7-Тарау
Құдайдың адамзатты құтқару үшін қолданған шарасы
1, 2. а) Римдік жүзбасы Құдайдың Ұлы кім екенін қалай түсінді? ә) Ехоба неге Исаның өліміне жол берді?
ШАМАМЕН 2000 жыл бұрын көктемнің бір күнінде, түстен кейінгі уақытта римдік жүзбасы азаппен баяу өліп бара жатқан үш кісіні бақылап тұрды. Жүзбасы олардың біреуіне — Иса Мәсіхке — ерекше көз тігіп тұрған еді. Иса ағаш бағанаға шегеленген болатын. Оның өлімі жақындаған сайын, түскі аспан қараңғылана берді. Ол өлгенде, жер қатты сілкінді, сонда жүзбасы: “Бұл Адам шынымен Құдайдың рухани Ұлы екен!”— деп айғайлап жіберді (Марқа 15:39).
2 Құдайдың Ұлы! Жүзбасының айтқаны дұрыс еді. Ол дәл қазір жер бетіндегі ең маңызды оқиғаның куәсі болды. Бірде Құдайдың өзі Исаны сүйікті Ұлым деп атаған болатын (Матай 3:17; 17:5). Ендеше, Ехоба Ұлының өліміне неге жол берді екен? Өйткені Құдай адамзатты күнә мен өлімнен осылайша құтқарғысы келді.
АРНАЙЫ МАҚСАТПЕН ТАҢДАП АЛЫНҒАН
3. Неге адамзатты құтқару үшін Құдайдың жалғыз Ұлының таңдалып алынғаны орынды болды?
3 Біз осы кітаптан білгеніміздей, Иса жер бетінде туылғанға дейін де өмір сүрген. Ол Құдайдың “жалғыз Ұлы” деп аталған, өйткені оны Ехобаның өзі жаратқан. Сосын Құдай Исаны басқа нәрселердің барлығын жарату үшін қолданды (Жохан 3:18; Қолостықтарға 1:16). Иса адамзатқа ерекше сүйіспеншілікпен қараған (Нақыл сөздер 8:30, 31). Сондықтан адамзат өлімге кесілген соң, оларды құтқару мақсатымен Ехоба өзінің жалғыз Ұлын таңдап алғаны таңғаларлық емес!
4, 5. Иса жер бетіне келгенге дейін Мәсіх болатын Ұрпақ туралы Киелі кітап не мәлімдеді?
4 Едем бағында Құдай Адам мен Хауаға және Шайтанға үкім шығарған кезінде, болашақ Құтқарушыны ‘ұрпақ’ деп атады. Бұл Ұрпақ уақыты жеткенде, Шайтан Ібілістің, ‘ежелден бері келе жатқан абжыланның’, келтірген залалын жоюға тиіс еді. Оның үстіне, уәде етілген Ұрпақ Шайтан мен оған ергендерді жою керек (Жаратылыс 3:15; Жоханның 1-хаты 3:8; Аян 12:9).
5 Мәсіх деп те аталған бұл Ұрпақ туралы Құдай ғасырлар бойы көптеген мәліметтерді ашып отырған. 37-беттегі кестеде көрсетілгендей, көптеген пайғамбарлықтар оның жер бетіндегі өмірінің әр алуан жақтарын егжей-тегжейлі мәлімдеген. Мысалы, Құдайдың ниетіндегі рөлін орындау үшін, ол өте ауыр қиыншылықтарға төзу керек болды (Ишая 53:3—5).
МӘСІХ НЕЛІКТЕН ӨЛУ КЕРЕК БОЛДЫ?
6. Даниял кітабының 9:24—26 дейінгі тармақтарына сәйкес Мәсіх не істеу керек еді және қалай?
6 Даниял 9:24—26-да жазылған пайғамбарлықта Мәсіх — Құдайдың Майланғаны — үлкен рөл атқаратындығы алдын ала айтылған болатын. Ол жер бетіне “қылмысты жабу үшін, күнәні жуып, заңсыздықтарды түзету үшін және мәңгілік шындықты орнату үшін” келеді. Мәсіх әділ адамдарды өлім жазасынан босату керек еді. Бірақ ол мұны қалай істей алар еді? Пайғамбарлықта ол “өлімге беріледі” деп түсіндіріледі.
7. Исраилдіктер неге жануарларды құрбандыққа шалған және бұл ненің нышаны болған?
7 Ежелгі исраилдіктерге күнә үшін төлем төлеу түсінігі жақсы таныс болған. Өздерінің ғибадат етулерінде Құдайдың Мұса арқылы берген Заңына сәйкес, олар үнемі жануарларды құрбандыққа шалып отырған. Бұл адамзаттың күнәның төлеміне немесе оның жабылуына мұқтаж екендіктерін исраил халқының есіне салатын. Елші Пауыл бұл принципті былай қорытындылады: “Қан төгілмей, Құдай күнәны кешірмейді” (Еврейлерге 9:22). Мәсіхшілер Мұса заңына тәуелді емес және оның құрбандық шалу сияқты талаптарын орындауға міндетті емес (Римдіктерге 10:4; Қолостықтарға 2:16, 17). Сонымен қатар олар жануарларды құрбандыққа шалу күнәдан біржолата тазарта алмайтынын біледі. Негізінде, бұл құрбандық шалу Мәсіхтің әлдеқайда құнды құрбандығының нышаны болған (Еврейлерге 10:4, 10; Ғалаттықтарға 3:24 салыстыр). Дегенмен сен Мәсіхтің өлімі шын мәнінде қажет болды ма деп сұрауың мүмкін.
8, 9. Адам мен Хауа қандай бағалы нәрсені жоғалтты және ұрпақтарына бұл қалай әсер етті?
8 Иә, адамзатты құтқару үшін Мәсіх өлу керек еді. Егер біз Едем бағында болған оқиғаны есімізге түсіріп, Адам мен Хауаның Құдайға қарсы көтерілулерімен нені жоғалтқанын ұғынуға тырысып көрсек, онда мұны түсіне аламыз. Олардың алдында мәңгілік өмір болашағы жатты! Олар Құдайдың балалары болғандықтан, онымен тікелей байланыста бола алды. Бірақ Адам мен Хауа Ехобаның билігіне қарсы шыққан кезде, осының барлығынан айырылды да, бүкіл адамзатты күнә мен өлімге ұшыратты (Римдіктерге 5:12).
9 Бұл біздің түп атамыз бен анамыз қисапсыз аса мол байлықты ысырап қылып, адам айтқысыз қарызға батып қалған жағдайға ұқсайды. Адам мен Хауа өз қарыздарын ұрпақтарына қалдырып кетті. Біз ешқайсысымыз кемелді не күнәсіз болып туылмағандықтан, барлығымыз күнә жасаймыз және өлеміз. Науқастанған кезімізде немесе орынсыз сөйлеп, артынан өкінгенімізде, мұра етіп берілген қарыздың ауыр жүгі — адам кемелсіздігін сезінеміз (Римдіктерге 7:21—25). Жалғыз жол — Адамның жоғалтқанын қайтару. Алайда біз кемелді адам өміріне жетуге дәрменсізбіз. Барлық кемелсіз адамдар күнә жасайтын болғандықтан, барлығымыз өлімге лайықпыз (Римдіктерге 6:23).
10. Адам жоғалтқан өмірдің құнын өтеу үшін не қажет болды?
10 Дегенмен Адам жоғалтқан өмірдің орнына басқа нәрсе ұсынуға бола ма? Құдайдың әділдігі тең бағалы төлем, “жанға жан”, талап етеді (Мысырдан шығу 21:23). Сонымен жоғалтылған өмірге өмір төлемі керек болды. Бірақ бұл талапқа кез келген адамның өмірі сәйкес келмейді. Забур 48:8, 9-да кемелсіз адамдар туралы былай делінген: “Адам баласы өз бауырын еш құтқара алмас, Құдайға ол үшін төлем де бере алмас. Олардың жандарының төлем құны үлкен және ешқашан олай болмас”. Бұл адамзаттың мүлде үмітсіз екендігін білдіре ме? Әлбетте, жоқ.
11. а) Еврейше “төлем” деген сөз нені білдіреді? ә) Жалғыз кім ғана адамзаттың құнын өтей алар еді және неліктен?
11 Еврей тілінде “төлем” деген сөз тұтқынды сатып алуға төленген соманы және тең келетін құнды білдіреді. Адам жоғалтқан нәрсеге құны тең төлемді тек кемелді адам ғана бере алар еді. Адам атадан кейін жер бетінде жалғыз ғана кемелді адам Иса Мәсіх болды. Сондықтан Киелі кітап Исаны “Соңғы Адам” деп атайды және Мәсіх ‘бәрін күнәнің құлдығынан босату үшін Өзінің жанын қиып, соның төлемін өтегеніне’ бізді куәландырады (Қорынттықтарға 1-хат 15:45; Тімотеге 1-хат 2:5, 6). Адам өзінің ұрпағына өлім қалдырса, Иса оларға мәңгілік өмір береді. Қорынттықтарға 1-хат 15:22-де былай деп түсіндіріледі: “Адам атамен байланыстағылардың бәрі өлуге тиіс болғанындай, Мәсіхпен байланыстағылардың бәрі де тіріледі”. Сондықтан Иса “Мәңгілік Әке” деп орынды аталған (Ишая 9:6, 7).
ТӨЛЕМ ҚҰНЫ ҚАЛАЙ ӨТЕЛДІ?
12. Иса қашан Мәсіх болды және бұл өміріне қалай әсер етті?
12 Б. з. 29 жылының күзінде Құдайдың еркін орындауға өзін арнау үшін Иса шомылдыру рәсімінен өтуге туысы Жақияға келді. Сол кезде Ехоба Исаға киелі рухын төкті. Иса — Мәсіх, яғни Құдайдың майланғаны, болды (Матай 3:16, 17). Содан соң Иса үш жарым жылға созылған өзінің қызметін бастады. Ол Құдай Патшалығын уағыздаумен қатар сенімді шәкірттер жинап, туған өлкесінде жиһан кезді. Алайда көп ұзамай алдын ала айтылғандай, күшті қарсылыққа кезікті (Забур 117:22; Елшілердің істері 4:8—11).
13. Адалдығын сақтаған Исаны өлімге қандай оқиғалар алып келді?
13 Иса дінбасыларының екі жүзділігін батыл әшкерелеген, сондықтан олар оны өлтіруге тырысты. Ақыр аяғында, олар опасыз сатқындық, заңсыз тұтқындау, соттау мен бүлікші деген жалған айыптардан тұратын зұлым жоспар құрды. Исаны ұрып-соқты, бетіне түкіріп, келеке етті және денесін пара-пара етіп жұлымдап, қамшылады. Сосын Рим әміршісі Понти Пилат оны азап шегу бағанасында өлтіруге үкім шығарды. Исаны ағаш бағанаға шегеледі де, тік көтеріп қойды. Жан тапсырғанша, әрбір тыныс алысы азапты болған бірнеше сағат өтті. Иса осындай ауыр сынақта Құдай алдындағы адалдығын соңына дейін сақтап қалды.
14. Құдай неліктен Ұлының азапталуы мен өлуіне жол берді?
14 Сонымен б. з. 33 жылғы нисан айының 14 жұлдызында Иса ‘көптеген адамдардың азаттық төлемін төлеу’ үшін жанын қиды (Марқа 10:45; Тімотеге 1-хат 2:5, 6). Ехоба көктен өзінің сүйікті Ұлының азап шегуі мен өлімін көрді. Мұндай нәрсенің болуына Құдай неге жол берді екен? Өйткені ол адамзатты сүйді. Иса былай деді: “Өйткені Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей [“жойылмай”, ЖД], мәңгілік өмірге ие болады” (Жохан 3:16). Сонымен қатар Исаның өлімі бізді Ехобаның мінсіз әділдіктің Құдайы екендігіне үйретеді (Заңды қайталау 32:4). Кейбіреулер неге Құдай өзінің “жанға жан” заңын, яғни Адамның күнәсі үшін төлемді талап ететін әділетті қағидасын бір жолға ескермей-ақ қоймаған деп наразы болады. Бұған себеп — Ехобаның әрқашан, тіпті бұл оған өте қымбатқа түсетін болса да, өз заңдарына сәйкес әрекет етіп және оларды қолдап отыратындығы.
15. Исаның мәңгілікке өлуіне жол беру әділетті болмағандықтан, Ехоба не істеді?
15 Сонымен қатар Ехобаның әділдігі Иса үшін де барлығының сәтті аяқталуын талап етті. Адал Исаның өлім ұйқысымен мәңгі ұйықтап қалғаны әділдікке жатар ма еді? Әлбетте, жоқ! Еврей жазбаларында Құдай өзінің сенімді қызметшісінің қабірде қалуына жол бермейді деп алдын ала айтылған (Забур 15:10; Елшілердің істері 13:35). Иса өлім ұйқысымен үш күн ұйықтады, сонан соң Ехоба Құдай оны құдіретті, өзіндік қасиеттері бар рухани тұлға етіп қайта тірілтті (Петірдің 1-хаты 3:18).
16. Иса көкке оралған соң не істеді?
16 Иса өлуімен адами өмірінен мәңгілікке бас тартты. Ол көкте өмір сүру үшін қайта тірілтіліп, өмір сыйлайтын рухқа айналды. Оның үстіне, Иса Әлемдегі ең қасиетті бөлімге қайта оралған кезде, өзінің сүйікті Әкесімен қайтадан бірге болып, Оған кемелді адами өмірінің құнын ұсынды (Еврейлерге 9:23—28). Енді оның аса қымбат өмірінің құнын тіл алғыш адамзаттың игілігіне қолдануға болатын еді. Бұл сен үшін нені білдіреді?
МӘСІХТІҢ ТӨЛЕМІ ЖӘНЕ СЕН
17. Қалай Мәсіхтің төлем құрбандығының арқасында кешірім аламыз?
17 Қазірдің өзінде Исаның төлем құрбандығы қандай үш жақта сенің игілігіңе қызмет ететінін қарастырайық. Біріншіден, ол күнәнің кешірілуіне мүмкіндік берді. Егер біз Исаның төгілген қанына сенсек, “төлеміміз өтеліп”, ‘күнәларымыз кешіріледі’ (Ефестіктерге 1:7). Сондықтан тіпті ауыр күнә жасап қойған жағдайда да, Исаның атымен Құдайдан кешірім сұрай аламыз. Егер біз шындап өкінсек, Ехоба Ұлының төлем құрбандығының құнын бізге қолданады. Жасаған күнәміз үшін өлім жазасына үкім етудің орнына, Құдай бізді кешіріп, ар-ұжданымызды тазартады (Елшілердің істері 3:19; Петірдің 1-хаты 3:21).
18. Бізге Исаның құрбандығы қандай үміт береді?
18 Екіншіден, Мәсіхтің төлем құрбандығы бізге болашаққа үміт береді. Елші Жохан өзінің аянында осы зұлым дүниенің ақырынан аман қалатын “ешбір адам баласы санай алмайтындай, өте үлкен тобырды” көрді. Құдай көптеген адамдарды жойған уақытта неге олар аман қалады? Періште Жоханға өте үлкен тобыр “шапандарын Тоқтының”, Иса Мәсіхтің, “төгілген қанымен жуып аппақ қылды” деп айтты (Аян 7:9, 14). Иса Мәсіхтің төгілген қанына сенім артып, Құдайдың талаптарына сай өмір сүрсек, Құдайдың көз алдында таза боламыз, әрі мәңгілік өмірге үмітіміз болады.
19. Иса мен оның Әкесінің саған деген сүйіспеншілігін Мәсіхтің құрбандығы қалай дәлелдейді?
19 Үшіншіден, төлем құрбандығы — Ехобаның сүйіспеншілігінің ең үлкен дәлелі. Исаның өлімі Әлем тарихындағы екі теңдесі жоқ сүйіспеншілікті көрсетеді: 1) Ұлын біз үшін өлуге жіберген Құдайдың сүйіспеншілігі; 2) өмірін даярлықпен төлем ретінде берген Исаның сүйіспеншілігі (Жохан 15:13; Римдіктерге 5:8). Егер шын жүректен сенетін болсақ, бұл сүйіспеншілік әрқайсысымызға қатысты болады. Елші Пауыл былай деді: ‘Құдай Ұлы мені сүйгендіктен Өзін мен үшін құрбан етті’ (Ғалаттықтарға 2:20; Жоханның 1-хаты 4:9, 10; Еврейлерге 2:9).
20. Неге біз Исаның төлем құрбандығына сенім білдіруіміз керек?
20 Сондықтан Исаның төлем құрбандығына сенім білдіру арқылы Құдай мен Исаға деген ризашылығымызды білдірейік. Бұл мәңгілік өмірге алып барады (Жохан 3:36). Алайда Исаның жердегі өмірі мен өлімінің ең басты мақсаты біздің құтқарылуымыз емес. Ең алдымен, Исаны бүкіл Әлемге қатысты даулы мәселе толғантты. Біз келесі тараудан көре алатынымыздай, бұл сұрақ бәрімізге қатысты, өйткені бұдан Құдайдың неге осыншама ұзақ уақыт зұлымдық пен қайғы-қасіретке жол беріп отырғандығы айқындалады.
БІЛІМІҢДІ ТЕКСЕР
Неге адамзатты құтқару үшін Иса өлу керек болды?
Төлем қалай төленді?
Төлемнің сен үшін қандай пайдасы бар?
[Бүкіл бетке орналасқан 67-беттегі сурет]