НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | НЕГЕ ИСА ПАЙҒАМБАР АЗАП ШЕГІП ӨЛУ КЕРЕК БОЛДЫ?
Бұл оқиға шынымен болған ба?
Б. з. 33 жылының көктемінде Назарет қаласынан шыққан Иса пайғамбар өлімге кесілді. Ол үкіметке қарсы шықты деген жалған айыппен аяусыз соққыға жығылып, бағанаға шегеленді. Ол жаны қиналып өлді. Бірақ Құдай оны қайта тірілтіп, 40 күннен кейін ол көкке көтерілді.
Иса пайғамбар туралы бұл оқиға Інжіл кітабының беттерінен көрініс тапқан. Алайда оның өмірде шынымен болған-болмағаны мәні тереңде жатқан жайтты қозғайды. Себебі Иса пайғамбардың оқиғасы жай аңыз болса, демек, мәсіхшілердің бос нәрсеге сеніп жүргені және жұмақта мәңгі өмір сүру үмітінің ешқашан орындалмайтын қиял болғаны (Қорынттықтарға 1-хат 15:14). Ал егер бұл оқиға тарихта орын алған болса, онда адамзатты, соның ішінде сізді де, жарқын болашақ күтіп тұр. Сонымен, Інжілдегі сөздер сенуге тұрарлық дерек пе, әлде бос сөз бе?
ДЕРЕКТЕР НЕ ДЕЙДІ?
Інжіл кітабы — шындыққа жанаспайтын аңыздар жиынтығы емес. Оның жазушылары оқиғаларды бүге-шігесіне дейін тура баяндайды. Мысалы, онда тарихта шын мәнінде болған жер-су аттары келтіріледі. Ол жерлердің көбісіне бүгін саяхаттап баруға болады. Сондай-ақ Інжіл кітабында өмірде шын мәнінде болған адамдар жайында айтылады. Мұны тарихшылар да растап отыр (Лұқа 3:1, 2, 23).
І және ІІ ғасырдағы жазушылардың еңбектерінде де Иса туралы мәлімет барa. Оның қалай өлтірілгені сол замандағы римдіктердің өлімге кесу тәсіліне сай келеді. Сонымен қатар оқиғаларда өмірде болған шынайы жайттар баяндалады. Тіпті Исаның кей шәкірттерінің олқылықтары да жасырылмай, ашық айтылады (Матай 26:56; Лұқа 22:24—26; Жохан 18:10, 11). Бұл деректердің барлығы — Інжіл жазушыларының Иса туралы шыншыл әрі тура мәлімет жазғанына бұлтартпас дәлел.
ИСА ПАЙҒАМБАР ШЫНЫМЕН ҚАЙТА ТІРІЛДІ МЕ?
Исаның тарихта өмір сүргеніне және өлтірілгеніне көбісі сенеді, бірақ кейбіреулер оның қайта тірілгенін дауға салады. Тіпті елшілері де алғашында оның тірілгеніне сенбеген (Лұқа 24:11). Исаны бірнеше рет көргеннен кейін ғана олардың күмәндары сейілді. Бірде қайта тірілген Исаны 500-ден аса адам өз көздерімен көрді (Қорынттықтарға 1-хат 15:6).
Шәкірттері Исаның тірілгені туралы хабарды барлық жұртқа жариялады. Олар осы істері үшін түрмеге жабылудан да, өліп кетуден де қорықпады. Шәкірттері Исаның өліміне қатысы бар адамдарға да ол туралы айтудан тартынбады (Елшілердің істері 4:1—3, 10, 19, 20; 5:27—32). Исаның қайта тірілгеніне көздері жетпесе, соншама көп адам бастарын қатерге тігіп, ол туралы батыл жариялар ма еді? Шынында да, Исаның қайта тірілгені жайлы айғақ мәсіхшіліктің дүниежүзіне осыншалықты зор ықпал етуіне әсерін тигізіп отыр.
Інжілде жазылған Иса пайғамбардың өлімі мен қайта тірілгені жөніндегі мәлімет шынайы және тарихи тұрғыдан тура. Оқиғаларды мұқият оқысаңыз, олардың өмірде шынымен болғанына көзіңіз жетеді. Ал олардың не себепті орын алғанын білсеңіз, сенімділігіңіз одан сайын артады. Бұл жайлы келесі мақаладан толығырақ білесіз.
a Мысалы, шамамен б. з. 55 жылы дүниеге келген жазушы Тацит былай деген: “Мәсіх (мәсіхшілер деген атау осыдан шыққан) Тиберийдің тұсында прокураторымыздың бірі Понти Пилаттың қолынан аяусыз жапа шекті”. Иса туралы Светоний (І ғасыр), яһуди тарихшысы Иосиф (І ғасыр) және Бүтінияның әміршісі кіші Плиний де (ІІ ғасырдың басы) жазып кеткен.