75-ТАРАУ
Шынайы бақыттың қайнар көзі
ИСА ЖЫНДАРДЫ ҚҰДАЙДЫҢ ҚҰДІРЕТІМЕН ҚУЫП ШЫҒАРДЫ
ИСА АДАМДЫ НЕ БАҚЫТТЫ ЕТЕТІНІН ТҮСІНДІРДІ
Иса қазір ғана дұғаға қатысты тәлімін қайталаған болатын. Бұл оның қызмет барысында қайталап айтқан жалғыз тақырыбы емес. Ғалилеяда кереметтер жасаған соң, оған жындардың әміршісінің күшін қолданады деген айып тағылған болатын. Яһудилер сол айыпты қазір қайтадан тағып отыр.
Иса адамды мылқау еткен жынды қуып шығарғанда, жұрт таңғалды. Ал қарсыластары оған жалған айып тағып: “Ол жындарды жындардың әміршісі Белзебүлдің күшімен қуып шығарады”,— деді (Лұқа 11:15). Басқалары болса Исаның Мәсіх екеніне көбірек дәлел алғысы келіп, көктен белгі көрсетуін талап етті.
Мұны олар сынау үшін айтып тұрғанын түсінген Иса Ғалилеяда айтқан жауабын қайталады. Жікке бөлінген патшалықтың күйрейтінін айтқан соң, ол: “Сол сияқты, Шайтан өзара жікке бөлінсе, оның патшалығы қалайша берік тұра алады?”— деді. Сосын: “Ал мен жындарды Құдайдың рухымен қуып шығаратын болсам, онда Құдай Патшалығының сендерге келіп қалғаны”,— деп ашық айтты (Лұқа 11:18—20).
“Құдайдың рухымен” (түпнұсқада сөзбе-сөз “Құдайдың саусағымен”) деген Исаның сөзі тыңдаушылардың есіне Исраилдің тарихын салса керек. Ежелде перғауынның абыздары Мұса жасаған кереметті көріп: “Бұл — Құдайдың құдіретімен жасалған іс!”— деп дауыстаған болатын. Сондай-ақ екі тас тақташадағы Он заң да “Құдайдың қолымен” жазылған еді (Мұсаның 2-жазбасы 8:19; 31:18 сілтемені қараңыз). Иса да Құдайдың рухымен немесе құдіретімен жындарды қуып, науқастарды сауықтырды. Демек, Құдай Патшалығы қарсыластарға да келгені. Себебі Патшалықтың тағайындалған Патшасы Иса олардың көз алдында құдіретті істер жасап жатты.
Исаның жындарды қуып шығара алатыны Шайтаннан күштірек екенін дәлелдейді. Өйткені адам күштірек болса ғана біреудің үйіне кіріп, иесін байлап тастай алады. Иса бойынан жыны қуылған адам жайлы мысалын қайталады. Егер адам бойын жақсы нәрсемен толтырмаса, әлгі жын жетеуін ертіп, қайта оралады. Сонда адамның кейінгі жағдайы бастапқыдан да мүшкіл болады (Матай 12:22, 25—29, 43—45). Исраил халқы дәл осындай мүшкіл күйде еді.
Бір уақытта Исаны тыңдап тұрған әйелдердің бірі: “Сені құрсағында көтерген әрі емізген әйел бақытты!”— деп дауыстады. Яһуди әйелдері пайғамбардың — бұл жағдайда Мәсіхтің — анасы болуды үлкен мәртебе санайтын. Сондықтан мынадай керемет ұстаздың анасы болған Мәриям ерекше бақытты дегісі келсе керек. Алайда Иса адамды шын мәнінде ненің бақытты ететінін түсіндіріп: “Жоқ, Құдай сөзін естіп, оны орындайтындар бақытты!”— деп әйелдің ойын түзетті (Лұқа 11:27, 28). Иса Мәриямға ерекше құрмет көрсетілу керек деген ойға меңзейтін сөз айтқан емес. Адамды шынайы бақытқа бөлейтін — туыстық байланыс, я болмаса жетістіктер емес, Құдайдың адал қызметшісі болу.
Иса көктен белгі сұраған ғалилеялықтарды қалай айыптаса, бұл жердің адамдарын да солай айыптады. Оларға: “Жүніс пайғамбардың белгісінен басқа белгі көрсетілмейді”,— деді. Кезінде Жүніс үш күн балықтың ішінде болуымен және батыл уағыздауымен өкінген ниневиялықтар үшін белгі болған. “Бірақ мұнда Жүністен де зор біреу бар”,— деді Иса (Лұқа 11:29—32). Сондай-ақ Иса өзінің Сүлейменнен де — Шеба елінің патшайымы іздеп келген данышпаннан да — зор тұлға екенін айтты.
“Шам жаққан адам,— деді Иса, — оны жасырын жерге немесе ыдыспен бүркеп қоймайды. Қайта, үйге кіргендер жарықты көре алу үшін шамдалға қояды” (Лұқа 11:33). Иса мұндай адамдарға тәлім беру мен кереметтер көрсетуді жанып тұрған шамды бүркеумен бірдей дегісі келген шығар. Өйткені олар “көздерін бір-ақ нәрсеге тікпегендіктен”, Иса жасаған істердің мақсатын ұға алмады.
Иса әлгінде ғана адамды мылқау еткен жынды қуып шығарып, сауықтырған болатын. Бұл керемет адамдарды Құдайды мадақтауға және Ехобаның ісін жариялауға талпындыру керек еді. Сондықтан Иса өзін сынамақ болғандарға былай деп ескертті: “Байқаңдар, бойларыңдағы жарық қараңғылық болып жүрмесін! Егер денелерің түгелдей жарық болып, еш қараңғы жері қалмаса, онда ол сәулесін шашып тұрған шам іспетті түгелдей жарық болады” (Лұқа 11:35, 36).