2—8 НАУРЫЗ, 2026
97-ӘН Құдай Сөзімен өмір сүру
Рухани мұқтаждығыңызды қанағаттандыра беріңіз
2026 ЖЫЛДЫҢ ТАРМАҒЫ: “Құдайды танып-білгісі келетіндер бақытты” (МАТ. 5:3).
НЕГІЗГІ ОЙ
Ехоба біздің қандай үш рухани мұқтаждығымызды қанағаттандырып жүргенін және солардың пайдасын көру үшін біз не істеуіміз керектігін қарастырамыз.
1. Ехоба адам баласын не нәрсеге мұқтаж етіп жаратқан? (Матай 5:3)
ЕХОБА адам баласын жейтін тамаққа, киетін киімге, тұратын баспанаға мұқтаж етіп жаратқан. Осылардың біреуінен болсын кенде қалса, адамның тірі жүру-жүрмеуі екіталай. Бұдан бөлек, Ехоба адамның жүрегіне тағы бір мұқтаждық салған. Бұл — рухани мұқтаждық (Матай 5:3 және сілтемені оқыңыз). Өзінің рухани мұқтаждығын мойындамайтын және соны қанағаттандыруды ойламайтын адам шын бақытты бола алмайды.
2. “Рухани мұқтаждығын мойындау” деген нені білдіреді?
2 “Рухани мұқтаждығын мойындау” деп аударылған тіркес грек тілінде рухани мағынада қайыршы болу деген ойға нұсқайды. Әдетте қайыршы десе, бір бұрышта өткен-кеткенге алақан жайып отырған, киімі жұпыны, ашқұрсақ адам елестейді. Ол ыстық демей, суық демей, адамдардың немқұрайдылығына да қарамай, қайыр сұрап жүре береді. Өйткені ол күнін көру үшін адамдардың көмегіне зәру екенін түсінеді, басқаша айтқанда мойындайды. Тура солай рухани қайыршы, яғни “рухани мұқтаждығын мойындайтын” адам өмір сүру үшін Құдайдың көмегіне зәру екенін түсінеді. Сондықтан ол Ехобаның беріп жатқан ағыл-тегіл рухани көмегін қуана қабылдайды.
3. Бұл мақалада не қарастырамыз?
3 Бұл мақалада біз алдымен Исадан жалынып көмек сұраған финикиялық әйелдің оқиғасын қарастырамыз. Сол оқиғадан рухани мұқтаждығын мойындайтын адамдарға қандай үш қасиет тән екенін көреміз. Кейін елші Петір мен Пауылдан және Дәуіт патшадан не үйрене алатынымызды талқылаймыз.
ҚҰДАЙДАН КӨМЕК СҰРАҒАНДА, ҮШ ҚАСИЕТТІ ҰМЫТПАҢЫЗ
4. Финикиялық әйел Исаға қандай өтінішпен келді?
4 Бірде финикиялық бір әйел Исаға келіп, “қызын жын буып, қатты қиналып жатқанын” айтты (Мат. 15:21—28). Ол Исаның аяғына жығылып, көмектесуін сұрап жалынды. Бұл жағдайдан финикиялық әйел ерекше қасиеттер танытқанын байқауға болады. Қазір сол қасиеттерге жеке-жеке тоқталайық.
5. Иса финикиялық әйелге қалай көмектесті және неге? (Суретті де қараңыз.)
5 Көмек сұрап келген финикиялық әйелге Иса: “Балалардың нанын алып, күшіктерге тастау дұрыс болмас”,— деп жауап берді. Сонда әйел “Мені күшікке теңегені несі?” деп ренжіп, кетіп қалды ма? Жоқ. Бұдан оның өте кішіпейіл болғанын байқауға болады. Финикиялық әйел өзінің кішіпейіл ғана емес, табанды екенін де көрсетті. Өйткені ол Исаның соңынан қалмай, көмек сұрай берген. Ал қоймай көмек сұрай бергенінен оның Исаға сенім танытқанын көреміз. Иса оның ғаламат зор сеніміне тәнті болғаны сонша — оның тілегін орындады. “Мен тек Исраил үйінің жоғалған қойларына ғана жіберілдім” деп айтса да, ол исраилдік емес бұл әйелге көмектесіп, қызының бойындағы жынды қуып шықты.
Финикиялық әйел кішіпейілділік, табандылық, сенім танытқандықтан, Иса оның өтінішін орындады (5-абзацты қараңыз)
6. Финикиялық әйелге қай жағынан еліктесек болады?
6 Рухани мұқтаждығымызды қанағаттандырғымыз келсе, біз де кішіпейілділік, табандылық, сенім танытуымыз керек. Адам кішіпейіл болса ғана Құдайдан талмай сұрай береді. Ал талмай сұрай беру үшін біздің Исаға және ол тағайындап қойған адамдарға деген сеніміміз мықты болу керек (Мат. 24:45—47). Бұл қасиеттерді танытатын қызметшілерін Ехоба да, Иса да жақсы көреді әрі олардың рухани мұқтаждықтарын қуана қанағаттандырады (Жақып 1:5—7 салыстырыңыз). Бүгінде Ехоба біздің үш рухани мұқтаждығымызды қанағаттандырып жүр. Солардың пайдасын көру үшін не істеуіміз керек, соны елші Петір мен Пауылдың және Дәуіт патшаның жағдайынан көрейік.
ПЕТІРГЕ ЕЛІКТЕП, РУХАНИ ТОҚ ЖҮРІҢІЗ
7. Петір қандай тапсырма алды және ол нені мойындаған? Түсіндіріңіз. (Еврейлерге 5:14—6:1)
7 Елші Петір — Исаның Мәсіх екенін алғашқы болып мойындаған яһудилердің бірі. Ол Исаны Ехоба жібергеніне және “мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер” Исада екеніне сенді (Жох. 6:66—68). Қайта тірілген Иса көкке көтерілмес бұрын, Петірге: “Қозыларыма азығын бер”,— деген еді (Жох. 21:17). Исаның бұл тапсырмасын Петір бар ынта-жігермен атқарып, бауырластарына көп тәлім берді. Ехоба оған тіпті екі хат жазғызып, сол екі хатты Киелі кітапқа енгізді. Бірақ Петір өзінің де рухани ас-суға мұқтаж екенін мойындаған. Сондықтан ол Пауылдың рухтың жетелеуімен жазған хаттарын зерттеп жүрген. Петірдің сөзіне қарасақ, “олардың ішінде түсінуге қиын жерлер де” болған (Пет. 2-х. 3:15, 16). Бірақ Петір табанды болып, Пауылдың хаттарында жазылған “қатты тағамды” талмай зерттей берген. Өйткені ол білгендерін түсінуге және өмірде қолдануға Ехоба көмектесетініне берік сенген (Еврейлерге 5:14—6:1 оқыңыз).
8. Петір Ехоба берген жаңа нұсқауды қалай қабылдады?
8 Петірдің Ехобаға деген сенімі тағы бір жайттан байқалады. Ол Ехобаның нұсқауларына мойынсұнуға қашанда дайын болған. Бірде Петір Иоппеде жүргенінде Құдайдан аян алады. Періште оған Мұса Заңы тыйым салатын арам жануарларды сойып жеуді бұйырады. Бұны естісе, кез келген яһудидің төбе шашы тік тұрар еді. Петірдің де алғашында: “Жоқ, Ием. Арам, таза емес нәрсені ешқашан жеген емеспін”,— дегені еш таңғалдырмайды. Сонда оған періште: “Құдай тазалағанды енді арам деп айтпа”,— дейді (Ел. іс. 10:9—15). Осы аяннан кейін көп ұзамай Петірдің үйіне Корнел жіберген үш кісі келеді де, қожайындары оны үйінде күтіп отырғанын және онымен сөйлескісі келетінін айтады. Бірақ Петір Ехобадан аян алмағанда, Корнелдің табалдырығын ешқашан аттап баспас еді. Өйткені ол кезде яһудилер өзге ұлт адамдарын таза емес деп есептейтін (Ел. іс. 10:28, 29). Бірақ Ехоба аян беріп, өз ниетін айқындай түскенде, Петір көзқарасын өзгертіп, жаңа нұсқауға бірден мойынсұнды (Нақ. с. 4:18). Соның арқасында Корнелдің бүкіл үй іші шындықты біліп, киелі рухқа кенеліп, шомылдыру рәсімінен өтті (Ел. іс. 10:44—48).
9. Қатты тағамға құштар болсақ, мұның қандай екі пайдасын көреміз?
9 Петір сияқты біз де Құдай Сөзін талмай зерттей беруіміз керек. Әдетте біз көбіне түсінуге жеңіл негізгі ілімдерді қарастырамыз. Алайда біздің қатты тағамға да құштар болғанымыз дұрыс. Қатты тағамды түсіну оңай бола бермейтіндіктен, бұл арнайы уақыт бөлуді, көп күш салуды талап етеді. Бірақ бұлай етудің кем дегенде екі пайдасы бар: біріншіден, Ехоба жайлы білгендеріміз оған деген сүйіспеншілігімізді, құрметімізді арттырады. Екіншіден, көктегі Әкемізді жаңа қырынан танығанда, ол жайлы өзгелерге айтқымыз келіп тұрады (Рим. 11:33; Аян 4:11). Петірдің жаңа нұсқауға мойынсұнуға дайын болғаны да біз үшін жақсы үлгі. Киелі кітаптағы шындықтарға қатысты кейбір түсініктер өзгеріп жатса, біз мұны бірден қабылдап, бірден бейімделуіміз керек. Солай етсек қана біз рухани тоқ жүреміз және Ехобаға адал қызмет етіп, оның ісінде көп пайдамыз тиеді.
ПАУЫЛҒА ЕЛІКТЕП, ЖАҢА БОЛМЫСҚА ИЕ БОЛА БЕРІҢІЗ
10. Қолостықтарға 3:8—10 тармақтарға сай, рухани киімді киіп алу деген нені білдіреді?
10 Құдайға ұнамды болғымыз келсе, біз оның беріп отырған рухани киімін де киіп алуымыз керек. Бұл деген нені білдіреді? Елші Пауыл айтқандай, біз “ескі болмысымызды” шешіп тастап, “жаңа болмысты” киіп алуымыз керек (Қолостықтарға 3:8—10 және сілтемелерді оқыңыз). Бірақ болмысты өзгерту кәдімгі киімді киіп-шешкендей оңай емес. Мысалы, елші Пауылдың өзін алайықшы. Ол жастайынан Құдайдың ықыласына ие болу үшін бәрін істеді (Ғал. 1:14; Філіп. 3:4, 5). Бірақ Құдайдың ниеті жайлы тура білімі болмағандықтан, оның рухани күйі мүшкіл еді. Мәсіхтің ілімдерін қабылдағысы келмегені, оның үстіне, өркөкірек болғаны Пауылды арсыз адам етіп тұрды (Тім. 1-х. 1:13).
11. Пауыл немен күресті? Түсіндіріңіз.
11 Мәсіхші болғанға дейін Пауыл қызба мінезді болған. Елшілердің істері кітабында айтылғандай, ашудан қаны басына шапқан Пауыл Исаның шәкірттеріне “қоқан-лоқы көрсетіп жүрген және олардың көзін құртқысы келген” (Ел. іс. 9:1). Мәсіхші болғаннан кейін Пауыл осы мінезінен арылу үшін көп күш салған (Ефес. 4:22, 31). Бірақ сонда да оның ашуға бой алдырып қойған кездері болды. Мысалы, Барнаба екеуі сөзге келіп қалғанда, Пауыл “қатты ашуланған” (Ел. іс. 15:37—39). Ескі болмысы осылай қылаң беріп тұрса да, Пауыл еш берілмеді. Ехобаға ұнамды болу үшін ол “денесін ұрғылап”, кемелсіздігімен талмай күресе берді (Қор. 1-х. 9:27).
12. Пауылдың жаңа болмысқа ие болуға талпына бергені ненің арқасы?
12 Пауыл бұл күресте өзінің күшіне сенім артпай, кішіпейілділік танытты (Філіп. 4:13). Ол Петірге еліктеп, “Құдайдың күшіне сүйенді” (Пет. 1-х. 4:11). Десе де Пауыл Құдайға ұнамды қасиеттерді бірде танытса, бірде таныта алмай қынжылған. Сондай кездері ол Құдайдың өзіне жасаған бар жақсылығын еске алған. Осылай Пауыл ерік-жігерін қайрап, жаңа болмысқа ие болуға талпына берген (Рим. 7:21—25).
13. Пауылға қай жағынан еліктесек болады?
13 Ехобаға қызмет етіп жүргенімізге қанша жыл болмасын, елші Пауылға еліктеп біз де ескі болмыстан арылып, жаңа болмысқа ие болуға ұмтыла беруіміз керек. Бір күні болмаса, бір күні ескі болмысымыз қылаң беріп, ашуға беріліп қалуымыз не біреуге ауыр сөз айтып қоюымыз мүмкін. Сондай кездері еш берілмей, ой-санамызды жаңартып, өзгеруге барынша талпына берейік (Рим. 12:1, 2; Ефес. 4:24). Мына бір жайтты ұмытпайық: кәдімгі киім созылып, сыя береді, бірақ Ехоба беретін рухани киім ондай емес. Құдайдың заң-талаптарына сай келу үшін біз өзіміз өзгеруіміз керек.
ДӘУІТ ПАТШАҒА ЕЛІКТЕП, ЕХОБАДАН ПАНА ІЗДЕҢІЗ
14, 15. Ехоба қай мағынада өз қызметшілеріне пана болады? (Зәбүр 27:5) (суретті де қараңыз.)
14 Рухани ас-су мен рухани киімнен бөлек, біздің тағы бір мұқтаждығымыз бар. Шын бақытты болғымыз келсе, біздің рухани баспанамыз да болу керек. Ал рухани баспана деген нені білдіреді және біз одан пана табу үшін не істеуіміз керек?
15 Дәуіт патша Ехоба өз қызметшілеріне пана болып, қорғап жүретінін айтқан (Зәбүр 27:5 оқыңыз). Әлдене не әлдекім сенімімізге нұқсан келтірмес үшін, Ехоба бізді рухани жағынан қорғайды. Мысалы, өз Сөзінде ол бізге қарсы жасалған ешбір қару жеңіске жетпейтінін уәде еткен (Зәб. 34:7; Ишая 54:17). Шайтан мен оның сыбайластары қанша жерден мықты болмасын, олар ешқашан бізге оңалмастай соққы бере алмайды. Тіпті олар жанымызды алған күнде де, Ехоба бізді қайтадан тірілтіп алады (Қор. 1-х. 15:55—57; Аян 21:3, 4). Сарыуайым да рухани қауіп төндіретіндіктен, Ехоба бізге жүректі меңдеген уайымды сейілтуге көмектеседі (Нақ. с. 12:25; Мат. 6:27—29). Сондай-ақ ол бізге бір-біріне демеу болсын деп рухани отбасын берген. Бауырластарымыз бізді қиын сәттері қолдайды, ал ақсақалдарымыз рухани жағынан қамқорлап жүреді (Ишая 32:1, 2). Бәріміз бірге қауымда бас қосқанда, Ехобаның панасында екенімізді ерекше сеземіз (Евр. 10:24, 25).
Әйел бауырлас қауым кездесуінде отыр, осылай Құдайдан көмек іздейтінін көрсетіп жатыр (14, 15-абзацты қараңыз)
16. Ехоба Дәуітті қалай қорғап жүрген?
16 Дәуіт Ехобаға мойынсұнған кездері оның панасында жүрді. Дәуіт қателік жасап опық жеп қалмас үшін, Ехоба оған даналығын айтып отырды (Нақыл сөздер 5:1, 2 салыстырыңыз). Бірақ Дәуіт Құдайдың заң-талаптарын елемей, опық жеп қалғанда, Ехоба оны қателігінің салдарынан қорғап отырмады (Сам. 2-ж. 12:9, 10). Ал Дәуіт өзінің емес, өзгелердің қателігінен жапа шеккенде Ехоба не істеді? Ол Дәуіттің шын жүректен айтқан дұғаларын тыңдап, жанын жайландырды, оны жақсы көретінін, ешқашан қалдырмайтынын айтып сендірді (Зәб. 23:1—6).
17. Дәуітке қай жағынан еліктесек болады?
17 Бұрыс шешім қабылдап, бармақ тістеп қалмас үшін, біз де Дәуітке еліктеп, Ехобаның ақыл-кеңесіне жүгінуіміз керек. Бірақ заң-талаптарын елемей шешім қабылдайтын болсақ, Ехоба салдарынан қорғамайтынын есте ұстайық (Ғал. 6:7, 8). Ал өзіміздің емес, өзгелердің қателігінен жапа шегіп жатсақ, бар уайымымызды Ехобаға ақтарып айтайық. Сонда ол “жүрегіміз бен ой-санамызды” қорғап, жанымызға жай береді (Філіп. 4:6, 7).
РУХАНИ МҰҚТАЖДЫҒЫҢЫЗДЫ ҚАНАҒАТТАНДЫРА БЕРІҢІЗ
18. Айналамыздағы адамдар қандай және рухани мұқтаждығымызды қанағаттандыра беру үшін не істеуіміз керек? (Суреттерді де қараңыз.)
18 2026 жылдың тармағы: “Құдайды танып-білгісі келетіндер бақытты”. Айналамызға қарасақ, бұл сөздердің қаншалықты дәл айтылғанын көреміз. Бүгінде адамдардың көбі бақытсыз, өйткені олар өздерінің рухани мұқтаждығын мойындамайды, мойындаған күнде оны дұрыс қанағаттандырмайды. Олар көбіне жалған дінге, адамдардың даналығы мен пәлсапасына жүгініп, солардан бағыт-бағдар іздейді. Абай болмасақ, бұл адамдар бізге де ықпал етіп кетуі мүмкін. Бұған ешқашан жол бермес үшін, Ехоба беріп жатқан рухани ас-сумен тамақтанып, тоқ жүрейік, рухани киімді киіп, жаңа болмысқа ие бола берейік, сондай-ақ рухани баспанадан қорғаныш тауып, Ехобаның панасында жүрейік!
Рухани қажеттілігімізді қанағаттандыру үшін рухани ас-сумен тамақтанып жүрейік, жаңа болмысқа ие бола берейік және Ехобадан пана іздейік (18-абзацты қараңыз)a
162-ӘН Құдайды танып-біле беремін
a СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Әйел бауырлас “Күзет мұнарасына” дайындалып, рухани тамақтанып жатыр. Игі іс жасап, жаңа болмысқа ие болуға тырысып жүр. Сондай-ақ қамқор ақсақалдардың көмегіне жүгініп жатыр.