Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • bt 1-тар., 7—12 бет.
  • “Барыңдар да... шәкірттер дайындаңдар”

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Барыңдар да... шәкірттер дайындаңдар”
  • “Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік береміз”
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Ауқымды тапсырма
  • Елшілердің істері кітабына шолу
  • Кәдеге жарар кітап
  • “Жердің қиыр шетіне дейін”
    “Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік береміз”
  • Елшілердің істері кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
    2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • “Түбегейлі куәлік береміз”
    “Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік береміз”
  • “Ехобаның қалауы болсын”
    “Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік береміз”
Көбірек мәлімет
“Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік береміз”
bt 1-тар., 7—12 бет.

1-ТАРАУ

“Барыңдар да... шәкірттер дайындаңдар”

Елшілердің істері кітабына шолу және оның біздің күнімізге қатысы

1—6. Ехоба куәгерлері түрлі жерлерде, түрлі жағдайда қалай уағыздап жүргенін айтып беріңіз.

ГАНАДА тұратын Ребекка есімді жас Куәгер мектебін уағыздайтын учаскесі деп санаған. Оның сөмкесінде ылғи да әдебиеттеріміз жүрген екен. Үзілісте Ребекка басқа оқушыларға орайын тауып, уағыздауға тырысқан. Осылай бірнеше сыныптасымен Киелі кітапты зерттеуді бастаған.

2 Африканың шығыс жағалауындағы Мадагаскар аралында бір ерлі-зайыпты ізашар шалғай жердегі ауылға барып уағыздайтын. Сол жерге жету үшін олар аптаған ыстықта жаяу 25 шақырымдай жүретін. Бұл ауылда екеуі біраз зерттеу сабағын өткізді.

3 Бауырластар Парагвай мен Парана өзендерінің бойында тұратын адамдарға ізгі хабарды жеткізудің амалын тапты. Парагвайдағы Куәгерлер 15 елден келген еріктілермен бірге 12 адам сыятын қайық жасады. Осы қайықтың арқасында бұрын жариялаушылардың аяғы баспаған жерлерге ізгі хабар жетті.

4 Американың солтүстік төріндегі Аляскада Ехоба куәгерлері туристер ағылып келетін жаз айларында уағыздаудың сәтін жібермейтін. Жылы мезгілде түрлі-түрлі елден кемемен туристер келгенде, жергілікті Куәгерлер кемежайларға әдебиет арбаларын қойып қоятын. Бұл арбаларда әртүрлі тілде көзге тартымды әдебиеттер тізіліп тұратын. Ал Аляскадағы шалғай ауылдарға тек ұшақпен ғана жетуге болады. Сондықтан бауырластар осы алыс жерлерге ұшып барып, алеут, атабаск, цимшиан, тлинкит халқына ізгі хабарды айтып жеткізген.

5 Техастағы (АҚШ) Ларри деген кісінің ерекше учаскесі болған. Бұл — өзі тұрған қарттар үйі. Ларри жол апатына ұшырап, мүгедектер арбасына таңылған болатын. Сонысына қарамастан, ол қол қусырып отырмай, Патшалық туралы ізгі хабарды басқаларға айтатын. Ол әсіресе Патшалық орнағанда өзінің қайтадан екі аяғына тік тұрып жүріп кететіні жайлы айтқанды жақсы көретін (Ишая 35:5, 6).

6 Мандалай еліндегі Куәгерлер Мьянмадағы конгреске пароммен үш күн жүзіп барған екен. Құлшынысы асып-тасып тұрған бұл жариялаушылар өздерімен әдебиеттер ала шығып, қасындағы жолаушыларға ұсынған. Паром ауылға я қалаға тоқтаған сайын, жариялаушылар түсіп, тез-тез адамдарға әдебиеттер таратқан. Олар қайтып келгенше, паромға жаңа жолаушылар мінетін. Осылай олар әрі қарай соларға уағыздайтын.

7. Құдай Патшалығы жайлы айту үшін Ехобаның қызметшілері қандай тәсілдерді қолданады және олардың мақсаты қандай?

7 Осы бірнеше мысалдағы бауырластарға ұқсап, жігері жалындаған Ехобаның қызметшілері жержүзі бойынша “Құдай Патшалығы туралы... түбегейлі куәлік беріп жүр” (Ел. іс. 28:23). Олар үйден үйге, көшеде және телефонмен уағыздайды, хат жазады. Сондай-ақ автобуста кетіп бара жатса да, саябақта серуендеп жүрсе де, жұмыста үзіліс кезінде де сәтін бағып, Құдай Патшалығы жайлы айтып қалады. Олардың уағыздау тәсілдері әртүрлі болғанмен, көздеген мақсаттары бір — адам бар жердің бәрінде ізгі хабарды айту (Мат. 10:11).

8, 9. а) Патшалықты уағыздау ісінің кең өріс алуын неге нағыз керемет деуге болады? ә) Қандай сұрақ туындайды және оның жауабын қайдан білеміз?

8 Қадірменді оқырман, сіз де 235-тен астам елде Патшалық туралы хабарды бел жазбай жариялап жүрген қалың қолдың қатарындасыз ба? Олай болса, осы хабардың кең өріс алуына орасан зор үлес қосып жүрсіз! Дүниежүзі бойынша қол жеткізген осы жетістіктің бәрін нағыз керемет демеске болмас! Өйткені таудай қиындықтар мен кедергілерге, тіпті билік басындағылардың тыйым салғанына және аяусыз қудалағанына қарамастан, Ехоба куәгерлері барлық халықтарға Құдай Патшалығы жайлы хабарды түбегейлі уағыздап жүр.

9 Олай болса, неге Шайтанның тарапынан болған ешбір кедергі, ешбір қарсылық Құдай Патшалығы туралы хабардың кеңінен таралуына тосқауыл бола алмай жатыр? Бұл сұрақтың жауабын алу үшін І ғасырдағы оқиғаларға оралғанымыз жөн. Себебі бүгінде біз, Ехоба куәгерлері, сол кезде бастама алған істі жалғастырудамыз.

Ауқымды тапсырма

10. Иса өмірін неге арнады және ол нені жақсы түсінді?

10 Мәсіхшілер қауымының негізін қалаған Иса Мәсіх Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды уағыздауға бүкіл өмірін арнаған. Бірде ол: “Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды басқа қалаларда да жариялауым керек. Өйткені мен сол үшін жіберілдім”,— деген (Лұқа 4:43). Бірақ ол өзі бастаған осы істі соңына дейін аяқтап үлгермейтінін түсінген. Өлімінен аз уақыт бұрын, Иса Патшалық жайлы ізгі хабардың “барлық халықтарға” уағыздалатынын айтып кеткен (Мар. 13:10). Сонда бұл істі кім және қалай атқармақ еді?

Иса шәкірттеріне сөйлеп тұр.

“Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындаңдар” (Матай 28:19).

11. Иса шәкірттеріне қандай маңызды іс тапсырды және оларға қандай көмек берілмек еді?

11 Иса қайта тірілген соң шәкірттеріне көрініп, мынадай өте маңызды іс тапсырды: “Сондықтан барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындап, оларды Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атынан шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі мен сендерге бұйырғандардың бәрін ұстануды үйретіңдер. Мен осы заман аяқталғанша, әр күні сендермен біргемін” (Мат. 28:19, 20). “Сендермен біргемін” деген сөз Исаның өзі уағыздау мен шәкірт дайындау ісінде ізбасарларына тірек болатынын білдірді. Оның мұндай қолдауы оларға өте қажет еді. Неге десек, Иса оларды “барлық ұлттар... жек көретінін” алдын ала айтқан болатын (Мат. 24:9). Шәкірттер уағыз ісінде тағы бір көмекке жүгіне алар еді. Ол — киелі рухтың көмегі. Көкке көтерілер алдында Иса шәкірттері осы рух қонғанда, “жердің қиыр шетіне дейін” куәлік беретінін айтқан (Ел. іс. 1:8).

12. Қандай маңызды сұрақтар туындайды және олардың жауабын білгеніміз неге маңызды?

12 Осы жерде бірнеше маңызды сұрақтар туындайды: Исаның елшілері мен І ғасырдағы өзге де шәкірттер өздеріне тапсырылған іске жауапкершілікпен қарады ма? Мәсіхшілердің шағын тобы аяусыз қуғын-сүргінге қарамай, Патшалық туралы түбегейлі куәлік бере алды ма? Олар шәкірт дайындау ісінде Исаның қолдауын және Ехобаның киелі рухының көмегін шынымен де сезді ме? Осы және осымен байланысты сұрақтарға жауапты Елшілердің істері кітабынан табамыз. Мұны білгеніміз аса маңызды, себебі Иса сол кезде басталған істің “осы заман аяқталғанша” жалғасатынын уәде еткен. Демек, бұл тапсырманың барлық шынайы мәсіхшілерге, оның ішінде соңғы күндері өмір сүріп жатқан бізге де қатысы бар. Сондықтан Елшілердің істері кітабында жазылған оқиғалар бізді де қызықтыру керек.

Елшілердің істері кітабына шолу

13, 14. а) Елшілердің істері кітабын кім жазды және жазушы мәліметті қайдан алды? ә) Елшілердің істері кітабы не туралы?

13 Елшілердің істері кітабын кім жазған? Кітаптың өзінде оны кім жазғаны айтылмаған. Десе де алғы сөзінен оны Лұқа кітабын жазған кісі жазғаны анық көрінеді (Лұқа 1:1—4; Ел. іс. 1:1, 2). Сондықтан бұрыннан бұл кітаптың жазушысы “сүйікті дәрігер” әрі білікті тарихшы болған Лұқа деп есептеледі (Қол. 4:14). Кітапта 28 жыл ішінде болған оқиғалар қамтылған, яғни б. з. 33 жылы Иса көкке көтерілгеннен бастап б. з. 61 жылы елші Пауыл Римде түрмеге жабылғанға дейінгі оқиғалар. Бұл кітапта Лұқа “олар” деген есімдіктен “біз” деген есімдікке ауысып отырады. Бұдан онда баяндалған көп оқиғаның ішінде Лұқаның өзі де болғаны көрінеді (Ел. іс. 16:8—10; 20:5; 27:1). Асқан дәлдікпен зерттейтін Лұқа мәліметті Пауыл, Барнаба, Філіп пен кітапта жазылған басқа да адамдардың өз аузынан естігені анық.

14 Елшілердің істері кітабында не жайында айтылады? Лұқа өзінің Ізгі хабарында Исаның айтқан сөздері мен істері туралы жазған. Ал Елшілердің істерінде Исаның ізбасарларының айтқан сөздері мен істері жайлы жазған. Демек, бұл кітапта жұрт “арнайы білімі жоқ, қарапайым” деп санаған шәкірттердің уағыз ісінде жеткен ерен жетістіктері баяндалады (Ел. іс. 4:13). Қысқаша айтқанда, киелі рухтың жетелеуімен жазылған осы жазбада мәсіхшілер қауымының қалай құрылып, қалай өскені сөз етіледі. Кітаптан І ғасырдағы мәсіхшілердің уағыздау тәсілдері мен олардың қызметке деген көзқарасы жайлы да білеміз (Ел. іс. 4:31; 5:42). Онда ізгі хабарды таратуда киелі рухтың рөліне айрықша назар аударылады (Ел. іс. 8:29, 39, 40; 13:1—3; 16:6; 18:24, 25). Сондай-ақ Киелі кітаптың басты тақырыбы — Мәсіхтің қол астындағы Құдай Патшалығы арқылы Құдай есімінің қастерленуіне ерекше мән беріледі. Сонымен қатар бұл кітаптан ізгі хабардың қатты қуғын-сүргінге қарамай зор қарқынмен тарап, биік белеске жеткенін білеміз (Ел. іс. 8:12; 19:8; 28:30, 31).

15. Елшілердің істері кітабын зерттегеніміздің қандай пайдасы бар?

15 Расында да, өте әсерлі жазылған Елшілердің істері кітабын оқып-зерттегенде, сеніміміз болаттай болады! Ертедегі батыл да жігерлі мәсіхшілердің үлгісі бізді бей-жай қалдырмайды. Біз І ғасырдағы уағыз ісінде үзеңгілес сол бауырластарымыздың сенімін серік етуге талпынатын боламыз. Осылай “барыңдар да, шәкірттер дайындаңдар” деген тапсырманы атқаруға сақадай сай боламыз. Қолыңыздағы осы басылым сізге Елшілердің істері кітабын мұқият зерттеуге көмектеседі.

Кәдеге жарар кітап

16. Бұл кітап қандай үш мақсатты көздейді?

16 Бұл кітаптың мақсаты қандай? Оның үш мақсаты бар: 1) Уағыздау мен шәкірт дайындау ісінде Ехоба бізді киелі рухымен қолдайтынына сенімділік ұялату; 2) Бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің үлгісін қарастыра отырып, қызметке деген құлшынысымызды қайрау; 3) Ехобаның ұйымына және уағыз ісі мен қауымдарда жетекшілік ететіндерге құрметімізді арттыру.

17, 18. Бұл әдебиет қалай құрастырылған және онда сізге жеке зерттеу барысында көмек болатын қандай ерекшеліктер бар?

17 Осы әдебиет қалай құрастырылған? Ол 8 бөлімге бөлінген. Әр бөлімде Елшілердің істерінен бір үзінді қарастырылады. Әрбір бөлім бірнеше тараудан тұрады. Олардың мақсаты — Елшілердің істері кітабын тармақ-тармақ бойынша қарастыру емес, сол кітаптағы оқиғалардан сабақ алып, оларды өмірімізде қалай қолданатынымызды көрсету. Әр тараудың басында сол тараудың басты ойы мен талқыланатын тармақтар келтіріледі.

18 Бұл әдебиеттің сізге жеке зерттеуде көмек болатын тағы ерекшеліктері бар. Елшілердің істеріндегі оқиғаларды әсерлі, көркем сипаттайтын суреттер сізді сол оқиғаның ішіне енгізіп жібереді. Тараулардың көбінде қоршаулар бар. Оларда қосымша мағлұматтар келтірілген. Кейбірінде сенімін серік етуге тұратын Киелі кітап кейіпкері жайлы айтылса, кейбірінде Елшілердің істерінде кездесетін жерлер, оқиғалар, дәстүрлер мен басқа да кейіпкерлер туралы көбірек ақпарат беріледі.

Ер бауырлас бір ерлі-зайыптыға уағыздайтын учаскелерін көрсетіп жатыр.

Уақыт аз қалғанын түсініп, учаскеңізде құлшына уағыздаңыз

19. Өз-өзімізді қалай тексеріп тұрсақ болады?

19 Бұл әдебиеттің көмегімен өз-өзіңізді шыншыл тексере аласыз. Патшалықтың жариялаушысы болғанымызға қанша уақыт болмасын, ара-тұра кідіріп, өзімізді зерделеуіміз қажет: өмірімізде нені басты орынға қойып жүргенімізді, уағызға деген көзқарасымызды (Қор. 2-х. 13:5). Бұл үшін былай ойланғанымыз жөн: Мен уағыз ісінің шұғыл іс екенін түсінемін бе? (Қор. 1-х. 7:29—31). Ізгі хабарды сеніммен әрі үлкен ынта-жігермен айтамын ба? (Сал. 1-х. 1:5, 6). Уағыздау әрі шәкірт дайындау ісіне толық атсалысып жүрмін бе? (Қол. 3:23).

20, 21. Бізге берілген тапсырма неге өте шұғыл және біз не нәрсеге бекінуіміз керек?

20 Мынаны ойда ұстайық: бізге дүниедегі ең маңызды іс — уағыздау мен шәкірт дайындау ісі — тапсырылған. Күн өткен сайын бұл істің қауырттығы мен маңыздылығы арта түсуде, өйткені осы дүниенің соңы жылдам жақындап келеді. Қаншама адамның өмірі қыл үстінде тұр! Олардың қайсысы ізгі хабарға құлақ асатынын біз білмейміз (Ел. іс. 13:48). Бірақ кеш болмай тұрғанда оларға көмектесу — әрқайсысымыздың парызымыз (Тім. 1-х. 4:16).

21 Олай болса, I ғасырдағы Патшалықтың қажырлы жариялаушыларына еліктеп, бой түзегеніміз аса маңызды. Осы әдебиетті құнттап, мұқият зерттегеніңіз сіздің құлшынысыңызға құлшыныс, батылдығыңызға батылдық қоссын! Сондай-ақ Құдай Патшалығы туралы “түбегейлі куәлік беруге” деген шешіміңізді қатайтсын! (Ел. іс. 28:23).

І ҒАСЫРДА МӘСІХШІЛІК ТАРАҒАН КЕЗДЕГІ ЕЛЕУЛІ ДАТАЛАР

  1. 33

    Иса қайта тірілді

    Иса ізбасарларына шәкірт дайындау ісін тапсырды

    Елуінші күн мейрамында киелі рух қонды

    Мәсіхшілер қауымы құрылды

  2. ш. 33—34

    Степан азаптап өлтірілді

    Эфиопиялық қызметкер шомылдыру рәсімінен өтті

  3. ш. 34

    Тарстық Саул мәсіхшілікті қабылдады

  4. ш. 34—36

    Саул Дамаскіде уағыздады

  5. ш. 36

    Пауыл мәсіхші болған соң, алғаш рет Иерусалимге келді

    Пауыл Иерусалимде Петірмен кездесті (Ғал. 1:18)

  6. 36

    Корнел мәсіхшілікті қабылдады

    Басқа ұлт өкілдері алғаш рет мәсіхшілікті қабылдады

  7. ш. 41

    Матайдың Ізгі хабары жазылды

    Пауыл “үшінші көк” жайлы аян алды (Қор. 2-х. 12:2)

  8. ш. 44

    Агаб аштық болатынын пайғамбарлық етті

    Зебедей ұлы Жақып азаптап өлтірілді

    Петір түрмеге жабылып, керемет түрде босады

  9. 44

    І Ирод Агриппа қайтыс болды

  10. ш. 46

    Айтылған аштық болды

    Пауыл садақаларды Иерусалимге алып келді

  11. ш. 47—48

    Пауыл алғашқы миссионерлік сапарына шықты

  12. ш. 49

    Антиохияда сүндеттелуге қатысты мәселе көтерілді

    Иерусалимде кездесу өтті

    Пауыл Петірді түзетті (Ғал. 2:11—14)

  13. ш. 49—52

    Пауыл екінші миссионерлік сапарына шықты

    Барнаба мен Марқа Кипрде уағыздады

  14. ш. 49—50

    Клауди яһудилерді Римнен қуып жіберді

  15. ш. 50

    Лұқа Трояда Пауылға қосылды

    Пауыл македониялық кісі жайлы аян алды

    Пауыл Філіпі қаласына барды

    Філіпіде қауым құрылды

    Салоникада қауым құрылды

    Пауыл Афинаға барды

  16. ш. 50—52

    Пауыл Қорынт қаласына барды

    Салоникалықтарға 1-хат жазылды

    Ғалаттықтарға арналған хат жазылды

  17. ш. 51

    Салоникалықтарға 2-хат жазылды

  18. ш. 52—56

    Пауыл үшінші миссионерлік сапарына шықты

  19. ш. 52—55

    Пауыл Ефеске барды

  20. ш. 55

    Қорынттықтарға 1-хат жазылды

    Тит Қорынтқа жіберілді

    Қорынттықтарға 2-хат жазылды

  21. ш. 56

    Римдіктерге арналған хат жазылды

    Пауыл Трояда Еутіхті тірілтті

    Пауыл мен Лұқа Філіппен бірге Кесарияда қалды

    Пауыл Иерусалимде тұтқындалды

  22. ш. 56—58

    Пауыл Кесарияда тұтқындалды

    Лұқаның Ізгі хабары жазылды

  23. ш. 58

    Фест Феликстің орнына отырды

  24. 58

    II Ирод Агриппа Пауылды тыңдады

  25. ш. 59—61

    Пауыл Римде бірінші рет түрмеге жабылды

  26. ш. 60—61

    Қолостықтарға арналған хат жазылды

    Ефестіктерге арналған хат жазылды

    Філімонға арналған хат жазылды

    Філіпіліктерге арналған хат жазылды

  27. ш. 60—65

    Марқаның Ізгі хабары жазылды

  28. ш. 61

    Елшілердің істері жазылды

    Еврейлерге арналған хат жазылды

  29. ш. 61—64

    Тімөтеге арналған 1-хат жазылды

    Пауыл Титті Критте қалдырды (Тит. 1:5)

    Титке арналған хат жазылды

  30. 62 д.

    Жақып кітабы жазылды

  31. ш. 62—64

    Петірдің 1-хаты жазылды

  32. ш. 64

    Петірдің 2-хаты жазылды

  33. ш. 65

    Пауыл Римде екінші рет түрмеге жабылды

    Тімөтеге арналған 2-хат жазылды

    Тит Далматияға аттанды (Тім. 2-х. 4:10)

    Пауыл өлімге кесілді

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу