Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • cl 15-тар., 148—157 бет.
  • Иса әділдікті ‘жер бетінде берік орнатады’

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Иса әділдікті ‘жер бетінде берік орнатады’
  • Ехобаға жақында
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • “Әкесіне қарап ұл өсер”
  • Исаның ‘әділдіктің не екенін түсіндіруі’
  • Әділдіктің керемет үлгісі
  • Тағайындалған Патша әділдікті ‘жер бетінде берік орнатады’
  • “Оның жолдарының бәрі әділетті”
    Ехобаға жақында
  • Әділетсіздік болмайтын заман бола ма?
    Сан түрлі тақырыптар
  • Мәсіхшілер қауымындағы сүйіспеншілік пен әділдік
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2019
  • Ехоба әділдікті сүйеді
    2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
Ехобаға жақында
cl 15-тар., 148—157 бет.
Иса ақша айырбастайтындардың үстелдерін аударып тастап, өздерін ғибадатханадан қуып жатыр.

15-ТАРАУ

Иса әділдікті ‘жер бетінде берік орнатады’

1, 2. Қандай жағдай Исаның ашулануына түрткі болды және неге?

ИСА кәдімгідей ашуланды, әрі мұнысы орынды еді. Оны мұндай күйде елестету қиын шығар, өйткені ол өте кішіпейіл болған ғой (Матай 21:5). Әрине, Иса өз әрекетіне толығымен есеп берген, себебі ол әділ ашу шақырғанa. Бірақ сол бейбіт сүйгіш адамды сонша ашуландырған не болды екен? Ол жерде барып тұрған әділетсіздік болып жатыр еді.

2 Иерусалимдегі ғибадатхана Исаның жанына жақын болған. Ғибадатхана көктегі Әкесіне ғибадат етуге арналған дүние жүзіндегі жалғыз киелі орын еді. Яһудилер сол жерде ғибадат ету үшін жер-жерлерден ұзақ жол жүріп келетін. Тіпті онда Құдайды қастерлейтін басқа ұлт адамдары да келіп, өздеріне арналған аулада ғибадат ететін. Бірақ жердегі қызметінің басында ғибадатханаға келген Иса аса бір келеңсіз жайтты көрді. Ғибадатхана ғибадат орнынан гөрі базарға көбірек ұқсайтын. Ол жерді саудагерлер мен ақша айырбастаушылар қаптап кеткен еді. Алайда мұның несі әділетсіздік? Олар үшін Құдайдың ғибадатханасы халықтан пайда көретін, тіпті оларды тонайтын орын ғана болған. Сонда қалай? (Жохан 2:14)

3, 4. Ехобаның үйінде қандай пайдакүнемдік орын алған еді және Иса не істеді?

3 Дінбасылары ғибадатхана үшін садақаға тек ақшаның белгілі бір түрі берілу керек деген ереже орнатқан. Сондықтан онда келушілер ақшаларын ауыстыруға мәжбүр болған. Ал үстелдерін тура ғибадатхананың ішіне қойып алған ақша айырбастаушылар әрбір алмастырған ақшасынан үстеме құн алатын. Мал саудасы да өте түсімді еді. Әрине, құрбан шалғысы келгендер малды қаланың кез келген жерінен сатып ала алатын, бірақ ғибадатхана қызметшілері оларды оп-оңай жарамсыз деп табуы мүмкін еді. Ал сол жерден сатып алынған малдың жарамды болатынында сөз жоқ болатын. Саудагерлер халықтың осындай шарасыздығын пайдаланып, кейде өте жоғары құн сұрайтынb. Бұл түсімді сауда ғана емес, барып тұрған тонау еді!

4 Иса мұндай әділетсіздікке төзе алмады. Бұл оның өз Әкесінің үйі ғой! Ол кендірден қамшы өріп алып, қойлар мен өгіздерді ғибадатханадан айдап шығады. Сосын, ақша айырбастаушыларға келіп, үстелдерін аударып тастайды. Олардың бар ақшасы мәрмәр еденге шашылып қалды! Содан соң көгершін сатушыларға бұрылып, қатаң үнмен: “Мыналарыңды бұл арадан алып кетіңдер!”— деп бұйырады (Жохан 2:15, 16). Сол батыл кісіге қарсыласуға бірде-бір адамның дәті бармағанға ұқсайды.

“Мыналарыңды бұл арадан алып кетіңдер!”

“Әкесіне қарап ұл өсер”

5—7. а) Исаның көктегі өмірі әділдікке деген көзқарасына қалай әсер еткен және оның мысалын қарастыру арқылы не нәрсеге үйрене аламыз? ә) Мәсіх Шайтанның кесірінен болған әділетсіздікке қарсы қалай күресті және келешекте қалай күреседі?

5 Әрине, саудагерлер кейін қайта оралды. Үш жылдан кейін Иса ғибадатханадан тап сондай әділетсіздікті көріп, тағы да оған деген наразылығын көрсетті. Бұл жолы ол Ехобаның үйін “қарақшылар ордасына” айналдырғандарды Әкесінің сөздерін келтіре отырып айыптады (Еремия 7:11; Матай 21:13). Иә, Иса ғибадатхананың арамдалып жатқанын және ондағы пайдакүнемдікті көргенде, бойын тап Әкесінікіндей сезім билеген. Бұл таңғалатын нәрсе емес, өйткені ол сан миллиондаған жылдар бойы көктегі Әкесінің жанында болып, одан тәлім алған ғой. Ол Ехобаның әділдік сезімін барынша бойына сіңірген. “Әкесіне қарап ұл өсер” деген сөздердің растығын Иса керемет түрде көрсеткен. Сондықтан Ехобаның әділдік деген қасиетін толық түсінудің бірден-бір жақсы жолы — Иса Мәсіхтің мысалының үстінен ой жүгірту (Жохан 14:9, 10).

6 Шайтанның Ехоба Құдайға өтірікші деген жала жауып, әрі оның билігінің әділдігіне күмән тудырғанына Исаның өзі куә болған. Неткен сұмдық жала! Сондай-ақ ол Шайтанның Ехобаға ешбір адам риясыз, сүйіспеншілікпен қызмет етпейді деген тағы да бір жаласын естіді. Мұндай жалған сөздердің Исаның әділ жүрегін ауыртқанында сөз жоқ. Өзінің осы өтірікті әшкерелеуде басты рөл атқаратынын білгені оны қалайша толқытты десеңші! (Қорынттықтарға 2-хат 1:20) Бұл оны қалай істемек еді?

7 14-тараудан көргеніміздей, Иса Мәсіх Ехобаның қызметшілерінің мінсіздігіне қатысты Шайтанның көтерген дауына түбегейлі әрі біржола жауап берді. Осылайша Иса Ехобаның киелі есімін барлық жаладан, оның ішінде билігіне қатысты өтіріктер де бар, тазаруына негіз қалады. Құдай тағайындаған Патша ретінде Иса болашақта бүкіл Әлемде әділдік орнатады (Забур 2:6). Ол жерде өмір сүргенде де, Әкесіне тән әділдік танытқан. Ехоба ол туралы: “Оған қондырамын өз Рухымды. Ол халықтарға жариялайды әділдікті [“әділдіктің не екенін түсіндіреді”, ЖД]”,— деген (Матай 12:18). Иса осы сөздерді қалай жүзеге асырды?

Исаның ‘әділдіктің не екенін түсіндіруі’

8—10. а) Дінбасылары өзге халықтардан шыққандар мен әйелдерге жеккөрініш тудыратын қандай ауызша ережелер шығарған? ә) Қалайша ауызша заңдар Ехобаның діни демалысқа қатысты заңын ауыртпалыққа айналдырып жіберген?

8 Иса Ехобаның заңын жақсы көрген, әрі соған сай өмір сүрген. Бірақ сол замандағы дінбасылары оны бұрмалап, теріс қолданатын. Иса оларға: “Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! ... Таурат заңының әділдік, мейірімділік және адалдық туралы маңызды қағидаларына көңіл бөлмедіңдер”,— деген (Матай 23:23). Заң мұғалімдерінің нағыз ‘әділдіктің не екенін түсіндірмегендері’ даусыз. Керісінше, олар Құдайдың әділдігінің мәнін көмескілеп жіберген. Қалайша? Бірнеше мысалды қарастырып көрейік.

9 Ехоба халқына айналадағы өзге халықтармен араласпауды бұйырған (Патшалықтар 3-жазба 11:1, 2). Алайда кейбір сыңар жақ дінбасылары исраилдіктерге өзге халықтан шыққандардың бәрін жеккөрінішті етіп көрсеткілері келетін. Мишнада тіпті мынадай заң болған: “Малды яһуди еместердің керуен сарайында қалдыруға болмайды, өйткені олар малмен жыныстық қатынас жасайды деген күдік бар”. Өзге халықтан шыққандардың бәріне бірдей осылай қарау барып тұрған әділетсіздік болатын, әрі Мұса заңына мүлдем қайшы келетін (Леуіліктер 19:34). Адам шығарған тағы бір ережелер әйелдерді төмендететін. Ауызша заңға сай әйел күйеуінің қасында емес, артында жүруге тиіс еді. Ер кісінің жұрт көзінше әйел адаммен, тіпті өз әйелімен де, сөйлесуіне болмайтын. Құлдар сияқты, әйелдердің де сотта куә болуына жол берілмейтін. Тіпті ер кісілер әйел болып туылмағандары үшін Құдайға ризашылығын білдіріп айтатын арнайы дұға да болған.

10 Дінбасылары Құдай заңын адам шығарған ережелер мен нұсқаулардың көлеңкесінде қалдырды. Мысалы, діни демалыс күніне қатысты заңға сай, бұл күн рухани істер мен демалуға арналып, жай ғана жұмыс істеуге тыйым салынатын. Бірақ парызшылдар бұл заңды ауыртпалыққа айналдырып жіберді. Олар ненің “жұмысқа” жататынын шешуді өз қолдарына алды. Егін ору, аң аулау сияқты 39 іс, олардың ойынша, жұмыс деп қарастырылу керек еді. Бұған қатысты көптеген сұрақтар туындады. Сенбі күні бүрге өлтіру аң аулауға жата ма? Егін танабынан өтіп бара жатып, масақ үзіп жеу егін ору болып есептеле ме? Сенбі күні науқас адамды емдеу жұмысқа жата ма? Бұл сұрақтардың жауабын бүге-шігесіне дейін түсіндірілетін қатаң ережелерден табуға болатын.

11, 12. Парызшылдардың Жазбаларға негізделмеген дәстүрлеріне қарсы екенін Иса қалай көрсетті?

11 Осындай көзқарастар қалыптасқан ортада Иса халықтың әділдік деген не екенін түсінуіне қалай көмектесті? Ол ілімімен де, өмір сүру салтымен де дінбасыларын қолдамайтынын батыл көрсеткен. Алдымен, Исаның кейбір ілімдерін қарастырып көрейік. Ол дінбасылардың мың сан ережелер шығарғанын ашық айыптап: “Өз дәстүрлеріңді орнатып, Құдайдың бұйрығын жоққа шығардыңдар!”— деген (Марқа 7:13).

12 Иса тайсалмастан парызшылдардың діни демалыс заңы турасында жаңсақ пікірде екендерін, оның түпкі мәнін мүлдем түсінбейтіндерін көрсетті. Ол ‘Демалыс күнінің Иесі’ Мәсіх екенін, сондықтан оның сол күні науқастарды сауықтыруға құқы бар екенін түсіндірді (Матай 12:8). Соның дәлелі ретінде, демалыс күні ауру адамдарды ел алдында керемет түрде сауықтырды (Лұқа 6:7—10). Бұл оның Мыңжылдық патшалық кезінде бүкіл жер жүзіндегі адамдарды сауықтыратынының нышаны болды. Ғасырлар бойы күнә мен өлімнің құрсауында болған барлық адал адамдар ақырында бостандық алатын сол кезең керемет демалыс күні болмақ.

13. Исаның жердегі қызметінің нәтижесінде қандай заң пайда болды және оның Мұса заңынан ерекшелігі неде еді?

13 Жердегі қызметі аяқталарда Иса жаңа заң немесе ‘Мәсіх заңын’ орнатуымен де әділдіктің не екенін түсіндірген (Ғалаттықтарға 6:2, сілтемені қара). Бұл жаңа заң алдындағы Мұса заңы сияқты жазбаша өсиеттерге емес, көбіне принциптерге негізделген. Әрине, онда нақты өсиеттер де бар еді. Олардың бірін Иса “жаңа өсиет” деп атаған. Иса барлық ізбасарларын өзі оларды қалай сүйсе, бір-бірін солай сүюге үйреткен (Жохан 13:34, 35). Иә, жанқияр сүйіспеншілік ‘Мәсіх заңына’ сай өмір сүретіндердің бәрін ерекшелендіретін белгі болу керек еді.

Әділдіктің керемет үлгісі

14, 15. Иса билігінің шектеулі екенін мойындайтынын қалай көрсеткен және неге бұл бізге жұбаныш береді?

14 Иса сүйіспеншілік жайында үйретіп қана қоймаған, “Мәсіх заңына” сай өмір сүруімен де әділдіктің не екенін түсіндірген. Бұл заң оның өміріне барынша әсер еткен. Мұны қандай үш жолмен көрсеткенін қарастырып көрейік.

15 Біріншіден, ол әділетсіздік істеуден барынша аулақ жүретін. Бәлкім, кемелсіз адамдардың әділетсіздікті әдетте өр көкіректіктен немесе өз билігін теріс қолданғанда жасайтынын байқаған боларсың. Иса олай етпейтін. Бірде оған бір кісі келіп: “Ұстаз, мұрамызды менімен бөліссін деп ағама айтыңызшы”,— дейді. Исаның жауабы қандай болды дейсің ғой? “Кім Мені сендерге қазы немесе мұраларыңды бөлуші төре етіп қойды?” (Лұқа 12:13, 14) Бұл көңіл қоярлық жайт емес пе? Ақылдылық, қырағылық, тіпті Құдай берген билік жағынан Исаға ешкім тең келмейтін. Соған қарамастан ол аталмыш іске араласудан бас тартқан, өйткені оған дәл сондай билік берілмеген еді. Иса әрқашан, тіпті адам болып келмей тұрғандағы миллиондаған жылдар бойы да кішіпейіл болған (Яһуда 9). Исаның әділдікке қатысты мәселелерде кішіпейілділікпен Ехобаға арқа сүйейтіндігі — оның бойында керемет қасиеттердің бар екендігінің белгісі.

16, 17. а) Қалай Иса Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздағанда әділдік танытатын? ә) Иса әділдік сезімінің мейірімділікпен үйлесіп жататынын қалай көрсеткен?

16 Екіншіден, Иса Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздағанда әділдік танытқан. Ол ешкімді алаламайтын. Бай-кедей демей, барлық адамдарға уағыздауға тырысатын. Ал парызшылдар кедей, қарапайым халықты ам-хаа́рец, немесе “жер адамдары”, деп менсінбейтін. Иса мұндай әділетсіздікке батылдықпен қарсы шыққан. Ол әрдайым — халыққа ізгі хабар айтқанда, олармен дастарқандас болғанда, тамақтандырғанда, сауықтырғанда, тіпті қайта тірілткенде — ‘барлық адамдардың’c құтқарылғанын қалайтын Құдайдың әділдігін қолдаған (Тімотеге 1-хат 2:4).

17 Үшіншіден, Исаның әділдік сезімі мейірімділікпен үйлесіп жататын. Ол күнәкарларға көмектесу үшін көп күш салатын (Матай 9:11—13). Өздерін қорғауға дәрмені жетпейтіндерге қол ұшын беруге әрқашан даяр болатын. Мысалы, басқа ұлттың адамдарының бәріне дінбасылары сияқты күмәндана қарамайтын. Иса ең алдымен Яһуди халқына жіберілгеніне қарамастан, басқа ұлттан шыққандардың кейбіріне мейірімділікпен көмектескен және тәлім берген. Ол: “Маған осындай сенім артқан кісі Исраил халқынан ешқашан кездескен емес!”— деп, римдік жүзбасы үшін керемет жасауға келіскен (Матай 8:5—13).

18, 19. а) Қалайша Иса әйелдерді кемсітуден аулақ болған? ә) Қалай Исаның үлгісі батылдық пен әділдіктің арасындағы байланысты көруімізге көмектеседі?

18 Иса әйелдерге қатысты сол заманда кең етек алған көзқарастарды да қолдамаған. Қайта, батылдықпен әділ әрекет еткен. Басқа ұлт адамдары іспетті самариялық әйелдер де таза емес болып есептелетін. Бірақ Иса Сихар қаласындағы құдық басында самариялық әйелге уағыз айтудан тартыншақтамаған. Тіпті өзінің уәде етілген Мәсіх екенін алғаш рет сол әйелге айтқан (Жохан 4:6, 25, 26). Парызшылдардың айтуынша, әйелдерге Құдай заңын үйретуге болмайтын, ал Иса әйелдерге тәлім беру үшін көп уақыт пен күш жұмсаған (Лұқа 10:38—42). Сондай-ақ әйелдерге куә ретінде сенім артуға болмайды деп есептелгеніне қарамастан, Иса қайта тірілгенде өзін бірінші болып көру мәртебесіне бірнеше әйелді лайық деп тапқан. Иса тіпті оларға осы ерекше маңызды жайт туралы ер бауырластарына барып айтуды тапсырған (Матай 28:1—10).

19 Иә, Иса халықтарға әділдіктің не екенін түсіндірген. Көп жағдайда өз басын қатерге тіге отырып солай ететін. Исаның үлгісінен шынайы әділдіктің жағында болу батылдықты талап ететіні көрінеді. Ол “Яһуда руынан шыққан “Арыстан” деп орынды аталған (Аян 5:5). Арыстанның батылдықпен әділдік танытудың бейнесі екені есіңде болар. Сондықтан жақын болашақта Иса толық мағынада әділдікті ‘жер бетінде берік орнатады’ (Ишая 42:4).

Тағайындалған Патша әділдікті ‘жер бетінде берік орнатады’

20, 21. Тағайындалған Патша бүгінде жер бетінде және мәсіхшілер қауымдарында әділдіктің орнауына қалай ықпал етуде?

20 1914 жылы Патша болып тағайындалғаннан бері, Иса жер бетінде әділдіктің орнауына ықпал етуде. Қалайша? Ол Матай 24:14-тегі пайғамбарлықтың орындалуын қолдап отыр. Бүкіл жер бетіндегі Исаның шәкірттері өзгелерді Ехобаның Патшалығы туралы шындыққа үйретуде. Олар да Иса сияқты ешкімді алаламай, әділдікпен уағыздап, кәрі-жас, бай-кедей, еркек-әйел демей, барлық адамдарға әділ Құдай Ехобаны танып білуге мүмкіндік беруге тырысуда.

21 Сонымен қатар Иса өзі Басы болып табылатын мәсіхшілер қауымдарында да әділдіктің орнауын қолдауда. Ертеректе пайғамбарлық етілгендей, ол (ЖД) ‘адам кейпінде тартулар’, яғни қауымдарда жетекшілік ететін адал мәсіхші ақсақалдар, беріп отыр (Ефестіктерге 4:8—12). Құдайдың бағалы отарын баққанда, олар Иса Мәсіхтің әділдікке қатысты үлгісіне еліктейді. Олар келесі нәрсені әрқашан естерінде ұстайды: Иса дәрежесіне, атағына, бай не кедей екеніне қарамастан, қойларының бәріне әділдік танытылғанын қалайды.

22. Қазіргі дүниеде әділетсіздіктің жайлауы Ехобаға қалай әсер етеді және ол өз Ұлын не істеуге тағайындады?

22 Көп ұзамай Иса жер бетінде керемет түрде әділдік орнатады. Қазіргі зұлым дүниеде әділетсіздік кеңінен етек алған. Қару жасауға және қызық құмарлардың “еркелігіне” қаншама уақыт пен ақшаның ысырап болып жатқанын ескерсек, аштан өлген әрбір бала кешірілмейтін әділетсіздіктің құрбаны емес пе!? Жыл сайын миллиондаған адамның бекерден-бекер өмірлерінен айырылып жатқандары — Ехобаның әділ қаһарын тудыратын жайттардың бірі ғана. Ол әділ соғыс жүргізіп, қазіргі зұлым дүниедегі бүкіл әділетсіздік атаулыны біржола жою үшін өз Ұлын тағайындады (Аян 16:14, 16; 19:11—15).

23. Қалай Мәсіх Һар-Магедоннан кейін мәңгілік бойы әділдікті қолдайды?

23 Алайда Ехобаның әділдігі зұлымдарды жоюдан ғана көрінбейді. Ол өзінің Ұлын ‘Тыныштықтың Әміршісі’ етіп те тағайындаған. Һар-Магедоннан кейін Иса бүкіл жер бетінде тыныштық орнатып, әділ билік жүргізетін болады (Ишая 9:6, 7). Сол кезде Иса дүниедегі көптеген қайғы-қасіреттің себепшісі болған әділетсіздік атаулыны қуана-қуана құртады. Содан ол мәңгілік бойы Ехобаның кемелді әділдігінің жағында қала бермек. Сондықтан қазірдің өзінде Ехобаның әділдігіне еліктеудің жолдарын іздеу өте маңызды. Мұны қалай істеуге болатынын көрейік.

a Әділ ашу шақыруда Иса барлық зұлымдарға қаһарын төгетін Ехоба іспетті болған (Нағұм 1:2). Мысалы, Ехоба еркінсіген исраилдіктерге өз үйін ‘қарақшылардың үңгіріне’ айналдырғанын айтқан соң: ‘Менің қаһарым мен ашу-ызам мына жерге төгілуде’,— деген (Еремия 7:11, 20).

b Мишнаға сай, осы оқиғадан біраз жыл өткен соң, көгершіндер тым қымбат сатылатындығының салдарынан ереуіл болған. Нәтижесінде баға бірден 99 пайызға төмендеген! Сауда-саттық пайдасының басым бөлігі кімнің қалтасына түскен? Кейбір тарихшылардың ойынша, ғибадатхана саудасының иесі бас діни қызметкер Аннастың отбасы болған, әрі оның әжептәуір байып алғаны да осының арқасында (Жохан 18:13).

c Парызшылдар Таурат заңынан хабарсыз сол қарапайым халықты “қарғыс атқан” деп есептейтін (Жохан 7:49). Оларға тәлім беруге, сауда-саттық жасауға, олармен дастарқандас болуға, тіпті бірге дұға айтуға тыйым салынатын. Қызының сондай адамның біріне тұрмысқа шығуына жол беру жыртқыш аңдарға тастаудан да жаман болып есептелетін. Олар қарапайым адамдарға қайта тірілу үміті берілмеген деп есептейтін.

Ой жүгіртуге арналған сұрақтар

  • Забур 44:2—8 Тағайындалған Патшаның кемелді әділдік орнататынына неге сенімді болуға болады?

  • Матай 12:19—21 Осы пайғамбарлыққа сай, Мәсіх қарапайым адамдарға қалай қарамақ еді?

  • Матай 18:21—35 Иса шынайы әділдіктің мейірімділікпен үйлесіп жататынын қалай көрсетті?

  • Марқа 5:25—34 Құдайдың әділдігі адамның жағдайын ескеретінін Иса қалай іс жүзінде көрсетті?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу