Ардақты қария, сіз қауым үшін қазынасыз
“Қайран жастық шақ! Жалындаған жас кезімде талай істің басын қайырып тастайтынмын. Ал енді қарттықтың босағасын аттап, көп істей алмай қалдым” (Сараa, 83 жастағы апа).
Бәлкім, бойыңыздан әл кетіп, сіз де Ехоба үшін бұрынғыдай көп істей алмай жүрген шығарсыз. Оған қаншама жылдар бойы адал қызмет етіп келсеңіз де, бұрынғы қызметіңіз бен қазіргіңізді салыстырып, көңіліңіз түсер. Мұндайда жасымауға не көмектеседі?
ЕХОБА СІЗДЕН НЕ КҮТЕДІ?
Алдымен “Ехоба менен не күтеді?” деген сұраққа жауап іздеп көріңіз. Бәлкім, Мұсаның 5-жазбасы 6:5-те жазылған мына сөздер көңіліңізге жалау болар: “Құдайың Ехобаны бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен және бар күш-қуатыңмен сүй”.
Осы тармақта айтылғандай, Ехобаның сізден күтетіні — оған бар жүрегіңізбен, бүкіл жан-тәніңізбен, бар күш-қуатыңызбен қызмет ету ғана. Осыны есте ұстағаныңыз өзіңізді басқалармен, тіпті баяғы өзіңізбен салыстырмауға көмектеседі.
Бір сәтке ой жіберіп көріңізші: жастау кезіңізде Ехобаға сол кездегі жағдайыңызға қарай ең жақсыңызды бердіңіз, солай емес пе?! Ал енді жағдайыңыз өзгерді. Бірақ Құдайға қызмет ету үшін қазір де қолыңыздан не келеді, соны істеп жүрсіз. Егер осы тұрғыдан қарасаңыз, сіздің қызметіңізде еш өзгеріс жоқ: ол кезде бар жақсыңызды бергеніңіздей, қазір де солай етіп жүрсіз.
Жастық шағыңызда Ехобаға ең жақсыңызды бергеніңіздей, қазір де солай етіп жүрсіз
ҚАРИЯСЫ БАРДЫҢ ҚАЗЫНАСЫ БАР
Жүріс-тұрысты шектейтін қарттықтың кемшіліктерін ойлай бергенше, артықшылықтарына назар аударыңыз. Сізде жастарда жоқ көп артықшылық бар. Мәселен:
Өмірлік тәжірибеңіз. Киелі жазбалардағы мына бір сөздерге үңіліп көріңізші:
Дәуіт патша былай деген: “Кезінде мен жас болдым, енді қартайдым, Бірақ Құдайдың әділді тастап кеткенін Не оның балаларының нан сұрап жүргенін еш көрмедім” (Зәб. 37:25).
Ешуа былай деген: “Міне, көп ұзамай мен көз жұмамын. Сендер Құдайларың Ехоба берген ізгі уәделердің ешқайсысы бекер болмағанын жақсы білесіңдер. Олардың бірде-бірі орындалмай қалған жоқ — бәрі де орындалды” (Ешуа 23:14).
Дәуіт пен Ешуа Ехобаға ұзақ жылдар бойы қызмет еткен әрі көпті көріп, өмірден көп нәрсе түйген. Сондықтан олардың айтқан сөздерінің салмағы бар.
Егер сіз де Ехобаға бірталай жылдан бері қызмет етіп жүрген болсаңыз, қандай баталарға кенелгеніңізді өзгелерге айтып жүріңіз. Қызықты оқиғаларыңыз оларды да, өзіңізді де нығайтып, жігер берері хақ (Рим. 1:11, 12).
Шама-шарқыңызға қарай қауым кездесулеріне барғаныңыз да өзгелердің жігерін қайрайды. Патшалық сарайына барғаныңыз өзіңіз үшін де, өзгелер үшін де жақсы. Мақаланың басында айтылған Сара бауырлас былай дейді: “Кездесулерге барсам, жабырқаудың не екенін ұмытамын. Бауырластардың ыстық сүйіспеншілігі еңсеңді көтермей қоймайды ғой. Оларға ризашылығымды білдіру үшін қолымнан келгенше сыйлық жасаймын. Бауырластарымнан қалмай, рухани істерге атсалысып тұруға да тырысамын”.
АДАЛ ҚЫЗМЕТІҢІЗ ЕХОБА ҮШІН ҚҰНДЫ
Кәрілік аяқтарын тұсап, Ехобаға бұрынғыдай қызмет ете алмаған жандардың мысалы Жазбаларда аз емес. Бірақ Ехоба оларды бәрібір жақсы көрген. Солардың бірі — нәресте Исаны көрген қария Шимон. Ол ғибадатханаға барғанда, жауапты істерді атқарып жүрген тепсе темір үзетін жігіттерді көріп не сезінді екен? Бәлкім, “Мен солар сияқты қызмет ете алмаймын, Ехобаға түк те пайдам жоқ” деп қынжылған шығар. Бірақ Ехоба Шимонды “әділ, Құдайды қастерлейтін” адам деп білді, әрі нәресте Исаны көрсетіп, үлкен құрметке бөледі. Тіпті оған киелі рухын қондырып, осы сәбидің болашақта Мәсіх болатыны туралы пайғамбарлық айтқызды! (Лұқа 2:25—35). Көріп тұрғанымыздай, Ехоба Шимонға қаусаған қарт деп емес, сенімі болаттай берік адам деп қарады.
Нәресте Исаны көрсетіп әрі оның болашақта Мәсіх болатыны туралы пайғамбарлық айтқызып, Ехоба Шимонды құрметке бөледі
Ехоба сіздің де қарттыққа қарамай қызметіңізді адал атқарып жүргеніңізді өте бағалайды. Бұған еш күмәніңіз болмасын! “Өйткені Құдайға әсіресе шын ықыласпен берілген сый-тарту ұнамды. Ол адамның қолда жоғына емес, барына қарай қабылдайды” (Қор. 2-х. 8:12).
Ендеше, қызметте не нәрсеге шамаңыз жетеді, соны істеңіз. Мысалы, қысқа уақытқа болса да, қызметтің қай түріне қатысуға қауқарыңыз жетеді? Я болмаса бауырластарға қысқаша қоңырау шалып не хат жазып жігерлендіре алатын шығарсыз. Мұндай қарапайым істердің әсері орасан зор. Ал мұны сіз сияқты Ехобаға ұзақ жылдар қызмет етіп жүрген бауырластар істесе, бұл өзгелердің өмірінде терең із қалдырады.
Қарттық сізді қанша шектесе де, Ехобаға көп бере аласыз. Бұған дәлел — Шығыс Африкадағы бір үлкен кісімен болған оқиға. Оны “Өмірді сақтаған сөздер” деген қоршаудан оқып көріңіз.
Мынаны есте ұстаңыз: өмір сынынан өткен сеніміңіз бен адалдығыңыз — басқаларға үлкен жігер. Сіз табандылықтың нағыз үлгісісіз. Құдай сіздің “қасиеттілер үшін атқарған, әлі де атқарып жатқан қызметіңіз арқылы өзінің есіміне деген сүйіспеншілігіңіз бен еңбегіңізді ұмытпайды” (Евр. 6:10).
ЖАҚСЫЛЫҚ — ЖАННЫҢ КӨРКІ
Зерттеулерге сай, өзгелерге көмектесіп жүрген қарт кісілердің денсаулығы мықтырақ, ой-санасы өткірлеу келеді, өмір жасы да ұзағырақ болады екен.
Әрине, өзгелерге жақсылық жасау қарттықтың бар ауыртпалығынан арылтпайды. Қарттық пен өлімнің түпкі көзі күнәні тек Құдай Патшалығы жояды (Рим. 5:12).
Десе де Ехобаға қызмет еткеніңіз, басқаларға оны танып-білуге жәрдемдескеніңіз үмітіңізді жалындата түседі, денсаулығыңызға да оң әсерін тигізеді. Самайын ақ шалған ардақты бауырласымыз, мынаған сенімді болыңыз: қызметіңіз Ехоба үшін аса бағалы, ал сеніміңіз қауым үшін нағыз қазына!
a Есімі өзгертілген.