15-ТАРАУ
Тұтқында жүрген пайғамбардың аян алуы
Даниял пайғамбар Құдай Патшалығы мен Мәсіхтің келуі жайлы пайғамбарлық айтты. Бабыл жаулап алынды.
ҚҰДАЙҒА адал болған Даниял есімді жас жігіт пен өзге де яһудилер Иерусалим күйремес бұрын, Бабыл қаласына тұтқынға әкетілді. Тұтқында оларға біршама еркіндік берілді. Құдай Даниялға әрдайым жар болып жүрді, тіпті бірде арыстандардан құтқарып алды. Сондай-ақ оған бірнеше аян беріп, болашақта қандай оқиғалардың орын алатынын көрсетті. Даниялдың басты пайғамбарлықтары Мәсіх пен оның билігі жайлы болды.
Даниял Мәсіхтің қашан келетінін пайғамбарлық етті. Құдай Даниялға “Әмірші Мәсіхтің” қашан келетінін айтты. Мәсіх Иерусалим қабырғаларын қайта тұрғызу жайлы жарлық шыққаннан кейін, жылдардан тұратын 69 апта өткен соң келу керек-тін. Бір аптада жеті күн болса, жылдардан тұратын аптада жеті жыл бар. Жарлық Даниялдың заманынан әлдеқайда кейін, б. з. б. 455 жылы шықты. Осы кезден бастап санағанда, 483 жылға созылған 69 “апта” б. з. 29 жылы аяқталды. Сол жылы қандай оқиға орын алғаны келесі тарауда сөз етіледі. Даниял Мәсіхтің ‘өлімге кесіліп’, адамдарды күнәдан азат ететінін де пайғамбарлық етті (Даниял 9:24—26).
Мәсіхтің көктегі патша тағына отыруы. Даниял ерекше аян алып, тақта отырған Ехобаға жақындап келе жатқан ‘адам ұлын’, яғни Мәсіхті, көрді. Ехоба оған “билік, даңқ пен патшалық” берді. Бұл Патшалық мәңгі жасайтын болады. Даниял Мәсіхтің Патшалығына қатысты тағы бір маңызды жайтты білді: Патшамен бірге “ең жоғарғы Тұлғаның қасиеттілері” деп аталған белгілі бір адамдар тобы билік етеді (Даниял 7:13, 14, 27 ЖД).
Мәсіхтің Патшалығы жердегі үкіметтердің барлығын жояды. Құдай дарытқан қабілеттің арқасында Даниял Бабыл патшасы Набуходоносордың түсін жорып берді. Патша түсінде алып мүсінді көрген болатын. Оның басы алтыннан, кеудесі мен қолдары күмістен, іші мен сандары мыстан, сирақтары темірден, аяқтары темір мен саздың қоспасынан жасалған екен. Таудан бір тас құлап, мүсіннің осал жері — аяғынан соқты да, күл-талқанын шығарды. Даниялдың түсіндіруінше, мүсіннің әрбір бөлігі билік басына бірінен соң бірі келетін дүниежүзілік империяларды білдіреді. Олардың алғашқысы алтын бас ретінде бейнеленген Бабыл патшалығы болды. Сондай-ақ Даниял соңғы патшалық билік ететін заманда Құдай Патшалығы әрекет ете бастайтынын және осы дүниенің барлық үкіметтерін жойып, өзі мәңгі бақи билік ететінін пайғамбарлық етті (Даниял кітабының 2-тарауы).
Қарт Даниял Бабылдың күйрегенін өз көзімен көрді. Пайғамбарлықта айтылғандай, Кир патша қаланы жаулап алды. Көп ұзамай яһудилер тұтқыннан босатылды. Олар елдеріне дәл уақытында, 70 жылдан кейін оралды. Адал басшылардың және діни қызметкерлер мен пайғамбарлардың жетекшілігімен яһудилер Иерусалимді қайта тұрғызып, Ехобаның ғибадатханасын қалпына келтірді. Ал 483 жыл өткен соң, қандай оқиға орын алу керек еді?
Даниял кітабына негізделген.