НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП
Киелі жазбалар — даналық дариясы
Киелі жазбалар (Тәурат, Зәбүр мен Інжіл) осыдан 2000 жылдай уақыт бұрын жазылған. Содан бері түрлі кітаптар жарық көріп, ұмытылып та үлгерді. Алайда Киелі кітап қана өз беделін жоғалтпады. Осыған қатысты келесі жайттарды қарастырып көрейік.
Көптеген билігі бар адамдар Киелі кітапты жойып жібергісі келген. Мысалы, бір тарихи кітапта жазылғандай, орта ғасырдағы христиан дінін ұстанатын кей елдерде “үйде Киелі кітап ұстау немесе оны оқу дінмен қудаланатын болған” (“Орта ғасырдағы Киелі кітапқа шолу”). Киелі кітапты аударған не оны зерттегісі келген ғалымдар жиі бастарын қатерге тіккен. Олардың арасында өлімге кесілгендері де болған.
Жаулардың тарапынан осындай қарсылықтарға кезіксе де, Киелі кітап жержүзі бойынша таралымы ең көп кітапқа айналып отыр. Киелі кітап толықтай не оның кейбір бөліктері 2800-ден астам тілде, бес миллиардтай данамен басып шығарылған. Бұл — таралымы аз әрі қолданыстан тез шығып қалатын пәлсапалық не ғылыми кітаптармен салыстырғанда үлкен көрсеткіш.
Киелі кітап өзі аударылған бірнеше тілдің сақталып қана қоймай, көркейіп жетіле беруіне көп септігін тигізген. Мысалы, Мартин Лютер аударған неміс тіліндегі Киелі кітап сол тілдің дамуына зор ықпал еткен. Ал Король Яков аудармасы “ағылшын тіліне ең қатты әсер еткен кітап” болып есептеледі.
Киелі кітап батыс елдерінің мәдениеті, діни ілімдері және салт-жораларымен қоса, әдебиеті, заңдары, саясаты, өнері сияқты әртүрлі салаларына да ықпалын тигізді (“Киелі кітап жайында Оксфорд энциклопедиясы”).
Бұл — Киелі кітаптың дара кітап екенін білдіретін деректердің кейбірі ғана. Киелі кітаптың осыншалықты танымал болуының сыры неде? Не себепті адамдар осы кітап үшін жандарын пида етуге дайын болған? Мұның себебі көп. Біріншіден, Киелі кітапта өмірдің мәнін ашатын және Құдайға жақындататын дана сөздер бар. Екіншіден, онда адамзат басындағы қайғы-қасірет пен әлемдегі шиеленістің түп себебі түсіндіріледі. Ал бұдан да маңыздысы, Киелі кітап осы қиындықтар мен азаптардың сап тыйылатынын әрі бұл қалай жүзеге асатынын айтады.
Рухани тәлім-тәрбие беретін кітап
Білім алып, белгілі бір мамандықты игеру маңызды-ақ. “Алайда адамның дипломға қол жеткізіп, шенге ие болғаны оның өнегелі азамат екеніне кепілдік емес”,— дейді Канаданың “Оттава Ситизен” газеті. Дүниежүзі бойынша жүргізілген бір зерттеу бойынша, “жоғары білім алған үкіметтегі не бизнес әлеміндегі көптеген дәрежелі кісілер қулыққа барады, алдайды, ұрлайды, сөйтіп, халықтың көңілін қалдырады” (“Эдельман”, қоғаммен байланыс агенттігі).
Киелі кітаптың бір ерекшелігі, ол адамды өнегелілік пен адамгершілікке тәрбиелейді. Оны оқыған жан “әділдік, әділет пен туралықтың не екенін ұғады, жақсылық атаулыны түсінеді” (Нақыл сөздер 2:9). Мысалға, Польшада түрмеде отырып шыққан Стефанa атты 23 жасар жігітті алайық. Темір тордың арғы жағында отырғанында, ол Киелі кітапты оқып, оның кеңестері бойынша өмір сүре бастайды. Мұның зор игілігін көрген Стефан былай дейді: “Әке-шешеңді құрметте деген сөздің астарында не жатқанын енді ұқтым. Мен ашуымды да ауыздықтайтын болдым” (Ефестіктерге 4:31; 6:2).
Стефан Нақыл сөздер 19:11-дегі “терең түсінік адамды ашуға баяу етер, кінәні кешіргені оны тартымды етер” деген қағидаға ерекше көңіл бөлді. Ол қандай жағдай болса да ызаға бой алдырмауға, қайта, сабыр сақтап, Киелі кітаптың ақыл-кеңесін қолдануға тырысады. “Мен ең жақсы кеңестердің Киелі кітапта екенін түсіндім”,— дейді Стефан.
Бірде Ехоба куәгерлері туралы дұрыс емес ойда болған бір әйел Марияны жұрттың көзінше жерден алып, жерге салып, біраз шу шығарады. Мария Ехоба куәгері болғандықтан, оған еш сөз қайтармай, ол жерден кетіп қалады. Кейін әлгі әйел өз қылығына ұялып, Ехоба куәгерлерін іздестіре бастайды. Шамамен бір айдан кейін ол Марияны қайтадан кездестіргенде, оны құшақтай алып, кешірім сұрайды. Ал ең маңыздысы — ол Марияның жұмсақтығы мен ұстамдылығының артында тұрған Құдайға деген сенімі екенін ұқты. Кейіннен ол отбасындағы бес адаммен бірге Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеуге келісті.
Иса пайғамбар: “Даналық істерімен дәлелденеді”,— деген (Лұқа 7:35). Киелі кітаптағы қағидалардың қаншалықты дұрыс екендігіне дәлел өте көп. Бұл қағидалар адамның жақсы қасиеттерін оятып, оларды шыңдай түседі. Сондай-ақ рухани әрі өнегелік тазалыққа тәрбиелеп, “тәжірибесізді дана қылады, жүректі қуантады, көзді жайнатады” (Зәбүр 19:7, 8).
Қайғы-қасірет пен қоғамдағы шиеленістің себебін түсіндіретін кітап
Қандай да бір індет тарап, адамдар жаппай қырылса, мамандар індеттің шығу себебін анықтауға тырысады. Сол сияқты қоғам арасындағы шиеленіс пен бақытсыздықтың да себебі бар. Оны анықтау үшін тағы да Киелі кітапқа жүгінбекпіз. Өйткені онда адамзаттың бастапқы тарихы және барлық бақытсыздықтың қайдан бастау алғаны тайға таңба басқандай анық етіп жазылған.
Мұса пайғамбардың бірінші жазбасында Адам мен Хауаның Құдайға қарсы бүлік шығарғаны және осыдан қайғы-қасіреттің бастау алғаны жазылған. Олар Құдайға ғана тиесілі құқыққа қол сұғып, ненің ақ, ненің қара екенін өздері шешпек болды (Мұсаның 1-жазбасы 3:1—7). Өкінішке қарай, Адам мен Хауаның ой қалпы ұрпақтарына да берілді, сондықтан адамдар бүгінде тәуелсіз болуға құмар. Бірақ адамзат азаттық пен бақытқа қол жеткізбеді, керісінше, дағдарыс пен соғыстан көз ашпай, рухани және өнегелік жағынан әбден азып-тозды (Уағыздаушы 8:9). Киелі жазбаларда: “Адам тіпті өз қадамына бағыт бере алмайды”,— деп дәл айтылған (Еремия 10:23). Қорыта айтқанда, адамдар Құдайдан тәуелсіз болудың қандай екенін көрмек болып, қауіпті “сынақ” жүргізді, ал нәтижесінде мұның зардабын өздері көріп жатыр. Дегенмен біз еш үмітсіз емеспіз.
Үміт беретін кітап
Жаратушы Иенің билігі мен заңдарын құрметтейтін жандар үшін жақсы хабар бар: Құдай зұлымдыққа және оның кесірінен болып жатқан бақытсыздыққа шыдап отыра бермейді. Зұлым, арсыз, қасиетсіз адамдарға қатысты Киелі кітап былай дейді: “[Олар] істерінің ащы жемісін жейді” (Нақыл сөздер 1:30, 31). Ал “момындар жерді мұра етеді, керемет тыныштық орнағанын көріп, шаттыққа кенеледі” (Зәбүр 37:11).
Киелі кітапта: “[Құдай] әртүрлі адамдардың құтқарылғанын және шындық жайлы тура білім алғанын қалайды”,— делінген (Тімөтеге 1-хат 2:3, 4).
Жаратушы Ие адамдар жер бетінде бейбіт өмір сүрсін деген о бастағы ниетін “Құдай Патшалығы” арқылы жүзеге асырады (Лұқа 4:43). Бұл Патшалық дүниежүзі бойынша көктен билік етеді. Сөйтіп, адамзаттың үстінен билік ету құқы өзінің заңды иесі — Құдайдың қолына өтеді. Иса пайғамбар әйгілі дұғасында: “Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің... жер бетінде де орындалсын!”— деп, көктегі Патшалықтың жерге билік жүргізетінін айтып кетті (Матай 6:10).
Құдай Патшалығы келгенде, жер бетінде Құдайдың қалауын орындайтын азаматтар өмір сүреді. Олар адамзаттың үстінен Жаратушының ғана билік етуге құқылы екенін мойындайды. Сол кезде парақорлық, ашкөздік, дағдарыс, нәсілшілдік пен соғыс атымен болмайды. Қайта, бір әлем, бір үкімет, бір халық болады, рухани әрі адамгершілік құндылықтары да барлық жерде бірдей болады (Аян 11:15).
Сол заманды көру үшін қазір білім алуымыз қажет. Киелі жазбаларда: “[Құдай] әртүрлі адамдардың құтқарылғанын және шындық жайлы тура білім алғанын қалайды”,— делінген (Тімөтеге 1-хат 2:3, 4). Мұндағы тура білімге Құдай Патшалығының “Конституциясы”, яғни Киелі жазбалардағы заңдар мен қағидалар кіреді. Олардың кейбірі Исаның тауда айтқан әйгілі уағызында кездеседі (Матай кітабы, 5—7 тараулар). Егер адамдардың бәрі Исаның осы уағызындағы ақыл-кеңесін тыңдаса, жер бетінде қандай ғажап өмір болмақ десеңізші!
Киелі кітаптың жержүзі бойынша таралымы ең көп кітап екені — таңғаларлық жайт емес. Себебі Жаратушы Иеміз ондағы ілімдерді өз рухының жетелеуімен жаздырған. Сондай-ақ ол қай ұлттан шықпасын не қай тілде сөйлемесін, барлық адамның өзі жайлы білгендерін және оның Патшалығының игілігін көргендерін қалайды (Елшілердің істері 10:34, 35).
a Есімі өзгертілген.