40-САБАҚ
Тура да сенімді мәліметтерді келтір
НЕЛІКТЕН мәсіхшінің айтқан сөздері рас болмай шығуы мүмкін? Өйткені ол біреуден естіген нәрсесін анық-қанығына жетпей айта салуы немесе қандай да бір мәліметті зер салып оқымай, нәтижесінде оны өзгелерге дұрыс емес жеткізуі мүмкін. Егер кішкене нәрселердің өзін тура айтуға талпынсақ, тыңдаушыларымыз бізге одан да маңыздырақ нәрселерде де сенуге болады деп түйеді.
Уағыздау қызметінде. Көпшілігі әлі білмейтінім көп деп, уағыздауды бастауға жүрексінеді. Бірақ көп кешікпей-ақ, олар тек шындықтың негізгі ілімдерін біліп те жақсы куәлік беруге болатынын байқайды. Қалайша? Мұның сыры дайындықта.
Уағызға барарда талқылағың келген сұрақты жақсылап қарастырып ал. Үй иесі қояды-ау деген сұрақтар жайлы ойланып көр. Оларға Киелі кітапқа негізделген жауаптар іздестір. Осындай дайындықтан соң сұрақтарға дәл жауап бере алатын боласың, әрі өзіңді сенімді сезінесің. Ал егер Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізбекші болсаң ше? Онда өтетін сабақты мұқият қайталап шық. Абзацтарға қойылған сұрақтардың жауаптарына негіз болатын Жазба орындарын жақсы түсінгеніңе көз жеткізіп ал.
Үй иесі не қызметтесің сен жауап бере алмайтын сұрақ қойса, не істеуге болады? Егер осы тақырыпқа қатысты сенде толық мәлімет болмаса, жобалап жауап беруден аулақ бол. ‘Әділ жан жауабын ойлап береді’ (Нақ. с. 15:28). Мұндай кезде “Киелі кітапқа негізделген талқылауға арналған тақырыптар” не “Жазбалар туралы пікір алысу” (ағ.) әдебиеттері жақсы көмек болып табылады. Егер бұлар қолыңда жоқ болса, ол сұрақ жайлы ізденіп көріп, келесі жолы жауап беретініңді айт. Адам сұрақты шын пейілмен қойып отырса, дұрыс жауап алу үшін күте тұруға келіседі. Оның үстіне, сенің кішіпейілділігің де оған жақсы әсер қалдыруы мүмкін.
Уағыздауда тәжірибелі жариялаушылармен қызметтесіп, Құдай Сөзін дұрыс үйретуді үйрене аласың. Олардың қандай тармақтарды қолданатынын және оны қалай түсіндіретінін байқап жүр. Егер саған кеңес беріп немесе түзетсе, бұларды кішіпейілділікпен қабыл ал. Қызметте күшті құлшыныс танытқан Аполлосқа өзгелердің көрсеткен көмегі зор пайдасын тигізді. Лұқа оны “сөзге ұста”, “Киелі жазбалардан молынан хабардар”, “рухы жалындаған” және “Иса туралы қызу сөйлеп, ұқыпты үйрететін” деп сипаттаған. Әйтсе де, оның білімі толық емес еді. Мұны байқаған Прискила мен Ақила оны “үйіне шақырып, Тәңір жолын толығырақ түсіндіріп берді” (Ел. іс. 18:24—28).
‘Шынайы хабарды берік ұстан’. Қауым алдына шығып айтқан сөзімізден қауымның ‘шындықтың тірегі, таянышы’ ретіндегі рөлін жоғары бағалайтынымыз көрініп тұру керек (Тім. 1-х. 3:15). Шындықты бұрмаламау үшін қолданғалы жатқан Жазба орындарының мағынасын жақсылап түсініп алғанымыз маңызды. Олардың мәнмәтінін және қандай мақсатпен жазылғанын ескеру керек.
Қауым кездесулерінде айтқан сөздеріңді бауырластар қайталауы мүмкін. Әрине, “бәріміз де көп қате жібереміз” (Жақ. 3:2). Дегенмен де, тек қана тура да сенімді мәліметтер келтіруді әдетке айналдыра отырып, жақсы нәтижеге қол жеткізесің. Теократиялық қызмет мектебіне жазылған ер бауырластардың көпшілігі уақыт өте келе ақсақал болады. Осындай жауапкершілік жүктелгендерден “көбірек” талап етіледі (Лұқа 12:48). Егер ақсақал ойланбастан дұрыс емес кеңес беріп, нәтижесінде қауым мүшелері зиян шегетін болса, Құдайдың қолдауынан айырылып қалу қаупі төнеді (Мат. 12:36, 37). Сондықтан ақсақал болуға жарамды бауырлас тәлім беруге қатысты баршаға ‘шынайы хабарды берік ұстануымен’ белгілі болуға тиіс (Тит. 1:9).
Жасаған тұжырымдарыңның бәрі ‘дұрыс ілімнің үлгісіне’, яғни Киелі кітаптағы жалпы шындыққа, сай келетіндей болсын (Тім. 2-х. 1:13). Бұл талап сені шошытпасын. Бәлкім, сен Киелі кітапты толық оқып шықпаған боларсың. Оны оқуды жалғастыра бер. Төменде келтірілген кеңестер тәлім беруде қолданғың келген мәліметтерді талдауға көмектеседі.
Алдымен, өзіңнен: “Бұл мәлімет Киелі кітаптан білетіндеріме сай келе ме? Ол тыңдаушыларға Ехобаға жақындауларына көмектесе ме, жоқ әлде осы дүниенің даналығын жоғары қойып, соны басшылық етуге талпындыра ма?”— деп сұра. Иса: “Сенің сөзің — шындық”,— деген (Жох. 17:17; Заң. қ. 13:1—5; Қор. 1-х. 1:19—21). Екіншіден, адал да ақылды құлдың зерттеуге арналған құралдарын пайдалан. Олар саған Киелі кітап тармақтарын дұрыс түсінуге ғана емес, олардың өмірде қолданылуын түсіндіргенде, ақылдылық пен байсалдылық танытуыңа көмектеседі. Егер баяндамаңды ‘дұрыс ілімнің үлгісіне’ негіздеп, әрі Жазба орындарын түсіндіргенде және қалай қолданылуын көрсеткенде, Ехобаның беріп отырған құралдарын пайдалансаң, айтқан мәліметтерің тура да сенімді болады.
Мәліметтеріңнің қаншалықты сенімді екенін тексер. Көрнекі мысал ретінде көп жағдайда күнделікті жаңалықтарды, үзінді мен болған оқиғаларды келтіргіміз келеді. Осындай мәліметтердің сенуге тұрарлық екеніне қалай көз жеткізуге болады? Мұның бір жолы — сенімді мәлімет көздеріне жүгіну. Мәліметтің ескірген-ескірмегенін тексеруді де ұмытпа. Статистикалық деректер тез ескіріп қалады; ғылыми жаңалықтарға да көз ілеспейді; тарих пен көне тілдерді терең түсінген сайын, бұрынғы білімнің негізінде жасалған тұжырымдар қайта қарастырылып жатады. Газет беттеріндегі, теледидар не радиодан берілген, электрондық пошта мен Интернеттен табылған мәліметтерді қолданғың келсе, өте сақ бол. Нақыл сөздер 14:15-те: “Аңғал кез келген сөзге нанар, есті қадамын байқап басар”,— деп ескертеді. Өзіңнен: “Бұл мәлімет көзі сенімді екендігімен әйгілі ме? Ол мәліметтің растығын тексеріп көруге бола ма?”— деп сұра. Егер мәліметтің туралығына күмәндансаң, оны қолданба.
Мәлімет көзінің сенімді екенін тексерген соң, тапқан мағлұматыңды қалай қолданатыныңды жақсылап ойланып ал. Үзінді мен статистикалық мәліметтерді, былайша айтқанда, мәнмәтінінен “жұлып” алмау керек. Қандай да бір ойды айрықшалап көрсетуге тырысқанда, “кейбіреулер” сөзінің — “басым көпшілікке”, “көп адам”-ның — “әрбір адамға”, ал “кейде” деген сөздің “әрдайымға” айналып кетпеуін қадағала. Бояуын қоюлатып, сандарды асырып, қандай да бір оқиғалардың маңыздылығы мен көлемін асыра сілтеумен өзіңнің сенімді де адал екеніңе шек келтіресің.
Айтқандарыңның бәрі айна қатесіз тура болса, шындықты бағалап-қадірлейтін адам ретінде танымал боласың. Ал бұл жалпы алғандағы Ехоба Куәгерлерінің беделін арттырып, ең маңыздысы, “шындықтың Құдайы” Ехобаға даңқ әкеледі (Заб. 30:6).