8-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
130-ӘН Кешірімді болайық
Ехобаның кешірімділігіне еліктеңіз
“Ехобаның өздеріңді кеңпейілмен кешіргеніндей, сендер де солай етіңдер” (ҚОЛ. 3:13).
НЕГІЗГІ ОЙ
Өзгелерді кешіруге көмектесетін нақты қадамдар.
1, 2. а) Қандай жағдайда басқаларды кешіру әсіресе қиын? ә) Дениз қалай кешірім танытты?
ӨЗГЕЛЕРДІ кешіру сізге қиын ба? Біреу сөзімен не ісімен жанымызды қатты жараласа, кешіру әсіресе қиын болып жатады. Бірақ сезімдерімізді жеңіп, адамды кешіру қолымыздан келеді. Мысалы, Денизa есімді әйел бауырлас кешіру мүмкін еместей жағдайда кешірім танытқан. 2017 жылы ол отбасымен жаңадан ашылған Ехоба куәгерлерінің бас басқармасына экскурсияға барады. Бірақ қайтар жолда олардың көліктерін бір көлік келіп соғады. Сол апатта Дениз ес-түсін жоғалтады. Кейін есін жиса, балалары ауыр жарақат алған, ал күйеуі көз жұмған екен. Дениз сол сәтті еске алып: “Қайғыдан жүрегім қарс айырылып, не істерімді білмей, есеңгіреп қалдым”,— дейді. Кейін білсе, соққан жүргізуші мас та болмаған, шегіп те алмаған, телефонға да алаңдамаған екен. Бұны білген Дениз өзін қоярға жер таппай, Ехобадан тыныштық сұрап дұға еткен.
2 Жүргізуші абайсызда адам өлтірді деген айыппен тұтқындалды. Сот оны айыпты деп шешсе, ол түрмеге жабылмақ еді. Судья Денизді ескертіп, оның берген куәлігі сот шешіміне айтарлықтай әсер ететінін айтты. Дениз былай деді: “Болған оқиғаның бәрін қайтадан айтып беру мен үшін өте ауыр болатынын түсіндім. Біреу жарамды қайтадан ашып, қазбалағанын қаламадым”. Бірнеше аптадан кейін, Дениз сот залында өмірінің астан-кестенін шығарып, отбасын зар жылатқан адамның алдында сөз сөйледі. Сол кезде Дениз судьядан жүргізушіге рақымшылық танытып, кешірім жасауды өтіндіb. Ол сөзін аяқтағаны сол еді, судья көзіне жас алып, былай деді: “Менің судья болып отырғаныма 25 жыл болды, бірақ бұндайды бірінші рет көруім. Жәбір көрген адамның айыпталушыға рақым танытуды сұрағанын ешқашан естімеппін. Мейіріммен, кеңпейілмен айтылған мұндай сөздерді де естуім бірінші рет”.
3. Денизге кешірімді болуға не көмектесті?
3 Денизге кешірімді болуға не көмектесті? Ол Ехобаның кешірімділігі жайлы ой жүгірткен (Миха 7:18). Біздің де жүрегіміз Ехобаның кешірімділігіне деген ризашылыққа толса, басқаларды кешіруге ынталы боламыз.
4. Ехоба бізден не күтеді? (Ефестіктерге 4:32)
4 Ехоба бізді кеңпейілмен кешіргеніндей, біз де басқаларды солай кешіруіміз керек (Ефестіктерге 4:32 оқыңыз). Өйткені Ехоба біздің де ол сияқты өзгелерді кешіруге дайын болғанымызды қалайды (Зәб. 86:5; Лұқа 17:4). Бұл мақалада бізге кешірімді бола түсуге көмектесетін үш қадамды қарастырамыз.
ІШТЕГІ СЕЗІМДЕРІҢІЗДІ ЕЛЕМЕЙ ЖҮРМЕҢІЗ
5. Нақыл сөздер 12:18-ге сай, біреу жанымызды жаралағанда не сезінеміз?
5 Кейде біреудің сөзі не әрекеті жанымызға қатты батуы мүмкін. Ол адам досымыз не жақын туысымыз болса, бұл тіптен ауыр тиеді (Зәб. 55:12—14). Сондай кездері қатты қиналатынымыз сонша, біреу қанжар сұғып алғандай күй кешеміз (Нақыл сөздер 12:18 оқыңыз). Егер іштегі сезімдерімізді басуға тырыссақ не елемей жүре берсек, бұл сұғылған қанжарды шығармай жүре берумен тең. Ішіміздегі жағымсыз сезімдер өздігінен кетіп қалады деп ойламайық.
6. Біреу ренжітсе, бұл бізге қалай әсер етеді?
6 Біреу ренжітсе, ішімізде бірінші пайда болатын эмоция ашу болуы мүмкін. Киелі кітапта ашуланудың бізге тән екені айтылады. Бірақ онда ашудың бізден үстем болып кетпеуі керектігі де ескертіледі (Зәб. 4:4; Ефес. 4:26). Неге? Өйткені эмоция жиі әрекетке ұласады. Ал ашу жақсылыққа апара қоймайды (Жақ. 1:20). Есіңізде болсын, ашу — бірінші келетін эмоция, оған сіз әсер ете алмайсыз, ал ашуланып жүре беру — бұл таңдау, ол өз қолыңызда.
Ашу — бірінші келетін эмоция, ал ашуланып жүре беру — бұл таңдау
7. Біреуден қиянат көргенде қандай сезімдерді бастан кешеміз?
7 Біреуден қиянат көргенде ашу мен реніштен бөлек, басқа да ауыр сезімдерді бастан кешеміз. Мысалы, Анна бауырлас былай дейді: “Бала кезімде әкем бізді тастап, үйіміздегі бала бағушыға үйленіп кетті. Бұл мен үшін өте ауыр соққы болды. Кейін олардың балалары туылғанда, енді әкеме керегім жоқ деп ойладым. Сөйтіп, ешкімге керек емеспін деген оймен өстім”. Ал Джорджитта бауырлас күйеуі көзіне шөп салғанда не сезінгені жайлы былай дейді: “Біз онымен бала кезден дос едік. Бірге ізашар болып қызмет еттік. Осындай жақын адамымнан опасыздық көргенім жаныма қатты батты”. Наоми бауырлас болса былай дейді: “Күйеуім жүрегімді аямай жаралайды деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Ол тығылып порнография көріп жүргенін айтқанда, төбеме жай түскендей болды. Оның осылай алдап, сатқындық жасағаны маған ауыр тиді”.
8. а) Өзгелерді не себепті кешіруіміз керек? ә) Өзгелерді кешірсек, бұның қандай пайдасын көреміз? (“Біреу жанымызға жара салғанда” деген қоршауды қараңыз.)
8 Біз өзгелердің бізге не айтып не істейтініне әсер ете алмаймыз. Бірақ сондай жағдайда қалай әрекет ететініміз өз қолымызда. Көп жағдайда ең дұрысы — кешіру. Неге? Өйткені біз Ехобаны жақсы көреміз, ал Ехоба біздің кешірімді болғанымызды қалайды. Егер адамға ашуланып, кешірмей жүре берсек, ақымақ әрекеттерге барып қоюымыз мүмкін, оның үстіне, денсаулығымызды құртамыз (Нақ. с. 14:17, 29, 30). Кристина деген бауырлас былай дейді: “Жағымсыз сезімдерге батып, түңіліп кеткенде, күлкінің не екенін ұмытасың, не болса, соны жеп кетесің. Бұндай кезде эмоцияңды да қадағалау қиын, соның кесірінен отбасыңмен де, басқалармен де қарым-қатынасың бұзылады”.
9. Неге өкпе-ренішті іште сақтамай, арылғанымыз маңызды?
9 Жанымызды жаралаған адам кешірім сұрамаған күннің өзінде біз өз жағдайымызды жеңілдете аламыз. Жоғарыда айтылған Джорджитта күйеуімен ажырасқаннан кейін оған не көмектескенін айтып былай деді: “Мен күйеуіме деген өкпе-ренішімді іште сақтамай, арылуға тырыстым. Әрине, бұған біраз уақыт кетті. Бірақ соның арқасында жүрегімде керемет тыныштық орнады”. Егер біз өкпе-реніш, ашу-ызадан арылсақ, жүрегіміз қатуланып, ашынып кетпейміз. Сондай-ақ алға ұмтылып, өмірден қайтадан рақат ала бастаймыз. Осылай біз өзімізге игілік жасаймыз (Нақ. с. 11:17). Ал егер адамды мүлдем кешіре алмаймын деп ойласаңыз, не істесеңіз болады?
СЕЗІМДЕРІҢІЗБЕН КҮРЕСІҢІЗ
10. Жан жарамыз сауығу үшін неге өзімізге уақыт бергеніміз маңызды? (Суреттерді де қараңыз.)
10 Уақыт емші демекші, жүрек жараңыз жазылғанша өзіңізге уақыт беріңіз. Мысалы, ауыр жарақат алған адамға медициналық көмек көрсетілсе де, сауығып кету үшін оған уақыт қажет. Тура солай, бізге де эмоциялық жағынан сауығу үшін уақыт қажет болар. Жан жарамыз сауыққаннан кейін, біз адамды шын жүректен кешіруге дайын боламыз (Уағ. 3:3; Пет. 1-х. 1:22).
Жарақат алған адамға сауығып кету үшін уақыт қажет, жаны жараланған адаммен де тура солай (10-абзацты қараңыз)
11. Кешірімді болуға дұға қалай көмектеседі?
11 Ехобаға дұға етіп, кешірімді болуға көмектесуін сұраңызc. Жоғарыда айтылған Анна дұғаның көмегін көргенін айтып былай деді: “Мен алдымен Ехобадан отбасында әрбіріміздің жасаған ағаттықтарымыз үшін кешірім сұрадым. Кейін әкем мен оның қазіргі әйеліне хат жазып, оларды кешіргенімді айттым”. Аннаға бұлай ету оңайға соққан жоқ, әрине. Бірақ ол былай деді: “Ехобаға еліктеп, кешіре білгенім, әкем мен оның әйелін Ехоба жайлы көбірек білуге талпындырады деп үміттенемін”.
12. Неге біз өз сезімдерімізге емес, Ехобаға сенуіміз керек? (Нақыл сөздер 3:5, 6)
12 Өз сезімдеріңізге емес, Ехобаға сеніңіз (Нақыл сөздер 3:5, 6 оқыңыз). Біз үшін ең дұрысы не екенін Ехоба жақсы біледі (Ишая 55:8, 9). Бізге зияны тиюі мүмкін нәрсені ол ешқашан талап етпейді. Егер Ехоба бізге кешірімді бол десе, демек, бұл өзімізге жақсы. Бұған еш күмәнданбасақ болады (Зәб. 40:4; Ишая 48:17, 18). Ал егер біз Ехобаға емес, өз сезімдерімізге сенсек, онда біз ешқашан ешкімді кешіре алмаймыз (Нақ. с. 14:12; Ерм. 17:9). Күйеуі порнография көрген Наоми былай дейді: “Басында мен күйеуімді кешірмеуге қақым бар деп ойладым. Кешірсем, ол бұл ісін қайталап, жанымды тағы да жаралай ма деп қорықтым. Оның үстіне, жасаған әрекеті маған қаншалықты ауыр тигенін ұмытып кете ме деп те уайымдадым. Ехоба бұл сезімдерімді түсінеді деп өз-өзімді ақтап жүрдім. Бірақ ойлана келе мынаны түсіндім: Ехобаның сезімдерімді түсінгені, сол сезімдеріммен келіседі дегенді білдірмейді. Әрине, ол менің ішкі күйімді біледі, маған уақыт керек екенін де түсінеді. Бірақ ол менің кешірімді болғанымды да қалайды”d.
ЖАҒЫМСЫЗ СЕЗІМДЕРДІ ЖАҚСЫ СЕЗІМДЕРМЕН АЛМАСТЫРЫҢЫЗ
13. Римдіктерге 12:18—21 тармақтарға сай, біз не істеуіміз керек?
13 Жанымызды жаралаған адамды кешіргенде, біз болған жағдай жайлы жай ғана сөз қозғамауды шешетін шығармыз. Бірақ біздің өзгелермен тату болғанымыз аса маңызды, әсіресе бір сенімдегі бауырластарымызбен (Мат. 5:23, 24). Ол үшін біз саналы түрде күш салып, ішіміздегі ашуды мейірімге, өкпе-ренішті кешірімге алмастыруымыз қажет (Римдіктерге 12:18—21 оқыңыз; Пет. 1-х. 3:9). Бұны қалай істесек болады?
14. Ехобаға еліктеп біз не істеуіміз керек және неге?
14 Ехоба адамның жаман жақтарын көріп тұрса да, оның жақсы жақтарына назар аударады (Шеж. 2-ж. 16:9; Зәб. 130:3). Біз де Ехобаға еліктеп, жанымызды жаралаған адамның бойынан жақсы қасиеттерін іздеуіміз керек. Әдетте біз адамның бойынан нені көргіміз келсе, соны көреміз: жақсылығын іздесек, жақсылығын, жамандығын іздесек, жамандығын табамыз. Басқалардың бойынан жақсылықты көріп үйренсек, оларды кешіру жеңіл болады. Мысалы, Джэрод есімді ер бауырлас былай дейді: “Бауырласым мені ренжітіп қойса, оның бір ғана олқылығын ойлай бермей, маған ұнайтын бүкіл жақсы қасиеттерін есіме түсіремін. Соның арқасында оны оңай кешіремін”.
15. Адамға кешіргенімізді айту неге маңызды?
15 Маңызды тағы бір жайт — адамға кешіргеніңізді айтыңыз. Бағанағы Наоми бауырлас былай дейді: “Жолдасым менен “мені кешірдің бе?” деп сұрағанда, “кешірдім” деп айтуға оқталғаным сол еді, тілім байланды да қалды. Сол кезде оны шын жүректен кешірмегенімді түсіндім. Уақыт өте мен оған “кешірдім” деп айта алдым. Бұл қарапайым сөз болса да, оның әсері қаншалықты күшті екенін көрдім. “Кешірдім” дегенімді естіп, жолдасым көзіне жас алды. Оның иығынан ауыр жүк түскенін байқағанда, таңғалып қалдым. Ал менің жүрегімде орнаған тыныштықты айтсаңызшы! Мен қайтадан күйеуіме сенім арта бастадым. Қазір екеуміз баз баяғыдай доспыз”.
16. Кешірімге қатысты не үйрендіңіз?
16 Ехоба біздің кешірімді болғанымызды қалайды (Қол. 3:13). Оның бұл қалауын жақсы білсек те, өзгелерді кешіруге қиналып жатамыз. Мұндайда кешірім танытуға көмектесетін үш қадамды ұмытпаңыз: сезімдеріңізді елемей жүрмеңіз, олармен күресіңіз, кейін жағымсыз сезімдерді жақсы сезімдермен алмастырыңыз (“Кешірімге бастайтын үш қадам” деген қоршауды қараңыз.).
КЕШІРІМДІ БОЛУДЫҢ ПАЙДАСЫН ОЙЛАҢЫЗ
17. Өзгелерді кешірудің пайдасы қандай?
17 Кешірімді болудың пайдасы көп. Солардың кейбіреуін ғана атайық. Біріншіден, кешіретін болсақ, мейірімді Әкеміз Ехобаға еліктегенімізді көрсетеміз және оның жүрегін қуантамыз (Лұқа 6:36). Екіншіден, бізді кеңпейілмен кешіріп жүргені үшін Ехобаға риза екенімізді көрсетеміз (Мат. 6:12). Ал үшіншіден, денсаулығымыз да, өзгелермен қарым-қатынасымыз да жақсы болады.
18, 19. Кешірімді болғанымыз қандай нәтиже әкелуі мүмкін?
18 Өзгелерді кешіретін болсақ, күтпеген баталарға кенелуіміз мүмкін. Мысалы, мақаланың басында айтылған Дениздің жағдайына оралайық. Дениз кейін білгендей, жол апатына себепші болған жүргізуші сот шешімінен кейін өз-өзіме қол жұмсаймын деп ойлаған екен. Бірақ ол Дениздің кешіргенін көріп, риза болғаны сонша, Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастаған.
19 Кейде кешіру ең қиын нәрсе болып көрінетін шығар. Бірақ кешіру ең керемет батаға да жеткізуі мүмкін (Мат. 5:7). Ендеше, Ехобаға ұқсап кешірімді болуға барымызды сала берейік!
125-ӘН “Мейірімділер бақытты!”
a Кейбір есімдер өзгертілген.
b Бұндай жағдайда не істейтінін әр мәсіхші өзі шешу керек.
c jw.org сайтынан “Кешірімді болайық”, “Толық кешіру” және “Қайтадан дос болайық” деген әндердің видеосын қараңыз.
d Порнография көру күнә болып саналса да әрі некеде екінші тараптың жанын жараласа да, бұл Жазбалар бойынша ажырасуға негіз бола алмайды.