Жетістікке жетудің кілті неде?
ЕКІ өнерпаз жас жігіт қызық пішінді машина құрастырып, оны шешуші сынаққа дайындап жатады. Кенет, ұйытқыған жел көтеріліп кетіп, олардың нәзік аппаратын жерден жұлып алып, біраз уақыт ауада шыр көбелек айналдырып тұрады да, ысқыртып әкеліп, жерге жалп еткізеді. Жігіттер самарқау тартып үнсіз тұрып қалады. Олардың маңдай терін төккен ауыр еңбегінің жемісінен мылжа-мылжа болған ағаш пен темірдің үйіндісі ғана қалған болатын.
Орвилл мен Уилбер Райттар үшін, бұл 1900 жылдың қазанында болған жағдай олардың ауадан ауыр ұшатын аппарат жасау әрекеттерінің алғашқы рет сәтсіздікке ұшырауы емес еді. Ағайындылар бұған дейін де осындай сынақтарға бірнеше жылдар, сондай-ақ бірталай қаржы жұмсаған-ды.
Сөйтсе де, ақырында, олар қайсарлықтарының жемісін көрді. 1903 жылдың 17 желтоқсанында Китти-Хокта (АҚШ, солтүстік Каролина) ағайынды Райттар ауада 12 секунд тұрған ауадан ауыр аппаратты ұшырды. Әрине, бұл уақыт қазіргі ұшақтардың ауада қанша болатынына қарағанда әлдеқайда аз, бірақ дүниені түбегейлі өзгерту үшін осы да жеткілікті еді!
Жетістікке жету көп жағдайларда қайтпай қайсарлық танытуға байланысты. Өзге тілді үйрену, мамандық алу, тіпті достық қарым-қатынасты нығайту сияқты құнды нәрселердің көпшілігіне тек үздіксіз күш салу арқылы ғана жетуге болады. «Он мәртенің тоғызында,— дейді жазушы Чарлз Темплтон — жетістікке жету бір нәрсемен ғана тығыз байланысты, бұл — ауыр еңбек». Журналист Кіші Леонард Питтс былай деп ескерді: «Біз дарын туралы әңгімелейміз, істің орайы түсетін уақыты бар екенін мойындаймыз, бірақ, қажымай еңбек ету мен көптеген сәтсіздіктер, ерте демей, кеш демей еңбек ету сияқты, аса маңызды нәрселерді жиі ескермей кетеміз».
Бұл сөздер Киелі кітапта әлдеқашан жазылып қойған: «Ынталының қолы басшы болады»,— деген сөздерді қолдап отыр (Нақыл сөздер 12:24). Ынта деген сөз қайсарлықпен күш салуды білдіреді. Алдымызға қойған мақсатқа жету үшін, бұл — аса қажет нәрсе.
[3-беттегі сурет рұқсатымен]
U.S. National Archives photo