4-ТАРАУ
Құдай деген кім?
АДАМДАР көп құдайларға табынып жатады. Бірақ Киелі жазбаларда тек жалғыз шынайы Құдай бар екені айтылған. Ол — дара, бәрінен жоғары әрі мәңгі жасайтын Құдай. Ол көктегі мен жердегінің бәрін жаратты, бізге өмір берді. Сондықтан тек ол ғана құлшылық етуімізге лайық.
Мұса пайғамбар арқылы берілген Заң “періштелер арқылы берілген сөз” деп аталады
Құдайды сипаттайтын атаулар көп болғанымен, оның бір ғана есімі бар. Бұл есім — ЕХОБА. Құдай Мұса пайғамбарға былай деген: “Мені сендерге ата-бабаларыңның Құдайы, Ыбырайымның, Ысқақтың, Жақыптың Құдайы Ехоба жіберді,— деп айт. Мәңгі бақи менің есімім осылай болмақ. Күллі келер ұрпақ мені осы есіміммен есте сақтасын” (Мұсаның 2-жазбасы 3:15). Киелі жазбаларда Ехоба деген есім шамамен 7000 рет кездеседі. Мысалы, Зәбүр 83:18-де Құдай жайында былай делінген: “Адамдар сенің есімің Ехоба екенін, Бүкіл жер бетін билейтін жалғыз Құдай Тағала екеніңді білсін”.
Өлі теңізден табылған көне қолжазбада Құдай есімі кездеседі
Құдайды ешкім көрген емес. Ол Мұсаға: “Сен менің бет-жүзімді көре алмайсың, өйткені оны көрген адам тірі қалмайды”,— деген (Мұсаның 2-жазбасы 33:20). Құдай көкте өмір сүреді әрі көзге көрінбейді. Құдайдың мүсінін, суретін не бейнесін жасау және оларға сиыну дұрыс емес. Ехоба Құдай Мұса пайғамбар арқылы былай деп бұйырған: “Аспандағы, жердегі не судағы еш нәрсенің қашалған мүсінін не бейнесін жасама. Оларға бас иіп табынба, құлшылық та етпе. Өйткені мен, Ехоба Құдайың, өзіме қалтқысыз берілуді талап ететін Құдаймын” (Мұсаның 2-жазбасы 20:2—5). Ал кейінірек Ишая пайғамбар арқылы: “Мен Ехобамын. Бұл — менің есімім. Ұлылығымды ешкімге бермеймін, Даңқымды пұттармен бөліспеймін!”— деген (Ишая 42:8).
Кейбіреулер Құдайға сенгенімен, оны танып-білу немесе оған жақындау мүмкін емес деп ойлайды. Ал өзге біреулер оны жақсы көрудің орнына, қорқады. Сіз не ойлайсыз? Құдай жеке сізге көңіл қоя ма? Оны шынымен танып-біліп, тіпті оған жақындау сіз үшін мүмкін бе? Жазбаларда Құдайдың қасиеттері жайлы не айтылғанын көрейік.