7—13 ҚЫРКҮЙЕК, 2026
88-ӘН Ақ жолыңнан таймайын
Гибеондықтардан үлгі алайық
“Гибеондықтар Исраилмен бітім жасасып, солардың арасында тұрып жатты” (ЕШУА 10:1).
НЕГІЗГІ ОЙ
Гибеондықтардан қай жағынан үлгі алуға болатынын талқылаймыз және Ехобаның бұл халыққа қалай қарағанын көріп, оның болмысын жақсырақ түсінеміз.
1, 2. Киелі кітаптағы гибеондықтар жайлы оқиғаларға неге көңіл қоюымыз керек?
Б.З.Б. 1473 жыл. Бұл Исраил халқының Мысырдан шығып, Уәде етілген жерге аяқ басқан кезі. Олар сол жерді жаулауға кірісіп, Иерихон мен Гай қалаларын ойсырата жеңді. Бірақ бір күні Құдай халқымен бейбіт бітім жасасқысы келіп, бір кісілер келді. Олар өздерінің алыс жерден келгенін айтты.
2 Бұл келген кісілер гибеондықтар еді. Киелі кітапта гибеондықтар жайлы осы кезде бірінші рет айтылады. Гибеондықтар ғасырлар бойы исраилдіктердің арасында тұрғандықтан, Киелі кітапта олар жайлы оқиғалар көп. Сол оқиғаларды қарастырсақ, гибеондықтардан көп жағынан үлгі алуға болатынын байқаймыз және Ехобаның бұл халыққа қалай қарағанын көріп, оның болмысын жақсырақ түсінеміз.
ГИБЕОНДЫҚТАР СЕНІМ МЕН КІШІПЕЙІЛДІЛІК ТАНЫТТЫ
3. а) Гибеондықтар деген кімдер? ә) Гибеондықтар неге исраилдіктермен бейбіт бітім жасасқысы келді?
3 Гибеондықтар Қанахан жерінде тұрып жатқан жеті халықтың бірі хевтіктерге жатқан. Бұл халықтардың бәрі исраилдіктерден “әлдеқайда көп әрі қуатты” болатын (Мұс. 5-ж. 7:1). Гибеондықтар мықты дуалмен қоршалған Гибеон қаласында тұрып жатты. Олардың ер азаматтары да мықты сарбаздар еді (Ешуа 10:2). Бірақ басқа қанахандықтардан айырмашылығы, гибеондықтар исраилдіктерге қарсы соғысудың еш мәні жоқ екенін түсінді. Өйткені олар Ехоба өз халқына болысып, қаншама жауларын аяғына жығып беріп жатқанын білген. Оның үстіне, Ехоба Қанахан жерінің тұрғындарын түгел жоюды уәде еткенін естіген (Мұс. 2-ж. 34:11; Ешуа 9:24). Исраилдіктер Иерихон мен Гайды жаулап алғаны сол еді, гибеондықтар бірден бейбіт бітім жасасудың амалын тауып, Ғылғалда жүрген Ешуаға өз адамдарынa жіберді.
4. а) Ешуа 9:8—13 тармақтарға сай, гибеондықтар қандай өтірікке барды? (Суретті де қараңыз.) ә) Гибеондықтардың өтірігі ашылғанда исраилдіктер не істеді?
4 Ешуа 9:8—13 оқыңыз. Гибеондықтар шалғай жерден келгенсіп, Ешуаны алдады. Олар Мысырды, Сихон мен Ог патшаларын исраилдіктердің қолына берген Ехоба екенін білетіндерін айтты. Бірақ олар Иерихон мен Гай туралы тіс жармады. Бұны өтіріктері ашылмас үшін әдейі айтпаған болар. Өйткені бұл жағдай жақында ғана болғандықтан, шалғай жерге тарайтындай жеткілікті уақыт өтпеген еді. Ешуа мен қауым басшылары гибеондықтардың өтірігіне сеніп қалды. Олар Ехобадан басшылық сұрамастан, гибеондықтарды аман қалдыруды уәде етіп, бейбіт бітім жасасты (Ешуа 9:14, 15). Көп ұзамай гибеондықтардың өтірігі ашылып, олардың қанахандықтар екені белгілі болды. Бірақ исраилдіктер “Ехобаның атымен ант бергендіктен”, жасасқан келісімдерін бұзбады (Ешуа 9:16—19). Сөйтіп, исраилдіктер гибеондықтарды араларында қалдырып, оларға қара жұмыс тапсырып қойды. Содан бастап гибеондықтар бүкіл жамағат пен құрбандық орны үшін “отын жинап, су таситын” болды (Ешуа 9:27).
Бейбіт бітім жасасу үшін гибеондықтар Ешуаны алдады (4-абзацты қараңыз)
5. Гибеондықтар қалай Ехобаға зор сенім танытты?
5 Гибеондықтардың Исраилмен бейбіт бітім жасасқанын естіп, Қанахан жерінің бес патшасы гибеондықтарға қарсы бірікті. Сол кезде гибеондықтар Ешуадан көмек сұрады (Ешуа 10:3—7). Ешуа оларды құтқару үшін бар әскерімен соғысқа аттанды. Ехоба бұл соғыста оларға үлкен жеңіс сыйлады. Ол тіпті кереметтер жасап, қанахандықтардың үстінен үлкен-үлкен бұршақ жаудырды және күннің өзін ұясына батырмай, тоқтатып қойды (Ешуа 10:9—14). Исраилмен бейбіт бітім жасасқаны да, қиын шақта Ешуадан көмек сұрағаны да гибеондықтардың Ехобаға деген зор сенімін көрсетті. Олар Ехобаның келісімді бұзбай, өз уәдесінде тұратынына және жау қолынан құтқарып қалатынына берік сенді.
6. Бұл оқиғадан Ехоба жайлы не білеміз?
6 Ехоба жайлы білеріміз. Ехоба исраилдіктерге Қанахан жеріндегі барлық халықтардың, соның ішінде гибеондықтардың да, “көзін құртуды” бұйырған еді (Мұс. 5-ж. 9:3). Бірақ исраилдіктер Ехобамен ақылдаспай, гибеондықтарды жоймауды ант етіп, олармен бейбіт бітім жасасып қойды. Сол кезде Ехоба бұл келісімді бұзбай, гибеондықтарды тірі қалдырып, мейірімділік танытты. Тіпті исраилдіктер гибеондықтарды қорғап, соғысқа аттанғанда, Ехоба өзі көмектесіп, гибеондықтарды құдіретті қолымен құтқарып қалды (Ешуа 9:26; 11:19). Бұл оқиға Ехобаның қаншалықты кішіпейіл әрі мейірімді екенін көрсетеді.
7. Гибеондықтардан қай жағынан үлгі алсақ болады? (Суретті де қараңыз.)
7 Гибеондықтардан үйренеріміз. Гибеондықтар Ехоба жайлы көп білмесе де, оған зор сенім танытты. Ал біздің оларға қарағанда Ехоба жайлы білетініміз өте көп. Олай болса, біз Ехобаға одан сайын сенім артуымыз керек емес пе?! (Зәб. 40:4, 5). Сондай-ақ гибеондықтардың кішіпейілділігіне еліктесек болады. Олар қаншама жыл отын жинап, су тасып, Ехобаға қызмет еткен. Біз де Ехобаға қызмет етуге келгенде, жұрт төмен санайтын қарапайым жұмыстардан қашпауымыз керек (Ешуа 9:23, 27). Бетелде қызмет ететін Люк бір жасы үлкен ер бауырластың кішіпейілділігіне тәнті болған екен. Ол кісі Бетелде өте жауапты қызмет атқарса да, өзі ерік білдіріп, енді соғылып жатқан Патшалық сарайын түнімен күзеткен. Люк былай дейді: “Сол бауырласқа қарап түсінгенім, кішіпейілділік деген — өзіңді кішіпейілмін деп ойлау емес, кішіпейіл екеніңді ісіңмен көрсету”. Олай болса, қиын шақта Ехобаға толықтай арқа сүйеп, зор сенімімізді көрсетейік. Сондай-ақ кішіпейіл болып, ұйымда кез келген істі атқаруға дайын болайық.
Гибеондықтар сияқты ұйымда кез келген істі атқаруға дайын болайық (7-абзацты қараңыз)
ГИБЕОНДЫҚТАР ӘДІЛЕТСІЗДІК КӨРГЕНДЕ ЕХОБАНЫ ШЫДАММЕН КҮТТІ
8. Саул патша қандай жауыздыққа барды?
8 Ешуаның заманынан кейін ғасырлар өткен соң, Киелі кітапта гибеондықтар туралы тағы да айтылады. Ол кезде Исраилді Саул патша билеп отырды. Ол гибеондықтардың “Исраил мен Яһуданың арасында тұрып жатқанына төзбей, оларды жойып жібергісі келді”b (Сам. 2-ж. 21:2, 5, 6). Сөйтіп, жазықсыздан-жазықсыз гибеондықтардың бірталайы қырылып қалды. Не деген жауыздық! Саул патша исраилдіктер мен гибеондықтардың арасында сонау заманнан бері келе жатқан бейбіт келісімді бұзды.
9. Ехоба гибеондықтармен болған әділетсіздікті ұмытпағанын қалай көрсетті?
9 Гибеондықтардың төгілген қаны үшін бірталай уақыт ешкім жауапқа тартылған жоқ. Ұзақ уақыт өткені сонша — Саул патшаның билігі аяқталып, таққа Дәуіт отырды. Дәуіт патшаның тұсында Ехоба Исраилге үш жыл аштық жіберді. Елде жейтін азық-түлік таусылғанда, Дәуіт Ехобадан аштықтың не үшін болып жатқанын сұрады. Сонда Ехоба “Саул гибеондықтарды өлтіргенін, сондықтан олардың қаны соның және әулетінің мойнында” екенін айтты (Сам. 2-ж. 21:1). Осылай Ехоба сонша жыл бұрын гибеондықтарға жасалған әділетсіздікті ұмытпағанын көрсетті.
10. Самуилдің 2-жазбасы 21:3—6 тармақтарға сай, гибеондықтардың Құдай Заңына мойынсұнғандары неден көрінді?
10 Самуилдің 2-жазбасы 21:3—6 оқыңыз. Дәуіт гибеондықтардан: “Сендер үшін не істейін? Кінәні қалай өтей аламын?”— деп сұрады. Гибеондықтар болған әділетсіздік үшін патшадан өтемақы сұрап, байып алуды көздемеді. Олар патшаға: “Бізге күміс те, алтын да керек емес”,— деді. Өйткені олар Құдай Заңы бойынша кісі өлтірген адам үшін құн алуға болмайтынын білген (Мұс. 4-ж. 35:30, 31). Сондай-ақ гибеондықтар патшаның өзі рұқсат бермесе, біреуді өз беттерінше өлімге кесуге құқылары жоқ екенін түсінген. Сөйтіп, Дәуіт оларға Саулдың ұрпағынан жеті адамды өлімге кесуге рұқсат берді. Дәуіт таңдап берген жеті адам Саулмен бірге гибеондықтарды қырып-жойған адамдар болуы мүмкін. Арада біршама уақыт өткен соң, яғни Ехоба гибеондықтардың төгілген қаны үшін кек алынып, толық әділдік орнады деген кезде ғана, жерге жауын жауып, астық шыға бастады (Сам. 2-ж. 21:9, 10, 14).
11. Бұл оқиғадан Ехоба жайлы не білеміз?
11 Ехоба жайлы білеріміз. Бұл оқиға Ехобаның қаншалықты әділ Құдай екенін дәлелдейді (Зәб. 37:28). Ехоба барлық адамды бірдей көреді. Адамдарды шетелдік деп, тағы басқа деп бөліп-жаруды ол әділетсіздік санайды. Қуғын-сүргін не қорлық көріп жүрген қызметшілері де Ехобаның назарында. Уақыты келгенде, ол міндетті түрде әділдік орнатып, оларды батасына бөлейді. Бұл оқиғадан тағы бір байқайтынымыз, қызметшілерінің өз сөздерінде тұрмай, уәделерін бұзғаны Ехобаға ұнамайды (Амос 1:9 салыстырыңыз).
12. Гибеондықтардан қай жағынан үлгі алсақ болады?
12 Гибеондықтардан үйренеріміз. Біз кейде бауырластардың тарапынан да әділетсіздік көруіміз мүмкін. Сондай кездері Ехобаны шыдаммен күтіп, ол өз уақытында әділдік орнататынына сенетінімізді көрсетейік. Лора Френч бауырласпен болған жағдайды қарастырайық. Ол 1926 жылы Канададағы Бетелде қызмет ете бастаған. Бірақ 10 жылдан кейін жауапты бауырластар Лора бауырласты жолдан тайғандардың бірі деп қате ойлап, оны Бетелден шығарады. Бұндай сұмдық жала Лора бауырласқа өте ауыр тиді. Бірақ ол сонда да ұйымдағы бауырластар жайлы бірауыз жаман сөз айтпай, әрі қарай Ехобаға қызмет ете берді. Ол ізашарлық қызметті бастап, төрт жыл бойы алдына жан салмай ізгі хабарды уағыздап жүрді. 1940 жылы Лора бауырлас қайтадан Бетелге шақырылып, қуанышында шек болмады. Содан бастап ол 50 жыл бойы жердегі өмірі аяқталғанша Бетелде қызмет етті. Біз де әділетсіздікке кезігіп жатсақ, Лора бауырласқа еліктейік. Ехобаның әділдік орнататын уақытын шыдаммен күтіп, оған адалдықпен қызмет ете берейік (Ишая 26:3, 4).
ГИБЕОНДЫҚТАР ЕХОБАҒА АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТТІ
13. Нетиндер деген кімдер және Киелі кітапта олар жайлы не айтылады?
13 Дәуіт патшаның заманынан кейін 500 жылдай өткен соң, Киелі кітапта гибеондықтар туралы тағы да айтылады. Бабыл құлдығындағы 70 жыл аяқталып, яһудилердің алғашқы легі б. з. б. 537 жылы әмірші Зоробабелдің жетекшілігімен Иерусалимге оралды (Езра 2:1, 2, 58). Ал б. з. б. 468 жылы көшірмеші Езрамен бірге яһудилердің тағы бір легі Бабылдан шығып, Иерусалимге қайтты (Езра 7:1—7). Осы екі жағдайда да Иерусалимге оралған аз ғана адамның ішінде нетиндер болғаны айтылады (Езра 7:7 сілт.). Нетиндер деген исраилдік емес ғибадатхана қызметшілері және олардың көпшілігі гибеондықтардың ұрпағы болса керек (Түсіндірмедегі “Нетиндер” сөзін қараңыз).
14. Гибеондықтар Ехобаға адал екендерін қалай көрсетті? (Шежірелер 1-жазба 9:2 және сілтемесі)
14 Шежірелер 1-жазба 9:2 және сілтемесін оқыңыз. “Ғибадатхана қызметшілері”, яғни гибеондықтардың ұрпағы, алғашқылардың бірі болып Иерусалимге оралғаны ерекше таңғалдырады. Бабылда яһудилер жақсы жағдайда өмір сүріп жатқан еді. Олардың жайлы үйлері, табысты жұмыстары болды. Сондықтан яһудилердің көбісі ондағы өмірлерін қимай, қаңырап жатқан өз елдеріне, өз мұралы иеліктеріне оралып, оны қалпына келтіруден бас тартты. Ал гибеондықтар Исраилде үлестеріне тиген ешқандай жер болмаса да, Бабылдағы жайлы өмірлерін құрбан етіп, адал яһудилерге еріп шықты. Олардың бар аңсағаны Иерусалимдегі ғибадатхананы қайта соғып, сонда ғибадат ету еді. Сөйтіп, олар ақырында ғибадатханадағы өздеріне жүктелген міндеттерін қайтадан атқара бастады. Олар тіпті Нехемияның кезінде Иерусалимнің қабырғаларын жөндеуге үлес қосқан (Нех. 3:26).
15. Бұл оқиғадан Ехоба жайлы не білеміз?
15 Ехоба жайлы білеріміз. Бұл оқиғадан Ехоба өзінің адал қызметшілерін жақсы көретінін және оларды ешқашан тастамайтынын көреміз. Ешуа гибеондықтармен бейбіт бітім жасасқаннан бастап Бабыл құлдығы аяқталғанға дейінгі уақытты санасақ, шамамен 1000 жыл өткен. Ехоба гибеондықтарды сонша уақыт бойы жарылқап, қорғап жүрген. Б. з.б. 607 жылы Иерусалим күйрегенде де Ехоба оларды құтқарып қалған. Ал Бабылдың құлдығынан босағаннан кейін, гибеондықтар леуіліктермен бірге әрі қарай да Құдайдың үйінде қызмет ете берді. Гибеондықтардың кейбірі тіпті ғибадатханаға жақын маңда тұрған көрінеді (Езра 2:70; Нех. 11:21). Сондай-ақ гибеондықтар ғибадатханада қызмет еткендері үшін алым-салықтан толықтай босатылған (Езра 7:24).
16. Гибеондықтардан қай жағынан үлгі алсақ болады?
16 Гибеондықтардан үйренеріміз. Біз Ехобаны жақсы көреміз және оған ұнамды болғымыз келеді. Сондықтан гибеондықтар сияқты біз де Ехобаға ғибадат ету үшін кез келген құрбандыққа баруға дайынбыз. Филиппинде тұратын Элвин деген ер бауырластың жағдайын қарастырайық. Ол мұнай компаниясында жалақысы жоғары жұмыс істеген. Бірақ ол Ехобаға көбірек қызмет етуді қалаған. Ол әр аудандық бақылаушы келгенде, жұмысынан бір аптаға сұранып, қызметке шығып жүрген. Көп ойланып, көп дұға етіп, ол бір күні мұнай компаниясындағы жұмысын тастап, басқа жұмыс іздеймін деген шешімге келеді. Сөйтіп, ол жалақысы әлдеқайда төмен жаңа жұмысқа тұрып, ізашарлық қызметті бастайды. Кейін әйелі де ізашар болып, екеуі 21 адамға шындыққа келуге көмектескен. Ехоба бұл жұптың үлкен құрбандыққа барғанын да, атқарып жүрген еңбектерін де жоғары бағалайды. Біз де Ехоба үшін бәріне дайын болсақ, ол бұны ешқашан ұмытпайды және бар қажетімізді беріп, қамқорлап жүреді (Мат. 6:33).
17. Киелі кітаптағы гибеондықтар жайлы оқиғалардан не білдік?
17 Киелі кітаптағы гибеондықтар жайлы оқиғаларды қарастырып, Ехобаның болмысын жақсырақ біле түстік. Ол сондай кішіпейіл, мейірімді, әділ. Адал қызметшілеріне өзі де адал болып, оларды ешқашан қалдырмай, жар болып жүреді. Сондай-ақ гибеондықтардан көп жағынан үлгі алуға болатынын көрдік. Гибеондықтарға еліктеп біз де қиын шақта Ехобаға толықтай арқа сүйеп, зор сенімімізді көрсетейік. Кішіпейіл болып, ұйымда кез келген істі атқаруға дайын болайық. Ехобаның өз уақытында әділдік орнататынына сеніп, оны шыдаммен күтейік. Ехоба үшін кез келген құрбандыққа дайын болып, оған адал қызмет етейік. Ендеше, гибеондықтардың тәнті ететін үлгісін ұмытпай, оларға барынша еліктей берейік!
148-ӘН Ехоба құтқарады
a Бұл адамдар Гибеон қаласынан, сондай-ақ хевтіктердің Кефира, Берот, Кирият-Еғарим деген қалаларынан келген (Ешуа 9:17).
b Киелі кітапта Саулдың гибеондықтарды не үшін жойып жібергісі келгені нақты айтылмайды. Кейбір ғалымдар бұған Саулдың ұлтшылдыққа беріліп кеткендігі себеп болды деп пайымдайды.