Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • fy 16-тар., 183—191 бет.
  • Үй-ішін сенімді болашақпен қамсыздандыр

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Үй-ішін сенімді болашақпен қамсыздандыр
  • Отбасы бақытының сыры
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ҰСТАМДЫЛЫҚТЫҢ МАҢЫЗЫ
  • БАСШЫЛЫҚҚА ДЕГЕН ДҰРЫС КӨЗҚАРАС
  • ТЫҢДАУҒА ЖЫЛДАМ БОЛЫҢДАР
  • СҮЙІСПЕНШІЛІКТІҢ МАҢЫЗДЫ РӨЛІ
  • ҚҰДАЙДЫҢ ЕРКІН ОРЫНДАЙТЫН ОТБАСЫ
  • ОТБАСЫ ЖӘНЕ СЕНІҢ БОЛАШАҒЫҢ
  • Некені баянды етер екі кілт
    Отбасы бақытының сыры
  • Отбасында Құдайға ұнамды өмір сүріңдер
    Жалғыз шынайы Құдайға ғибадат етіңдер
  • Ақ неке — Құдайдың сыйы
    Құдай сүйіспеншілігіне бөлене беріңіз
  • Неке — сүйіспеншілікке толы Құдайдың сыйы
    Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар
Көбірек мәлімет
Отбасы бақытының сыры
fy 16-тар., 183—191 бет.

ОН АЛТЫНШЫ ТАРАУ

Үй-ішін сенімді болашақпен қамсыздандыр

1. Ехобаның отбасына қатысты ниеті қандай еді?

ЕХОБА Адам ата мен Хауа ананың жұбын біріктіргенде, Адам ата өзінің қуанышын өлең сөздермен білдірді, ал бұл еврей тілінде жазылған алғашқы өлең болатын (Жаратылыс 2:22, 23). Алайда Жаратушының ниеті бойынша олар өмірден ләззат алып қана қоймаулары керек еді. Ол ерлі-зайыптылар мен олардың отбасыларының өзінің еркін орындауын қалаған. Ол ең алғашқы ерлі-зайыптыларға: “Өсіп-өніп көбейіңдер! Ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар! Оны өздеріңе бағындырып, теңіздегі балықтарға, аспандағы құстарға және жер бетіндегі барлық жануарларға иелік етіңдер!” — деген болатын (Жаратылыс 1:28). Бұл қандай орасан зор әрі берер сыйы мол тапсырма еді! Адам ата мен Хауа ана Ехобаның еркіне толығымен мойынсұнғанда, өздері де, болашақта олардың балалары да қандай бақытты болған болар еді!

2, 3. Бүгінде отбасылары қалайша мол бақытқа қол жеткізе алады?

2 Сол сияқты, бүгін де бүкіл үй-іші болып Құдайдың еркін орындайтын отбасылары бақытты. Елші Пауыл: “Құдайға ұнамды жүру [“Құдайды құрметтеу”, ЖД] барлық жағынан да пайдалы: Тәңірдің уәдесі бойынша ол осы және болашақ өмірде де игілікті”,— деп жазған (1 Тімотеге 4:8). Ехобаны құрметтейтін және Оның Киелі кітаптағы басшылығын ұстанып өмір сүретін отбасылары “осы... өмірде” бақытқа қол жеткізеді (Забур 1:1—3; 118:105; 2 Тімотеге 3:16). Отбасында тіпті бір-ақ адам Киелі кітап принциптерін қолданса да, бұл ешкім қолданбағаннан жақсы.

3 Бұл кітапта отбасының бақытты болуына ықпал ететін көптеген Киелі кітап принциптері талқыланып отыр. Бәлкім, кітапта олардың кейбірінің қайта-қайта кездесетінін байқаған шығарсыңдар. Неге олай? Себебі бұл принциптер әрбір адамның игілігі үшін отбасы өмірінің түрлі саласында тиімді болып табылатын қуатты шындықтар. Отбасы мүшелері Киелі кітаптың осы принциптерін өмірде қолдануға тырысатын болса, Құдайды құрметтегеннің шындығында да “Тәңірдің уәдесі бойынша... осы... өмірде де игілікті” екенін көреді. Осы маңызды принциптердің төртеуіне тағы да көңіл аударайықшы.

ҰСТАМДЫЛЫҚТЫҢ МАҢЫЗЫ

4. Некеде ұстамдылық таныту неге маңызды?

4 “Өзін-өзі ұстай алмайтын адам — қоршаусыз, қираған қала”,— деген Сүлеймен патша (Нақыл сөздер 25:28; 29:11). Некеде бақытқа қол жеткізгісі келетіндер үшін “өзін-өзі ұстай” білудің, немесе ұстамдылық танытудың, маңызы зор. Ашу немесе тән құмарлығы сияқты залалды сезімдерге берілгеннен некеге үлкен нұқсан келеді. Ал оны қалыпқа келтіру үшін жылдар керек, әрине, қалыпқа келсе онда да.

5. Кемелсіз адам ұстамдылықты қалайша дамыта алады және оның қандай пайдасы бар?

5 Әрине, Адам ата ұрпақтарының бірде-біреуі өз тәнін толық тізгіндей алмайды (Римдіктерге 7:21, 22). Сөйтсе де, ұстамдылық — киелі рух жетілдіретін игілікті жеміс (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Демек, егер біз осы қасиет жайында дұға етіп, Киелі кітаптың осы қасиетке қатысты кеңестерін өмірде қолдансақ және бойында осындай қасиеті бар адамдармен араласып, мұндай қасиеті жоқ адамдардан алшақ жүрсек, Құдайдың рухы біздің бойымызда ұстамдылық дамытады деген сөз (Забур 118:100, 101, 130; Нақыл сөздер 13:20; 1 Петір 4:7). Бұл, тіпті азғыруларға тап болсақ та, біздің “азғындықтан аулақ” болуымызға көмектеседі (1 Қорынттықтарға 6:18). Біз қатыгездіктен бас тартатын боламыз; маскүнемдіктен аулақ жүретін боламыз, не оны жеңетін боламыз. Ашуымызды шақыратын нәрселер мен қиындықтарға әлдеқайда сабырлылықпен қарайтын боламыз. Ендеше, киелі рух жетілдіретін осы маңызы зор игілікті жемісті бойымызда бәріміз де — оның ішінде балалар да бар — дамытайық (Забур 118:1, 2).

БАСШЫЛЫҚҚА ДЕГЕН ДҰРЫС КӨЗҚАРАС

6. а) Құдай басшылықтың қандай тәртібін бекітті? ә) Басшылық бақыт әкелуі үшін күйеу нені есте ұстауы керек?

6 Екінші маңызы зор принцип — басшылықты мойындау. Пауыл болуы тиіс тәртіпті келесі сөздермен сипаттаған: “Енді мынаны да білулеріңді қалаймын: әрбір еркектің басы — Мәсіх, әйелдің басы — күйеуі, ал Мәсіхтің басы — Құдай” (1 Қорынттықтарға 11:3). Бұл — күйеу отбасындағы басшылықты өз қолына алады, әйелі оны шын ықыласымен қолдайды, ал балалары әке-шешесінің тілін алады дегенді білдіреді (Ефестіктерге 5:22—25, 28—33; 6:1—4). Дегенмен байқап қарайықшы, дұрыс орындағанда ғана басшылық бақыт әкеледі. Құдайды құрметтейтін күйеулер басшылық дегеннің билеп-төстеу емес екенін біледі. Олар өздерінің Басшысы Исаға еліктейді. Иса “барлығынан да жоғары” болуы керек болғанымен, ол “Өзіне қызмет еттіруге келмеді, керісінше — Өзі қызмет етуге” келді (Ефестіктерге 1:22; Матай 20:28). Сол сияқты, мәсіхші де басшылықты өзінің емес, әйелінің, бала-шағасының мүддесін ойлап жүргізеді (1 Қорынттықтарға 13:4, 5).

7. Әйелге Киелі кітаптың қандай принциптері отбасындағы Құдай бекіткен өз рөлін орындауға көмектеседі?

7 Құдайды құрметтейтін әйел күйеуімен теке тіреспейді және күйеуінің үстінен билік жүргізуге ұмтылмайды. Ол күйеуін қуана-қуана қолдап, онымен бірге тірлік істейді. Кейде Киелі кітап әйелді күйеудің “меншігі” дейді. Бұл оның басшысының кім екендігін айдан анық етеді (Жаратылыс 20:3, ЖД). Әйел баласы күйеуге шыққан кезден бастап, оны күйеуімен ‘қосқан заң’ күшіне енеді (Римдіктерге 7:2). Сонымен қатар Киелі кітап әйелді күйеудің “көмекшісі” әрі “толықтырушысы” ретінде атайды (Жаратылыс 2:20, ЖД). Әйелдің бойында күйеуде жоқ қасиеттер мен қабілеттер бар болғандықтан, ол күйеуіне қажетті қолғабыс көрсетеді (Нақыл сөздер 31:10—31). Киелі кітап сондай-ақ әйелді күйеуімен қатарласып еңбек ететін оның ‘жолдасы’ дейді (Малахия 2:14). Киелі кітаптың осы принциптері күйеу мен әйелге өз рөлдерін түсінуге және бір-біріне тиісті сый-құрмет көрсетіп, бірін-бірі өзара қадір тұтуға көмектеседі.

ТЫҢДАУҒА ЖЫЛДАМ БОЛЫҢДАР

8, 9. Отбасы мүшелерінің бәрінің пікір алмасу шеберліктерін жақсартуына қандай принциптердің көмектесетіндігін түсіндіріңдер.

8 Бұл кітапта пікір алмасу керектігі жөнінде жиі айтылады. Неге? Өйткені бір-бірімен сөйлесіп, өзара мұқият тыңдағанда қиын мәселенің шешімін табу жеңілірек. Пікір алмасудың екі жақты қозғалысы бар көше сияқты екендігіне қайта-қайта ерекше назар аударылады. Жақып деген шәкірт мұны: “Әрбір адам тыңдауға — жылдам, сөзге — баяу... болсын”,— деп жеткізеді (Жақып 1:19).

9 Сондай-ақ қалай айтатындығымызға да көңіл қою маңызды. Ойланбай, ұрсып, не тым кекесін айтылған сөздер жақсы пікір алмасуға кедергі жасайды (Нақыл сөздер 15:1; 21:9; 29:11, 20). Тіпті сөздеріміз дұрыс болғанымен, ызғарлы әрі тәкаппар сарынмен айтылса, не сөздерімізден өзгенің сезімдеріне деген еш сый көрінбесе, мұның пайдасынан зияны көп болуы мүмкін. “Дәмді” етіп сөйлеуіміз керек (Қолостықтарға 4:6). Сөздеріміз “күміс кәрзеңкедегі алтын алмалардай” болуы керек (Нақыл сөздер 25:11). Әрбір мүшесі жақсы пікір алмасуды үйреніп жүрген отбасылары бақытқа қарай үлкен қадам жасауда.

СҮЙІСПЕНШІЛІКТІҢ МАҢЫЗДЫ РӨЛІ

10. Некеде қандай сүйіспеншілік маңызды?

10 “Сүйіспеншілік” сөзі осы кітаптың ішінде көп кездеседі. Ең алдымен сүйіспеншіліктің қай түрі айтылатындығы естеріңде ме? Некеде ер адам мен әйел адамның бір-біріне деген махаббатының маңызды рөл атқаратындығы рас (грекше э́рос), ал бақытты некеде күйеу мен әйел бір-біріне қатты бауыр басып, олардың достығы нығая түседі (грекше фили́а). Бірақ грекше ага́пе делінетін сүйіспеншілік әсіресе маңызды. Мұны біз Ехобаға, Исаға және жақындарымызға қатысты дамытамыз (Матай 22:37—39). Бұл — Ехобаның адамзатқа көрсетіп жатқан сүйіспеншілігі (Жохан 3:16). Өмірлік жарымыз бен бала-шағамызға осындай сүйіспеншілік көрсете алатындығымыз қандай тамаша! (1 Жохан 4:19).

11. Сүйіспеншілік отбасының игілігіне қалайша ықпал етеді?

11 Некеде осы маңызды сүйіспеншілік шынында да “бірліктің кемелді дәнекері” болып табылады (Қолостықтарға 3:14, ЖД). Ол ерлі-зайыптыларды біріктіріп, бір-бірінің және бала-шағасының игілігі үшін жақсылықтарын аямауға ықыластарын оятады. Қиындықтарға тап болған жағдайда, сүйіспеншілік ол қиындықтарды отбасының жұмыла көтеруіне көмектеседі. Ерлі-зайыптылардың жастары ұлғайған сайын, сүйіспеншілік оларға әрі қарай да бір-бірін демеуге, бағалауға көмектеседі. “Сүйіспеншілік... өзімшіл... емес... ол әрдайым қорған болып, ұдайы сенеді, еш үмітін үзбей, бәріне де шыдайды. Сүйіспеншілік ешқашан да сарқылмайды” (1 Қорынттықтарға 13:4—8).

12. Неліктен ерлі-зайыптылардың Құдайға деген сүйіспеншіліктері олардың некесін берік етеді?

12 Ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген махаббатымен ғана емес, ең алдымен олардың Ехобаға деген сүйіспеншілігімен біріккен жұп әсіресе берік болады (Екклесиаст 4:9—12). Неге? “Ал өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйгеніміз”,— деп жазады елші Жохан (1 Жохан 5:3). Демек, Құдайды құрметтеуді ерлі-зайыптылар өз балаларына оларды сүйгендіктен ғана емес, бұл Ехобаның талабы болғандықтан үйретулері керек (Заңды қайталау 6:6, 7). Олар бір-бірін сүйгендіктен ғана емес, ең алдымен, ‘азғындар мен неке адалдығын бұзушылардың үкімін шығаратын’ Ехобаны сүйгендіктен азғырулардан аулақ жүрулері керек (Еврейлерге 13:4). Тіпті ерлі-зайыптылардың бірі некеде үлкен қиындықтар тудырып жатса да, Ехобаға деген сүйіспеншілік екіншісінің Киелі кітап принциптеріне сай әрекет ете беруіне көмектеседі. Өзара махаббаттары Ехобаға деген сүйіспеншілікпен біріккен отбасылары қандай бақытты десеңші!

ҚҰДАЙДЫҢ ЕРКІН ОРЫНДАЙТЫН ОТБАСЫ

13. Құдайдың еркін орындауға бел буу адамдардың басты назарды шынында да маңызды болып табылатын нәрселерге аударып отыруына қалай көмектеседі?

13 Мәсіхшінің бар өмірі Құдайдың еркін орындауға көзделген (Забур 142:10). Құдайды құрметтеу тап осыны білдіреді. Құдайдың еркін орындау отбасыларының басты назарды шынында да маңызды болып табылатын нәрселерге аударып отыруына көмектеседі (Філіпіліктерге 1:9, 10). Мысалы, Иса: “Мен кісіні әкесінен, қызды шешесінен, келінді қайын анасынан бөлуге келдім. Адамның дұшпандары өз үй іші болады”,— деп ескерткен (Матай 10:35, 36). Исаның ізбасарларының көпшілігінің өз отбасыларының тарапынан қарсылық көріп жатқандығы осы ескертудің рас екендігін көрсетеді. Бұл қандай қайғылы әрі жанға бататын жағдай десеңші! Бірақ Ехоба Құдай мен Иса Мәсіхке деген сүйіспеншілігімізден отбасына деген сүйіспеншілігіміз басым болып кетпеуі керек (Матай 10:37—39). Отбасының қарсылығына қарамастан адам төзімділік танытса, қарсыластары, Құдайды құрметтегеннің жақсы нәтижелерін көріп, өздерінің көзқарастарын өзгертуі мүмкін (1 Петір 3:1, 2; 1 Қорынттықтарға 7:12—16). Тіпті олай болмаған күнде де, қарсылық болғандықтан Құдайға қызмет етуді тоқтату ұзақ пайда келтірмейді.

14. Құдайдың еркін орындауға деген ықылас әке мен шешенің балаларының игілігі үшін жақсы әрекет жасауына қалай көмектеседі?

14 Құдайдың еркін орындау ата-аналардың дұрыс шешімдер қабылдауына көмектеседі. Мысалы, кейбір халықтарда ата-аналар балаларына қамқорлық жасауды қартайған шағына қаражат жинау ретінде қарастырады. Ересек балалардың әке-шешесін қамтамасыз етуі дұрыс әрі әділ болғанымен, әке-шеше балаларын дүние-мүлікті жақсы көруге бейімдемеуі керек. Әке-шешенің рухани нәрселерден гөрі дүние-мүлікті артық көруге үйреткенінен балаға пайда жоқ (1 Тімотеге 6:9).

15. Тімотенің шешесі Әуникенің Құдайдың еркін орындаушы әйелдің керемет үлгісі болу себебі неде?

15 Мұның керемет үлгісін Пауылдың жас досы Тімотенің шешесі Әунике көрсеткен (2 Тімотеге 1:5). Күйеуі өзімен бір сенімде болмағанына қарамастан, Әунике Тімотенің әжесі Лойдамен бірге Тімотені Құдайды құрметтейтін адам етіп тәрбиелеген (2 Тімотеге 3:14, 15). Тімоте әбден ер жеткенде Әунике оның үйден кетіп, Пауылдың миссионерлік қызметіндегі серігі ретінде Патшалықты уағыздау ісімен айналысуына мүмкіндік берді (Елшілердің істері 16:1—5). Ұлының сондай көрнекті миссионер болып шыққаны Әуникені қалай қуантты десеңші! Тімотенің Құдайды құрметтейтін адам болып шығуына оның бала күніндегі тәрбиесі әсер еткен. Әуникенің Тімотені үнемі сағынып жүрген болуы мүмкін болғанымен, ол, әрине, ұлының адал қызметі туралы хабарларды рақаттанып, қуанышпен тыңдаған (Філіпіліктерге 2:19, 20).

ОТБАСЫ ЖӘНЕ СЕНІҢ БОЛАШАҒЫҢ

16. Иса ұл ретінде қандай қамқорлық жасаған, бірақ оның басты мақсаты не нәрсе болатын?

16 Иса Құдайдан қорқатын отбасында тәрбиеленген және есейгенде, ұлы ретінде, анасына тиісті қамқорлық жасаған (Лұқа 2:51, 52; Жохан 19:26). Алайда оның басты мақсаты Құдайдың еркін орындау болған. Иса үшін Құдайдың еркін орындау адамдарға мәңгілік өмірге жол ашуды да білдіретін. Ол бұны өзінің кемелді адами өмірін кемелсіз адамдар үшін бостандық төлемі ретінде беру арқылы істеді (Марқа 10:45; Жохан 5:28, 29).

17. Исаның адалдығы Құдайдың еркін орындайтындар үшін болашаққа қандай тамаша жол ашты?

17 Иса өлгеннен кейін, Ехоба оны аспандағы өмірге қайта тірілтіп, аспан Патшалығының патшасы етіп тағайындау арқылы оған үлкен билік берген (Матай 28:18; Римдіктерге 14:9; Аян 11:15). Исаның құрбандығы кейбір адамдарды онымен бірге Патшалықта билік жүргізу үшін таңдауға мүмкіндік жасады. Ал басқа ақ ниетті адамдар үшін қайтадан қалыпқа келтірілген жұмақ жерде кемелді өмір сүруге жол ашты (Аян 5:9, 10; 14:1, 4; 21:3—5; 22:1—4). Қазір қолда бар керемет артықшылықтарымыздың бірі — жақындарымызға осы тамаша үміт туралы ізгі хабар айту (Матай 24:14).

18. Отбасыларының да, жеке адамдардың да естеріне нендей нәрсе салынып отыр және олар неге шақырылып отыр?

18 Елші Пауыл көрсеткендей, Құдайды құрметтейтіндер уәде етілген “болашақ” өмірге үміттене алады. Мұның бақытқа қол жеткізудің ең жақсы жолы екендігі сөзсіз! “Осы дүние мен оның ләззаты өткінші, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді”,— деген сөздерді есімізге түсірейікші (1 Жохан 2:17). Сондықтан сен бала болсаң да, әке не шеше болсаң да, болмаса күйеу не әйел болсаң да, балалы не баласы жоқ жалғыз басты ересек адам болсаң да, Құдайдың еркін орындауға ұмтыл. Тіпті қысым көріп жатсаң да, немесе үлкен қиындықтарға кезігіп жүрсең де, өзіңнің тірі Құдайдың қызметшісі екендігіңді ұмытпа. Осылайша сенің іс-әрекетің Ехобаны қуантқай! (Нақыл сөздер 27:11). Сондай-ақ өмір сүру қалпың өзіңе қазір бақыт, ал болашақ жаңа дүниеде мәңгілік өмір әкелсін!

ОТБАСЫНЫҢ БАҚЫТТЫ БОЛУЫНА ...КИЕЛІ КІТАПТЫҢ МЫНА ПРИНЦИПТЕРІ ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕДІ?

Ұстамдылықты дамытуға болады (Ғалаттықтарға 5:22, 23).

Басшылыққа деген көзқарастары дұрыс күйеу мен әйел отбасының игілігі үшін әрекет етеді (Ефестіктерге 5:22—25, 28—33; 6:4).

Пікір алмасу тыңдауды да білдіреді (Жақып 1:19).

Ехобаға деген сүйіспеншілік некені берік етеді (1 Жохан 5:3).

Құдайдың еркін орындау отбасы үшін ең маңызды мақсат болып табылады (Забур 142:10; 1 Тімотеге 4:8).

САЛТ БАСТЫ БОЛУ СЫЙЫ

Біреулері үйленіп, не тұрмысқа шығып жатса, екінші біреулері олай істемейді. Сондай-ақ ерлі-зайыптылардың бәрі бірдей балалы болуды таңдамайды. Иса үйленбеген және ол “Құдай Патшалығына көбірек қызмет ету үшін” салт басты болып қалуды сыйға теңеген (Матай 19:11, 12). Елші Пауыл да салт басты болып қалуды таңдаған. Ол салт басты болудың да, некеде болудың да Құдай тарту еткен ‘сый’ екенін айтқан (1 Қорынттықтарға 7:7, 8, 25—28). Демек, бұл кітапта негізінен некеге және бала тәрбиесіне қатысты мәселелер талқыланғанымен, салт басты болу мен некеде бола тұра баласыз болудан көруге болатын игіліктер мен сыйлар туралы ұмытпауымыз керек.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу