3-САБАҚ
Киелі кітап шындықтарының қайта жандануы
Киелі кітап зерттеушілері, 1870 жылдар
Ең алғашқы “Күзет мұнарасы”, 1879 жыл
Бүгінгі таңдағы “Күзет мұнарасы”
Киелі кітапта Иса пайғамбардың өлімінен кейін оның ізін қуған алғашқы мәсіхшілердің арасынан жалған ұстаздардың шығатыны және олардың Киелі кітап шындықтарын бұрмалайтыны алдын ала айтылған еді (Елшілердің істері 20:29, 30). Уақыт өте келе дәл солай болды. Жолдан тайған бұл ұстаздар Исаның ілімдерін жалған ілімдермен араластырып жіберді. Осылайша жалған мәсіхшілердің діні пайда болды (Тімөтеге 2-хат 4:3, 4). Ал Ехоба куәгерлерінің Киелі кітап ілімдерін дұрыс түсінетінін қайдан білеміз?
Ехоба Құдайдың шындықты ашатын уақыты келді. Ехоба заманның ақыры таяған уақытта “шынайы білім молая түсетінін” алдын ала айтқан (Даниял 12:4). 1870 жылы шындыққа сусаған адамдардың шағын тобы көптеген шіркеу ілімдерінің Киелі кітапқа негізделмегенін түсінді. Сол себепті олар Киелі жазбалардың шын мәнінде неге үйрететінін зерттей бастады. Ал Ехоба оларға рухани түсінік беріп, батасын төкті.
Ақжүрек адамдардың шағын тобы Киелі кітапты мұқият зерттей бастады. Ехоба куәгерлеріне жол ашқан осы ынталы зерттеушілер Киелі кітапты белгілі бір тақырыптар бойынша қарастыруды жөн көрді. Бұл әдіс біздің күнімізге дейін қолданылып келеді. Зерттеушілер қандай да бір тармақты түсінбеген кездері оны айқындай түсетін басқа тармақтарды қарастыратын. Сосын, Киелі жазбалардың барлық бөлігімен үйлесетін қандай да бір қорытынды жасап, оны жазып алатын. Осылайша олар Киелі кітаптың өзін-өзі түсіндіруіне жол беретін. Нәтижесінде, Құдайдың есімі мен Патшалығы, оның адамзат пен жерге қатысты ниеті, қайта тірілуге деген үміт пен өлген адамдардың күйі жайлы шындықтар қайта жанданды. Мұндай ізденістер оларды көптеген жалған ілімдер мен әдет-ғұрыптардан азат етті (Жохан 8:31, 32).
1879 жылы Киелі кітап зерттеушілері шындықты қалың жұртқа паш ететін уақыттың келгенін түсінді. Сондықтан олар сол жылдан бастап “Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды” журналын басып шығара бастады. Бұл басылым бүгінгі күнге дейін жарық көруде. Біз Киелі кітап шындықтарын 240 елде 900-ден аса тілде жариялап жүрміз. Шынайы білім бұрын-соңды ешқашан осыншалықты мол болған емес!
Иса Мәсіхтің өлімінен кейін Киелі кітаптағы шындықпен не болды?
Құдай Сөзіндегі шындықты қайта жандандыруға бізге не көмектесті?