Сәуір
1 сәуір, сәрсенбі
Иә, Әкемнің еркі — Ұлын көріп, оған сенген әркімге мәңгілік өмір сыйлау (Жох. 6:40).
Исаның тәні мен қанының игілігін көру үшін төлемге сенуіміз керек (Ефес. 1:7). Иса “басқа қойлар” деп атаған адамдар жыл сайынғы Еске алу кешінде нан мен шараптан дәм татпайды, тіпті олай етулеріне болмайды да (Жох. 10:16). Бірақ сонда да олар Иса Мәсіхтің тәні мен қанының игілігін көре алады. Бұл үшін төлемнің азат ететін құнын түсініп, соған сенім танытса болғаны (Жох. 6:53). Ал нан мен шараптан дәм тататындар, яғни жаңа келісімге тұрғандар көктегі Патшалықта билік етуге үміттенеді. Түйіндей кетсек, майланғандар да, басқа қойлар да мәңгілік өмірге жету үшін төлемге сенулері керек. w24.12 12, 13-б., 14, 16-абз.
Еске алу кешінің қарсаңында Киелі кітапты оқу: (12 нисан, күндіз) Матай 26:1—5, 14—16; Лұқа 22:1—6
ЕСКЕ АЛУ КЕШІ
Күн батқан соң
2 сәуір, бейсенбі
Қорықпа, кішкене отар, себебі Әкелерің сендерге Патшалықты беруді ұйғарды (Лұқа 12:32).
Иеміздің кешкі асында Иса ашытқысыз пісірілген нанды елшілеріне беріп, бұл оның тәнін білдіретінін айтты. Кейін шарапты да беріп жатып, бұл “келісім қанын” білдіретінін түсіндірді (Мар. 14:22—25; Лұқа 22:20; Қор. 1-х. 11:24). Бұл “жаңа келісім” Құдай Патшалығында Исамен бірге билік ететін рухани Исраилге қатысты еді (Евр. 8:6, 10; 9:15). Иса Иеміздің кешкі асында айтқан сөздерін “кішкене отарға” айтты. Онымен бірге бір бөлмеде болған адал елшілер осы шағын топтың алғашқы мүшелері еді. Олар болашақта Исамен бірге көкте болмақ-тын. w24.12 11-б., 9, 10-абз.
Еске алу кешінің қарсаңында Киелі кітапты оқу: (13 нисан, күндіз) Матай 26:17—19; Марқа 14:12—16; Лұқа 22:7—13 (14 нисан, күн батқан соң) Жохан 13:1—5; 14:1—3
3 сәуір, жұма
Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын құрбан етті. Енді оған сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие бола алады (Жох. 3:16).
Исаны ең жақын адамдарының бірі сатып кетті. Кейін жаулары оны тұтқындап, қорлап, жалған айыптар тағып, ақырында өлімге кесті. Сарбаздар Исаны бағанаға шегелеп, оның жанын әбден азапқа салды. Осының бәріне қалай адалдықпен төзіп жатқанын бақылап тұрған Ехоба Ұлынан бетер азапқа түсті. Бүкіл күш-құдірет қолында тұрса да, ол Ұлы үшін араша түспеді. Неге? Бұның себебі — сүйіспеншілік. Исаның өлімі Ехоба сізді өте қатты жақсы көретінін айқын көрсетеді. Ойлап көріңізші, сізді күнә мен өлімнен құтқару үшін Ехоба ең ауыр қасіретке төзіп, өте үлкен құрбандыққа барды (Жох. 1-х. 4:9, 10). Иә, Ехобаның бар қалауы — бізге күнәмен күресуге, тіпті оны жеңуге көмектесу! w24.08 6-б., 13, 14-абз.
Еске алу кешінің қарсаңында Киелі кітапты оқу: (14 нисан, күндіз) Жохан 19:1—42
4 сәуір, сенбі
Мәсіх сендерге бола азап шекті (Пет. 1-х. 2:21).
Өз Ұлын азапты өлімге қию Ехобаға қаншалықты оңай болмағанын түсінсек, оның бізді қаншалықты жақсы көретінін көреміз. Кезінде Шайтан адам қиналғанда Ехобаға адал болмай, одан теріс айналып кетеді деп айтқан еді. Оның өтірігін жоққа шығару үшін Ехоба Исаның өлер алдында барынша азапталуына жол берді (Әйүп 2:1—5). Ехоба діни жетекшілердің Исаны мазақ етіп жатқанын да, сарбаздардың оны аяусыз сабап, кейін бағанаға шегелегенін де көктен көріп тұрды. Бірақ ол Ұлының осылай азапталып өлтіріліп жатқанына шыдап, еш араша түспеді (Мат. 27:28—31, 39). Бұның бәрін кез келген уақытта тоқтатуға Ехобаның құдіреті жетер еді (Мат. 27:42, 43). Бірақ Ехоба осылай араша түскенде, төлем берілмес еді. Ал төлем берілмесе, ешқандай үміт те болмас еді. Біздің үмітіміз болсын деп, Ехоба Ұлының соңғы демі шыққанша еш әрекет етпей, шыдап отырды. w25.01 22-б., 7-абз.
Еске алу кешінің қарсаңында Киелі кітапты оқу: (15 нисан, күндіз) Матай 27:62—66 (16 нисан, күн батқан соң) Жохан 20:1
5 сәуір, жексенбі
[Иса] оларға 40 күн бойы көрініп... жүрді (Ел. іс. 1:3).
Б. з. 33 жылының 16 нисаны. Исаның шәкірттері қайғыдан қабырғалары қайысып, жан ұшыра қорқып қалған. Екі шәкірті Иерусалимнен шығып, Еммаус ауылына жолға шығады. Жолда бір бейтаныс кісі оларға ере бастайды. Шәкірттері оған ұстаздары Исамен қандай сұмдық жағдай болғанын айтып береді. Сонда бейтаныс кісі шәкірттердің тұла бойын қозғап жіберетін әңгіме бастайды. Ол “Мұса мен бүкіл пайғамбарлардан бастап” неліктен Мәсіхтің азап шегіп өлуі керек болғанын түсіндіріп береді. Үшеуі Еммаусқа жеткенде, бейтаныс кісі өзінің кім екенін ашады. Сөйтсе, бұл қайта тірілген Исаның өзі болып шығады! (Лұқа 24:13—35). Иса жерде өткізген соңғы 40 күнде шәкірттеріне көп рет көрінеді. Исаның қайғырып, қорқып жүрген шәкірттері сол 40 күн ішінде танымастай өзгерді. Енді олар Патшалықтың қуанышты, сенімді, батыл уағыздаушылары мен тәлімгерлеріне айналды. w24.10 12-б., 1—3 абз.
Еске алу кешінің қарсаңында Киелі кітапты оқу: (16 нисан, күндіз) Жохан 20:2—18
6 сәуір, дүйсенбі
Ең қасиетті сенімдеріңді негіз етіп, өздеріңді рухани нығайтыңдар (Яһд. 20).
Адам уақыт өткен сайын өсіп, есейе береді. Бірақ рухани өсу өздігінен болмайды. Мысалы, Қорынттағы бауырластар ізгі хабарды қабылдаған, шомылдыру рәсімінен өткен, киелі рухқа кенелген және елші Пауылдың өзінен тәлім алған (Ел. іс. 18:8—11). Бірақ шомылдыру рәсімінен өткендеріне қанша жыл болса да, көбісі сол күйі рухани толыспаған (Қор. 1-х. 3:2). Рухани толысу үшін, ең алдымен, бізде ықылас болу керек. “Надандықты жақсы көретіндер”, яғни рухани сәби болып қалғысы келетіндер ешқашан толыспайды (Нақ. с. 1:22 сілт.). Біз ересек жасқа жетсе де, өздері шешім қабылдай алмай, ата-анасына қарап отыратын адамдарға ұқсағымыз келмейді. Қайта, рухани өсу өз жауапкершілігімізде екенін түсінгіміз келеді. Егер сіз рухани толысуға ұмтылып жүрсеңіз, дұғада Ехобадан “ықылас оятып, күш беруін” сұраңыз (Філіп. 2:13). w24.04 4-б., 9, 10-абз.
7 сәуір, сейсенбі
Ехоба... бірде-бір адамның жойылмағанын... қалайды (Пет. 2-х. 3:9).
Киелі кітапта адамдарға үкім шығару Ехобаның бойында қандай сезім тудыратыны айтылған (Езек. 33:11). Ехоба адамдарды біржола жойып жіберуге асықпайды. Ехоба — асқан мейірімді Құдай, ол мүмкін болған кездің бәрінде мейірімділік танытады. Біз болашақта қайта тірілмейтін адамдар жайлы не білеміз? Киелі кітапта сондай адамдардың кейбірі жайлы айтылады. Мысалы, Иса Яһуда Исқариоттың қайта тірілмейтінін айтқан (Мар. 14:21; Жох. 17:12). Яһуда Ехоба мен оның Ұлына біле тұра, әдейі қарсы шыққан (Мар. 3:29). Сондай-ақ Иса өзіне қарсы шыққан кейбір діни жетекшілердің қайта тірілу үмітіне ие болмайтынын айтқан (Мат. 23:33; Жох. 19:11). Елші Пауыл да еш өкінбейтін жолдантаюшылардың қайта тірілмейтінін жазған (Евр. 6:4—8; 10:29). w24.05 4-б., 10, 11-абз.
8 сәуір, сәрсенбі
Ехоба адалдарды қорғайды (Зәб. 31:23).
Егер Ехобадан ажырамасақ, Шайтан бізге оңалмастай зиян келтіре алмайды (Жох. 1-х. 3:8). Ал жаңа дүниеде Ехоба өзінің адал достарын рухани залалдан да, өлімнен де қорғайтын болады (Аян 21:4). Расымен де, Ехобаның шатырында қонақ болу, яғни онымен мәңгі жақын дос болу — баға жетпес мәртебе! (Езек. 37:27). Ехобаның шатырында қонақ болып қала беру үшін не істеуіміз қажет? Егер сіз біреуге қонаққа барсаңыз, үй иесінің қалауын ескересіз. Біз де Ехобаның өз қонақтарына қоятын талаптарын біліп алғымыз келеді. Ехобаға деген сүйіспеншілік бізді “оған барлық жағынан ұнамды” болу үшін қолымыздан келгеннің бәрін істеуге талпындырады (Қол. 1:10). Біз Ехобаның кім екенін ұмытпай, оған деген қастерлі сезімімізді жоғалтпауымыз керек. Ехобаға деген зор құрмет бізді оны ренжітетін іс-әрекеттерден сақтайды. Біз “Құдайымыздың жолында қарапайым болып жүргіміз” келеді (Миха 6:8). w24.06 4-б., 8, 9-абз.
9 сәуір, бейсенбі
Заң бұзушылар үшін араша түсті (Ишая 53:12).
Ехоба Ыбырайымға өзінің ұлы Ысқақты құрбандыққа шалуды бұйырды. Ыбырайым үшін бұл өміріндегі ең ауыр тапсырма болғаны анық. Соған қарамастан ол бұл тапсырманы орындауға кірісті. Бірақ Ехоба оны соңғы сәтте тоқтатты. Бұл жағдайдан бәріміз маңызды бір жайтты түйеміз. Ехоба өзінің сүйікті Ұлын біз үшін құрбандыққа беріп, өлімге қиды. Иә, Ехоба бізді осыншалықты жақсы көреді! (Мұс. 1-ж. 22:1—18). Ғасырлар өте Исраил халқы Мұса Заңына сай күнәларын өтеу үшін көп құрбандықтар шалатын болды (Мұс. 3-ж. 4:27—29; 17:11). Бұл құрбандықтар адамзатты күнәдан біржола арылтатын әлдеқайда зор құрбандықтың бейнесі еді. Құдайдың пайғамбарлары киелі рухтың жетелеуімен адамзатты — соның ішінде сізді — өлім мен күнәдан азат ету үшін уәде етілген ұрпақ, яғни кейінірек анықталғандай Құдайдың Ұлы азап шегіп, өлтірілетінін айтып кетті (Ишая 53:1—12). w24.08 4-б., 7, 8-абз.
10 сәуір, жұма
Сенің заңыңды сондай қатты сүйемін, Күні бойы сол жайлы ойға шомып жүремін (Зәб. 119:97).
Киелі кітапты оқу барысында білгендеріңізді өмірде қолданудың жолдарын ойластырыңыз. Киелі кітаптан үзінді оқып жатқанда, “осы білгендерімді қазір және алдағы уақытта қалай қолдансам болады?” деп ойланыңыз. Мысалы, күнделікті Киелі кітабыңызды оқып жатып, Салоникалықтарға 1-хат 5:17, 18-ді оқыдыңыз делік. Осы тармақтарды оқып болған соң, сәл кідіріп, “қаншалықты жиі дұға етемін”, “дұғаларым қаншалықты терең” деп ойланыңыз. Кейін Құдайға не нәрсе үшін алғыс білдіруге болатыны жайлы ойлансаңыз болады. Бәлкім, Ехобаға нақты үш нәрсе үшін алғыс білдіруді шешерсіз. Осылай бірер минут уақыт бөлгеніңіздің өзі сізге Құдай Сөзін тыңдаушы әрі жүзеге асырушы болуға көмектеседі. Киелі кітапты күнде-күнде дәл осылай оқысаңыз, қандай пайдасын көретініңізді ойлаңызшы! Сіз күннен-күнге жақсарып, Құдай Сөзін жүзеге асырушы бола түсесіз. w24.09 4, 5-б., 9, 10-абз.
11 сәуір, сенбі
Еңбегіміз зая кетпей, сыйды толықтай алуларың үшін, өздеріңе сақ болыңдар (Жох. 2-х. 8).
Ехоба бізді ерекше қабілетпен жаратқан. Алу бізді қуанышқа бөлейді, бірақ өзгелерге беру бізге одан да көп қуаныш сыйлайды. Бауырластарымызға көмектескенде, біз қанағат сезініп, қуанышты боламыз. Олардың ризашылық білдіргені де бізді қуанышқа бөлейді. Адам бізге алғыс білдірсін-білдірмесін, дұрыс нәрсені жасап жатқанымыздың өзі бізді қуантады. Өзгелерге қанша көп бердім деген күнде де ұмытпаңыз, “Ехоба сізге одан да көп беріп” жатыр (Шеж. 2-ж. 25:9). Біз ешқашан Ехобадан асып түсе алмаймыз! Қарымтаңызды Ехобаның өзінен алатыныңызды есте ұстаңыз. Бұдан асқан қуаныш бар ма?! Ендеше, жомарт Құдайымыз Ехобаға әрі қарай да еліктей берейік. w24.09 31-б., 20, 21-абз.
12 сәуір, жексенбі
Уа, Ехоба Құдайым, сені бар жүрегіммен даңқтаймын, Мәңгілік бойы есіміңді мадақтаймын (Зәб. 86:12).
Ехоба мейірімді әрі жанашыр (Зәб. 103:13; Ишая 49:15). Ехоба біздің жан дүниемізді ұға біледі. Жанымызға батқан азап оның да жанына батады (Зәк. 2:8). Онымен дос болу да сондай оңай (Зәб. 25:14; Ел. іс. 17:27). Ехоба өте кішіпейіл. “Ол көк пен жерге қарау үшін еңкейіп, бейшараны топырақтан тұрғызады” (Зәб. 113:6, 7). Болмысы ғажап бұндай Құдайды қалай ғана мадақтамайсың?! Ехобаны даңқтайтын себебіміз — адамдар ол жайлы білсе екен дейміз. Ехобаның шын мәнінде қандай Құдай екенін көп адам білмейді. Өйткені Шайтан ол жайлы небір өтіріктер таратып, адамдардың санасын соқыр қылып қойған (Қор. 2-х. 4:4). Шайтан Ехоба жазалауды ғана ойлап тұратын кекшіл Құдай, ол адамдардың қамын мүлдем ойламайды, дүниеде болып жатқан бар қайғы-қасіретке Ехоба кінәлі деген өтіріктерге адамдарды сендіріп қойған. Бірақ бұның бәрі шындыққа мүлдем жанаспайды! Ойлап көріңізші, біз адамдардың көзін ашып, Ехобаның қаншалықты тамаша Құдай екенін айта аламыз. Бұл көктегі Әкемізді мадақтаудың керемет мүмкіндігі емес пе?! (Ишая 43:10). w25.01 3-б., 6, 7-абз.
13 сәуір, дүйсенбі
Бүкіл жержүзін адастырып жүрген... Шайтан (Аян 12:9).
Бірінші ғасырда Шайтанның қолшоқпарлары Құдайдың кереметтер жасап жүрген кемелді Ұлы жайлы небір өтіріктер таратқан. Мысалы, Иса жындарды қуып шыққан кезде дінбасылар: “Ол жындарды жындардың әміршісінің күшімен қуып шығарады”,— деген (Мар. 3:22). Ал Исаны соттағанда, олар оны Құдайды қорлады деп айыптаған және халықты оны өлімге кесуге арандатқан (Мат. 27:20). Кейінірек, Мәсіхтің ізбасарлары ізгі хабарды уағыздап жүргенде, қарсыластары оларды қудалату үшін “адамдарды үгіттеп, бауырластарға қарсы қойған” (Ел. іс. 14:2, 19). 1998 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 желтоқсандағы санында Елшілердің істері 14:2-ге қатысты мынадай сөздер бар: “Мәсіхшілерге қарсы шыққан яһудилер ізгі хабарды өздері тыңдамауымен қоймай, өтірік таратып, басқа ұлт адамдарын Мәсіхтің ізбасарларына қарсы қойған”. Бүгінде Шайтан әлі де “бүкіл жержүзін адастырып жүр”. w24.04 11-б., 15, 16-абз.
14 сәуір, сейсенбі
Бүкіл әлемнің Төрешісі әділ әрекет етпеуші ме еді?! (Мұс. 1-ж. 18:25).
Адамның болашақта мәңгі өмір сүруі оның қашан өлетініне байланысты емес. Ехоба — кемелді Төреші, ол үнемі дұрыс әрі әділ шешім шығарады (Зәб. 33:4, 5). Сондықтан “бүкіл әлемнің Төрешісі” болашақта да әділ әрекет ететініне сенімді бола аламыз. Адамның болашақта мәңгі өмір сүруі оның қай жерде тұратынына да байланысты емес деу қисынды. Бүгінде кейбір адамдар Патшалық хабарын есту мүмкін емес жерлерде тұрады. Сондай жерлерде тұратын миллиондаған адамды Ехоба болашақта автоматты түрде “серкелерге” жатқыза салады деу мүлдем қисынсыз (Мат. 25:46). Бізге сол адамдарды уайымдауға еш себеп жоқ. Бүкіл әлемнің Төрешісі оларды бізден де қатты жақсы көретінін ұмытпайық. Зор алапатта Ехоба жағдайды қалай бағыттайтынын біз білмейміз. Ол барлық халықтарға өз киелілігін паш еткенде, бәлкім, кейбір адамдардың ол жайлы біліп, оған сенім дамытып, оның жағына шығуға мүмкіндіктері болар (Езек. 38:16). w24.05 12-б., 14, 15-абз.
15 сәуір, сәрсенбі
Бір-біріңді... сүйіңдер (Жох. 15:12).
Ехобаның халқы бір-біріне қол ұшын беруге әрдайым асық (Қор. 2-х. 8:4). Мысалы, соғыс бола қалған жағдайда жергілікті ақсақалдар бауырластардың жігерге, қолдауға, рухани ас-суға және басқа да көмекке мұқтаж болатындарын түсінеді. Отарды жақсы көргендіктен, олар бауырластарды қажетімен қамдау үшін тіпті бастарын қатерге тігуге дайын. Осындай кездері өзара бірлікті сақтау өте маңызды. Сондықтан жергілікті филиалдың нұсқауларына мойынсұныңыз (Евр. 13:17). Ақсақалдар апатқа дайындалуға және апат кезінде не істеуге қатысты нұсқауларды қайта-қайта қарастырып отырулары тиіс (Қор. 1-х. 14:33, 40). Батылдықпен қоса сақтықты да ұмытпаңыз (Нақ. с. 22:3). “Сақтықта қорлық жоқ” демекші, бірдеңе істемес бұрын жақсылап ойланып алыңыз. Қажетсіз басыңызды қатерге тікпеңіз. Ехобаға арқа сүйеңіз. Есіңізде болсын, Ехоба бауырластарыңызбен қоса сіздің де аман-сау болғаныңызды қалайды. Ол сізге бауырласыңызға қауіпсіз түрде көмектесуге жәрдем бере алады. w24.07 4-б., 8-абз.; 5-б. 11-абз.
16 сәуір, бейсенбі
Бойымды қайғы меңдегенде, Ехобаға жүгіндім... зарлаған даусым құлағына жетті (Зәб. 18:6).
Дәуіт Ехобаны жақсы білген және оған арқа сүйеген. Жаулары, соның ішінде Саул патша, өлтірмек болғанда, Дәуіт дұға етіп, Ехобадан көмек іздеген. Ехоба оның дұғаларына жауап беріп, құтқарып қалғанда, Дәуіт: “Ехоба — тірі Құдай!”— деп мадақ айтқан (Зәб. 18:46). Бұл сөздермен Дәуіт Құдайдың жай ғана бар екенін айтқысы келмеген. Бір еңбекке сай, “Дәуіт Ехоба өз халқы үшін әрдайым әрекет ететін тірі Құдай екеніне сенетінін көрсеткен”. Ехобаның тірі Құдай екеніне Дәуіттің талай рет көзі жетті. Сол сенімділігі оған әрі қарай да Ехобаға қызмет етіп, оны мадақтай беруге күш берді (Зәб. 18:28, 29, 49). Ехобаның тірі Құдай екеніне көзіміз жетсе, қызметімізді зор құлшыныспен атқара береміз. Сондай-ақ сынақтарға төзуге күшіміз болады және Ехобаға қызмет етуге деген ықыласымыз сөнбейді. Бұған қоса, Ехобадан бір елі де ажырамаймыз. w24.06 20, 21-б., 3, 4-абз.
17 сәуір, жұма
Ешкім сендерді амалын тауып еліктіріп жүрмесін (Сал. 2-х. 2:3).
Елші Пауылдың салоникалықтарға айтқандарынан не үйренсек болады? Егер біз Киелі кітаптан білгендерімізге сай келмейтін бір ой естісек немесе ерекше таңғалдыратын бір хабар естісек, ақыл-парасатымызды қосуымыз қажет. Кеңес Одағы кезінде жауларымыз бауырластарға дүниежүзілік бас басқармадан келгендей көрінетін бір хат жіберген. Хатта бауырластарды бір-бірінен бөлініп, тәуелсіз ұйым болуға шақырған. Бір қарағанда, бұл хат шынымен де бас басқармадан келгендей көрінетін. Бірақ адал бауырластар бұған алданып қалмады. Бауырластар бұл хаттағы сөздердің осыған дейін алған білімдеріне қайшы екенін түсінді. Бүгінде де шындықтың жаулары интернет пен әлеуметтік желіні пайдаланып, бізді жаңылыстырып, жікке бөлгісі келеді. Сондай кездері “бірден ақыл-парасатымыздан айырылмай”, оқыған не естігендеріміз осыған дейін білген шындықтарға сай келе ме, жоқ па — соны тексеруіміз керек (Сал. 2-х. 2:2; Жох. 1-х. 4:1). w24.07 12-б., 14, 15-абз.
18 сәуір, сенбі
Егер біреу күнә жасап қойса, Әкенің қасында әділ көмекшіміз Иса Мәсіх бар (Жох. 1-х. 2:1).
Адам баласы жасай алатын ең маңызды таңдау — Ехобаға бағышталып, оның отбасына қосылу. Ехоба әрбір адамның осындай таңдау жасағанын қалайды. Өйткені адамдар онымен дос болып, мәңгі өмір сүрсе екен дейді (Мұс. 5-ж. 30:19, 20; Ғал. 6:7, 8). Алайда Ехоба ешкімді өзіне қызмет етуге күштемейді. Ол әрбір адамға не істейтінін өзі шешуіне мүмкіндік береді. Ал шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін, мәсіхші Құдай заңын бұзып, ауыр күнә жасаса, онымен не болады? Ол ісіне өкінбесе, қауымнан аластатылу керек (Қор. 1-х. 5:13). Тіпті осындай жағдайдан кейін де Ехоба ол адамның қайта оралғанын қатты қалайды. Күнәсіна өкінген адамды ол кешіргісі келеді. Бұл мүмкін болу үшін төлем беріп, шара жасап та қойған. Сүйіспеншілігі мол Құдайымыз Ехоба күнә жасаған адамды өкінуге талпындырады (Зәк. 1:3; Рим. 2:4; Жақ. 4:8). w24.08 14-б., 1, 2-абз.
19 сәуір, жексенбі
Балам, дана болса жүрегің, Қуанар менің де жүрегім (Нақ. с. 23:15).
Елші Жохан үшінші хатын жазған уақыттары кейбіреулер жалған ілімдер таратып, қауымға жік салып жүрген. Соған қарамастан басқа мәсіхшілер “шындық жолында жүре” берген. Олар Ехобаға мойынсұнып, оның “өсиеттері бойынша жүрген” (Жох. 2-х. 4, 6). Олардың осы адалдығы Жоханды ғана емес, Ехобаны да қатты қуантқан (Нақ. с. 27:11). Өзімізге қандай сабақ аламыз? Адалдықтың жемісі — қуаныш (Жох. 1-х. 5:3). Мысалы, Ехобаны қуантқанымызға өзіміз де қуанамыз. Ол біздің осы дүниенің азғыруларына қарсы тұрып, шындық жолымен жүргенімізге сүйсінеді. Бізге қарап көктегі періштелер де шат-шадыман болады (Лұқа 15:10). Сондай-ақ біз бір-біріміздің адалдығымызды да көріп қуанамыз (Сал. 2-х. 1:4). Ал болашақта осы дүние жойылғанда, біз Шайтан билеп тұрған заманның өзінде Ехобаға адал болып қалғанымызға риза боламыз. w24.11 12-б., 17, 18-абз.
20 сәуір, дүйсенбі
Әркім өзінің емес, өзгенің игілігін ойласын (Қор. 1-х. 10:24).
Адамға барып, сезіміңіз жайлы айтпас бұрын, оны қанша уақыт бақылауыңыз қажет? Егер тез арада айтсаңыз, ол сізді ойланбай әрекет ететін адам деп ойлауы мүмкін (Нақ. с. 29:20). Ал егер керісінше, ұзақ жүріп алсаңыз, ол сізді екіойлы, шешім қабылдай алмайтын адам деп ойлауы мүмкін, әсіресе оған деген сезіміңіз бар екенін байқап жүрсе (Уағ. 11:4). Мынаны ұмытпаңыз: адамға сезім білдіру үшін оған үйленетініме нақты сенімді болуым керек деп ойламаңыз. Бірақ өзіңіз неке құруға дайын екеніңізге және ол адам сізге шамамен сай келетініне сенімді болуыңыз қажет. Ал егер біреудің сізге сезімі бар екенін байқасаңыз, не істеген дұрыс? Сіздің ол адамға деген сезіміңіз жоқ болса, бұны іс-әрекетіңізбен анық көрсетіңіз. Сезіміңіз жоқ бола тұра, оны үміттендіріп қойғаныңыз мейірімділікке жатпас еді (Ефес. 4:25). w24.05 22, 23-б., 9, 10-абз.
21 сәуір, сейсенбі
Қайтып келіп, сендерді үйге алып кетемін (Жох. 14:3).
Егер майланған мәсіхші рухани сергектігін сақтамаса, ол “таңдап алынғандармен” бірге жинап алынбайды (Мат. 24:31). Негізі, үмітіміз қандай болмасын, бәріміз де Исаның ескертуіне құлақ асып, сергектігімізді әрі адалдығымызды сақтауымыз керек. Біз Ехобаны өте жақсы білгендіктен, оның әрдайым дұрыс үкім шығаратынына сенеміз. Егер Ехоба біздің кезімізде адал қызметшілерінің біреуін майланған етіп таңдап жатса, біз бұған таңғалмаймыз. Біз Исаның жүзімдікке он бірінші сағатта келген жұмысшылар жайлы мысалын есте ұстаймыз (Мат. 20:1—16). Егіндікке таң сәріде келгендер де, кеш түскенде келгендер де бірдей ақы алды. Тура солай, қай уақытта майланбасын, адал болып табылған майланғандардың бәрі көктегі сыйларын алатын болады. w24.09 24-б., 15—17 абз.
22 сәуір, сәрсенбі
Мәсіх сендерге бола азап шегіп, оның ізімен тура жүрулерің үшін үлгі қалдырды (Пет. 1-х. 2:21).
Иса әділетсіздікке төтеп берудің үздік үлгісін көрсетті. Ол үй ішіндегілерден де, өзге адамдардан да әділетсіздік көрген. Шындықты қабылдамаған жақындары оны есінен адасқан деген, діни жетекшілер болса Исаның жындармен байланысы бар деп жала жапқан, ал Рим сарбаздары оны мазақтап, қорлық көрсетіп, түбінде өлтіріп тынды (Мар. 3:21, 22; 14:55; 15:16—20, 35—37). Иса сол әділетсіздіктің барлығына төтеп берді және ешбір жағдайда жамандыққа жамандықпен қайтармады. Біз одан не үйренеміз? (Пет. 1-х. 2:21—23). Иса қай кезде сөйлеп, қай кезде үндемеу керектігін жақсы білген (Мат. 26:62—64). Ол өзіне тағылған әрбір жалған айыпқа жауап беріп тұрмаған (Мат. 11:19). Жауап берген күнде де дөрекі сөйлеп, қорқытып-үркітпеген. w24.11 4, 5-б., 9, 10-абз.
23 сәуір, бейсенбі
Мәсіх Иса осы дүниеге күнәкарларды құтқару үшін келді (Тім. 1-х. 1:15).
Сіз жақсы көретін адамыңызға әдемі әрі пайдалы сыйлық бердіңіз делік. Егер ол сыйлығыңызды бір жерге қойып, сол күйі ұмытып кетсе, көңіліңіз түсері анық. Ал егер, керісінше, сыйлығыңызды кәдесіне жаратып, сол үшін рақметін айтса, бұған қуанып, марқайып қаласыз ғой. Бұл мысалмен не айтқымыз келеді? Ехоба да бізді қатты жақсы көргендіктен, өзінің Ұлын біз үшін құрбан етті. Біз оның бұл теңдессіз сыйын бағалап жүрсек, ол қаншалықты қуанады десеңізші! (Жох. 3:16; Рим. 5:7, 8). Өкінішке қарай, уақыт өткен сайын төлем үйреншікті нәрсеге айналып кетуі мүмкін. Былайша айтқанда, Құдайдың бағалы бұл сыйын бір жерге қойып, кейін ұмытып кеткендей боламыз. Бұған жол бермес үшін, Құдай мен Мәсіхтің бізге жасаған жақсылығын жиі еске алып, ризашылығымызды жандандырып тұрғанымыз маңызды. w25.01 26-б., 1, 2-абз.
24 сәуір, жұма
Осылар туралы ой жүгірт, өзіңді соларға арна, осылайша жетістіктерің жұрттың бәріне анық көрінетін болсын (Тім. 1-х. 4:15).
Ақсақал болатын адам сенімді жаңа қабылдағандардан болмау керек. Бұл шомылдыру рәсімінен өткеніңізге көп жыл болу керек деген сөз емес. Бірақ рухани толысқан мәсіхші болу үшін уақыт керек. Ақсақал болып тағайындалмас бұрын, сіз Иса сияқты кішіпейіл екеніңізді және кез келген қызметті қуанышпен атқара беретініңізді, сондай-ақ Ехоба қауымда көбірек жауапкершілік тапсырғанға дейін оны шыдаммен күтуге дайын екеніңізді көрсетуіңіз керек (Мат. 20:23; Філіп. 2:5—8). Ехобаға етене жақын болсаңыз, оның әділ заң-талаптарын орындасаңыз және ұйымның беріп жатқан басшылықтарын берік ұстансаңыз, өзіңіздің адал екеніңізді көрсетесіз. Бақылаушы міндетіне ұмтылатындар тәлім беруге қабілетті болу керектігі Жазбаларда анық айтылған. Бұл деген баяндаманы түбін түсіріп айта алуыңыз керек дегенді білдіре ме? Жоқ, олай емес. Негізінен, ақсақалдардың көбісі керемет баяндамашы болмаса да, уағыздағанда, бақташылық сапар жасағанда өте жақсы тәлім береді. w24.11 23, 24-б., 14, 15-абз.
25 сәуір, сенбі
Мен сенің өсиеттеріңді алтыннан, тіпті саф алтыннан артық сүйемін (Зәб. 119:127).
Киелі кітапты оқып жатқанда қандай да бір жерін түсінбесеңіз, қосымша ізденіңіз. Сосын сол күннің барысында білгендеріңіз жайлы ой жүгіртіңіз. Мысалы, “осы білгенім Ехоба жайлы, Иса жайлы және олардың маған деген сүйіспеншілігі жайлы не айтады?” деп ойланыңыз (Зәб. 119:97). Ізденіс жасағанда, әрдайым жаңа не қызықты нәрсе таба бермеуіңіз мүмкін. Мұндайда көңіліңіз түспесін. Өзіңізді алтын іздеп жүрмін деп есептеңіз. Әдетте алтын іздеушілер бір түйір алтынды табу үшін қаншама сағат, тіпті қаншама күн жұмсайды. Бірақ олар іздеуден еш шаршамайды, өйткені бір түйір алтынның қаншалықты қымбат екенін біледі. Кәдімгі алтынның қасында Киелі кітаптағы асыл тастар әлдеқайда құнды емес пе?! (Нақ. с. 8:10). Сондықтан Киелі кітапты оқу кестеңізден айнымай, жаңа ойлар іздеуден талмаңыз (Зәб. 1:2). w25.01 25-б., 14, 15-абз.
26 сәуір, жексенбі
Ехобаның өздеріңді кеңпейілмен кешіргеніндей, сендер де солай етіңдер (Қол. 3:13).
Ехоба бізден жанымызды жаралаған адамдарды кешіреді деп күтеді (Зәб. 86:5; Лұқа 17:4; Ефес. 4:32). Кейде біреудің сөзі не әрекеті жанымызға қатты батуы мүмкін. Ол адам досымыз не жақын туысымыз болса, бұл тіптен ауыр тиеді (Зәб. 55:12—14). Сондай кездері қатты қиналатынымыз сонша, біреу қанжар сұғып алғандай күй кешеміз (Нақ. с. 12:18). Егер іштегі сезімдерімізді басуға тырыссақ не елемей жүре берсек, бұл сұғылған қанжарды шығармай жүре берумен тең. Ішіміздегі жағымсыз сезімдер өздігінен кетіп қалады деп ойламайық. Біреу ренжітсе, ішімізде бірінші пайда болатын эмоция ашу болуы мүмкін. Киелі кітапта ашуланудың бізге тән екені айтылады. Бірақ онда ашудың бізден үстем болып кетпеуі керектігі де ескертіледі (Зәб. 4:4; Ефес. 4:26). Неге? Өйткені ашу жақсылыққа апара қоймайды (Жақ. 1:20). Есіңізде болсын, ашу — бірінші келетін эмоция, оған сіз әсер ете алмайсыз, ал ашуланып жүре беру — бұл таңдау, ол өз қолыңызда. w25.02 15-б., 4—6 абз.
27 сәуір, дүйсенбі
Даналық... өз иесінің өмірін сақтайды (Уағ. 7:12).
Иса бірде адам өзі үшін байлық жинап, бірақ “Құдайдың көз алдында бай болмаса”, бұнысы қаншалықты ақымақтық болатынын айтты (Лұқа 12:16—21). Біз ертең не болатынын, басымызға қандай жағдай түсетінін білмейміз (Нақ. с. 23:4, 5; Жақ. 4:13—15). Мәсіхтің ізбасары болғандықтан да күтпеген қиындықтарға кезігуіміз мүмкін. Сондықтан Иса айтқандай, біз “бар дүниемізден бас тартуға” әрдайым дайын болуымыз керек (Лұқа 14:33). Мысалы, бірінші ғасырда Яһудеядағы мәсіхшілердің дүние-мүліктері талан-таражға салынғанда, олар бұны қуанышпен қабылдады (Евр. 10:34). Бүгінде де қаншама бауырласымыз саясатты қолдамағандары үшін жұмысынан, мүлкінен айырылып жатыр (Аян 13:16, 17). Бұл бауырластардың дүние-мүліктерімен оңай қоштасқан себебі — олар Ехобаның “мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын” деген уәдесіне кәміл сенеді (Евр. 13:5). Ендеше, ертеңгі күннің қамын жасау үшін қолымыздан келгенді істейік. Бірақ басымызға күтпеген жағдайлар түсіп жатса, Ехобаның ешқашан қалдырмайтынына сенейік. w25.03 29-б., 13, 14-абз.
28 сәуір, сейсенбі
Мәсіх жайында бастапқы ілімдерді ғана біліп қоймай, алға жылжып, рухани толыса берейік. Қайтадан негіз қаламайық (Евр. 6:1).
Ехоба қызметшілерінен өздері өсіп, толысады деп күтпейді, қайта, бізге көмек береді. Мысалы, ол “Мәсіхтің кемеліне сай келетін толысқан адам” болуымыз үшін қауымда бағушылар мен тәлімгерлерді берген (Ефес. 4:11—13). “Мәсіхтің ой-санасына” ие болуымыз үшін ол бізге киелі рух та береді (Қор. 1-х. 2:14—16). Ехобаның тағы бір көмегі — рухтың жетелеуімен жазылған төрт Ізгі хабар. Ол жерден біз Исаның жерде болғанда қалай ойланып, қалай сөйлеп, қалай әрекет еткенін көре аламыз. Иса сияқты ойланып, Иса сияқты әрекет етуге тырыса берсек, рухани толысқан мәсіхші боламыз. Бірақ рухани толысу үшін “Мәсіх жайында бастапқы ілімдерді ғана біліп қою” жеткіліксіз. w24.04 4, 5-б., 11, 12-абз.
29 сәуір, сәрсенбі
Саналылық сені аман сақтайды, Парықтылық сені қорғайды (Нақ. с. 2:11).
Біз күнде әртүрлі шешімдер қабылдаймыз. Таңғы асқа не жеймін, қай уақытта ұйықтаймын деген сияқты сұрақтарды шешу аса қиын емес шығар. Бірақ денсаулығымызға, бақытымызға, жақындарымызға, ғибадатымызға әсер ететін мәселелерді шешу оңай бола бермейді. Біз өзіміз үшін де, отбасымыз үшін де дұрыс болатын шешімдер қабылдағымыз келеді. Бірақ, бәрінен бұрын, шешімдеріміз Ехобаны қуантса екен дейміз (Рим. 12:1, 2). Дұрыс шешімге бастайтын қадам — мән-жайды анықтап алу. Бұл қадам аса маңызды. Елестетіп көріңізші, ауыр дерті бар бір адам дәрігерге келді делік. Дәрігер одан еш нәрсе сұрамай, еш жерін тексермей жатып қандай ем алу керектігін айтар ма еді? Әрине, жоқ. Тура солай, мән-жайды анықтап алмасаңыз, дұрыс шешім қабылдауыңыз екіталай. w25.01 14-б., 1—3 абз.
30 сәуір, бейсенбі
Ехоба күнәңді кешіреді, сен өлмейсің (Сам. 2-ж. 12:13).
Ехоба асқан мейірімді және “ол бірде-бір адамның жойылмағанын” қалайды (Пет. 2-х. 3:9). Ол өте ауыр күнә жасаған кейбір адамдарға мейірімділік танытқан. Мысалы, Дәуіт патша неке адалдығын бұзу, кісі өлтіру сияқты өте ауыр күнәлар жасаған. Бірақ ол өкінгендіктен, Ехоба оны мейіріммен кешірді (Сам. 2-ж. 12:1—12). Ал Манаса патша өмір бойы дерлік небір зұлым істермен айналысқан. Тіпті осындай адамға да Ехоба рақымын түсіріп, кешірген. Манаса өкінгендіктен, Ехоба оған мейірім танытуға негіз тапты (Шеж. 2-ж. 33:9—16). Осы оқиғалардан көретініміздей, негіз тапқан жағдайдың бәрінде Ехоба мейірімділік танытуға асық. Ол болашақта бұндай адамдарды қайта тірілтеді, өйткені олар ауыр күнәларын мойындап, өкінген. w24.05 4-б., 12-абз.