Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • bhs 10-тар., 105—115 бет.
  • Періштелер туралы шындық

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Періштелер туралы шындық
  • Киелі жазбалардан не білеміз?
  • Мына жерден көріңіз: “Киелі кітап үйретеді”
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ПЕРІШТЕЛЕР ҚҰДАЙ ХАЛҚЫНА КӨМЕКТЕСЕДІ
  • КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН ЖАУЛАР
  • ЖЫНДАРДЫҢ АЙЛА-АМАЛДАРЫ
  • ЖЫНДАРҒА ҚАРСЫ ТҰРЫҢЫЗ
  • Періштелер туралы шындық
    Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз! (интерактивті Киелі кітап сабақтары)
  • Иса жындардан күшті
    Ұлы Ұстаздан үйренейік
  • Киелі кітап. Сұрақтар мен жауаптар
    2014 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Жын-перілер өмірде бар ма?
    Киелі кітап. Сұрақтар мен жауаптар
Көбірек мәлімет
Киелі жазбалардан не білеміз?
bhs 10-тар., 105—115 бет.

ОНЫНШЫ ТАРАУ

Періштелер туралы шындық

1. Неге періштелер туралы білуіміз керек?

ЕХОБА біздің періштелер туралы білгенімізді қалайды. Періштелер — Құдайдың көктегі отбасының бір бөлігі. Киелі кітапта олар “Құдай ұлдары” деп аталады (Әйүп 38:7). Періштелер көкте не істейді? Олар бұрынғы уақытта адамдарға қалай көмектескен? Ал қазір көмектесе ме? (8-түсіндірмені қараңыз).

2. Періштелер қалай пайда болды? Олардың саны қанша?

2 Періштелер қалай пайда болған? Қолостықтарға 1:16-да Ехобаның Исаны жаратқаннан кейін “көктегі мен жердегінің бәрін жаратқаны” айтылған. Демек, періштелерді Ехоба жаратқан. Олардың саны қанша? Киелі кітапта періштелердің жүздеген миллион екені айтылған (Зәбүр 103:20; Аян 5:11).

3. Әйүп 38:4—7 тармақтардан періштелер туралы не білеміз?

3 Сондай-ақ Киелі кітаптан періштелердің жер жаратылмас бұрын бар болғанын білеміз. Әйүп кітабында олардың жер жаратылғанда қатты қуанғаны айтылған. Ол уақытта періштелердің барлығы Ехобаға бір отбасындай қызмет еткен (Әйүп 38:4—7).

ПЕРІШТЕЛЕР ҚҰДАЙ ХАЛҚЫНА КӨМЕКТЕСЕДІ

4. Періштелер адамдардың қамын ойлайтынын қайдан білеміз?

4 Періштелер адамдарға көмектескісі келеді. Олар Құдайдың жер мен адамзатқа қатысты ниеті үшін әрдайым қам жейді (Нақыл сөздер 8:30, 31; Петірдің 1-хаты 1:11, 12). Адам мен Хауа Ехобаға қарсы шыққанда, періштелердің көңілі қатты түссе керек. Бүгінде көп адамның Ехобаға мойынсұнбай жүргенін көріп, олар одан бетер мұңаяды. Бірақ бір адам болса да өкініп, Құдайға бет бұрса, қатты қуанады (Лұқа 15:10). Олар әсіресе Құдайға қызмет ететін адамдардың қамын ойлайды. Ехоба періштелері арқылы өз қызметшілеріне көмектесіп, оларды қорғайды (Еврейлерге 1:7, 14). Осының бірнеше мысалын көрейік.

Періште Даниялды арыстандардан қорғады

“Құдайым періштесін жіберіп, арыстандардың аузын жауып тастады” (Даниял 6:22).

5. Періштелер бұрында Құдайдың қызметшілеріне қалай көмектескен?

5 Ежелде Содом мен Ғомора қалалары жойылғанда, Ехоба екі періштесін жіберіп, Лұт пен оның отбасын құтқарып қалған (Мұсаның 1-жазбасы 19:15, 16). Жүздеген жылдан кейін Даниял пайғамбар арыстандардың орына тасталғанда, “Құдай періштесін жіберіп, арыстандардың аузын жауып тастаған” (Даниял 6:22). Кейінірек бір періште елші Петірді түрмеден босатты (Елшілердің істері 12:6—11). Иса да жерде болған кезде періштелердің қолдауын көрген. Мысалы, шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін “оған періштелер қызмет еткен” (Марқа 1:13). Сондай-ақ Иса өлімге кесілердің алдында “бір періште келіп, оны нығайтқан” (Лұқа 22:43).

6. а) Бүгінде періштелердің Құдай халқына көмектесетінін қайдан білеміз? ә) Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?

6 Бүгінде періштелер адамдарға көрінбейді. Десе де Құдай өз қызметшілеріне көмектесу үшін әлі де оларды қолданады. Киелі кітапта: “Ехобадан қорқатындарды айналдыра оның періштесі қос тігіп [немесе қоршап], Оларды құтқарады”,— делінген (Зәбүр 34:7). Біз неге қорғанышқа мұқтажбыз? Себебі бізге жамандық жасағысы келетін өте күшті жауларымыз бар. Олар кімдер және қайдан пайда болды? Олар бізге қандай зиян келтіруі мүмкін? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін Адам мен Хауа жаратылған соң көп ұзамай болған жағдайға тоқталып өтейік.

КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН ЖАУЛАР

7. Шайтан адамдарды не істеуге итермелеуде?

7 Біз 3-тараудан бір періштенің билеуші болуды көксеп, Құдайға қарсы шыққанын білдік. Киелі кітапта оның Шайтан Ібіліс екені айтылған (Аян 12:9). Шайтан басқалардың да Ехобаға қарсы шыққанын қалады. Ол Хауадан бастап адамдардың көбісін адастырып келеді. Алайда Әбіл, Енох пен Нұх сияқты адалдықтарынан таймаған кісілер де болған (Еврейлерге 11:4, 5, 7).

8. а) Қалай періштелердің кейбірі жын-перілерге айналды? ә) Жындар топан судан аман қалу үшін не істеді?

8 Нұхтың заманында да кейбір періштелер Құдайға қарсы шықты. Олар көктегі мекендерін тастап, жерде адам болып өмір сүре бастады. Неліктен? Киелі кітапта олардың қыздарға үйленгендері айтылады (Мұсаның 1-жазбасы 6:2 оқыңыз). Бірақ періштелердің бұлай еткені дұрыс емес еді (Яһуда 6). Сол уақытта адамдардың көбі әлгі зұлым періштелер сияқты бұзылып, қатыгез болып кеткен еді. Сондықтан Ехоба жерге топан су жіберіп, зұлым адамдарды жоюды шешті. Ал өзіне адал жандарды ол құтқарып қалды (Мұсаның 1-жазбасы 7:17, 23). Зұлым періштелер болса аман қалу үшін көкке оралды. Киелі кітапта бұл періштелер жындар деп аталады. Олар Шайтанның жағына шығып, оны өз билеушілері етті (Матай 9:34).

9. а) Жындар көкке оралғанда не болды? ә) Қазір не туралы білеміз?

9 Ехоба бүлік шығарған жындарды көктегі отбасына қайта қабылдамады (Петірдің 2-хаты 2:4). Олар енді адамға айнала алмайтын болды. Десе де жындар әлі де “бүкіл жержүзін адастырып жүр” (Аян 12:9; Жоханның 1-хаты 5:19). Қазір олардың қалай көпшілікті алдап, адастырып жүргені жайлы білейік (Қорынттықтарға 2-хат 2:11 оқыңыз).

ЖЫНДАРДЫҢ АЙЛА-АМАЛДАРЫ

10. Жындар адамдарды қалай алдайды?

10 Жындардың адамдарды алдайтын тәсілдері көп. Мысалы, жындармен тікелей немесе тәуіп, бақсы-балгерлер арқылы байланысқанда көбісі алданады. Жындармен бұлай байланысу “спиритизм” деп аталады. Киелі кітап жындармен байланысы бар кез келген нәрседен аулақ болуды ескертеді (Ғалаттықтарға 5:19—21). Аңшы аңды қолға түсіру үшін тұзақ құратыны іспетті, жындар да адамдарды алдап, уысында ұстау үшін түрлі тәсілдерді қолданады (26-түсіндірмені қараңыз).

11. Сәуегейлік деген не? Одан неге аулақ болуымыз керек?

11 Жындар қолданатын тәсілдердің бірі — сәуегейлік. Бұл болашақты не белгісіз нәрсені білу үшін тылсым күшке жүгінуді білдіреді. Көп адам ырымдау, таро картасын ашу, кристалл шарын қолдану, алақан сызықтарын оқу, түс жору не жұлдызнама арқылы болашақты болжап жатады. Олар мұндаймен айналысқанда тұрған ештеңе жоқ деп ойлайды. Бірақ бұл өте қауіпті. Киелі кітаптан жындар мен көріпкелдердің бірлесіп әрекет ететіндерін көреміз. Мысалы, Елшілердің істері 16:16—18 тармақтардан бойында жыны бар бір қыздың көріпкелдікпен айналысқаны туралы оқимыз. Елші Пауыл сол қыздың бойынан жынды қуып шыққанда, ол болашақты болжау қабілетінен айырылып қалған.

12. а) Өлгендермен сөйлесу неліктен қауіпті? ә) Құдайдың қызметшілері жындармен байланысты жораларға неге қатыспайды?

12 Жындар адамдарды алдау үшін тағы бір тәсілді қолданады. Олар өлген адамдардың жаны өмір сүре береді, өлгендер бізбен сөйлесе алады, тіпті бізге зиян келтіруі мүмкін дегенге сендіргісі келеді. Мысалы, жақыны не досы қайтыс болған адам өлгендермен сөйлесе аламыз дейтін аруақ шақырушыларға баруы мүмкін. Олар өлген адам жайында қандай да бір мәлімет беруі, тіпті оның даусымен сөйлеуі мүмкін (Самуилдің 1-жазбасы 28:3—19). Көптеген жерлеу рәсімдері де қайтыс болған адамның жаны өлмейді деген ілімге негізделеді. Бұған жерлеумен байланысты дәстүрлер, марқұмның жаназасын шығару, жетісін, қырқын, жылдық асын беру сияқты салт-жоралар кіруі мүмкін. Егер мәсіхші осы жораларға қатысудан бас тартса, туған-туыстары мен ауылдастары оған қарсы шығып, тіпті мүлдем араласпай қоюы мүмкін. Бірақ біз өлгендердің еш жерде өмір сүрмейтінін жақсы білеміз. Өлгендермен сөйлесу мүмкін емес, олар бізге ешқандай зияндық жасай алмайды (Зәбүр 115:17). Сондықтан аруақтармен, яғни жындармен байланысуға тырыспаңыз, жындармен байланысы бар ешқандай жораларға да қатыспаңыз (Мұсаның 5-жазбасы 18:10, 11 оқыңыз; Ишая 8:19).

13. Бұрын жындардан қорқып өмір сүрген көп адам не істей алды?

13 Жындар адамдарды алдап қана қоймай, қорқытады да. Шайтан мен оның жын-перілері “өз уақыттарының аз қалғанын”, яғни Құдай жақында жер бетін олардан тазартатынын біледі. Сондықтан олар бұрынғыдан бетер жауыз әрі ашулы (Аян 12:12, 17). Алайда жындардан қорқып өмір сүрген мыңдаған адам қорқыныштарынан арылған. Оларға не көмектесті?

ЖЫНДАРҒА ҚАРСЫ ТҰРЫҢЫЗ

14. I ғасырдағы мәсіхшілер іспетті, жындардан азат болу үшін не істеу керек?

14 Киелі кітаптан жындарға қалай қарсы тұруға болатынын, олардың тұзағынан қалай босай алатынымызды білеміз. Мысалы, Ефес қаласындағы кейбір мәсіхшілер шындықты білмей тұрғанда жындармен байланысқан. Олар бұдан қалай арылған? Киелі кітапта: “Сиқырлықпен айналысқан көптеген адамдар кітаптарын әкеліп, жұрттың көзінше өртеп жіберді”,— делінген (Елшілердің істері 19:19). Олар мәсіхші болғылары келгендіктен, сиқырлықпен байланысты барлық кітаптарын жойған. Біз де солай етуіміз керек. Ехобаға қызмет еткісі келетін кез келген адам жындармен байланысы бар заттардың бәрінен арылуы керек. Бұларға кітаптар, журналдар, жұлдызнамалар, фильмдер, әндер, ойындар, тіпті плакаттар жатуы мүмкін. Бұл нәрселер сиқырлықты, жындарға не тылсым күштерге жүгінуді тартымды әрі еш зиянсыз етіп көрсетуі мүмкін. Сиқырлықпен байланысты заттарға жамандықтан қорғану үшін киетін не тағатын заттар да кіреді (Қорынттықтарға 1-хат 10:21).

15. Шайтан мен жындарға қарсы тұру үшін тағы не істеу қажет?

15 Ефестіктер сиқырлық жайлы кітаптарын өртеп жібергеннен кейін бірнеше жыл өткенде, елші Пауыл оларға әлі де “зұлым рухтарға қарсы күресулері” керектігін жазған (Ефестіктерге 6:12). Себебі олар кітаптарын жойғаннан кейін де, жындар оларға зияндық жасағылары келген. Ефестіктерге енді не істеу керек еді? Елші Пауыл: “Сенімнің үлкен қалқанын алыңдар, онымен Зұлымның отты жебелерінің бәрін өшіріп тастай аласыңдар”,— деген (Ефестіктерге 6:16). Қалқан жауынгерді соғыста қорғайтыны сияқты, бізді сеніміміз қорғайды. Ехобаның бізді қорғайтынына толықтай сенсек, Шайтан мен жындарға қарсы тұра аламыз (Матай 17:20).

16. Ехобаға деген сенімімізді қалай нығайта аламыз?

16 Ехобаға деген сенімімізді қалай нығайтсақ болады? Бұл үшін Киелі кітапты күнде оқуымыз және Ехобаның бізді қорғайтынына сенім артуымыз қажет. Ехобаға деген сеніміміз мықты болса, Шайтан мен жындар бізге зиян келтіре алмайды (Жоханның 1-хаты 5:5).

17. Бізді жындардан тағы не нәрсе қорғайды?

17 Ефестегі мәсіхшілерге тағы бір нәрсе істеу қажет болды. Олар тұрып жатқан қала спиритизмге толы болғандықтан, Пауыл: “Әр жағдайда сиына беріңдер”,— деп кеңес берген (Ефестіктерге 6:18). Олар Ехобадан қорғауды сұрап әрдайым дұға етулері керек еді. Ал біз не істеуіміз керек? Бүгінгі дүниені де жын-перілермен байланысты нәрселер жайлаған. Сондықтан Ехобадан бізді қорғауын сұрауымыз керек және дұға еткенде оның атын атауымыз қажет (Нақыл сөздер 18:10 оқыңыз). Ехобаға Шайтаннан құтқаруын сұрап дұға ете берсек, ол бізге жауап береді (Зәбүр 145:19; Матай 6:13).

18, 19. а) Шайтан мен жындармен күресте қалай жеңіске жете аламыз? ә) Келесі тараудан не білеміз?

18 Егер біз жындармен байланысы бар кез келген нәрседен арылсақ және Ехобаға арқа сүйесек, Шайтан мен жындарға қарсы тұра аламыз. Олардан қорқудың еш қажеті жоқ (Жақып 4:7, 8 оқыңыз). Ехоба жындардан әлдеқайда құдіретті. Ол жындарды Нұхтың заманында жазалаған, ал болашақта біржолата жояды (Яһуда 6). Еш ұмытпайық, олармен жалғыз күресіп жатқан жоқпыз. Ехоба бізді періштелері арқылы қорғайды (Патшалар 2-жазба 6:15—17). Ехобаның көмегімен Шайтан мен жындарды жеңе алатынымызға сенімді болайық (Петірдің 1-хаты 5:6, 7; Петірдің 2-хаты 2:9).

19 Шайтан мен жындар адамзатқа көп азап әкеліп жатса, Құдай оларды неге жоймай отыр? Бұл сұрақтың жауабын келесі тараудан білеміз.

ШАЙТАН МЕН ЖЫНДАРҒА ҚАРСЫ ТҰРУДЫҢ ЖОЛДАРЫ

  • Сиқырлықпен, жындармен не тылсым күштермен байланысы бар кез келген нәрседен арылыңыз

  • Киелі кітапты оқыңыз

  • Ехобаға дұға етіңіз

КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ ШЫНДЫҚТАР

1. ПЕРІШТЕЛЕР — ҚҰДАЙ ОТБАСЫНЫҢ БІР БӨЛІГІ

“Ехобаның... құдіреті зор періштелері, оны мадақтаңдар!” (Зәбүр 103:20).

Киелі кітапта періштелер жайлы не айтылған?

  • Әйүп 38:4—7

    Ехоба жерді жаратпас бұрын періштелерді жаратқан.

  • Аян 5:11

    Көкте жүздеген миллион періште бар.

  • Петірдің 1-хаты 1:11, 12

    Періштелер Ехобаның жерге қатысты ниеті үшін әрдайым қам жейді.

  • Лұқа 15:10

    Періштелер Құдайға қызмет ететіндердің қамын ойлайды.

2. ПЕРІШТЕЛЕР ҚҰДАЙДЫҢ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІНЕ КӨМЕКТЕСЕДІ

“Ехобадан қорқатындарды айналдыра оның періштесі қос тігіп, Оларды құтқарады” (Зәбүр 34:7).

Періштелер адамдарға көмектесетінін қайдан білеміз?

  • Мұсаның 1-жазбасы 19:15, 16; Даниял 6:22; Лұқа 22:43; Елшілердің істері 12:6—11

    Періштелер Лұтқа, Даниялға, Иса мен Петірге көмектескен.

  • Еврейлерге 1:7, 14

    Бүгінде Ехоба өз қызметшілерін періштелері арқылы қорғайды және көмектеседі.

3. ЗҰЛЫМ ПЕРІШТЕЛЕР БІЗГЕ ЖАМАНДЫҚ ЖАСАҒЫСЫ КЕЛЕДІ

“Шайтан бізден амалын асырмау үшін осылай істеймін, себебі біз оның айла-амалдарын жақсы білеміз” (Қорынттықтарға 2-хат 2:11).

Жындар деген кімдер және олар неге қауіпті?

  • Аян 12:9

    Бір періште Ехобаға қарсы шықты. Ол Шайтан деп аталды.

  • Мұсаның 1-жазбасы 6:2

    Нұхтың заманында кейбір періштелер Құдайға қарсы шықты. Олар жерге түсті.

  • Матай 9:34

    Олар Шайтанның жағына шығып, жындарға айналды.

  • Мұсаның 5-жазбасы 18:10, 11

    Жындар адамдарды алдайды және барынша зиян келтіруге тырысады.

4. СІЗ ШАЙТАН МЕН ЖЫНДАРҒА ҚАРСЫ ТҰРА АЛАСЫЗ

“Ібіліске қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден қашып кетеді” (Жақып 4:7).

Шайтан мен жындарға қарсы тұруға Ехоба көмектесу үшін, не істеуіміз керек?

  • Елшілердің істері 19:19

    Сиқырлықты, жындар не тылсым күштермен байланысуды еш зиянсыз, тіпті қызықты етіп көрсететін барлық заттардан арылыңыз.

  • Ефестіктерге 6:16, 18

    Киелі кітапты зерттеу арқылы сеніміңізді нығайтыңыз. Құдайдан сізді қорғауын сұрап дұға айтыңыз.

  • Нақыл сөздер 18:10

    Құдайды есімімен шақырыңыз.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу