НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ҚҰДАЙДАН КЕЛГЕН КЕМЕЛ КІТАП
Киелі кітап шынымен Құдай рухының жетелеуімен жазылған ба?
КИЕЛІ КІТАПa Құдайдан түскен кітап дегенге сенесіз бе? Әлде бұл кітап, сіздіңше, адамның ойынан шыққан туынды ма?
Бұл — тіпті христиан дінінің өкілдері арасындағы бітпейтін даулы сұрақ. Мысалы, 2014 жылы американдық “Gallup” қоғамдық пікір институты жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, христиан дінін ұстанушылардың басым бөлігі “Библияның Құдайға әйтеуір бір қатысы бар” деп есептейді екен. Алайда сауалнамаға қатысқандардың әр бесіншісі бұл кітапты “ежелгі аңыз-ертегі, әңгімелер мен адамдар жазған өсиетнамалардың жиынтығы” деп қарастыратын болып шықты. Адамдар арасындағы осындай қарама-қайшы пікірді Киелі кітаптағы бір тіркес шешпек. Қазір “рухтың жетелеуімен” деген сол тіркеске тоқталып өтейік (Тімөтеге 2-хат 3:16).
“РУХТЫҢ ЖЕТЕЛЕУІМЕН” ДЕГЕННІҢ МӘНІ
Киелі кітап 66 кішігірім кітаптан құралған. Оны 40-қа жуық адам шамамен 1600 жыл аралығында жазған. Егер оны адамдар жазса, қалайша бұл кітапты “Құдай рухының жетелеуімен” жазылған дей аламыз? Бір сөзбен айтқанда, “Құдай рухының жетелеуімен” деген тіркес кітаптағы мәліметтің Қайнар көзі Құдай дегенді білдіреді. Киелі кітапта бұл былай түсіндірілген: “Адамдар Құдайдың киелі рухының қозғау салуымен айтқан” (Петірдің 2-хаты 1:21). Қарапайым тілмен айтар болсақ, Құдай өз хабарын киелі рух деп аталатын көзге көрінбейтін қуатты күші арқылы 40-қа жуық жазушыға жаздырған. Бұны былай түсіндірсе болады: кез келген бастық хатты өзі жазбайды, хатшысына жаздырады. Алайда хаттың авторы хатшысы емес, бастықтың өзі болады емес пе? Бұл — айтпаса да түсінікті жайт.
Киелі кітапты жазғандардың кейбірі Құдай хабарын өз құлағымен періштеден естіген. Басқалары өңінде аян алса, тағы біреулері түсінде аян алған. Кейде Құдай жазушыларға хабарды өз сөзімен жазуға жол берсе, кейде сөзбе-сөз жаздырған. Қалай болмасын, бұл адамдар өз ойларын емес, Құдайдың ойын жазған.
Бұл жазушыларды Құдай рухтандырғанын қалай тексерсе болады? Келесі мақалаларда Киелі кітаптың Құдайдан екеніне үш дәлел беріледі.
a Тәурат, Зәбүр, Інжіл кітаптары кіретін қасиетті жазбалар яки Библия.