Теократиялық қызмет мектебіне қош келдіңдер!
200-ден астам елде тұратын миллиондаған адамдар Теократиялық қызмет мектебінен білім алуда. Олардың кейбіреуі бұл мектепке енді ғана келіп жүрсе, өзгелерінің қатысып жатқанына біраз жылдар болды. Мектеп апта сайын он мыңдаған жерде бір ғана бағдарлама бойынша өткізіледі. Сондықтан да қай жерде өмір сүрсең де, оған қатыса аласың. Жасы, ұлты және білім деңгейлері әр түрлі болғанына қарамастан, осы тегін теократиялық білімді барлық адамдар алуда.
1943 жылы осы мектеп Ехоба Куәгерлерінің қауымына ендірілгенде, оның мақсаты туралы былай делінген еді: “Құдай Сөзін естіген және өз сенімдерін дәлелдеген барлық “адал адамдарды” өзгелерді “оқытуға қабілетті” ету... Бұл олардың әрбірі... өз үміттерін жұртшылыққа жариялауға дайындалып, толықтай даяр болу үшін қажет” (“Теократиялық қызмет курсы” 4-бет, ағ.). Мектептің мақсаты осы күнге дейін өзгерген жоқ.
Құдайдың бізге берген сөйлеу қабілетін қалайша жақсырақ қолдануға болады? Киелі кітап былай деп жауап береді: “Жаны барлар түгелдей мадақтасын Иемізді! Жаратқан Иені мадақтаңдар!” (Заб. 150:6). Көктегі Әкемізді мадақтай отырып, оның жүрегін қуантамыз. Оның сүйіспеншілігі мен ізгілігіне шын жүректен риза екенімізді дәлелдейміз. Сондықтан да Киелі кітап мәсіхшілерді ‘Құдайды үнемі мадақтап... Оның “Жаратқан Ие” деген атағын ауызбен де мойындап, дәріптеуге’ шақырады (Ев. 13:15). Біз Теократиялық қызмет мектебінің барлық оқушыларын қуанышпен қарсы аламыз және ондағы білім оларға Құдайдың берген сыйларын жақсылап қолдануды үйренулеріне көмектесетініне сенімдіміз.
Теократиялық қызмет мектебінде көпшіліктің алдына шығып оқуға, сондай-ақ шешендік пен тәлім беру шеберлігіне жеткілікті көңіл қойылады, әйтсе де тәлім беру бұлармен шектелмейді. Онда оқушыларға өз бетінше оқу, тыңдау, есте сақтауды, зерттеу мен іздену, талдау жасау мен мәліметтерді реттей білу, әңгімелесу, сұрақтарға жауап беру мен өз ойын жазбаша түрде жеткізе білу сияқты пайдалы дағдыларды дамытуларына көмектеседі. Зерттеу, түсініктеме беру мен тапсырма дайындалатын материалдар — Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттер. Санаңды Киелі кітаптағы асыл шындықтармен толтыра отырып, Құдай сияқты ойлауды үйренесің. Ал мұның өміріңнің барлық саласы үшін пайдасы өте зор. Құдай Сөзінің пайдасы жөнінде 20 ғасырдың университет оқытушысы Уилльям Лайон Фелпс былай деп жазды: “Киелі кітапты терең білетін әрбір адамды шын мәнінде білімді адам деп атауға болады. [...] Университеттік білімсіз Киелі кітапты білу, Киелі кітапсыз университеттік білімді білуден әлдеқайда маңызды деп есептеймін”.
Толықтай пайдасын көру
Теократиялық қызмет мектебінің оқушылары оның толықтай пайдасын көру үшін, әрине, өз тарапынан күш салулары қажет. Елші Пауыл мәсіхші қызметтесі Тімотені: “Осыларды орындап, өзіңді соған арна; бәрі де бұдан сенің алға басуыңды көре алсын”,— деп шақырған болатын (Тім. 1-х. 4:15). Ал сен нақты қандай әрекеттер жасай аласың?
Мүмкіндігінше Теократиялық қызмет мектебіне апта сайын қатыс. Осы оқулықты жақсылап қолдан. Алғашқы бетіндегі арнайы көрсетілген жерге есіміңді жазып қой. Мектепке кітапты үнемі өзіңмен бірге алып жүр. Бұл — жұмыс істеуге арналған кітап. Оқыған кезде, ондағы өзіңе қажет деп есептеген маңызды ойлардың астын сызып қой. Кітаптың шетінен арнайы кең жол қалдырылған, ол жерге мектепте естіген пайдалы кеңестерді жазуыңа болады.
Теократиялық қызмет мектебінің бағдарламасы бөлек өз алдына беріледі. Онда мектептің қалай өтетіні туралы егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Бағдарламаны кітаптың ішіне салып қоюыңа болады, сонда ол үнемі қолыңда болады.
Апта сайын Мектепке дайындалып жатқанда, біздің басты оқу құралымыз Киелі кітап екенін естен шығарма. Бірінші кезекте Киелі кітаптың сол аптаға берілген үзінділерінің бәрін оқып шығу қажет. Бағдарламаның басқа бөліктерінің материалдарын да алдын ала оқып шыққан пайдалы.
Мектеп өтіп жатқанда, кейде тыңдаушыларға талқылауға қатысуға мүмкіндік беріледі. Белсенді бол. Талқылауға қатысуың — тыңдағандарыңды есте сақтап, өмірде қолдануың үшін өте маңызды.
Әрине, барлық оқушылардың қауымның алдына баяндамамен немесе көрсетулермен шығуға мүмкіндіктері болады. Осындай мүмкіндіктердің барынша пайдасын көруге тырыс. Өзіңе берілген әрбір сабақты бар ынтаңмен орында. Жақсара түсуің үшін саған кеңестер беріліп тұрады. Бұл көмекті қуана қабыл ал. Жақсаруыңа қатысты берілген арнайы кеңестерді кітабыңа жазып ал. Адамға өзін сырттан көріп, естуі қиын болғандықтан, сүйіспеншілікке толы, Киелі кітапқа негізделген кеңестер жақсы жетістіктерге жетуіңе көп септігін тигізеді. Бұл — мектепке көп жылдан бері қатысып жүргендерге де қатысты (Нақ. с. 1:5).
Тезірек жетістікке қол жеткізгің келе ме? Онда өз тарапыңнан бірінші болып ықылас таныт. Алдын ала әрбір оқушының тапсырмасын оқып, зертте. Егер біреудің орнына шығу керек болса, өзіңді ұсына аласың, осылайша көбірек тәжірибе жинақтайсың. Өзгелер тапсырмаларын орындап жатқанда, олардың мәліметті қалай жеткізіп жатқанын мұқият тыңда. Біз бір-бірімізден үйренеміз.
Тезірек жетістікке қол жеткізудің тағы бір жолы — жағдайың келсе, осы кітапты өз бетіңше алдын ала оқып, зерттеу. Келесі 15 тақырыпты оқып зерттеген соң, 78-беттен басталатын “Шешендік және тәлім беру қабілетін дамыту бағдарламасы” бойынша жұмыс істеуге өт. Алдымен, сабақты жақсылап оқып, соған байланысты жаттығуларды орында. Үйренгендеріңді қызметте қолдан. Бұл сенің шешендік өнер мен Құдай Сөзін оқытуда айтарлықтай табысқа жетуіңе көмектеседі.
Теократиялық қызмет мектебінде білім алу өмірде ең маңызды болып табылатын нәрсені істеуді үйренуіңе көмектеседі. Біз Құдай қалағандықтан өмір сүріп жатқандықтан, оны мадақтау тірі жүруіміздің мақсатын ақтауды білдіреді. Ехоба Құдай — өзін ең керемет түрде мадақтауға лайық (Аян 4:11). Мектептен алған біліміміз дәл осылай мадақтауымызға мүмкіншілік береді, өйткені біз зерек ойлануды, даналықпен әрекет етіп және Құдай Сөзіндегі керемет шындықтарды жақсылап жеткізуді үйренеміз.