Ехобаның күні жақын қалғандықтан, адамдарға қалай қарауымыз керек?
“Иеміз уәдесін орындауын кешіктірмейді! Керісінше, Ол бізге төзімділік танытуда: ешкімнің де тозаққа түсуін емес, барлық адамдардың теріс жолдан қайтып, күнәларына өкініп, арылуын қалайды!” (2 ПЕТІР 3:9).
1, 2. а) Бүгінде Ехоба адамдарға қалай қарайды? ә) Өзімізден не деп сұрауымызға болады?
ҚҰДАЙДЫҢ қызметшілеріне ‘күллі халықтарға барып, шәкірттер’ дайындау тапсырылған (Матай 28:19). Осы тапсырманы орындай және ‘Ехобаның ұлы күнін’ күте жүріп, біз де Құдай адамдарға қалай қараса, солай қарауымыз керек (Софония 1:14, ЖД). Ал ол адамдарға қалай қарайды? Елші Петір былай деп жауап береді: “Кейбіреулер “Ол кешігіп, келмей қалды” деп санағанмен, Иеміз уәдесін орындауын кешіктірмейді! Керісінше, Ол бізге төзімділік танытуда: ешкімнің де тозаққа түсуін емес, барлық адамдардың теріс жолдан қайтып, күнәларына өкініп, арылуын қалайды!” (2 Петір 3:9). Ехоба адамдарға күнәларына өкінуі мүмкін деп қарайды. Сондай-ақ “барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларын қалайды” (1 Тімоте 2:4). Ол тіпті “күнәкардың теріс жолдан қайтып, тірі болғанын қалайды!” (Езекиел 33:11).
2 Әрбір адам өзінен былай деп сұрауына болады: “Мен адамдарға Ехоба сияқты қараймын ба? Барлық адамдарды ұлтына, нәсіліне қарамай, Ехобаның ‘ізгі шопандай бағатын халқы’ ретінде қарастырамын ба?” (Забур 99:3; Елшілердің істері 10:34, 35). Олай болса, Құдайдың көзімен қараудың маңызды екенін көрсететін екі мысалды қарастырып көрейік. Екі оқиғада да адамдарға өлім қаупі төніп тұрды, ал бұл туралы Ехобаның қызметшілері алдын ала білетін еді. Ендеше, Ехобаның ұлы күнін күтіп жүргендіктен, біздер үшін бұл мысалдардың ерекше маңызы бар.
Ыбырайым Ехобаның көзқарасын бөлісті
3. Ехоба Содом мен Ғомора тұрғындарына қалай қарады?
3 Бірінші мысал — адал рубасы Ыбырайымның күнәға батқан Содом мен Ғомора қалаларына қатысты қөзқарасы. Ехоба ‘Содом мен Ғомора қалаларының үстінен өте көп шағым түсіп, сол жерде жасалған күнәлар тым ауыр’ екенін ести сала, қала мен оның тұрғындарын бірден жойған жоқ. Алдымен, ол бәрін жақсылап тексерді (Жаратылыс 18:20, 21). Ол Содомға екі періштені жібереді де, олар әділ адам Луттың үйіне тоқтайды. Сол кеште періштелермен азғын жыныстық қатынасқа түсу мақсатымен қала тұрғындары “жасы бар, кәрісі бар, қаланың түкпір-түкпірінен жиналып келген ер адамдарының бәрі үйдің сыртын айнала қоршап алды”. Содомдықтардың құлықтылық жағынан құлдырауы барлық жағынан олардың қаласының жойылуға лайық екендігін анық дәлелдеді. Сонда да періштелер Лутқа: “Сенің бұл жерде тағы қандай жақындарың бар? Күйеу балаларың, ұл-қыздарың мен барлық басқа адамдарыңды осы қаладан алып кет!” — деді. Ехоба қала тұрғындарының кейбіреулеріне құтқарылуға мүмкіндік берді, бірақ соңында өлімнен тек Лут пен оның екі қызы ғана құтқарылды (Жаратылыс 19:4, 5, 12, 16; 23—26).
4, 5. Неге Ыбырайым Содом тұрғындары үшін жалынды және оның адамдарға деген көзқарасы Ехобаның көзқарасымен сәйкес келді ме?
4 Ал енді Ехобаның Содом мен Ғомораның жағдайын тексеру жайлы өзінің ниетін хабарлаған уақытқа оралайық. Ыбырайым дәл сол уақытта Құдайға жалына бастады: “Мүмкін, қалада елу әділ адам бар шығар, Сен оларды шынымен құртпақсың ба? Сол жерге ондағы елу әділ үшін рақым еткің келмей ме? Сен осылай істеп әділ адамды жауызбен бірге өлтіріп, оған арам кісіге қарағандай қараудан аулақсың ғой. Бүкіл әлемнің Қазысы әділетті шешім қабылдамаушы ма еді?” Ыбырайым “аулақсың ғой” деген сөзді қолданды. Ол Ехобаның арамдармен бірге әділдерді қоса жоймайтынын өз тәжірибесінен білетін. Ехоба егерде елу әділ адам табылса, Содомды жоймайтынын айтқанда, Ыбырайым бұл санды біртіндеп онға жеткенше азайтты (Жаратылыс 18:22—33).
5 Егер сол оқиғаға Ехоба басқаша қараған болса, Ыбырайымның жалынғанын тыңдар ма еді? Әрине, жоқ. “Құдайдың досы” саналған Ыбырайым Құдайдың адамдарға қалай қарайтынын анық білген, сондықтан оның қөзқарасымен бөліскен (Жақып 2:23). Ехоба Содом мен Ғомораға назарын аударғанда, Ыбырайымның тілегін тыңдауға келісті. Неге? Себебі көктегі Әкеміз “ешкімнің де тозаққа түсуін емес [“өлгенін емес”, ЖД], барлық адамдардың теріс жолдан қайтып, күнәларына өкініп, арылуын қалайды”.
Жүністің адамдарға мүлдем басқаша қарауы
6. Ниневиліктер Жүністің уағызын қалай қабылдады?
6 Екінші мысал — Жүністің мысалы. Бұл жолы өлім қаупі Ниневиге төнді. Жүніс пайғамбарға қаланың зұлымдығы Ехобаға дейін жеткендігін жариялау тапсырылды (Жүніс 1:2). Ниневи сыртқы төңірегін қосқанда “аралап шығуға үш күн уақыт кететін” үлкен қала болатын. Жүніс ақырында Құдайға бағынып, Ниневиге келгенде былай деп жариялады: “Қырық күннен кейін Ниневи күйреп, тас-талқан болады!” Жауап ретінде “қала халқы Құдайдың хабарына сенді. Олар (күнәларына өкініп) ораза жариялап, үлкен-кіші барлық адамдар азалы киім киді”. Тіпті Ниневидің патшасы да өкініш білдірді (Жүніс 3:1—6).
7. Ехоба ниневиліктердің өкінішіне қалай қарады?
7 Бұл — Содомдағыдан мүлде басқаша көзқарас! Ниневиліктердің өкінішіне Ехоба қалай қарады? Жүніс 3:10-да былай делінеді: “Оларға мейірімділік танытып, бәрін құртамын деген райынан қайтты”. “Райынан қайтты” дегеннің мағынасы олар күнәларына өкініп, өзгергеннен кейін Ехобаның ниневиліктерге басқаша қарағандығын білдіреді. Құдайдың нормалары өзгермесе де, ниневиліктердің өкінішін көргеннен кейін, Ехоба шешімін өзгертті (Малахи 3:6).
8. Жүніс неге реніш білдірді?
8 Жүніс Ниневидің жойылмайтынын түсінгенде, жағдайға Ехобаның көзқарасымен қарады ма? Жоқ. Біз былай деп оқимыз: “Жүніс бұған қатты кейіп, ашуланды”. Жүніс тағы да не істеді? Киелі кітапта былай делінеді: “Ол Жаратқан Иеге сиынып былай деді: — Уа, Тәңірім, мен осылай болатынын елімде жүргенде-ақ айтпап па едім? Сондықтан да тездетіп Тарсиске қарай қаштым. Сенің рақымды да мейірбанды Құдай екеніңді білдім: Сен тез қаһарлана қоймайтын төзімдісің, сүйіспеншілігің шексіз зор. Пәле жіберемін деген райыңнан қайтуға да дайынсың” (Жүніс 4:1, 2). Жүніс Ехобаның қасиеттерін білетін еді. Бірақ пайғамбар осы жағдайда реніш білдіріп, күнәларына өкінген Ниневи тұрғындарына қатысты Құдайдың көзқарасымен бөліспеді.
9, 10. а) Ехоба Жүніске қандай сабақ берді? ә) Неге Жүніс ақырында ниневиліктерге қатысты Ехобаның көзқарасымен бөлісті деп айта аламыз?
9 Жүніс “қаланың не боларын көрмек болып” Ниневиден шығып, өзіне күрке жасап, соның көлеңкесінде отырады. Ехоба Жүніске көлеңке болу үшін бір бұтаны өсіреді. Бірақ келесі күні бұл бұта қурап қалады. Жүніс бұған ашуланғанда, Ехоба оған былай деді: “Бұтаға бола ренжіп, ашуланатындай қандай хақың бар?.. Ал Ниневиде жақсы мен жаманды айыра алмайтын жүз жиырма мыңнан астам халық, сондай-ақ көптеген мал бар. Ендеше осы үлкен қалаға қалай Менің жаным ашымасын?!” (Жүніс 4:5—11). Ехоба Жүніске өзінің адамдарға қалай қарайтынын мысал арқылы қалай түсіндірді десеңші!
10 Киелі кітапта Ниневи тұрғындарына жанашырлық танытқаны жайында Құдайдың сөзіне Жүністің қалай қарағаны жазылмаған. Бірақ пайғамбардың күнәларына өкінген Ниневи тұрғындарына көзқарасын өзгерткені анық. Ехобаның өзі Жүніске киелі рухының жетелеуімен кітап жаздырғанынан, біз осындай шешімге келе аламыз.
Адамдарға сен қалай қарайсың?
11. Бүгінгі күні өмір сүріп жатқан адамдарға Ыбырайым қалай қараған болар еді?
11 Бүгінде біз Ехобаның ұлы күнінде зұлым заманның жойылуының, яғни басқа бір апаттың табалдырығында тұрмыз (Лұқа 17:26—30; Ғалаттықтарға 1:4; 2 Петір 3:10). Бүгінгі күндегі өлім аузында тұрған адамдарға Ыбырайым қалай қараған болар еді? Ол әлі де ‘Патшалық туралы Ізгі хабарды’ естімегендер үшін қам жеген болар еді ғой (Матай 24:14). Содомда бар болуы мүмкін әділ адамдардың құтқарылуы үшін Ыбырайым Құдайға қайта-қайта жалынған болатын. Өзімізден былай деп сұрауымызға болады: Егер күнәсіне өкінуге және Құдайға қызмет етуге мүмкіндік берсе, Шайтанның билігінде жатқан жолын тастауы мүмкін адамдарды уайымдаймын ба? (1 Жохан 5:19; Аян 18:2—4).
12. Неге бастапқыдағы Жүніс сияқты болып қалу оңай, осыған байланысты не істеуіміз керек?
12 Барлық зұлымдықтың соңын тағатсыздана күткеніміз дұрыс (Аббақұқ 1:2, 3). Бірақ бастапқыда күнәларына өкініш білдіруі мүмкін адамдарға атүсті қараған Жүніс сияқты болып қалуымыз оп-оңай. Егер Патшалықтың хабарымен үйлерге барғанда, үнемі немқұрайдылыққа, қастасу, тіпті ұрыс-жанжалдарға кезігетін болсақ, мұндай қауіп әсіресе мүмкін. Біз Ехобаның осы зұлым дүниеден әлі де жинайтын адамдарына мән бермей қояр едік (Римдіктерге 2:4). Егер өзімізді жақсылап тексерудің нәтижесінде, бойымыздан Жүністің ниневиліктерге қатысты бастапқы көзқарасына тіпті кішкентай да ұқсастық байқасақ, Ехобаның адамдарға деген көзқарасын қабылдау үшін көмек сұрап дұға етуімізге болады.
13. Неге бүгіндегі адамдарға Ехоба атүсті қарамайды деп айта аламыз?
13 Ехоба өзіне әзірге қызмет етпей жүргендерге атүсті қарамайды, ол өзіне өмірлерін бағыштаған қызметшілерінің дұғаларын тыңдайды (Матай 10:11). Мысалы, олардың дұғасына жауап ретінде әділдік орнатады (Лұқа 18:7, 8). Сонымен қатар Ехоба өз уақытында барлық уәделері мен ниетін орындайды (Аббақұқ 2:3). Бұл оның қайтадан жаман істеріне оралған ниневиліктерді жойғандай, жерді барлық зұлымдықтардан тазартатындығын білдіреді (Нағұм 3:5—7).
14. Ехобаның ұлы күнін күте отырып, не істеуіміз керек?
14 Ехобаның ұлы күнінде осы бүлінген зұлым дүние жойылғанша, бар күш-жігерімізді Құдайдың еркін орындауға жұмсап, шыдамдылықпен күте аламыз ба? Құдайдың күні келгенше, уағыздау ісінің қандай шамада атқарылатыны туралы біз бүге-шігесіне дейін білмейміз, бірақ ол күнге дейін Патшалық туралы ізгі хабардың бүкіл жер бетіне Құдайдың еркіне сай дәрежеде уағыздалатыны нақты белгілі. Әрине, біз өз үйін даңққа бөлеу үшін Ехобаның әлі де жинайтын ‘қалаулылары’ жайында қам жеуіміз керек (Нағай 2:7, ЖД).
Көзқарасымыз іс-әрекетімізден көрінеді
15. Ізгі хабарды уағыздаудың маңыздылығын анығырақ түсінуімізге не көмектеседі?
15 Мүмкін біз ізгі хабарды жақсы тыңдамайтын жерде тұрып жатқан шығармыз, ал Патшалықты жариялаушылар жетіспейтін жерге көшіп баруға жағдайымыз келмейтін болар. Осы дүниенің соңы келгенге дейін біздің аумағымыздан он адам ғана табылады делік. Осы он адамды іздеуге лайық деп есептейміз бе? Иса адамдарды аяды, “себебі адамдар бағушысы жоқ қойлардай қалжыраған бейшара болатын” (Матай 9:36). Киелі кітапты зерттеу және “Күзет мұнарасы”, “Ояныңдар!” журналдарындағы мақалаларды тыңғылықты оқу арқылы, біз осы дүниенің қандай ауыр күйде екенін тереңірек түсінетін боламыз. Бұл ізгі хабарды уағыздаудың маңыздылығын анығырақ түсінуімізге көмектеседі. Сондай-ақ “адал да ақылды құл” арқылы беріліп отырған Киелі кітапқа негізделген материалдарды ризашылықпен пайдаланатын болсақ, жиі уағыздалатын аумақтарда онан сайын сендіре уағыздай алатын боламыз (Матай 24:45, ЖД, 46, 47; 2 Тімоте 3:14—17).
16. Қалай қызметімізді нәтижелі ете аламыз?
16 Киелі кітаптың құтқарылу туралы хабарына әлі де құлақ асатындардың қамын ойлау бізді әр түрлі уақытта уағыздауға және қызметте түрлі тәсілдерді қолдануға талпындырады. Біз барғанда адамдардың көбісі үйлерінде болмаса ше? Егер әр түрлі уақытта және түрлі орындарда куәлік ететін болсақ, мүмкін, қызметімізді нәтижелі етуге мүмкіндік болатын шығар. Балықшылар балыққа оны ұстауға болатын кезде барады. Рухани балық аулауға келгенде, біз де осылай істей аламыз ба? (Марқа 1:16—18). Неге кешке немесе сымтетік арқылы (егер заңды болса) куәлік етіп көрмеске? Кейбіреулер көлікжайлар, алыс сапарға шығатын жүргізушілердің демалыс орындары, жанар май құятын бекеттер мен дүкендердің өте “балыққа бай” жерлер екенін білген. Сондай-ақ біз де адамдарға Ыбырайым сияқты қарайтын болсақ, ыңғайы келген жағдайдың бәрінде бейресми түрде куәлік ететін боламыз.
17. Қалай шетелде қызмет етіп жатқан миссионерлер мен басқа да қызметшілерді жігерлендіре аламыз?
17 Миллиондаған адамдар әлі Патшалық туралы хабарды естіген жоқ. Мұндай адамдарға тек уағыздау арқылы ғана емес, басқа да әдістермен, тіпті үйден шықпай-ақ, қамқорлық көрсете аламыз. Миссионер немесе басқа да толық уақытты қызмет ететін таныстарымыз бар ма? Егер бар болса, хат арқылы олардың еңбектеріне деген ризашылығымызды білдіруімізге әбден болады. Бұдан адамдарға деген қамқорлық қалай көрінеді? Жігер мен мақтауға толы хаттарымыз миссионерлерді тағайындалған жерінде қалуға талпындырады, сонда олар тағы да көптеген адамдардың шындықты қабылдауына көмектесе алады (Билер 11:40, ЖД). Сондай-ақ миссионерлер үшін және өзге елдердегі шындыққа сусаған адамдар үшін дұға етуімізге болады (Ефестіктерге 6:18—20). Адамдарға қамқорлық көрсетудің тағы бір жолы — Ехоба Куәгерлерінің бүкіл әлемдік ісіне садақа беру (2 Қорынттықтарға 8:13, 14; 9:6, 7).
Көшіп бара алар ма едің?
18. Кейбір мәсіхшілер өз елінде уағыздау ісінің аясын кеңейту үшін қандай шаралар қолданды?
18 Патшалықты жариялаушылар жетіспейтін жаққа көшіп барғандар өздерінің жанқиярлықтары үшін баталарға ие болды. Ал басқа Ехоба Куәгерлері өз елдерінде қалып, сырт елден келгендерге рухани көмек беру үшін шет тілін үйренді. Мұндай күш жұмсаудың сыйға ие болып жатқаны сөзсіз. Мысалы, Техас штатының (АҚШ) бір қаласындағы қытайларға көмектесу үшін осындай күш жұмсаған жеті Куәгердің арқасында, 2001 жылы Еске алу кешіне оларға 114 адам қосылды. Шет тілді топтарға көмектесетіндердің танапта жинайтын егіндері пісіп тұр (Матай 9:37, 38).
19. Патшалықты жариялау ісіне қатысу мақсатымен басқа жерге көшіп барғымыз келсе, бізге қандай кеңес беріледі?
19 Мүмкін, өзің де, отбасың да Патшалықты жариялаушылар жетіспейтін жаққа көшуге жағдайымыз келеді деп санайтын шығарсыңдар. Мұндайда, әрине, алдымен “кететін шығынды есептеп” алғанымыз ақылдылық болар еді (Лұқа 14:28). Бұл әсіресе адам басқа елге көшуді ойлағанда маңызды. Мұндай мүмкіндікті пайдаланғысы келгендер өздеріне мынадай сұрақтар қоюына болады: мен ол жақта отбасымды асырай алам ба? Қажетті рұқсатнама ала аламын ба? Ол елдің тілін білемін бе немесе үйренуге дайынмын ба? Ол жердің мәдениеті мен ауа райы туралы ойландым ба? Мен жергілікті бауырластар үшін нағыз “жұбаныш” бола аламын ба және оларға салмақ салмаймын ба? (Қолостықтарға 4:10, 11). Көшіп барғың келетін жерде жариялаушылардың қаншалықты қажет екенін білу үшін сол жердің уағыздау ісін басқаратын Ехоба Куәгерлері филиалына жазсаң, еш артық болмас едіa.
20. Қалай бір жас мәсіхші өзін бір сенімдегілерге және өзге елдегі басқа адамдарға қызмет етуге арнады?
20 Жапониядағы Патшалық Сарайы құрылысымен айналысатын бір мәсіхші кездесу өткізетін Сарай салуға Парагвайға маман жұмысшылар қажет екенін біледі. Ол жас әрі үйленбеген, күш-қуаты жеткілікті болғандықтан, Парагвайға көшіп барады, сөйтіп сол құрылыста сегіз ай көлемінде толық уақытты құрылысшы ретінде жұмыс істейді. Парагвайда ол испан тілін үйренеді және үй жағдайындағы Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізеді. Ол бұл жерде Патшалықты жариялаушыларға қажеттілік бар екенін көреді. Сондықтан біршама уақытқа Жапонияға оралып, ол қайтадан Парагвайға келеді, сөйтіп адамдарды сол Патшалық Сарайына кездесулерге шақыруға көмектеседі.
21. Әзірге Ехобаның ұлы күнін күтіп жатқандықтан, біз адамдарға қалай қарауымыз және не нәрсеге әсіресе ден қоюымыз керек?
21 Құдай уағыздау ісінің өзінің еркіне сай, толық дәрежеде атқарылуына қам жасайды. Бүгінде ол соңғы рухани егіннің жиналуын тездетуде (Ишая 60:22). Ал әзірге біз Ехобаның күнін күтудеміз, сондықтан егін жинауға құлшына қатысып, адамдарға сүйікті Құдайымыз сияқты көзқараспен қарайық.
[Сілтемелер]
a Уағыздау ісіне тиым салынған немесе шектеу қойылған жерлерге көшіп бару әрқашан пайдалы бола бермейді. Бұл жағдайға қарай абайлап уағыздап жатқан Патшалықтың жариялаушыларына тіпті кері әсер етуі де мүмкін.
Естеріңде ме?
• Ехобаның күнін күте отырып, адамдарға қалай қарауымыз керек?
• Содомда адал адамдар бар болуы мүмкін екенін біле тұра, Ыбырайым өзін қалай ұстады?
• Жүніс күнәларына өкінген Ниневи тұрғындарына қалай қарады?
• Әлі ізгі хабарды естімеген адамдарға Ехобаның көзқарасымен қарайтынымызды қалай көрсетеміз?