі ақталмай қалған жоқ. Өйткені құдықтың басына бірінші болып келген Ыбырайымның інісінің қызы еді! Бұл әлі тұрмыс құрмаған, өте сұлу әрі пәк Рабиға деген қыз болатын. Елиезерді қайран қалдырған бір жай, Рабиға оған ғана су беріп қоймай, оның түйелерінің бәрінің сусынын қандырып беруге ықылас білдіреді. Кейінірек, Елиезер қыздың үй ішімен сөйлеседі де, Рабиға онымен бірге шалғайда жатқан елге барып, Ыбырайымның баласы Ысқаққа әйел болуға келіседі. Ол уақытта Құдай кейбір оқиғалардың даму барысына ғажайып түрде ықпал етіп отыратын. Жаратқан Ие Елиезердің дұғасына қалайша керемет әрі анық жауап берді десеңші!
Елиезердің дұғасынан біз үлкен сабақ аламыз. Бұл оның сенімінің күштілігін, кіші пейілділігі мен өзгелердің қажеттілігіне деген риясыздығын паш етеді. Сонымен қатар Елиезердің дұғасынан Ехобаның адам баласына қатысты еркіне оның бойсұнғаны көрінеді. Құдайдың Ыбырайымға ерекше рақымы түскені, сондай-ақ Оның болашақта бүкіл адамзатты Ыбырайым арқылы жарылқауға уәде еткені Елиезерге белгілі болғандығында күмән жоқ (Жаратылыс 12:3). Міне, сондықтан ол өзінің дұғасын: «Жаратқан Ием, қожайыным Ыбырайым сиынатын Құдай!» — деп бастаған болатын.
Барлық тілалғыш адамзатқа Ыбырайымның ұрпағы Иса Мәсіх арқылы Құдайдың ақ батасы қонуы керек еді (Жаратылыс 22:18). Егер біз дұғаларымызға жауап алғымыз келсе, өзінің Ұлы арқылы Құдайдың адамзатқа істеп жатқан әрекеттерін кіші пейілділікпен мойындауымыз керек. Иса Мәсіх: «Ал егер Менімен тығыз байланыста тұрып, сөздерім өздеріңмен болса, қалағандарыңның бәрін Әкемнен сұраңдар, аласыңдар»,— деген болатын (Жохан 15:7).
Исаның осы сөздерінің шынайы екендігіне көзі жеткен ізбасарларының бірі — елші Пауыл. Оның дұғаның күшіне деген сенімі ақталғаны сөзсіз. Ол мәсіхшілерді өздерін мазалап жүрген нәрселердің бәрін дұға арқылы Құдайға жүктеуге шақырып, өзінің де осы сөздеріне сай әрекет ететіндігінің дәлелі ретінде: «Маған күш-қуат беретін[мен] бірге болсам, бәріне де төзе аламын»,— деген (Філіпіліктерге 4:6, 7, 13). Бұл Пауылдың дұға етіп сұрағандарының барлығын бірдей Құдайдың орындай бергенін білдіре ме? Кел, көрелік.
Өтініштердің бәрі бірдей орындала бермейді
Риясыздықпен қызмет ету барысында Пауыл, өзінің айтуынша, «тәніне шаншылған тікендей түйрелу азабынан» жапа шеккен (2 Қорынттықтарға 12:7). Бұл қарсылық пен «жалған бауырластардың» кесірінен туған ой толғанысы мен жан күйзелісі болса керек, сріә (2 Қорынттықтарға 11:26; Ғалаттықтарға 2:4). Немесе ем қонбайтын көз ауруының салдарынан жапа шеккен болар (Ғалаттықтарға 4:15). Қалай болған күнде де осы «тәніне шаншылған тікендей түйрелу азабы» Пауылды күш-жігерінен айыратын болған. Ол былай деп жазды: «Үш рет Иемізге сиынып, бұл азапты өзімнен аластатуын өтіндім». Бірақ Жаратқан Ие Пауылдың өтінішін орындаған жоқ. Құдай Пауылға берген рухани баталарының жеткілікті екенін түсіндірді, мысалы, сынақтарға төтеп беру үшін оған күш берілген болатын. Оның үстіне, Құдай былай деді: «Күшсіз жағдайыңда менің құдіретім іске аса алады» (2 Қорынттықтарға 12:8, 9).
Елиезер мен Пауылдың үлгісінен біз қандай сабақ аламыз? Ехоба Құдай Өзіне қызмет етуді қалайтын кіші пейіл адамдардың дұғаларын еститіндігі сөзсіз. Бірақ бұл Құдай біздің өтініштеріміздің барлығын бірдей орындай беретінін білдірмейді, өйткені ол қырағы. Біз үшін ненің игі боларын ол бізден де жақсы біледі. Ал, ең бастысы, ол әрқашан Киелі кітапта жазылған өзінің еркіне сай әрекет етеді.
Рухани айығатын уақыт
Құдай өзінің Ұлы жерге билік ететін Мың жылдық Патшалық кезінде адамзатты тән мен жүйке ауруларының бәрінен айықтыруды, сондай-ақ жаны жараланғандарды жұбатуды да уәде еткен (Аян 20:1—3; 21:3—5). Өз уәдесін жүзеге асыруға Құдайдың құдіретінің жететініне толық сеніп, шынайы мәсіхшілер осы уәденің орындалатын уақытын тағатсыздана күтуде. Сырқаттан керемет түрде айығатын уақыттың әлі келмегенін түсінгендіктен, мәсіхшілер сынақтарға төтеп бере алу үшін Құдайдан күш-жігер сұрап дұға етеді (Забур 54:23). Ал сырқаттанып қалған жағдайда қаражаттарына қарай мүмкіндігінше жақсы медициналық көмек алу үшін, дұғаларында Құдайдан басшылық сұрайды.
Кейбір діндерде, Иса мен оның елшілерінің табиғаттан тыс түрде емдегендеріне көңіл аудара отырып, сырқат адамдарды, қазіргі уақыттың өзінде ауруларынан айығу үшін Құдайға жалбарынып, дұға етуге шақырады. Бірақ ертедегі табиғаттан тыс түрде емдеудің арнайы мақсаты болған. Бұндай әрекет Исаның шынайы Мәсіх екендігіне дәлел болды, сонымен қатар Құдайдың рақымының енді Иуда халқына емес, мәсіхшілердің жас қауымына түскенін көрсетті. Сол кездегі табиғаттан тыс түрдегі сыйлар күні кеше шаңырақ көтерген мәсіхшілер қауымының сенімін нығайту үшін қажет болды. Бейнелеп айтқанда, ол уақыттағы қауым жас сәби іспетті еді. Ал бұл жас қауым аяғына нық тұрып, рухани толысқан кезде, табиғаттан тыс сыйлар «сарқылды» (1 Қорынттықтарға 13:8, 11).
Осы қиын-қыстау күндерде Ехоба Құдай аса маңызды істе, яғни рухани айықтыру ісінде, қызметшілеріне басшылық беріп отыр. Әлі уақыт барда: «Табуға мүмкіндік барда, Тәңірді іздеңдер; Ол жақын тұрғанда, шақырыңдар. Күнәкар жолынан, бұзақы пиғылынан қайтсын да, Тәңірге бет бұрсын, сонда Оның оған рақымы түседі, Жаратқан Иемізге бет бұрсын, өйткені ол аса қайырымды»,— деген сөздерге адамдардың құлақ асқанының маңызы зор (Ишая 55:6, 7).
Жасаған күнәлары үшін өкінгендер Құдай Патшалығы туралы ізгі хабардың жариялануының арқасында рухани айығуда (Матай 24:14). Осы құтқару ісін қызметшілеріне тапсыру арқылы, зұлым заманның ақыры келмес бұрын Ехоба Құдай барлық халықтардан шыққан миллиондаған адамдардың жасаған күнәларына өкініп, Өзімен жақсы қарым-қатынаста болуына көмектесуде. Осындай рухани айығу туралы шын жүректен дұға еткендер мен айықтыру ісін атқаруға көмек сұрап дұға еткендердің барлығының өтініштеріне жауап алатындығына еш күмән жоқ.
[3-беттегі сурет рұқсатымен]
Елиезер мен Рабиға/The Dore’ Bible Illustrations/Dover Publications