Ехоба бізден тым көп нәрсе талап ете ме?
«Тәңірдің сенен нені талап ететіні айтылған: әділ әрекет ету, мейірімділікті жақсы көру және Құдайдың алдында кіші пейілділікпен жүру» (МИКА 6:8).
1. Адамдардың Ехобаға қызмет етпеуінің себебі неде болуы мүмкін?
ЕХОБА өзінің халқына белгілі бір талаптар қояды. Бірақ жоғарыда келтірілген сөздерді оқитын болсақ, Ехобаның талаптары ақылға қонымды деген қорытынды жасауға болады. Сөйтсе де, адамдардың көпшілігі Жаратқан Иемізге қызмет етпейді, ал қызмет етіп жүргендердің кейбіреулері әрі қарай қызмет етуден бас тартады. Бұның себебі неде? Себебі, олардың ойынша Құдай бізден тым көп нәрсені талап етеді. Расында да солай ма? Жоқ әлде, әңгіме Ехобаның талаптарына деген адамның көзқарасында ма? Осы мәселені түсіну үшін, бір тарихи оқиғаны қарастырып көрейік.
2. Нығыман деген кім еді және Ехобаның пайғамбары оған не істе деді?
2 Сириялық қолбасшы Нығыман, алапес ауруынан қасірет шегіп жүргенде, Исраилде оны ауруынан айықтыра алатын Ехобаның пайғамбары бар екенін естиді. Нығыман нөкерлерімен бірге Исраилге аттанады да, Құдайдың пайғамбары Елішәнің үйінің алдына келіп тоқтайды. Үйінен шығып әйгілі адамды қонақ етіп қарсы алудың орнына, Елішә оған қызметшісін жіберіп, былай деп айтқызады: «Барып, Иорданның суына жеті рет жуын, сонда денең жаңарып, таза боласың» (4 Патшалық 5:10).
3. Нығыман алғашқыда Ехобаның талабын орындаудан неге бас тартты?
3 Нығыман Құдайдың пайғамбарының талабына мойынсұнса, жеркенішті ауруынан айығар еді. Ехоба одан тым көп нәрсе талап етті деуге бола ма? Әрине жоқ. Алайда Нығыман Ехобаның талабын орындағысы келмейді. Ол: «Дамаскінің Авана мен Фарфар өзендері Исраилдің суларының бәрінен де артық емес пе? Соларға-ақ жуынып, тазарып шықсам болмас па еді?» — деп қарсылық білдіреді де, ашуланып, бұрылып кетіп қалады (4 Патшалық 5:12).
4, 5. а) Нығыман бой ұсынғаны үшін қандай сыйға ие болды және ол өзінің ризашылығын қалай білдірді? ә) Қазір біз нені қарастырамыз?
4 Пайғамбардың сөзіне Нығыманның құлақ аспауына не себеп болды? Оған қойылған талаптың тым ауыр болғандығы емес. Нығыманның құлдары кіші пейілділікпен былай дейді: «Егер пайғамбар саған бір қиын нәрсе айтса, сен оны орындамас па едің? Ал ол саған тек „жуын, сонда таза боласың“ деп айтты ғой» (4 Патшалық 5:13). Мәселе оның қойылған талапқа деген көзқарасында болатын. Нығыманның ойынша өзіне тиісті қошемет көрсетілмеді, әрі талап етілген нәрсе пайдасыз әрі қорлық сияқты болып көрінсе керек. Дегенмен, Нығыман құлдарының кіші пейілділікпен берген кеңесіне құлақ асып, Иордан өзеніне жеті рет жуынып шығады. Нығыманның «денесі жаңарып, жас баланың денесіндей тап-таза болғандағы» қуанышын көз алдыңызға елестетіп көріңізші! Оның ризашылығында шек болған жоқ. Оның үстіне, ол енді Ехобадан басқа ешқандай құдайға сиынбайтынын айтты (4 Патшалық 5:14—17).
5 Адамзат тарихы бойында Ехоба адамдардан алуан түрлі бұйрықтарға мойынсұнуын талап етіп отырған. Біз сізді осы бұйрықтардың кейбіреулерімен танысуға шақырамыз. Осы бұйрықтарды орындауды сізден талап етсе не істеген болар едіңіз, танысу барысында соны ойлана отырыңыз. Ал, кейінірек бүгінгі күні Ехоба бізден не талап ететінін қарастырамыз.
Бұрынғы кездегі Ехобаның талаптары
6. Алғашқы жұптан не талап етілді және осындай талаптар сізге қойылса не істеген болар едіңіз?
6 Ехоба адамдардың алғашқы жұбы Адам мен Хауаға балаларын тәрбиелеп, жерге иелік етіп, жануарларды өздеріне бағындыруды бұйырды. Оның үстіне, оларды бақ іспеттес үлкен үйге орналастырып, батасын берді (Жаратылыс 1:27, 28; 2:9—15). Бірақ, бір нәрсеге тыйым салынған еді. Оларға Едем бағындағы көптеген мәуелі ағаштардың арасындағы белгілі біреуінің жемісін жеуге болмайтын (Жаратылыс 2:16, 17). Олардан тым көп нәрсе талап етілді ме? Денсаулығыңыз мықты болып, алда мәңгілік өмір күтіп тұрса, бұндай талапты сіз қуана-қуана орындамас па едіңіз? Бақта азғырушы пайда болды делік, бірақ сіз оның келтірген дәлелдерін жоққа шығармас па едіңіз? Және Ехобаның осындай кішігірім талап қоюға құқысы болғанымен сіз келіспес пе едіңіз? (Жаратылыс 3:1—5).
7. Нұхқа қандай тапсырма берілді және ол қандай қарсылыққа кездесті? ә) Ехобаның Нұхқа қойған талабына деген көзқарасыңыз қандай?
7 Кейінірек, дүниежүзілік топан судан аман қалу үшін Ехоба Нұхқа кеме соғуды бұйырды. Егер қаншалықты үлкен болғанын ескерер болсақ, кеме соғу оңай жұмыс емес еді, сондай-ақ құрылыс барысында оның мазақ пен қарсылыққа төзуіне тура келген болса керек. Осыған қарамастан, өзінің отбасымен қоса, көптеген жануарларды аман алып қалғанына Нұх қалайша қуанды десеңізші! (Жаратылыс 6:1—8, 14—16; Еврейлерге 11:7; 2 Петір 2:5). Егер сізге осындай іс тапсырылса, оны орындауға бар күшіңізді салар ма едіңіз? Жоқ әлде, Ехоба сізден тым көп нәрсе талап етіп жатыр деп есептер ме едіңіз?
8. Құдай Ыбырайымның не істеуін сұрады және оның бой ұсынғаны нені айқын көрсетті?
8 Құдай Ыбырайымнан өте қиын нәрсені орындауды талап етті: «Сен өзіңнің жақсы көретін жалғыз ұлың Ысқақты ертіп алып, Мория жеріне бар. Оны сол жерде Мен саған көрсететін тауға апарып, құрбандыққа шалып өртеп жібер» (Жаратылыс 22:2). Ехоба Ысқақтың ұрпақтары болатынын оның балалары болмай тұрып уәде еткен еді, сондықтан, Ыбырайымның Құдайдың Ысқақты өмірге қайтара алатынына деген сенімі сынаққа салынды. Ыбырайым Ысқақты құрбандыққа шалмақ болған уақытта, Ехоба жас жігіттің өмірін сақтап қалады. Бұл оқиға Құдайдың адамзат үшін өзінің Ұлын құрбандыққа беретінін және кейінірек оны қайта тірілтетінін айқын көрсетті (Жаратылыс 17:19; 22:9—18; Жохан 3:16; Елшілердің істері 2:23, 24, 29—32; Еврейлерге 11:17—19).
9. Неге Ехоба Ыбырайымнан тым көп нәрсе талап етпеді деуге болады?
9 Әлдекім, Ыбырайымнан Ехоба тым көп нәрсе талап етті деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл шын мәнінде солай ма? Өлілерді қайта тірілте алатын Жаратушымыз бізден бой ұсынушылықты талап еткенде, тіпті егер оған бой ұсынғандықтан қандай да бір уақытқа өлім ұйқысына кетер болсақ та, Құдай қатыгездік танытты деуге бола ма? Иса Мәсіх пен оның алғашқы ізбасарлары олай ойламайтын. Құдайдың еркін орындау үшін олар азапқа да, тіпті өлімге де даяр еді (Жохан 10:11, 17, 18; Елшілердің істері 5:40—42; 21:13). Осыған ұқсас жағдайларда тап осылай әрекет етуге дайынсыз ба? Ехобаның халқы болуға келіскендерге оның қойған талаптарының кейбіреулерін қарастырып көрейік.
Ехобаның Исраилге берген заңы
10. Ехобаның айтқандарының бәрін орындауға сөз берген кім және Құдай оларға не берді?
10 Ыбырайымның ұлы Ысқақтан және немересі Жақыптан немесе Исраилден тараған ұрпақ Исраил халқына айналды. Ехоба исраилдіктерді мысырлықтардың құлдығынан босатты (Жаратылыс 32:28; 46:1—3; 2 Патшалық 7:23, 24). Осыдан кейін олар Құдай не талап етсе де, бәрін орындауға уәде берді. Олар: «Тәңірдің айтқандарының бәрін орындаймыз»,— деді (Мысырдан көшу 19:8). Исраилдіктер Ехобаның өздеріне басшы болғанын қалады, сосын Ехоба оларға Он парызды қоса есептегенде, алты жүзден аса заң берді. Мұса арқылы берілген аталмыш заңдар уақыт өте келе Таурат заңы ретінде ғана белгілі болды (Езра 7:6; Лұқа 10:25—27; Жохан 1:17).
11. Таурат заңының басты мақсаттарының бірі қандай және осы мақсаттың орындалуына себепші болатын кейбір бұйрықтар қандай?
11 Таурат заңының мақсаттарының бірі — исраилдіктерді қорғау болатын. Олар бұл заң арқылы құлықтылыққа, іскерлік операцияға және балалардың қамын ойлауға қатысты ақылға қонымды бұйрықтар алды (Мысырдан көшу 20:14; Леуі 18:6—18, 22—24; 19:35, 36; Заңды қайталау 6:6—9). Жақыныңа және малға деген көзқарас жөнінде де ережелер берілген болатын (Леуі 19:18; Заңды қайталау 22:4, 10). Жыл сайынғы мейрамдар мен мінажат етуге арналған жиналыстарға қатысты қойылған талаптар халықтың рухани өркендеуіне көмектесетін (Леуі 23:1—43; Заңды қайталау 31:10—13).
12. Таурат заңының басты мақсаты неде еді?
12 Таурат заңының басты мақсатына көңіл аудара отырып, елші Пауыл былай деп жазды: «Ол күнәларды әшкерелеу үшін қосымша ретінде берілді. Тәңірдің уәдесі Ыбырайымның Ұрпағы Мәсіхке байланысты; Ол келгенше, Таурат заңы күшінде тұрды» (Ғалаттықтарға 3:19). Таурат заңы исраилдіктердің есіне кемелсіз екендіктерін салып тұратын. Сондықтан, олардың күнәдан толық тазартатын кемелді құрбандыққа мұқтаж екендігі түсінікті еді (Еврейлерге 10:1—4). Сонымен, Таурат заңы Исраил халқын Исаны, яғни Мәсіхті қабыл алуға дайындады. Пауыл былай деп жазды: «Таурат заңы „тәрбиелеушіміз“ болып, бізді Мәсіхке әкелді, сөйтіп Оған сеніп, ақталдық» (Ғалаттықтарға 3:24).
Ехобаның Заңы ауыр ма еді?
13. а) Кемелсіз адамдардың Таурат заңына деген көзқарасы қандай еді және бұның себебі неде? ә) Таурат заңы шынында да ауыр ма еді?
13 Таурат заңы «қасиетті, әділ және игі» болғанымен, көпшілігі оны ауыр деп есептейтін (Римдіктерге 7:12). Бұл Заң кемелді болғандықтан, исраилдіктер оның жоғары талаптарына сай өмір сүре алмайтын (Забур 18:8). Сондықтан елші Петір оны «не біз, не ата-бабаларымыз көтере алмайтын ауыр жүк» деп атады (Елшілердің істері 15:10). Негізінде Таурат заңы ауыр емес еді және оған бой ұсыну адамдарға пайдалы болғандығында сөз жоқ.
14. Исраилдіктер үшін Таурат заңының пайдасының аз болмағанын көрсететін қандай мысалдар бар?
14 Мысалы үшін, Таурат заңы бойынша ұры түрмеге жабылмайтын, керісінше, ұрлаған затын екі немесе одан да көп есе төлеу үшін еңбектенуге тиіс еді. Осылайша, жәбірленуші шығынға ұшырамайтын, ал еңбекқор адамдар түрмедегілерді қамтамасыз етудің ауыртпалығынан арылатын (Мысырдан көшу 22:1, 3, 4, 7). Денсаулыққа зиянды тағам жеуге тыйым салынатын. Тыйым салынған тағамға, жақсы пісірілмесе трихинеллёз ауруына шалдықтыратын шошқаның еті және туляремияға ұшырататын қоянның еті жататын (Леуі 11:4—12 ). Мәйіттің жанына жақындауға тыйым салуымен де, Таурат заңы адамдарды қорғайтын. Мәйітті ұстаған кісіден үсті-басы мен киім-кешегінің бәрін жуу талап етілетін (Леуі 11:31—36; Санақ 19:11—22). Нәжіс көміп тасталуы керек еді, бұндай талап микробтардың тарауынан сақтандыратын, ал ғалымдар микробтардың бар екенін бұдан бірнеше ғасыр өткен соң ғана білген (Заңды қайталау 23:13).
15. Исраилдіктерге ауыртпалық түсірген не?
15 Таурат заңы адамдардан тым көп нәрсе талап етпейтін. Алайда Таурат заңын түсіндіруді өз қолына алғандар жөнінде бұлай деуге болмайтын еді. Олардың ойлап тапқан ережелері жөнінде Джеймс Хастингстің басшылығымен басылған «Киелі кітап сөздігінде» былай делінеді: «Киелі кітаптың әрбір өсиеті ұсақ-түйек нұсқаулардың шырмауында-тын... Яғни әрбір болуы мүмкін жағдайды Заңға ендіріп, аяусыз логика арқылы адамдарды қатыгез ережелерге бағындыруға әрекеттер жасалатын... Ар-ұжданның даусы тұншықтырылған болатын; Құдай сөзінің әсерлі күші жойылып, көптеген қосымша ережелердің астында қалдырылған еді» («A Dictionary of the Bible»).
16. Дін басыларының ауыртпалығы көп ережелері мен салт-дәстүрлері туралы Иса не деді?
16 Халықтың мойнына толып жатқан ережелерді артып қойған дін басыларын Иса Мәсіх мынадай сөздермен айыптады: «Олар көтере алмайтындай ауыр жүктерді кісілердің мойнына байлап артады. Ал өздері оларды бармағымен де қозғағысы келмейді» (Матай 23:2, 4). Иса, адамдардың ойынан шыққан ауыртпалығы көп ережелер мен салт-дәстүрлердің, сондай-ақ, тазару рәсімінің «Құдайдың Сөзін бекер қылатынына» нұсқады (Марқа 7:1—13; Матай 23:13, 24—26). Бірақ, Иса жер бетіне келмей тұрған кезде де, Исраилдің діни мұғалімдері Ехобаның шын мәнінде нені талап ететінін халыққа бұрыс түсіндіретін.
Шын мәнінде Ехоба нені талап етеді
17. Сенімсіз исраилдіктердің шалған құрбандықтары Ехобаға неге ұнамады?
17 Ишая пайғамбар арқылы Ехоба былай деді: «Құрбандыққа шалынып өртелген қошқарларға, бордақыланған малдың майына Мен әбден тойдым; бұзаулардың да, тоқтылардың да, текелердің де қанын қаламаймын» (Ишая 1:10, 11). Таурат заңы бойынша өзі талап еткен құрбандықтар Ехобаға неге ұнамады? (Леуі 1:1—4:35). Өйткені исраилдіктер Ехобаны құрмет тұтпады. Сондықтан оларға мынадай өсиет берілді: «Жуыныңдар, тазарыңдар; жаман істеріңді Менің көз алдымнан құртыңдар; жамандық істеуді тоқтатыңдар; жақсылық істеуге үйреніңдер, шындықты іздеңдер, езілгенді құтқарыңдар, жетімді қорғаңдар, жесірге болысыңдар» (Ишая 1:16, 17). Осы айтылған сөздер Ехобаның өзінің қызметшілерінен нені талап ететінін түсінуімізге көмектеседі емес пе?
18. Ехоба исраилдіктерден шын мәнінде нені талап етті?
18 «[Киелі] заңдағы ең ұлы парыз қандай?» — деп сұраған кезде, Иса, Құдайдың шын мәнінде нені қалайтынын түсіндірді. Ол былай деп жауап берді: «„Сен Тәңірді — өзіңнің Құдайыңды барлық көңіліңмен, барлық жаныңмен, барлық ойыңмен жақсы көр!“ Бұл — бірінші де ең ұлы парыз. Екіншісі де сол сияқты: „Сен өзіңді қалай жақсы көрсең, жақыныңды да солай жақсы көр!“ Бүкіл Заң да, пайғамбарлар да осы екі парызға негізделген» (Матай 22:36—40; Леуі 19:18; Заңды қайталау 6:4—6). Дәл осы ойды Мұса пайғамбар да айтқан, ол былай деді: «Құдайың Тәңір сенен нені талап етеді? Тек, Құдайың Тәңірден қорқып, Оның жолдарымен жүргеніңді, Оны сүйгеніңді және Тәңір Құдайыңа шын жүректен, жан-тәніңмен қызмет еткеніңді... ғана талап етеді» (Заңды қайталау 10:12, 13; 15:7, 8).
19. Исраилдіктер қалай қасиетті болып көрінгісі келді, бірақ Ехоба оларға не деді?
19 Исраилдіктер күнәкар екендіктеріне қарамай, қасиетті болып көрінгісі келді. Таурат заңы жылына бір рет мерекеленетін діни тазару күні ғана ораза тұтуды талап еткенімен, исраилдіктер жиі ораза тұта бастады (Леуі 16:30, 31). Бірақ, Ехоба оларды мынадай сөздермен айыптады: «Мен таңдаған ораза, міне, мынадай: жалғандықтың бұғауын үз, езілгендерді қамыттың қыспағынан босатып, еркіндікке жібер және бұғау атаулыны жой; ашығып жүргенмен наныңды бөліс, баспанасыз жүрген жарлыны үйіңе кіргіз; жалаңаш адамды көрсең, оған киім кигіз және өз бауырыңнан жасырынба» (Ишая 58:3—7).
20. Иса діни екі жүзділерді қандай істері үшін айыптады?
20 «Жалбыз, анис, зире [сияқты ұсақ-түйек өсімдіктердің] құнының оннан бірін садақаға бересіңдер, ал киелі заңның ең маңыздысын — әділдікті де, қайырымдылықты да, сенімді де қалдырдыңдар. Мұны да істеу, оны да қалдырмау қажет еді» деген сөздермен Иса айыптаған діни екі жүзділердің қателіктері мен өздерін әділетті деп есептейтін исраилдіктердің қателіктері бірдей болатын (Матай 23:23; Леуі 27:30). Исаның айтқан сөздері Ехобаның бізден шын мәнінде нені талап ететінін түсінуімізге көмектеседі емес пе?
21. Ехобаның бізден нені талап етіп, нені талап етпейтінін Мика пайғамбар қалай қорытындылады?
21 Ехобаның бізден нені талап етіп, нені талап етпейтінін анықтап алу үшін, Құдайдың пайғамбары Мика былай деп сұрады: «„Тәңірдің, Аспан Құдайының алдына немен келіп бас исем екен? Оның алдына құрбандықтар, өгізше алып келсем бе екен? Бірақ Тәңірге мыңдаған қошқарлармен немесе зәйтүн майының сансыз тасқынымен жағуға бола ма? Оған қылмысым үшін тұңғышымды, жанымның күнәсы үшін тәнімнің жемісін бере аламын ба? «О, адам! Саған ненің жақсылық екендігі, Тәңірдің сенен нені талап ететіні айтылған: әділ әрекет ету, мейірімділікті жақсы көру және Құдайдың алдында кіші пейілділікпен жүру» (Мика 6:6—8).
22. Ехоба Таурат заңына мойынсұнушылардың ең алдымен не істегенін қалады?
22 Сонымен, Таурат заңына мойынсұнушылардан Ехоба ең алдымен нені талап етті? Олардың Ехобаны сүюге тиіс болғандықтарында сөз жоқ. Оның үстіне, елші Пауыл былай деген болатын: «Бүкіл Таурат заңын орындау мына бір бұйрыққа саяды: „Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы кісіні де дәл солай жақсы көр“» (Ғалаттықтарға 5:14). Пауыл Римдегі мәсіхшілерге де осы сияқты сөздер айтқан: «Өйткені кісінің басқаны сүюі Құдай заңын да орындағаны... Сүйіспеншілік көрсету — Құдай заңын орындау» (Римдіктерге 13:8—10).
Тым көп нәрсе емес
23, 24. а)Неге біз Ехоба бізден тым көп нәрсе талап етеді деген ойда болмауымыз керек? ә) Келесі мақалада қандай сұрақтар талқыланады?
23 Ехоба Құдайдың сүйіспеншілігі, қамқорлығы мен мейірімділігі бізді қайран қалдырады емес пе? Ехобаның жалғыз Ұлы Иса Мәсіх, Құдайдың сүйіспеншілігін дәріптеу үшін, яғни адамдардың Ехобаға қаншалықты қымбат екенін түсіндіру үшін жер бетіне келді. Құдайдың сүйіспеншілігі туралы терең түсінік бергісі келіп, Иса торғайлар жөнінде былай деді: «Олардың біреуі де сендердің Әкелеріңнің еркі болмаса жерге кұлап түспес». Сосын ол былай деп қорытындылады: «Қорықпаңдар: көптеген торғайлардан сендер артықсыңдар ғой» (Матай 10:29—31). Сөз жоқ, осыншалықты сүйіспеншілікке толы Құдай бізден нені талап етсе де, біз ешқашан ол тым көп нәрсені талап етіп жатқандай сезінбеуіміз керек!
24 Ал бүгінгі күні Ехоба бізден нені күтеді? Және кейбіреулердің Құдай бізге тым көп талап қояды деген сияқты ойда болуының себебі неде? Осы сұрақтарды талқылау арқылы Ехобаның талаптарының бәрін орындау біз үшін неге зор бақыт екенін түсінеміз.
Жауап бере аласыңдар ма?
◻ Не себептен адамдар Ехобаға қызмет етуден бас тартуы мүмкін?
◻ Жылдар өткен сайын Ехобаның талаптары қалай өзгеріп отырды?
◻ Таурат заңының мақсаты неде еді?
◻ Ехоба бізден тым көп нәрсені талап етеді деп ойлағанның дұрыс емес болуының себебі неде?
[8-беттегі сурет]
Адамдар ойлап тапқан ережелер, мысалы, шиеленіскен қиын тазару рәсімі, Құдайға мінажат етуді ауырлатып жіберді.