ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ АЙТУЛЫ ОҚИҒАЛАРЫ
“JW Broadcasting бізге қатты ұнайды!”
АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕГІ JW Broadcasting деп аталатын интернет-арнамыздың сынама жобасы 2014 жылдың 6 қазанында жұрт назарына ұсынылдыa. Ондағы сенімді нығайтатын бағдарламаларды көптеген бауырластар тамашалай алу үшін, 2015 жылдың тамыз айынан бастап олар 70-тен аса тілге аударыла бастады. Дүниенің жер-жеріндегі дүйім жұрт осы тамаша бағдарламаға өздерінің жылы лебіздерін білдіруде. JW Broadcasting бағдарламасы іске қосылғанға дейін нендей істер атқарылды екен?
Алдымен қолайлы орын табу керек болды. Ехоба куәгерлерінің Бруклин қаласындағы (Нью-Йорк) дүниежүзілік бас басқармасына қарасты Колумбия-Хайтс 30 ғимаратынан керемет орын табылды. Ол жер бір апта ішінде тазартылды. Сосын техникалық қызмет көрсету бөлімі оны телевизиялық жоба жасауға ыңғайлы етіп жасауға кірісті, ал дизайнерлер түсірілім алаңының құрметке лайықты әрі заманауи болуына қам жасады. Құрама Штаттардың жер-жерінен келген ер және әйел бауырластар студияны безендіру үшін және оны тез арада жасап шығару жолдарын ойластыру үшін тынбай еңбек етті. Әдетте бірнеше айға созылатын ізденіс жұмыстары бұл жағдайда бірнеше күн ішінде жасалды. Жабдықтау бөлімі бірден іске кірісіп, жүздеген затқа тапсырыс берді.
Бірнеше шақырым кабель орнатылып, жұмысшылар барлық құрылғылардың өзара дұрыс жұмыс істеуін қамдады. Сол арада Паттерсонның аудио-видео студияларында әдеттегі жоспар бойынша әртүрлі елден әуен жазуға келген бауырластардың көмегімен интернет-арнаның басты әуені жазылып жатты. Алғашқы бағдарламаға дайындық барысында сценарий жазылды, қойылымдар ұйымдастырылды, сондай-ақ Бруклин, Паттерсон мен Уолкилдегі және басқа да елдердегі аудио-видео топтары бейнематериалды дайындау үшін көп тер төкті. Студия толықтай дайын болып, барлық жабдықтар орнатылған соң, интернет-арнаның алғашқы бірнеше айлық бағдарламасының дайындық жұмыстары басталды.
JW Broadcasting бағдарламасын жазатын студия (Бруклин, Нью-Йорк)
Осы саладағы бір маманнан мұндай студияны дайындау үшін қанша уақыт кететінін сұрағанымызда, ол бұған әдетте бір жарым жылдай уақыт кететінін айтты. Ал біздің еңбекқор бауырластар бұл жұмысты екі-ақ айда бітіріп тастады!
Бұл жоба керемет нәтиже әкелді! Әдетте әр айдың бірінші дүйсенбісінде жарық көретін аталмыш бағдарлама сол айда екі миллионнан аса рет қаралады. Ал жалпы алғанда, арнамыздағы барлық бейнематериалдар айына он миллионнан астам рет қаралады.
“Бұл бағдарлама мені Ехобаның ұйымына және Басқарушы кеңеске жақындата түсті. Мен өзімді сүйіспеншілікті арқау еткен тамаша отбасының мүшесі ретінде сезінемін” (Кения)
Жаңа шараны Ехобаның халқы қалай қабыл алуда? Көптеген көрермен жылы лебіздерін білдіріп жатыр. Солардың кейбірі былай деді:
“Бүгін — мен үшін ең қуанышты кештердің бірі! Әйелім екеуміз JW Broadcasting арнасынан 2015 жылдың мамыр айындағы бағдарламаны тамашаладық. Қуанышымызда шек жоқ, бұл — Ехобаның берген ең керемет сыйларының бірі! Осы тамаша бағдарламаны дайындау үшін көп тер төккен Басқарушы кеңеске және барлық бауырластарға алғысымыз зор” (Индонезия).
“Осы күнге дейін көп бауырластар Басқарушы кеңестегі бауырластардың баяндамасын ешқашан естіген емес. Ал енді біз оларды естіп қана қоймай, көре де аламыз. Бұрын-соңды біз Басқарушы кеңеске осыншалықты жақын болып, дүниежүзілік бауырластықты осыншалықты терең сезінбеген едік” (Кения).
“Күйеуім Куәгер болмағандықтан, екі жасөспірім баламмен отбасылық ғибадат өткізу әрдайым оңай бола бермейді. Бұл орайда интернет-арнадағы бағдарламалар мен үшін баға жетпес сый болып отыр. Соның арқасында мен ұйымның бір бөлігі екенімді сезінемін, әрі балаларым да, өзім де қатты жігерленіп қаламыз. Бұл — Ехобаның керемет батасы!” (Ұлыбритания).
“JW Broadcasting бізге қатты ұнайды! Бағдарлама басқа тілдерге де аударылсыншы деп Ехобаға дұға еткенбіз, жақында сол дұғамызға жауап алдық. Әсіресе сіздер, ер бауырластар, бізге зор жігер бересіздер. Ехобаға ғибадат етуге қатысты қуаныш пен мейірімге толы көңілдеріңіз бізге әсер етпей қоймады. Ехобаның ғажап ұйымының мүшелері екенімізді бұрын-соңды мұншалықты терең сезінбеген едік” (Чех Республикасы).
“Басқарушы кеңес мүшелерінің баяндамасын ана тілімде естігенде, Ехобаға одан бетер жақындай түстім” (Бразилия).
“Ехобаға қызмет еткеніме 16 жыл болса да, көңілімді толқытқан бұл сезімім мен қуанышымды шомылдыру рәсімінен өткендегімен ғана салыстыра аламын. Қымбатты бауырластар, JW Broadcasting үшін көп рақмет” (Бразилия).
Ехобаның жарылқауының арқасында JW Broadcasting бағдарламасының дүниенің түкпір-түкпіріндегі бауырластарымызға әрі қарай да зор жігер беретініне және Құдайымыз Ехобаға мадақ әкелетініне сенімдіміз.
a JW Broadcasting арнасына tv.jw.org арқылы кіре аласыз.