13-ТАРАУ
Ізгі хабарды таратушылардың соттарға жүгінуі
1, 2. а) Дінбасылар не істеді, ал елшілер оны қалай қабылдады? ә) Уағыз ісіне тыйым салынғанда, елшілер неге мойынсұнбады?
Б. З. 33 жылының Елуінші күн мейрамында Иерусалимде мәсіхшілер қауымы құрылды. Шайтан осы жаңа қауымның өсіп-өркендегенін мүлдем қаламайды. Сондықтан оның құрылғанына бірер апта болмай-ақ, дінбасыларды уағыз ісіне тыйым салуға түрткілейді. Оның көксегені — қауымды түптамырымен құртып жіберу. Бірақ елшілер еш тайсалмай уағыздай береді. Осылай көп адам “Иемізге сеніп, шәкірттердің қатарына қосылады” (Ел. іс. 4:18, 33; 5:14).
“Елшілер оның аты үшін қорлық көруге лайық саналғандарына қуанды”
2 Ашуға мінген қарсыластар тағы бір соққы береді. Бұл жолы елшілердің бәрін түрмеге жабады. Бірақ түн ортасында Ехобаның періштесі түрме есіктерін ашады да, таң ата елшілер қайтадан уағыздап жүреді! Қарсыластары оларды тағы да тұтқынға алып, Жоғарғы кеңестің алдына апарады. Ал Жоғарғы кеңестегілер оларға уағыз ісіне қатысты жарлықты бұзды деген айып тағады. Бұған елшілер: “Билеуші ретінде бірінші кезекте адамға емес, Құдайға мойынсұнуымыз керек”,— деп жауап береді. Жоғарғы кеңестегілердің бұған қаны қайнағаны сонша — оларды өлтірмек болады. Жағдай осылай ушыққан сәтте жұртқа сыйлы Гамалиел деген Заң мұғалімі сөзге араласып: “Бұл адамдарды жайына қалдырыңдар. ...Байқаңдар, Құдайдың өзіне қарсыласып жүрмеңдер”,— деп ескертеді. Бір таңғаларлығы — оның сөзі жерде қалмай, елшілер босатылады. Жүндері жығылмаған олар әрі қарай “Мәсіх Иса туралы ізгі хабарды жариялауды және тәлім беруді” жалғастыра береді (Ел. іс. 5:17—21, 27—42; Нақ. с. 21:1, 30).
3, 4. а) Құдай халқына шабуылдау үшін Шайтан қандай үйреншікті тәсілін қолданады? ә) Осы және келесі екі тарауда не талқылаймыз?
3 Б. з. 33 жылы болған сол жағдай мәсіхшілер қауымына билігі барлардың тарапынан көрсетілген алғашқы қарсылық болатын, бірақ соңғысы емес еді (Ел. іс. 4:5—8; 16:20; 17:6, 7). Қазіргі уақытта да Шайтан шынайы ғибадаттың жауларын билік басындағыларға ықпал етуге түрткілеп, уағыз ісіне тыйым салдыруға тырысады. Құдай халқының жаулары оларға неше түрлі айып тағады. Мысалы, қоғамдық тәртіпті бұзушылар, мемлекетке қарсы арандатушылар, саудагерлер деп айыптайды. Мұндай айыптардың жалған екенін дәлелдеу үшін бауырластардың сотқа жүгінген кездері болған. Сол тартыстардың нәтижесі қандай болды? Ондаған жылдар бұрын шығарылған сот шешімдерінің бізге қандай қатысы бар? Олай болса, ізгі хабарды қорғауға және оны заңдастыруға көмектескен кейбір сот істерін қарастырып көрейік (Філіп. 1:7).
4 Бұл тарауда біз уағыздауға деген құқымызды қалай қорғағанымыз жөнінде әңгімелесеміз. Ал келесі екі тарауда осы дүниелік болмай, Патшалықтың талаптарына сай өмір сүруге деген шешімімізді қорғаған кейбір сот тартыстарын қарастырамыз.
Тәртіп бұзушылар ма, Құдай Патшалығының адал жақтаушылары ма?
5. 1930 жылдардың соңында Куәгерлер не үшін қамауға алынған және жауапты бауырластар не істеуді шешті?
5 1930 жылдардың соңында Америка Құрама Штаттарының кей қалалары мен штаттарында Ехоба куәгерлері қызметке қатысуға ресми рұқсат қағаз, не лицензия, алуға мәжбүрленді. Бірақ бауырластар ондай қағаз алмады. Олар мұндай лицензияның күшін жоюға болады, ал Исаның Патшалық туралы уағыздаңдар деген бұйрығын орындауға ешбір үкіметтің кедергі жасауға билігі жоқ деген ойда болды (Мар. 13:10). Нәтижесінде жүздеген жариялаушы қамауға алынды. Бұны көрген жауапты бауырластар сотқа жүгінуді шешті. Олар Куәгерлердің діни сенім бостандығын шектеуімен үкімет басындағылар заңсыз әрекетке барғанын дәлелдейміз деп үміттенді. Сөйтіп, 1938 жылы кейінгі істерге зор ықпал еткен елеулі сот ісі болды. Бұл қандай іс еді?
6, 7. Кантуэлл отбасы қандай жағдайға тап болды?
6 26 сәуір, 1938 жыл, сейсенбі. 60 жастағы Ньютон Кантуэлл мен әйелі Эстер ұлдары Хенри, Расселл, Джессимен бірге күні бойы Нью-Хейвен қаласында (Коннектикут штаты) уағыздамақ болып, таңертең жолға шығады. Үй ішімен арнайы ізашар болып қызмет ететін Кантуэллдер сол күні үйлеріне оралмауы мүмкін екендерін білді. Себебі олар бірнеше рет қамауға алынған болатын, осы жолы да солай болуы мүмкін еді. Бірақ бұл олардың ізгі хабарды уағыздауға деген ықыласын сөндірмеді. Нью-Хейвен қаласына олар екі көлікпен келді. Әдебиеттер мен патефондар салынған өз көліктерін отағасы, ал 22 жасар Хенри зорайтқышы бар көлікті айдап келді. Өздері ойлағандай, бірнеше сағаттан кейін оларды полиция тоқтатты.
7 Полиция алдымен 18-дегі Расселлді, сосын Ньютон мен Эстерді ұстады. Мұны алыстан 16 жасар Джесси көріп тұрды. Ол жалғыз қалды, өйткені ағасы Хенри қаланың басқа жағында жүрген еді. Әйтсе де Джесси патефонын алып, әрі қарай уағыздай берді. Ол екі католикке Рутерфордтың “Дұшпандар” деген баяндамасын тыңдатты. Баяндаманы тыңдап тұрып ашуға булыққан олар Джессиді соққыға жыққысы келді. Бірақ ол үндемей, қастарынан кетіп қалды. Көп ұзамай оны да полиция қызметкері тоқтатып, қамауға алды. Полиция Эстер бауырласқа айып тақпағанымен, Ньютон бауырлас пен ұлдарын кінәлі деп тапты. Әйткенмен олар сол күні-ақ кепілдікке босатылды.
8. Неге сот Джесси Кантуэллге қоғамдық тәртіпті бұзды деген айып тақты?
8 Бірнеше айдан соң, 1938 жылдың қыркүйек айында, Нью-Хейвеннің қалалық сотында Кантуэлл отбасының ісі қаралды. Ньютон, Расселл, Джесси үшеуі лицензиясыз садақа жинағаны үшін айыпты деп табылды. Коннектикут штатының Жоғары сотына апелляциялар берілгеніне қарамастан, Джессиге қоғамдық тәртіпті бұзды деген айып тағылды. Неге? Өйткені куә ретінде шақырылған әлгі екі католик баяндамада айтылған сөздер діндерін қорлап, намыстарына тигенін айтты. Жауапты бауырластар сот шешімімен келіспей, Құрама Штаттардың соңғы инстанциясы — Жоғарғы сотқа шағымданды.
9, 10. а) Жоғарғы сот Кантуэлл отбасына қатысты қандай шешім қабылдады? ә) Бұл шешімнің бізге қатысы бар ма?
9 1940 жылдың 29 наурызынан бастап аға судья Чарлз Хьюз бен тағы сегіз судья Ехоба куәгерлерінің қорғаушысы Хейден Ковингтонның келтірген айғақтарын тыңдадыa. Одан кейін Коннектикут штатының заңгері сөйлеп, Ехоба куәгерлерінің қоғамдық тәртіпті бұзғанына айғақтар келтірді. Сонда судьялардың бірі одан: “Иса Мәсіх жариялаған хабар жұртқа ұнаған жоқ еді ғой?”— деп сұрады. Ол: “Иә, ұнамаған. Ұмытпасам, Киелі кітапта жариялаған хабары үшін Исаға не болғаны да айтылған”,— деп жауап берді. Өз-өзін әшкерелеу деп осыны айт! Заңгер өзі аңдамай Ехоба куәгерлерін Исаға, ал Штатты оған айып таққандарға теңеді. Содан 1940 жылы 20 мамырда Жоғарғы сот бұл істі бірауыздан Куәгерлердің пайдасына шешті.
Сотта жеңіске жеткен Хейден Ковингтон (ортада), Глен Хау (сол жақта) және өзге бауырластар
10 Куәгерлер үшін бұл шешім өте маңызды болды: соның арқасында адамдардың өз дінін еркін ұстануға қатысты құқығы қорғалды. Енді қандай да бір федерациялық үкімет, штат не жергілікті билік өкілі әлдекімнің наным бостандығына қол сұқса, мұнысы заңсыздық деп есептелетін болды. Бұған қоса, сот Джессидің әрекетінде “қоғамдағы ынтымақ пен тәртіпке қауіп төндіретіндей” ештеңе жоқ деп тапты. Осылайша сот шешімінен Ехоба куәгерлерінің уағыздауы қоғамдық тәртіпті бұзу болып есептелмейтіні анық болды. Бұл — Құдай халқының даусыз жеңісі! Оның бізге қатысы бар ма? Бір заңгер бауырлас былай дейді: “Әділетсіз шектеулерден қорықпай, дінімізді еркін ұстану құқығы бізге, Куәгерлерге, үміт сыйлайтын хабарды айналамыздағыларға жеткізуге жол ашты”.
Арандатушылар ма, шындықты жариялаушылар ма?
“Құдайды, Мәсіхті, бостандықты өлердей жек көруімен Квебек бүкіл Канаданы масқаралап отыр”
11. Канададағы бауырластар қандай науқан өткізді және не үшін?
11 1940 жылдары Канададағы Ехоба куәгерлері қатты қуғынға ұшырады. Сондықтан бауырластар 1946 жылы 16 күндік науқан өткізіп, Канада үкіметінің діни сенім бостандығын аяқасты етіп жатқанын жария етті. Науқан кезінде “Құдайды, Мәсіхті, бостандықты өлердей жек көруімен Квебек бүкіл Канаданы масқаралап отыр” деген 4 беттік трактат таратылды. Онда Квебек провинциясындағы дінбасыларының арандатуынан туған тәртіпсіздіктер, полиция қызметкерлерінің ұрда-жық әрекеті, топ-топ болып жиылған жұрттың бауырластарға жасаған қатыгездігі түгелдей баяндалды. Трактатта былай делінді: “Ехоба куәгерлері әлі де заңсыз қамауға алынуда. Үлкен Монреальде Куәгерлерге қарсы 800-ге жуық іс қозғалды”.
12. а) Қарсыластар трактат тарату науқанын тоқтату үшін қандай шара қолданды? ә) Бауырластарға қандай айып тағылды? (Сілтемені де қараңыз.)
12 Бұған жауап ретінде Католик кардиналы Вильнёвпен ым-жымы бір Квебек премьер-министрі Морис Дюплесси Куәгерлерге қарсы “аяусыз соғыс” жариялады. Сол-ақ екен қамауға алынғандардың саны 800-ден 1600-ге бір-ақ жетті. Бір ізашар: “Қайта-қайта полицияға түсе бергендіктен, қанша рет қамауға алынғанымыздан жаңылып та қалдық”,— деді. Трактат таратып жүріп қамауға алынған Куәгерлерге “мемлекетке қарсы арандатушы” деген айып тағылдыb.
13. Мемлекетке қарсы насихат жүргізді деген айыппен алғашқы іс кімге қатысты қозғалды?
13 1947 жылы мемлекетке қарсы насихат жүргізді деген айыппен сотта қаралған алғашқы іс Буше отбасының ісі болды. Айыпталушылар Эме Буше бауырлас пен оның 18-дегі Жизель және 11-дегі Люсиль деген қыздары еді. Олар Квебектің оңтүстігіндегі фермаларда трактат таратқан болатын. Бірақ бұл отбасын қоғамдық тәртіпті бұзушыларға жатқызу қиын еді. Отағасы Эме шағын фермасының шаруасымен айналысып, анда-санда ат арбамен қалаға барып тұратын момын жан болатын. Сөйтсе де оның отбасы трактатта айтылған сорақылыққа тап болды. Куәгерлерді суқаны сүймейтін судья Буше отбасының кінәсіз екенін дәлелдейтін айғақтарды мойындағысы келмеді. Ол айыптаушылардың жағына шығып, трактат жеккөрушілік оятады, сондықтан Буше отбасы кінәлі деген шешім шығарды. Сонымен, судьяның шешімі мынаған сайды: шындықты айту — қылмыс! Эме мен Жизельге мемлекетке қарсы арандатушылық әрекеттер жасады деген айып тағылды. Тіпті кішкентай Люсиль екі күнге түрмеге жабылды. Бауырластар істі Канаданың Жоғарғы сотына апелляцияға берді, ал олар қарауға келісті.
14. Қуғын жылдары Квебектегі бауырластар не істеді?
14 Квебектегі батыл бауырластар аяусыз қуғын-сүргінге қарамай, Патшалық туралы хабарды уағыздауларын доғармады. Бұлары жеміссіз болмады. 1946 жылы трактат тарату науқаны басталғанда, Квебекте 300 Куәгер бар еді. Төрт жыл ішінде олардың саны 1000-ға жетті!c
15, 16. а) Канаданың Жоғарғы соты Буше отбасына қатысты қандай шешім шығарды? ә) Бұл жеңістің бауырластарға және өзгелерге қандай пайдасы тиді?
15 1950 жылы маусым айында 9 адамнан тұратын Канаданың Жоғарғы соты Эме Буше бауырластың ісін қарады. Алты айдан кейін, 18 желтоқсанда, сот істі біздің пайдамызға шешті. Неге? Куәгерлердің қорғаушысы Глен Хау бауырластың айтуынша, сот алқасы қорғаушы жақтың мынадай уәжімен келісті: “мемлекетке қарсы арандату” дегенге біреуді қатыгездікке, үкіметке қарсы шығуға айтақтау жатады. Ал трактатта жазылғандар “мұндай әрекеттерге түрткілемейді, сондықтан ол сөз бостандығын заңды түрде пайдалану болып табылады”. Хау бауырлас: “Мен Ехобаның бізге жеңіс сыйлағанының куәсі болдым”,— деп қостыd.
16 Жоғарғы соттың бұл шешімі Құдай Патшалығының елеулі жеңісі болды. Сол шешімнің арқасында мемлекетке қарсы арандатушылық әрекет жасады деген айыппен қозғалған Квебектегі тағы 122 іс жабылды. Сонымен қатар сол шешімге сай, Канада мен Британ достастығына мүше елдердің азаматтары үкіметтің әрекеттеріне қатысты алаңдаушылықтарын еркін айта алатын болды. Бұған қоса, осы жеңістің арқасында Ехоба куәгерлерінің еркіндігін шектеп отырған Квебек үкіметі мен шіркеудің құрған одағы тұғырынан тайдыe.
Саудагерлер ме, Құдай Патшалығының жаршылары ма?
17. Кей елдердің үкіметі біздің іс-шараларымызды қалай қадағалағысы келеді?
17 Ертедегі мәсіхшілер Құдай Сөзін саудаға салмаған. Ехобаның бүгіндегі қызметшілері де олай етпейді (Қорынттықтарға 2-хат 2:17 оқыңыз). Соған қарамай, кей елдердің үкіметі біздің іс-шараларымызды сауда-саттық тәртібін реттейтін заңдарға сүйеніп қадағалағысы келеді. Ендеше Ехоба куәгерлерінің саудагер емес, Құдайдың қызметшілері екенін айқын дәлелдеген екі сот ісін қарастырып көрейік.
18, 19. Дания үкіметі уағыз ісін қалай тоқтатқысы келді?
18 Дания. 1932 жылдың 1 қазанында баспа өнімдерін арнайы лицензиясыз сатуға тыйым салатын заң күшіне енді. Бірақ бауырластар мұндай рұқсат қағазын алмады. Келесі күні бес жариялаушы Дания астанасы Копенгагеннен 30 шақырымдай жердегі Роскилле қаласына уағызға барады. Кешқұрым қайта бастары қосылғанда, Аугуст Леманн деген бауырлас жоқ болып шығады. Ол рұқсат қағазынсыз сауда-саттықпен айналысқаны үшін қамауға алынған еді.
19 1932 жылдың 19 желтоқсанында Аугуст Леманның соты болды. Ол адамдарға Киелі кітапқа негізделген әдебиет ұсынғанын мойындады, бірақ сауда жасамағанын айтты. Сот мұнымен келісіп, мынадай шешім шығарды: “Сотталушы... өзін қаржылай қамтамасыз ете алады, әрі ол ешқандай пайда көрмеген, пайда көруді көздемеген де. Қайта, атқарып жүрген ісі үшін өзі шығындалған”. Осылай сот Куәгерлерді жақтап, Леманның әрекетін “сауда деуге болмайды” деген шешім шығарды. Бірақ Құдай халқының жаулары бүкіл елдегі уағыз ісін тоқтатуға бекінген еді (Зәб. 94:20). Айыптаушы жақ төменгі инстанцияның шешіміне разы болмай, Данияның Жоғарғы сотына шағым түсірді. Бауырластар мұны қалай қабылдады?
20. Данияның Жоғарғы соты қандай шешім шығарды және бұл бауырластарға қалай әсер етті?
20 Істің Жоғарғы сотта қаралуына бір апта қалғанда Ехоба куәгерлері бүкіл Дания бойынша бұрынғыдан да белсенді уағыздай бастады. 1933 жылдың 3 қазанында, сейсенбі күні, Жоғарғы сот өз шешімін жариялады. Ол төменгі инстанцияның шешімімен келісіп, Аугуст Леманның әрекетінде ешқандай заңбұзушылық жоқ деп тапты. Демек, Куәгерлер енді бұрынғыша еркін уағыздай бермек еді. Осындай жеңіс сыйлағаны үшін Ехобаға ризашылықтарын білдірмек болған бауырластар уағызға жаңа қарқынмен кірісті. Осы шешімнен кейін Даниядағы Куәгерлердің уағыз ісіне үкімет тарапынан еш шектеу қойылмады.
Даниядағы батыл Куәгерлер (1930 жылдар)
21, 22. АҚШ-тың Жоғарғы соты Мердоктың ісіне қатысты қандай шешім шығарды?
21 Құрама Штаттар. 1940 жылдың 25 ақпаны, жексенбі күні, Роберт Мердок деген ізашар мен тағы жеті Куәгер Питтсбургтың (Пенсильвания штаты) маңындағы Джаннетт деген қалада уағыздап жүрген жерлерінен қамауға алынады. Оларға арнайы лицензиясыз сауда жасап жүр деген айып тағылады. Сонда бауырластар АҚШ-тың Жоғарғы сотына шағым түсіреді, ал сот істі қарауға келіседі.
22 Сөйтіп, 1943 жылы 3 мамырда Жоғарғы сот Куәгерлердің пайдасына шешім шығарып, олардың құқықтарын қорғады. Сот діни кітап тарату үшін лицензия алуға қатысты қала әкімшілігінің талабына қарсылық білдіріп, оны Конституцияға қайшы деп тапты. Осылай мұндай талап “баспасөз бостандығы мен кез келген дінді еркін ұстану құқығына” шектеу қояды деп, оны жоққа шығарды. Судья Уильям Дуглас Ехоба куәгерлерінің іс-шараларына “тек уағыздау не діни әдебиет тарату емес, осы екеуін бірге жүзеге асыру жататынын” айтты. Осылай ол әріптестерінің көбісінің көкейіндегі ойды жеткізді. Сосын Уильям Дуглас өзгелер шіркеуде ғибадат етуге, кафедрадан уағыз айтуға қалай құқылы болса, Куәгерлер де өздерінің діни іс-шараларына атсалысуға солай құқылы екенін атап өтті.
23. Неге 1943 жылы сот істерінде жеткен жеңістеріміз бүгінде біз үшін маңызды?
23 Жоғарғы соттың бұл шешімі Құдай халқының зор жеңісі болды. Ол біздің саудагер емес, Құдайдың қызметшілері екенімізді тайға таңба салғандай көрсетті. 1943 жылдың сол бір естен кетпес күні Ехоба куәгерлері, Мердоктың ісін қоса алғанда, 13 сот ісінің 12-сінде жеңіске жетті. Қарсыластарымыз одан кейінгі жылдары ізгі хабарды тарату мен үйме-үй уағыздау құқымызды тағы да дауға салғанда, осы істердегі сот шешімдері прецедент болды.
“Адамға емес, Құдайға мойынсұнуымыз керек”
24. Уағыз ісіне тыйым салынса, біз не істейміз?
24 Біз, Ехобаның қызметшілері, өз нанымдарымыз жайлы еркін айтқымыз келеді. Үкімет заңдары сондай құқық берсе, біз бұған дән ризамыз. Ал ісімізге тыйым салынса, әдістерімізді өзгертіп, қызметімізді жалғастыра береміз. Елшілер сияқты, біз де адамға емес, билеуші ретінде бірінші кезекте Құдайға мойынсұнуға тиіспіз (Ел. іс. 5:29; Мат. 28:19, 20). Ал салынған тыйымның күшін жою үшін соттарға жүгінуді жөн санаймыз. Осындай екі мысалды қарастырып көрейік.
25, 26. Бауырластардың Никарагуаның Жоғарғы сотына жүгінуге қандай жағдайлар себеп болды және бұның нәтижесі қандай болды?
25 Никарагуа. 1952 жылдың 19 қарашасында миссионер әрі филиал қызметшісі Донован Менстерман Никарагуа астанасы Манагуадағы көші-қон басқармасына келеді. Оны басқарма бастығы капитан Арнольдо Гарсиа шақыртқан еді. Ол Донованға елдегі Ехоба куәгерлеріне “ілімдерін уағыздауға, діни іс-шараларын атқаруға тыйым салынғанын” айтады. Донован себебін сұрағанда, капитан Гарсиа үкімет тарапынан Куәгерлерге қызметтерін атқаруға рұқсат жоқ екенін әрі оларға коммунистер деген айып тағылғанын хабарлайды. Бұл айыпты кім тақты? Рим-католик шіркеуінің дінбасылары.
Тыйым салынған жылдары өткізілген конгресс (Никарагуа)
26 Донован кідірместен Дін істері комитетінің төрағасы мен ел президенті Анастасио Сомосе Гарсиаға шағым жазады. Бірақ бұдан түк шықпайды. Сондықтан бауырластар тәсілдерін өзгертеді: Патшалық сарайын жауып, шағын топ болып жиналады; көшеде куәлік етпейді, бірақ уағыздауды доғармайды. Сөйте жүріп, олар тыйымның күшін жоюын өтініп, Никарагуаның Жоғарғы сотына арыз жолдайды. Газеттер Куәгерлердің ісіне тыйым салынғаны мен олардың Жоғарғы сотқа берген арызы туралы жарыса жазып жатты. Жоғарғы сот бұл істі қарауға келісті. Бұның нәтижесі қандай болды? 1953 жылдың 19 маусымында Жоғарғы сот бірауыздан шешім қабылдап, істі Куәгерлердің пайдасына шешті. Сот Куәгерлерге салынған тыйым олардың өз ойын еркін білдіру, ар-ождан мен наным-сенім бостандығына қатысты конституциялық құқығын бұзады деп тапты. Сондай-ақ Никарагуа үкіметі мен Куәгерлердің қатынастарын қалпына келтіруге қатысты қаулы шығарды.
27. Сот істі біздің пайдамызға шешкеніне никарагуалықтар неге таңғалды және бауырластар не нәрсеге сенімді болды?
27 Істің Куәгерлердің пайдасына шешілгеніне никарагуалықтар таңғалды. Бұған дейін елде шіркеу дінбасылары үстемдік етіп отырғандықтан, сот олардың жолына көлденең тұрмауға тырысатын. Шенеуніктердің де әжептеуір билігі бар болғандықтан, олардың шешімдеріне кереғар келе бермейтін. Сондықтан бауырластар мынаған сенімді болды: олар жеңіске Патшаның қорғап отырғанының және уағыздауды доғармағандарының арқасында жетті (Ел. іс. 1:8).
28, 29. 1980 жылдардың ортасында Заирде қандай күтпеген жайт орын алды?
28 Заир. 1980 жылдардың ортасында Заирде (қазіргі Конго Демократиялық Республикасы) 35 000-ға жуық Куәгер болды. Жариялаушылардың саны күн санап көбейіп жатқандықтан, филиал жаңа Бетел соға бастады. 1985 жылдың желтоқсан айында ел астанасы Киншасада халықаралық конгресс өтіп, дүниенің түкпір-түкпірінен келген 32 000 делегат стадионды лық толтырды. Бірақ бұдан кейін елдегі Ехоба куәгерлерінің жағдайы өзгере бастады. Бұған не себеп болды?
29 Ол уақытта Заирде Квебектен (Канада) келген миссионер Марсель Фильто қызмет етіп жатқан болатын. Марсель бауырлас Дюплессидің кезіндегі қуғын-сүргінді бастан кешірген еді. Ол былай деп әңгімеледі: “1986 жылдың 12 наурызында жауапты бауырластар хат алды. Онда Заирдегі Ехоба куәгерлері бірлестігінің қызметі заңсыз деп табылғаны хабарланған еді”. Тыйымды ел президенті Мобуту салды.
30. Филиал комитетіне қандай маңызды мәселені шешу керек болды және олар қандай тоқтамға келді?
30 Келесі күні ұлттық радиодан: “[Заирде] бұдан былай Ехоба куәгерлерінің аты аталмайтын болады”,— деген хабар берілді. Артынша қуғын-сүргін басталды: Патшалық сарайлары қиратылды, бауырластардың мүлкін талан-таражға салды, өздерін қамауға алды, соққыға жықты, тіпті кішкентай балалары да түрмеге тасталды. 1988 жылы 12 қазанда ұйымның мүлкі тәркіленді, ал филиалдың ғимараттарына азаматтық гвардия орналастырылды. Жауапты бауырластар ел президенті Мобутуге арыз жазғанымен, еш жауап болмады. Сонда филиал комитетіне “Жоғарғы сотқа жүгінейік пе, әлде күте тұрған дұрыс па?” деген маңызды мәселені шешу керек болды. Миссионер әрі филиал комитетінің үйлестірушісі болған Тимоти Холмс: “Біз Ехобадан даналық пен басшылық сұрадық”,— деп, сол кездерді есіне алды. Талай дұға етіп, талай кеңескен соң, комитеттегі бауырластар сотқа жүгінетін уақыттың әлі келмегенін түсінді. Сөйтіп, олар бар назарын бауырластарға қамқорлық көрсету мен уағыз ісін жалғастырудың амалын іздеуге аударды.
“Сот тартысы кезінде біз Ехобаның кез келген нәрсені өзгерте алатынын көрдік”
31, 32. Заирдің Жоғарғы соты көңіл қоярлық қандай шешім қабылдады және бұл бауырластарға қалай әсер етті?
31 Арада бірнеше жыл өтті. Бұрынғыдай емес, елде Куәгерлерге қысым азайды, адам құқығы да құрметтелетін болды. Филиал комитеті салынған тыйымның күшін жоюды сұрап, Заирдің Жоғарғы сотына өтініш жасайтын уақыт жетті деген тұжырымға келді. Таңғалдырғаны — Жоғарғы сот істі қарауға келісті. Содан 1993 жылы 8 қаңтарда, Ехоба куәгерлерінің ісіне президенттің тыйым салғанына жеті жылдай болғанда, сот үкіметтің әрекеттерін заңсыз деп тауып, күшін жойды! Бұл оңай шешім емес еді: судьялар бастарын тәуекелге тіге отырып, ел президентінің шешімін жоққа шығарды! Бұған қатысты Холмс бауырлас: “Сот барысында біз Ехобаның кез келген нәрсені өзгерте алатынын көрдік”,— деді (Дан. 2:21). Бұл жеңіс бауырластардың сенімін нығайтты. Олар Патшамыз Исаның өз ізбасарларына қай кезде және не істеу керектігін көрсеткеніне сенімді болды.
Конго Демократиялық Республикасындағы Куәгерлер Ехобаға еркін ғибадат ете алатындарына қуанышты
32 Тыйым күшін жойған соң, филиалға миссионерлер шақыруға, жаңа Бетел соғуға және әдебиет импорттауға рұқсат берілдіf. Дүниежүзіндегі Куәгерлер Ехобаның әрдайым рухани қамдарын ойлайтынына дән риза! (Ишая 52:10).
“Ехоба — менің көмекшім”
33. Сот тартыстарының кейбірін қарастырғанымыз не нәрсеге көзімізді жеткізе түсті?
33 Сот тартыстарының кейбірін қарастырғанымыз Исаның: “Мен сендерге даналық беріп, айтатын сөздеріңді ауыздарыңа саламын. Сонда жауларыңның бәрі біріксе де, сендерге қарсы шыға да, дауласа да алмайды”,— деген уәдесін орындап жатқанына көзімізді жеткізеді (Лұқа 21:12—15 оқыңыз). Кейде Ехоба бүгіндегі Гамалиелдерді өз халқын қорғауға яки батыл судьялар мен заңгерлерді әділдік орнатуға талпындырады. Ол жауларымыздың қаруларын түкке жарамсыз етеді (Ишая 54:17 оқыңыз). Иә, ешкім де, ештеңе де Ехобаның ісін тоқтата алмайды!
34. Неге сот тартыстарында жеткен жеңістеріміз көңіл қоярлық жайт және олар нені дәлелдейді? (“Жоғарғы соттардың біздің пайдамызға шығарған маңызды шешімдері” деген қоршауды да қараңыз.)
34 Неге сот тартыстарында жеткен жеңістеріміз көңіл қоярлық жайт? Келесі жайттар жайлы ойланып көрейікші: Ехоба куәгерлері — аты шулы не ықпалды адамдар емес. Біз сайлауға қатыспаймыз, саяси шараларды қолдамаймыз, саясаткерлерге қысым жасауға тырыспаймыз. Ал жоғарғы соттарда істері қаралатын бауырластар әдетте “арнайы білімі жоқ қарапайым адамдар” болып есептеледі (Ел. іс. 4:13). Сондықтан адами тұрғыдан қарағанда, соттардың ықпалды дінбасылар мен басшыларға қарсы шығып, бізді қорғауға келелі себептері жоқ. Десе де біраз істер біздің пайдамызға шешіледі! Мұндай жеңістер — Мәсіх пен Құдайдың бізге көз қырын салып жүргенінің дәлелі (Қор. 2-х. 2:17). Сондықтан Пауыл сияқты біз де: “Ехоба — менің көмекшім. Мен ештеңеден қорықпаймын”,— дей аламыз (Евр. 13:6).
a Хейден Ковингтон АҚШ-тың Жоғарғы сотында 43 іске қатысып, бауырластарды қорғаған. Солардың алғашқысы “Кантуэлл Коннектикут штатына қарсы ісі” болды. Ковингтон бауырлас 1978 жылы дүниеден өтті, ал әйелі Дороти Ехобаға адал қызмет етіп, 2015 жылы 92 жасында өмірден қайтты.
b Бұл айып 1606 жылы қабылданған заңға негізделді. Сол заңға сай, адам өшпенділікке түрткі жасап жатқандай көрінсе, тіпті шындықты айтып тұрса да, сот алқасы оны айыпты деп таба алатын.
c 1950 жылы Квебекте 164 толық уақытты қызметші болды. Олардың 63-і Ғалақат мектебінің түлегі еді. Бұл бауырластар қуғын-сүргінге тап болатындарын білсе де, Квебекке келуге қуана келісті.
d Глен Хау бауырлас жүрек жұтқан қорғаушы еді. Ол 1943—2003 жылдар аралығында Канада мен басқа да елдерде жүздеген сот тартыстарына қатысып, Ехоба куәгерлерінің мүддесін шебер қорғаған.
e Бұл іс туралы толығырақ мәліметті “Ояныңдар!” (ор.) журналының келесі санынан табуға болды: 2000 жыл, 22 сәуір, 18—24 беттер.
f Уақыт өте азаматтық гвардия филиалдың меншігін босатқанмен, жаңа Бетел басқа жерден салынды.