Табиғи апаттар Құдайды қатыгез етіп көрсете ме?
КЕЙБІРЕУЛЕР НЕ ДЕУІ МҮМКІН? “Құдай дүниені билеп отырғандықтан, табиғи апаттардың орын алуына себепші болып отыр. Бұл оның қатыгез екенін көрсетеді емес пе?”
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН? “Бүкіл дүние Шайтанның билігінде” (Жоханның 1-хаты 5:19). Бұлай болуы мүмкін бе? Ойлап көріңізші, Шайтан дүниені билеп отырғандықтан, адамдарды өзі сияқты өзімшіл не ашкөз болуға және іс әрекеттерінің алды-артын ойламауға итермелейді. Бұл адамдардың қоршаған ортаға неліктен соншалықты зиян келтіретінін түсінуге көмектеседі емес пе? Көптеген ғалымдардың айтуынша, табиғи ресурстарды дұрыс пайдаланбау табиғи апаттардың орын алуына не олардың жойқын бола түсуіне, я болмаса адамдардың апаттардан қорғануға дәрменсіз болуына себепші болуда.
Бірақ неліктен Құдай Шайтанның адамзатқа осыншалықты ықпал етуіне жол беруде? Бұл сұрақтың жауабы адамзат тарихының басында орын алған оқиғамен байланысты. Біздің түп ата-анамыз Құдайдың билігіне қарсы шыққан болатын. Сол уақыттан бері адамзаттың басым бөлігі Құдайдың билігіне мойынсұнудан бас тартқандықтан, бүкіл дүние Құдайдың жауы Шайтанның қол астына өтті. Сондықтан Иса Шайтанды “дүниенің билеушісі” деп атады (Жохан 14:30). Сонда Шайтан мәңгілік бойы билік ете бере ме? Жоқ!
Ехобаa Шайтанның кесірінен болып жатқан қайғы-қасіретке немқұрайды қарамайды. Керісінше, адамдардың қасірет шегіп жатқаны оның жанына қатты батады. Мысалы, Исраил халқының басына қиын күн туғанда Құдайдың не сезінгені жайлы Киелі кітапта былай делінген: “Олар азап шеккен кездің бәрінде Жаратқан Ие бірге азап шекті” (Ишая 63:9). Бақытымызға орай, жуырда Құдай Шайтанның қатыгез билігін жояды. Ол өзінің рухани Ұлы Иса Мәсіхті әділ патша ретінде мәңгілікке тағайындады.
БҰНЫ БІЛУ НЕЛІКТЕН МАҢЫЗДЫ? Шайтанның билігі адамдарды табиғи апаттардан қорғауға дәрменсіз, ал Исаның билігінің күші бұған жетеді. Бірде Иса өзінің шәкірттерін қатты дауылдан қорғап қалған. Киелі кітапта былай делінген: “Ол... желге тыйым салды да, теңізге: “Тына қал, басыл!”— деп бұйырды. Сонда жел басылып, жым-жырт тыныштық орнады”. Шәкірттері болса: “Жел де, теңіз де бағынатын бұл кім өзі?”— десті (Марқа 4:37—41). Бұл оқиға Исаның патша ретінде билік еткенде, мойынсұнғыш адамзатты қорғайтынына сенімділік береді (Даниял 7:13, 14).
a Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдайдың есімі.