Күзетшімен бірге қызмет етудеміз
«Мен күні бойы күзетте тұрдым, түні бойы да орнымнан тапжылмадым» (ИШАЯ 21:8).
1. Ехоба өзінің қандай керемет уәделерінің куәсі?
ЕХОБА — ұлы ниеттердің Құдайы. Оның өзінің атын даңқтап, жұмақ орнаған жерге билік жүргізетін керемет Патшалық орнатпақшы болған ұлы ниетіне, Шайтан Ібіліс атанған бүлікші періште еш кедергі жасай алмайды (Матай 6:9, 10). Бұл Патшалықтың басшылығының арқасында адамзат керемет баталарға ие болады. Құдайдың арқасында «өлім мәңгілікке жоқ болады, сөйтіп Тәңір Құдай барлық адамның көз жасын сүртеді». Ынтымақта, қуанышты өмір кешетін адамзат мәңгі бейбітшілікте болып, өркендейтін болады (Ишая 25:8; 65:17—25). Осы керемет уәделерінің куәсі Ехобаның өзі!
2. Ехоба өзінің куәгерлері етіп адамдардың арасынан кімді тағайындады?
2 Бірақ, Ұлы Жаратушы туралы адамдар да куәлік етеді. Мәсіхшілерге дейінгі уақытта, Әбілден басталған «бұлттай куәгерлер» төзімділік сыналатын жарысқа қатысты. Жиі олар ерекше қиын жағдайларға тап болып отырды. Олардың керемет үлгісі Құдайға шын берілген бүгінгі күнгі мәсіхшілерге күш береді. Иса Мәсіх батылдықпен куәлік етудің ең керемет үлгісін көрсетті (Еврейлерге 11:1—12:2). Мысалы, оның Понти Пилаттың алдындағы ақырғы куәлігін еске түсірейікші. Иса былай деді: «Мен шындыққа куәлік ету үшін осы дүниеге келдім» (Жохан 18:37). Б. з. 33 жылынан 2000 жылына дейін Құдайға шын берілген мәсіхшілер Исаның жолын қуып, «Құдайдың ұлы істерін» батылдықпен жариялап, үздіксіз куәлік етуде (Елшілердің істері 2:11).
Бабылдағы сектанттық
3. Ехоба туралы және оның еркі туралы куәлікке Шайтан қалай қарсылық көрсетуде?
3 Мыңдаған жылдар бойы ұлы Қарсылас зұлым Шайтан Ібіліс Құдайдың куәгерлерінің куәлігіне күмән келтіруге тырысып бақты. «Өтіріктің бастауы» осы «үлкен айдаһар, көне жылан» «бүкіл әлемді азғыруда». Ол «Құдайдың өсиеттеріне мойынсұнған» адамдарға, әсіресе осы соңғы күндері аяусыз қарсы күресуде (Жохан 8:44; Аян 12:9, 17).
4. Ұлы Бабыл қалай пайда болды?
4 Шамамен осыдан 4000 жыл бұрын, Нұхтың кезіндегі топан судан кейін, Шайтан «Ехобаға қарсы мықты аңшы» Нымродты өз жағына шығарып алды (Жаратылыс 10:9, 10, ЖД). Нымрод соққан ұлы қала Бабыл жын-перілердің дінінің орталығына айналды. Ехоба Бабыл мұнарасын соғушылардың тілін шатастырып жіберген кезде, адамдар бүкіл жер бетіне тарап кетті де, өздерімен бірге жалған діндерін ала кетті. Осылайша Бабыл бүкіл дүние жүзіндегі жалған діндердің бастауы болды. Аян кітабында бұл жалған діндер ұлы Бабыл деп аталған. Сонымен қатар осы ежелгі діндердің жойылатындығы да алдын ала айтылған (Аян 17:5; 18:21).
Куәгер халық
5. Өзіне куәгер болуы үшін Ехоба қандай халықты құрады, бірақ неге оның тұтқынға түсуіне жол берді?
5 Нымрод өмір сүрген уақыттан шамамен 500 жыл өткен соң, Ехоба өзінің жердегі куәгері болуы үшін, әділ Ыбырайымнан тараған ұрпақтан Исраил халқын құрады (Ишая 43:10, 12). Бұл халықтан шыққан көптеген адамдар Ехобаға адал қызмет атқарды. Бірақ, ғасырлар өте Исраил халқы көрші халықтардың жалған нанымдарын қабылдап азғындыққа салынды, сөйтіп Ехобамен бітім жасасқан халық одан бас тартып, жалған құдайларға мінажат ете бастады. Нәтижесінде б. з. б. 607 жылы патша Набуходоносор басқарған Бабыл әскері Иерусалим мен ондағы ғибадатхананы қиратып, көптеген еврейлерді Бабылға тұтқынға алып кетті.
6. Алдын ала айтылған Ехобаның күзетшісі қандай қуанышты хабарды жариялады және бұл пайғамбарлық қашан орындалды?
6 Жалған дін қандай жеңіске жетті десеңші! Бірақ Бабылдың үстемдігі ұзаққа созылған жоқ. Осы оқиғадан шамамен 200 жыл бұрын Ехоба мынадай бұйрық берді: «Бар да, күзетші қой; ол көргенінің бәрін хабарлайтын болсын». Бұл күзетшінің нені хабарлауы керек еді? «Ол құлады, Бабыл құлады, ал оның құдайларына жасаған бұттарының бәрі жерде қирап жатыр» (Ишая 21:6, 9). Күзетшінің сөздеріне сәйкес, бұл пайғамбарлық сөздер б. з. б. 539 жылы орындалды. Құдіретті Бабыл құлады да, Құдаймен бітімде тұрған халық тұтқыннан босатылып, өз отанына қайта оралды.
7. а) Ехобаның жазалауынан еврейлер қандай сабақ алды? ә) Бабылдағы тұтқыннан босаған еврейлер басқа қандай торларға түсті және нәтижесінде не болды?
7 Қайта оралған иудейлердің бұтқа табынушылық пен спиритизммен байланысты діннен бас тартулары үшін бұл сабақ жеткілікті еді. Бірақ жылдар өте келе олар басқа да торларға түсе бастады. Кейбіреулері грек пәлсапасының құрығына түсті. Басқалары Құдайдың Сөзінен гөрі адамның ойынан шыққан дәстүрлерге ерекше көңіл қоя бастады. Тағы біреулері болса ұлтшылдыққа беріліп кетті (Марқа 7:13; Елшілердің істері 5:37). Иса туылған кезде халық тағы да шынайы мінажаттан ауытқып кеткен еді. Еврейлердің кейбіреуі Иса жариялаған ізгі хабарды қабылдағанымен де, жалпы халық Исаны қабылдамады, сол себепті Құдай олардан бас тартты. (Жохан 1:9—12; Елшілердің істері 2:36). Исраил халқы бұдан былай Құдайдың куәгері бола алмады, сөйтіп б. з. 70 жылы Иерусалим қаласы мен оның ғибадатханасы тағы да күйреді. Бұл жолы оларды қиратқан Рим әскері еді (Матай 21:43).
8. Ехобаның жаңа куәгері кім болды және не себепті Пауылдың ескертуі дер кезінде болды?
8 Сол кездері «Құдайдың рухани Исраил халқы» — мәсіхшілер дүниеге келді де, халықтар арасындағы Құдайдың куәгері қызметін енді солар атқаратын болды (Ғалаттықтарға 6:16). Шайтан кідірместен осы жаңа рухани халықты жолдан тайдыру үшін қастандық ойластыра бастады. Сөйтіп, І ғасырдың соңында секталардың ықпалы қауымдарда айқын біліне бастады (Аян 2:6, 14, 20). Пауыл дер кезінде ескерту жасады: «Қайдағы біреу пәлсапасымен, пайдасыз ілімімен сендерді баурап алмасын, байқаңдар! Адамдар ойлап шығарған аңызға негізделген ондай ілім Мәсіх туралы емес, әлемдегі тұрпайы рухани күштер туралы үйретеді» (Қолостықтарға 2:8).
9. Пауылдың ескерткеніндей, христиан әлемінің пайда болуының себебі не болды?
9 Ақыр аяғында өздерін мәсіхшілерміз деп атайтын көптеген адамдардың діндері грек пәлсапасының, Бабылдың діни ұғымдарының және кейінірек эволюция теориясы сияқты адам «даналығы» мен Киелі кітап сыншыларының әсерінен ластанды. Пауылдың алдын ала айтқаны тура келді. Ол былай деген болатын: «Мен кеткен соң жауыз қасқырлар келіп, қойларды аямайтынын білемін: тіпті өз араларыңнан жалған ілімдерді уағыздап, Мәсіх жолымен жүргендерді теріс жолға азғырушылар шықпақ» (Елшілердің істері 20:29, 30). Осылайша, шындық жолдан таюдың нәтижесінде христиан әлемі пайда болды.
10. Христиан әлемінің азғын дінін бәрі бірдей қабылдамағанын қандай оқиғалар көрсетті?
10 Шынайы мінажатты қолдаған адамдардың «бір кездері қасиеттілерге берілген сенімдері үшін күресуі» керек болды (Иуда 3) Бұл, шынайы мінажат пен Ехоба туралы куәлік ету ісі тоқтайды дегенді білдіре ме? Жоқ. Бүлікші Шайтанның дүниесі мен оның істерінің бәрін жоятын уақыт жақындаған қазіргі кезде, христиан әлемінің жолдан тайған дінін бәрінің бірдей қабылдамағаны анық болып отыр. XIX ғасырдың екінші жартысында Питтсбург қаласында (Пенсильвания штаты, АҚШ) Құдайдың қазіргі куәгерлер класының ядросы болған Киелі кітапты шынайы зерттеушілер тобы құрылды. Бұл мәсіхшілер адамдардың назарын қазіргі заманның ақырының жақын қалғандығын көрсететін Киелі кітаптағы дәлелдерге бұрды. Киелі кітаптың алдын ала айтқанындай, осы заманның «ақыры» 1914 жылы кенеттен Бірінші дүниежүзілік соғыс өрті шыққан кезде басталды (Матай 24:3, 7). Сол жылы шайтан мен оның жын-перілерінің аспаннан қуылғандығына сенімді дәлелдер бар. XX ғасырда болып жатқан көптеген апаттар шайтанның іс-әрекетінің, сондай-ақ Исаның аспан Патшалығының Патшасы болғандығын білдіретін белгінің керемет түрде орындалуының айқын дәлелдері (Матай 24, 25-тараулар; Марқа 13-тарау; Лұқа 21-тарау; Аян 12:10, 12).
11. Шайтан қандай әрекет жасады, бірақ оның әрекеті қалай сәтсіздікке ұшырады?
11 Шайтан қаһарланып 1918 жылдың маусым айында сол уақытта, кейбір елдерде ізгі хабар таратып жүрген Киелі кітапты зерттеушілерді жойып жіберуге тырысты. Сонымен қатар ол олардың заңды түрдегі «Күзет Мұнарасы, Киелі кітап және трактаттар Қоғамын» жоюды көздеді. Қоғамның жауапкершілік жүктелген мүшелеріне бүлікші деген жалған жала жабылып түрмеге қамалды. І ғасырда Исаға да сондай жала жабылған болатын (Лұқа 23:2). Бірақ, 1919 жылы бұл адамдар босатылып, қызметтерін жалғастыруға мүмкіндік алды. Кейінірек олар толығымен ақталды.
«Күзетші» мұқият бақылауда
12. Бүгінгі күні Ехобаға қызмет етіп жүрген «күзетші» класы кімдерден тұрады және бұл класс тапсырмасына қалай қарайды?
12 Сонымен, «заманның ақыры» басталған кезде Ехоба өзінің ниетін орындайтынын көрсететін оқиғалар жөнінде адамдарды ескертіп отыруы үшін тағы да күзетші қойды (Даниел 12:4; 2 Тімотеге 3:1). Осы уақытқа дейін күзетші класы, яғни Құдайдың рухани Исраил халқы — майланған мәсіхшілер, Ишая пайғамбардың пайғамбарлық күзетшіні суреттеген сөздеріне сай әрекет етуде. Ишая былай деген еді: «Ол... зор ықыласпен зейін қойды. Содан соң ақырған арыстандай айқайлап, былай деді: „Ием! Мен күні бойы күзетте тұрдым, түні бойы да орнымнан тапжылмадым“» (Ишая 21:7, 8). Иә, күзетші алған тапсырмасына үлкен жауапкершілікпен қарайды!
13. а) Ехоба қойған күзетші нені жариялады? ә) Неліктен ұлы Бабыл құлады деп айтуға болады?
13 Бұл күзетші не көрді екен? Ехоба қайта қойған күзетші, яғни оның куәгерлер класы былай деп хабарлады: «ол құлады, Бабыл құлады, ал оның құдайларына жасаған бұттарының бәрі [Ехобаның әрекетінен] жерде қирап жатыр» (Ишая 21:9). Бұл жолы, Бірінші дүниежүзілік соғыс біткенде, дүниежүзілік жалған діндерді бейнелейтін ұлы Бабылдың беделі түсіп қалған болатын (Еремия 50:1—3; Аян 14:8). Бұл таңғаларлық нәрсе емес! Сол кезде Ұлы соғыс деп аталған Бірінші дүниежүзілік соғыс христиан әлемінде басталды да, екі жақтың да дін басылары отқа май құйып, өз уағыздарында алдыңғы қатарлы жастарды соғысуға шақырды. Қандай масқара! Ал, ұлы Бабыл сол кезде Киелі кітапты зерттеушілер деп аталған Ехоба Куәгерлерінің 1919 жылы әрекетсіздік күйден шығып, бүкіләлемдік уағыздау науқанын бастауына кедергі жасай алмады. Бұл науқан қазірге дейін жүріп жатыр (Матай 24:14). Б. з. б. VI ғасырда Исраил халқының тұтқыннан босауы ежелгі Бабылдың құлағандығының белгісі болғаны сияқты, бұл ұлы Бабылдың құлағандығының белгісі еді.
14. Ехоба тағайындаған күзетші класы қандай журналды кеңінен қолданады және Ехоба бұл іске қалай батасын беруде?
14 Күзетші класы алған тапсырмасын әрқашан бар ынтасымен атқарды және оның дұрыс нәрсені істеуге деген талпынысы зор болды. 1879 жылдың шілде айында Киелі кітапты зерттеушілер сол кезде «Сион Күзет мұнарасы және Мәсіхтің қатысып отырғанын хабарлаушы» деген атпен белгілі болған осы журналды басып шығара бастады. 1879 жылдан бастап 1938 жылдың желтоқсан айының 15 жұлдызындағы нөміріне дейін әр басылымның бірінші бетінде «Күзетші! Түннің қай уақыты болды?» деген сөздер жазылып жүрді (Ишая 21:11)a. Міне, 120 жыл бойы «Күзет мұнарасы» дүние жүзінде болып жатқан оқиғаларды бақылап, олардың пайғамбарлық мағынасын түсіндіруде (2 Тімотеге 3:1—5, 13). Осы журналдың көмегімен Құдайдың күзетші класы мен оларға серіктес — «басқа қойлар» жақын арада Мәсіхтің Патшалығы Ехобаның билігін ақтайтындығын бар ынтасымен бүкіл адамзатқа жария етуде (Жохан 10:16). Ехоба осы «куәгерді» («Күзет мұнарасы») қолдану ісіне батасын беріп отыр ма? Өздерің ойлап көріңдерші: ең алғаш 1879 жылы «Күзет мұнарасының» 6000 данасы басылып шықты, ал қазір бүкіл дүние жүзінде 132 тілде 22000000 данасы басылып шығады. Соның ішінде 121 тілде бір мезгілде шығады. Бұл журнал бүкіл жер бетінде басқа діни журналдарға қарағанда әлдеқайда кең тарайды. Шын Құдай — Ехобаның атын даңқтайтын журналдың кең көлемде таратылуы қаншалықты орынды десеңші!
Бірте-бірте тазару
15. 1914 жылға дейін қандай тазару басталды?
15 1914 жылы Мәсіх аспандағы Патшалық тағына отырардан бұрын шамамен 40 жыл ішінде Киелі кітап зерттеушілері христиан әлемінің Киелі кітапқа негізделмеген көптеген ілімдерінен тазарды. Бұл келесі ілімдер еді: нәрестелерді шомылдыру рәсімінен өткізу, адам жанының өлместігі, күнәдан тазарып шығатын орын (чистилище), тозақ отында жану және үшбірлік Құдай. Бірақ барлық жалған нанымдардан арылу үшін көп уақыт керек болды. Мысалы, 1920 жылдары көптеген мәсіхшілер айқыш пен тәж бейнеленген сәнді белгі тағып жүрді, сонымен қатар Исаның туған күнін және басқа да құдайсыз халықтардың мейрамдарын тойлайтын. Бірақ, шынайы мінажат ету үшін, бұтқа табынушылықтың қалдықтарының барлығынан арылу керек еді. Өйткені, мәсіхшілердің сенімінің және өмір жолының негізі Құдай Сөзі — Киелі кітап болуы керек (Ишая 8:19, 20; Римдіктерге 15:4). Құдай Сөзіне бір нәрсе қосу немесе одан бір нәрсені алып тастау үлкен күнә болып табылады (Заңды қайталау 4:2; Аян 22:18, 19).
16, 17. а) Бірнеше онжылдықтар бойы күзетші класы қандай теріс түсінікте болды? ә) «Мысырдағы» «құрбандық беретін орын» мен «бағананың» дұрыс түсіндірмесі қандай?
16 Бұл принциптің қаншалықты маңызды екенін мына мысал көрсетеді. 1886 жылы Ч. Т. Расселл «Құдайдың ғасырлар жоспары» деп аталған кітапты жариялады. Бұл томда адамзаттың даму кезеңдері мен Хеопс пирамидасының арасындағы байланыс көрсетілген кесте бар еді. Ишая 19:19, 20-да айтылған бағана — перғауын Хуфуға (Хеопсқа) арнап салынған осы ескерткіштің өзі деген тұжырым болған. Онда былай делінген еді: «Сол күні Тәңірге құрбандық беретін орын Мысыр жерінің тап ортасында болады, ал Тәңірдің ескерткіші [бағанасы, ЖД] оның шекарасының ішінде болады. Сөйтіп ол, Мысыр жерінде Тәңір Саваофқа куәгер ретіндегі белгі болады». Осы пирамида мен Киелі кітаптың қандай байланысы болуы мүмкін? Мысалы, Хеопс пирамидасының кейбір бір жағынан екінші жағына өтетін аралықтарының ұзындығы Матай 24:21-де айтылған «үлкен апаттың» басталу уақытын көрсетеді деп тұжырымдалды. Ол кезде бұны осылай түсінген. Мысалы үшін, кейбір Киелі кітап зерттеушілері өздерінің аспанға кететін күнін есептеу үшін пирамиданың әр түрлі параметрлерін өлшеуге көп көңіл бөле бастады.
17 «Күзет мұнарасының» 1928 жылғы 15 қараша мен 1 желтоқсандағы нөмірлерінде, Киелі кітаптың куәлігін растау үшін Ехобаға құдайсыз перғауындар соққан, жын-перілердің жұлдызнамалық белгілері бар тастан жасалған ескерткіштің керегі жоқ екендігі түсіндірілді. Ал оған дейін, былайша айтқандағы Тас Киелі кітап — пирамида бірнеше онжылдықтар бойы беделді болып келді. Сол кезде анықталғанындай, Ишаяның пайғамбарлығын рухани мағынада түсіну керек. Аян 11:8-де «Мысыр» деп Шайтанның дүниесі бейнеленген. «Тәңірге құрбандық беретін орын» осы дүниеде уақытша өмір сүріп жатқан майланған мәсіхшілердің Құдайға жағымды құрбандықтарын есімізге салады (Римдіктерге 12:1; Еврейлерге 13:15, 16). «[Мысырдың] шекарасының ішіндегі» бағана, «шындықты тірек, таяныш секілді жоғары көтеріп ұстаған» майланған мәсіхшілердің қауымын білдіреді. Олар «Мысырда» немесе жақында өздері қалдыруға тиіс осы дүниеде өмір сүріп, осында Құдайға қызмет атқаруда (1 Тімотеге 3:15).
18. а) Ехоба Киелі кітапты адал ниетпен зерттеушілерге әр түрлі сұрақтардың дұрыс түсінігін беруді қалай жалғастыруда? ә) Егер Киелі кітаптың анықталған жаңа түсіндірмесін түсіну қиын болса, мәсіхшінің қайткені ақылдылық болар еді?
18 Жылдар өткен сайын Ехоба шындықты ашып, өзінің пайғамбарлық сөзінің дұрыс түсінігін беріп отырды (Нақыл сөздер 4:18). Соңғы жылдары біз терең түсінікпен келесі сұрақтарды қайта талқылауға шақырылдық: заманның ақыры келгенше жойылып кетпейтін ұрпақ, қойлар мен серкелер туралы мысал, жексұрын бұт пен оның киелі жерде тұратын уақыты, жаңа бітім, Мәсіхтің түрінің өзгеруі және Езекиел пайғамбардың кітабындағы ғибадатхана көрінісі. Осындай анықталған жаңа түсініктерді ұғыну кейде қиынға соғуы мүмкін, бірақ олардың не үшін керек екені өз уақытында белгілі болады. Егер мәсіхші жаңа түсіндірмені аяғына дейін түсіне алмаса, онда оның Мика пайғамбардың сөздерінің рухына сай әрекет еткені ақылдылық болар еді: «Ал мен болсам... құтқарушы Құдайымды күтетін боламын» (Мика 7:7, ЖД).
19. Майланған қалдық пен олардың серіктері, яғни басқа қойлар осы соңғы күндері қалай арыстанға тән батылдық танытуда?
19 Күзетшінің «ақырған арыстандай айқайлап... „Ием! Мен күні бойы күзетте тұрдым, түні бойы да орнымнан тапжылмадым“» дегенін еске түсірейікші (Ишая 21:8). Майланған қалдық арыстанға тән батылдықпен жалған дінді әшкерелеп, адамдарға бостандыққа апаратын жолды көрсетуде (Аян 18:2—5). Сонымен қатар «адал және ақылды қызметші» ретінде Киелі кітаптар, журналдар және басқа да басылымдар басып шығаруда, яғни «ас-суын уақытында беруде» (Матай 24:45). Ол «барлық тайпа мен рулардан, халықтар мен тілдерден... ұлы жамағат адамдарды» жинауда басшылықты өз қолына алды. Олар да Исаның төлем ретінде төгілген қанының арқасында тазарып, батылдықпен «[Құдайға] күні-түні қызмет етуде» (Аян 7:9, 14, 15). Майланған Ехоба Куәгерлерінің әлі де жерде өмір сүріп жатқан аз тобы мен олардың серіктерінің соңғы жылдағы жұмыстарының жемісі қандай болды екен? Бұл жөнінде келесі мақаладан білеміз.
[Сілтеме]
a 1939 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл сөздер «„Менің Ехоба екенімді білетін болады“ (Езекиел 35:15, ЖД)» деген сөздермен ауыстырылды.
Естеріңде ме?
• Тарих бойы Ехобаның қандай куәгерлері болды?
• Ұлы Бабылдың пайда болу тарихы қандай?
• Ехоба б. з. б. 607 жылы өзінің куәгер халқының негізгі қаласы — Иерусалимнің күйреуіне неліктен жол берді? Ал б. з. 70 жылы ше?
• Ехоба тағайындаған күзетші класы мен олардың серіктестері қандай рух танытуда?
[18-беттегі сурет]
«Ием! Мен күні бойы күзетте тұрдым».
[20-беттегі суреттер]
Ехоба тағайындаған күзетші класы алған тапсырмасына жауапкершілікпен қарайды.