26-ТАРАУ
Жер жұмаққа айналады
Мәсіх басқарған Патшалық арқылы Ехоба есімін қастерлі етеді, бүкіләлемдік билігін ақтайды және зұлымдық атаулыны жояды.
КИЕЛІ ЖАЗБАЛАРДЫҢ соңғысы Аян кітабында бүкіл адамзатқа үміт сыйлайтын хабар жазылған. Бұл кітапта елші Жохан өзі көрген бірнеше аянды суреттеді. Аяндағы оқиғалар Ехобаның ниетінің орындалуымен аяқталады.
Бірінші аянда қайта тірілген Иса бірнеше қауымды мақтайды әрі түзетеді. Екінші аянда Жохан Құдайдың көктегі тағын және періштелердің Оны мадақтап жатқанын көрді.
Құдайдың ниеті бірте-бірте жүзеге аса берді. Тоқты Иса Мәсіх жеті мөрмен бекітілген кітапты алды. Ол алғашқы төрт мөрді сындырып ашқанда, бейнелі салт аттылар жолға шықты. Олардың біріншісі — басында Патша тәжі бар ақ боз атқа мінген Иса. Сосын, түстері әртүрлі атқа мінген салт аттылар аттанды. Олар зұлым дүниенің соңғы күндері орын алуы керек соғыстарды, ашаршылықты және індеттерді бейнелейді. Жетінші мөр ашылғанда жеті керней тартылды. Бұл Ехобаның үкімдері жарияланғанын бейнелейді. Содан кейін Құдай жеті бейнелі жаза жіберді, яғни қаһарын төкті.
Құдай Патшалығы жаңа туылған ұл бала ретінде бейнеленген. Бұл Патшалық көкте орнағанда, соғыс бұрқ ете түсіп, Шайтан мен оның жын-перілері жер бетіне лақтырылды. Сонда көктен бір қатты дауыс естіліп: “Жерде тұратындарға қасірет! Себебі әзәзіл төменге, сендердің қастарыңа түсті. Ол өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы”,— деді (Аян 12:12).
Жохан көкте тоқты ретінде бейнеленген Исаны және онымен бірге адамдардың арасынан таңдап алынған 144 000-ды көрді. Олар Исамен ‘бірге патшалық құратын’ болады. Осылайша Аян кітабынан ұрпақтың екінші бөлігін құрайтындардың саны 144 000 болатыны көрінеді (Аян 14:1; 20:6).
Осы дүниенің билеушілері Һар-Магедонға, яғни “құдіреті шексіз Құдайдың ұлы соты күнінің шайқасына”, жиналады. Олар періштелерден тұратын әскері бар ақ боз атта отырған Исаға қарсы шайқасады. Иса осы дүниенің күллі билеушілерін құртып, Шайтанды шынжырлап тастайды. Ол 144 000 билеушімен бірге “мың жыл” бойы жерге билік етеді. Мың жыл өткен соң, Шайтан біржола жойылады (Аян 16:14; 20:4).
Исаның мыңжылдық билігі тілалғыш адамдарға қандай баталар әкеледі? Жохан былай деді: “[Құдай] барлық көздің жастарын сүртіп тастап жұбатады. Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Себебі бұрынғы әлем құрып, жоқ болды” (Аян 21:4). Бүкіл жер беті жұмаққа айналады!
Осылайша Киелі кітап хабары Аян кітабында айтылғандармен тамамдалады. Мәсіхтің Патшалығы арқылы Ехобаның есімі қастерленеді және бүкіләлемдік билігі толығымен әрі біржола ақталады!
Аян кітабына негізделген.