Ешкім екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды
“Ешкім екі қожайынға бірдей құл бола алмайды... Сендер Құдайға да, байлыққа да бірдей құл бола алмайсыңдар” (МАТ. 6:24).
1—3. а) Бүгінде көп отбасы қандай қиындықтарға кезігіп жүр әрі кейбіреулер осы қиындықтарды қалай шешуге тырысады? (Осы беттегі суретті қара.) ә) Шетелде жұмыс істеуді ойлаған ата-аналар бала тәрбиелеуге байланысты нені уайымдауы мүмкін?
АЙЖАНa есімді әйел бауырласымыз былай дейді: “Күйеуім Марлен күніге жұмыстан қатты шаршап келетін. Бірақ оның бар тапқаны күнделікті қажетімізден артылмайтын. Мен күйеуімнің жүгін жеңілдеткім келді. Сондай-ақ сыныптастарының қатарынан қалмас үшін ұлым Арманға бірнеше жақсы заттарды сатып әпермек болдым”. Бұған қоса, Айжан туыстарына да қаржылай көмек көрсетуді әрі біраз ақша жинап қоюды ойлады. Оның көп достары ақша табу мақсатымен шетелге көшіп кеткен болатын. Ал Айжанның өзі екі ойлы болып жүрді. Не себепті?
2 Айжан жанындай жақсы көрген отбасынан әрі солармен бірге жүйелі түрде атқарып жүрген рухани істерден ажырап қалудан қорықты. Бір жағынан, ол: “Басқалар қандай да бір уақытқа шетелге көшіп жатыр ғой. Олардың отбасы рухани жағынан әлсіреп жатқан жоқ сияқты”,— деп ойлады. Ал екінші жағынан, Арманды алыста жүріп тәрбиелеу қиын болатынын да білді. Расында да, ол ұлын Интернет арқылы “Ехоба айтқандай тәрбиелеп, оның ақыл-кеңесін беріп өсіре” алар ма еді? (Ефес. 6:4).
3 Айжан осыған қатысты ақыл-кеңес іздеді. Күйеуі оның кеткенін қаламады, бірақ оны тоқтатуға да тырыспады. Қауымдағы ақсақалдар мен кейбір бауырластар оған шетелге бармауға кеңес берді. Ал бірнеше әйел бауырлас: “Отбасыңды жақсы көрсең, баруға тиіссің. Ехобаға сол жақта жүріп-ақ қызмет ете беруіңе болады ғой”,— деп, оны көшуге көндірмек болды. Содан Айжан күмәні болғанына қарамай, Марлен мен Арманның беттерінен сүйіп: “Мен көп ұзамай-ақ келемін”,— деп қоштасып кетті.
ОТБАСЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕР МЕН КИЕЛІ КІТАП ПРИНЦИПТЕРІ
4. Неліктен көп адам басқа жерге көшіп жатады және олардың балаларына кімдер қарайды?
4 Ехоба өз қызметшілерінің тақыр кедей болғанын қаламайды (Заб. 36:25; Нақ. с. 30:8). Ертеде Құдай халқы ас-судан тапшылық көргенде, басқа елге қоныс аударып, жан сақтаған. Мысалы, әулетбасы Жақып аштық кезінде ұлдарын Мысыр жерінен астық сатып алуға жібергенb (Жар. 42:1, 2). Бірақ бүгінде отбасыларын тастап, шетелге кетіп жатқандардың көбісі ішерге ас таппағандықтан солай етуге мәжбүр дей алмайсың. Десе де бастарынан асқан қарыздарынан құтылу үшін оларға күні-түні жұмыс істеуге тура келетін шығар. Ал басқалары жай отбасыларының тұрмыс деңгейін жақсартқысы келер. Осы мақсаттарға өздері тұрған жерде қол жеткізе алмағандықтан, олар басқа елге я басқа қалаға көшіп, отбасыларынан ажырап қалып жатады. Жиі олар өздерінің кішкентай балаларын жұбайларына, үлкен балаларына, ата-әжелеріне не басқа туыстары мен достарына қалдырып кетеді. Бұлай ету оңай болмаса да, көп эмигранттарға басқа амалдары болмағандай көрінеді.
5, 6. а) Бақытты да бейқам өмір жайлы Иса не деген? ә) Иса ізбасарларына қандай қажеттіліктер жайлы дұға етуді үйреткен? б) Ехоба бізді қалай жарылқайды?
5 Исаның күндерінде де кедей адамдар көп болған. Олар “Ақшамыз болғанда, әлдеқайда бақытты әрі бейқам өмір сүрер едік” деп ойлаған шығар (Мар. 14:7). Алайда Иса адамдардың өткінші байлыққа емес, мәңгілік баталардың Қайнары Ехобаға сенім артқанын қалаған. Таудағы уағызы кезінде ол бақытты да бейқам өмірдің дүние-мүлікке не өз күшімізбен қол жеткізген нәрселерге емес, Ехобамен тығыз қарым-қатынасымызға байланысты екенін айтқан.
6 Иса үлгілі дұғасында жайлы өмірді емес, “бүгінгі күнге қажетті нанды”, яғни әрбір күнге қажетті нәрселерді, сұрап дұға етуді үйреткен. Ол тыңдаушыларына: “Жер бетінде өздеріңе қазына жинауды доғарыңдар!.. Қайта, қазынаны көкте жинаңдар!”— деп анық айтқан (Мат. 6:9, 11, 19, 20). Ехоба, өзі уәде еткендей, бізге батасын беретініне еш күмәнданбасақ болады. Ол жай ғана өзінің риза екенін көрсетіп, арқамыздан қағып қана қоймайды. Ол бізді барлық қажетті нәрсемен қамтамасыз етеді. Иә, дүние-мүлікке емес, қамқор Әкемізге арқа сүйесек қана нағыз бақытқа қол жеткізе аламыз (Матай 6:24, 25, 31—34 оқы).
7. а) Ехоба бала тәрбиелеу міндетін кімдерге жүктеген? ә) Неге ата-ананың екеуі де бала тәрбиесіне барынша қатысулары керек?
7 “Құдайдың... әділдігін бірінші орынға қоятынымызды” отбасындағы міндеттерді Ехоба қалағандай атқару арқылы көрсете аламыз. Мұса заңында мәсіхші ата-аналарға қатысты бір маңызды принцип жазылған. Бұл принципке сай, ата-аналар балаларына рухани тәлім-тәрбие берулері керек (Заңды қайталау 6:6, 7 оқы). Құдай бұл міндетті ата-әжелерге не басқа біреуге емес, ата-анаға жүктеген. Сүлеймен патша: “Балам, әкеңнің тәрбиесін тыңда, Шешең берген тәлімнен де бас тартпа!”— деген (Нақ. с. 1:8). Ехоба әкенің де, шешенің де балаларының жанында болып, оларға тәлім-тәрбие бергенін қалайды (Нақ. с. 31:10, 27, 28). Балалар көбіне ата-аналарының Ехоба жайлы күн сайын айтқан сөздерін естіп, жақсы үлгілерін көргенде, оларға еліктеп, рухани өсуге талпынады.
КҮТПЕГЕН ҚИЫНДЫҚТАР
8, 9. а) Ата-ананың бірі отбасынан бөлек тұрса, қандай қиындықтар тууы мүмкін? ә) Отбасы мүшелерінің бір-бірінен бөлек тұрғаны эмоциялық және моральдық жағынан қандай зиян келтіруі мүмкін?
8 Шетелге көшпес бұрын адамдар әдетте бәрін саралап-салмақтап алуға тырысады. Алайда көбісі мұндай өзгерістің отбасына тигізетін залалы қаншалықты ауыр болатынын біле бермейтін көрінедіc (Нақ. с. 22:3). Айжан үйінен кеткеннен кейін, жүрегі езіліп, отбасын қатты сағына бастады. Күйеуі мен баласы да оны қатты сағынып жүрді. Кішкентай Арман анасынан: “Мені неге тастап кеттің?”— деп сұрай беретін. Жоспарланған бірнеше ай жылдарға ұласып кетті және Айжан отбасында көңілін алаңдатқан өзгерістердің орын алғанын байқады. Арманның мінезі тұйықтала бастаған еді, әрі ол анасынан барған сайын алшақтай берді. “Ұлымның маған деген сүйіспеншілігі суып кетті”,— деп күйіне есіне алады Айжан.
9 Ата-аналары мен балалары бірге тұрмаса, бұл отбасы мүшелеріне эмоциялық және моральдық жағынан көп зиян келтіруі мүмкінd. Балалар неғұрлым кішкентай болса және ата-аналары неғұрлым ұзаққа кетсе, бұның әкелер зардабы да соғұрлым ауыр болады. Айжан ұлына соның қамы үшін құрбандыққа барғанын айтып түсіндірді. Бірақ Арман үшін анасы оны тастап кеткендей болған еді. Алғашында ол анасының кеткеніне наразы болса, кейіннен анасының келгеніне наразы болатын болды. Ата-анасының қарауынсыз қалған басқа да көптеген балалар сияқты, Арманның ойынша, анасының одан сүйіспеншілік пен мойынсұнушылықты талап етуге енді құқы жоқ еді (Нақыл сөздер 29:15 оқы).
Балаңды Интернет арқылы құшақтай алмайсың (10-абзацты қара)
10. а) Ата-аналар өздерінің жоқтығын білдіртпеу үшін балаларына тек сыйлықтар жіберіп отырса, бұның арты неге әкеп соғуы мүмкін? ә) Бір-бірінен алыста тұратын отбасыларына не нәрсе жетіспей тұрады?
10 Айжан өзінің жоқтығын білдіртпеу үшін Арманға ақша мен сыйлықтар жіберіп тұру арқылы оны өзінен алшақтатып жатқанын әрі өзі аңдамай дүние-мүлікті Ехоба мен отбасынан жоғары қоюға талпындырғанын түсінді (Нақ. с. 22:6). Арман оған: “Үйге келмей-ақ қой! Сыйлықтарды жіберіп тұрсаң болды”,— дейтін. Баласын хаттар, телефон не бейне байланыс арқылы тәрбиелей алмайтынына Айжанның көзі әбден жетті. “Балаңды Интернет арқылы құшақтап, ұйықтар алдында бетінен сүйе алмайсың ғой”,— деп түсіндіреді ол.
Жұбайыңнан алыста тұрудың қандай қаупі бар? (11-абзацты қара)
11. а) Жұбайлардың бөлек тұрғаны некеге қалай әсер етеді? ә) Айжан отбасына қайта қосылуы керектігін қалай түсінді?
11 Сондай-ақ Айжанның Ехобамен де, күйеуімен де қарым-қатынасы нашарлай түскен еді. Ол қауымға бару мен қызметке шығу сияқты істерге аптасына бір күн не одан да аз уақыт бөле алатын. Бұған қоса, жұмыс берушісі оны азғындық жасауға иландырмақ болды. Қиындыққа кезіккенде қастарында арқа сүйер жұбайлары болмағандықтан, Айжан да, оның күйеуі Марлен де басқа адамдарды жандарына жақын тұтып, азғындық жасауға шақ қалған. Екеуі азғындыққа бармаса да, олардың некелеріне қауіп төнген еді. Киелі кітап талабы бойынша, ерлі-зайыптылар бір-бірінің эмоциялық және жыныстық қажеттіліктерін қанағаттандырулары қажет. Ал Айжан мен Марлен бірге тұрмағандықтан кенеттен туған оймен бөлісу, жымию, аялау, құшақтау арқылы бір-біріне көңіл бөле алмады және некелік “борыштарын” орындамады (Таң. ә. 1:1; Қор. 1-х. 7:3, 5). Сонымен қатар олар балаларымен бірге рухани істерге толық атсалыса алмады. Айжан былай деп есіне алады: “Конгресте Ехобаның ұлы күнінен аман өту үшін отбасылық ғибадатты жүйелі түрде өткізудің біз үшін қаншалықты маңызды екеніне назар аударылды. Сонда мен үйге оралуым керектігін түсіндім. Мен рухани күйім мен отбасылық өмірімді қалпына келтіруім керек еді”.
ЖАҚСЫ ЖӘНЕ ЖАМАН КЕҢЕС
12. Отбасынан алыста тұратындарға Жазбаларда қандай кеңес жазылған?
12 Айжан үйге қайтуды шешкенде, оны қауымдағы бауырластардың бәрі бірдей қолдамады. Ақсақалдар Айжанды сенімі мен батылдығы үшін мақтаса, өз отбасыларынан алыста тұратын кейбір бауырластар оны үлгі етудің орнына ойынан айнытуға тырысты. Олар Айжанға: “Үйге қайтатын болсаң, қалай күн көрмексің? Көп ұзамай-ақ қайтып келерсің”,— деді. Осындай жаман кеңес бергенше, бауырластардың “өзінен кішілерді ақылға шақырып, өз күйеулері мен балаларын сүюге... үй шаруасына”, өз үйлерінің шаруасына, ұқыпты болуға үйреткендері жөн. Сонда “Құдай сөзі жамандалмайды” (Титке 2:3—5 оқы).
13, 14. Неге Ехобаның талаптарын туыстардың қалауынан жоғары қою үшін берік сенім қажет? Мысал келтір.
13 Көп эмигранттардың басқа жерге көшуіне жиі мәдениеттері әсер етіп жатады. Олардың өскен ортасында адамдар салт-дәстүрді және туыстарының, әсіресе ата-аналарының, алдындағы міндеттерін бәрінен жоғары қояды. Туыстарының Ехобаға ұнамсыз қалауларын орындамау үшін мәсіхшіге берік сенім қажет болады.
14 Сара бауырластың оқиғасын қарастырып көрейік. Ол былай дейді: “Ұлымыз Мади дүниеге келгенде, күйеуім екеуміз шетелде жұмыс істеп жүргенбіз және мен Киелі кітапты енді зерттей бастаған болатынмын. Туыстарымның барлығы менен аяққа тұрып алғанша баланы ата-анамның қолына береді деп күтті”. Сара баласын өзі тәрбиелейтінін айтқанда, туыстары да, күйеуі де оны жалқау санап, келеке етті. Сара былай деп есіне алады: “Шынымды айтсам, сол кезде “Баламды бірнеше жылға ата-анамның қарауына қалдырғанда тұрған не бар?” деп ойлаған едім. Бірақ Ехобаның баланы тәрбиелеу міндетін ата-анаға, яғни бізге, тапсырғанын білетінмін”. Сара тағы да жүкті болып қалғанда, оның Куәгер емес күйеуі түсік жасатуын талап етті. Бірінші баласына қатысты дұрыс шешім қабылдап, сенімі нығайған ол бұл жолы да Ехобаға адал болып қалды. Қазір Сараның өзі де, күйеуі мен балалары да бірге тұрып жатқандарына қуанышты. Егер Сара балаларының бірін не екеуін басқа біреудің қарауына бергенде, мұның салдары мүлдем басқа болар еді.
15, 16. а) Салтанат есімді бауырластың балалық шағы қалай өтті? ә) Салтанат бауырласымыз неге өзінің қызын басқаша тәрбиелеп өсіруді шешті?
15 Салтанат есімді бауырласымыз былай дейді: “Мен бірнеше жыл бойы әжемнің қолында өстім. Ал сіңлім ата-анаммен бірге тұратын. Үйге қайта оралғанда менің ата-анама деген сезімдерім өзгеріп кеткен еді. Сіңлім оларға өз сезімдерін ашық білдіре алатын, оларды құшақтап, еркін араласқаннан қуаныш алатын. Ал мен ата-анамнан алшақтап кеткенімді сездім. Тіпті есейген кезде де оларға шын сезімдерімді көрсету қиын болды. Сіңлім екеуміз ата-анамызға қартайған шақтарында қамқорлық көрсететінімізді айттық. Алайда мен мұны көбіне міндет санағандықтан ғана істесем, сіңлім оларды жақсы көргендіктен істейтін болар”.
16 Салтанат тағы былай дейді: “Кезінде анам мені өзінің анасына апарып тастаған еді. Ал енді, сол дәстүр бойынша, менің қызымды өз қолына алғысы келеді. Бірақ мен бұған келіспейтінімді ілтипатпен айтып түсіндірдім. Біз күйеуім екеуміз қызымызды Ехобаның жолында тәрбиелеп өсіргіміз келеді. Оның үстіне, мен қызыммен арамыздың суып кеткенін қаламаймын”. Салтанат бақытты да бейқам өмірге қол жеткізудің жалғыз жолы Ехоба мен оның талаптарын дүние-мүлік пен туыстардың қалауынан жоғары қою екенін жақсы түсінеді. Иса: “Ешкім екі қожайынға... Құдайға да, байлыққа да бірдей құл бола алмайды”,— деп анық айтқан (Мат. 6:24; Мыс. ш. 23:2).
КҮШ САЛСАҚ, ЕХОБА ІСТЕРІМІЗДІҢ “ОРАЙЫН КЕЛТІРЕДІ”
17, 18. а) Мәсіхшілер әрдайым қандай таңдау жасай алады? ә) Келесі мақалада қандай мәселелерді қарастырамыз?
17 Патшалық пен оның әділдігін өмірімізде бірінші орынға қойсақ, Көктегі Әкеміз Ехоба бізге шынымен қажет нәрсенің бәрін беруді уәде етеді (Мат. 6:33). Демек, шынайы мәсіхшілердің әрдайым таңдау еркі бар. Қандай қиындыққа кезіксек те, біз Киелі кітап принциптеріне қайшы келмейтін шешім қабылдай аламыз, өйткені Ехоба тығырықтан “шығудың жолын көрсетуді” уәде етеді (Қорынттықтарға 1-хат 10:13 оқы). Дұғада ақыл мен басшылық беруін сұрау арқылы әрі талаптарын ұстану арқылы Ехобаны “сүйенетінімізді” көрсетсек және оны “сабырмен күтсек”, “Ол [біз] үшін әрекет етеді” (Заб. 36:5, 7). Жалғыз қожайынымыз ретінде қызмет етуге күш салғанымыз үшін ол бізге молынан батасын береді. Ехобаны өмірімізде бірінші орынға қойсақ, ол біздің істеріміздің “орайын келтіріп” отырады (Жаратылыс 39:3 салыстыр).
18 Бір-бірінен ажырап қалған отбасы мүшелері мұның әкелген зардабының орнын толтыру үшін не істей алады? Үйден кетпей-ақ қалай отбасын асырауға болады? Басқаларға бұған қатысты дұрыс шешім қабылдауға қалай сүйіспеншілікпен көмектесе аламыз? Бұл мәселелерді келесі мақалада қарастыратын боламыз.
a Есімдер өзгертілген.
b Жақыптың ұлдары Мысырға әр барған кезде өз отбасыларынан үш аптадан артық уақытқа ажырамаған көрінеді. Кейіннен Жақып пен оның ұлдары Мысырға көшкенде, әйелдері мен балаларын өздерімен бірге көшіріп әкеткен (Жар. 46:6, 7).
c “Ояныңдар!” журналындағы (ор.) “Эмиграция. Қиял мен шындық” деген мақаланы қара (2013 жыл, ақпан).
d Әртүрлі елде жүргізілген сараптамаларға сай, жұбайы мен балаларын тастап, шетелге жұмыс істеуге кеткендер үлкен қиындықтарға кезігулері мүмкін. Мұндай қиындықтардың қатарына ерлі-зайыптылардың бірінің не екеуінің де опасыздық жасауы, гомосексуализм, жақын туыспен жақындасу және бала тәртібінің бұзылуы, оқу үлгерімінің төмендеуі, ызақор, мазасыз болып кетуі, жан күйзелісіне түсуі не өз-өзіне қол жұмсауға бейім болуы жатады.