Сеніммен әрекет ету Құдайдың ықыласына бөлейді
“Сенімі мен шыдамдылығының арқасында уәделерді мұра еткендерге еліктеңдер” (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 6:12).
1, 2. Ефта мен оның қызы қандай қиын жағдайға кезікті?
ЖАС ҚЫЗ шайқастан аман-есен оралған әкесінің алдынан жүгіріп шықты. Оның ұлы жеңісіне шат-шадыман болған қыз ән айтып, би билеп келеді. Бірақ әкесінің әрекеті мен айтқан сөзі оны қатты таңғалдырса керек. Әкесі киімінің өңірін жыртып: “Әттеген-ай, қызым! Жүрегімді жараладың-ау!”— деді. Сосын қызына Ехобаға ант бергенін айтты. Бұл ант қызының өмірін біржолата өзгертіп, ол енді тұрмыс құрып, бала сүйе алмайтын еді. Алайда қызы өзінің әдемі жауабымен әкесін уәдесінде тұруға талпындырды. Осылай өзінің зор сенімін паш етті. Ол Ехоба не талап етсе де, мұның бәрі өз игілігі үшін екеніне сенімді болды (Билер 11:34—37). Қызының сенімін көргенде, әкесі оны мақтан тұтты. Өйткені оның танытқан даярлық рухы Ехобаның жүрегін қуантып, ықыласына бөлейтінін білді.
2 Ефта мен қызы, тіпті қиын болған кезде де, Ехобаға және оның әрекет ету жолына толық сенім артты. Олар Ехобаның ықыласына бөлену кез келген құрбандыққа баруға тұратынына сенімді болды.
3. Ефта мен қызының үлгісі бүгінде біз үшін қай жағынан пайдалы?
3 Рас, Ехобаға сенім білдіру әрдайым оңайға соға бермейді. Біз “сенім үшін аянбай күресуіміз” керек (Яһуда 3). Бұлай ету үшін Ефта мен қызының кезіккен кейбір қиындықтарына назар аударайық. Осы жағдайларда олар қалай сеніммен әрекет етті?
ОЛАР ДҮНИЕНІҢ ЫҚПАЛЫНА БЕРІЛМЕЙ, СЕНІММЕН ӘРЕКЕТ ЕТТІ
4, 5. а) Исраилдіктер Уәде етілген жерге кіргенде, Ехоба қандай бұйрық берді? ә) Зәбүр 106-ға сай, Құдайға мойынсұнбағаны үшін исраилдіктермен не болды?
4 Ефта мен оның қызы Ехобаға мойынсұнбаудың салдары қандай болатынын күнде көріп жүрді. Шамамен 300 жыл бұрын Ехоба исраилдіктерге Уәде етілген жердегі жалған тәңірлерге табынушылардың көзін құртуды бұйырған еді, бірақ олар бұған құлақ аспады (Мұсаның 5-жазбасы 7:1—4). Олардың көбісі қанахандықтарға еліктеп, жалған құдайларға табынып, азғын өмір кеше бастады (Зәбүр 106:34—39 оқыңыз).
5 Исраилдіктер өзіне мойынсұнбағаны үшін Ехоба оларды жауларынан қорғамады (Билер 2:1—3, 11—15; Зәбүр 106:40—43). Сол бір қиын шақтарда Ехобаны жақсы көретін отбасыларға сеніммен әрекет ету қиынға соққан шығар. Десе де, Киелі кітапта айтылғандай, Ефта мен оның қызы, Елқана мен Ханна және Самуил сияқты Құдайға сенім танытқан адамдар болған. Олар Ехобаның ықыласына бөленуге бекінген еді (Самуилдің 1-жазбасы 1:20—28; 2:26).
6. Бүгінгі таңда осы дүниенің ықпалы қандай және біз не істеуіміз керек?
6 Бүгінгі таңда да адамдар қанахандықтар сияқты ойлап, солар сияқты әрекет етеді. Олардың бар есіл-дерті — жыныстық қатынас, зорлық-зомбылық және ақша. Бірақ Ехоба бізге нақты ескертулер береді. Ол исраилдіктерді осындай жаман ықпалдан қалай қорғағысы келген болса, бізді де солай қорғағысы келеді. Біз олардың қателігінен сабақ аламыз ба? (Қорынттықтарға 1-хат 10:6—11). Бізге қанахандықтардың ой қалпын танытатын осы дүниенің өмір салтынан барынша аулақ болу керек (Римдіктерге 12:2). Бұл үшін қолымыздан келгенді істеп жатырмыз ба?
ЕФТА КӨҢІЛІ ҚАЛҒАН ЖАҒДАЙДА ДА СЕНІММЕН ӘРЕКЕТ ЕТТІ
7. а) Ефта өз халқының тарапынан қандай жәбір көрді? ә) Бұл жағдайда Ефта не істеді?
7 Ефтаның күндерінде исраилдіктер Ехобаға мойынсұнбағандарының кесірінен філістірлер мен аммондықтардың езгісінде болды (Билер 10:7, 8). Ефта айналадағы өштескен халықтардан ғана емес, өз бауырлары мен Исраил басшыларының тарапынан да жәбір көрді. Ефтаны көре алмай, жек көргендіктен, бауырлары оны өзіне тиесілі заңды жерінен қуып жіберді (Билер 11:1—3). Алайда Ефта олардың қатыгез іс-әрекеттерінің өз көзқарасына әсер етуіне жол бермеді. Мұны қайдан білеміз? Халық басшылары Ефтадан көмек сұрап жалынғанда, ол қол ұшын беруге дайын болды (Билер 11:4—11). Оны бұлай әрекет етуге не талпындырған болуы мүмкін?
8, 9. а) Ефтаға Мұса Заңының астарындағы қандай принциптер көмектессе керек? ә) Ефта үшін ең маңыздысы не болды?
8 Ефта жаужүрек жауынгер ғана болмаған. Ол Исраилдің тарихы мен Мұса Заңын жетік білген. Ехобаның өз халқына қалай қарағанынан оның көз алдында ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінген (Билер 11:12—27). Мұса Заңының астарында жатқан принциптер Ефтаның көзқарасын қалыптастырды. Ол Құдайдың ашу-ыза мен кек алуды мақұлдамайтынын, қайта, халқынан бір-бірін жақсы көруді талап ететінін жақсы білген. Сонымен қатар Заңнан өзгелерге, тіпті өзін жек көретін адамдарға, қалай қарау керектігін үйренген (Мұсаның 2-жазбасы 23:5; Мұсаның 3-жазбасы 19:17, 18 оқыңыз).
9 Мысалы, Ефтаға Жүсіптің үлгісі әсер еткен болар. Бауырлары өзін жек көрсе де, Жүсіп оларға мейірімділік көрсеткен (Мұсаның 1-жазбасы 37:4; 45:4, 5). Осы жайлы ой жүгірткені Ефтаға Ехобаға ұнамды жолмен әрекет етуге көмектессе керек. Бауырларының істегені Ефтаның жанына қатты батқаны анық. Алайда Ехобаның есімін және оның халқын қорғап шайқасу Ефта үшін өз сезімдерінен де маңызды болды (Билер 11:9). Ол әрдайым Ехобаға сенім білдіруге бел байлаған еді. Осының нәтижесінде өзі де, исраилдіктер де Құдайдың батасын көрді (Еврейлерге 11:32, 33).
Жараланған сезіміміздің Ехобаға қызмет етуге кедергі жасауына жол бермейік
10. Киелі кітап принциптері қалай бізге мәсіхші ретінде әрекет етуге көмектеседі?
10 Біз Ефтаға еліктейміз бе? Егер бауырласымыз көңілімізді қалдырып, я болмаса суық қабақ танытып жатса ше? Мұндай жағдайда жараланған сезіміміздің Ехобаға қызмет етуге, қауымға барып, бауырластармен бірге болуға кедергі жасауына жол бермейік. Қайта, Ефтаға еліктеп, Құдайдың принциптеріне жүгінейік. Сонда біз де жағымсыз жағдайларды жеңіп, өзгелерге жақсы үлгі бола аламыз (Римдіктерге 12:20, 21; Қолостықтарға 3:13).
ЕРІКТІ ҚҰРБАНДЫҚТАРЫМЫЗ СЕНІМІМІЗДІ ПАШ ЕТЕДІ
11, 12. Ефта қандай ант берді және бұл нені білдірді?
11 Ефта Құдайдың көмегінсіз Исраил халқын аммондықтардың қолынан азат ете алмайтынын білді. Егер Ехоба жеңіс сыйласа, ол соғыстан келгенде үйінен бірінші болып шыққан адамды оған “түгел өртелетін құрбандық” ретінде беруді уәде етті (Билер 11:30, 31). Мұндай құрбандық нені білдірді?
12 Адамдарды құрбандыққа шалу Ехоба Құдай үшін жеркенішті. Сондықтан Ефта тура мағынада адамды құрбандыққа берейін деп жатқан жоқ еді (Мұсаның 5-жазбасы 18:9, 10). Мұса Заңы бойынша, түгел өртелетін құрбандық Ехобаға еш қалдықсыз, түгелдей берілетін ерекше сый-тарту болған. Демек, Ефтаның уәдесі Ехобаға берілетін адам өзін түгелдей Құдайдың қызметіне арнап, киелі шатырда өмір бойы қызмет етеді дегенді білдірді. Ехоба Ефтаның шартына құлақ асып, оған толықтай жеңіс сыйлады (Билер 11:32, 33). Сонда “түгел өртелетін құрбандық” кім болмақ еді?
13, 14. Билер 11:35-тегі Ефтаның сөздері оның сенімін қалай паш етеді?
13 Мақаланың басында сипатталып кеткен жағдайға қайта оралайықшы. Ефта шайқастан келгенде, оны қарсы алуға шыққан бірінші адам өзінің сүйікті, жан дегенде жалғыз қызы еді! Енді Ефта не істемек? Ол өз сөзінде тұрып, киелі шатырда Ехобаға өмір бойы қызмет етуге қызын бере ме?
14 Бұл жолы да Құдай Заңындағы принциптер Ефтаға дұрыс шешім қабылдауға көмектессе керек. Бәлкім, ол Мұсаның 2-жазбасы 23:19-дағы сөздерді есіне алған шығар. Онда Құдайдың халқы даярлық рухымен Ехобаға қолдарында бардың ең жақсысын беру керектігі айтылған. Сондай-ақ Заңда Ехобаға серт берген адам сөзінде тұрып, “серт еткен нәрсесінің бәрін орындауы” керектігі жазылған (Мұсаның 4-жазбасы 30:2). Ефта сеніммен әрекет еткен Ханна сияқты (екеуі бір уақытта өмір сүрсе керек) өз уәдесінде тұрды. Ол мұның өзінің де, қызының да болашағына қалай әсер ететінін жақсы білді. Оның қызы киелі шатырда қызмет етіп, ешқашан бала сүймей өтер еді. Бұл Ефтаның артында атын өшірмей, жерін мұра ететін тұяқ қалмайды дегенді білдіретін (Билер 11:34). Соған қарамастан Ефта: “Ехобаға берген антым бар еді, енді сөзімді қайтып ала алмаймын”,— деді (Билер 11:35). Сенім танытып, осындай үлкен құрбандыққа барғаны үшін Ехоба оны ықыласына бөлеп, батасын берді. Сіз де Ефта секілді сенім танытасыз ба?
15. Көпшілігіміз қандай уәде бердік және сол уәдемізге адал екенімізді қалай көрсете аламыз?
15 Біз өмірімізді Ехобаға бағыштағанда, қандай жағдай болмасын, оның еркін орындауды уәде еткенбіз. Осы уәдемізде тұру үшін қандай да бір құрбандықтарға бару керек болатынын да білгенбіз. Әсіресе бізден өзімізге ұнай қоймайтын нәрсе талап етілсе, не істейміз? Егер ішкі сезімдерімізді жеңіп, Құдайдың айтқанын орындауға дайын болсақ, уәдемізге адал екенімізді көрсетеміз. Құрбандыққа бару біз үшін қаншалықты ауыр болмасын, Ехобаның баталары одан әлдеқайда асып түседі (Малахи 3:10). Ал Ефтаның қызы ше? Ол әкесінің берген уәдесіне қалай қарады?
Қалай біз Ефта мен оның қызынікіндей сенім таныта аламыз? (16, 17-абзацты қараңыз)
16. Ефтаның қызы әкесінің берген антына қалай қарады? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)
16 Ефтаның қызына әкесінің антына сай әрекет ету оңай болмаған шығар. Бұл ант Ханнаның берген антынан өзгеше еді. Ханна өзінің ұлы Самуилді киелі шатырда назир болып қызмет етуге беремін деп ант еткен болатын (Самуилдің 1-жазбасы 1:11). Назирлер отбасын құрып, бала-шағалы бола алатын. Ал Ефтаның қызы “түгел өртелетін құрбандық” ретінде ұсынылғандықтан, ол асыл жар, аяулы ана болудың қызығынан бас тарту керек-тін (Билер 11:37—40). Ойлап көріңізші, жеңімпаз жауынгер әрі Исраил басшысының қызы болғандықтан, ол беткеұстар жігітке тұрмысқа шығуы мүмкін еді. Ал енді болса киелі шатырда қарапайым қызметші болмақ. Жас қыздың өзі бұған қалай қарады? “Әке, Ехобаға берген антыңыз болса, сөзіңізден таймаңыз”,— деп жауап беруімен ол Құдайға қызмет етуді ең басты орынға қоятынын көрсетті (Билер 11:36). Осылайша ол шынайы ғибадатты өркендету үшін күйеуге шығып, балалы болу сияқты табиғи қалауын құрбан етті. Оның осындай жанқиярлық рухына біз қалай еліктей аламыз?
Ефтаның қызы шынайы ғибадатты өркендету үшін күйеуге шығып, балалы болу сияқты табиғи қалауын құрбан етті
17. а) Ефта мен оның қызының сеніміне қалай еліктей аламыз? ә) Еврейлерге 6:10—12 тармақтардағы сөздер сізді қалай жанқиярлық рухын танытуға талпындырады?
17 Бүгінде де мыңдаған жас мәсіхшілер жанқиярлық рухын танытып, неке құрудан не балалы болудан әзірше бас тартуда. Өйткені олар Ехобаға көбірек қызмет еткісі келеді. Сондай-ақ жасы үлкен бауырластарымыз да балаларымен, немерелерімен өткізетін уақыттарын құрбан етіп, сол уақыттары мен күштерін Ехобаға арнауда. Олардың кейбірі құрылыс жобаларына қатысады не Патшалықты жариялаушыларға арналған мектепте оқып, қажеттілік бар жерлерге көшіп барады. Өзгелері болса Еске алу мезгілінде көбірек қызмет етіп, науқандарға қатысуды жоспарлайды. Ехоба осы адал жандардың жасап жатқан құрбандықтарының бірде-біреуін ұмытпайды (Еврейлерге 6:10—12 оқыңыз). Сіз де Ехобаға көбірек қызмет ету үшін құрбандықтарға баруға дайынсыз ба?
ОЙҒА ТҮЙГЕНІМІЗ
18, 19. Ефта мен оның қызының оқиғасынан қандай ой түйдік және оларға қалай еліктей аламыз?
18 Сонымен, Ефтаға өміріндегі көптеген қиындықтарға төтеп беруге не көмектесті? Ол шешім қабылдағанда үнемі Ехобаның көзқарасын ескерді. Ол айналасындағы адамдардың өзіне кері ықпал етуіне жол бермеді. Басқалар көңілін қалдырған жағдайда да ол сеніммен әрекет ете берді. Ефта мен оның қызының даярлықпен жасаған құрбандықтарына Ехоба батасын беріп, екеуін де шынайы ғибадатты өркендету үшін қолданды. Өзгелер Құдайдың нормаларын ұстанбаған күнде де, Ефта мен оның қызы оларды берік ұстана берді.
19 Киелі кітапта: “Сенімі мен шыдамдылығының арқасында уәделерді мұра еткендерге еліктеңдер”,— делінген (Еврейлерге 6:12). Ендеше, Ефта мен оның қызына еліктей отырып, сеніммен әрекет етіп, Құдайдың ықыласына бөлене берейік!