Отбасымен бірге әрдайым Құдайдың Сөзін зерттеңдер
«Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әр сөзімен өмір сүреді» (МАТАЙ 4:4).
1. Балаларына Ехобаның жолын үйретудегі отағаларының жауапкершілігі жайлы Киелі кітап не дейді?
Балаларына тәлім-тәрбие беру жайлы міндетті Ехоба Құдай отағаларының есіне әрдайым салып отырған. Бұндай тәрбие балалардың күнделікті өміріне қажетті білім беретін және оларды өз бетімен өмір сүруге дайындауға көмектесетін. Тәңірдің «жолымен» жүруді өзінің үй ішіне үйретуге міндетті екенін Ыбырайымға Құдайдың жіберген періштесі айтқан болатын (Жаратылыс 18:19). Исраилдік ата-аналарға Құдайдың Мысырдан Исраил халқын қалай алып шыққандығы жайлы және Хоривтегі Синай тауында қалай Заң бергені туралы балаларына түсіндіріп отыру керек екендігі айтылған болатын (Мысырдан көшу 13:8, 9; Заңды қайталау 4:9, 10; 11:18—21). Мәсіхші отбасының отағалары өздерінің балаларын «Иемізбен жүргендерге лайықты» тәрбиелеуге шақырылады (Ефестіктерге 6:4). Ехобаға ата-аналардың тек қана біреуі қызмет ететін болса да, балаларына Ехобаның жолын үйрету үшін оның күш салғаны дұрыс (2 Тімоте 1:5; 3:14, 15).
2. Балалары жоқ отбасы үшін отбасымен бірге зерттеген қажет пе? Түсіндіріңдер.
2 Бұл — Құдайдың Сөзін балалары бар болса ғана отбасымен бірге зерттеу керек дегенді білдірмейді. Балалары жоқ болса да оны ерлі-зайыптылар бірлесіп талқылайтын болса, бұл олардың рухани нәрселерді жоғары бағалайтындығын көрсетеді (Ефестіктерге 5:25, 26).
3. Отбасымен бірге зерттеуді үнемі өткізген неге маңызды?
3 Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін, Ехобаның Исраилге шөл далада: «Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әр сөзімен өмір сүреді»,— деген тағылымын ескере отырып, үнемі ақыл айтып отыру керек (Заңды қайталау 8:3). Жағдайға қарай кейбіреулер отбасымен бірге зерттеуді аптасына бір рет өткізеді; екінші біреулері зерттеуді аз-аздан күнде өткізеді. Оқудың қандай жолын таңдап алсаңдар да, әйтеуір үздіксіз өткізуді ұмытпаңдар. Зерттеуге уақыт бөле отырып, «әр мүмкіндікті пайдаланыңдар». Еңбектеріңнің жемісін көресіңдер. Бұл отбасы мүшелері үшін өмірлік маңызы бар нәрсе (Ефестіктерге 5:15—17; Філіпіліктерге 3:16).
Есте сақтау керек мақсаттар
4, 5. а) Ехоба Мұса арқылы ата-аналардың алдына балаларды тәрбиелеуге қатысты қандай маңызды мақсат қойды? ә) Бүгінгі күні бұл нені білдіреді?
4 Егер отбасымен бірге зерттеуді белгілі бір мақсат қойып өткізетін болсаңдар, әлдеқайда жемісті болады. Алға қоюға болатын кейбір мақсаттарды қарастырамыз.
5 Әрбір зерттеу барысында Ехоба Құдайға деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға тырысыңдар. Исраил Моаб даласына жиналып уәде етілген жерге кірмек болып тұрғанда, Мұса олардың назарын кейінірек Иса Мәсіх осылай атаған «ең ұлы парызға» аударды. Бұл қандай парыз еді? «Сен Тәңірді — өзіңнің Құдайыңды барлық көңіліңмен, барлық жаныңмен, барлық күшіңмен жақсы көр!» (Матай 22:36, 37; Заңды қайталау 6:5). Мұса исраилдіктерді осы заңды көңілдеріне тоқуға және балаларын осыған үйретуге шақырған. Бұл — ата-аналардың қайта-қайта айтып отыруын және Ехобаны сүюге негіз болатын себептерге көңіл аударуын, қандай көзқарастар мен жүріс-тұрыстар сүйіспеншілік көрсетуге кедергі болатынын атап көрсетуін, сондай-ақ жеке өмірлерінде Ехобаға деген сүйіспеншілік көрсетуін талап ететін. Біздің балаларымызға осындай тәрбие керек пе? Иә! Оларға да «жүректерінің шеткі етін кесуге», яғни Құдайға сүйіспеншілік көрсетуге кедергі болатын нәрсенің бәрін жоюға көмектесу керек (Заңды қайталау 10:12, 16; Еремия 4:4). Осы дүниелік нәрселерге ұмтылу мен осы дүниенің іс-әрекеттеріне араласқысы келу де сондай тосқауылдардың бірі болуы мүмкін (1 Жохан 2:15, 16). Аспандағы әкемізге ұнайтын нәрселерді істеуге жігерлендіретіндей Құдайға деген сүйіспеншілігіміз болу керек (1 Жохан 5:3). Отбасымен бірге зерттеу ұзақ пайда келтіру үшін, әрбір сабақты осы сүйіспеншілік күшейетіндей етіп өткізу керек.
6. а) Тура білім беру нені талап етеді? ә) Тура білімнің қажет екеніне Жазба қалай ерекше көңіл аударады?
6 Құдайдың талаптары жайлы тура білім беріңдер. Бұған не кіреді? Журналдан немесе кітаптан оқып, сұрақтардың жауабын тауып қана қойған аз. Түйінді сөздер мен негізгі ойларды бәрінің дұрыс түсінгендігіне көз жеткізу, әдетте, талқылауды қажет етеді. Жаңа тұлға болып қалыптасу үшін, өмірдегі мәселелерді шешкен кезде ең маңызды нәрселерді назардан тыс қалдырмау үшін және осылай Құдайды риза қылатын тірлік істеу үшін, тура білімнің маңызы зор (Філіпіліктерге 1:9—11; Қолостықтарға 1:9, 10; 3:10).
7. а) Алған білімді іс жүзінде қолдану үшін қандай сұрақтар көмек болуы мүмкін? ә) Осындай мақсат қойғанның маңызды екендігіне Жазбада қалай ерекше көңіл аударылады?
7 Алған білімді іс жүзінде қолдануға көмектесіңдер. Осы мақсатты ескере отырып, әрбір отбасымен бірге зерттеу кезінде мынадай сұрақтар қойыңдар: оқып отырған мәлімет біздің өмірімізге қалай әсер етуі керек? Өмірімізге өзгеріс енгізуіміз керек пе? Не үшін өзгеріс енгізуіміз керек? (Нақыл сөздер 2:10—15; 9:10; Ишая 48:17, 18). Алған білімді іс жүзінде қалай қолдануға болатынын түсіндіруге жеткілікті көңіл бөлу арқылы, отбасы мүшелерінің рухани дамуына жақсы ықпал жасауға болады.
Оқу құралдарын ақылмен, дұрыс қолданыңдар
8. Киелі кітапты зерттеу үшін қызметші табы қандай құралдар беріп отыр?
8 Зерттеуге арналған құралдарды «адал және ақылды қызметші» молынан беріп отыр. Киелі кітапты қолданып зерттеуге арналған «Күзет мұнарасы» журналы 131 тілде шығады. 153 тілде Киелі кітапты зерттеуге арналған кітаптар бар, брошюралар — 284 тілде, үн таспалары — 61 тілде, бейнетаспалар — 41 тілде, тіпті 9 тілде Киелі кітапты зерттеуге арналған компьютерлік бағдарламалар бар (Матай 24:45—47).
9. Осы абзацта көрсетілген жазба орындарындағы кеңесті «Күзет мұнарасын» отбасы болып зерттеуді жүргізіп жатқан кезде біз қалай қолдана аламыз?
9 «Күзет мұнарасын» қауымда талқылауға дайындалу үшін, көпшілігі отбасымен бірге зерттеуге арнаған уақытын пайдаланады. Бұл қандай пайдалы! «Күзет мұнарасында» дүние жүзіндегі Ехобаның халқын қалыптастыруға арналған негізгі рухани азық бар. «Күзет мұнарасын» бүкіл отбасы болып зерттегенде, абзацты оқып, берілген сұрақтарға жауап беріп қоюға ғана тырыспаңдар. Түсіну үшін шындап ізденіңдер. Абзацта көрсетілген, бірақ келтірілмеген Жазба орындарын ашып оқуға уақытты аямаңдар. Бұның абзацта талқыланып жатқан пайымдаумен қандай байланысы бар екенін түсіндіруге отбасы мүшелерін талаптандырыңдар. Жүректеріңді жұмыс істетіңдер (Нақыл сөздер 4:7, 23; Елшілердің істері 17:11).
10. Зерттеуге балаларды қатыстыру үшін және бұл оларға қызықты өтуі үшін не істеуге болады?
10 Егер балаларың бар болса, зерттеуге арналған уақыт отбасы жоспарының жай ғана бөлігі болмай, оларды қалыптастыратындай, қызық әрі қуанышты өтуі үшін не істеуге болады? Зерттеп жатқан материалдан назары басқа жаққа ауып кетпеуі үшін, талқылауға ебін тауып бәрін араластыруға тырысыңдар. Мүмкін болса, әр баланың өзінде жеке Киелі кітабы мен оқылып жатқан журналдың бір данасы болуын қамтамасыз етіңдер. Исаның жылы сезім көрсеткені сияқты, ата-анасы баласының жанына отырып, құшақтауына болады. (Марқа 10:13—16 салыстыр.) Отағасы отбасының ең кішкентайынан мәліметке қоса берілген суреттен не көріп тұрғанын айтып беруді сұрауына болады. Балаға белгілі бір Жазба орнын алдын ала оқып дайындалуды тапсыруға болады. Оқылып жатқан мәліметті іс жүзінде оның қалай қолдануына болатынын ойлануды үлкенірек балаға тапсыруға болады.
11. Бізде тағы қандай оқу құралдары бар және біз сөйлейтін тілде бар болса, оларды отбасымен бірге зерттеу үшін қолданғанның қандай пайдасы болуы мүмкін?
11 Талқылау үшін негізгі құрал ретінде «Күзет мұнарасын» пайдаланғандарыңмен, қол жеткізуге болатын көптеген тілдерде бар басқа да оқу құралдары жайлы ұмытпаңдар. Егер қосымша мәлімет немесе Киелі кітапта айтылған нәрсеге түсіндірме керек болса, оны «Жазбаларды түсіну» (ағыл.) энциклопедиясынан табуларыңа болады. Басқа сұрақтардың жауабын «Күзет Мұнарасының жариялымдар индексінің» (ағыл.) немесе Қоғамның компьютерлік кітапханасының көмегімен табуға болады. Егер қол жеткізу мүмкін болса, осы құралдарды зерттеу отбасымен бірге зерттеудің құнды бөлігі бола алады. Балаларды қызықтыру үшін, отбасымен бірге зерттеу кезінде Қоғамның фильмдерінің бірін көруге немесе үн таспаға жазылған драманы тыңдап, сосын оны талдау үшін уақыт бөлуге болады. Осы құралдарды дұрыс қолдана білу, зерттеудің бүкіл отбасы үшін пайдалы болып, қызықты өтуіне көмектеседі.
Зерттеуді отбасының қажеттіліктерін қанағаттандыратындай етіп өткізіңдер
12. Кейінге қалдыруға болмайтын мәселелерді шешкенде отбасымен бірге зерттеу қандай рөл атқарады?
12 Мүмкін, «Күзет мұнарасының» әр аптада өтетін мақаласын апта сайын отбасы болып талқылау сендердің үйлеріңде келісілген болар. Алайда отбасында күнделікті болып жатқан жағдайлардан хабардар болыңдар. Балалары мектептен келген кезде, жұмыс істемейтін ана күнде олармен бірге уақыт өткізе алады. Осылай кейбір мәселелерді бірден шешуге болады; ал басқа жағдайларда бұған көбірек көңіл бөлу керек. Отбасында кейінге қалдыруға болмайтын жағдайлар туындаған кезде, оны елеусіз қалдырмаңдар (Нақыл сөздер 27:12). Бұл мектепке байланысты ғана мәселе болмауы мүмкін. Қолайлы материал таңдап алып, талқыланатын нәрсе жайлы отбасы мүшелерін алдын ала ескертіңдер.
13. Жоқшылықпен қалай күресу керек екенін отбасында талқылаған неге пайдалы болуы мүмкін?
13 Мысалы, жер шарының көп бөлігіндегі адамдар жоқшылық көруде, сондықтан көпшілігіне оны қалай жеңу керек екендігін отбасымен бірге талқылау керек. Болып жатқан жағдайлар мен Киелі кітап принциптерін отбасымен бірге зерттеу барысында талқылаған сендер үшін пайдалы болуы мүмкін бе? (Нақыл сөздер 21:5; Екклесиаст 9:11; Еврейлерге 13:5, 6, 18).
14. Зорлыққа, соғысқа және мәсіхшіл бейтараптыққа деген Ехобаның көзқарасын қай кезде талқылаған дұрыс?
14 Талқылауды қажет ететін келесі мәселе — зорлық. Бұған деген Ехобаның көзқарасын ақыл-ойымызға қондырып, жүрегімізге ұялатуымыз керек (Жаратылыс 6:13; Забур 10:5). Отбасымен бірге зерттеуді осы тақырыпқа арнаған кезде мектепте бұзақылармен кездескенде өзін-өзі қалай ұстау керектігі жайлы, ұрып-соғу өнерімен шұғылданғанның дұрыс-дұрыс еместігі жөнінде және көңіл көтерудің дұрыс жолын қалай таңдауға болатыны туралы сөйлесуге болады. Зорлық-зомбылыққа толы қақтығыстар бүгінде кең жайылған құбылысқа айналды; әрбір елдегі адам өмірі азамат соғысы, саяси соғыс, этникалық тартыс немесе бандалар арасындағы қастандықтың кесірінен қайғыға айналды. Сондықтан бір-бірімен қастасып топ-топқа бөлінгендердің ортасында мәсіхшілерше іс істеуді қалай жалғастыру керек екенін отбасында талқылаған сендер үшін артық болмайды (Ишая 2:2—4; Жохан 17:16).
15. Балаларға жыныстық қатынас пен неке жайлы тәрбиені қалай берген дұрыс?
15 Бала деген өсіп-жетіледі, сондықтан оларға жыныстық қатынас пен неке жайлы сұрақтарды жасын ескере отырып түсіндіру керек. Кейбір елдердің мәдениеті бойынша, ата-аналардың көпшілігі жыныстық қатынасқа байланысты мәселелерді ешқашан балаларымен талқыламайды. Бұл туралы бейхабар балалар өздерінің қатарларынан бұрмаланған түсінік алатын болғандықтан, оның аяғы көбінесе жаман жағдайға душар қылып жатады. Одан да Киелі кітапта осы сұрақтарға тіке, бірақ сыпайы түрде кеңес беретін Ехобаға еліктеген артық емес пе? Құдайдың кеңесі біздің балаларымызға өзін-өзі қадірлеу сезімін жоғалтпауға және қарама-қарсы жынысты адамның алдында өзін дұрыс ұстауға көмектеседі (Нақыл сөздер 5:18—20; Қолостықтарға 3:5; 1 Салониқалықтарға 4:3—8). Егер сендер бұл мәселелерді талқылап қойған болсаңдар, оларды тағы да қайталауға қысылмаңдар. Жаңа жағдайлар туып отыратын болғандықтан, қайталағанның маңызы зор.
16. а) Отбасымен бірге зерттеуді кейбір отбасылары қай кезде өткізеді? ә) Отбасымен бірге үнемі зерттеуге кейбір жағдайлар кедергі жасайтын болса, сендер не істейсіңдер?
16 Отбасымен бірге зерттеуді қай кезде өткізуге болады? Дүние жүзіндегі Бетел отбасылары сияқты, отбасыларының көпшілігі зерттеуді дүйсенбі күні кешке өткізеді. Басқалары басқа уақытты таңдайды. Аргентинада, он бір жаннан тұратын тоғыз балалы бір отбасы, отбасымен бірге зерттеуді өткізу үшін, күнде таңертең сағат бесте тұратын. Отбасы мүшелерінің күн тәртібі әр түрлі болғандықтан, басқа уақытты таңдау мүмкін емес болатын. Бұл оңай болған жоқ, дегенмен отбасымен бірге зерттеудің қаншалықты қажет екені балалардың жүректері мен естерінде сақталып қалды. Филиппинде тұратын бір қауым қариясы әйелімен және үш баласымен бірге отбасымен бірге зерттеуді үнемі жүргізетін. Сонымен қатар, балаларының шындыққа деген сүйіспеншілігін дамыту үшін, олар аптаның ішінде балаларының әрқайсысымен жеке-жеке сабақ жүргізетін. Құрама штаттарында, күйеуі Куәгер емес бір бауырласымыз күнде таңертең балаларын автобусқа шығарып салады. Автобусты күтіп тұрғанда, олар он минутты Киелі кітапты зерттеуге арналған материалды бірге талқылауға жұмсайды, содан кейін, балалары автобусқа отырмас бұрын, анасы қысқаша дұға оқиды. Конго Демократиялық республикасында, отбасын Құдайға сенбейтін күйеуі тастап кеткен бір әйел үшін, Киелі кітапты зерттеу, білімі өте аз болғандықтан көп дайындықты қажет етеді. Оның үлкен баласы апта сайын келіп, інілерімен сабақ жүргізуге көмектеседі. Дайындыққа көп көңіл бөлу арқылы бұл әйел жақсы үлгі көрсетуде. Мүмкін кейбір жағдайлар сендерге отбасымен бірге зерттеуді үнемі өткізуге бөгет болатын шығар? Берілмеңдер. Қайтсек осы Киелі кітапты үнемі отбасымен бірге зерттейміз деген талпыныстарыңа бата беруі үшін Ехобадан шындап сұраңдар (Марқа 11:23, 24).
Табандылық үшін болатын сый
17. а) Зерттеуді үздіксіз жүргізу үшін не қажет? ә) Жүйелі түрде болған тәрбиенің, отбасын Ехобаның жолына қою үшін маңызы зор екенін қандай мысал көрсетіп отыр?
17 Жоспарлау керек. Табандылық қажет. Дегенмен отбасымен бірге зерттегеннің пайдасы осыған тұрарлық (Нақыл сөздер 22:6; 3 Жохан 4). Германиялық Франц пен Хильда 11 бала өсірді. Жылдар өткен соң олардың қызы Магдалена: «Біз рухани тәрбие алмаған бірде-бір күн өтпеген болатын. Осыны мен қазір өте маңызды деп ойлаймын»,— деді. Адольф Гитлердің басшылығының кезінде ұлтшылдық рух күшейгенде, сынақтың жақындағанын біліп, Магдаленаның әкесі Киелі кітаптың көмегімен оған өзінің отбасын дайындады. Уақыт өте келе отбасының жас мүшелерін жөнге салатын мектепке күштеп жөнелтті; басқаларын тұтқындады, түрмеге жапты және тұтқындарды бір жерге жинап ұстайтын лагерьлерге аттандырды. Ал кейбіреулерін өлтірді. Отбасының барлық мүшелерінің сенімі қатты сынақтың кезінде ғана емес, одан кейінгі жылдары да мықты болып қалды.
18. Жалғыз басты ата-аналардың еңбектерінің жемісі қандай болуы мүмкін?
18 Көптеген жалғыз басты ата-аналар, сонымен қатар жұбайымен сенімі ортақ болмағандар Киелі кітаптың көмегімен балаларына үнемі осылай тәрбие беруде. Екі бала тәрбиелеп отырған Үндістандағы бір жесір әйел Ехобаға деген сүйіспеншілікті балаларының бойына қалыптастыруға қатты тырысқан еді. Бірақ баласы Құдайдың халқымен араласпай қойған кезде, оның көкірегі қарс айырылды. Ол өзінің бала тәрбиесінде жіберген қателіктері үшін Ехобадан кешірім сұрады. Дегенмен оның баласы алған білімін ұмытқан жоқ. Он жылдан кейін ол қайта оралды да, рухани аяққа тұрып, қауым қариясы болды. Қазір ол әйелімен бірге толық уақытты қызмет етуде. Отбасын үнемі Киелі кітапқа сәйкес тәрбиелеу керек екендігі жайлы Ехоба мен оның ұйымының кеңесін көңілге тоқып алған ата-аналар қандай риза болып жүр! Сендер осы кеңесті отбасында қолданып жүрсіңдер ме?
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
◻ Отбасымен бірге зерттеген неге маңызды?
◻ Әрбір отбасымен бірге зерттеу кезінде қандай мақсаттар қою керек?
◻ Бізде қандай оқу құралдары бар?
◻ Зерттеу барысында отбасының қажеттіліктерін қалай қанағаттандыруға болады?
[25-беттегі сурет]
Белгілі бір мақсат қою арқылы, отбасымен бірге зерттеудің маңызын арттыруға болады.