Біздің ауруға ұшырауымызға Шайтан кінәлі ме?
АУРУ ЕШҚАШАН БОЛМАУЫ КЕРЕК ЕДІ. Құдай бізді ауырмайтындай кемелді етіп, мәңгі өмір сүру үшін жаратты. Бір рухани жаратылыстың, яғни Шайтанның кесірінен адамзат қайғы-қасіретке, ауру мен өлімге душар болды. Ол біздің бабаларымыз — Адам мен Хауаны күнә жасауға көндірді (ЖАРАТЫЛЫС 3:1—5, 17—19; РИМДІКТЕРГЕ 5:12).
БҰЛ — аурудың бәрі тікелей зұлым рухтардың әсерінен болады дегенді білдіреді ме? Диареямен ауырған кішкентай Омаджидің әжесі сияқты, көп адамдар солай деп ойлайды. Тропиктік елдерде осы аурудың себебінен көбінесе жас балалар қайтыс болады. Бірақ, Омаджи шын мәнінде көрінбейтін рухтардың әсерінен диареямен ауырды ма?
Шайтанның рөлі
Киелі кітап бұл сұраққа айқын жауап береді. Біріншіден, ол өлгендердің тірілерге ешқандай да әсер ете алмайтындығын айтады. Адамдар өлген кезде «ештеңе білмейді». Олардың өлгеннен кейін өмір сүретін ешқандай жаны немесе рухы жоқ. Олар молада жатыр. Ал онда «іс те, ой шолу да, білім де, даналық та жоқ» (Екклесиаст 9:5, 10). Сондықтан өлгендер ешқашан тірілерді ауруға ұшырата алмайды!
Бірақ, Киелі кітапта зұлым рухтардың шын мәнінде бар екендігі айтылады. Бүкіл әлемде бірінші болып рухани жаратылыстардың бірі бүлік шығарды. Ол — Шайтан атанды. Оған басқа да рухани жаратылыстар қосылды. Кейін олар жын-перілер атанды. Шайтан мен жын-перілер адамдарды ауруға ұшырата ала ма? Бұндай жағдайлардың болғаны белгілі. Иса ауруларды жазып, кереметтер көрсеткен кезде, бірнеше рет олардан жындарды шығарып жіберген болтын (Лұқа 9:37—43; 13:10—16). Алайда, Иса жазған адамдардың көбісі тікелей зұлым рухтардың әсерінен ауруға ұшыраған жоқ (Матай 12:15; 14:14; 19:2). Сол сияқты бүгінгі күні де адамдар зұлым рухтардың әсерінен емес, табиғи нәрселердің әсерінен ауруға ұшырайды.
Дуа туралы не айтуға болады? Нақыл сөздер 18:10 бізді: «Тәңірдің есімі — берік қамал: әділетті оған жасырынады да қауіпсіздікте болады»,— деп сендіреді. Ал, Жақып 4:7-де былай делінген: «Сонымен, Құдайға мойынсұныңдар! Шайтанға қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден безіп кетеді». Ехоба өзіне шын берілген адамдарды дуадан, сонымен қатар зұлым рухтардың басқа да алуан түрлі әсерлерінен қорғайды. Иса: «Ақиқат сендерді азаттыққа жеткізеді»,— деп айтқанда, осы зұлым рухтардың әсері туралы да айтқан еді (Жохан 8:32).
Кейбіреулер: «Ал Аюп ше? Оны зұлым рух ауруға ұшыратқан жоқ па?» — деп сұрауы мүмкін. Иә, Киелі кітап Аюптың ауруға ұшырауына Шайтанның себепші болғанын айтады. Бірақ Аюп басынан кешкен оқиғаның жөні бөлек. Құдай Аюпты ұзақ уақыт бойы жындардың тіке шабуылынан қорғады. Сонан соң, Шайтан Аюпқа азап шектіруге Ехобаның рұқсат етуін талап етті. Бұл жағдай, маңызы зор даулы сұраққа байланысты болғандықтан, Ехоба өзінің қызметшісін сынауына рұқсат етті.
Бірақ, Ехоба Шайтанға толық билік берген жоқ. Шайтанның Аюпты біраз уақыт ауруға ұшыратуға мүмкіндігі болғанымен, оған Аюптың өмірін үзуге рұқсат етілген жоқ (Аюп 2:5, 6). Уақыт өте келе Аюптың азабы аяқталды да, адалдығы үшін Ехоба оған батасын берді (Аюп 42:10—17). Аюптың адалдығын сақтауының арқасында дәлелденген ақиқат нәрселер Киелі кітапқа жазылып, барлық адамдар үшін айқын болып отыр. Сөйтіп бұл, барлық уақытқа үлгі боларлық оқиға болды.
Шайтан қалай әрекет етеді?
Шайтан, бірінші адам қосағын азғырып, күнә жасатты. Және адамдардың ауруға ұшырауына көбінесе сол үшін ғана жауапты. Аурулардың бәріне бірдей Шайтан мен оның жын-перілерінің тікелей қатысы жоқ. Бірақ, олар денсаулығымызға зиян тигізетін, сенімімізге қайшы, жөнсіз іс-әрекет етуге мәжбүр ету үшін ықпал жасай алады. Шайтан, Адам мен Хауаға ауру жіберген жоқ, оларды дуалаған жоқ, өлтірген де жоқ. Ол Хауаны Құдайдың тілін алмауға иландырды, ал Адам болса, әйеліне ілесті. Ауру мен өлім тілазарлықтың себебінен болған қасіреттердің бірі ғана (Римдіктерге 5:19).
Бір жолы Моабтың патшасы, өз иелігіндегі жердің шекарасына келіп тоқтаған Исраил халқы шабуыл жасар деп қорықып, оларды қарғау үшін жолдан тайған пайғамбар Балағамды жалдайды. Балағам Исраилді қарғамақшы болып еді, онысынан түк шықпады. Өйткені халықты Ехобаның өзі қорғап тұрған еді. Сонда моабтықтар исраилдіктерді пұтқа табынуға және жыныстық өнегесіздікке азғырмақ болды. Моабтықтардың бұл айласы іске асты да, исраилдіктер Ехобаның қорғанышынан айырылды (Санақ 22:5, 6, 12, 35; 24:10; 25:1—9; Аян 2:14).
Ежелгі кезде болған бұл оқиға біз үшін үлкен сабақ. Құдай өзінің адал қызметшілерін зұлым рухтардың тіке шабуылынан қорғайды. Бірақ Шайтан адамдарға әсер етіп, сенімдеріне сай емес іс істетуі мүмкін. Ол оларды жыныстық өнегесіздікке қызықтырады немесе ақырған арыстандай оларды қорқытып, Құдайдың көз алдында тура емес істерді істетіп, оның қорғанышынан айыруға тырысады (1 Петір 5:8). Міне сондықтан елші Пауыл Шайтанды «өлімнің әміршісі» деп атаған (Еврейлерге 2:14).
Омаджидің әжесі сәбиді аурудан қорғау үшін, оның анасы Хауваны бойтұмар мен киелі саналатын заттардың көмегіне сүйенуге көндіргісі келді. Егер Хаува бұларға көнгенде не болар еді? Ол Ехоба Құдайға толық сенбейтіндігін көрсетіп, бұдан былай оның көмегіне арқа сүйей алмас еді (Мысырдан көшу 20:5; Матай 4:10; 1 Қорынттықтарға 10:21).
Шайтан Аюпты да сенімінен айырғысы келген болатын. Оның балаларын, байлығын және денсаулығын алды, бірақ бұнымен де тынған жоқ. Әйелі: «Құдайды балағатта да, өле қал»,— деп ақылсыздық жасауға итермеледі (Аюп 2:9). Содан кейін, оған үш доссымақтары келіп, бәрі бірдей, ауруға душар болғаның үшін өзің кінәлісің деп айыптады (Аюп 19:1—3). Аюптың аурудан әбден қажығанын пайдаланып, Шайтан оның рухын түсіріп, Ехобаның әділдігіне деген сенімін жоюға тырысты. Бірақ, Аюп бұрынғысынша бар үмітін жалғыз Ехобаға ғана артып, оның көмегіне арқа сүйеді. (Забур 54:23 салыстырыңдар.)
Ауырған кезімізде біздің де еңсеміз түсуі мүмкін. Шайтан, осындай уақытты тез пайдаланып, сенімімізге қарсы қандай да бір іске иландыруға тырысады. Сондықтан, егер ауырып қалсақ, ауырғанымыз зұлым рухтардың әсерінен емес, кемелсіздіктің әсерінен ұшырауымыз мүмкін екенін ұмытпағанымыз жөн. Мысалы үшін, әділ Ысқақты алайық. Өлерінен біраз жыл бұрын оның көзі көрмей қалды (Жаратылыс 27:1). Оның көзі зұлым рухтардың әсерінен емес, қартайғандықтан көрмей қалды. Тағы бір мысал: Рахила босанып жатып қайтыс болды. Оның да қайтыс болуының себебі Шайтан емес, адамның денсаулығының әлсіздігі (Жаратылыс 35:17—19). Ежелде өмір сүрген Құдайдың қызметшілерінің бәрі қайтыс болды. Олар қарғысқа ұшырағаннан, дуалағаннан емес, туа біткен кемелсіздіктен қайтыс болды.
Біздің ауруларымыздың бәрі тікелей көрінбейтін рухтардың әсер етуіне байланысты деп ойласақ, торға түскеніміз. Зұлым рухтардың алдында жөнсіз қорқыныш пайда болуы мүмкін. Сондықтан біз, ауырған кезде зұлым рухтармен қандай болмасын байланыстан аулақ болудың орнына, алданып, оларды риза қылуға тырысуымыз мүмкін. Егер қорқыныштан Шайтанның ықпалына беріліп, спиритизмге жүгінетін болсақ, онда шын Құдай Ехобаға сатқындық жасаған болар едік (2 Қорынттықтарға 6:15). Біздің өмірімізге, Құдайдың қас жауының алдындағы ырымшыл қорқыныш емес, сыйластықтан туындаған Құдай алдындағы қорқыныш басшылық етуі керек (Аян 14:7).
Кішкентай Омаджидің зұлым рухтарға қарсы тұруға сенімді қорғанышы бар. Елші Пауылдың сөздерінен көріп отырғандай, бұл қыз Құдайдың көз алдында «қасиетті», өйткені оның анасы Құдайға сенуші болғандықтан дұға етіп, Құдайдан қызына киелі рухы арқылы көмектесуін сұрай алады (1 Қорынттықтарға 7:14). Ақиқатты білуінің арқасында Хаува бойтұмардың сиқырлы күшіне арқа сүйемей, Омаджи үшін тиімді ем таба білді.
Аурудың кейбір себептері
Көптеген адамдар рухтарға сенбейді. Ауырған кезде, олар мүмкіндіктері болса дәрігерге көрінуге тырысады. Өкінішке орай, кей кезде медицина көмектесуге дәрменсіз болып жатады. Дәрігерлер керемет істей алмайды. Бірақ, ырымшыл адамдар ауруды жазуға болатын кездердің өзінде, көбінесе дәрігерге кеш қаралады. Олар тәуіптердің бәрін аралап, басқа амалы қалмаған кезде ғана дәрігерге қаралады. Осылайша өмірін сақтап қалуға болатындардың көбісі қайтыс болып жатады.
Білімсіздіктің кесірінен қайтыс болып жататындар да бар. Олар аурудың симптомдарын және аурудың алдын алу жолдарын білмейді. Білім — бекер азап шегуден құтылуға көмектеседі. Орта есеппен алғанда білімді аналардың балалары, сауатсыз аналардың балаларынан гөрі аз ауыратынын атап өту керек. Иә, білімсіздіктің салдарынан өмірден айырылуға болады.
Аурудың кең тараған тағы бір себебі — қарапайым тазалық ережелерін сақтамау. Мысалы үшін, көп адамдар тамаққа шыбын-шіркейдің қонуына жол береді немесе тамақ дайындардың алдында қолдарын жумайды. Безгек жайлаған аймақта масаханасыз ұйықтау да қауіптіa. Денсаулыққа байланысты барлық жағдайда «ауруды емдегеннен гөрі алдын алған жақсы» деген принципті ұстанған жөн.
Миллиондаған адамдардың мезгілсіз қайтыс болуының себебі — ақылсыз өмір кешу. Көп адамдар маскүнемдіктің, азғындықтың, нашақорлықтың және темекі шегудің кесірінен денсаулығына зиян келтіреді. Осындай жаман істердің әсерінен ауруға шалдыққан адамды біреудің дуалағанынан немесе рухтардың әсерінен ауырды деу ақылға сия ма? Әрине жоқ. Ондай адам ауру тапқанына өзі кінәлі. Ауырғаны үшін зұлым рухтарды кінәлау — өзінің бұрыс іс-әрекеті үшін жауапкершіліктен бас тартқанмен тең.
Әрине, кейбір жағдайларды біз бақылай алмаймыз. Мысалы үшін, ауруға ұшырататын микробтардың немесе ластанған қоршаған ортаның әсерінен өзімізді барлық кезде бірдей қорғай алмаймыз. Кішкентай Омаджидің ауырғаны да сол себептен. Анасы оның диареяға шалдығуының себебін білген жоқ. Басқа балаларға қарағанда, оның балалары көп ауырмайтын, өйткені ол өз үй-ішін де, ауласын да таза ұстайтын. Сондай-ақ, әрқашан тамақ дайындар алдында қолын жуатын. Бірақ ешбір баланың ауырмайтынына кепілдік жоқ. Диарея ауруын қоздыратын 25 түрлі жұқпалы органикалық заттар бар. Олардың қайсысының Омаджидің ауыруына себеп болғанын ешкім тура анықтай алмайды.
Ұтымды шаралар
Аурудың болуына Құдай кінәлі емес. «Құдай күнәға еш елікпейді де, ешкімді еліктірмейді де» (Жақып 1:13). Қызметшілерінің бірі ауырып қалса, Ехоба оған рухани күш береді. «Сырқаттанып, төсек тартып жатқанда, Тәңір оған күш береді. Сен оның барлық сырқат төсегін өзгертесің» (Забур 40:4). Иә, Құдай жанашыр. Ол бізге жамандық тілемейді, қайта көмектескісі келеді.
Ехоба ауруға қарсы ең ұтымды шара қарастырды — Исаның қайтыс болып, қайта тірілуі. Исаның өтеу құрбандығы ақ жүректі адамарды күнәның құлдығынан босатады. Ал болашақта ешқандай ауру болмайтын жұмақты жерде мәңгі өмір сүруге мүмкіндік береді (Матай 5:5; Жохан 3:16). Исаның көрсеткен кереметтері Құдай Патшалығының шын мәнінде аурудың бәрін жоятынының дәлелі. Сонымен қатар, Құдай Шайтан мен жын-перілерді де жояды (Римдіктерге 16:20). Өзіне сенім артқандар үшін Ехоба көп керемет нәрселер дайындап отыр. Тек шыдамды да табанды болуымыз керек.
Қазірдің өзінде Ехоба адамдарға Киелі кітап арқылы және бүкіл адал қызметшілерінің дүниежүзілік бауырластығы арқылы қажетті білім мен рухани тәлім-тәрбие беруде. Ол бізді денсаулығымызға кері әсер ететін істерден аулақ болуға үйретіп отыр. Ехобаның арқасында басымызға қиыншылық туған кезде көмектесуге дайын нағыз достар таба аламыз.
Енді Аюптың мысалын қайта еске алайықшы. Егер ол тәуіптерден көмек іздегенде, зияны болмаса, еш пайда таппас еді! Ол Құдайдың қорғанышын жоғалтып, ауыр сынақтан кейін күтіп тұрған баталардың бәрін көре алмас еді. Құдай Аюпты ұмытқан жоқ және бізді де ұмытпайды. Исаның шәкірті Жақып: «Аюп пайғамбардың шыдамдылығы туралы естігенсіңдер, Жаратқан Иенің ақыр аяғында оны қалай жарылқағанын да білесіңдер»,— деп жазған болатын (Жақып 5:11). Егер сеніміміз берік болса, уақыты келгенде біз де Құдайдың керемет баталарына ие боламыз.
Кішкентай Омаджи айықты ма екен? Иә, оның анасы «Күзет мұнарасы» журналымен бірге шығатын «Ояныңдар!» журналынан, арнайы дайындалған сұйықтық ішкізу әдісі бойынша емдеу туралы мақаланы есіне түсірдіb. Ол сол журналда айтылған ерітіндіні дайындап, қызына ішкізді. Ал қазір, бұл кішкентай қыздың денсаулығы жақсы, шапқылап жүріп жатыр.
[Сілтемелер]
a Жарты миллиардқа жуық адам безгек ауруын жұқтырған. Осы аурудың салдарынан жыл сайын екі миллионға жуық адам қайтыс болады, көбінесе Африкада.
b Орыс тіліндегі «Ояныңдар!» журналының 1987 жылғы 8 мамырдағы нөмірінің 13—15-беттеріндегі «Өмірді құтқаратын тұзды сусын» атты мақаланы және 1995 жылғы 8 көкектегі нөмірінің 11-бетіндегі «Сенің денсаулығыңның жақсы болуы неге байланысты? Сен не істей аласың?» атты мақаланы қараңыздар.
[5-беттегі суреттер]
Ехоба ауруды мәңгіге жоятын амал қарастырып қойды.