Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • ia 23-тар., 196—204 бет.
  • Ол ұстазынан кешіруді үйренді

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ол ұстазынан кешіруді үйренді
  • Сенімін серік еткендер
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Ол әлі де көп нәрсе үйренуі керек
  • Петір кешірімге мұқтаж болды
  • Петірдің ең үлкен қателігі
  • Петір кешірімге ие бола ала ма?
  • Кешірімге ие болғанының басқа да дәлелі
  • Ол Иса Мәсіхтен кешіруді үйренді
    2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Ол сынақтарда адалдық сақтады
    Сенімін серік еткендер
  • Ол бойындағы қорқынышпен және күмәнмен күресті
    Сенімін серік еткендер
  • Алған бағытынан таймаған Петірдей болыңыз!
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2023
Көбірек мәлімет
Сенімін серік еткендер
ia 23-тар., 196—204 бет.
Елші Петір

ЖИЫРМА ҮШІНШІ ТАРАУ

Ол Ұстазынан кешіруді үйренді

1. Петір не үшін өзін қоярға жер таппады?

КӨЗДЕРІ ұшырасып қалған осы бір сәтті Петір өмір бойы ұмытпас. Иесінің жанарынан ол ренішті көрді ме, жоқ әлде жазғыруды көрді ме, оны кесіп айту қиын. Білетініміз, Киелі кітаптың “Иеміз бұрылып, Петірге қарады” дегені ғана (Лұқа 22:61). Исаның бір қарағанынан-ақ Петір өзінің не істеп қойғанын түсінді. Иса оған осы жайттың болатынын алдында ғана айтып еді. Сонда Петір бой бермей, “сізден ешқашан танбаймын” деген болатын. Енді, міне, өкініш өзегін өртеп, жанын қоярға жер табар емес.

2. Петір не нәрсеге үйренуі керек еді және бұның бізге пайдасы бар ма?

2 Петір үшін осымен бәрі бітті ме? Жоқ. Петір сенімі мықты адам болған әрі қателігін түзеуге, болған жағдайдан сабақ алуға оның әлі де мүмкіндігі бар еді. Алда Иса оған кешірімді болудың зор үлгісін көрсетпек. Мұндай қасиет бәрімізге де қажет. Олай болса, Петірдің кешірімділікке қалай үйренгенін көрейік.

Ол әлі де көп нәрсе үйренуі керек

3, 4. а) Петір Исаға қандай сұрақ қойды және ол не ойласа керек? ә) Иса Петірге сол замандағы адамдардың көзқарасы ықпал еткенін қалай көрсетті?

3 Осыдан алты ай бұрын Петір Қапарнаумда болғанда, Исадан: “Ием, егер бауырласым маған қарсы күнә жасай берсе, оны қанша рет кешіруім керек? Жеті ретке дейін бе?”— деп сұраған болатын. Петір өзін көп рет кешіре алатын рақымды адам деп есептесе керек. Өйткені сол кездегі дінбасылар күнә жасаған адамды үш рет қана кешіру керек деп үйрететін. Бірақ Исаның жауабы мүлдем басқаша болды. Ол: “Жеті емес, жетпіс жеті ретке дейін”,— деп жауап берді (Мат. 18:21, 22).

4 Иса адамның кінәсін жіпке тізіп, санап отыру керек дегісі келді ме? Жоқ, әрине. “Жеті емес, жетпіс жеті ретке дейін” деп әсірелеп айтуымен Иса сүйіспеншілік танытатын адамның шексіз, есепсіз кешіретінін түсіндіргісі келді (Қор. 1-х. 13:4, 5). Петірге сол замандағы көптеген мейірімсіз, тасжүрек адамдардың көзқарасы ықпал етсе керек. Өйткені олар өзгені қанша рет кешіру керектігін есептеп, шегін белгілеп қойған еді. Алайда Құдайға еліктейтін адам әрдайым кешіруге дайын болуы керек (Жоханның 1-хаты 1:7—9 оқыңыз).

5. Адам кешірімшіл болудың маңызды екенін әсіресе қай кезде түсінеді?

5 Петір Исаның айтқанымен дауласқан жоқ. Бірақ Исаның сөздері оның жүрегіне жетті ме екен? Адам кешірімшіл болу дегеннің не екенін әсіресе өзі күнә жасап, кешірімге мұқтаж болғанда түсініп жатады. Олай болса, Исаның өлімінің алдында орын алған оқиғаларға көңіл бөлейік. Сол сын сағаттарда Петір қайта-қайта қателік жасап, Ұстазының кешіріміне мұқтаж болды.

Петір кешірімге мұқтаж болды

6. Иса елшілеріне кішіпейіл болуды үйреткісі келгенде, Петір не істеді және Иса бұған қалай қарады?

6 Исаның жердегі өмірінің соңғы түні. Осы маңызды кеште Иса елшілерімен бас қосып отыр. Ол елшілеріне әлі де көп нәрсені, мысалы кішіпейіл болуды үйреткісі келді. Сондықтан шылапшынға су құйып, шәкірттерінің аяғын жуа бастады. Әдетте мұндай жұмысты үйдегі ең төменгі қызметші атқаратын. Иса Петірдің жанына келгенде, ол оның неге бұлай етіп жатқанын түсінбей, қарсылық білдірді. Бірақ кейіннен ол Исадан аяғын ғана емес, қолы мен басын да жууын сұрады. Сонда да Иса сабырлы күйін жоғалтпай, өз әрекетінің мәні мен маңыздылығын түсіндірді (Жох. 13:1—17).

7, 8. а) Петір Исаның шыдамдылығын қалай сынады? ә) Иса мейірімді, кешірімді болудың үлгісін тағы қалай көрсетті?

7 Көп ұзамай Исаның шыдамдылығы тағы бір рет сыналды. Елшілер қайсысымыз ең ұлымыз деп дауласа бастады. Көкіректікке бой алдырған сол елшілердің арасында Петір де болды. Алайда Иса оларды жұмсақ түрде түзетті, тіпті адал болуға тырысып жүргендері үшін мақтап, жақсы жақтарына назар аударды. Бірақ Иса олардың бәрі басына түсетін қиын сәтте өзін тастап кететіндерін айтты. Сонда Петір өлуге тура келсе де, Исаны тастамайтынын айтты. Иса оған сол түні-ақ әтеш екі рет шақырғанша, өзінен үш рет танатынын пайғамбарлық етті. Бірақ Петір оның айтқандарына қарсылық білдіріп қана қоймай: “Сізді тіпті бәрі тастап кетсе де, мен тастамаймын”,— деп мақтанды (Мат. 26:31—35; Мар. 14:27—31; Лұқа 22:24—28; Жох. 13:36—38).

8 Петірдің осы сөзінен кейін Иса шыдамы таусылып, ашуланды ма? Жоқ. Жаны қиналып тұрған уақытта да Иса кемелсіз елшілерінің жақсы қасиеттерін көре білген. Петірдің өзінен танып кететінін білсе де, оған: “Сенімің әлсіремесін деп, сен үшін жалбарындым. Ал сен ісіңе өкінген соң, бауырластарыңның сенімін нығайт”,— деді (Лұқа 22:32). Мұнымен ол Петірдің қайтадан рухани нығайып, қызметін адал жалғастыратынына сенімді екенін көрсетті. Расында да, Иса мейірімді, кешірімді болудың керемет үлгісі!

9, 10. а) Иса Гетсимани бағында Петірді қалай түзетті? ә) Петірдің қателігі нені есімізге салады?

9 Кейінірек Гетсимани бағында да Петірді бірнеше рет түзету керек болды. Иса қатты жан азабына түсіп, біреудің демеуіне мұқтаж еді. Сондықтан дұға етіп келгенше, Петір, Жақып пен Жоханнан ұйықтамай, сергек болуларын бірнеше рет сұрады. Алайда олар қайта-қайта ұйықтап қала берді. Сонда да Иса оларға түсінушілікпен қарап: “Рух дайын, бірақ тән әлсіз”,— деді (Мар. 14:32—41).

10 Көп ұзамай баққа шырақ ұстап, семсер, сойылмен қаруланған бір топ адам келді. Бұл жағдайда елшілер парасатты болып, сақтықпен әрекет етулері керек еді. Бірақ Петір семсерін суырып алып, бас діни қызметкердің құлы Мәліктің құлағын шауып түсірді. Сонда Иса Петірді сабырлықпен түзетті де, құлдың құлағын сауықтырды. Сосын ізбасарларына неліктен семсерге жүгінбеулері керектігін түсіндірді (Мат. 26:47—55; Лұқа 22:47—51; Жох. 18:10, 11). Иса Петірді осы уақытқа дейін талай рет кешірген. Бұл бәріміздің де көп қателік жіберетінімізді және Құдайдың кешіріміне әр күні мұқтаж екенімізді еске салады (Жақып 3:2 оқыңыз). Сол түні Петір Ұстазының кешіріміне әсіресе мұқтаж болды. Оның қандай оқиғаларды бастан кешіргенін көрейік.

Петірдің ең үлкен қателігі

11, 12. а) Иса тұтқындалғанда, Петір қалай батылдық танытты? ә) Петір айтқанына сай әрекет етті дей аламыз ба?

11 Иса алдында тұрған тобырға: “Іздеп жүргендерің мен болсам, мыналарға тимеңдер, кете берсін”,— деді. Сақшылар Исаны ұстап алып, байлап жатқанда, Петір еш нәрсе істей алмай, шарасыз күй кешсе керек. Кейін ол да басқа шәкірттермен бірге Исаны тастап, қашып кетті.

12 Петір мен Жохан бас діни қызметкер болған Аннастың үйінің тұсына келіп тоқтады. Исаны бұл үйге тергеу үшін алып келген еді. Оны сол жерден алып шыққанда, Петір мен Жохан оған “алыстан ілесіп отырды” (Мат. 26:58; Жох. 18:12, 13). Петірдің бұл әрекеттерінен қорқақ адам болмағанын байқаймыз. Өйткені қаруланған сақшылардың соңынан ілесу үшін де батылдық қажет. Оның үстіне, Петір алдында ғана сол тобырдағылардың бірін жарақаттаған болатын. Алайда ол Ием үшін өлуге де дайынмын дегеніне сай әрекет етіп, Ұстазына айнымас сүйіспеншілік танытатындай батыл болды дей алмаймыз (Мар. 14:31).

13. Исаның ізімен тура жүру үшін не істеу қажет?

13 Петір сияқты бүгінде көп адам Мәсіхтің соңынан “алыстан”, ешкімнің көзіне түспей ілесіп жүр. Бірақ кейінірек Петірдің өзі жазғандай, Мәсіхтің ізімен тура жүру үшін, оған барынша жақын болу керек, яғни қиындықтарға төзуге тура келсе де, оның үлгісіне барынша еліктеу қажет (Петірдің 1-хаты 2:21 оқыңыз).

14. Исаны тергеп жатқан уақытта Петір не істеді?

14 Петір тобырдың артынан ешкімнің көзіне түспей ілесе отырып, Иерусалимдегі ең үлкен үйдің алдына дейін келді. Бұл Қаяфа есімді бай әрі беделді бас діни қызметкердің үйі еді. Әдетте мұндай үйлердің ортасында үлкен ауласы болатын. Қызметшілер кіргізбей қойғандықтан, Петір қақпаның сыртында қалып қойды. Бұл уақытта Жохан іште жүрді, себебі ол бас діни қызметкерді танитын. Ол қақпа күзететін қызметшімен сөйлесті де, Петірді ішке кіргізді. Бірақ Петір Жоханмен бірге жүрмеді, Иесіне қолдау көрсету үшін үйдің ішіне де кіруге батпады. Ол ішкі аулада отты қоршай жылынып отырған құлдар мен үй қызметшілерінің қасына барды. Сол жерден ол Исаға айып тағу үшін келген жалған куәгерлердің үйге кіріп-шығып жатқанын бақылап отырды (Мар. 14:54—57; Жох. 18:15, 16, 18).

15, 16. Петірдің үш рет танатынына қатысты Исаның сөздері қалай орындалды?

15 Оттың жарығынан Петірдің жүзі анығырақ көрінсе керек, қақпаның жанында кездестірген қызметші қыз оны танып: “Сен де ғалилеялық Исамен жүретін едің ғой!”— деді. Мұндайды күтпеген Петір Исадан танып шыға келді, тіпті қыздың не айтып тұрғанын түсінбегендей сыңай танытты. Көзге түспес үшін қақпа жаққа барып тұрып еді, сол жерде де басқа бір қызметші қыз оны байқап қалып, сондағыларға: “Мынау назареттік Исамен бірге жүретін”,— деді. Сонда Петір тағы да танып: “Мен ол кісіні танымаймын”,— деп ант ішті (Мат. 26:69—72; Мар. 14:66—68). Осы кезде Петір әтештің шақырғанын естісе керек. Бірақ ол Исаның бірнеше сағат бұрын өзіне қатысты айтқан сөздерін есіне түсіретіндей күйде емес еді.

16 Петір адамдардың назарына ілікпеуге тырысты, бірақ аулада жүрген адамдар оның қасына келді. Солардың арасында Петір құлағын шауып түсірген Мәліктің туысы да болды. Ол Петірді көріп: “Сені онымен бірге бақта көрдім емес пе?”— деді. Сонда Петір жаңылысып тұрғандарына оларды сендіргісі келіп, қарғанып, ант іше бастады. Осылайша Петір Исадан үшінші рет танды. Сөйлеп біткені сол-ақ еді, әтеш екінші рет шақырды (Жох. 18:26, 27; Мар. 14:71, 72).

Иса бұрылып, Петірге қарап тұр

“Иеміз бұрылып, Петірге қарады”

17, 18. а) Ауыр қателік жасағанын түсінгенде, Петір не істеді? ә) Петір не сезінсе керек?

17 Сол уақытта үйдің ішкі ауласына қараған балконға Иса шықты. Ол бұрылып Петірге қарады. Сол сәтте, тараудың басында айтылғандай, екеуінің көздері ұшырасып қалды. Сонда Петір бірден есін жиып, не істеп қойғанын түсінді. Ауыр күнәсі еңсесін зілдей басқан күйі ол қақпадан шығып кетті. Толған айдың жарығы түскен қала көшесімен келе жатқанда, тамағына өксік тығылып, көзі жасқа толды. Ол өз ісіне қатты налып, өкіріп жылап жіберді (Мар. 14:72; Лұқа 22:61, 62).

18 Үлкен қателік жасаған адамның күнәм енді кешірілмейді деп түңіліп кетуі оп-оңай. Петір де осындай күй кешсе керек. Оның қателігі шынымен де кешірілместей ауыр ма еді?

Петір кешірімге ие бола ала ма?

19. Жасаған қателігінен кейін Петір не сезінсе керек, бірақ оның түңіліп кетпегенін қайдан білеміз?

19 Таңертең Исаның азапты сағаттары басталғанда, Петір өзін қоярға жер таппады. Ал түстен кейін Исаны бөренеге шегелеп өлтіргенде, ол өзін одан сайын кінәласа керек. Өмірінің соңғы сәтінде Иемнің азабына азап қостым-ау деп оның жаны қиналған болар. Осындай жағдайда болғанына қарамастан, Петір қатты түңіліп кетпеді. Себебі ол көп ұзамай бауырластармен кездесіп, олармен бірге болды (Лұқа 24:33). Сол кездесуде елшілер Ұстаздарын тастап кеткен түнді еске алып, өз істеріне өкініп, бір-бірін жұбатқандары сөзсіз.

20. Петірдің кейінгі әрекетінен неге үйренеміз?

20 Петірдің бауырластармен бас қосқаны дұрыс болды. Өйткені қандай да бір Құдай қызметшісі сүрініп құласа, маңыздысы — күнәсінің қаншалықты ауыр болғаны емес, қайта аяққа тұрып, жағдайды түзеуге күш салғаны (Нақыл сөздер 24:16 оқыңыз). Кеудесі мұңға толып тұрса да, Петір бауырластармен бірге болып, шынайы сенім танытты. Жан азабын тартып не қатты өкініп жүрген адам әдетте өзгелерден оқшаулануға бейім келеді, бірақ бұл өте қауіпті (Нақ. с. 18:1). Мұндайда бір сенімдегі бауырластармен бірге болып, рухани күш жинау аса маңызды (Евр. 10:24, 25).

21. Петір бауырластармен бірге отырғанда, қандай хабар естіді?

21 Петір бауырластарымен отырғанда, Исаның мәйіті қабірде жоқ болып шыққанын естіді. Сол замат Жохан екеуі қабірге қарай жүгіре жөнелді. Жохан жастау болса керек, қабірге бірінші болып жетті де, аңырып тұрып қалды. Өйткені үңгірдің аузы ашық екен. Петір болса жете салысымен іркілмей ішке кіріп кетті. Сөйтсе, қабір шынымен-ақ бос екен (Жох. 20:3—9).

22. Қалайша Петірдің көңілі орнығып, күмәні сейілді?

22 Петір Исаның қайта тірілгеніне сенді ме? Періштелерді өз көздерімен көріп, олардан Исаның қайта тірілгені жайлы естіген әйелдерге Петір алғашында сенбеді (Лұқа 23:55—24:11). Бірақ сол күннің аяғына таман Петірдің бар күмәні сейіліп, көңілі орнықты. Себебі ол Исаның шынымен де тірі әрі құдіретті періште болғанына көз жеткізді. Иса елшілерінің бәріне көрінді. Бірақ ол алдымен Петірге көрінді. Киелі кітаптан елшілердің: “Иеміз шынымен қайта тірілді! Ол Шимонға көрініпті!”— дегендерін оқимыз (Лұқа 24:34). Кейінірек елші Пауыл да: “Сосын Кефаға, кейін он екі елшіге көрінді”,— деп жазған (Қор. 1-х. 15:5). Бұл тармақтардағы Шимон және Кефа дегеніміз Петірдің басқа есімдері. Иса Петірге оңаша болғанда көрінсе керек.

Петір Иесінің кешірімін көп рет қажет еткендей, біз де Құдайдың кешіріміне күн сайын мұқтажбыз

23. Неге күнә жасап қойған мәсіхшілер Петірдің мысалын есте ұстаулары керек?

23 Иса мен Петірдің арасындағы әңгіме Киелі кітапта егжей-тегжейлі жазылмаған. Алайда біз Петірдің сүйікті Иесін қайтадан көргенде қатты қуанғанын және ісі үшін қайғыратыны, қатты өкінетіні жайында айтып жатқанын көз алдымызға елестете аламыз. Сол кезде Петірдің бар қалағаны Исаның кешіріміне ие болу еді. Исаның оны толықтай кешіргенінде күмән жоқ. Қазіргі кезде де күнә жасап, қайғырып жүрген мәсіхшілер Петірдің оқиғасын ұмытпағандары жөн. Иса Құдайдың “жомарттықпен кешіретінін” кемелді түрде көрсетті (Ишая 55:7). Сондықтан біз Құдайдың кешіріміне ешқашан ие бола алмаймыз деп ойламауымыз керек.

Кешірімге ие болғанының басқа да дәлелі

24, 25. а) Петірдің Ғалилея теңізінде балық аулаған түнін суреттеп беріңіз. ә) Исаның жасаған кереметін көргенде, Петір не істеді?

24 Иса елшілерін Ғалилеяға жіберіп, олармен сол жерде кездесетінін айтты. Сол жерге келген соң, Петір балық ауламақ болып теңізге шықты. Оған шәкірттердің бірнешеуі қосылды. Міне, Петір қайтадан бұрынғы өміріне оралғандай. Айналадағының бәрі таныс. Әрі-бері тербелген қайықтың сықыры, толқынның шуы, қолындағы ау — осының бәрі бұрынғы өмір салтын еске салып тұрды. Бірақ сол түні ауға бірде-бір балық түспеді (Мат. 26:32; Жох. 21:1—3).

Петір жағалауда отырған Исаға қарай жүгіріп бара жатыр

Петір суға секіріп, жағаға қарай жүзді

25 Таң бозарып атып келе жатқанда, жағадан бір кісінің даусы естілді. Ол ауды қайықтың басқа жағына тастауды бұйырды. Қайықтағылар солай еткенде, ауға 153 балық түсті! Петір жағадағы кісінің кім екенін танып, суға секірді де, жағаға жүзе жөнелді. Жағада күтіп отырған Иса шәкірттеріне шоққа пісірілген балық ұсынды. Сосын ол бар назарын Петірге аударды (Жох. 21:4—14).

26, 27. а) Иса Петірге үш рет қандай мүмкіндік берді? ә) Иса Петірді толықтай кешіргенін қалай көрсетті?

26 Иса Петірден: “Мені мыналарға қарағанда көбірек жақсы көресің бе?”— деп сұрады. Ол “мыналар” деп жаңа ғана аулап әкелінген балықтарға нұсқаса керек. Расында да, Петір Исаны балық аулаудан да көбірек жақсы көре ме екен? Ол Исадан жақында ғана үш рет танған болатын. Қазір болса Иса оған өзіне деген сүйіспеншілігін өзгелердің алдында үш рет мойындауға мүмкіндік беріп тұр. Петір Исаны жақсы көретінін айтты. Сонда Иса оған осы сүйіспеншілігін дәлелдеудің жолын көрсетті. Бұл үшін Петір қасиетті қызметті бірінші орынға қойып, Мәсіхтің отарын, яғни адал ізбасарларын, рухани ас-сумен қамтамасыз етіп, нығайтуы керек еді (Жох. 21:15—17).

27 Осылайша Иса Петірді өзіне және Құдайға әлі де қажет екеніне сендірді. Петір басқарушысы Мәсіх болып табылатын қауымда маңызды рөл атқармақ еді. Бұл Петірдің толықтай кешірілгенінің салмақты дәлелі еді. Ұстазының мұндай мейірімділігі оған қатты әсер етіп, жүрегінде өшпес із қалдырғанында күмән жоқ.

28. Қалайша Петір өзінің Тас деген атына заты сай болды?

28 Петір өз қызметін ұзақ жылдар бойы адал атқарды. Иса өлер алдында тапсырып кеткендей, ол бауырластарына демеу болды (Лұқа 22:32). Ол Мәсіхтің ізбасарларын мейірімділікпен, шыдамдылықпен қамқорлады әрі рухани ас-сумен қамтамасыз етті. Осылайша Шимон Иса берген Петір, яғни Тас, деген есімге лайық болды. Ол тас сияқты берік сенімімен бауырластарға жақсы үлгі болып, қауымның арқа сүйер тіренішіне айналды. Бұған Петірдің өзі жазған екі хаты дәлел бола алады. Бауырластарына деген сүйіспеншілікпен жазылған бұл хаттар Киелі кітаптың құрамына енген. Ондағы сөздерден Петірдің Исадан кешірімді болуға қатысты алған сабағын өмір бойы ұмытпағанын байқаймыз (Петірдің 1-хаты 3:8, 9; 4:8 оқыңыз).

29. Петірдің сеніміне және Исаның мейірімділігіне қалай еліктей аламыз?

29 Осы оқиғадан біздің де сабақ алғанымыз дұрыс. Күнделікті жасайтын қателіктеріміз үшін Құдайдан кешірім сұраймыз ба? Оның бізді кешіріп, таза ар-ұждан сыйлайтынына сенеміз бе? Ал өзіміз басқаларды кешіреміз бе? Осылай етер болсақ, Петірдің сеніміне және Исаның мейірімділігіне еліктейміз.

ОЙ ЖҮГІРТЕЙІК

  • Петір кешіруге қатысты қандай жаңсақ пікірде болды?

  • Петір қандай қателіктер жасап, Исаның кешіріміне мұқтаж болды?

  • Иса Петірді кешіргенін қалай көрсетті?

  • Петірдің сенімі мен Исаның мейірімділігіне қалай еліктегіңіз келеді?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу