Сенім сенің өміріңді өзгерте алады
«ҚҰДАЙҒА сенбей-ақ аса құлықты адам болуға болады». Агностик әйелдің тұжырымы осындай болатын. Ол өзінің балаларын Құдайға сенбей-ақ аса құлықты етіп тәрбиелегенін, сондай-ақ немерелерінің де алған тәрбиесінің сондай жақсы екенін айтты.
Сонда бұл Құдайға сенудің қажеті жоқ дегенді білдіре ме? Бұл әйел дәл осылай ойлаған болса керек. Құдайға сенбейтін адамдардың бәрі бірдей жаман емес екені рас. Елші Пауыл «басқа ұлттардың» Құдайды білмесе де «...заңсыз-ақ не істеп, не қою керек екенін білетіндіктерін» айтқан болатын (Римдіктерге 2:14). Әрбір адамның туа біткен ар-ұжданы бар. Агностиктер жайында да осыны айтуға болады. Құдай адамдарға жақсылықты жамандықтан айыратын қабілет берген. Құдайға сенбегенімен, адамдардың көпшілігі ар-ұжданы бойынша әрекет жасауға тырысады.
Иә, адамның ар-ұжданы жақсы істерге талпындыра алады. Бірақ, Киелі кітапқа негізделген Құдайға деген мықты сенім одан әлдеқайда күшті. Құдайдың Сөзіне негізделген сенім адамның ар-ұжданына сәулесін түсіріп, жақсы мен жаманның арасындағы айырмашылықты тереңірек сезінуіне көмектеседі (Еврейлерге 5:14). Оның үстіне, сенім адамдарға жігер беріп, жан төзгісіз ауыр сынақтың кезінде де олардың жоғары принциптерді ұстануына көмектеседі. Мысалы, XX ғасырда көптеген елдер сатқын саяси режимнің аяусыз қанауында болды. Жамандық істеуі еш мүмкін емес болып көрінген адамдардың өздерін сол кезде барып тұрған айуандық іс-әрекеттер жасауға итермелеген болса керек. Бірақ Құдайға деген нағыз сенімі бар адамдар өмірлеріне қауіп төніп тұрған жағдайларда да Киелі кітап принциптерінен бас тартқан жоқ. Сонымен қатар Киелі кітапқа негізделген сенім адамдардың өмірін өзгерте алады. Көпшілік күдер үзген адамдарды түзетіп, олардың үлкен қателіктер жасамауына көмектеседі. Бұны келесі мысалдардан көруге болады.
Сенім отбасы өмірін өзгерте алады
Джон мен Таняның балаларын қамқорлыққа алу ісіне байланысты шешім қабылдап жатып, бір англиялық төреші былай деді: «Сендер сенімнің арқасында мүмкін емес нәрсеге қол жеткіздіңдер». Қамқоршы органның назарына ілінген кезде Джон мен Таня некеге тұрмай бірге өмір сүріп жатқан, ал үй ішіндегі жағдай жан түршіктірерліктей еді. Наша мен құмар ойындарға әуестігін әрі қарай да жалғастыру үшін Джон қылмыскерлермен байланысатын болды. Бала-шағасы мен әйелінің жағдайына ол аса көп көңіл қоймаушы еді. Ендеше, ол нендей «кереметтің» арқасында өзгерді?
Бір күні Джон өзінің кішкентай немере інісінің Жұмақ жайлы айтып жатқанын естіп қалды. Ол естіген нәрсесіне қызығып, баланың ата-анасына сұрақтар қоя бастады. Бұл баланың ата-анасы Ехобаның Куәгерлері болатын. Олар Джонның Киелі кітаппен танысуына жәрдем берді. Киелі кітапты зерттеудің арқасында Джон мен Таняда бірте-бірте сенім пайда бола бастады. Сөйтіп олардың өмірлеріне өзгеріс енді. Олар заңды некеге тұрды, сондай-ақ жаман әдеттерінен арылды. Олардың тұрмыс жағдайын көруге келген қамқоршы органның өкілдері күні кеше мүмкін емес болып көрінген нәрсені, яғни бала тәрбиелеуге барынша қолайлы тап-тұйнақтай үй мен бақытты отбасын көрді. Төрешінің айтқан сөздері рас болатын. Осындай «кереметтің» болуына Джон мен Таняның Құдайға деген сенімі әсер еткен еді.
Англиядан мың шақырымдай қашықтықта, яғни Таяу Шығыста тұратын бір жас әйелдің қайғылы статистикада көрсетілген тізімге өз есімін тіркеуіне сәл-ақ қалды. Бұл әйел отбасы ойран болып жатқан миллиондаған адамдардың қатарын толықтырғалы жатқан. Оның баласы бар еді, тек қана жұбайы өзінен бірталай жас үлкен болатын. Сол себепті, туысқандарының ықпалымен ол ажырасу үшін әрекеттеніп жүрген. Алайда сол кезде ол Ехоба Куәгерлерінің көмегімен Киелі кітапты зерттеп жүрген еді. Әйелдің отбасында болып жатқан жағдайды естіген кезде, Куәгерлер оған Киелі кітаптың неке жайында не айтатынын, мысалы, некенің адамдарға берген Құдайдың сыйы екенін және ажырасуға жеңіл-желпі қарауға болмайтынын түсіндірді (Матай 19:4—6, 9). Сонда ол Куәгер әйел жайында былай деп ойлады: «Қызық, менің жақындарым менің отбасымды бұзғысы келіп жатса, қайдағы бір бөтен адам менің отбасымды сақтап қалуға тырысуда». Оның енді ғана пайда болған сенімі отбасын аман алып қалуына көмектесті.
Статистиканың тағы бір қайғылы парағы — түсік жасау. Құрама штаттар бойынша жасалған есепте жылына кем дегенде 45 миллион баланың әдейі жасалған түсіктің құрбаны болатыны айтылған. Бұның әрқайсысы жан түршіктірерліктей жағдай. Филиппиндегі бір әйелдің статистикалық көрсеткішке «үлесін қоспауына» Киелі кітаптан алған білімі көмектесті.
Бұл әйел Ехоба Куәгерлерін кездестіріп, «Құдай бізден нені талап етеді?»a деген брошюра алды. Сөйтіп, солармен бірге Киелі кітапты зерттеуді бастады. Өзінің Киелі кітапты зерттеуге келіскен себебін ол бірнеше айдан кейін түсіндірді. Ехоба Куәгерлері бірінші рет үйіне келген кезде ол әйел жүкті болатын, бірақ түсік жасауға күйеуі екеуі шешім қабылдап қойған еді. Брошюраның 24-бетінде бейнеленген туылмаған баланың суреті әйелге қатты әсер етті. Сонымен қатар, өмірдің қайнар көзі Құдай болғандықтан өмірдің қасиетті екендігі жайлы түсіндірме әйелдің түсік жасамауды ұйғаруына ықпал етті (Забур 35:10). Қазір оның әп-әдемі, денсаулығы жақсы баласы бар.
Сенім жек көрініштілерге көмектеседі
Эфиопияда Ехоба Куәгерлерінің жиналысына үсті-басы жүдеу-жадау екі адам келді. Жиналыс біткен кезде, олар жандарына барып жылы шыраймен танысқан Куәгерден қайыр сұрайды. Ал Куәгер болса оларды Киелі кітаптың көмегімен «алтыннан да» құнды сенім дамытуға шақырады. Осылайша, Куәгер оларға ақшадан әлдеқайда қымбат нәрсе ұсынады (1 Петір 1:7). Айтылған нәрсеге көңіл қойып, олардың бірі Киелі кітапты зерттеуге кіріседі. Сөйтіп, осының арқасында оның өмірі өзгереді. Құдайға деген сенімі күшейе келе ол темекі шеккенін, ішкенін, азғындықпен айналысқанын, сондай-ақ кат (адам бейімделіп қалатын қоздырғыш) қабылдағанын қояды. Ол жоқшылық өмір кешкеннің орнына, жұмыс істеп өзін-өзі асырауды үйренеді. Ал қазір ол кіршіксіз таза өмір сүруде, әрі оны қоғамға пайдасы бар азамат деуге болады.
Италияда он жылға бас бостандығынан айырылған 47 жастағы бір адам түрменің психиатриялық емханасында болатын. Түрмедегілерге рухани көмек көрсетуге арнайы рұқсаты бар бір Ехоба Куәгері оған Киелі кітапты зерттеуге көмектесуші еді. Бұл адам тез арада рухани өсті. Сенімнің арқасында оның өмірінің өзгергені соншалық, түрмедегілердің көпшілігі қиын мәселелерін шешу үшін одан кеңес сұрайтын болды. Киелі кітапқа негізделген сенімінің арқасында түрме басшылары оны сыйлап, оған сенім артатын болды.
Африкадағы азамат соғыстары жайындағы хабарлар соңғы жылдары газет бетінен жарық көруде. Әсіресе кішкентай балалардан жауынгер дайындайтындығы жайындағы хабарлар жаныңды түршіктіреді. Өздерінің тобына балалардың шын берілгендігіне көздерін жеткізу үшін, оларға зорлықпен наша қабылдатады, дөрекілік көрсетіп, туысқандарына қарсы айуандық жасауға итермелейді. Осындай қыршын жастардың өмірін өзгерте алатындай Киелі кітап шындығы күшті ме? Қалай болған күнде де, бұндай екі оқиға болған.
Бұл оқиғалар Либерияда болған еді. Алекс католик шіркеуінің құрбандық беретін жерінде қызмет ететін. Алайда ол он үш жасында соғысушы топқа қосылды да, қатыгез жауынгер болып шықты. Шайқаста өзін батыл сезіну үшін ол магиямен айналысатын болды. Алекстің көз алдында жолдастарының көпшілігі қаза болып, өзі аман қалды. Ал 1997 жылы ол Ехоба Куәгерлерін кездестіреді. Алекс өзінің оларға жек көрінішті болып көрінбегенін байқайды. Ехоба Куәгерлері оған Киелі кітаптың қатыгездік жайында не айтатынын білуге көмектесті. Сөйтіп Алекс әскерден біржолата кетеді. Сенімі арта бастаған кезде, ол Киелі кітаптың: «Зұлымдықтан бас тартып, жақсылық жаса, тыныштық ізде де, соған ұмтыл»,— деген нұсқауына сәйкес іс-әрекет жасайтын болды (1 Петір 3:11).
Сол екі ортада, Алекс тұрып жатқан қалаға бұрын жауынгер болған Сэмсон деген жігіт келеді. Ол шіркеуде ән айтатын, алайда 1993 жылы жауынгерлер қатарына қосылып кеткен еді. Сонымен қатар ол нашақорлыққа салынып, спиритизмге беріліп кеткен болатын, сондай-ақ азғындық жолға түсіп кеткен. 1997 жылы әскерден босатылған ол, енді Монровиядағы ерекше міндет жүктелген әскердің қатарына қосылуды көздеп бара жатқан еді. Жолда ол өзінің досын кездестіріп қалады. Ал ол Ехоба Куәгерлерімен бірге Киелі кітапты зерттеу керектігіне оның көзін жеткізеді. Киелі кітапты зерттегеннің арқасында пайда болған сенімі оның жауынгер болайын деген ниетін өзгертуіне күш береді. Қазір Алекс те, Сэмсон да бейбіт әрі өнегелі өмір кешуде. Киелі кітапқа негізделген сенімнен басқа нәрсе осыншама қатыгез болып кеткен адамдарды өзгерте алар ма еді?
Дұрыс сенім
Бұл — Киелі кітапқа негізделген нағыз сенімнің күшін көрсететін көп мысалдардың кейбіреулері ғана. Әрине, Құдайға сенемін дейтіндердің бәрі бірдей Киелі кітаптағы жоғары талаптарға сай өмір сүрмейді. Өзін христианбыз дейтіндерге қарағанда кейбір атеистердің әлдеқайда өнегелі өмір кешетіні рас. Себебі Киелі кітапқа негізделген сенім көп нәрсені талап етеді. Құдайға сенемін деп айтып қана қойған жеткіліксіз.
Елші Пауыл сенімнің — «шындығының айқын дәлелі көз алдыңда байқалмаса да, кепілдігі бар болашақтағы нәрсені тосу» екенін айтқан болатын (Еврейлерге 11:1, ЖД). Сондықтан сенімді — бұлтартпайтын дәлелдердің арқасында көзге көрінбейтін нәрсеге сенімді болу деп те түсінуге болады. Сенім сондай болу үшін, Құдайдың бар екеніне, сондай-ақ оның бізді бағалап, еркіне сай әрекет жасағандарға батасын беретініне еш күмәнданбау керек. Сондай-ақ елші былай деген болатын: «Өйткені Құдайға келген адам Оның бар екеніне және Оны іздегендерге тиістісін беретініне сенуі керек» (Еврейлерге 11:6).
Джон мен Таняның, сондай-ақ басқалардың да өмірлерін өзгерткен дәл осындай сенім. Сенімнің арқасында Құдай сөзі — Киелі кітаптың шешім қабылдауға басшылық болатынына олардың көздері әбден жетті. Сондай-ақ сенім олардың, өздеріне ыңғайлы, бірақ дұрыс емес жолдан бас тарту үшін, уақытша қиыншылықтарға шыдауға бел байлауына көмектесті. Бұл оқиғалардың бір-бірінен айырмашылықтары бар болғанымен, олардың басталуы бірдей болған. Алдымен олардың әрбірімен Ехоба Куәгерлерінің бірі Киелі кітапты зерттеуді бастап, «Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті» деген сөздердің рас екеніне олардың көздері содан кейін барып жетті (Еврейлерге 4:12). Құдайдың Сөзінің күштілігінің арқасында оларда берік сенім пайда болды. Сөйтіп, Құдайға деген сенім олардың өмірін жақсы жаққа өзгертті.
Ехоба Куәгерлері 230-дан аса елдер мен аралды аймақтарға танымал. Олар сені Киелі кітапты зерттеуге шақырады. Неге? Өйткені олар Киелі кітапқа негізделген сенімнің өміріңді едәуір жақсартатынына кәміл сенеді.
[Сілтеме]
a Күзет Мұнарасы Қоғамы басып шығарған.
[3-беттегі суреттер]
Киелі кітапқа негізделген сенім адам өмірін жақсы жаққа өзгертеді.