Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • kr 12-тар., 118—131 бет.
  • “Татулықтың Құдайына” ұйымдаса қызмет ету

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Татулықтың Құдайына” ұйымдаса қызмет ету
  • Құдай Патшалығы билік етуде!
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • “Тыныштықты бақылаушың етіп тағайындаймын”
  • Мәсіхтің қауымға жетекшілік етуі
  • “Отарға үлгі-өнеге болыңдар!”
  • Ақсақалдардың Құдай отарын қамқорлауы
  • Басшылыққа қатысты өзгерістер Құдай халқының бірлігін нығайтады
  • Отарды бағатын бақылаушылар
    Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз
  • Бағушылар, ең ұлы Бағушыларға еліктеңдер
    2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Қауымдар қандай тәртіппен құрылған?
    Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз! (интерактивті Киелі кітап сабақтары)
  • Ехобадан келген кітапқа сай ұйымдасқанбыз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2016
Көбірек мәлімет
Құдай Патшалығы билік етуде!
kr 12-тар., 118—131 бет.

12-ТАРАУ

“Татулықтың Құдайына” ұйымдаса қызмет ету

ТАРАУДЫҢ ӨЗЕКТІ ОЙЫ:

Ехоба өз халқының ұйымында бірте-бірте өзгерістер жасайды

1, 2. 1895 жылы қаңтарда шыққан “Сион күзет мұнарасында” қандай өзгеріс болды және бұл бауырластарға қалай әсер етті?

ЖАЛЫНДЫ Киелі кітап зерттеушісі Джон Бонет 1895 жылдың қаңтар айында шыққан “Сион күзет мұнарасын” алғанда, таң-тамаша болды. Журналдың мұқабасы мүлдем өзгеше еді: долданған теңіз толқындарының арасында қараңғы аспанға шуағын шашқан шамшырақ тұр. Бұл өзгеріске қатысты журналда “Біздің жаңа келбетіміз” деген атаумен хабарландыру шықты.

2 Қатты әсер алған Бонет бауырлас Расселл бауырласқа жазған хатында: “Мұнарамыздың” келбеті өзгергеніне қуаныштымын. Көрінісі әдемі екен”,— деді. Адал Киелі кітап зерттеушілерінің тағы бірі Джон Браун болса: “Дауыл тұрып, толқын соққылағанына қарамай, мұнара мызғымай тұр. Мұндай көрініс адамға қатты әсер етеді”,— деп жазды. Бұл сол жылы жасалған алғашқы өзгеріс болды, бірақ соңғысы емес еді. Қараша айында тағы бір үлкен өзгеріс жасалды. Көңіл қоярлық бір жайт — бұл өзгеріс те дауылды теңізге теңеуге болатын жайтқа қатысты еді.

3, 4. 1895 жылы “Күзет мұнарасының” 15 қарашадағы санында қандай мәселе талқыланды және ұзағынан сүйіндіретін қандай өзгеріс жасалатыны хабарланды?

3 1895 жылы “Күзет мұнарасының” 15 қарашадағы санында ауқымды мақала шықты. Мақалада келесі маңызды мәселе талқыланды: долы толқын іспетті қиындықтар Киелі кітап зерттеушілерінің ұйымындағы татулықты бұзып жатыр. Жергілікті қауымдарда кім басшылық ететініне қатысты бауырластар арасындағы дау ушығып бара жатты. Оларға жікке бөлетін бақталастық рухынан арылу керектігін түсінуге көмектесу үшін, мақалада ұйым кеме ретінде сипатталды. Сосын басшылықты қолға алғандардың ұйымды “дауылға” дайындай алмағаны ашық айтылды. Мұндайда не істеу керек еді?

4 Сонымен қатар мақалада жақсы капитанның мынаған көз жеткізетініне көңіл бөлінді: бортта адамдарды құтқаруға қажеттінің бәрі болу керек және команда дауыл алдында люктерді жабуға дайын тұруы тиіс. Тап солай ұйымда басшылықты қолға алғандар да бүкіл қауымдардың “дауылға” дайын екенін қадағалауы тиіс еді. Бұған қол жеткізу үшін, мақалада ұзағынан сүйіндіретін өзгеріс жасалатыны хабарланды. Сондай-ақ отарды бақылау үшін, әр қауымда тез арада ақсақалдар таңдалу керек деген басшылық берілді (Ел. іс. 20:28).

5. а) Қауымдарда ақсақалдардың болатыны неге уақтылы жасалған қадам болды? ә) Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?

5 Осы алғашқы өзгеріс қауымдардың нығаюына ықпал еткен уақтылы жасалған қадам болды. Осының арқасында бауырластар І дүниежүзілік соғыстың “алып толқындарына” төтеп бере алды. Ұйымда кейінгі ондаған жылдарда жасалған өзгерістер де бауырластарды Ехобаға жақсырақ қызмет етуге дайындады. Оқиғаның бұлай өрбитіні қандай пайғамбарлықта айтылған еді? Сіз ұйымдағы қандай өзгерістердің куәсі болдыңыз? Олардың қандай игілігін көрдіңіз?

“Тыныштықты бақылаушың етіп тағайындаймын”

6, 7. а) Ишая 60:17-гі сөздерді қалай түсінуге болады? ә) “Бақылаушы”, “жетекші” деген сөздер неге нұсқайды?

6 Тоғызыншы тарауда талқылағанымыздай, Ишаяның пайғамбарлығына сай Ехоба халқына батасын төгіп, санын көбейтпек еді (Ишая 60:22). Бірақ ол халқы үшін бұдан да көп нәрсе істеуді уәде еткен. Ишаяның пайғамбарлығында мынадай сөздер де бар: “Мен саған мыс орнына алтын, Темір орнына күміс, Ағаш орнына мыс, Ал тас орнына темір әкелетін боламын. Тыныштықты бақылаушың, әділдікті жетекшің етіп тағайындаймын” (Ишая 60:17). Бұл сөздерді қалай түсінуге болады? Оның бізге қатысы бар ма?

Бұл — жаманды жақсыға емес, жақсыны одан да жақсысына алмастыру

7 Пайғамбарлықта бір заттың екіншісіне алмастырылатыны айтылған. Бірақ, байқасаңыз, мұнда жаманды жақсыға емес, жақсыны одан да жақсысына алмастыру жөнінде айтылып тұр. Мысты алтынға алмастыру — жақсарту деген сөз. Темір, ағаш, тас жөнінде де солай деуге болады. Демек, осындай бейнелі сөздермен Ехоба өз халқының ахуалы бірте-бірте жақсара түсетінін айтқан. Әңгіме қандай жақсарту жөнінде болып отыр? “Бақылаушы”, “жетекші” деген сөздерді қолдануымен Ехоба өз халқына жасалатын қамқорлық пен ұйымдастыру ісінің бірте-бірте жақсаратынына нұсқаған.

8. а) Ишаяның пайғамбарлығында айтылған жақсартуларды кім жүзеге асырып жатыр? ә) Бұл өзгерістердің біз үшін пайдасы бар ма? (“Ол кішіпейілділікпен кеңеске құлақ асты” деген қоршауды да қараңыз.)

8 Ұйымдағы өзгерістердің жасалуына кім себепші болып отыр? Ехоба Ишая арқылы алтын мен күмісті әкелетін де, тыныштықты бақылаушы етіп тағайындайтын да өзі екенін айтқан. Иә, қауымның құрылымындағы өзгерістерді адамдар емес, Ехобаның өзі жасап жатыр. Иса Патша болып тағайындалғаннан бері Ехоба мұны сол арқылы жасайды. Мұндай өзгерістердің біз үшін пайдасы бар ма? Жоғарыда келтірілген тармақта олардың “тыныштық” пен “әділдікке” жеткізетіні айтылған. Демек, Құдайдың басшылығына мойынсұнып, өзгеретін болсақ, арамызда тыныштық орнайды. Ал әділдікті жақсы көргеніміз елші Пауыл “тыныштықтың Құдайы” деп атаған Ехобаға қызмет етуге талпындырады (Філіп. 4:9).

9. Қауымдағы тәртіп пен бірліктің іргесі не нәрсеге қалану керек?

9 Ехобаға қатысты Пауыл келесідей сөздер де айтқан: “Құдай — тәртіпсіздіктің емес, татулықтың Құдайы” (Қор. 1-х. 14:33). Байқасаңыз, ол тәртіпсіздікті тәртіпке емес, татулыққа қарама-қарсы қойған. Неге? Себебі тәртіп бар жерде міндетті түрде татулық бола бермейді. Мысалы, бір топ сарбаз ұрыс шебіне тәртіппен, сап түзеп баруы мүмкін, бірақ мұның арты татулыққа емес, соғысқа ұласады. Олай болса, мынаны есте ұстайық: тәртіп болғанмен, татулық жоқ жерде кез келген ұжым ерте ме, кеш пе — бытырап кетеді. Ал Құдайдан келген татулық бар жерде мәңгіге ұласатын тәртіп орнайды. Сондықтан ұйымымызды “тыныштық сыйлайтын Құдай” Ехобаның өзі жетелеп, тазартып отырғанына біз дән ризамыз! (Рим. 15:33). Дүниежүзіндегі қауымдарымызда орнаған өзіміз бағалайтын игілікті тәртіп пен жарасымды бірліктің іргесі Құдайдан келетін тыныштыққа қаланған (Зәб. 29:11).

10. а) Бастапқы жылдары ұйымда қандай игілікті өзгерістер жасалды? (“Қауымдардағы игілікті өзгерістер” деген қоршауды қараңыз.) ә) Әрі қарай біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?

10 “Қауымдардағы игілікті өзгерістер” деген қоршауда бастапқы жылдары ұйымда жасалған игілікті өзгерістерге шолу жасалды. Ал кейінгі жылдар жөнінде не деуге болады? “Мысты” “алтынға” ауыстыру үшін Ехоба қауымдағы басшылыққа қатысты Патша арқылы қандай өзгерістер жасады? Бұл өзгерістер дүниежүзіндегі қауымдардың татулығы мен бірлігін қалай нығайтты? Олар “татулықтың Құдайы” Ехобаға қызмет етуіңізге көмектесіп жатыр ма?

Мәсіхтің қауымға жетекшілік етуі

11. а) Жазбалардың жіті зерттелгенінің нәтижесі қандай болды? ә) Басқарушы кеңестегі бауырластар не істеуге бел буды?

11 Басқарушы кеңестің тапсыруымен 1964—1971 жылдар аралығында Киелі кітапты жіті зерттеу жобасы іске қосылып, басқа жайттармен қоса, бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қауымының құрылымы зерттелдіa. Зерттеу барысында бірінші ғасырдағы қауымдарда басшылықты бір ақсақал не бақылаушы емес, ақсақалдар кеңесі жүзеге асырғаны байқалды (Філіпіліктерге 1:1; Тімөтеге 1-хат 4:14 оқыңыз). Басқарушы кеңес осыны жақсы түсінгенде, мұны ұйымның құрылымына қатысты өзгерістер жасалу үшін Патшалары Исаның берген басшылығы деп қабылдап, оған мойынсұнуға бел буды. Содан олар ақсақалдар өз қызметтерін мүмкіндігінше Жазбалардағы үлгіге сай атқару үшін, ұйымда бірден өзгерістер жасады. 1970 жылдардың басында жасалған сондай өзгерістердің кейбірін қарастырып көрейік.

ОЛ КІШІПЕЙІЛДІЛІКПЕН КЕҢЕСКЕ ҚҰЛАҚ АСТЫ

1916 жылы 1 сәуірде финн тіліндегі “Күзет мұнарасында” Расселл бауырластың Каарло Хартевамен қоса, Скандинавиядағы тағы бірнеше бауырласқа жазған хаты жарияланды. Расселл бауырлас оларға: “Бір сенімдегі қымбатты бауырластар, біз сендерді шындыққа және қазір атқарылуы тиіс жұмысқа қайта бет бұруға шақырамыз”,— деп жазды. Ол неге бұндай өтініш жасады?

Каарло Хартева

Каарло Хартева

1882 жылы дүниеге келген Хартева бауырлас Финляндиядағы алғашқы Киелі кітап зерттеушілерінің бірі еді. Ол 1910 жылы сәуір айында шомылдыру рәсімінен өтті, ал 1912 жылдың жазында Расселл бауырлас оған финн тіліндегі “Күзет мұнарасын” шығаруды сеніп тапсырды. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанша, жұмыс жақсы жүріп жатты. Бірақ Хартева бауырлас 1914 жылы “Күзет мұнарасының” 1 желтоқсандағы санында былай деп жазды: “Экономикалық жағдайдың салдарынан... “Күзет мұнарасы” бұрынғыдай шығып тұрады деп уәде ете алмаймыз: журнал жүйелі шықпауы немесе оның беттері кемуі мүмкін”. Алайда қаражат табу үшін 1915 жылы Хартева бауырлас пен өзгелер “Арарат” деген серіктестік құрып, сол атаумен журнал шығара бастады.

Каарло Хартеваның бар назары жаңа серіктестік пен жаңа журналға ауып кеткендіктен, финн тіліндегі “Күзет мұнарасының” редакторы ретінде басқа бауырлас қызмет ете бастады. “Арарат” журналында Киелі кітапқа негізделген мақалалар ғана емес, сонымен қатар халық еміне, жаңа құрастырылған эсперанто тіліне қатысты және тағы басқа мақалалар басылатын. Көп ұзамай осы журналдың кесірінен бауырластар шындықтың анық ілімдерінен ауытқып кетті. Сол кезде Расселл бауырлас олардың рухани күйін уайымдай бастады. Оның Каарло Хартева мен басқа бауырластарды “шындыққа қайта бет бұруға шақыруының” себебі осы еді.

Хартева бауырлас бұны қалай қабылдады? Ол “Арарат” журналында Расселл бауырластың хатымен қоса, өзінің жауабын да жариялады. Каарло Хартева қателігі үшін кешірім сұрап: “Жағдайды түзету үшін, қолымнан келгеннің бәрін істеймін”,— деп жазды. Содан көп ұзамай бауырластардың шындықтан ауытқуына себепкер болғаны үшін тағы да кешірім сұрап, “Арарат” журналының соңғы санында: “Мен ашылып отырған шындыққа қайшы келетін ештеңе істемеуге тырысамын”,— деді. Сайланған ақсақалдардың кейбірі көкірек көтеріп кеткенмен, Каарло Хартева олай етпеді. Қайта, кішіпейілділікпен кеңеске құлақ асты.

Кейінірек, ол қайтадан финн тіліндегі “Күзет мұнарасы” журналының редакторы әрі филиал бақылаушысы болып тағайындалып, 1950 жылға дейін осы міндеттерді атқарды. Ал 1957 жылы жердегі сапарын аяқтады. Ол Ехоба мен шындыққа деген адалдығын сақтап қалды. Иә, Патшалары Иса түзеткенде, кішіпейілділік танытатындар тазартылады, әрі Ехобаның батасына кенеледі.

12. а) Басқарушы кеңеске қатысты қандай өзгеріс жасалды? ә) Бүгінде Басқарушы кеңестің жұмысы қалай ұйымдастырылған? (130-беттегі “Басқарушы кеңес Патшалықтың мүддесін ойлайды” деген қоршауды қараңыз.)

12 Алғашқы өзгеріс басқарушы кеңестің өзіне қатысты жасалды. Бұған дейін басқарушы кеңес жеті майланған бауырластан тұратын. Осы бауырластар Күзет мұнарасы, Киелі кітап және трактаттар қоғамының (Пенсильвания) директорлар кеңесін де құрайтын. Бірақ 1971 жылы басқарушы кеңестің саны 7-ден 11 адамға дейін көбейтілді. Сондай-ақ басқарушы кеңес пен директорлар кеңесі бұдан былай бір болып есептелмейтін болды. Басқарушы кеңестің мүшелері өзара тең саналып, содан бері оның төрағасы әліпби тәртібімен жыл сайын ауысып отырады.

13. а) 1932—1972 жылдар аралығында қауым істерін қадағалау кімнің мойнында болды? ә) Басқарушы кеңес 1972 жылы не істеді?

13 Ал келесі өзгеріс барлық қауымдарға қатысты болды. Қай жағынан? 1932 жылдан 1972 жылға дейін қауым істерін қадағалау негізінен бір ғана бауырластың мойнында еді. 1936 жылға дейін мұндай бауырлас қызмет жетекшісі деп аталды. Бұдан кейін ол серіктестік қызметшісі, сосын қауым қызметшісі, ал соңында қауым бақылаушысы деп аталатын болды. Аталмыш қызметке тағайындалған бауырластар отардың рухани игілігі үшін аянбай еңбек ететін. Әдетте қауым бақылаушысы қауымға қатысты шешімдерді басқа бауырластармен ақылдаспай-ақ қабылдай беретін. Бірақ 1972 жылы Басқарушы кеңес тарихи өзгеріс жасауға дайындалып жатты. Бұл қандай өзгеріс?

14. а) 1972 жылы 1 қазанда қандай өзгеріс күшіне енді? ә) Ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі Філіпіліктерге 2:3-тегі кеңесті қалай қолданады?

14 Бұдан былай қауымдағы басшылық ісі жалғыз қауым бақылаушысына емес, Жазбалардағы талаптарға сай келетін әрі теократиялық жолмен тағайындалған басқа да ақсақалдарға тапсырылатын болды. Бұл бауырластар ақсақалдар кеңесін құрады. Қауым құрылымындағы мұндай өзгеріс 1972 жылдың 1 қазанында күшіне енді. Бүгінде ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі өзін басқа ақсақалдардан жоғары қоймайды, қайта, “кіші тұтады” (Лұқа 9:48). Дүниежүзіндегі бауырластар үшін мұндай кішіпейіл ақсақалдар — нағыз бата! (Філіп. 2:3).

Иә, көреген Патшамыз қажетті бағушыларды дер кезінде беріп отыр

15. а) Қауымдарда ақсақалдар кеңесінің құрылуы қай жағынан игілікті? ә) Патшамыздың көреген екені неден байқалады?

15 Ақсақалдар кеңестерінің қауымдағы жауапкершіліктерді бөлісіп атқаратындары өте игілікті болды. Бұның үш пайдасын қарастырайық. Бірінші әрі ең маңызды пайдасы — міндеттерінің қаншалықты ауыр екеніне қарамай, барлық ақсақалдар қауымның Басы Иса екенін жақсы түсінетін болды (Ефес. 5:23). Екіншіден, Нақыл сөздер 11:14-те айтылғандай, “кеңесшілер көп болса, [ел] жетістікке жетеді”. Қауымның рухани игілігіне әсер ететін мәселелерді қарастырғанда, ақсақалдардың бір-бірінің ойына ден қойғаны Киелі кітаптағы принциптерге сай келетін шешімдер қабылдауға ықпал етеді (Нақ. с. 27:17). Ехоба мұндай шешімдерге батасын береді, ал бұл жетістікке жеткізеді. Үшіншіден, ақсақалдардың көп болғаны күн санап өсіп жатқан қауымдардың ісін жақсы қадағалауға, сондай-ақ бақташылық ісін жақсы ұйымдастыруға мүмкіндік береді (Ишая 60:3—5). Ойлап көріңізші, 1971 жылы дүниежүзі бойынша 27 000 қауым бар еді, ал 2013 жылы 113 000-нан асып жығылды! Иә, көреген Патшамыз қажетті бағушыларды дер кезінде беріп отыр (Миха 5:5).

ҚАУЫМДАРДАҒЫ ИГІЛІКТІ ӨЗГЕРІСТЕР

  • 1881 жыл. Бір аумақта тұратын Киелі кітап зерттеушілері өзара араласып тұра алу үшін, Чарлз Расселл үзбей жиналыс өткізетін бауырластардан қайда жиналатындарын “Күзет мұнарасы” редакциясына хабарлауды өтінді.

  • 1895 жыл. Барлық қауымдарға араларынан ақсақал болып қызмет ете алатын бауырластар таңдау тапсырылды.

  • 1919 жыл. Филиал әр қауымда теократиялық жолмен қызмет жетекшісін тағайындады. Оның міндеті уағыз ісін ұйымдастырып, бауырластарды қызметке атсалысуға талпындыру болды. Кейбір ақсақалдар қауымдарында қызмет жетекшісінің тағайындалуына қарсы болды.

  • 1932 жыл. Қауым мүшелері ақсақалдар сайлау үшін жыл сайын сайлау өткізбейтін болды. Бұның орнына олар қызмет комитетін сайлады. Қызмет комитеті уағызда белсенді әрі Ехоба куәгерлері деген жаңа қабылданған атауға сай өмір сүретін бауырластардан құрылды. Қоғам, яғни филиал, солардың арасынан қауым ұсынған бір бауырласты қызмет жетекшісі етіп тағайындайтын болды.

  • 1937 жыл. Қызмет комитеттерінде майланған бауырластармен бірге майланбағандар да қызмет ететін болды.

  • 1938 жыл. Қауымдарда қарар қабылданып, барлық қызметшілер теократиялық жолмен тағайындалатын болды. Осылай қауымдарда демократиялық жолмен сайлау өткізу үрдісі доғарылды.

Тарих бойында ұйымның құрылымы қалай өзгеріп отырғаны жайлы “Ехоба куәгерлері — Құдай Патшалығын жариялаушылар” (ор.) кітабының 204—235 беттерінен көбірек білуге болады.

1920 жылдары қауымның жыл сайынғы сайлауында ақсақалдар сайланып жатыр

“Ақсақалдар сайлағанда, біз оң қолымызды көтеретінбіз. Сосын бір бауырлас қанша дауыс берілгенін санап шығатын”. Роуз Суингл (АҚШ, Иллинойс штаты, Чикаго қаласы).

“Отарға үлгі-өнеге болыңдар!”

16. а) Ақсақалдарға қандай міндет жүктелген? ә) Киелі кітап зерттеушілері Исаның “қозыларымды бақ” деген тапсырмасын қалай қабылдады?

16 Киелі кітап зерттеушілері бауырластарына Құдайға қызмет етуді доғармауға көмектесуге міндетті екендерін әуел баста-ақ түсінген (Ғалаттықтарға 6:10 оқыңыз). Мысалы, 1908 жылы “Күзет мұнарасында” Исаның “қозыларымды бақ” деген тапсырмасы талқыланды (Жох. 21:15—17). Мақалада ақсақалдарға арнап мынадай сөздер жазылды: “Иеміздің отарға қатысты тапсырмасына жүрегіміздің төрінен орын бергеніміз өте маңызды, біз Қожайынның ізбасарларын бағу мен қамқорлауды зор мәртебе ретінде бағалауымыз керек”. 1925 жылы “Күзет мұнарасы” журналында отарды қамқорлау өте маңызды екеніне тағы да назар аударылып, мына жайт ақсақалдардың есіне салынды: “Құдайдың шіркеуі — оның өз меншігі... сондықтан бауырластарына қызмет ету мәртебесіне ие болғандардың бәрінен ол есеп беруді талап етеді”.

17. Ақсақалдар бағушы ретінде машықтана түсу үшін Ехобаның ұйымы не істеуде?

17 Ехобаның ұйымы “темірдің” “күміске” ауыстырылуына, яғни ақсақалдардың бағушы ретінде машықтана түсуіне қалай көмектесуде? Арнайы оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру арқылы. Мысалы, 1959 жылы бақылаушыларға арналған ең алғашқы Патшалық қызмет мектебі өткізілді. Мектепте “Әр адамға жеке көңіл бөліңдер” деген тақырып қарастырылып, жауапты бауырластар “жариялаушылардың үйіне барып, хал сұрау үшін арнайы кесте жасап алуға” шақырылды. Сондай-ақ сабақтардың бірінде бақташылық сапарға барғанда бауырластарды жігерлендірудің түрлі жолдары талқыланды. Ал 1966 жылдан бастап Патшалық қызмет мектебі жаңартылған бағдарламамен өтетін болды. Онда “Бақташылық істің маңыздылығы” деген тақырып бар еді. Бұл сабақтың басты ойы мынау болды: басшылықты қолға алғандар “Құдайдың отарын сүйіспеншілікпен қамқорлауға тиіс, бірақ өз отбасының қамы мен уағыз қызметі де елеусіз қалмау керек”. Соңғы жылдары ақсақалдарға арналған басқа да мектептер өткізілді. Ехобаның ұйымы үнемі өткізіп отыратын мұндай мектептердің жемісі қандай? Бүгінде мәсіхшілердің қауымдарында жақсы дайындықтан өткен мыңдаған рухани бағушы бар.

Филиппинде өткен Патшалық қызмет мектебі (1966 жыл)

Филиппинде өткен Патшалық қызмет мектебі (1966 жыл)

18. а) Ақсақалдарға қандай жауапты міндет жүктелген? ә) Ехоба мен Иса аянбай еңбек етіп жүрген ақсақалдарды не үшін жақсы көреді?

18 Ақсақалдарды Патшамыз Иса арқылы Ехобаның өзі тағайындайды, әрі оларға жауапты тапсырма береді. Бұл қандай тапсырма? Оларға тарихтағы ең қиын кезеңде Құдайдың қойларын бастап жүру тапсырылған (Ефес. 4:11, 12; Тім. 2-х. 3:1). Ехоба мен Иса аянбай еңбек етіп жүрген ақсақалдарды өте жақсы көреді. Себебі олар Жазбалардағы мына сөздерге мойынсұнады: “Бақылаушылар ретінде өздеріңе тапсырылған Құдайдың отарын... шын көңілмен... бар ынта-жігермен бағыңдар... отарға үлгі-өнеге болыңдар!” (Пет. 1-х. 5:2, 3). Ақсақалдар отарға көп жағынан үлгі-өнеге болып, қауымның татулығы мен бірлігіне ықпал етуде. Солардың екеуін ғана қарастырып көрейік.

“БІЗ ҚАЙРАН ҚАЛДЫҚ”

АЗИЯ елдерінің бірінде ерлі-зайыпты миссионерлер көп жылдар бойы өсім болмаған бір қауымға тағайындалады. Олардың байқауынша, ондағы бауырластар өте мейірімді, бірақ ұйымдастыру ісіне қатысты басшылықтарды ұстанбайды екен. Жергілікті жариялаушылармен достасып алғаннан кейін, миссионер бауырлас қауым істерін бірте-бірте Ехобаның дүниежүзілік ұйымындағы тәртіпке сай келтіре бастайды. Мұның жемісі қандай болды? Екі жылдың ішінде қауымға келушілердің саны екі есе өсті, жаңа жариялаушылар қосыла бастады, 20-дан аса адам шомылдыру рәсімінен өтті. Әлгі ерлі-зайыптылар былай деді: “Біз қайран қалдық. Ехоба батасын көл-көсір етіп төкті! Ехобаның ұйымы беріп отырған басшылықтарды қолданғанымыз бүкіл қауымды қуанышқа кенелтті”.

Ақсақалдардың Құдай отарын қамқорлауы

19. Ақсақалдармен қызметке шыққанда, біз не сезінеміз?

19 Біріншіден, ақсақалдар қауымдағы бауырластармен қызметке шығады. Иса жайлы Лұқа былай деп жазған: “Иса қалалар мен ауылдарды аралап, Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жариялап жүрді. Ал оған 12 елшісі... еріп жүрді” (Лұқа 8:1, 2). Шәкірттерімен бірге уағыздаған Иса сияқты, ақсақалдар да бауырластармен бірге қызметке шығады. Олар бұның қауымның рухани күйіне жақсы ықпал ететінін түсінеді. Мұндай ақсақалдар туралы қауымдағылар қандай ойда? Тоқсандарға келіп қалған Жаннин есімді бауырлас: “Ақсақалмен уағызға шыққанда, жақсылап әңгімелесіп, онымен жақынырақ танысуға болады”,— дейді. Қырықтарға таяған Стевен деген бауырлас болса: “Үйме-үй уағыздап жүргенімізде, ақсақалдың көмектескісі келіп тұратынын байқаймын. Мен оның көмегіне дән ризамын”,— деп өз лебізін білдірді.

Дауылды түні қойшы жоғалған қойын тапты

Қойшының жоғалған қойын іздейтіні сияқты, ақсақалдар да қауымнан алшақтап кеткендерді табуға тырысады

20, 21. Ақсақалдар Исаның астарлы әңгімесіндегі қойшыға қалай еліктей алады? Мысал келтіріңіз. (“Жұма сайынғы жемісті кездесулер” деген қоршауды да қараңыз.)

20 Екіншіден, Ехобаның ұйымының арқасында ақсақалдар қауымнан алыстап кеткендердің қамын ойлауды үйренген (Евр. 12:12). Неге олар рухани әлсіреп қалғандарға көмектесу керек? Мұны қалай істеген дұрыс? Бұл сұрақтардың жауабын Исаның қойшы мен жоғалған қой туралы астарлы әңгімесінен табамыз (Лұқа 15:4—7 оқыңыз). Қойшы бір қойының жоқ екенін байқағанда, оны жар дегендегі жалғыз қойындай іздейді. Ақсақалдар сол қойшыға қалай еліктеп жүр? Қойшы жоғалған қойын керексіз санаған жоқ. Тап солай Құдай халқымен қатынаспай кеткендер ақсақалдар үшін бұрынғысынша бағалы болып қала береді. Рухани әлсіреп қалғандарды олар біржола кеткен деп емес, жоғалып қалған қой деп есептейді. Бұған қоса, қойшының жоғалған қойын тапқанша іздеуге бел буғанындай, ақсақалдар да әлсіреп қалғандарды тауып алып, көмектесуге ықыласты.

21 Астарлы әңгімедегі қойшы жоғалған қойын тапқанда не істеген еді? Оны ақырын көтеріп, “иығына салып алады” да, отарға әкеліп қосады. Ақсақалдың да қамқорлықпен айтқан жылы-жылы сөздері рухани әлсіреп қалған адамның рухын көтеріп, қауымға қайта қосылуына ықпал етуі мүмкін. Африкада тұратын Виктор деген бауырлас кезінде қауыммен араласуын доғарған еді. Ол: “Мен уағыздамай жүрген сегіз жылдың ішінде ақсақалдар талай рет келді”,— деп әңгімеледі. Оған ерекше әсер еткен не болды екен? Виктор былай деп түсіндірді: “Бірде Ізашарлық қызмет мектебінде менімен бірге оқыған Джон деген ақсақал келіп, мектепте бірге түскен суреттерімізді көрсетті. Бұл Ехобаға қызмет етіп жүргендегі керемет кезеңдерді есіме салды. Мен сол бір қуанышты сәттерді сағына бастадым”. Джон келіп кеткеннен кейін, көп ұзамай Виктор қауымға қайта оралды. Бүгінде ол қайтадан ізашар болып қызмет етіп жүр. Расында да, қамқор ақсақалдар біздің қуанышымызға қуаныш қосадыb (Қор. 2-х. 1:24).

Екі бауырлас уағыздауды доғарған егде бауырластың хал-жағдайын білуге келді

ЖҰМА САЙЫНҒЫ ЖЕМІСТІ КЕЗДЕСУЛЕР

ҚҰРАМА ШТАТТАРДАҒЫ бір қауымның ақсақалдары жоғалған қойларға көмектескісі келіп, қандай шара қолдануға болатынын ойластыра бастайды. Олар ондаған жылдар бұрын Ехобаға қызмет етуді доғарған 30 шақты адамның әлі де қауымның аумағында тұратынын анықтайды. Бұл бауырластардың біразы егде тартып қалған еді.

Альфредо деген ақсақал сол кісілердің тізімін алып, үйлеріне бара бастайды. Ол: “Мен әр жұма сайын таңертең әлсіреп қалғандардың бірінің үйіне барамын”,— деп әңгімеледі. Үй иесі есігін ашқанда, Альфредо мал-жан, хал-жағдай сұрасып, әңгімеге тартады да, сөз барысында оның қамын ойлайтынын сездіруге тырысады. Сосын, қауымдағы бауырластар оның Патшалықтың мүддесі үшін атқарған еңбегін ұмытпағанын айтады. Ол әңгімесін былай сабақтады: “Рухани әлсіреп қалған бір егде бауырласқа 1976 жылы соңғы рет есеп тапсырғанда, қанша сағат уағыздап, қанша журнал таратқанын айтқанымда, оның көзіне жас үйірілді”. Сонымен қатар уағыздамай жүрген бауырластарға барғанда, Альфредо Лұқа 15:4—7, 10-тармақтарды оқиды екен. Бұдан кейін: “Жоғалып қалған қой қауымға қайта оралғанда, не болады?— деп сұраған соң:— Ойлап көріңізші, Ехоба да, Иса да, періштелер де қуанады!”— дейді екен.

Альфредоның рухани әлсіреп қалған бауырластарға барып жүргеніне екі жыл болды. Оның осындай шыдамдылығы жеміс берді ме? Иә. Екі бауырлас қауыммен қайтадан араласа бастады. Ол бұған қатты қуанды. Олар жексенбілік жиналысқа үзбей келіп тұрады. “Екеуі Патшалық сарайына кіріп келгенде, енді менің көзіме жас келді”,— деп күлді Альфредо. Сосын былай деп қосты: “Олар Патшалық сарайына келе бастағанмен, мен жұма сайын үйлеріне баруды доғарған жоқпын. Себебі олар сол кезді күтеді екен, оны мен де күтемін!”

Басшылыққа қатысты өзгерістер Құдай халқының бірлігін нығайтады

22. Әділдік пен татулық қауымның бірлігін қалай нығайтатынын айтып беріңіз. (“Біз қайран қалдық” деген қоршауды да қараңыз.)

22 Жоғарыда қарастырылғандай, Ехоба өз халқының арасында әділдік пен тыныштықтың өркендейтінін алдын ала айтқан (Ишая 60:17). Осы екі қасиет те қауымдардағы бірлікті нығайтады. Қалай? Әділдік жайында айтар болсақ, “Құдайымыз Ехоба — жалғыз Ехоба” (Мұс. 5-ж. 6:4). Оның әділ талаптары қауымның қай елде екеніне қарай өзгеріп отырмайды. “Қасиеттілердің барлық қауымдары” үшін оның дұрыс пен бұрысқа қатысты қоятын талаптары бірдей (Қор. 1-х. 14:33). Сондықтан қауым Ехобаның талаптарына сай әрекет ететін болса ғана өркендейді. Ал тыныштық пен татулыққа келсек, Патшамыз қауымда татулықтың болғанына қуанғанымызды ғана емес, “татуластырушы” болғанымызды қалайды (Мат. 5:9). Сол себепті біз “өзара тату болуға ықпал ететіннің бәрін істейміз”. Арагідік болып тұратын түсініспеушіліктерді бірінші болып шешуге тырысамыз (Рим. 14:19). Осылай қауымдағы татулық пен бірліктің іргесі шайқалмауына үлес қосамыз (Ишая 60:18).

23. Бүгінде Ехобаның халқы оған қалай қызмет етіп жүр?

23 1895 жылдың қарашасындағы “Күзет мұнарасында” қауымдарда ақсақалдардың болатыны жарияланғанда, жауапты бауырластардың бұған қатысты тілектері де жазылды. Олар нені тіледі? Бауырластар ұйымдағы осы жаңа шараның Құдай халқын “сенім жағынан тезірек бірлікке жеткізуін” тілеп, сол үшін дұға ететіндерін айтты. Бүгінде ұйымның тарихына үңіле отырып, Ехобаның қауымдағы басшылыққа қатысты Патшамыз арқылы бірте-бірте жасаған өзгерістерінің арқасында бірлігіміздің нығайғанын байқаймыз. Бұл жүрегімізді ризашылыққа толтырады (Зәб. 99:4). Қазіргі таңда Ехобаның қызметшілері қайда болмасын, бірдей ниетпен бір жолда жүріп, “татулықтың Құдайына” “иық тіресе” қызмет етуде (Қор. 2-х. 12:18; Софония 3:9 оқыңыз).

a Осы ауқымды зерттеу жұмысының нәтижесі “Киелі кітапты түсінуге көмек” деген еңбекте жарық көрді.

b “Ақсақалдар “қуанышты болуымыз үшін бізбен қызметтесіп жүр” деген мақаланы қараңыз (“Күзет мұнарасы” 2013 жыл, 15 қаңтар, 27—31 беттер).

Құдай Патшалығы сіз үшін қаншалықты шынайы?

  • Патшалықтың арқасында ұйымда қандай өзгерістер жасалды?

  • Қауымдағы басшылыққа қатысты өзгерістер “татулықтың Құдайына” деген қызметіңізге қалай ықпал етуде?

  • Ақсақалдың қандай да бір сөзі не ісі қуанышыңызға қуаныш қосқан кез болды ма?

  • Қауымның татулығы мен бірлігіне сіз қалай үлес қоса аласыз?

Басқарушы кеңес пен оның көмекшілері бас қосып отыр

БАСҚАРУШЫ КЕҢЕС ПАТШАЛЫҚТЫҢ МҮДДЕСІН ОЙЛАЙДЫ

ЕХОБА КУӘГЕРЛЕРІНІҢ Басқарушы кеңесі майланған бауырластардан құралған. Бүтіндей алғанда, олар “адал да ақылды құл” болып есептеледі. Оларға рухани ас-су дайындау, сондай-ақ Патшалық туралы хабар жержүзінде уағыздалу үшін жариялаушыларды жігерлендіру әрі басшылық беру міндеті жүктелген (Мат. 24:14, 45—47).

Апта сайын, әдетте сәрсенбі күні, Басқарушы кеңестің мәжілісі өтеді. Осының арқасында олар бірлікте еңбектенеді (Зәб. 133:1). Басқарушы кеңестің мүшелері түрлі комитеттерде де қызмет етеді. Патшалықтың мүддесі үшін құрылған бұл комитеттердің әрқайсысының басқару аясы бар. Төменде олардың жұмысы қысқаша түсіндіріледі.

  • Дүниежүзілік бауырластықтың қамын жасау үшін бауырластар күштерін жұмылдырады

    Үйлестірушілер комитеті

    Бұл комитетте қызмет ететін бауырластар заңға қатысты мәселелерді қадағалайды. Көпшілікке нанымдарымыз жайлы дұрыс мәлімет беру үшін бұқаралық ақпарат құралдарын қолдану-қолданбауды шешу де осы бауырластардың құзырында. Сондай-ақ олар қудалау, табиғи апат сияқты дүниежүзіндегі бауырластарымыздың басына түсуі мүмкін төтенше жағдайларда қажетті көмек көрсетілуіне жауапты.

  • Бетелдіктердің әрқайсысы өзіне тапсырылған істі атқарады

    Кадрлар жөніндегі комитет

    Бұл комитетке дүниенің төрт бұрышындағы бетелдіктердің тәндік және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру ісін қадағалау тапсырылған. Жаңа бетелдіктерді таңдау мен шақыру, сондай-ақ олардың қызметтеріне қатысты туындаған мәселелерді шешу де осы комитеттегі бауырластарға жүктелген.

  • Баспа және тасымал бөлімінде қызмет етіп жатқан бетелдік

    Баспа комитеті

    Бұл комитет Киелі кітапқа негізделген әдебиеттердің басылуы мен тасымалдануын қадағалайды. Оның міндетіне Ехоба куәгерлері қолданатын түрлі заңды тұлғалардың меншігіндегі типографиялар мен басқа да меншіктің қолданылуын, Патшалық сарайларын соғу және жержүзіндегі барлық құрылыс жұмыстарын бақылау да кіреді. Сонымен қатар олар Патшалық ісіне жасалған садақалардың барынша тиімді қолданылуын қадағалайды.

  • Үстел басында дайындық пен зерттеу жүргізіп жатқан бауырластар

    Қызмет комитеті

    Бұл комитеттегі бауырластар уағыз ісінің барлық саласына, сондай-ақ қауымдар, жариялаушылар, ізашарлар, ақсақалдар, аралаушы бақылаушылар мен миссионерлерге қатысты жайттарды қадағалайды. Олардың көптеген міндетіне Ауруханалармен байланыс комитеттерінің қызметін бақылау да жатады.

  • Сахнада баяндама айтып тұрған бауырлас

    Білім беру комитеті

    Конгрестер мен қауым кездесулерінде берілетін басшылық пен тәлімге осы комитет жауапты. Ғалақат мектебі, Патшалықты жариялаушыларға арналған, Ізашарлық мектеп пен басқа мектептер де Білім беру комитетінің бақылауында. Сондай-ақ бұл комитет “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” кездесуінің жұмыс дәптерін және аудио, видео материалдарды дайындау ісін де қадағалайды.

  • Түрлі форматтағы әдебиеттер, jw.org сайты

    Жазушылар комитеті

    Бұл комитеттегі бауырластар Куәгерлерге, сондай-ақ басқа да адамдарға арналған жазбаша және электронды түрде шығатын рухани ас-судың дайындалуына жауапты. Сонымен қатар олар веб-сайтымыздың және дүниежүзіндегі аудармашылардың жұмысын ұйымдастырады. Бұған қоса, аталмыш комитет белгілі бір тармақтың мағынасына немесе әдебиеттерімізде жазылған қандай да бір мәліметке қатысты сұрақтарға жауап береді.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу