ОН БЕСІНШІ ТАРАУ
Құдайға ұнамды ғибадат
Құдайға барлық діндер ұнай ма?
Шынайы дінді қалай анықтауға болады?
Кімдер бүгінде Құдайға шынайы ғибадат етіп жүр?
1. Құдайға дұрыс ғибадат етер болсақ, мұның қандай пайдасын көреміз?
ЕХОБА ҚҰДАЙ біздің қамымызды ойлайды және сүйіспеншілікпен берген басшылығының пайдасын көргенімізді қалайды. Егер біз оған дұрыс ғибадат етсек, бақытты өмір кешеміз әрі көптеген қиыншылықтардан аулақ боламыз. Сондай-ақ ол бізге батасын төгіп, көмектесіп отыратын болады (Ишая 48:17). Алайда бүгінде Құдай туралы шындыққа үйретеміз дейтін діндер көп. Дей тұрса да олардың Құдайдың кім екендігіне және оның бізден не күтетініне қатысты ілімдері бір-бірінен тым алшақ.
2. Ехобаға дұрыс ғибадат етуді қалай үйренуге болады және мұны түсінуге қандай мысал көмектеседі?
2 Ехобаға дұрыс ғибадат етуді қалай үйренуіңе болады? Барлық діндерді зерттеп, олардың ілімдерін салыстырып шығудың қажеті жоқ. Оның орнына, шынайы ғибадат туралы Киелі кітап шын мәнінде неге үйрететінін біліп алғаның жеткілікті. Мынадай мысалды қарастырып көрейік: қазір көп елде жасанды ақша шығарушылар бар. Егер саған жасанды ақшаны айырып отыру ісі тапсырылса, мұны қалай істер едің? Барлық жасанды ақшаны есіңде сақтап алуға тырысар ма едің? Олай етпесең керек. Шынайы ақшаны жақсылап зерттеп алғаның тиімдірек болар. Солай етер болсаң, оны жасанды ақшадан айыра аласың. Сол сияқты шынайы діннің қандай болу керектігін жақсылап зерттеп алсақ, оны жалған діннен айыра аламыз.
3. Пауылдың сөздеріне сай, Құдайға ұнамды болғымыз келсе, біз не істеуге тиіспіз?
3 Ғибадатымыздың Ехобаға ұнамды болғанының маңызы зор. Көп адам Құдайға барлық дін ұнайды деп сенеді, бірақ Киелі кітап бұлай үйретпейді. “Мен Құдайға сенемін”,— деп қана қою жеткіліксіз. Өйткені елші Пауыл: “Құдайды білеміз десе де, мұнысын іс-әрекеттерімен жоққа шығарады; олар жек көрінішті, ешкімге бағынбайтын, ешқандай игі істер жасауға жарамсыз жандар”,— деген (Титке 1:16). Сондықтан Құдайға ұнамды болу үшін, біз оның талаптарын біліп, соған сай әрекет етуге тиіспіз. Иса Құдайдың еркін орындамайтын адамдарды “заңсыздық жасаушылар” деп атаған (Матай 7:21—23). Жасанды ақша сияқты жалған діннің де еш құны жоқ. Одан да сорақысы — жалған дін қауіпті.
4. Исаның екі жолға қатысты айтқан сөздері нені білдіреді және олардың әрқайсысы қайда апарады?
4 Ехоба әрбір адамға мәңгі өмір сүру мүмкіндігін ұсынып отыр. Алайда жердегі жұмақта мәңгі өмір сүру үшін біз Құдайға дұрыс ғибадат етуіміз, сондай-ақ қазірдің өзінде оған ұнамды болатындай өмір сүруіміз керек. Өкінішке орай, көп адам бұлай етуден бас тартады. Сол себепті де Иса былай деген: “Тар қақпа арқылы кіріңдер! Себебі жойылуға апаратын қақпа кең, жол да даңғыл, онымен жүретіндер көп. Ал өмірге апаратын қақпа да, жол да тар. Оны табатындар аз” (Матай 7:13, 14). Шынайы дін мәңгілік өмірге жеткізеді, ал жалған дін өлімге ұшыратады. Ехоба ешкімнің жойылып кеткенін қаламайды, сондықтан бүкіл жер бетіндегі адамдарға өзі туралы білім алуға мүмкіндік беріп отыр (Петірдің 2-хаты 3:9). Бұдан шығатын түйін мынау: өмір сүретініміз не өлетініміз қалай ғибадат ететінімізге байланысты.
ШЫНАЙЫ ДІНДІ АНЫҚТАУДЫҢ ЖОЛЫ
5. Шынайы дінді ұстанатындарды қалай тануға болады?
5 “Өмірге апаратын жолды” қалай табуға болады? Исаның айтуынша, діннің шынайы екендігі оны ұстанатындардың өмір салтынан көрініп тұрады. “Оларды жемістерінен танисыңдар... әрбір жақсы ағаш жақсы жеміс береді”,— деді ол (Матай 7:16, 17). Басқаша айтқанда, шынайы дінді ұстанатындарды ілімдері мен жүріс-тұрыстарынан тануға болады. Әрине, олар кемелді емес әрі қателіктер жасайды, сөйтсе де, жалпы алғанда, шынайы ғибадат етушілер Құдай еркін орындауға тырысады. Ал қазір шынайы дінді ұстанатындарды ерекшелендіретін алты жайтты қарастырып көрейік.
6, 7. Құдайдың қызметшілерінің Киелі кітапқа деген көзқарасы қандай және осыған қатысты Иса қандай үлгі қалдырған?
6 Құдайдың қызметшілері ілімдерін Киелі кітапқа негіздейді. Киелі кітаптың өзінде мынадай сөздер бар: “Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған, әрі тәлім беруге, әшкерелеуге, түзетуге, әділ талаптарға сай тәрбиелеуге тиімді. Осылай Құдай адамы барынша жарамды, яғни кез келген игі іске толықтай даяр болады” (Тімөтеге 2-хат 3:16, 17). Елші Пауыл бір сенімдегі бауырластарына: “бізден естіген Құдай сөзін адамның емес, Құдай сөзі ретінде — шынымен де бұл солай — қабылдадыңдар”,— деп жазды (Салоникалықтарға 1-хат 2:13). Иә, шынайы діннің ілімдері мен нанымдары адамдардың көзқарастары мен салт-дәстүрлеріне емес, рухтың жетелеуімен жазылған Құдай Сөзі Киелі кітапқа негізделеді.
7 Иса Мәсіх Құдай Сөзіне негізделе отырып тәлім беруімен жақсы үлгі қалдырған. Көктегі Әкесіне айтқан дұғасында ол: “Сенің сөзің — шындық”,— деген (Жохан 17:17). Иса Құдай Сөзіне берік сенген, әрі берген тәлімінің бәрі Жазбаларға сай болған. Ол жиі Жазбалардан үзінді келтіріп: “Деп жазылған ғой!”— дейтін (Матай 4:4, 7, 10). Тап сол сияқты бүгінде Құдай халқы өз ойларынан шыққан нәрселерге үйретпейді. Олар да Киелі кітаптың Құдай Сөзі екеніне сенеді, әрі ілімдерін тек сонда жазылғандарға негіздейді.
8. Ехобаға ғибадат етуге не кіреді?
8 Шынайы дінді ұстанатындар тек Ехобаға ғибадат етеді және оның есімін жариялайды. Иса былай деген: “Ехоба Құдайыңа ғибадат етіп, тек соған ғана қызмет ет!” (Матай 4:10). Ол Мұсаның 5-жазбасы 6:13-тен үзінді келтірген болу керек, ал онда түпнұсқада Құдай есімі жазылған. Сондықтан шынайы дінді ұстанатындар тек Ехобаға ғибадат етеді. Ал Ехобаға ғибадат етуге оның есімін және қандай Құдай екенін жариялау кіреді. Зәбүр 83:18-де: “Осылайша адамдар сенің есімің Ехоба екенін, бүкіл жер бетін билейтін жалғыз Құдай Тағала екеніңді білсін”,— делінген. Иса өзгелерге Құдай есімін білуге көмектескен. Ол: “Сен мені қалай сүйсең, бұлар да өзгелерді солай сүю үшін әрі олармен бірлікте болуым үшін, оларға есіміңді аштым және аша беремін”,— деп дұға етуімен Құдай есімін жариялауда үлгі көрсетті (Жохан 17:26). Сол сияқты қазіргі таңда шынайы дінді ұстанатындар өзгелерді Құдайдың есімі, оның ниеттері, сондай-ақ қасиеттерімен таныстырады.
9, 10. Шынайы мәсіхшілер бір-біріне қалай сүйіспеншілік танытады?
9 Құдайдың қызметшілері бір-бірін шын көңілден, риясыз сүйеді. Иса: “Менің шәкірттерім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деген (Жохан 13:35). Ертедегі мәсіхшілер бір-бірін осылай сүйген. Киелі кітаптағы принциптерге негізделген сүйіспеншілік нәсілдік, әлеуметтік және ұлтаралық ерекшеліктерден жоғары, әрі адамдарды мызғымайтын шынайы бауырластыққа біріктіреді (Қолостықтарға 3:14 оқы). Жалған дін мүшелерінің арасында мұндай сүйіспеншілікке толы бауырластық жоқ. Біз мұны қайдан білеміз? Олар ұлттық немесе нәсілдік ерекшеліктеріне бола бір-бірін қырып жатады. Шынайы мәсіхшілер бауырластарын немесе өзге біреуді өлтіру үшін қолына қару алмайды. Киелі кітапта былай делінген: “Құдайдың балалары мен Ібілістің балаларын мынадан білуге болады: әділ әрекет етпейтін кісі де, бауырласын сүймейтін кісі де Құдайдан емес... біз бір-бірімізді сүюге тиіспіз. Інісін жауыздықпен өлтірген Зұлымның адамы Қабыл сияқты болмауымыз керек” (Жоханның 1-хаты 3:10—12; 4:20, 21).
10 Әрине, шынайы сүйіспеншілік өзгелерді өлтіруден аулақ болумен ғана шектелмейді. Шынайы мәсіхшілер уақыттарын, күш-жігері мен қаржыларын бір-біріне риясыз көмектесіп, нығайту үшін қолданады (Еврейлерге 10:24, 25). Олар тар жол тайғақ кешу кезінде бір-біріне қол ұшын береді, әрі өзгелерге деген ниеттері түзу. Расында да, олар Киелі кітаптың “сенімі бір бауырластарға жақсылық жасай берейік” деген кеңесін ұстанады (Ғалаттықтарға 6:10).
11. Неге Иса Мәсіхті құтқарушы ретінде мойындаудың маңызы зор?
11 Шынайы мәсіхшілер Иса Мәсіхті құтқарушы ретінде мойындайды. Киелі кітапта: “Оның үстіне одан басқа бізді ешкім құтқара алмайды, өйткені бізді құтқаратын есім жердегілердің ешқайсысына берілген жоқ”— делінген (Елшілердің істері 4:12). 5-тараудан білгеніміздей, Иса мойынсұнғыш адамдар үшін өз өмірін төлем ретінде берген (Матай 20:28). Бұған қоса, Иса — бүкіл жер бетіне билік жүргізетін көктегі Патшалықтың Құдай тағайындаған Патшасы. Міне, сол себепті Құдай бізден Исаға мойынсұнып, оның тәлімдеріне құлақ асуды талап етеді. Мәңгі өмір сүргіміз келсе, біз осы талапты орындауымыз керек. Осыған қатысты Киелі кітапта былай делінген: “Кім Ұлға сенсе, мәңгілік өмірді иеленеді, ал кім оған мойынсұнбаса, өмірге ие болмайды” (Жохан 3:36).
12. Осы дүниелік болмауға не жатады?
12 Шынайы дінді ұстанушылар бұл дүниелік емес. Иса Рим билеушісі Пилаттың алдында тұрғанда: “Менің Патшалығым осы дүниелік емес”,— деген (Жохан 18:36). Қай елде тұрмасын, Исаның шынайы ізбасарлары көктегі Патшалықтың азаматтары болып табылады. Сондықтан осы дүниенің саясатқа қатысты істерінде толық бейтараптық сақтайды. Олар ешқандай айтыс-тартыстар мен қақтығыстарға араласпайды. Алайда өзгелер қандай да бір партияға қосылуды, саясаткер болуды немесе сайлауға қатысуды шешіп жатса, Ехобаның қызметшілері оларға кедергі жасамайды. Сондай-ақ шынайы дінді ұстанушылар, саяси істерде бейтараптық сақтауларымен қатар, заңға мойынсұнғыш адамдар. Неге бұлай? Өйткені Құдай Сөзінде олардан “билік басындағыларға бағыну” талап етіледі (Римдіктерге 13:1). Бірақ саяси құрылым мен Құдайдың талаптары бір-біріне қайшы келіп жатса, олар: “Билеуші ретінде бірінші кезекте адамға емес, Құдайға мойынсұнуымыз керек”— деп, осы мәселеде үлгі қалдырған елшілерге еліктейді (Елшілердің істері 5:29; Марқа 12:17).
13. Исаның шынайы ізбасарларының Құдай Патшалығына деген көзқарасы қандай және сол себепті олар не істеуде?
13 Исаның шынайы ізбасарлары адамзатқа Құдай Патшалығы ғана нағыз үміт беретінін уағыздайды. Иса былай пайғамбарлық еткен: “Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық халықтар есту үшін бүкіл жер бетінде уағыздалады. Содан кейін осы заманның соңы келеді” (Матай 24:14). Иса Мәсіхтің шынайы ізбасарлары барлық қиыншылықтарды адами билеушілер шешіп береді деп үміттенуге шақырмайды, қайта, адамзат үшін жалғыз үміт тек Құдай Патшалығы екенін жариялайды (Зәбүр 146:3). Сол кемелді үкімет жөнінде дұға етуді үйретіп, Иса: “Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің көктегідей жер бетінде де орындалсын!”— деген (Матай 6:10). Құдай Сөзінде сол көктегі Патшалықтың “патшалықтардың [қазіргі] бәрін қиратып, өзі мәңгі тұратыны” алдын ала айтылған (Даниял 2:44; Аян 16:14; 19:19—21).
14. Сеніңше, шынайы ғибадат етушілерге қойылатын талаптардың бәрін кімдер орындап жүр?
14 Жоғарыда қарастырған жайттарды ескеріп, өзіңнен былай деп сұрап көрші: “Қандай дін барлық ілімдерін Киелі кітапқа негіздейді және Ехобаның есімін жариялап жүр? Кімдер Ехобаның нұсқауына сай сүйіспеншілік танытуда және Исаға сенімдерін білдіруде? Кімдер осы дүниелік емес және адамзат үшін жалғыз үміт Құдай Патшалығы екенін жариялап жүр? Мың-сан діндердің қайсысының мүшелері осының бәрін орындап жүр?” Солай етіп жүрген тек Ехоба куәгерлері екені айдан анық көрініп тұр емес пе!? (Ишая 43:10—12 оқы).
СЕН НЕ ІСТЕЙСІҢ?
15. Біз Құдайдың бар екеніне сенумен қатар, тағы не істеуіміз керек?
15 Құдайға ұнамды болу үшін оған сеніп қана қою жеткіліксіз. Киелі кітапта Құдайдың бар екеніне жындардың да сенетіні айтылған (Жақып 2:19). Бірақ олардың Құдай еркін орындамайтындары әрі оған ұнамды емес екендері анық. Олай болса, Құдайға ұнамды болғымыз келсе, оның бар екеніне сеніп қана қоймай, оның еркін орындауға тиіспіз. Сонымен қатар жалған діннен аулақ болып, шынайы ғибадатты ұстануымыз керек.
16. Жалған ғибадатқа араласпау үшін не істеуіміз керек?
16 Елші Пауыл жалған ғибадаттың бізді арамдауына жол бермеуіміз керектігін көрсеткен. Ол былай деп жазды: “Сондықтан олардың арасынан шығып, бөлек тұрыңдар, бұдан былай арам нәрсеге жоламаңдар”,— дейді Ехоба. “Сонда мен сендерді қабылдаймын” (Қорынттықтарға 2-хат 6:17; Ишая 52:11). Сол себепті шынайы мәсіхшілер жалған ғибадатпен байланысы бар кез келген нәрседен аулақ жүреді.
17, 18. “Ұлы Бабыл” деген не және неге кідірместен “одан шығу” керек?
17 Киелі кітаптан жалған діндердің барлығы Ұлы Бабылды құрайтыны көрінедіa (Аян 17:5). Бұл атау Нұхтың заманында болған Топан судан кейін жалған дін бастау алған Бабыл қаласын еске салады. Бүгінгі күні жалған дінде кең тараған ілімдер мен салт-жоралар ғасырлар бұрын Бабылдан бастау алған. Мысалы, бабылдықтар үш тәңірден тұратын құдайға, немесе триадаға, сенетін. Қазіргі уақытта көп діндердің негізгі ілімі Үштік сенімге негізделген. Бірақ Киелі кітапта шынайы Құдай Ехобаның жалғыз, ал Иса Мәсіхтің оның Ұлы екендігі анық айтылған (Жохан 17:3). Сондай-ақ бабылдықтар жанның ешқашан өлмейтініне, яғни адам өлгеннен кейін, жаны аман қалатынына және оның тозақта азап шегуі мүмкін екеніне, сенген. Қазіргі таңда діндердің басым көпшілігі мәңгі өлмейтін жан, немесе рух, тозақта азап шегуі мүмкін деп үйретеді.
18 Ежелдегі Бабылдың ілімдері бүкіл жер бетіне тарап кеткендіктен, былай деуге негіз бар: бүгіндегі Ұлы Бабыл, бұл — дүниежүзілік жалған діндер империясы. Бірақ Құдай оның күтпеген жерден құрып кететінін алдын ала айтқан. Ұлы Бабылға қатысы бар нәрселердің бәрінен аулақ жүргенің не себепті маңызды екенін көрдің бе? Ехоба Құдай әлі уақыт барда, сенің кідірместен “одан шыққаныңды” қалайды (Аян 18:4, 8 оқы).
Ехобаның халқымен қызмет етер болсаң, айырылып қалуың мүмкін нәрселерден әлдеқайда көп игілікке қол жеткізесің
19. Ехобаға қызмет етудің арқасында не нәрсеге ие боласың?
19 Жалған діннен шығуды шешкендіктен, кейбіреулер сенімен араласуды доғаруы мүмкін. Алайда Ехобаның халқымен қызмет етер болсаң, айырылып қалуың мүмкін нәрселерден әлдеқайда көп игілікке қол жеткізесің. Исаның соңынан еру үшін көп нәрседен бас тартқан шәкірттері іспетті сен де көптеген рухани бауырлар табасың. Өзіңді шын көңілмен сүйетін миллиондаған шынайы мәсіхшілерден тұратын дүниежүзілік отбасының мүшесі боласың. Сонымен қатар мәңгілік өмір сүруге деген керемет үмітің болады (Марқа 10:28—30 оқы). Кім білсін, бәлкім, уақыт өте келе сеніміңе бола сенен бас тартқандар да Киелі кітаптың ілімдерімен танысып, Ехобаға ғибадат ететін болар.
20. Шынайы ғибадатты ұстанушыларды қандай болашақ күтіп тұр?
20 Киелі кітап жақында Құдай осы зұлым дүниені жойып, орнына өзінің Патшалығы билік жүргізетін әділ жаңа дүние орнатады деп үйретеді (Петірдің 2-хаты 3:9, 13). Ол неткен тамаша дүние болады десеңші! Әділдік орнаған сол жаңа дүниеде жалғыз дін, жалғыз шынайы ғибадат болады. Шынайы ғибадат етушілерге қосылу үшін қазірден бастап қажетті қадамдар жасағаның даналыққа жатпас па еді?
a Бабылдың не себепті дүниежүзілік жалған діндер империясын бейнелейтініне қатысты мәліметті қосымшаның “Ұлы Бабыл деген не?” деп аталатын тақырыптан қара.