Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • rr 15-тар., 162—171 бет.
  • “Жезөкшелігіңді тыямын”

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Жезөкшелігіңді тыямын”
  • Ехоба таза ғибадатты қалпына келтірді!
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • “Жезөкшелердің... анасы”
  • “Атағыңды жезөкшелікке пайдаландың”
  • “Ұлы Бабыл... енді қайтып табылмайды”
  • Дін атаулымен не болмақ? Киелі кітаптың айтары бар
    Сан түрлі тақырыптар
  • Ұлы Бабыл деген не?
    Киелі кітап. Сұрақтар мен жауаптар
  • Апалы-сіңлілі екі жезөкше
    Ехоба таза ғибадатты қалпына келтірді!
  • Ұлы Бабыл деген не?
    Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?
Көбірек мәлімет
Ехоба таза ғибадатты қалпына келтірді!
rr 15-тар., 162—171 бет.
Жеті басты, он мүйізді ал қызыл жыртқыш аңның үстінде отырған жезөкше.

15-ТАРАУ

“Жезөкшелігіңді тыямын”

ЕЗЕКИЕЛ 16:41

ОЙБАҒДАР: Езекиел кітабы мен Аян кітабындағы жезөкшелер жайлы мысалдардан білеріміз

1, 2. Өзі қалап жезөкшелікке салынған әйел туралы айтып беріңіз.

ЖЕЗӨКШЕ әйелді көргенде, біз мұндай күйге ол қалай жетті екен деп ойланармыз: оның жастайынан жеңіл жүріске салынуына не себеп болды? Үй ішінде көп қорлық көрген бе? Жоқ әлде жоқшылықтың кесірінен өзін құлдыққа сатқан ба? Я болмаса жауыз күйеуінен қашып кеткен бе? Өкінішке қарай, мына зұлым заманда мұндай жағдайлар көптеп кездеседі. Сондықтан да болар, жерде жүрген кезінде Иса кейбір жезөкше әйелдерге мейірімділік танытқан. Ол өз ісіне өкініп, өмір салтын өзгерткендері жарқын болашаққа үміттене алатынын айтқан (Мат. 21:28—32; Лұқа 7:36—50).

2 Ал енді мынандай жезөкше әйелді елестетіп көрейік. Ол жеңіл жүріске өзі қалап түскен. Мұндай өмір жолын ол құлдырау деп емес, өрлеу деп біледі! Бұл “кәсіптің” табысы мен беделіне ол әбден құныққан. Бұдан да сорақысы, бұл әйел адал да ізгі күйеуін тастап кеткен. Жезөкшелікпен айналысу үшін ол күйеуіне әдейілеп опасыздық жасаған. Мұндай әйелдің өзі де, түскен жолы да бойыңды түршіктіріп, жеркеніш сезімін оятары анық! Ехобаның қайта-қайта жезөкше жайлы мысал келтіруіне де дәл осы сезім себеп болған. Осындай мысал арқылы ол жалған діндерге қандай жиренішпен қарайтынын көрсетті.

3. Біз Езекиел кітабының қандай екі тарауын қарастырамыз?

3 Езекиел кітабының екі тарауында Яһуда мен Исраилдегі Құдай халқының сұмдық опасыздығы жезөкшелікпен салыстырылады (Езек. 16, 23-тар.). Сол тарауларға тоқталмас бұрын, бейнелі мағынадағы басқа бір жезөкше жайлы қарастырайық. Ол Езекиелдің заманынан бұрын, тіпті Исраил халқы әлі болмай тұрып пайда болған. Бұл жезөкше әлі күнге дейін өркендеп тұр. Оның нені білдіретінін Киелі кітаптың соңғы кітабы Аяннан білеміз.

“Жезөкшелердің... анасы”

4, 5. “Ұлы Бабыл” нені бейнелейді және не үшін біз осындай тұжырымға келдік? (Тараудың басындағы суретті қараңыз.)

4 Б. з. I ғасырының соңында елші Жохан Исадан алған аянында бір жезөкшені көрді. Ол “ұлы жезөкше” деп және “Ұлы Бабыл — жезөкшелердің анасы” деп аталған (Аян 17:1, 5). Діни жетекшілер мен Киелі кітапты зерттейтін ғалымдар оның нені білдіретінін ғасырлар бойы анықтай алмай келеді. Біреулер оны Бабыл не Рим десе, басқалар рим-католик шіркеуі деп ойлады. Ал Ехоба куәгерлері “ұлы жезөкшенің” нені бейнелейтінін көптеген жылдан бері біледі. Ол — дүниежүзілік жалған діндер империясы. Біз мұндай тұжырымға қалай келдік?

5 Аян кітабында ұлы жезөкше “жер бетіндегі патшалармен”, яғни саяси күштермен азғындыққа түскені үшін айыпталады. Демек, жезөкшенің саяси күштерді білдіруі мүмкін емес. Сондай-ақ Аян кітабында “жер бетіндегі саудагерлер”, яғни осы дүниенің коммерциялық және бизнес жүйесі Ұлы Бабылдың жойылғанына қайғырып, жылап жатқаны айтылады. Демек, Ұлы Бабыл коммерциялық жүйені де білдірмейді. Сонда ол нені білдіреді? Аян кітабында ол бақсы-балгерлікпен және пұтқа табынушылықпен айналысқаны үшін, алдап-арбағаны үшін айыпталған. Бұл сипаттамалар осы дүниенің бүлінген діни ұйымдарына дәл келеді, солай емес пе?! Тағы бір назар аударарлық жайт, Аян кітабында бұл жезөкшенің “жыртқыш аңның үстінде отырғаны”, яғни осы дүниенің саяси жүйесіне ықпал ететіні айтылған. Сондай-ақ ол Ехоба Құдайдың адал қызметшілерін қудалайды (Аян 17:2, 3; 18:11, 23, 24). Жалған діндер империясы біздің күнімізге дейін дәл осымен айналысып келген жоқ па?!

Бабыл мұнарасы.

Жалған дінмен байланысты дәстүрлер, ілімдер мен ұйымдардың бәрі ежелгі Бабыл қаласынан бастау алған (6-абзацты қараңыз)

6. Ұлы Бабыл қай мағынада “жезөкшелердің анасы”?

6 Неге Ұлы Бабыл “ұлы жезөкше” деп қана емес, “жезөкшелердің анасы” деп те аталған? Жалған діндер империясы сансыз көп діндерден тұрады. Оның ағымдары мен секталарын санап тауысу мүмкін емес. Ежелгі Бабылда адамдар тілдері шатасып, жан-жаққа бытырап кеткенде, түрлі-түрлі жалған ілімдер жержүзіне тарап, нәтижесінде есебі жоқ неше түрлі діндер пайда болды. “Ұлы Бабылдың” жалған діндерді дүниеге әкелген осы Бабыл қаласының атымен аталғаны орынды-ақ! (Мұс. 1-ж. 11:1—9). Демек, жалған діндердің бәрін бір ұйымның, яғни бір ұлы жезөкшенің “қыздары” деуге болады. Шайтан осы діндерді қолданып, адамдарды алдап-арбап, бақсы-балгерліктің, пұтқа табынушылықтың және Құдайды қорлайтын басқа да ілімдер мен дәстүрлердің торына түсіреді. Құдайдың бізге: “Менің халқым, оның күнәларына ортақтаспас... үшін одан шық!”— деп, дүниені жайлаған әрі бүлінген осы ұйымнан сақтандыруы бекер емес (Аян 18:4, 5 оқыңыз).

7. Неге біз Ұлы Бабылдан шығуға қатысты ескертуге ден қоямыз?

7 Сіз бұл ескертуге ден қойдыңыз ба? Адамның бойына “рухани мұқтаждықты” салған Ехобаның өзі екенін есте ұстаңыз (Мат. 5:3, сілт.). Бұл мұқтаждықты біз тек Ехобаға таза ғибадат ету арқылы ғана қанағаттандыра аламыз. Сондықтан Ехобаның қызметшілерінің қалауы — жалған ғибадаттан мүмкіндігінше аулақ жүру. Шайтан Ібілістің болса мақсаты басқа. Ол Құдай халқын осындай жезөкшеліктің торына түсіргенді жақсы көреді, әрі ол өз дегеніне сан мәрте жетті де. Құдай халқының тарихына үңілсек, олар Езекиелдің заманына дейін талай рет жалған ғибадатқа беріліп кеткен. Біздің алдымен сол тарихқа тоқталғанымыз дұрыс. Себебі одан Ехобаның нормалары, әділдігі мен мейірімділігі жайында білеріміз көп.

“Атағыңды жезөкшелікке пайдаландың”

8—10. а) Таза ғибадатқа қатысты маңызды талап қандай? ә) Жалған дінмен байланыссақ, Ехоба не сезінеді? Мысал келтіріңіз.

8 Езекиел кітабындағы жезөкше жайлы мысалдан Ехобаның сезімдері жайында білеміз. Киелі рухтың жетелеуімен Езекиел екі тарауда халықтың сатқындығы мен азғын әрекеті Ехобаға қаншалықты ауыр тигенін сипаттап жазған. Бірақ Құдай оларды неге жезөкшеге теңеген?

9 Бұл сұраққа жауап алу үшін, таза ғибадатқа қатысты маңызды бір талапты еске түсірейік. Бұл жайында осы басылымның 5-тарауында қарастырғанбыз. Исраилге берген Заңында Ехоба былай деген еді: “Менен басқа құдайларың болмасын... мен, Ехоба Құдайың, өзіме қалтқысыз берілуді талап ететін Құдаймын” (Мұс. 2-ж. 20:3, 5). Кейін ол осы сөздерді тағы бір қайталап: “Басқа құдайға табынба, өйткені Ехоба — өзіне қалтқысыз берілуді талап ететін Құдай. Иә, ол — өзіне қалтқысыз берілуді талап ететін Құдай”,— деген (Мұс. 2-ж. 34:14). Ехоба өз халқынан не күтетінін тайға таңба басқандай анық жеткізді. Расында да, қалтқысыз беріле ғибадат етпейімізше, ғибадатымыз Ехобаға ұнамды бола алмайды.

10 Мысалы, некедегі ерлі-зайыптыларды алайықшы. Күйеуі мен әйелі бір-бірінен шын берілгендік талап етуге құқылы. Олардың біреуі романтикалық сезімін не жыныстық құмарлығын өзге адамға білдірсе, жарының бойында орынды түрде қызғаныш оянады және ол өзіне сатқындық жасалғандай сезінеді (Еврейлерге 13:4 оқыңыз). Ехоба да өзіне ғана бағышталған меншікті халқы жалған құдайларға бет бұрып кеткенде, тура сондай сезімде болды. Сатқындық жасалғанда өзінің қандай күй кешкенін ол Езекиел кітабының 16-тарауында өткір сөздермен жеткізген.

11. Ехоба Иерусалим мен оның пайда болуын қалай баяндады?

11 Езекиел кітабының 16-тарауында жазылған Ехобаның сөздері — оның осы кітапта айтқан ең ұзақ сөздері. Сондай-ақ бұл — Еврей жазбаларындағы Ехобаның айтқан ең ұзақ пайғамбарлықтарының бірі. Ехоба бұл тарауда Яһуданы бейнелейтін Иерусалим қаласы жайлы сөз етеді. Ол бұл қаланы әйелге теңеп, оның қалай пайда болып, кейін қалай сатқындық жасағанын баяндайды. Бұл бейнелі әйел үсті лас, қарайтын ешкімі жоқ тастанды бала күйінде табылған. Оның әке-шешесі жалған тәңірлерге табынатын қанахандықтар болған. Расында да, Дәуіт жаулап алғанға дейін Иерусалим қаласы ұзақ жылдар бойы Қанаханнан тараған ебустіктердің қол астында болған. Ехоба осы тастанды балаға жаны ашып, оны жуындырып, өзінің қамқорлығына алды. Ол уақыт өте Ехобаның әйелі сияқты болды. Қалайша? Сонау Мұсаның күндерінде Ехобамен өз еріктері бойынша келісімге тұрған Исраил халқы Иерусалим қаласына келіп қоныстанды (Мұс. 2-ж. 24:7, 8). Ал Иерусалим елдің астанасына айналған кезде, Ехоба оған батасын төгіп, әшекей тағып, әрлеп-сәндеді. Ол әйелін үлде мен бүлдеге ораған бақуатты да беделді күйеудей болды (Езек. 16:1—14).

Жатжерлік әйелдерінің бірі пұтқа табынып жатқанына Сүлеймен қарап тұр.

Сүлеймен жатжерлік әйелдерінің қысымына беріліп, Иерусалимді пұттармен арамдады (12-абзацты қараңыз)

12. Жалған ғибадат Иерусалимге қалай енді?

12 Әрі қарай не болғанын көрейік. Ехоба былай деді: “Сен көркіңе сеніп, атағыңды жезөкшелікке пайдаландың. Өткен-кеткенге беріле салып, көркің солардың меншігіне айналды” (Езек. 16:15). Сүлейменнің күндерінде Ехоба өз халқына батасын үйіп-төгіп, байлыққа кенелткені сонша — Иерусалим ең әдемі, дүркіреп тұрған қала болды. Ежелгі заманда оған тең келетін қала болмаған (Пат. 1-ж. 10:23, 27). Бірақ Иерусалимге бірте-бірте жалған ғибадат ене бастады. Сүлеймен көптеген жатжерлік әйелдерінің көңілінен шығу үшін, Иерусалимді өзге халықтардың құдайларымен арамдай бастады (Пат. 1-ж. 11:1—8). Ал кейінгі патшалар одан асып түсіп, бүкіл елді жалған құдайларға толтырды. Мұндай жезөкшелік пен сатқындыққа Ехоба қалай қарады? “Мұндай нәрсе бұрын-соңды болған емес, әрі болмауы да керек”,— деді Ехоба (Езек. 16:16). Бірақ тоңмойын халық одан сайын азғындыққа салына берді!

Кейбір исраилдіктер балаларын Молек сияқты жалған құдайларға құрбандыққа шалған

13. Иерусалимдегі Құдай халқы қандай зұлым ісі үшін айыпты болды?

13 Таңдап алған халқының зұлымдығы жайлы айтып жатқандағы Ехобаның жиренішін, жан азабын сезініп көріңізші. Ол халқына: “Жезөкшелікке салынғаның аз болғандай, маған туып берген ұл-қыздарыңды пұттарға құрбандыққа беріп, соларға жалматтың. Менің ұлдарымды өлтірдің, оларды отқа жағып, құрбандыққа шалдың”,— деген (Езек. 16:20, 21). Мұндай жантүршігерлік сұмдық істер Шайтанның жүрегінің қаншалықты зұлым да қатыгез екенін аян етеді. Ехобаның халқын осындай қорқынышты істерге азғыруды Шайтан қаншалықты жақсы көреді десеңізші! Бірақ Ехоба бәрін көріп тұр. Ол Шайтанның ең жауыз деген ісінің де залалын жойып, орнын толтырады, әрі әділдік орнатады (Әйүп 34:24 оқыңыз).

14. Иерусалимнің әпкесі мен сіңлісі кімдер және зұлымдық жасау жағынан осы үшеуінің қайсысы асып түсті?

14 Иерусалим өзінің зұлым істері үшін ұялайын демеді. Ол жезөкшелікке әрі қарай да салына берді. Ехоба оның әбден ұяттан безіп, басқа жезөкшелерден де асып түскенін айтты. Өйткені азғындыққа түсу үшін ол өзгелерге өзі ақы төлейтін! (Езек. 16:34). Құдай Иерусалим өз “анасына” ұқсайтынын, яғни бір кездері сол жерді иелік еткен басқа халықтарға ұқсайтынын айтты (Езек. 16:44, 45). Отбасы туралы мысалын жалғастырып, Ехоба Самарияны Иерусалимнің әпкесі деп атады. Ол діни жезөкшелікке Иерусалимнен бұрын салынған еді. Құдай Иерусалимнің сіңлісі Содом туралы да айтты. Ежелдегі бұл қала паңдығы мен азғын істерге батқаны үшін жойылып кеткен еді. Бұл мысалмен Ехобаның айтқысы келгені, Иерусалим Самариядан да, тіпті Содомның өзінен де өткен зұлым болды (Езек. 16:46—50). Өкінішке қарай, Құдай халқы сансыз көп ескертулердің ешқайсысын елемей, жүгенсіз жолынан қайтпады.

15. Ехоба Иерусалимді қандай мақсатпен үкімге кесті?

15 Енді Ехоба не істемек? Ол Иерусалимге қатысты уәде беріп: “Өзің құмарын қандырған ашыналарыңның бәрін... саған қарсы жинап әкелемін... Сені ашыналарыңның қолына беремін”,— деді. Осы сөздерге сай, Құдайдың халқымен одақтасқан өзге халықтар оның өзіне тап беріп, сұлулығы мен байлығынан айырып, жойып жібермек еді. “Олар... сені таспен атқылап, семсермен шауып өлтіреді”,— деді Ехоба. Неге ол халқына мұндай үкім шығарды? Оларды түп-тамырымен жойып жіберу үшін бе? Жоқ, “жезөкшелігін тыю” үшін. Сондай-ақ Құдай: “Саған деген қаһарым мен ашуым басылады. Жаным жай тауып, бұдан былай қорланбайтын боламын”,— деді. Осы басылымның 9-тарауында қарастырылғандай, Ехоба тұтқыннан оралатын халқының арасында таза ғибадатты қалпына келтіріп, өзінің о бастағы ниетін жүзеге асырмақ еді. Бұған не қозғау болатынын түсіндіріп Ехоба: “Сенімен жастық шағыңда жасасқан келісімімді есіме аламын”,— деді (Езек. 16:37—42, 60). Халқынан айырмашылығы, Ехоба өзінің шексіз адал екенін дәлелдемек еді! (Аян 15:4 оқыңыз).

Апалы-сіңлілі жезөкшелер Охола мен Охолиба.

ҚОРШАУ 15А: Апалы-сіңлілі екі жезөкше

16, 17. а) Неге біз бұдан былай Охола мен Охолибаны мәсіхшілер әлемінің түпбейнесі демейміз? (“Апалы-сіңлілі екі жезөкше” деген қоршауды қараңыз.) ә) Езекиел кітабының 16, 23-тарауларынан не нәрсеге үйренеміз?

16 Езекиел кітабының 16-ншы және 23-інші тарауларындағы Ехобаның айтқан ұзақ та өткір сөздерінен оның әділ нормалары жайлы, әділдігі мен шексіз мейірімділігі жайлы көп нәрсеге үйренеміз. Бүгінде шынайы мәсіхшілер Ехобаның ежелдегі халқының жезөкшелігі жайлы айтылған хабарға ден қояды. Біз ешқашан Яһуда мен Иерусалим халқы сияқты Ехобаның жүрегін ауыртқымыз келмейді! Сондықтан пұтқа табынушылықтың барлық түрінен сескене қашайық. Соның ішінде ашкөздік пен материализмнен де аулақ болайық (Мат. 6:24; Қол. 3:5). Осы соңғы күндері таза ғибадатты қалпына келтіріп, оның ластануына енді қайтып жол бермейтіні үшін мейірімі мол Ехобаға үнемі ризашылық білдіргіміз келеді. Ол рухани Исраилмен жасасқан “келісімін мызғымастай етіп бекітті”, әрі бұл келісім бұдан былай опасыздық пен жезөкшеліктің кесірінен бұзылмайды (Езек. 16:60). Ендеше, Ехобаның таза халқының арасында жүргенімізді мәртебе санап, бағалайық!

17 Езекиел кітабында Ехобаның жезөкшелерге қарсы айтқан сөздерінен “ұлы жезөкше”, яғни Ұлы Бабыл жайлы не білеміз? Қазір соған тоқталайық.

“Ұлы Бабыл... енді қайтып табылмайды”

18, 19. Езекиел кітабындағы жезөкшелер мен Аян кітабындағы “ұлы жезөкшенің” арасында қандай ұқсастық бар?

18 Ехоба еш өзгермейді (Жақ. 1:17). Оның ұлы жезөкшеге, яғни жалған діндерге деген көзқарасы да қанша ғасыр өтсе де өзгерген жоқ. Сондықтан Езекиел кітабындағы жезөкшелердің тартқан жазасы Аян кітабындағы “ұлы жезөкшеге” шығарылған үкімге көп жағынан ұқсайтыны бізді еш таңғалдырмайды.

19 Байқасақ, Езекиелдің пайғамбарлығындағы жезөкшелердің жазасын берген Ехобаның өзі емес, опасыз халқымен рухани азғындыққа түскен халықтардың өздері еді. Дүниежүзілік жалған діндер империясы да “жер бетіндегі патшалармен” осындай азғындыққа түскені үшін жазаланады. Ал оның жазасын кім береді? Киелі кітапта айтылғандай, дәл осы саяси күштер “жезөкшені жек көріп кетеді, оны талан-тараж етіп, жалаңаштайды және тәнін жалмап, түгелдей өртеп жібереді”. Осы дүниелік үкіметтердің осылай күтпеген жерден шабуыл жасауына не себеп болады? “Құдай олардың жүректеріне өз ойын салып, жүзеге асыртады” (Аян 17:1—3, 15—17).

20. Бабылға шығарылған үкім ақырғы үкім болатыны неден көрінеді?

20 Сонымен, көргеніміздей, Ехоба осы дүниенің халықтарын қолданып, бүкіл жалған діндерге, соның ішінде мәсіхшілер әлеміндегі көптеген діндерге де, шығарған үкімін жүзеге асырады. Бұл оған шығарылған ақырғы үкім болмақ. Жалған діндерге ешқандай кешірім болмайды, істерін өзгертуге де ешқандай мүмкіндік берілмейді. Аян кітабында айтылғандай, Ұлы Бабыл “енді қайтып табылмайды” (Аян 18:21). Құдайдың періштелері болса оның жойылғанына шаттанып: “Ехобаны мадақтаңдар! Өртенген Бабылдың түтіні мәңгі көтеріле бермек!”— дейтін болады (Аян 19:3). Құдайдың бұл үкімі мәңгі бақи өз күшінде болмақ. Бұдан былай жалған діннің пайда болып, таза ғибадатты арамдауына ешқашан жол берілмейді. Ұлы Бабыл отпен жойылғаннан кейін, оның түтіні бейнелі мағынада мәңгілік бойы түтеп тұратын болады.

Жеті басты, он мүйізді ал қызыл жыртқыш аң ұлы жезөкшеге тап беруде.

Ұлы Бабыл ұзақ уақыттан бері азғырып келген халықтар оның өзіне қарсы аттанып, жойып жібереді (19, 20-абзацты қараңыз)

21. Жалған діндердің жойылуы қай кезеңнің басталғанын білдіреді және ол кезең немен аяқталады?

21 Осы дүниенің үкіметтері Ұлы Бабылға қарсы шыққан кезде, олар Құдайдың үкімін жүзеге асырады. Бұл Ехобаның ниетінің орындалуында айтулы оқиға болмақ. Осы оқиға зор алапаттың, яғни бұрын-соңды болмаған азапты кезеңнің басталғанын білдірмек (Мат. 24:21). Зор алапат Армагеддон шайқасымен, Ехобаның осы зұлым дүниеге қарсы соғысуымен, аяқталады (Аян 16:14, 16). Осы басылымның келесі тарауларында қарастырылатындай, Езекиел кітабынан зор алапаттың қалай өрбитініне қатысты көп нәрсе білуге болады. Ал қазір Езекиел кітабының 16, 23-тарауларынан есте сақтап, өмірде қолданарлық қандай тәлім ала алатынымызға тоқталайық.

Астан-кестені шыққан шіркеудің іші. Жиһаздары қиратылған, терезелері мен шамдары сынған, қабырғасына граффити салынған.

Осы дүниенің үкіметтері Ұлы Бабылға қарсы аттанып, Құдайдың үкімін жүзеге асырады (21-абзацты қараңыз)

22, 23. Езекиел мен Аян кітабындағы жезөкшелер жайлы үзінділерді қарастырғанымыз қасиетті қызметімізге қалай әсер ету керек?

22 Шайтан таза ғибадат ететіндерді арамдауды қатты жақсы көреді. Ол бізді таза ғибадаттан тайдырып, Езекиел кітабында айтылған жезөкшелердің жолына түсіре алса, одан бақытты ешкім болмайды. Алайда біз мынаны ұмытпауымыз керек: Ехоба басқа біреуге ғибадат етіп, опасыздық жасағанымызға еш төзбейді! (Мұс. 4-ж. 25:11). Біз жалған діннен аулақ жүріп, Құдай арам деп есептейтін еш нәрсеге жоламас үшін, барынша сақ болуға тиіспіз (Ишая 52:11). Дәл осы себептен де біз жікке бөлінген осы дүниедегі саяси қақтығыстардан аулақ жүріп, адалдықпен бейтараптық сақтаймыз (Жох. 15:19). Біз ұлтшылдықты Шайтан насихаттайтын жалған діннің бір түрі деп қарастырамыз, әрі оны бойымызға мүлдем жуытпаймыз.

23 Бәрінен бұрын, мынаны есте ұстайық: біз Ехобаға оның таза да киелі рухани ғибадатханасында ғибадат етіп жүрміз. Бұл — неткен зор мәртебе! Құдайдың батасы жауған осы шараны бағалап, жалған діндер мен оның жезөкшелігіне мүлдем жоламауға одан сайын бекінейік!

СІЗ ЖӘНЕ ТАЗА ҒИБАДАТ

  1. Жалған діндерді жезөкшеге теңеу неге орынды?

  2. Езекиел кітабының 16, 23-тарауларындағы жезөкшелер туралы айтылғандардан Ехобаның жалған ғибадатқа қатысты сезімдері жайлы не білеміз?

  3. Жалған діндермен жақында не болмақ және қазірден бастап біз не істеуіміз керек?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу