РУХАНИ ТАРИХЫМЫЗДАҒЫ АЙТУЛЫ ОҚИҒА
“Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасы” қазақ тілінде жарыққа шықты!
2014 жылдың 26 қыркүйегінде рухани тарихымызда елеулі оқиға орын алды: “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасы” қазақ тілді оқырмандардың қолына тиді!
Қазақстандағы Құдай Сөзінің оқырмандары бұған дейін Киелі кітаптың басқа да қазақша аудармаларын оқып келген. Олай болса, аталмыш “Жаңа дүние аудармасы” не үшін қажет болды? Оны кімдер аударды? Бұл аудармаға сенім артуға бола ма?
Киелі кітап аудармаларының көп болу себебі неде?
Соңғы жылдары көптеген жаңа аудармалар шықты. Соның арқасында көбісі Құдай Сөзін алғаш рет ана тілінде оқи алды. Алайда Киелі кітаптың аудармасы бар тілдерде де, оның жаңа аудармалары тағы шығып жатыр. “Неге сонша көп аударма?” деген ағылшын тіліндегі кітаптың авторлары Сакаи Кубо мен Уолтер Спект былай түсіндірді: “Киелі кітап аудармасының ешқайсысын соңғы аударма деуге болмайды. Өйткені олар соңғы зерттеулермен және тілдегі өзгерістермен қатар жүруі керек”.
Киелі кітап о баста көне еврей, арамей және грек тілдерінде жазылған. Соңғы уақыттары ғалымдар бұл тілдерді түсінуде айтарлықтай жетістікке жетті. Бұған қоса, аудармашылардың алдыңғы ұрпақтары қолданған қолжазбалардан да көне әрі анағұрлым тура жазбалар табылды. Сол себепті қазіргі таңда Құдай Сөзін бұрынғыдан да дәлірек етіп аудару мүмкін болып отыр!
Халықаралық бизнес профессоры Диклан Хайстың айтуынша, “Киелі кітап жыл сайын, осы жылы да, ең көп сұранысқа ие”. Алайда бұған қол жеткізу үшін баспагерлер кейде туралықтан аттап кететін сияқты. Мысалы, бір Киелі кітап аудармасында баспагерлер оқырманның “ішін пыстырады” деп тапқан жерлерін алып тастаудан тайынбаған. Ал басқа аудармада қазіргі замандағы кейбір оқырмандарға жағу үшін белгілі бір сөздер мен тіркестер өзгертілген.
Құдай есімі тасада қалмауы тиіс
Ең даулы мәселелердің бірі — Құдайдың Ехоба деген есіміне қатысты болса керек (Кейбір ғалымдар Құдайдың есімін “Яхве” деп аударады). Киелі кітаптың ежелгі көшірмелерінде Құдайдың есімі еврей әліпбиінің төрт дауыссыз әрпімен жазылған. Бұл әріптерді ЙХВХ немесе ЕХБХ деген әріптермен транслитерациялауға болады. Бұл бірегей есім “Көне өсиет” деп те аталатын Еврей жазбаларының өзінде 7000-ға жуық рет кездеседі (Мұсаның 2-жазбасы 3:15; Зәбүр 83:18). Демек, Жаратушымыз өзіне құлшылық етушілердің осы есімді білгенін әрі атағанын қалайды.
Бірақ ғасырлар бұрын еврейлер арасында Құдай есімін атауға болмайды деген ырым белең алған. Кейінірек мәсіхшілер де осындай ырымшылдықтың әсеріне түсті (Елшілердің істері 20:29, 30; Тімөтеге 1-хат 4:1). Сөйтіп, Киелі кітап аудармашыларының көбі Құдайдың есімін “Ие” деген лауазыммен ауыстыратын болды. Бүгінде Киелі кітаптың басым көпшілігінде Құдай есімі мүлде алынып тасталған. Ал кейбір аудармаларда тіпті Жохан 17:6-дағы “есім” сөзін де алып тастаған. Бұл тармақта Иса Мәсіх: “Адамдарға есіміңді аштым”,— деген. Мысалы, “Жаңа өмір” баспасының аудармасында бұл тармақ: “Адамдарға Өзіңді таныттым”,— деп аударылған.
Құдай есімінің осылайша елеусіз қалуының себебі неде? “Киелі кітап аудармашысына арналған пайдалы мақалалар” деп аталатын журналда айтылған сөздерге көңіл бөлейікші. Бұл журналды дүниежүзіндегі Киелі кітапты аудару ісінің басым бөлігін үйлестіретін Біріккен Киелі кітап қоғамдары шығарған. Оның бір мақаласында былай делінген: “ЕХБХ деген жалқы есім болғандықтан, аудармашылар үшін ең қисындысы оны транслитерациялау болар еді”. Әйтсе де мақалада мынадай ескерту жазылды: “Дегенмен санаспауға болмайтын жайттар да бар”.
Ол қандай “жайттар”? Олар Құдай есімін қолданбауға келелі себеп бола ала ма? Аталмыш журналда айтылғандай, кейбір ғалымдар: “Яхве” есімін қолданғанымыз жұртты шатастыруы мүмкін... олар “Яхве” деген өздері білетін Құдайларынан өзге, жаңа бір Құдай екен деп ойлап қалуы мүмкін”,— дейді. Алайда Киелі кітапта мына жайт ерекше атап өтілген: Ехоба Құдай мәсіхшілікті ұстанбайтындардың табынатын құдайларына шынында да ұқсамайды (Ишая 43:10—12; 44:8, 9).
Ал кей ғалымдар дәстүрді бұзбау үшін ғана Құдай есімін “Ие” деген лауазыммен ауыстыратындарын айтады. Бірақ Иса пайғамбар Құдайды қорлайтын дәстүрлерді ұстанатындарды айыптаған (Матай 15:6). Сондай-ақ есімді үнемі лауазыммен ауыстырып отыру — Киелі жазбаларға жат нәрсе. Мысалы, Иса Мәсіхтің “Құдай Сөзі”, “патшалардың Патшасы” деген сияқты көптеген лауазымы бар (Аян 19:11—16). Ендеше бұл оның есімін осы лауазымдардың біреуімен ауыстыру керек деген сөз бе?
Жоғарыда сөз етілген журналдың тағы бір мақаласында: “Құдай есімінің “Ехоба” деген нұсқасын қолданудан аулақ болған жөн”,— делінген. Не себепті? Мақалада әрі қарай былай делінген: “Ғалымдардың көбісі [Құдай есімінің] түпнұсқаға ең жақын дыбысталуы “Яхве” деп есептейді”. Алайда Құдай есімінің әуел баста нақты қалай дыбысталғаны белгісіз. Сондықтан бұл мәселеде үзілді-кесілді тұжырым жасауға негіз жоқ. Олай болса, неліктен қазақ тіліндегі “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасында” Құдай есімінің “Ехоба” деген нұсқасы қолданылған? Бұған бір мысал келтірейік: Ишая, Еремия, Иса сияқты көпке танымал пайғамбарлардың есімдері көне еврей тілінде басқаша дыбысталған (“Ешаяху”, “Йирмеях”, “Ехошуа”). Сол сияқты Құдай есімі қазақ тілінде лайықты түрде айтылуы үшін, тілдің ерекшеліктері есепке алынып, бұл есім “Ехоба деп берілді.” Басқа тілдерде осы есімнің ұқсас баламалары кеңінен мойындалған. Көріп отырғанымыздай, Құдай есімін алып тастау үрдісі нақты деректерге емес, қате түсінік пен жеке адамдардың сезімдеріне негізделгенге ұқсайды.
Алайда бұл ғылыми мәселе ғана емес. Мысалы, Біріккен Киелі кітап қоғамдарының Үндістандағы кеңесшісі Құдай есімі болған басылымдардан оны алып тастаудың неге әкеп соғатыны жайлы жазды. Ол былай дейді: “Үнді халқын Құдайдың лауазымы қызықтырмайды, олар Құдайдың есімін білгісі келеді. Әйтпесе олар өздерін Құдайға жақын сезіне алмайды”. Шынында да, Құдайды іздегендердің барлығы да осылай сезінеді деуге болады. Құдайды танып-білу үшін оның есімін білу өте маңызды, өйткені есімін білсек, біз оны белгісіз тылсым күш емес, Тұлға ретінде тани аламыз (Мұсаның 2-жазбасы 34:6, 7). Сондықтан да Киелі кітапта: “Ехобаны атын атап шақырған әркім құтқарылады”,— делінген (Римдіктерге 10:13). Құдайға жақындағысы келгендер оның есімін атауы тиіс!
Құдайды даңқтайтын аударма
“Жаңа дүние аудармасында” Құдайдың есімі бар, ол — Ехоба
1950 жылы “Мәсіхшілердің грек жазбалары. Жаңа дүние аудармасының” алғаш рет ағылшын тілінде жарық көруі елеулі оқиға болды. Одан кейінгі он жыл ішінде “Көне өсиет” деп те аталатын Еврей жазбалары бірнеше бөліктерімен шығып отырды. Ал 1961 жылы ағылшынша Киелі кітаптың “Жаңа дүние аудармасы” бір томдық толық нұсқамен шықты. Көңіл аударарлық бір жайт, онда Еврей жазбаларындағы 7000-ға жуық рет кездесетін Құдай есімі барлық жерінде “Ехоба” (ағыл. “Jehovah”) деп аударылды. Көпшілігі “Жаңа өсиет” деп атайтын Грек жазбаларында да Құдай есімінің 237 рет өз орнына қойылғанын айтпай кетуге болмайды.
Құдайдың есімін қайта жаңғырту оған даңқ әкелумен қатар, біздің түсінігімізді де ұлғайтады. Бұған бір мысал келтірейік: көптеген аудармада Матай 22:44 былай аударылады: “Ием менің Иеме былай деді”. Байқасаңыз, кімнің кімге сөйлеп жатқанын ажырату қиын. Мұнда Зәбүр 110:1 тармақтағы сөздер дәйексөз ретінде келтіріліп тұрғандықтан, “Жаңа дүние аудармасында” аталмыш жазба орны былай аударылды: “Ехоба менің Иеме былай деді”. Осылайша оқырман Ехоба Құдай мен оның рухани Ұлының екі бөлек тұлға екенін айқын көре алады.
Оны кімдер аударды?
“Жаңа дүние аудармасын” Ехоба куәгерлерінің заңды тұлғасы болып табылатын Күзет мұнарасы, Киелі кітап және трактаттар қоғамы басып шығарған. Жүзден астам жылдан бері Ехоба куәгерлері дүниежүзі бойынша Киелі кітапты басып шығарып, таратумен айналысады. Ал “Жаңа дүние аудармасын” дайындаған бір топ мәсіхші “Киелі кітаптың Жаңа дүние аудармасы” комитеті деп аталады. Комитет мүшелері бұл істі атақтарын шығару үшін жасаған жоқ, олар дүниеден өткен соң да аттарының беймәлім болып қалуын өтінді (Қорынттықтарға 1-хат 10:31).
Неліктен бұл еңбек “Жаңа дүние аудармасы” деп аталған? 1950 жылы шыққан алғашқы басылымның кіріспесінде айтылғандай, бұл атау адамзаттың Киелі кітапта уәде етілген “жаңа дүниенің табалдырығында тұрғанына” деген берік сенімділікті паш етеді (Петірдің 2-хаты 3:13). Сондай-ақ аталмыш комитет жазғандай, осы “ескі дүниеден әділдік орнаған жаңа дүниеге өту кезеңінде” Киелі кітап аудармалары арқылы “Құдай Сөзіндегі ақиқаттың” жарқырай түскені маңызды.
Тура аударма
Аударма барысында туралыққа баса назар аударылды. Ағылшын тіліне тәржімелеген аудармашылар қолда бар ең жақсы мәтіндерді пайдаланып, көне еврей, арамей және грек тілдерінен тікелей аудардыa. Олар қазіргі оқырман оңай түсінетін тілді қолдана отырып, көне мәтіндерді мүмкіндігінше сөзбе-сөз аударуға тырысты.
Сондықтан болар, кейбір ғалымдар “Жаңа дүние аудармасына” бейтарап түрде және дәл аударылғаны үшін жоғары баға берген. 1989 жылы Израильдегі Биньямин Кедар есімді профессор былай деген: “Киелі кітаптың еврей мәтіні мен аудармалары жөніндегі лингвистикалық зерттеулерімде мен жиі ағылшын тіліндегі “Жаңа дүние аудармасына” жүгінемін. Солай еткен сайын, мынаған көзім жете түсті: бұл аударма — түпнұсқа мәтінді мүмкіндігінше тура түсіну ниетімен атқарылған адал еңбектің жемісі”.
“Жаңа дүние аудармасының” өзге тілдерге аударылуы
Ехоба куәгерлері “Жаңа дүние аудармасын” өзге тілдерде де шығаруды жөн көрді. Қазіргі кезде бұл аударма толығымен не жартылай 125 тілде бар. Бұл істі жеңілдету мақсатымен Киелі кітаптағы сөздерді компьютер арқылы зерттеуге мүмкіндік беретін арнайы аударма тәсілі ойлап табылды. Аудармашыларға көмектесу үшін Аудармашылармен қызметтесу бөлімі құрылды. Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі Киелі кітапты аудару жұмысын Жазушылар комитеті арқылы бақылайды. Ал аударманың жұмыс барысы қандай?
Алдымен, Құдайға адал бірнеше мәсіхшілерден аударма тобы құрылады. Тәжірибеден байқалғаны, аудармашылар жеке-жеке емес, топ болып жұмыс атқарғанда, аудармалары анағұрлым сапалы әрі жан-жақты қарастырылған болады (Нақыл сөздер 11:14). Әдетте, әр топ мүшесінің Ехоба куәгерлерінің басылымдарын аударуда біраз тәжірибесі болады. Сосын топ мүшелері Киелі кітапты аударудың негізгі қағидалары жайлы толықтай дәріс алып, арнайы құрастырылған компьютерлік бағдарламаларды қолдануды үйренеді.
Аударма тобына Киелі кітапты тура және қарапайым адамдар оңай түсінетіндей етіп аудару тапсырылады. Олар мүмкін болған жердің бәрінде сөзбе-сөз аударуы тиіс. Сөйте тұра түпнұсқадағы мағынаны бұрмалап жіберуден де сақ болулары қажет. Бұған қалай қол жеткізуге болады? Қазақ тіліндегі жаңадан шыққан басылымды мысалға алайық. Алғашында аударма тобы ағылшын тіліндегі “Жаңа дүние аудармасында” қолданылған негізгі Киелі кітап тіркестерінің қазақ тіліндегі баламаларын таңдай бастады. “Күзет мұнарасының аударма жүйесі” деп аталатын арнайы компьютерлік бағдарлама Киелі кітаптағы түбірлес не синоним сөздерді көрсетіп тұрды. Сондай-ақ онда ағылшын тіліндегі сөздердің түпнұсқадағы грек не еврей тіліндегі қай сөздерден аударылғанын көруге болатын. Соның арқасында аудармашылар бұл түпнұсқа сөздер Киелі кітаптың басқа жерлерінде қалай аударылғанын біле алды. Осы құралдардың барлығы да сол сөздердің қазақ тіліндегі баламаларын табуда зор көмек болды. Аударма тобы таңдалған сөздерді қолдануға келіскен соң, Киелі кітапты аударуды бастады. Аударма барысында бір жазба орнынан екіншісіне өткен сайын, компьютер экранынан сондағы сөздердің қазақ тіліндегі баламалары шығып тұрды.
Әрине, аударма деген бірнеше сөздің орнын басқа сөздермен ауыстыру ғана емес. Таңдалған қазақша тіркестер Киелі кітаптағы ойды әр мәнмәтінде тура жеткізетініне сенімді болу үшін біраз тер төгу қажет болды. Аударылған мәтін грамматика мен синтаксис ережелеріне сай әрі табиғи мәнерде жазылуына да аса мән берілді. Осындай қажырлы еңбек нәтижелі жемісін берді. “Жаңа дүние аудармасының” қазақ тіліндегі басылымында Құдай Сөзі оқуға жеңіл, анық та түсінікті, әрі көне мәтінге адалдықпен аударылдыb.
Біз сізді “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасын” оқып-зерттеуге шақырамыз. Сіз оны осы журналдың баспагерлерінен не сіз тұратын жердегі Ехоба куәгерлерінің қауымынан ала аласыз. Оны оқи отырып, Құдай сөзінің тура аударылғанына толықтай сенімді бола аласыз. Осы Киелі кітаптың жарық көруі рухани тарихымыздағы айтулы оқиға болғанына көп ұзамай сіздің де көз жеткізетініңізге сенімдіміз!
a Бастапқы ағылшын тіліндегі басылымда Б. Ф. Весткотт пен Ф. Дж. А. Хорттың “Көне грек тіліндегі Жаңа өсиет” деп аталатын еңбегі негізгі грек мәтіні ретінде алынды. Ал Еврей жазбалары Рудольф Киттелдің “Библия Хебраика” (“Biblia Hebraica”) басылымына негізделген болатын. Сонымен қоса, 2013 жылы шыққан өңделген “Жаңа дүние аудармасында” б. з. ІІ және ІІІ ғасырларынан қалған деп саналатын басқа бір көне папирус шиыршықтары да қолданылды. Сондай-ақ Нестле мен Аландтың және Біріккен Киелі кітап қоғамдарының соңғы ғылыми зерттеулерге сай өңделген мәтіндері де пайдаланылды.
b Киелі кітапты аударудың негізгі қағидалары мен қазақ тіліндегі басылымның ерекшеліктері жайлы толығырақ білу үшін “Жаңа дүние аудармасының” А1 және А2 қосымшасын қараңыз.