Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • lf 4-сұр., 22—29 бет.
  • Күллі тіршілік бір ататектен шықты ма?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Күллі тіршілік бір ататектен шықты ма?
  • Тіршіліктің бастауы. Бес маңызды сұрақ
  • Тақырыпшалар
  • ДАРВИН АҒАШЫНЫҢ ТҮБІНЕ БАЛТА ШАБЫЛДЫ
  • ПАЛЕОНТОЛОГИЯЛЫҚ ДЕРЕКТЕР НЕНІ КӨРСЕТЕДІ?
  • “АҚСАҒАН” АЙҒАҚТАР
  • “ФИЛЬМ”, ШЫН МӘНІНДЕ, НЕ ЖАЙЛЫ?
Тіршіліктің бастауы. Бес маңызды сұрақ
lf 4-сұр., 22—29 бет.

4-СҰРАҚ

Күллі тіршілік бір ататектен шықты ма?

Чарлз Дарвиннің өмір ағашында тұқымдастардың бір ататектен пайда болғаны көрсетіліп тұр

Дарвин күллі тіршілік бір ататектен тарады деп пайымдаған. Оның түсіндіруінше, жердегі тіршіліктің пайда болу тарихын бір үлкен ағашқа теңеуге болады. Кейінірек, өзге эволюционистер осы идеяны дамытып, “өмір ағашының” діңгегін алғашқы қарапайым жасушаларға теңеді. Діңгектен бұтақтар, яки жаңа тіршілік иелері тарады. Ал олардан өсімдік пен жануарлардың тұқымдастарын бейнелейтін бұтақшалар өсіп шықты. Бұтақшалардан шыбықтар, яғни тұқымдастарға кіретін барлық түрлер, тарады. Бұл шынымен солай болған ба?

Көптеген ғалымдар не дейді? Олар тіршіліктің бір ататектен пайда болғанын дәлелдеу үшін палеонтологиялық деректерді алға тартады. Сондай-ақ эволюционистер тіршілік иелерінің барлығын бір ғана “компьютерлік бағдарлама”, яки ДНҚ, басқаратындықтан, олардың ататектері бір болу керек деп сенеді.

Киелі кітапта не делінген? Жаратылыс кітабында өсімдіктердің, құстардың және су мен құрлықтағы тіршілік иелерінің барлығы өз “тұқымы бойынша жаратылғаны” айтылады (Жаратылыс 1:12, 20—25 Тт). Бұдан тұқымдастың ішіндегі түрлер өзгеріске ұшырағанмен, тұқымдас шектеуінен аса алмайтыны көрінеді. Сондай-ақ Киелі кітаптағы жарату ісіне жүгінетін болсақ, тіршілік иелерінің жаңа топтары палеонтологиялық деректер тізбегінде бірден әрі толығымен қалыптасқан күйде пайда болу керек.

Айғақтар не дейді? Айғақтар қайсысын растайды, Киелі кітаптағы жарату ісін бе, әлде Дарвиннің ілімін бе? Соңғы 150 жылда жүргізілген зерттеулер нені көрсетеді?

ДАРВИН АҒАШЫНЫҢ ТҮБІНЕ БАЛТА ШАБЫЛДЫ

Соңғы жылдары ғалымдар жануарлар мен өсімдіктердің және сан-алуан бір жасушалы ағзалардың генетикалық кодтарын салыстырды. Олардың ойынша, мұндай салыстыру Дарвин ұсынған көп бұталы “өмір ағашын” растау керек-тін. Алайда бұлай болмай шықты.

Зерттеулер қандай нәтиже әкелді? 1999 жылы биолог Малком Гордон былай деп жазды: “Тіршіліктің түрлі бастамасы болғанға ұқсайды. Бәріне ортақ өмір ағашы бір ғана тамырдан өсіп шықпаған көрінеді”. Өмірдің негізгі бұтақтары жалғыз діңгектен тарады дегенге дәлелдер бар ма? Гордон әрі қарай былай дейді: “Ортақ ататек жайлы теорияның дәстүрлі түсіндірмесін қазіргі жүйелеудегі патшалықтарға қатысты қолдана алмайтын сияқтымыз. Бұл түсіндірменің көп типтерге (бәлкім, барлығына да), тіпті типтердің ішіндегі көп кластарға да қатысы жоқ көрінеді”29a.

Жуырда жасалған зерттеулер де Дарвиннің ортақ ататекке қатысты теориясына шек келтіруде. Мысалы, 2009 жылы “Нью сайентист” журналында эволюционист ғалым Эрик Баптестенің сөздері келтірілген болатын. “Өмір ағашын растайтын ешқандай дәлел жоқ”,— дейді ол30. Дәл сол журналда эволюционист-биолог Майкл Роуз мынадай түсініктеме берген еді: “Өмір ағашы құрметпен жерленіп жатыр. Мұны бәріміз де білеміз. Алайда санамызға әбден сіңіп кеткен биологияға қатысты көзқарастарды өзгертуіміз керектігін, сірә, бәріміз бірдей мойындай бермейміз”31b.

ПАЛЕОНТОЛОГИЯЛЫҚ ДЕРЕКТЕР НЕНІ КӨРСЕТЕДІ?

Көп ғалымдар палеонтологиялық деректерді тірі ағзалардың бір ататектен тарағанын дәлелдеу үшін келтіреді. Олар, мысалы, балықтың қосмекендіге, ал бауырымен жорғалаушы сүтқоректіге айналғанын осы деректер дәлелдейді деп сенеді. Табылған қалдықтар шынымен де осыны растай ма?

Эволюционист-палеонтолог Дейвид Рауп былай дейді: “Дарвиннің заманындағы және біздің күніміздегі геологтар табылған қалдықтарға қарап, ағзалардың бірте-бірте емес, үзік-үзік әрі ретсіз дамығанын байқады. Палеонтологиялық деректер тізбегінде түрлер кенеттен пайда болып, сәл ғана не мүлдем өзгермеген қалпы өздігінен жоқ болып кетеді”32.

Қазба-қалдықтардың басым көпшілігі топтардың ұзақ уақыт аралығында аса өзгере қоймағанын көрсетеді. Бір топқа жататын ағзалардың басқа топқа айналғанын көрсететін ешқандай айғақ жоқ. Қайта, айрықша дене бітімі мен өзіне тән ерекшеліктері бар ағзалар кенеттен пайда болып отырады. Мысалы, есту мүшесі жақсы дамыған жарқанаттың өзінен бұрынғы ататекпен байланысы айқын көрінбейді.

Шын мәнінде жануарлардың негізгі топтарының басым бөлігі салыстырмалы түрде қысқа уақыт аралығында пайда болса керек. Көптеген жаңа, дараланған тіршілік иелері палеонтологиялық деректер тізбегінде кенеттен шыға келетіндіктен, палеонтологтар бұл уақыт аралығын “Кембрий жарылысы” деп атады. Бұл дәуір қанша уақытты қамтиды?

Ғалымдардың осы дәуірге қатысты есептеулері дұрыс делік. Олай болса, мұны бір мысалдың көмегімен қарастырайық. Футбол алаңын уақыт көрсеткіші деп есептейік. Бұл уақыт аралығы жердің даму тарихын көрсетеді (1). Сен осы алаңның шамамен сегізден жеті бөлігін жүріп өтіп, Кембрий дәуірінің басталуын көрсетіп тұрған сызыққа жетесің (2). Палеонтологиялық деректер көрсететіндей, жануарлардың негізгі топтары осы дәуірдің қысқа уақыт аралығында пайда болған. Олардың кенеттен шыға келгенін қалай бейнелеуге болады? Футбол алаңының аяғына жақындап қалған сен сызықты аттағаның сол-ақ екен, тіршіліктің сан-алуан түрлері пайда бола қалады!

Футбол алаңының ұзындығымен бірдей уақыт көрсеткішінде Жер тарихының бастамасынан “Кэмбрий жарылысына” дейінгі кезең көрсетіліп тұр

Сан-алуан тіршілік иелерінің кенеттен пайда болғаны кейбір зерттеушілердің Дарвин теориясының дәстүрлі түсіндірмесін сынға алуына түрткі болды. Мысалы, эволюционист-биолог Стюарт Ньюмен 2008 жылы берген сұхбатында жаңа тіршілік формаларының кенеттен пайда болуын түсіндіретін басқа теория қажет екенін сөз етті. Ол былай деді: “Меніңше, барлық эволюциялық өзгерістерді түсіндіру үшін қолданылатын Дарвин теориясы шетке ысырылып, жай теориялардың бірі болып қалмақ. Ол тіпті макроэволюцияны, яғни ағзалардың құрылысындағы үлкен өзгерістерді, түсіндіретін басты теория болудан да қалатын сияқты”33.

“АҚСАҒАН” АЙҒАҚТАР

Қазба-қалдықтардың оқулықтардағы көрінісі мен шынайы көлемі көрсетіліп тұр

Неге кейбір оқулықтарда бір тізбекке қойылған қазба-қалдықтардың шынайы көлемі бұрмаланып көрсетіледі?

Жоғарыда сол жақта: қазба-қалдықтардың кейбір оқулықтағы көрінісі

Жоғарыда оң жақта: шынайы көлемі (салыстырмалы түрде)

Балықтардың қосмекенділерге, ал бауырымен жорғалаушылардың сүтқоректілерге айналғанын көрсету үшін қолданылатын қазба-қалдықтар жайлы не деуге болады? Олар эволюция теориясын шынымен дәлелдей ме? Мұқият жүргізілген тексерудің нәтижесінде бірнеше олқылықтар анықталды.

Біріншіден, табылған қалдықтардың көлемі кейбір оқулықтарда дұрыс көрсетілмейді. Мысалы, бауырымен жорғалаушылардың сүтқоректілерге айналу тізбегінде қалдықтардың көлемі бірдей етіп көрсетіледі. Ал, шын мәнісінде, олардың көлемі әртүрлі, кейбірі үлкен болса, кейбірі кішірек келеді.

Екінші әлдеқайда күрделі мәселе — ағзалардың бір-бірімен қандай да бір туыстық байланысын көрсететін айғақтардың жетіспеуі. Тізбектегі қазба-қалдықтардың уақыт аралығы, ғалымдардың есептеуінше, миллиондаған жылды қамтиды. Бұл жайында зоолог Хенри Джи: “Қалдықтар арасындағы уақыттың ұзақ болғаны сонша, ататек пен ұрпақтың туыстық байланысына қатысты нақты ештеңе айта алмаймыз”,— дейді34c.

Биолог Малком Гордон балықтар мен қосмекенділердің қалдықтары өте мардымсыз екенін ескереді. Оның айтуынша, “аталмыш үлгілер сол замандағы топтарға кіретін тіршілік иелерінің сан-алуандығын жеткілікті дәрежеде көрсете алмаса керек”. Гордон тағы былай деп қосты: “Осы нақты даралардың кейіннен дамыған ағзалармен не бір-бірімен қандай байланыста болғанын (егер ондай байланыс болса, әрине) білу мүмкін емес”35d.

Бір-бірімен туыстық байланыстары болу мүмкін жануарлардың сызбасы

“ФИЛЬМ”, ШЫН МӘНІНДЕ, НЕ ЖАЙЛЫ?

“Нэшнл джиогрэфик” журналының (2004 жыл) бір мақаласында палеонтологиялық деректер “1 000 кадрының 999-ы кесіліп тасталған эволюция жайлы фильмге” теңелді36. Мұның астарында қандай ой жатқанын қарастырайық.

Фильмнің кинопленкасы мен одан алынған кішігірім кадрлар

Палеонтологиялық деректердің “95 кадры” жануарлардың бір топтан екінші топқа айналмағанын көрсетсе, неліктен палеонтологтар қалған “5 кадрды” осыны растайтындай етіп орналастырады?

Сен 100 000 кадрдан тұратын көркем фильмнің 100 кадрын тауып алдың делік. Бұл фильмнің мазмұнын қалай анықтар едің? Бұған қатысты сенің өз жорамалың болуы мүмкін. Алайда ойыңдағы көріністі 100 кадрдың ішінен 5-уі ғана растап, қалған 95-і мүлдем басқа оқиға жайлы болса ше? Осы бес кадрға бола, жорамалың дұрыс болып шықты деу қисынды ма? Бәлкім, сен оларды ойыңдағы оқиғаға сай келетіндей етіп орналастырған шығарсың? Мұның орнына қалған 95 кадрды есепке алғаның дұрыс болмас па еді?

Бұл мысал эволюционистердің палеонтологиялық деректерге қатысты көзқарасын дәл көрсетеді. Қазба-қалдықтардың басым көпшілігі, былайша айтқанда, фильмнің 95 кадры, түрлердің ұзақ уақыт аралығында аса өзгере қоймағанын көрсетсе де, зерттеушілер мұны жылдар бойы мойындамай келді. Неге ғалымдар осы маңызды айғақ жайлы тіс жармады? Жазушы Ричард Моррис былай дейді: “Палеонтологтар ағзалардың бірте-бірте өзгеруі жайлы кең тараған эволюция теориясына жабысып қалғаны соншалық, оған қайшы келетін айғақтарға көз жұмып қарайтын болды. Олар палеонтологиялық айғақтарды қалыптасқан эволюциялық теория тұрғысынан түсіндіруге тырысады”37.

“Қандай да бір қазба-қалдықтардың жиынтығы нақты бір ағзаның даму тізбегі болып табылады деп ұйғару — тексеруге болатын ғылыми теория емес. Мұндай деректер ғылыми еңбектен гөрі қызықты да тәлім аларлық ертегіге ұқсайды” (Хенри Джи. “In Search of Deep Time—Beyond the Fossil Record to a New History of Life” 116, 117-б.).

Біздің күніміздегі эволюционистер жайлы не деуге болады? Олардың қазба-қалдықтарды әлі күнге дейін белгілі бір ретпен қоюына қалдықтардың басым бөлігі мен генетикалық зерттеу нәтижелері емес, бүгінде кең тараған эволюциялық көзқарастар көбірек әсер етіп жатқан жоқ па екен?e

Сен не ойлайсың? Айғақтар қайсысын растайды, Киелі кітапта айтылғандарды ма, әлде Дарвиннің теориясын ба? Жоғарыда қарастырған айғақтарға шолу жасайық.

  • Жер бетіндегі ең алғашқы тіршілік “қарапайым” болмаған.

  • Тіпті жасушаның құрамдас бөліктерінің кездейсоқ пайда болу мүмкіндігі жоқтың қасы.

  • Жасушаны басқаратын “компьютерлік бағдарлама” — ДНҚ-ның күрделі болғаны сонша, ол адамдар ойлап тапқан кез келген бағдарламадан не ақпарат сақтау құрылғысынан әлдеқайда асып түседі. Ол “инженерияның үздік туындысы” деп бекер аталмаған.

  • Генетикалық зерттеу нәтижелері тіршіліктің бір ататектен пайда болуы мүмкін емес екенін көрсетеді. Сондай-ақ жануарлардың негізгі топтары палеонтологиялық деректер тізбегінде бірден толық қалыптасқан күйде орналасқан.

Қалай ойлайсың, бұл айғақтар Киелі кітаптағы өмірдің бастамасы жайлы мәліметті растай ма? Көп адам Киелі кітаптағы жарату ісіне қатысты бірталай жайттар ғылымға қайшы келеді деп ойлайды. Бұл рас па? Киелі кітапта шын мәнінде не айтылған?

a “Тип” деген биологиялық термин дене құрылысында ұқсастықтар бар жануарлар тобына нұсқайды. Әдетте ғалымдар күллі тірі ағзаларды жеті сатылық жүйеге бөледі. Жүйедегі әрбір топ төмендеген сайын нақтылана түседі. Ең бірінші үлкен топ патшалық деп аталады. Одан кейін тип, класс, отряд, тұқымдас, туыс және түр келеді. Мысалы, жылқыны былай жіктеуге болады: жануарлар патшалығы, хордалылар типі, сүтқоректілер класы, тақтұяқтылар отряды, жылқылар тұқымдасы, жылқы туысы (Equus), қолға үйретілген кәдімгі жылқы түрі (Caballus).

b “Нью сайентист” журналының да, Баптесте мен Роуздың да эволюция теориясын жоққа шығарғысы келмегенін айта кету керек. Бұл ғалымдар Дарвин теориясының негізі болып табылатын өмір ағашын ешқандай айғақ растамайтынын айтқысы келген. Олар эволюцияны түсіндірудің өзге жолдарын іздестіруде.

c Хенри Джи эволюция теориясын жоққа шығармайды. Ол палеонтологиялық деректердің берері аз екенін атап өткісі келді.

d Малком Гордон эволюция теориясын қолдайды.

e “Адам эволюциясы жайында не деуге болады?” деген қоршауды қара.

АЙҒАҚТАР МЕН СҰРАҚТАР

  • Айғақ: Киелі кітаптағы жарату ісіне сенбейтін ғалымдар эволюция теориясының екі негізгі қағидасын, атап айтқанда тіршіліктің бір ататектен тарағанын және негізгі топтардың ұзақ уақыт бойы орын алған кішігірім өзгерістердің нәтижесінде пайда болғанын, сынға алып жатыр.

    Сұрақ: Осы екі қағидаға шек келтірілгенін ескерсек, Дарвиннің теориясын ғылыми айғақ ретінде қарастыруға бола ма?

  • Айғақ: Тірі ағзалардың барлығында жасушаның пішіні мен қызметін анықтайтын құрылымы бірдей “компьютер бағдарламасы”, яғни ДНҚ молекуласы, бар.

    Сұрақ: Барлығына тән мұндай ұқсастық олардың бір ататектен емес, бір Жаратушының арқасында пайда болғанын көрсетпей ме?

Адам эволюциясы жайында не деуге болады?

Бас сүйек

Оқулықтар мен энциклопедиялардан адам эволюциясы жайлы тақырыптарды ашсаң, еңкіштеу маймылтәрізді мақұлықтың бірте-бірте денесін тік ұстаған, бассүйегі үлкенірек кәдімгі адамға айналғанын көрсететін суретті байқайсың. Осындай суреттер және аралық формалардың табылғаны жайлы елді дүрліктіретін мәлімдемелер адамның маймылдан шыққанын рас етіп көрсетеді. Бұлардың бәрі шын айғақтарға негізделген бе? Эволюционистердің өздері осыған қатысты не дейтініне көңіл бұрайықf.

ҚАЗБА-ҚАЛДЫҚТАР ШЫН МӘНІНДЕ НЕНІ КӨРСЕТЕДІ?

Дерек: ХХ ғасырдың басында адам мен маймылдың бір ататектен шыққанын дәлелдеу үшін қолданылған қалдықтар бильярд үстелінің бетіндей жерге сыятын. Бүгінде олардың саны көбейгендіктен, жүк таситын бір вагонды алады38. Алайда олардың басым көпшілігі жеке-дара сүйек пен тістерден ғана тұратынын айта кету керек. Бүтін қаңқаны былай қойғанда, бүтін бассүйектің өзі сирек кездеседі39.

Сұрақ: Қазба-қалдықтардың көбеюі адамның маймылтәрізді жануарлардан қашан және қалай шыққаны жайлы даулы мәселеге нүкте қойды ма?

Жауабы: Жоқ. Қайта, жағдай одан әрмен шиеленісіп кетті. Табылған қалдықтарды топтастыруға қатысты Жаңа Оңтүстік Уэльс (Австралия) университетінің маманы Робин Деррикорт 2009 жылы былай деп жазды: “Ғалымдардың барлығы бір-ақ нәрсеге келіседі, бұл — олардың ешқандай келісімге келе алмайтындығы”40. 2007 жылы “Нейчер” ғылыми журналында эволюция ағашындағы бір аралық форманың табылғаны жайлы мақала жарияланды. Оны тапқан зерттеушілер адамдардың маймылтәрізділерден қашан және қалай шыққаны белгісіз екенін мәлімдеді41. Этвеш Лоранд атындағы университеттің (Венгрия) биологиялық антропология бөлімінің зерттеушісі Гиюла Дьенэш 2002 жылы былай деп жазды: “Гоминид қалдықтарының топтастырылуына және оларды эволюцияның қай кезеңіне жатқызу керектігіне қатысты дау-дамай әлі толастар емес”g. Гиюла Дьенэш осы уақытқа дейін табылған қалдықтардың адам баласының маймылтәрізділерден қашан, қайда және қалай пайда болғанын еш түсіндіре алмайтынын да айтып өтті42.

“АРАЛЫҚ ФОРМА” ТАБЫЛДЫ-МЫС

Дерек: Бүгінде ақпарат құралдарынан жаңа “аралық форманың” табылғаны жайлы жаңалықтарды жиі естиміз. Мысалы, 2009 жылы Ида деп аталған қалдықтың табылғаны жайлы хабар, бір журналда сипатталғандай, “рок жұлдызы” келіп-кеткендей елді дүр сілкіндірді43. Ұлыбританияның “Гардиан” газетінде “Адам эволюциясындағы “жетіспейтін аралық форманың” бірден-бір өкілі Ида қалдығы табылды!” деген атаумен бір мақала жарық көрді44. Алайда бірер күннен кейін-ақ “Нью сайентист” деп аталатын ғылыми журналда (Ұлыбритания) “Иданың адам эволюциясындағы “жетіспейтін аралық форма” емес екені” хабарланды45.

Сұрақ: Неге ақпарат құралдарында әрбір табылған “аралық форма” жайлы ауыз толтырып айтылады да, ал олардың “шежіре ағашынан” алып тасталғаны жайлы сөз қозғалмайды?

Қазба-қалдықтар

Жауабы: Жоғарыда аталған Робин Деррикорт қалдықтарды тапқан зерттеушілерге қатысты былай дейді: “Зерттеушілер тобының жетекшісі ғылыми академиядан тыс басқа да демеушілерді өздеріне тарту үшін табылған “қалдықтардың” бірегейлігін асыра сілтеп сипаттайды. Бұл үшін олар шытырман оқиғаларға құлағы түрік ақпарат құралдарын пайдаланатыны сөзсіз”46.

МАЙМЫЛТӘРІЗДІ АДАМДАРДЫҢ ОҚУЛЫҚТАРДАҒЫ СУРЕТТЕРІ МЕН ЭКСПОНАТТАРЫ

Дерек: Оқулықтар мен мұражайларда адам “ататектерінің” бет-әлпеті, түсі мен түгі белгілі бір ерекшеліктермен бейнеленеді. Әдетте мұндай тізбекте бірінші тұрған “ататектердің” ерекшеліктері маймылдікіне ұқсас етіліп, ал кейінгілерінің бет-әлпеті, түсі мен шашы адамдікіне ұқсас етіліп көрсетіледі.

Сұрақ: Қазба-қалдықтарға сүйеніп жасалған мұндай суреттемелер қаншалықты шынайы?

Жауабы: Аделаида университетінің (Австралия) анатомия бөлімінде жұмыс істейтін сот сарапшысы, антрополог Карл Стивен 2003 жылы былай деп жазды: “Адамның бұрынғы ататектерінің бет-әлпетін тура қалпына келтіру не оның қаншалықты дұрыс жасалғанын тексеру мүмкін емес”. Оның айтуынша, ататектердің қазіргі маймылдарға қарап жасалған бейнелері “жеке көзқарастан туындаған. Олқылықтары жетіп артылатын мұндай бейнелер сенім артуға тұрмайды”. Стивен қандай қорытынды жасады? “Ертедегі гоминидтердің “қалпына келтірілген” бет-әлпеті адамды жаңылыстыратын сияқты”,— дейді ол47.

АҚЫЛ-ОЙ МИДЫҢ КӨЛЕМІМЕН ӨЛШЕНЕ МЕ?

Дерек: Эволюционистер маймылтәрізділердің адаммен қандай туыстық байланыста екенін ми көлеміне қарап анықтауды жөн көреді.

Сұрақ: Мидың көлемі шынымен де ақыл-ой деңгейін көрсете ме?

Адам мен маймылдың бас сүйегі

Жауабы: Жоқ, олай емес. Жойылып кеткен тіршілік иелерінің адамға жақындау түрлерін анықтауда ми көлемін басты көрсеткіш ретінде қолданған бір топ зерттеушілер “сенімсіздік пен күмәннан арыла алмағандарын” мойындады48. Бұған не себеп болды? 2008 жылы “Сайентифик америкэн маинд” журналында былай делінген еді: “Ғалымдар мидың жеке не салыстырмалы көлемінің адамдар мен жануарлардың ақыл-санасымен қандай байланысы бар екенін анықтай алмады. Сондай-ақ олар мидың белгілі бір бөліктерінің көлемі мен олардың болу-болмауының ақыл-ойға қандай қатысы бар екенін де көре алмады (мидың сөйлеу орталығын қоспағанда)”49.

Сен не ойлайсың? Ақыл-сана мидың көлемімен өлшенбейтіні белгілі болса да, неліктен ғалымдар қазба-қалдықтарды мидың көлеміне қарай тізіп қояды? Олар айғақтарды өз теорияларына қарай бұрмалап жатқан жоқ па екен? Неге зерттеушілер қалдықтардың қайсысын адамның “шежіре ағашына” енгізу керектігіне қатысты бір мәмілеге келе алмай жүр? Бәлкім, олар зерттеп жүрген қазба-қалдықтар жай ғана маймылдардың жойылып кеткен түрлері болар?

Ал маймылтәрізді адамдардың дәлелі ретінде келтірілетін неандертальдықтардың қалдықтары жайлы не деуге болады? Зерттеушілер олардың шын мәнінде кім болғандарына қатысты ойларын өзгертуде. 2009 жылғы бір журналда Милфорд Уолпофтың сөздері келтірілген еді. “Неандертальдықтар кәдімгі адамдар болғанға ұқсайды”,— дейді ол (“American Journal of Physical Anthropology”)50.

Шындыққа тура қарайтындар өзімшілдік, ақшақұмарлық және ақпарат құралдарының назарын аудару сияқты нәрселердің адам эволюциясына қатысты “айғақтардың” қалай жарияланатынына ықпал ететінін байқайды. Сен осындай айғақтарға сенім артар ма едің?

f Ескерту: осы қоршауда көзқарастары келтірілген зерттеушілердің ешқайсысы Киелі кітаптағы жарату ісіне сенбейді. Барлығы да эволюция теориясын қолдайды.

g Эволюционистер “гоминид” деген терминді адам тұқымдасына және ертедегі адамтектестерге жатқызылған өкілдерді сипаттау үшін қолданады.

БҰЛ СУРЕТТІҢ ШИКІЛІГІ НЕДЕ?

Эволюция теориясына сай, маймылдың адамға айналуы
  • Мұндай суреттер айғақтарға емес, ғалымдар мен суретшілердің жеке көзқарастары мен болжамдарына негізделеді51.

  • Қазба-қалдықтардан табылған тістер

    Суреттердің көбісі жарым-жартылай сақталған бассүйек пен жеке дара тістерге сүйеніп салынады. Бүтін қаңқаны былай қойғанда, бүтін бассүйектің өзі сирек кездеседі.

  • Алуан түрлі тіршілік иелерінің қалдықтарын топтастыруға келгенде, ғалымдардың ойлары бір жерден шықпайды.

  • Жойылып кеткен даралардың бет-әлпетін, түсі мен түгін салған суретшінің қиялынан туған еңбегі

    Жойылып кеткен даралардың бет-әлпетін, түсі мен түгін дәл бейнелеу мүмкін емес.

  • Мидың көлемі ақыл-ойдың көрсеткіші бола алмайтыны белгілі болса да, бұл тізбекте маймылтәрізділер мидың көлеміне қарай орналастырылған.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу