ОН СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
Құдайға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өту
1. Осы кітапты зерттеу барысында қандай ойға келдіңіз?
СІЗ осы кітапты зерттеу барысында Киелі кітаптан біраз шындықтарды, мысалы Құдайдың мәңгі өмірді уәде еткенін, өлген соң адаммен не болатынын және марқұмдардың тірілетінін білдіңіз (Уағыздаушы 9:5; Лұқа 23:43; Жохан 5:28, 29; Аян 21:3, 4). Ехоба куәгерлерінің жиналыстарына барып, олардың Құдайға дұрыс ғибадат ететініне көз жеткізген де шығарсыз (Жохан 13:35). Сондай-ақ Ехобамен достығыңыз нығая түсіп, оның қызметшісі болғыңыз келетін шығар. Содан “Құдайға қызмет еткім келсе, не істеуім керек?” деп ойланатын боларсыз.
2. Эфиопиялық кісі шомылдыру рәсімінен не себепті өткісі келген?
2 Бірінші ғасырда өмір сүрген эфиопиялық бір кісі Құдайдың қызметшісі болғысы келген. Иса тірілгеннен біршама уақыт өткен соң, ол кісіге Исаның Філіп есімді шәкірті уағыздады. Сөйтіп, оған Исаның Мәсіх болғанын дәлелдеп берді. Білгендері қатты әсер етіп, әлгі кісі: “Мынау су ғой! Шомылдыру рәсімінен өтуіме қандай кедергі бар?”— деді (Елшілердің істері 8:26—36).
3. а) Иса ізбасарларына қандай тапсырма берген? ә) Шомылдыру рәсімі қалай өткізіледі?
3 Киелі кітапта Ехобаға қызмет еткісі келетін адамның шомылдыру рәсімінен өтуі керектігі анық айтылған. Иса ізбасарларына: “Барлық халықтардан шәкірттер дайындап, оларды... шомылдыру рәсімінен өткізіңдер”,— деген (Матай 28:19). Исаның өзі де шомылдыру рәсімінен өтіп үлгі көрсетті. Ол суға толығымен батып шықты (Матай 3:16). Бүгінде де мәсіхшілер шомылдыру рәсімінен өткенде, суға толық батырылып шығарылады.
4. Шомылдыру рәсімінен өткенде, сіз нені көрсетесіз?
4 Шомылдыру рәсімінен өткенде, сіз Құдайдың досы болып, оған қызмет еткіңіз келетінін жұрт алдында паш етесіз (Зәбүр 40:7, 8). Шомылдыру рәсімінен өтуді қаласаңыз, қандай қадамдар жасауыңыз керек?
БІЛІМ ЖӘНЕ СЕНІМ
5. а) Шомылдыру рәсімінен өту үшін не істеу керек? ә) Ехоба куәгерлерінің жиналыстарына бару неге маңызды?
5 Шомылдыру рәсімінен өту үшін, Ехоба мен Иса туралы білім алу керек. Сіз Киелі кітапты зерттеудің арқасында мұндай білімді алып та жатырсыз (Жохан 17:3 оқыңыз). Бірақ бұл жеткіліксіз. Киелі кітапта: “Оның [Ехобаның] еркі жайлы тура білімдерің арта берсін”,— деп жазылған (Қолостықтарға 1:9). Бұл орайда Ехоба куәгерлерінің жиналыстары зор көмек болады. Бұл кездесулер Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамытуға көмектеседі. Сондықтан жиналыстарға үзбей бару өте маңызды (Еврейлерге 10:24, 25).
Шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын, Киелі кітапты зерттеу қажет
6. Шомылдыру рәсімінен өткісі келетін адам Киелі кітапты қаншалықты білу керек?
6 Ехоба сізден шомылдыру рәсімінен өту үшін Киелі кітапта жазылғандардың бәрін білуді талап етпейді. Ол мұны эфиопиялық кісіден де талап етпеген (Елшілердің істері 8:30, 31). Біз Құдай туралы мәңгілік бойы білім алатын боламыз (Уағыздаушы 3:11). Бірақ шомылдыру рәсімінен өту үшін кем дегенде Киелі кітаптағы негізгі ілімдерді біліп, соларға сену қажет (Еврейлерге 5:12).
7. Киелі кітапты зерттеудің арқасында не нәрсеге қол жеткіздіңіз?
7 Киелі кітапта: “Сенім болмаса, Құдайға ұнау мүмкін емес”,— делінген (Еврейлерге 11:6). Сондықтан шомылдыру рәсімінен өту үшін сенімнің болғаны маңызды. Ежелгі Қорынт қаласында кейбір адамдар Исаның ізбасарларынан ізгі хабарды естіген, нәтижесінде айтылғандарға “сеніп, шомылдыру рәсімінен өткен” (Елшілердің істері 18:8). Сіз де Киелі кітаптан білім алғанның арқасында Құдайдың уәделеріне және Исаның бізді күнә мен өлімнен азат ету үшін өмірін құрбан еткеніне сендіңіз (Ешуа 23:14; Елшілердің істері 4:12; Тімөтеге 2-хат 3:16, 17).
КИЕЛІ КІТАПТАН БІЛГЕНІМІЗДІ БАСҚАЛАРҒА АЙТУ
8. Киелі кітаптан білгенімізді басқаларға айтуға не талпындырады?
8 Біліміңіз артып, өміріңізде Киелі кітаптың көп пайдасын көргенде, сеніміңіз күшейе түседі. Сонда білгендеріңізді басқа да адамдарға айтуды қаларсыз (Еремия 20:9; Қорынттықтарға 2-хат 4:13). Мұндайда кімдерге айтсаңыз болады?
Сенім Киелі кітаптан білгендеріңізді басқаларға айтуға қозғау салады
9, 10. а) Білгендеріңіз жайлы айтуды кімдерден бастауға болады? ә) Қауыммен бірге уағыздағыңыз келсе, не істеуіңіз керек?
9 Сіз білгендеріңізді туыстарыңыз, достарыңыз, көршілеріңіз бен әріптестеріңізге айтқыңыз келуі мүмкін. Бұл өте жақсы. Бірақ ізеттілікпен, мейіріммен сөйлеуді ұмытпаңыз. Уақыт өте Ехоба куәгерлерімен де уағыздауды қаларсыз. Бұл жайында сізбен Киелі кітапты зерттейтін адамға айтсаңыз болады. Ол сізді қауымдағы бауырластармен уағыздауға дайын әрі Киелі кітаптың талаптарына сай өмір сүреді деп есептесе, екеуіңіз қауымдағы екі ақсақалға жолығасыздар.
10 Ақсақалдар сізбен сөйлесіп, Киелі кітаптағы негізгі ілімдерді түсінесіз бе, оларға сенесіз бе, Киелі кітапта айтылғанға сай өмір сүресіз бе, Ехоба куәгері болуды шынымен қалайсыз ба, соны анықтайды. Ақсақалдар қауымдағы әрбір адамның, соның ішінде сіздің де қамыңызды ойлайтындықтан, олармен сөйлесуден қорықпаңыз (Елшілердің істері 20:28; Петірдің 1-хаты 5:2, 3). Сізбен сөйлескеннен кейін олар сіздің қауымдағы бауырластармен уағыздауға дайын не дайын емес екеніңізді айтады.
11. Қауыммен уағыздамас бұрын өміріңізде өзгерістер жасау неліктен маңызды?
11 Бәлкім, ақсақалдар сізге қауыммен уағыздамас бұрын тағы бір өзгерістер жасауыңыз керектігін айтатын шығар. Оларға құлақ асқаныңыз өте маңызды. Өйткені басқаларға Құдай туралы уағыздағанда, біз Ехобаның атынан сөйлейміз, сондықтан жүріс-тұрысымыз да оны мадақтайтындай болуы керек (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10; Ғалаттықтарға 5:19—21).
ӨКІНУ ЖӘНЕ ТЕРІС ЖОЛДАН ҚАЙТУ
12. Неге барлық адам өкінуі қажет?
12 Шомылдыру рәсімінің алдында тағы бір нәрсе жасау қажет. Елші Петір: “Өкініп, теріс жолдан қайтыңыздар. Сонда күнәларыңыз кешіріледі”,— деген (Елшілердің істері 3:19). Мысалы, зинақорлық жасап, өнегесіз өмір сүрген адам мұнысына қатты өкінуі қажет. Тіпті ең жақсы деген адамның өзі де өкінуі керек. Себебі адамдардың бәрі де күнәкар, сондықтан Құдайдың кешіріміне мұқтаж (Римдіктерге 3:23; 5:12).
13. “Теріс жолдан қайту” деген нені білдіреді?
13 Күнәларымызға өкіну жеткілікті ме? Елші Петір “теріс жолдан қайту” керектігін де айтқан. Бұл бұрын жасаған жаман істерді тастап, Ехобаға ұнамды өмір сүруді білдіреді. Мысал үшін, сіз бір бейтаныс жерге көлікпен бара жатырсыз делік. Біраз уақыттан кейін мүлдем басқа жолға түсіп кеткеніңізді байқайсыз. Сонда не істейсіз? Жылдамдықты азайтып, көлікті бұрасыз да, дұрыс жолға түсесіз. Сол сияқты, Құдайдың Сөзін оқып-білу барысында өзіңіздің өзгерту керек жақтарыңызды байқауыңыз мүмкін. Сол кезде “теріс жолдан қайтуды”, яғни өзгерістер жасауды кейінге қалдырмаңыз және дұрыс әрекет етуді бастаңыз.
ӨМІРДІ ҚҰДАЙҒА БАҒЫШТАУ
Ехобаға ғана қызмет етуді уәде еттіңіз бе?
14. Ехобаға бағышталу деген не?
14 Шомылдыру рәсімінен өту үшін жасау керек тағы бір маңызды қадам — өміріңізді Ехобаға бағыштау. Бұл дегеніміз — Ехобаға ғана қызмет етіп, оның еркін өміріңізде басты орынға қоятыныңызды дұғада уәде ету (Мұсаның 5-жазбасы 6:15).
15, 16. Адамды өмірін Құдайға бағыштауға не талпындырады?
15 Өмірді Ехобаға бағыштауды өзіңнің сүйетін адамыңмен бүкіл өміріңді өткізуге уәде етумен салыстыруға болады. Мысалы, кездесіп жүрген қыз бен жігітті алайық. Жігіт қызды жақсырақ білген сайын, оны жақсы көріп, сол қызға үйленуді шешеді. Үйлену өте жауапты шешім болса да, жігіт бұған дайын, себебі ол қызды шын сүйеді.
16 Ехобамен қарым-қатынасымызда да солай. Ехоба жайлы білген сайын оны жақсы көріп, оған жан-тәнімізбен қызмет еткіміз келеді. Нәтижесінде дұғада оған қызмет етуді уәде етеміз. Киелі кітапта Исаның шәкірті болғысы келетіндер “өздерінен бас тартулары” керектігі жазылған (Марқа 8:34). Бұл нені білдіреді? Бұл барлық жағдайда Ехобаға мойынсұнуды, оның еркін жеке қалауларымыз бен мақсаттарымыздан жоғары қоюды білдіреді (Петірдің 1-хаты 4:2 оқыңыз).
ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ҚОРЫҚПАҢЫЗ
17. Кейбіреулер өмірлерін Ехобаға не себепті бағыштамайды?
17 Кей адамдар Ехобаға берген уәдемде тұра алмаймын деп қорыққандықтан, өмірлерін оған бағыштамайды. Олар Ехобаны ренжітіп алудан қорқады немесе “Ехобаға бағышталмасақ, іс-әрекетіміз үшін оның алдында жауап бермейміз” деп ойлайды.
18. Ехобаны ренжітіп аламын деп қорықпауға не көмектеседі?
18 Егер Ехобаны жақсы көрсеңіз, оны ренжітіп аламын деп қорықпайсыз. Өйткені оны сүйгендіктен, оған берген уәдеңізде тұруға бар күшіңізді саласыз (Уағыздаушы 5:4; Қолостықтарға 1:10). Ехобаның қалауын орындау қиын деген ойда болмайсыз. Елші Жохан: “Құдайды сүю дегеніміз — оның өсиеттерін орындау. Ал оларды орындау қиын емес”,— деп жазған (Жоханның 1-хаты 5:3).
19. Ехобаға бағышталудан неге тартынбаған жөн?
19 Ехобаға бағышталу үшін мінсіз болу талап етілмейді. Ол бізден ешқашан шамамыз келмейтін нәрсені істеуді сұрамайды (Зәбүр 103:14). Ол дұрыс әрекет етуімізге көмектеседі (Ишая 41:10). Киелі кітапта: “Ехобаға бар жүрегіңмен сенім арт,.. Сонда ол жолыңды тегістер”,— деп жазылған (Нақыл сөздер 3:5, 6).
ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТУ
20. Құдайға бағышталғаннан кейінгі қадам қандай?
20 Шомылдыру рәсімінен өтуге дайынсыз ба? Өзіңізді Ехобаға бағыштаған болсаңыз, жасауыңыз керек келесі қадам — шомылдыру рәсімінен өту.
21, 22. Қай кезде “сеніміңізді ауызбен жариялайсыз”?
21 Сіз ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісіне жолығып, Ехобаға бағышталғаныңызды және шомылдыру рәсімінен өткіңіз келетінін айтсаңыз болады. Ол бірнеше ақсақалдың сізбен сөйлесуіне қам жасайды. Олар сізбен Киелі кітаптың негізгі ілімдерін шолып шығады. Ақсақалдар сіздің дайын екеніңізге көз жеткізсе, Ехоба куәгерлерінің конгресінде шомылдыру рәсімінен өте алатыныңызды айтады. Конгресте осы рәсімнің мәні түсіндірілетін баяндама айтылады. Баяндамашы шомылдыру рәсімінен өтушілерге қарапайым екі сұрақ қояды. Сол сұрақтарға дауыстап жауап бергенде, “сеніміңізді аузыңызбен жариялайсыз” (Римдіктерге 10:10).
22 Содан кейін суға толығымен батырылып, шомылдыру рәсімінен өтесіз. Шомылдыру рәсімінен өту арқылы өміріңізді Ехобаға бағыштағаныңызды және Ехоба куәгері болғаныңызды ел алдында паш етесіз.
ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНІҢ МӘНІ
23. “Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атынан” шомылдыру рәсімінен өту деген не?
23 Иса шәкірттері “Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атынан” шомылдыру рәсімінен өтетінін айтқан (Матай 28:19 оқыңыз). Бұл нені білдіреді? “Әкенің атынан” деген Ехобаның билігін мойындауды білдіреді. Ал “Ұлдың және киелі рухтың атынан” деген Ехоба өз ниетін жүзеге асыру үшін Исаны және киелі рухын қолданатынын мойындауды білдіреді (Зәбүр 83:18; Матай 28:18; Ғалаттықтарға 5:22, 23; Петірдің 2-хаты 1:21).
Шомылдыру рәсімінен өткенде, Құдай еркін орындағыңыз келетінін көрсетесіз
24, 25. а) Шомылдыру рәсімінің мәні қандай? ә) Соңғы тараудан не білеміз?
24 Шомылдыру рәсімінің мәні өте терең. Адам суға батырылғанда, бұрынғы өмірі үшін өлгенін, яғни жаман істерін тастағанын білдіреді. Ал судан шыққанда, енді Құдайдың еркін орындау үшін өмір сүретінін білдіреді. Еш ұмытпаңыз, сіз өміріңізді адамға, ұйымға не мансапқа емес, Ехобаға арнайсыз.
25 Құдайға өміріңізді арнасаңыз, онымен қарым-қатынасыңыз нығаяды (Зәбүр 25:14). Бірақ шомылдыру рәсімі құтқарылуға кепілдік емес. Елші Пауыл: “Құтқарылуға ұмтыла беріңдер”,— деп жазған (Філіпіліктерге 2:12). Шомылдыру рәсімі — құтқарылу үшін жасалатын алғашқы қадам ғана. Олай болса, Ехобамен достығымыз әрі қарай да берік болу үшін не істей аламыз? Бұл туралы соңғы тарауда айтылады.