7-ТАРАУ
Құдайдың исраилдіктерді азат етуі
Ехоба мысырлықтарға он жаза жіберді. Сосын, Мұса исраилдіктерді Мысырдан алып шықты. Құдай Мұса пайғамбар арқылы Заң берді.
МЫСЫР жерінде көп жыл бойы тұрып келе жатқан исраилдіктер ұрпақ жайып, көбейе берді. Олардың тұрмыстары да жақсы болды. Алайда билік басына Жүсіпті білмейтін перғауын келгенде, жағдай күрт өзгерді. Саны жағынан басым болып кетеді деп қорыққан осы бір қаныпезер билеуші исраилдіктерді құлға айналдырып, олардың жаңа туылған ұл балаларын Ніл өзеніне тастауды бұйырды. Алайда бір исраилдік әйел батылдық танытты: ол нәрестесін себетке салып, қамыс арасына жасырып қойды. Перғауынның қызы баланы тауып алды да, атын Мұса деп қойды. Сөйтіп, Мұса патша сарайында өсіп ер жетті.
Қырық жасында Мұса мысырлық бақылаушыдан жәбір көрген исраилдікті қорғамақ болып, перғауынның қаһарына ұшырады. Оған Мысыр жерінен қашып кетуге тура келді. Сексен жасқа келгенде, Ехоба оған перғауынның алдына барып, исраилдіктерді босатуын талап етуді тапсырды.
Алайда перғауын бұл талапты орындаудан үзілді-кесілді бас тартты. Сонда Құдай мысырлықтарға он жаза жіберді. Әрбір жазаның алдында Мұса перғауынның алдына барып, алапаттың алдын алуға мүмкіндік беріп отырды. Бірақ қыңыр перғауын Мұсаны да, оның Құдайы Ехобаны да елемеді. Ақырында, Құдай оныншы жазаны жіберді де, мысырлықтардың барлық тұңғыштарын мерт қылды. Ал Ехобаның нұсқауы бойынша, есік жақтауларына құрбан етілген тоқтының қанын жаққан исраилдіктердің тұңғыштары аман қалды. Жазалаушы періште олардың үйлеріне кірмеді. Содан бері исраилдіктер бұл күнді жыл сайын атап өтетін болды. Бұл мереке Құтқарылу мейрамы деп аталды.
Тұңғыш ұлынан айырылған перғауын Мұсаға және күллі Исраил халқына Мысырдан кетуді бұйырды. Олар кідірместен жолға шықты. Алайда көп ұзамай перғауын исраилдіктерден айырылып қалғанына өкінді. Содан, соғыс күймелерін алып, исраилдіктердің артынан қуа жөнелді. Қызыл теңізге келіп жеткен исраилдіктер қақпанға түсіп қалғандай болды. Сонда Ехоба теңізді қақ жарды да, исраилдіктер екі жағында қабырға іспетті тұрып қалған судың ортасымен өте шықты! Ал олардың ізін қуып келген перғауын мен оның әскерін су басып қалды.
Кейіннен Исраил халқы Синай тауына келіп жетті. Сол жерде Ехоба олармен келісім жасасты және Мұса пайғамбар арқылы өмірдің әртүрлі саласына қатысты заңдар берді. Исраилдіктер Құдайдың басшылығына толық мойынсұну керек еді, ал Ехоба оларды жарылқап, басқа халықтардың барлығына солар арқылы батасын бермек болды.
Алайда исраилдіктердің көбісі оған сенім артудан қалды. Сондықтан олар Ехобаның қаһарына ұшырап, 40 жыл бойы шөл даланы кезіп жүруге мәжбүр болды. Содан кейін Мұса адал кісі Ешуаға халықты бастап алып жүруді тапсырды. Сол уақытта Исраил халқы арғы аталары Ыбырайымға уәде етілген жерге таяп келген еді.
Мысырдан шығу, Леуіліктер, Руларды санау, Заңды қайталау кітаптарына, Забур жырлары 135:10—15 және Елшілердің істері 7:17—36 негізделген.