БЕСІНШІ ТАРАУ
Баланы нәресте күнінен тәрбиелеңдер
1, 2. Бала тәрбиесіне қатысты мәселе бойынша ата-ана кімнен ақыл сұрауы керек?
ОСЫДАН 3000 жыл бұрын, бір қатты риза болған әке, қуанғанынан: “Міне, бала деген — Тәңірдің берген мұрасы; Іштен шыққан перзент — Оның берген сыйы”,— деген болатын (Забур 126:3). Әке болу мен ана болудың қуанышы ерлі-зайыптылардың көпшілігінің қол жеткізуіне болатын Құдайдың құнды сыйы екендігіне дау жоқ. Алайда, ата-ана болғанның қуанышымен қоса жауапкершілігі бар екенін балалы болғандар уақыт өте келе ғана жете түсініп жатады.
2 Бала тәрбиесі әсіресе бүгін ерекше қиын. Сонда да болса көпшілігі балаларын жақсылап тәрбиелеуде, ал Құдайдың киелі рухының жетелеуінде болған забур жыршысы бұның сыры мынада дейді: “Үйді Тәңірдің өзі соқпаса, оны соғып жатқандардың еңбегі бекер; қаланы Тәңірдің өзі қорғамаса, қарауылдың ояу болғаны бекер” (Забур 126:1). Ехобаның нұсқауларын барынша дәл орындаған сайын, ата-аналық борышты орындаудағы іс-әрекеттерің жемісті бола түседі. Киелі кітап былай дейді: “Тәңірге шын жүрегіңмен арқа сүйе және өз ақылыңа сүйенбе” (Нақыл сөздер 3:5). Бала тәрбиесінің 20 жылдық “құрылыс жоспарын” іске асыруда Ехобаның кеңесіне құлақ асқыларың келе ме?
КӨЗҚАРАСТАРЫҢ ДӘЛ КИЕЛІ КІТАПТАҒЫДАЙ БОЛСЫН
3. Әкенің мойнына бала тәрбиесіне қатысты қандай міндет жүктелген?
3 Жер бетіндегі көптеген отағалары бала тәрбиесі әйел баласының жұмысы деген көзқараста. Құдай Сөзінің әкені ең басты асыраушы дейтіні рас. Бірақ Киелі кітапта әкенің отбасында басқа да міндеттері бар екендігі айтылады: “Даладағы жұмыстарыңды атқар, егіс танабындағы шаруаңды бітір, содан кейін отбасыңды да қалыпқа келтір” (Нақыл сөздер 24:27). Құдайдың көзқарасы бойынша, әкесі мен анасы балаларын бірге тәрбиелеулері керек (Нақыл сөздер 1:8, 9).
4. Неге біз ұл балаларды қыз балалардан артық санамауымыз керек?
4 Балаларыңа деген сендердің көзқарастарың қандай? Азия елдеріндегі “ата-аналарды қыз бала туылғаны қуантпайтыны” белгілі. Қыз балаға деген теріс ұғымның Латын Америкасында да, тіпті “әлдеқайда көзі ашық адамдардан тұратын отбасында” әлі бар екені есептен көрініп тұр. Бірақ шын мәнінде қыз бала екінші сорт бала емес. Жақып, ертедегі танымал әке, сол кезге дейін туылған ұлдары мен қыздары, яғни барлық балалары, жөнінде “Құдай сыйға... тартқан” деген болатын (Жаратылыс 33:1—5; 37:35). Сол сияқты Иса, өзіне әкелген барлық балаға (ұлға да, қызға да) батасын берген (Матай 19:13—15). Исаның көзқарасының Ехобаның көзқарасындай болғанына күмәнданбауымызға болады (Заңды қайталау 16:14).
5. Қанша балалы болғылары келетінін ерлі-зайыптылар нені ескере отырып шешуі керек?
5 Сен тұрып жатқан жерде әйелдің көп бала тапқаны әдетте дұрыс болып есептеле ме? Шындығына келгенде, қанша балалы болғылары келетінін ерлі-зайыптылардың өздері шешуі керек. Ал егер оларды тамақтандыруға, киіндіруге және оқытуға қаражаттары жетпесе ше? Бұны, әрине, ерлі-зайыптылар қанша бала болатынына шешім қабылдаған кезде ескерулері керек. Ерлі-зайыптылардың кейбіреулері балаларының қамын жасай алмайтынын түсінген кезде, кейбіреулерін туысқандарына тәрбиелеуге береді. Осы дұрыс па? Расын айтқанда — дұрыс емес. Мұндай әрекет оларды балаларына деген ата-аналық парыздан босатпайды. Киелі кітапта былай делінген: “Туысқандарының, әсіресе үй ішінің қамын ойламайтын адам — сенімінен бас тартқан, тіпті Құдайға сенбейтіннен де жаман” (1 Тімотеге 5:8). Өздерінің міндеттеріне жауапкершілікпен қарайтын ерлі-зайыптылар “үй-ішінің” санын өздері “қамын” жасай алатындай етіп жоспарлауға тырысады. Ерлі-зайыптыларға жүкті болудан сақтану шараларын қолдануға бола ма? Бұны әркім өзі шешеді және сақтанудың қандай әдісін қолдануды да өздері біледі. “Әркім өз жүгін өзі көтереді” (Ғалаттықтарға 6:5, ЖД). Бірақ сақтанудың түсік тастауға әкеп соғатын кез келген тәсілін қолдану Киелі кітаптағы принциптерге қайшы келеді. Ехоба Құдай — “өмірдің қайнар көзі” (Забур 35:10). Сондықтан, ішке біткен баланы жою — Ехобаны барынша сыйламағандыққа жатады және адам өлтіргенмен тең (Мысырдан көшу 21:22, 23; Забур 138:16; Еремия 1:5).
БАЛАЛАРЫҢНЫҢ МҰҚТАЖДЫҚТАРЫН ҚАНАҒАТТАНДЫРЫҢДАР
6. Баланы қай кезден бастап тәрбиелеген дұрыс?
6 Нақыл сөздер 22:6-да: “Бозбалаға өмірлік жолы басталған кезде тәлім бер”,— делінген. Бала тәрбиесі — ата-ананың тағы бір маңызды міндеті. Бала тәрбиесін қай кезде бастау керек? Мүмкіндігінше ерте бастаған дұрыс. Елші Пауыл Тімотенің “нәресте күнінен” тәрбиеленгенін атап айтқан болатын (2 Тімотеге 3:15, ЖД). Бұл жерде қолданылып отырған грек тіліндегі сөз нәрестеге немесе тіпті әлі туылмаған балаға қатысты болуы мүмкін (Лұқа 1:41, 44; Елшілердің істері 7:18—20). Демек, Тімоте кіп-кішкентай кезінен бастап тәрбиеленген, және бұл дұрыс. Бала тәрбиесін бастайтын ең тамаша кезең — оның нәресте кезі. Тіпті нәрестенің де білімге деген құштарлығы бар.
7. а) Әкенің де, ананың да нәрестемен тығыз қарым-қатынас дамытқанының маңызы зор болуының себебі неде? ә) Ехоба мен оның жалғыз Ұлының арасында ең басынан бастап қандай қарым-қатынас болды?
7 “Бір көргеннен-ақ балама деген махаббатым оянды”,— дейді бір ана. Аналардың көпшілігі дәл осыны айтады. Анасы нәрестемен бірге болатын болса, күн өткен сайын олардың бірлігі арта түседі. Анасының емізуі арқылы олар одан да жақындай түседі. (1 Салониқалықтарға 2:7, салыстырыңдар.) Ананың еркелеткені мен сөйлескені нәрестенің ішкі дүниесіндегі мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін өте маңызды. (Ишая 66:12, салыстырыңдар.) Ал әке не істеуі керек? Жаңа туылған баламен ол да тығыз қарым-қатынаста болуы керек. Бұның үлгісін Ехобаның өзі көрсеткен. “Тәңір мені Өзінің жолының бастауы етті... және [мен] Оның... күнделікті қуанышы едім”,— делінген Нақыл сөздердің кітабынан Ехобаның өзінің жалғыз Ұлымен қарым-қатынасы жайлы білуімізге болады (Нақыл сөздер 8:22, 30; Жохан 1:14). Осы сияқты, жақсы әке баласы туылғаннан бастап онымен жылы, сүйіспеншілікке толы қарым-қатынас дамытады. Бір әке былай деп кеңес береді: “Бар махаббатыңды көрсет. Құшақтап, аймалағаннан әлі бірде-бір бала өлген жоқ”.
8. Ата-аналар балаларының миын мүмкіндігінше қалай ерте жаттықтыруы керек?
8 Дегенмен, балаға бұл жеткіліксіз. Туылғаннан бастап баланың миы мәліметтерді қабылдауға және жадында сақтап қалуға дайын, ал бала үшін мәліметтердің ең басты қайнар көзі — ата-анасы. Тілді мысалға алайық. Зерттеумен айналысатындардың айтуынша, баланың сөйлеу мен оқуды жақсы меңгеруіне “ата-анасымен әлі кішкентай кезіндегі қарым-қатынасы қатты әсер етсе керек”. Балаларыңмен нәресте күнінен бастап сөйлесіңдер, кітап оқып беріңдер. Көп ұзамай оның сендерге еліктегісі келетін болады; шамалы-ақ уақыт өткеннен кейін сендер оған оқуды үйрететін боласыңдар. Оның оқуды мектепке бармай тұрып-ақ үйренуі мүмкін. Бұл, әсіресе, егер сендер мұғалімнің жетіспеуінен сабақ өтетін бөлмелер әрдайым балаларға лық толы елде тұрып жатқан болсаңдар пайдалы.
9. Маңызы зор қандай мақсатты ата-ананың ұмытпауы керек?
9 Мәсіхші ата-аналардың ең басты мақсаты — баланың рухани мұқтаждықтарын қанағаттандыру (Заңды қайталау 8:3-ті қараңдар). Бұл не үшін қажет? Бұл — баланың Мәсіхке ұқсайтын тұлға болуына, яғни “жаңа... адам болып” қалыптасуына көмектесу үшін қажет (Ефестіктерге 4:24). Ол үшін ата-ана “құрылыс материалдары” мен “соғу тәсілдерінің” лайықтысын іздестіруі керек.
АҚИҚАТТЫ БАЛАНЫҢ ҚҰЛАҒЫНА ҚҰЙЫҢДАР
10. Балалар қандай қасиеттерді дамытуы керек?
10 Үйдің сапасы көбінесе оны соғуға қолданылған материалдарға байланысты болады. Мәсіхші тұлғаны соғуға көмектесетін ең жақсы материалдар: “Алтын, күміс, асыл тастар”,— деген болатын елші Пауыл (1 Қорынттықтарға 3:10—12). Бұл материалдар сенімді, даналықты, айыра білу қабілетін, адалдықты, сыйластықты, әрі Ехобаға және оның заңдарына деген сүйіспеншілікпен көрсетілген ризашылықты білдіреді (Забур 18:8—12; Нақыл сөздер 2:1—6; 3:13, 14). Балалардың осы қасиеттерді ерте бастан дамытуына ата-аналардың қалай жәрдем беруіне болады? Баяғыдан бекітіліп қойған тәртіпті ұстану арқылы жәрдем беруіне болады.
11. Балалары Құдайға ұнамды қасиеттерді дамытуы үшін Исраилдегі ата-аналар қалай жәрдем беретін?
11 Исраилді Уәде етілген жерге алып кірмес бұрын, Ехоба исраилдік ата-аналарға былай деген болатын: “Мен бүгін саған өсиет етіп отырған бұл сөздер сенің жүрегіңде болсын және оларды балаларыңның құлағына құй, үйіңде отырып та, жол жүргенде де, жатсаң да, тұрсаң да осы жайлы айт” (Заңды қайталау 6:6, 7). Иә, ата-аналары балаларына үлгі көрсетуі керек, олардың досы болуы керек және балаларымен пікір алмасуы керек әрі оларды үйрете білуі керек.
12. Ата-аналарының балаларына жақсы үлгі көрсеткені неге сонша маңызды?
12 Үлгі көрсетіңдер. Ехоба алдымен былай деді: “Мен бүгін саған өсиет етіп отырған бұл сөздер сенің жүрегіңде болсын”. Сосын ол: “Оларды балаларыңның құлағына құй”,— деп қосты. Демек, Құдайға ұнамды қасиеттер ең алдымен ата-ананың жүрегінде болуы керек. Олар шындықты сүюі керек, әрі соған сай өмір кешуі керек. Тек сонда ғана олар шындықты баланың жүрегіне жеткізе алады (Нақыл сөздер 20:7). Неге? Өйткені балаға естігенінен гөрі көріп жүрген нәрселері қаттырақ әсер етеді.
13. Балаға көңіл бөлуде мәсіхші ата-ана Исадан қандай үлгі ала алады?
13 Досы болыңдар. Ехоба исраилдік ата-аналарға: ‘Балаларыңа үйіңде отырып та, жол жүргенде де айт’,— деген болатын. Бұны орындау үшін, қанша жерден қолдары бос болмаса да, олардың балаларымен бірге уақыт өткізуі керек еді. Иса балалардың көңіл қоюға тұратынын білген болуы керек. Оның жердегі қызметінің соңғы күндері өтіп жатқанда, адамдар “қолын тигізсін деп Исаға балаларын әкелді”. Бұған Иса қалай қарады? “Балаларды құшақтап, оларға батасын берді” (Марқа 10:13, 16). Қараңдаршы, Исаның өмірінің соңғы сағаттары өтіп жатқан болатын, соған қарамастан ол балаларға уақытын бөліп, назарынан тыс қалдырмады. Қандай тамаша үлгі!
14. Ата-ананың баламен бірге уақыт өткізуінің пайдалы болу себебі неде?
14 Баламен пікір алмаса біліңдер. Егер сендер баламен бірге уақыт өткізетін болсаңдар, бұл сендердің пікір алмасуларыңа көмектеседі. Көбірек пікір алмасқан сайын, балаларыңның мінезінің қалай дамып жатқанын сендер жақсырақ түсінетін боласыңдар. Бірақ естеріңде болсын, пікір алмасу — жай ғана әңгімелесу емес. Бразилияда тұратын бір ана былай деді: “Менің тыңдауды — жүрегіммен тыңдауды — үйренуіме тура келді”. Баласы көкейіндегі нәрселермен бөлісуді бастаған кезде бұл әйел өзінің шыдамының жемісін көрді.
15. Демалысқа байланысты нені естен шығармау керек?
15 Балалар үшін “күлетін... және билейтін”, яғни демалатын, уақыт қажет (Екклесиаст 3:1, 4; Зәкәрия 8:5). Ата-аналары демалатын уақытты балаларымен бірге өткізетін болса, демалыс өте жемісті болады. Көптеген үйлерде теледидар көргеннің демалыс болып есептелетіні өкінішті-ақ. Теледидар бағдарламаларының кейбіреулері қызық болуы мүмкін, дегенмен олардың көпшілігі құлықтылықты бұзады және отбасы мүшелерінің бір-бірімен пікір алмасуына кедергі жасайды. Ендеше, пайдасы тиетіндей нәрсемен балалармен бірге неге айналыспасқа? Ән айтыңдар, ойын ойнаңдар, достарыңмен араласыңдар, қызықтауға болатын жерлерге барыңдар. Осындай істермен айналысқан кезде пікір алмасуға мүмкіндіктер туады.
16. Ата-аналары балаларына Ехоба жайлы нені үйретулері керек және бұны қалай істегендері дұрыс?
16 Балаларыңды үйретіңдер. “[Бұл сөздерді] балаларыңның құлағына құй”,— деді Ехоба. Нені және қалай үйрету керектігін біз контекстен көріп отырмыз. Біріншіден, “Тәңірді, Құдайыңды, шын жүрегіңмен, жан-тәніңмен және бар күшіңмен сүй” делінген (Заңды қайталау 6:5). Содан кейін, ‘осы сөздерді... құлағына құй’ дейді. Балаға тәлім бергенде Ехоба мен оның заңдарына деген шынайы сүйіспеншілік дамытуға тырысыңдар (Еврейлерге 8:10, салыстырыңдар.) “Құлағына құй” деген сөз тіркесі қайталап отыру арқылы үйрету дегенді де білдіреді. Сонымен, шын мәнінде Ехобаның сендерге айтып отырғаны мынау: Құдайға ұнамды қасиетті өзінің бойында дамытуы үшін балаға көмек берудің бірден-бір жолы — онымен әңгімелесу арқылы бірте-бірте Ехоба жайлы білімін тереңдету. Киелі кітапты отбасымен бірге әрдайым зерттеу де осыған жатады.
Ата-аналар, балаларыңа үлгі көрсетіңдер, олардың досы болыңдар, пікір алмасыңдар, әрі үйретіңдер
17. Балаларының бойында ата-аналардың нендей нәрсені дамытуы керек болуы мүмкін? Неліктен?
17 Баланың жүрегіне жеткізіп айтудың қандай қиын екенін ата-аналардың көпшілігі біледі. Елші Пауыл бір сенімдегі мәсіхшілерге мынадай үндеу тастаған болатын: “Жаңа туылған нәрестенікіндей... таза сөздің сүтіне құштарлық дамытыңдар” (1 Петір 2:2, ЖД). “Құштарлық дамытыңдар” деген сөз тіркесінен көпшілігінің рухани азықты қабылдауға ықыласы болмайтыны көрінеді. Мүмкін, баласының бойында осындай ықыласты дамытудың жолдарын ата-ананың іздеуі керек болатын шығар.
18. Иса қолданған қандай әдістерді ата-аналардың қолдануына болады?
18 Мысалдарды пайдалана отырып, Иса адамдардың жүрегіне жеткізіп айтқан (Марқа 13:34; Лұқа 10:29—37). Мұндай әдіс әсіресе балаларды үйрету үшін тиімді. Суреттер мен қызық әңгімелерді қолданып оларға Киелі кітаптағы принциптерді үйретіңдер. Мүмкін, “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” деген кітаптың ішінен аларсыңдарa. Талқылауға арналған уақыт балаларың үшін қызықты өтетін болсын. Киелі кітап оқиғаларының суретін салу және оларды ойнап көрсету арқылы өздерінің шығармашылық қабілеттерін пайдалануларына мүмкіншілік жасаңдар. Сонымен қатар Иса сұрақ қою арқылы үйреткен (Матай 17:24—27). Отбасымен бірге Киелі кітапты зерттеген кезде осы әдісті қолдануға тырысыңдар. Құдайдың қандай да бір заңын айтып қана қоймай, мынадай сұрақтар қойыңдар: Ехоба бұл заңды бізге не үшін берді? Неге біз оны орындауымыз керек? Егер біз оны орындамасақ не болады? Мұндай сұрақтар баланың ойлануына ықпал етіп, Құдайдың заңдары қолдануға тұрарлық әрі пайдалы екенін түсінуіне көмектеседі (Заңды қайталау 10:13).
19. Ата-ана балаларымен қарым-қатынас жасағанда Киелі кітаптағы принциптерді ұстанатын болса, балаларға мұның қаншалықты пайдасы бар?
19 Егер сендер балаға үлгі көрсетіп, олардың досы болып, пікір алмаса біліп, әрі оларға тәлім беріп отырсаңдар, бұл баланың ерте бастан Ехоба Құдаймен тығыз қарым-қатынас дамытуына жәрдем болады. Осы қарым-қатынастың арқасында сендердің балаларың бақытты мәсіхші болады. Тіпті құрдастарының тарапынан болған қиындықтар мен азғыруларға кезіккенде де, ол өзінің сеніміне сай өмір сүруге талпынатын болады. Осындай қымбат қарым-қатынасты бағалауы үшін, балаларыңа көмектесуді тоқтатпаңдар (Нақыл сөздер 27:11).
ТӘРБИЕНІҢ МАҢЫЗЫ
20. Тәрбиелеу деген нені білдіреді және қалай тәрбиелеген дұрыс?
20 Тәрбиелеу дегеніміз — ақыл-парасаты мен жүрегін жөнге сала отырып тәлім беру. Баланы үнемі тәрбиелеп отыру керек. Әкелерге Пауыл: “Ақылмен жөн сілтеп, Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеңдер”,— дейді (Ефестіктерге 6:4). Ехоба сияқты, ата-аналар балаларын сүйіспеншілікпен тәрбиелеулері керек (Еврейлерге 12:4—11). Сүйіспеншілікке негізделген тәрбие қойылған талаптарды түсіндіру арқылы жүзеге асады. Бізге: “Айтылған ақылды тыңдаңдар”,— делінетіні де сондықтан (Нақыл сөздер 8:33). Баланы қалай тәрбиелеген дұрыс?
21. Балаларын тәрбиелегенде қандай принциптерді ата-аналардың есте сақтағаны дұрыс?
21 Бала тәрбиелеу дегенді кейбір ата-ана баламен қатаң түрде әңгімелесу, ұрсу немесе тіпті балағаттау деп түсінеді. Алайда Пауыл былай деп ескертіп отыр: “Ата-аналар, балаларыңа шектен тыс ұрыспаңдар [“ашуландырмаңдар”, ЖД]” (Ефестіктерге 6:4). “Бәріне бірдей жылы жүзді” болып, “қарсыластарын ілтипаттылықпен түзетуге” мәсіхшілердің барлығы шақырылады (2 Тімотеге 2:24, 25). Қаталдықтың қажет екенін мәсіхші ата-аналар біледі, бірақ балаларын тәрбиелеген кезде олар бұл сөздерді ұмытпауға тырысады. Бірақ, кейде жай түсіндіріп айтқан жеткіліксіз болып, жазаның қандай да бір түрін қолдану керек болуы мүмкін (Нақыл сөздер 22:15).
22. Баланы жазалауға тура келсе, ол нені түсінуі керек?
22 Барлық баланы бір әдіспен тәрбиелеуге болмайды. “Ауызша” айтқанға балалардың кейбіреулері көне бермейді. Тіл алмағаны үшін баланы анда-санда жазалайтын болса, бұл оларды қауіп-қатерден сақтауы мүмкін (Нақыл сөздер 17:10; 23:13, 14; 29:19). Бірақ, не үшін жазаланғанын баланың түсінуі керек. “Көк шыбық пен айыбын ашу ақыл кіргізеді” (Нақыл сөздер 29:15; Аюп 6:24). Оның үстіне, жазалаудың да шегі бар. Өзінің халқына Ехоба: “Мен... сені... жөнімен жазалаймын”,— деген болатын. (Еремия 46:28ә). Балаға зияны тиетіндей және тіпті оған зақым келтіретіндей етіп ашумен дүре соққанды және қатыгездікпен ұрып-соққанды Киелі кітап ешқандай да құптамайды (Нақыл сөздер 16:32).
23. Ата-анасы жазалағанда бала нені түсінуі керек?
23 Жазалайтынын ескерте отырып, Ехоба өзінің халқына былай деді: “Қорықпа... өйткені Мен сенімен біргемін” (Еремия 46:28а). Сол сияқты, ата-ана жазалаудың қандай түрін қолданып тәрбиелесе де, жазадан соң бала ата-анасы өзінен теріс қараған сияқты сезімде қалмауы керек (Қолостықтарға 3:21). Қайта бала ата-анасы ‘өзімен бірге’ екенін, яғни оның қамын ойлағандықтан жазалайтынын түсінуі керек.
БАЛАЛАРЫҢДЫ АЙНАЛАДАҒЫ ЗҰЛЫМДЫҚТАН САҚТАҢДАР
24, 25. Қауіп-қатердің адамда жеркеніш сезімін тудыратын қандай түрінен қазіргі таңда баланы қорғау керек болып отыр?
24 Үлкен адамдардың көпшілігі балалық шақты бақытты кезең деп еске алады. Олар өздерінің алаңсыз болғандарын, әрі ата-аналарының кез келген жағдайда оларға қамқорлық жасайтынына сенімді болғандарын естеріне алады. Олар балаларының да дәл сондай сезімде болғанын қалайды, бірақ қазіргі азғындық жайлаған заманда баланы қауіп-қатерден қорғап қалу өте қиын.
25 Адамда жеркеніш сезімін тудыратын соңғы жылдары қанат жайып жатқан қатердің бірі — жыныстық қатынасты көздеп балаларға қиянат жасау. Малайзияда, жыныстық қатынасты көздеп баланың жәбірленгені жайлы хабардың саны он жылдың ішінде төрт есеге өсті. Жыл сайын Германияда шамамен 300000 бала зорлықтың құрбаны болуда, ал Оңтүстік Америкада, бір зерттеудің анықтағаны бойынша, жыл сайын 9000000-ға жуық бала зорлық көруде! Осы балалардың көпшілігінің өз үйлерінде, өздері білетін және сенім артатын адамдардан жыныстық қатынас көзделген зорлықты көріп жатқаны жаныңа батады. Бірақ ата-ана баланың арқа сүйейтін қорғаны болуы керек. Ата-ананың баланы қалай қорғауына болады?
26. Баланы қауіп-қатерден қорғаудың қандай жолдары бар және баланы білім қалай қорғауы мүмкін?
26 Әсіресе жыныстық қатынас жайлы білімі таяз балалардың зорлық жасайтындардың қармағына жиірек түсетінін тәжірибе көрсетіп отыр, сондықтан баланы ондай нәрседен сақтаудың бірден-бір жолы — әлі тым кішкентай болса да — білім беру. Білім “жаман жолдан, жалған сөйлейтін адамнан” сақтануға көмектеседі (Нақыл сөздер 2:10—12). Қандай білім? Құлықтылық жағынан ненің жақсы, ненің жаман екенін түсіндіретін Киелі кітаптың принциптері. Сосын, кейбір үлкен адамдардың жат қылық істейтіндігі мен баланың оларға мойынсұнбауы керектігі жайлы білім. (Даниел 1:4, 8; 3:16—18; салыстырыңдар). Бұлар жөнінде бір рет қана айтумен шектелмей, естерінде қалуы үшін, балалардың көпшілігіне қайталап отыру керек. Балалары есейген кезде, қызының оңаша қалуға құқығын — әкесі және ұлының оңаша қалуға құқығын — анасы сүйіспеншілік көрсете отырып сыйлаулары керек; осының арқасында бала ненің көргенділікке жататынын жақсырақ түсінетін болады. Әрине, ата-ананың бас-көз болуы зорлықтан қорғаудың ең жақсы тәсілдерінің бірі екенінде дау жоқ.
ҚҰДАЙДЫҢ БАСШЫЛЫҒЫН ІЗДЕҢДЕР
27, 28. Ата-анаға бала өсіруде қажет көмектің керемет Қайнар көзі кім?
27 Баланы нәресте күнінен тәрбиелеу шынында да өте қиын нәрсе, дегенмен Құдайға сенетін ата-ана жалғыз емес. Қазылардың заманында өмір сүрген Маной деген адам өзінің жақын арада әке болатынын білген кезде, Ехобадан баласын тәрбиелеуге байланысты басшылық сұрады. Ехоба оның дұғасына жауап қайтарды (Қазылар 13:8, 12, 24).
28 Сол сияқты, бүгін де, бала тәрбиелеп отырған Құдайға сенетін ата-ананың Ехобаға дұға етуіне болады. Ата-ана болу — ауыр еңбек, бірақ тамаша сый да. Гавайда тұратын мәсіхші ерлі-зайыптылар былай дейді: “Тікелей өздеріңе ғана қатысы бар нәрселерді бала барынша қиын жас өспірім шаққа жетпей тұрып іске асыруларың үшін сендерде 12 жыл бар. Киелі кітаптағы принциптерді өмірде қолдану үшін барынша талпынған болсаңдар, балаларың шын жүректен Ехобаға қызмет етуді ұйғарған кезде сендер қуанышқа бөленіп, тыныштыққа қол жеткізесіңдер” (Нақыл сөздер 23:15, 16). Балаң осындай шешім қабылдаған кезде, қуаныштан сенің де: “Міне, бала деген — Тәңірдің берген мұрасы!” — дегің келіп кетеді.
a Күзет Мұнарасы Қоғамы басып шығарған.