“Мен сендермен біргемін”
“Көптеген адамдар [кітапты] мұқият қарап шығып, білімдері молая түсетін болады” (ДАН. 12:4).
ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢ?
Біздің заманымызда тура білім қалай нұр шаша бастады?
“Көптеген” адамдар ненің арқасында шындықты қабылдады?
Тура білім қалай “молайды”?
1, 2. a) Иса бүгінде өз шәкірттерімен бірге екенін және болашақта бірге болатынын қайдан білеміз? ә) Даниял 12:4-ке сай, Жазбаларды мұқият зерттеудің нәтижесі қандай болмақ еді?
КӨЗ АЛДЫҢА жұмақта жүргеніңді елестетші. Таңертең көзіңді ашқанда, өзіңді жақсы сезініп, жаңа күнді бастауға асығасың. Еш жерің ауырмайды, кешегі ауру-сырқауларың атымен жоқ. Көру, иіс сезу, сипап сезу, дәм сезу мен есту мүшелерің кемелді түрде жұмыс істейді. Тепсең темір үзетіндей күшің бар, жұмысың қызықты, достарың көп, уайым-қайғың жоқ. Осындай баталарға сен Құдай Патшалығының қол астында кенеле аласың. Құдай тағайындаған патша Иса Мәсіх адамзатқа осындай баталар төгіп, оларға Ехоба жайлы тәлім бермек.
2 Адал қызметшілері келешекте болатын дүниежүзілік тәлім беру ісіне атсалысқанда, Ехоба олармен бірге болмақ. Құдай мен оның Ұлы ғасырлар бойы адал адамдардың жанынан табылған. Мысалы, Иса көкке көтерілмес бұрын адал шәкірттеріне олармен бірге болатынын уәде еткен (Матай 28:19, 20 оқы). Осы уәдеге деген сенімімізді нығайту үшін осыдан 2500-ден астам жыл бұрын Бабылда жазылған пайғамбарлық сөздердің бір ғана сөйлемін қарастырайық. Біз қазір өмір сүріп жатқан “заманның соңы” туралы Даниял пайғамбар былай деп жазған: “Көптеген адамдар [кітапты] мұқият қарап шығып, білімдері молая түсетін болады” (Дан. 12:4). Адамдар үшін бұл неткен бата болады десеңші! Пайғамбарлыққа сай, Жазбаларды мұқият зерттеген адамдар Құдай Сөзіндегі шынайы да тура білімге ие болады. Сондай-ақ онда адамдардың білімдері молая түсетіні айтылған. Демек, бұл білім кеңінен таратылады және қол жетімді болады. Бұл пайғамбарлықтың қалай орындалғанын қарастырғанымыздың арқасында Иса бүгінде өз шәкірттерімен бірге екеніне және Ехоба уәделерін орындауға құдіретті екеніне көзіміз жете түседі.
“КІТАПТЫ МҰҚИЯТ ҚАРАП ШЫҚҚАНДАР”
3. Елшілер қайтыс болған соң не болды?
3 Елшілер қайтыс болған соң алдын ала айтылған жолдан таюшылық пайда болып, лаулаған оттай тез тарады (Ел. іс. 20:28—30; Сал. 2-х. 2:1—3). Содан ғасырлар бойы Киелі кітаптан хабары жоқ адамдар мен өздерін мәсіхші санағандардың өзі рухани қараңғылықта жүрді. Христиан әлемінің басшылары Жазбаларға сенеміз дей тұра Құдайдың атына кір келтіретін “жындардың ілімдерін” таратты (Тім. 1-х. 4:1). Бұларға Құдай Үштік, адамның өлмес жаны бар және кейбіреулер тозақ отында мәңгі азап шегеді деген сияқты жалған ілімдер жатады.
4. 1870 жылдары бір топ мәсіхшілер Киелі кітаптағы шындықты қалай іздей бастады?
4 Алайда 1870 жылдары, “соңғы күндердің” басталуына қырық жылдай уақыт қалғанда, Пенсильваниядағы (АҚШ) бір топ ақжүрек мәсіхшілер Киелі кітапты мұқият зерттей отырып шындықты іздей бастады (Тім. 2-х. 3:1). Бұл адамдар “Киелі кітап зерттеушілері” деп аталған. Олар Құдай еркін шын жүректен орындағысы келген кішіпейіл адамдар болатын. Олар “данышпандар мен білімпаздар” емес еді, өйткені Иса шынайы білім ондай адамдардан жасырын қалатынын айтқан (Мат. 11:25). “Киелі кітап зерттеушілері” Жазбаларды мұқият әрі дұға ете отырып оқыды, талқылады және ой елегінен өткізді. Сондай-ақ Киелі кітап үзінділерін салыстырып, өздері іспетті зерттеу жүргізгендердің еңбектерін қарастырды. Бірте-бірте бұл зерттеушілерге ғасырлар бойы жасырын болып келген шындықтар ашылды.
5. “Көне теология” деп аталған бірнеше трактаттың мақсаты қандай болды?
5 Алған білімдеріне қатты қуанғанымен, “Киелі кітап зерттеушілері” кеуде көтеріп, менмен болып кетпеді. Олар жаңалық аштық деп те ойламады (Қор. 1-х. 8:1). Адамдарды Киелі кітапта әлдеқашан жазылған шындықпен таныстыру үшін олар “Көне теология” деп аталған бірнеше трактат басып шығарды. Бұл трактаттардың алғашқысында Киелі кітапты зерттеуде көмек болатын қосымша мәлімет бар еді. Оның мақсаты адамдарға “барлық жалған салт-дәстүрлерден арылып, Иеміз бен елшілердің көне теологиясына қайта оралуға” көмектесу еді (“The Old Theology”, № 1, 1889 жыл, сәуір, 32-бет).
6, 7. a) 1870 жылдардан бері Ехоба куәгерлері қандай шындықтарды білді? ә) Сен қандай шындықтар үшін әсіресе ризасың?
6 1870 жылдардан бері Ехоба куәгерлері мол білім жинадыa. Бұл — дін ғалымдары талқылайтын іш пыстырарлық құр деректер емес, қайта, адамға азаттық, қуаныш пен үміт сыйлайтын, өмірін мағыналы да бақытты ететін білім. Осы білімнің арқасында біз сүйіспеншілікке толы Құдайымыз Ехобаны жақыннан танимыз әрі оның еркін түсінеміз. Сондай-ақ Исаның кім екенін, жерге не үшін келіп, не себепті өлгенін және қазір не істеп жатқанын білеміз. Киелі кітаптағы құнды білімге ие болғандықтан, біз Құдайдың зұлымдыққа не себепті жол беретінін, адам неге өлетінін, дұғаны қалай айту керектігін және шынайы бақытқа қалай қол жеткізуге болатынын түсінеміз.
7 Біз жүздеген жыл бойы мәні жасырын болған пайғамбарлықтарды түсінеміз әрі орындалып жатқанын көріп отырмыз (Дан. 12:9). Бұл пайғамбарлықтардың көбісі Ізгі хабарлар мен Аян кітабында жазылған. Ехоба бізге Исаның таққа отыруы, көктегі соғыс пен Шайтанның жер бетіне лақтырылуы сияқты жай көзбен көру мүмкін емес жайттарды түсінуге көмектесті (Аян 12:7—12). Сондай-ақ бізге жер бетінде болып жатқан жайттардың мәнін ашты. Біз соғыстар, жерсілкіністер, індеттер, ашаршылық неге орын алып жатқанын және адамдар осы уақытты “ерекше қиын” ететін зұлым істерді не себепті жасайтындарын білеміз (Тім. 2-х. 3:1—5; Лұқа 21:10, 11).
8. Біз шындықты кімнің арқасында біліп отырмыз?
8 Иса шәкірттеріне былай деген: “Сендер көріп жүрген нәрселерді көргендер бақытты. Сендерге айтамын, көптеген пайғамбарлар мен патшалар сендер көріп жатқандарды көргісі келген, бірақ көрген жоқ. Сендер естіп жатқандарды естігісі келген, бірақ естіген жоқ” (Лұқа 10:23, 24). Біз де өзімізді Исаның алғашқы шәкірттері сияқты сезінеміз. Ехобаның көмегімен біз шындықты “көріп”, “естіп” жатырмыз. Сондай-ақ бізге “шындықты толық түсінуге” көмектесу үшін Құдай “көмекшіні”, яғни киелі рухын жіберіп отырғанына қандай ризамыз десеңші! (Жохан 16:7, 13 оқы). Ендеше, әрқашан шындықтың қадірін біліп, оны шын жүректен басқаларға жариялайық!
“КӨПТЕГЕН АДАМДАР” БІЛІМ АЛДЫ
9. “Күзет мұнарасының” 1881 жылғы сәуір айындағы санында қандай шақыру жарық көрді?
9 “Күзет мұнарасы” журналы алғаш рет басылып шыққан күннен екі жыл өтпей жатып 1881 жылғы сәуір айындағы санында “1000 жариялаушы қажет” деген мақала шықты. Онда былай делінген еді: “Уақытының жартысын не одан көбін Иеміздің ісіне арнай алатындар үшін бізде мынадай ұсыныс бар: Жағдайларыңа қарай кітап таратушылар не уағыздаушылар ретінде үлкен не кіші қалаларға барып, ақжүрек мәсіхшілерді іздестіріңдер. Олардың көбісінің Құдайға деген құлшыныстары бар болғанымен, мұнысы тура білімге сай емес. Осындай адамдарға Әкеміздің мейір-шапағаты мол екенін және Сөзінің сұлулығын паш етіңдер”.
10. Толық уақытты уағыздаушы болуға қатысты шақыруды естіген көп адам не істеді?
10 Сол шақырудан көрінетіндей, “Киелі кітап зерттеушілері” шынайы мәсіхшілердің басты жұмысы ізгі хабарды уағыздау екенін түсінген. Алайда сол кездері кездесулерге жүздеген адам ғана келетін. Демек, шақыруды олар күткендей көп адам қабылдамады. Десе де трактат не журнал оқыған көптеген адамдар шындықты тапқандарын түсініп, оны өзгелерге таратуға ықыласты болды. Мысалы, 1882 жылы Лондон қаласындағы бір кісі “Күзет мұнарасы” мен “Киелі кітап зерттеушілері” басып шығарған бір кітапшаны оқыған соң: “Құдай тапсырған игі істі атқару үшін қалай және нені уағыздау керектігін түсіндіріңдерші”,— деп жазды.
11, 12. a) Кітап таратушылардың бізбен ортақ қандай мақсаты болған? ә) Кітап таратушылар қауымдарды қалай құратын?
11 1885 жылы 300-ге жуық “Киелі кітап зерттеуші” шақыруды қабыл алып, кітап таратушылары ретінде қызмет етті. Бұл толық уақытты қызметшілер бүгінде біздер сияқты Иса Мәсіхтің шәкірттерін дайындауды көздеген. Алайда олардың тәсілдері біздікінен өзгеше болған. Біз Киелі кітапты адаммен жеке отырып зерттейміз. Сосын әлдеқашан құрылып қойған қауымның кездесулеріне шақырамыз. Ал бұрын кітап таратушылар адамдарға кітап таратып, кейіннен қызығушылық танытқандарды Жазбаларды зерттеуге жинайтын. Осылайша жеке адамдармен сабақ өткізбей, бірден қауым құратын.
12 Мысалы, 1907 жылы бірнеше кітап таратушы бір қалаға барып, сол жерде “Мыңжылдықтың таң шапағы” кітабын (“Жазбаларды зерттеу” деп те аталады) алған адамдарды іздеп тапты. “Күзет мұнарасында” бұл туралы былай делінген: “Олар [қызығушылық білдіргендер] біреуінің үйінде жиналатын болды. Жексенбіде кітап таратушы олармен күні бойы Құдайдың адамзатқа қатысты ниеті жайлы әңгімелесті, ал келесі жексенбіде оларды әрі қарай да бірге жиналып тұруға талпындырды”. 1911 жылы бауырластар бұл әдіске өзгерістер енгізді. Елу сегіз арнайы аралаушы қызметші Құрама Штаттар мен Канаданың жер-жерінде көпшілікке арналған баяндамалар айтатын болды. Бұл бауырластар тыңдауға келген қызығушы адамдардың есімдері мен мекенжайларын жазып алатын. Сосын бұл адамдар жеке үйлерде жиналып тұру үшін оларды топтарға бөлетін. Осылайша жаңа қауымдар құрылатын. 1914 жылдың қарсаңында дүниежүзінде “Киелі кітап зерттеушілерінің” 1200 қауымы болды.
13. Бүгінде шындықтың таралу ауқымы неліктен таңғалдырады?
13 Бүгінде дүниежүзі бойынша шамамен 109 400 қауым бар және 895 800-дей бауырлас ізашар болып қызмет етеді. Ал шындықты қабылдап, соған сай өмір сүріп жатқан адамдардың жалпы саны сегіз миллионға жуық (Ишая 60:22 оқы)b. Бұл бір таңғаларлық жайт, өйткені Иса: “Менің атыма бола жұрттың бәрі сендерді жек көретін болады”,— деп алдын ала ескерткен болатын. Сондай-ақ ол жұрт ізбасарларын қудалайтынын, түрмеге жабатынын, тіпті өлтіретінін айтқан (Лұқа 21:12—17). Шайтанның, жын-перілердің және адамдардың қарсылығына қарамастан, Ехобаның халқы шәкірт дайындау ісінде керемет жетістікке жетті. Бүгінде олар “бүкіл жер бетінде” — таулар мен жазықтарда, қалалар мен шалғай ауылдарда — күннің ыстық-суығына қарамастан уағыздауда (Мат. 24:14). Ехоба көмектеспегенде, олар мұндай істі атқара алмас еді.
“БІЛІМНІҢ МОЛАЮЫ”
14. Тура білім әдебиеттер арқылы қалайша кеңінен таралды?
14 Тура білім ізгі хабарды уағыздап жатқан адамдардың арқасында молаюда. Бұл сондай-ақ әдебиеттер арқылы да іске асып жатыр. 1879 жылдың шілдесінде “Киелі кітап зерттеушілерінің” “Сион күзет мұнарасы және Мәсіх билігінің жаршысы” деген журналдардың алғашқы саны жарық көрді. Бір коммерциялық баспаханада оның ағылшын тілінде 6000 данасы басып шығарылды. 27 жасар Чарлз Тейз Расселл журналдың редакторы, ал бес рухани толысқан бауырлас мақалалар жазатын болды. Бүгінде “Күзет мұнарасының” 42 182 000 данасы 195 тілде шығарылады. Бұл — таралымы жағынан дүниедегі ең үлкен журнал. Екінші орында “Ояныңдар!” журналы тұр. Ол 84 тілде 41 042 000 данада шығарылады. Бұған қоса, жыл сайын 100 миллионға жуық кітап пен Киелі кітап басып шығарылады.
15. Баспаханаларымыз қалай қаржыландырылады?
15 Осы таудай іс ерікті садақаның арқасында атқарылуда (Матай 10:8 оқы). Осының өзі баспа саласында жұмыс істейтін адамдарды таңдай қақтырады, өйткені олар баспа машиналары, қағаз, сия мен басқа керек-жарақтардың қандай қымбат екенін біледі. Бетел баспаханаларын жабдықтаумен айналысатын бауырлас былай деді: “Біздің баспаханаларға келген кәсіпкер адамдар озық технологиялы, жоғары сапалы өндірістің ерікті садақамен қаржыландырылып жатқанына таңғалады. Сондай-ақ олар Бетел қызметкерлері бақытты жастар екенін көргенде қайран қалады”.
ЖЕР БЕТІ ҚҰДАЙ ТУРАЛЫ БІЛІМГЕ ТОЛАДЫ
16. Неге Ехоба тура білімнің мол болғанын қалайды?
16 Ехоба білімнің таралуына батасын беріп отыр, өйткені ол “әртүрлі адамдардың құтқарылғанын және шындық жайлы тура білім алғанын қалайды” (Тім. 1-х. 2:3, 4). Осы білімнің арқасында адамдар Ехобаға дұрыс ғибадат етіп, оның батасына кенеле алады. Уағыздау ісі арқылы Ехоба адал майланған мәсіхшілердің тамтығын жинады. Сондай-ақ ол “әрбір ұлттан, рудан, халықтан, тілден шыққан... ұлы жамағатты” жинауда. Олардың жерде мәңгі өмір сүру үміті бар (Аян 7:9).
17. Шынайы ғибадаттың өркендеуі ненің белгісі болып табылады?
17 Соңғы 130 жылдың ішінде шынайы ғибадат ететін адамдардың саны күрт өсті. Бұл — Ехоба мен оның тағайындаған патшасы Иса Мәсіхтің Құдай халқына басшылық беріп, қолдап-қорғап, ұйымдастырып және үйретіп жатқанының бұлтартпас дәлелі. Басқа сөзбен айтқанда, Ехоба олармен бірге. Ехоба көптеген адамдарға шындықты табуға көмектесетіні туралы уәдесін орындады, ендеше болашаққа қатысты уәделерін де орындайтыны сөзсіз. “Теңіздің суға толы болатынындай, жер де Жаратқан Иені жақыннан танып, қастерлеген адамдарға солай толы болады!” (Ишая 11:9). Бұл адамзат үшін неткен бата болмақ десеңші!
[Сілтемелер]
a Бұл туралы “Ехоба куәгерлері. Іс-әрекеттен көрінетін сенім, 1-бөлім: Түнектен шығу” (ор.) және “Ехоба куәгерлері. Іс-әрекеттен көрінетін сенім, 2-бөлім: Жарық нұр шаша берсін” (ор.) атты DVD-лерден көбірек мәлімет ала аласың.
b “Ишаяның пайғамбарлығы — бүкіл адамзат үшін нұр” (ор.) кітабының ІІ-томының 320-бетін қара.
[6-беттегі сурет]
Ертедегі “Киелі кітап зерттеушілері” Құдай еркін орындауды шын жүректен қалаған кішіпейіл адамдар болған
[7-беттегі сурет]
Ехоба тура білімнің таралуына атсалысып жатқаныңды бағалайды