ОН ЕКІНШІ ТАРАУ
Отбасына зардабы тиіп жатқан қиындықтарды жеңе аласыңдар
1. Кейбір отбасыларында жасырын қандай қиын мәселелер бар?
ЕСКІ машина жаңа ғана жуылып, жалтырата өңделді. Өткен-кеткенге жып-жылтыр, судай жаңа болып көрінеді. Алайда бояудың астыңғы жағынан машинаны залалды тот басуда. Кейбір отбасылары да осы сияқты. Сырт көзге бәрі тамаша көрінеді, алайда жүздеріндегі күлкінің артында қорқыныш пен күйзеліс тұр. Жабық есіктің артында залалды әлдене отбасының тыныштығын бұзуда. Отбасына осылай әсер ететін қиын екі нәрсе — маскүнемдік пен зорлық-зомбылық.
МАСКҮНЕМДІКТІҢ ТИГІЗЕР ЗАРДАБЫ
2. а) Киелі кітаптың спиртті ішімдіктерді ішуге деген көзқарасы қандай? ә) Маскүнемдік дегеніміз не?
2 Киелі кітап спиртті ішімдіктерді шамамен ішуді айыптамайды, бірақ мас болғанша ішуді айыптайды (Нақыл сөздер 23:20, 21; 1 Қорынттықтарға 6:9, 10; 1 Тімотеге 5:23; Титке 2:2, 3). Алайда маскүнемдік дегеніміз мас болғанша ішу ғана емес. Ол — созылмалы ішкілікке салыну және оны ішуде өз-өзін ұстай алмау. Ересек адамдар маскүнемдікке салынып жатады. Бірақ балалардың да маскүнемдікке салынып жататыны өкінішті.
3, 4. Күйеудің маскүнемдігі әйел, бала-шағасына қалай әсер етеді?
3 Спиртті ішімдіктерді дұрыс пайдаланбау отбасы тыныштығын бұзатынын Киелі кітап баяғыда көрсеткен болатын (Заңды қайталау 21:18—21). Маскүнемдіктің залалы бүкіл отбасына әсер етеді. Әйел маскүнем күйеуінің ішкенін қойғызуға, оның алдын ала біліп болмайтын әрекет-қылықтарымен күресуге барынша тырысып-бағуы мүмкін. Спиртті ішімдіктерді тығып қоюға тырысады, лақтырып тастайды, ақшаны күйеуінен тығады, әрі оны отбасына, өмірге, тіпті Құдайға деген сүйіспеншілік көрсетуге шақырады, бірақ маскүнем ішкен үстіне іше бередіa. Ішкенін қойдыруға деген әрекеттерінің бекер екенін көрген әйелі түңіліп, өзін еш нәрсеге жарамсыз сезінеді. Ол бойын билеген қорқыныштан, ашу-ызадан, кінәлау сезімінен, жүйкенің қозғыштығынан, уайым жегеннен және өз-өзін сыйлау сезімінің жетіспеушілігінен қинала бастауы мүмкін.
4 Ата-ананың бірінің маскүнемдігі балаларға да әсер етеді. Олардың кейбірін қатты ұрып-соғады. Екінші біреулерін зорлайды. Балалары ата-аналарының бірінің маскүнем болғаны үшін тіпті өздерін кінәлауы мүмкін. Маскүнем адамның өзгергіштігі көбіне балаларын өзге адамдарға деген сенімінен айырады. Үйде болып жатқан жағдайлар туралы айтуға ұялғандықтан, сезімдерін басып отыруды үйренеді де, жиі бұл олардың денсаулығына зиянын тигізеді (Нақыл сөздер 17:22). Мұндай балалар тіпті есейгенде де бұрынғыша өз-өзіне сенбейтін болып, өз-өзін сыйлау сезімінің жетіспеушілігінен қиналуы мүмкін.
ОТБАСЫ НЕ ІСТЕЙ АЛАДЫ?
5. Маскүнемдікті қалай күресіп жеңуге болады, бірақ бұл неге қиын?
5 Көптеген ірі мамандар маскүнемдік емделмейді деген пікірде, дегенмен олардың көпшілігі спиртті ішімдіктерді ішуді мүлдем қою арқылы қандай да бір жақсы нәтижеге қол жеткізуге болатынымен келіседі. (Матай 5:29, салыстырыңдар.) Алайда, маскүнем адам өзін маскүнеммін деп есептемейтін болғандықтан, оны көмекті қабыл алуға көндіру айтқанға оңай болғанмен, істегенге қиын. Сөйтсе де жақындары маскүнемнің өздеріне тигізетін әсерімен күресу үшін іс-шаралар қолданатын болса, ол өз басындағы қиындықты түсіне бастауы мүмкін. Маскүнемдер мен олардың отбасына көмектесуде тәжірибесі бар бір дәрігер: “Менің ойымша отбасы үшін ең маңызды нәрсе — күнделікті тірлігімен мүмкіндігінше бар ықыласпен айналыса беру. Сонда маскүнем адам отбасының басқа мүшелерінен өзінің қаншалықты қатты айырмашылығы бар екенін байқаған үстіне байқай түседі”,— дейді.
6. Маскүнем адамы бар отбасылары үшін кеңестің қандай тамаша қайнар көзі бар?
6 Егер сенің отбасыңда маскүнем бар болса, Киелі кітаптағы Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған кеңес әлдеқайда мағыналы өмір кешулеріңе көмектеседі (Ишая 48:17; 2 Тімотеге 3:16, 17). Отбасыларының маскүнемдіктен болатын қиындықтармен күресте жақсы нәтижеге жетуіне көмектесетін кейбір принциптерді қарастырайықшы.
7. Отбасы мүшесінің маскүнем болғаны үшін кім жауапты?
7 Өздеріңді кінәлай беруді қойыңдар. Киелі кітап “әркім өз жүгін өзі көтереді” және “әрқайсымыз Құдай алдында өз іс-әрекетіміз үшін есеп береміз” дейді (Ғалаттықтарға 6:5; Римдіктерге 14:12). Бәлкім, маскүнем отбасы мүшелерін кінәлауға тырысатын шығар. Мысалы ол: “Менімен дұрыс қарым-қатынас жасағандарыңда мен ішпеген болар едім”,— деуі мүмкін. Мұнымен отбасы мүшелері келісетін болса, олардың оны әрі қарай да ішуге ынталандырғаны. Бірақ тіпті қандай да бір жағдайдың не өзгелердің іс-әрекеттерінің құрбаны болсақ та, біз — бұның ішіне маскүнемдер де кіреді — өз ісімізге өзіміз жауап береміз. (Філіпіліктерге 2:12, салыстырыңдар.)
8. Маскүнемге істеген ісінің зардабын тартуға көмектесудің кейбір жолдары қандай?
8 Барлық уақытта маскүнемді оның ішкіштігінің зардабынан құтқаруға тиіспін деп ойламаңдар. Киелі кітаптағы ашушаң адам туралы мысалды маскүнемге қатысты да қолдануға болады: “Егер оны құтқаратын болсаң, сен бұны қайта-қайта істейтін боласың” (Нақыл сөздер 19:19, ЖД). Маскүнемге істеген ісін мойнымен көтеруге мүмкіндік беріңдер. Бүлдірген жерлерін тазаласын, таңертең есін жиғанда бастығына телефон соғып, жағдайын өзі түсіндірсін.
Мәсіхші қариялар отбасындағы қиындықтарды шешуде көмектің орасан зор қайнар бұлағы бола алады
9, 10. Неліктен маскүнем адамы бар отбасы көмектен бас тартпауы керек және дәл осы жағдайда олар кімнен көмек сұраулары керек?
9 Өзгелердің көмегін қабыл алыңдар. Нақыл сөздер 17:17-де: “Жан жолдас барлық уақытта сүйеді және бақытсыздыққа душар болған кезде туған бауырың сияқты жаныңнан табылады”,— делінген. Отбасында маскүнемнің болуы — бақытсыздық. Сендерге көмек керек. Достарыңның көмегіне арқа сүйеуге қысылмаңдар (Нақыл сөздер 18:24). Қайғыларыңды түсінетіндермен, болмаса осындай жағдайда болғандармен сөйлескенде нені істеп, нені істемеу керектігі туралы тиімді кеңестер естисіңдер. Бірақ кез келген адаммен емес, сенуге тұратын әрі сыр сақтай алатындармен сөйлесіңдер (Нақыл сөздер 11:13).
10 Мәсіхші қарияларға сенім артуды үйреніңдер. Қауым қариялары көмектің орасан зор қайнар бұлағы бола алады. Бұл рухани толысқан ер адамдар Құдай Сөзін жақсы біледі, әрі олардың Киелі кітап принциптерін қолдануда тәжірибелері бар. Олар шын мәнінде ‘желден қорған, жауын-шашынды дауылдан панадай, шөлді жерде су көзіндей, сусаған елде асқар тау саясындай бола алады’ (Ишая 32:2). Мәсіхші қариялар жалпы қауымды зиянды әсерлерден қорғап қана қоймайды, сонымен қатар жұбатады, әлдендіреді және жағдайы қиын адамдарға жеке-жеке көңіл бөледі. Солардың көмегін пайдаланыңдар.
11, 12. Маскүнем адамы бар отбасыларына кім ең жақсы көмек көрсете алады және мұндай көмек қалай көрсетіледі?
11 Бәрінен де маңыздысы — Ехобадан күш алыңдар. Киелі кітапта бізді шын жүректен сендіретін мынадай сөздер бар: “Тәңір жүрегіне қайғы түскендерге жақын және рухы түсіңкілерді сақтайды” (Забур 33:19, ЖД). Маскүнеммен бірге өмір сүргеннен жүректеріңді қайғы басса және рухтарың түсіңкі болса, ‘Тәңірдің жақын’ екенін біліңдер. Ол сендердің отбасыларыңдағы жағдайдың қандай қиын екенін түсінеді (1 Петір 5:6, 7).
12 Ехобаның Сөзіне деген сенім жағымсыз жағдайлардың тауқыметін көтеруге көмектеседі (Забур 129:3, 4; Матай 6:25—34; 1 Жохан 3:19, 20). Құдай Сөзін зерттеп, оның принциптеріне сай өмір сүру арқылы, Құдайдың, күн сайынғы қиыншылықтармен күресіп жеңіп отыруға “шамадан тыс күш” беретін киелі рухының көмегін алуға боладыb (2 Қорынттықтарға 4:7).
13. Көптеген отбасылары тағы қандай зардап көруде?
13 Көпшілік отбасыларына спиртті ішімдіктерді дұрыс пайдаланбаудың басқа да зардабы тиюде. Бұл — отбасындағы зорлық-зомбылық.
ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТАН БОЛАТЫН ҚИЫНДЫҚТАР
14. Отбасындағы зорлық-зомбылық қашан басталды және бүгін қандай жағдайлар болуда?
14 Адамзат тарихында отбасындағы ең бірінші зорлық-зомбылық Қабыл өзінің інісі Әбілге қол жұмсаған кезде болған (Жаратылыс 4:8). Сол кезден бері отбасындағы зорлық-зомбылықтың небір түрі адамзаттың соңынан қалмай келеді. Күйеулер әйелдерін ұрып-соғуда, әйелдері күйеулеріне қол жұмсауда, ата-аналары кішкентай балаларын рақымсыздықпен сабауда, ал ер жеткен балалар болса егде тартқан ата-аналарына қатыгездік көрсетуде.
15. Зорлық-зомбылық отбасы мүшелерінің жан дүниесіне қалай әсер етеді?
15 Зорлық-зомбылықтың зардабы денедегі ұрып-соғудан қалған іздер ғана емес, ол одан әлдеқайда күштірек. Күйеуінен соққы көрген бір әйел былай дейді: “Үнемі өзіңді кінәлы сезініп, ұяттан өліп кете жаздайсың. Көбінесе таңертең әншейін жаман түс көрген шығармын деген үмітпен жата бергің келеді”. Осындайды көріп өскен не өздері зорлық-зомбылықтың астында болған балалардың есейіп, отау тіккенде дәл осыны істемесіне кепілдік жоқ.
16, 17. Жанға тию дегеніміз не және мұндай зорлық-зомбылық отбасы мүшелеріне қалай әсер етеді?
16 Отбасындағы зорлық-зомбылық ұрып-соғумен шектелмейді. Жиі сөзбен жаралап жатады. Нақыл сөздер 12:18-де: “Ойланбай сөйлейтін адамның сөзі қылыштай жаралайды”,— делінген. Отбасындағы балағат сөздер мен айқай-шуды, үнемі сынап-мінеу мен кемсітіп қорлауды және қол жұмсаймын деп қорқытуды осы ‘жаралайтынның’ қатарына кіргізуге болады. Жанға түскен жара көзге көрінбейтін болғандықтан, өзгелер жиі елемейді.
17 Баланы үнемі сынап-мінеу, ақыл-ойының қабілеттілігін не жеке адам ретінде құнын кеміту арқылы оның жанына тию айрықша күйініш тудырады. Сөзбен жасалатын мұндай зорлық-зомбылық баланы өзіне деген сенімнен айырады. Бала атаулыға тәлім қажет екені рас. Алайда Киелі кітап: “Балаларыңның ұнжырғасы түспеуі үшін оларға шектен тыс ұрыспаңдар”,— деп бұйырады (Қолостықтарға 3:21).
ОТБАСЫНДА ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ БОЛДЫРМАУ
Бірін-бірі сүйетін әрі сыйлайтын мәсіхші ерлі-зайыптылар қиындықтарды тез арада шешеді
18. Отбасындағы зорлық-зомбылық қай жерден бастау алады және бұған бейімділікке тойтарыс беру туралы Киелі кітапта не айтылады?
18 Зорлық-зомбылық жүректен және ақыл-ойдан бастау алады (Жақып 1:14, 15). Зорлық-зомбылыққа бейімділікке тойтарыс беру үшін адам өзінің ой қалпын өзгертуі керек (Римдіктерге 12:2). Бұл мүмкін бе? Иә, мүмкін. Құдай Сөзінің адамдарды өзгертетін күші бар. Ол тіпті залалды көзқарастардың “бекіністерін” түбімен жоя алады (2 Қорынттықтарға 10:4; Еврейлерге 4:12). Киелі кітаптағы тура білімнің адамдардың соншама қатты өзгеруіне көмектесетіні, олар туралы, олар құдды жаңа адам боп шығатын сияқты айтылады (Ефестіктерге 4:22—24; Қолостықтарға 3:8—10).
19. Мәсіхшінің өмірлік жарына деген көзқарасы қандай болуы керек және онымен қандай қарым-қатынас жасауы керек?
19 Өмірлік жарға деген көзқарас. Құдай сөзінде: “Дәл осылай жұбайларын өз тәніндей жақсы көру — күйеулердің міндеті. Әйелін сүйген өзін де сүйеді”,— делінген (Ефестіктерге 5:28). Сондай-ақ Киелі кітап күйеулері әйелдерін ‘аса нәзік құтыдай әйел заты ретінде құрметтеулері’ керек дейді (1 Петір 3:7, ЖД). Әйелдерге ‘күйеулерін сүюге’ және ‘құрметтеуге’ тәлім беріледі (Титке 2:4; Ефестіктерге 5:33). Егер оған қол жұмсап не сөзбен қорлайтын болса, Құдайдан қорқатын ешбір күйеу әйелін шынында да құрметтеймін деп шынайы түрде айта алмайды. Сондай-ақ оған айғайлап, балағаттап, не күңкілдей беретін болса, ешбір әйел күйеуін сүйемін, сыйлаймын деп айта алмайды.
20. Ата-аналар балалары үшін кімнің алдында жауапты және неге баладан тым көп нәрсе күтпеулері керек?
20 Балаға деген дұрыс көзқарас. Бала ата-ананың махаббаты мен көңіл қоюына тұрады, әрі олар бұған мұқтаж. Құдай Сөзі оларды “Тәңірдің берген мұрасы” және “сый” дейді (Забур 126:3). Ехобаның алдында ата-аналар осы мұраның қамқорлығы үшін жауапты. Киелі кітапта балаларға “балалық” пен “ақымақтық” тән екендігі айтылған (1 Қорынттықтарға 13:11; Нақыл сөздер 22:15). Олардың ақымақтық жасап қойып жататыны ата-аналарын таңғалдырмауы керек. Бала үлкен адам емес. Ата-ана баланың жас шамасын, оны қоршаған ортаны және оның қабілеттерін ескеріп, одан шамасы келмейтін еш нәрсе талап етпеуі керек. (Жаратылыс 33:12—14 тармақтарға қараңдар.)
21. Егде тартқан ата-анаға деген қандай көзқарас пен оларға деген қандай қарым-қатынас Құдайға ұнайды?
21 Егде тартқан ата-анаға деген көзқарас. Леуі 19:32-де: “Ақ шаштының алдында түрегел және қарияны құрметте”,— делінген. Осылайша Құдай Заңы үлкендерге деген сый-құрметке үйреткен. Егде тартқан ата-ана тым көп талап қоятын сияқты көрінсе не науқас болса, және баяу қозғалып, баяу ойлайтын да болар — ондай жағдайда оларға сый-құрмет көрсету өте қиын болуы мүмкін. Сонда да болса балаларға ‘әке-шешелері мен ата-әжелерінің алдындағы борыштарын өтеу’ ескертіледі (1 Тімотеге 5:4). Бұл оларға адамгершілік пен сый-құрмет көрсетуді білдіреді, тіпті оларды қаржы жағынан қамтамасыз етуді де білдіруі мүмкін. Егде тартқан ата-анаға жаман қарау, ол ұрып-соғу болсын не басқалай болсын, Киелі кітаптың бізге үйрететініне барынша қарама-қайшы келеді.
22. Отбасында зорлық-зомбылық болдырмау үшін қажет ең маңызды қасиет қандай және ондай қасиетті қалай іс жүзінде көрсетуге болады?
22 Ұстамдылық дамытыңдар. Нақыл сөздер 29:11-де: “Ақымақ бар ашу-ызасын төгеді, ал ақылды оны ұстап қалады”,— делінген. Қалай сезіміңді тізгіндеп ұстауыңа болады? Көңілге реніш ұялауына жол беріп қоюдың орнына, пайда болған қиындықты тез арада шешіңдер (Ефестіктерге 4:26, 27). Өзіңді қолға ұстай алмай бара жатқаныңды сезсең, кетіп қалғаның дұрыс. Киелі рухтың өзіңнің бойыңда ұстамдылық дамытуын сұрап Құдайға дұға ет (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Серуен немесе дене шынықтыру жаттығулары өзіңді қолға алуыңа көмектеседі (Нақыл сөздер 17:14, 27). “Сабырлы” болуға тырыс (Нақыл сөздер 14:29).
АЙЫРЫЛЫСУ КЕРЕК ПЕ, ӘЛДЕ БІРГЕ ҚАЛҒАН ДҰРЫС ПА?
23. Егер мәсіхшілер қауымының мүшесі қайта-қайта және тәубесіне келместен ашу-ызаға берілетін болса, мүмкін өмірлік жарына не бала-шағасына қатыгездік те көрсететін шығар, мұның арты неге әкеп соғуы мүмкін?
23 Киелі кітап Құдай айыптайтын істердің қатарында “қаскөйлік, ұрыс-керіс... ашу-ыза” туралы айта келе, “мұндаймен айналысқандарға Құдай Патшалығында орын жоқ” дейді (Ғалаттықтарға 5:19—21). Сондықтан өзін мәсіхші санайтын әлдекім қайта-қайта және тәубесіне келместен ашу-ызаға берілетін болса, мүмкін өмірлік жарына не бала-шағасына қатыгездік те көрсететін шығар, мұндай адам мәсіхшілер қауымынан шығарылуы мүмкін. (2 Жохан 9, 10, салыстырыңдар.) Осылайша қауым қатыгез адамдардан таза болып қалады (1 Қорынттықтарға 5:6, 7; Ғалаттықтарға 5:9).
24. а) Жұбайынан соққы көріп жүрген адам қандай шешімге келуі мүмкін? ә) Отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болған адамға достары мен қауым қариялары қалай көмек көрсете алады және олар не істемеуі керек?
24 Бүгінде жұбайынан соққы көріп жүрген, әрі жағдайының жақсаратынына еш нышан көрмей жүрген мәсіхшінің не істеуіне болады? Кейбіреулер қандай да бір себептермен әрі қарай да бірге өмір кешуді ұйғарып жатады. Екінші біреулері болса, өздерінің тәндерінің саулығы мен психикасына және рухани денсаулығына, мүмкін тіпті өміріне, қауіп төніп тұрғанын сезіп, өмірлік жарын тастап кетуді ұйғарады. Мұндай жағдайда не істеу керектігін отбасында зорлық-зомбылықтың құрбаны болып отырған адамның өзі шешеді. Ол өзінің қабылдаған шешімі үшін Ехобаның алдында жауапты (1 Қорынттықтарға 7:10, 11). Ізгі ниетті достары, туыстары не қауым қариялары көмек пен кеңес ұсынуы мүмкін, бірақ қандай да бір бағытты нұсқап оған қысым жасамауы керек. Бұл оның жеке өзі қабылдайтын шешімі (Римдіктерге 14:4; Ғалаттықтарға 6:5).
ЗАРДАБЫ ТИІП ЖАТҚАН ҚИЫНДЫҚТАРДЫҢ СОҢЫ
25. Ехобаның отбасына қатысты ниеті қандай?
25 Ехоба Адам ата мен Хауа ананың жұбын біріктіргенде олардың отбасын маскүнемдік немесе зорлық-зомбылық сияқты қиындықтар ойран қылсын деп ниет еткен жоқ (Ефестіктерге 3:14, 15). Отбасы сүйіспеншілік пен татулық өркендеген, әркім өзгенің ақыл-ой, эмоционалдық және рухани мұқтаждықтарының қамын жеумен айналысатын орын болуы керек еді. Бірақ күнә пайда болды да, отбасы өмірі бірден нашарлай бастады. (Екклесиаст 8:9, салыстырыңдар.)
26. Ехобаның талаптарына сай өмір сүруге талпынып жүргендерді қандай болашақ күтіп тұр?
26 Бақытымызға орай, Ехоба отбасына қатысты өзінің ниетінен бас тартқан жоқ. Ол адамдарды ‘қауіпсіз өмір кешетін және оларды ешкім қорқытпайтын’ жаңа дүниеге кіргізуді уәде етіп отыр (Езекиел 34:28). Сол кезде бүгінде отбасына зардабын тигізіп жатқан маскүнемдік, зорлық-зомбылық және тағы да басқа барлық қиындықтар артта қалмақ. Адамдар қорқыныш пен күйзелісті жасыру үшін емес, ‘бейбітшіліктің көптігіне рақаттанғандықтан’ күлетін болады (Забур 36:11).
a Маскүнемді ер адам ретінде айтып отырғанымызбен, бұл принциптер маскүнем әйелдерге де қатысты.
b Кейбір елдерде маскүнемдер мен олардың отбасыларына көмек көрсетуге арналған емдеу орталықтары мен ауруханалар және емдеу бағдарламалары бар. Олардың көмегіне жүгіну-жүгінбеу әркімнің өз еркінде. Күзет Мұнарасы Қоғамы ешқандай нақты ем ұсынбайды. Бірақ Киелі кітап принциптеріне қайшы келетін іс-әрекеттер өзіне тартып кетпеуі үшін, көмек іздегенде абай болу керек.