Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w24 қазан 18—23 бет.
  • “Сый ретіндегі адамдарға” алғыс білдіріңіз

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Сый ретіндегі адамдарға” алғыс білдіріңіз
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • “ӨЗГЕЛЕРГЕ КӨМЕКТЕСЕТІН” ҚЫЗМЕТ КӨМЕКШІЛЕРІ
  • “АУЫР ЕҢБЕКТЕНІП” ЖҮРГЕН АҚСАҚАЛДАР
  • ҚАУЫМДАРДЫ НЫҒАЙТАТЫН АУДАНДЫҚ БАҚЫЛАУШЫЛАР
  • “СЫЙ РЕТІНДЕГІ АДАМДАР” ӘЛІ ДЕ ҚАЖЕТ
  • Ер бауырластар, қызмет көмекшісі болуға ұмтылып жүрсіз бе?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Қызмет көмекшілерінің атқаратын маңызды қызметі
    Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз
  • Ер бауырластар, ақсақал болуға ұмтылып жүрсіз бе?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Қызмет көмекшілері қауымда қандай қызмет атқарады?
    Бүгінде Ехоба Құдайдың еркін кім орындауда?
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
w24 қазан 18—23 бет.

42-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

103-ӘН Бағушылар — Құдайдың сыйы

“Сый ретіндегі адамдарға” алғыс білдіріңіз

“Ол заңғар биікке көтеріліп,.. сый ретінде адамдар берді” (ЕФЕС. 4:8).

НЕГІЗГІ ОЙ

Қызмет көмекшілері, ақсақалдар, аудандық бақылаушылар бізге қалай көмектесіп жүргенін және сол адал ер кісілерге ризашылығымызды қалай білдіре алатынымызды көреміз.

1. Иса бізге беріп жатқан сыйлардың кейбірі қандай?

ЕҢ ЖОМАРТ деген адамдардың ешқайсысы Исаға жетпейді. Жерде болған кезінде Иса адамдарға көмектесу үшін күш-қуатын аямаған (Лұқа 9:12—17). Оның жасаған жақсылығының ең кереметі — біз үшін өмірін қиғаны (Жох. 15:13). Қайта тірілгеннен кейін де Иса бізге көмектесуін доғарған жоқ. Иса уәдесіне сай Әкесінен сұрағандықтан, тәлім алып, жұбаныш таба алуымыз үшін Ехоба бізге киелі рухын төгіп жатыр (Жох. 14:16, 17, сілт.; 16:13). Сондай-ақ қауым кездесулері арқылы Иса бүкіл жержүзінде қалай шәкірт дайындау керектігін бізге үйретуде (Мат. 28:18—20).

2. Ефестіктерге 4:7, 8-де айтылған “сый ретіндегі адамдарға” кімдер жатады?

2 Исаның берген тағы бір сыйына тоқталайық. Елші Пауыл Иса көкке көтерілгеннен кейін, оның “сый ретінде адамдар” бергені туралы жазған (Ефестіктерге 4:7, 8 оқыңыз). Пауыл өз хатында түсіндіргендей, Иса бұл адамдарды қауымды әртүрлі жолдармен қолдау үшін берген (Ефес. 1:22, 23; 4:11—13). Бүгінде сол “сый ретіндегі адамдарға” қызмет көмекшілері, қауым ақсақалдары және аудандық бақылаушылар жатадыa. Әрине, бұл адамдар кемелсіз, сондықтан олар да қателеседі (Жақ. 3:2). Бірақ Иеміз Иса Мәсіх бізге көмектесу үшін сол адамдарды қолданады. Олар Исаның бізге берген сыйлары.

3. “Сый ретіндегі адамдарды” бәріміз қалай қолдай алатынымызды мысалмен түсіндіріңіз.

3 Иса “сый ретіндегі адамдарды” қауымды нығайту мақсатында тағайындаған (Ефес. 4:12). Бұл адамдарға осы маңызды міндеттерін атқаруға біз де қолғабыс ете аламыз. Мынадай мысал келтірейік. Кейбір бауырластар Патшалық сарайын соғуға тікелей атсалысады, ал басқалары осы іске қолдау көрсетіп, тамақ пісіру, бауырластарды тасу сияқты басқа да қосымша істерді атқарады. Тура солай, бәріміз де сөзімізбен, ісімізбен қызмет көмекшілеріне, қауым ақсақалдары мен аудандық бақылаушыларға қолдау көрсете аламыз. Қазір бұл адамдардың аянбай еңбектеніп жүргенінің арқасында біз қандай игілік көріп жүргенімізді қарастырайық. Сондай-ақ олардың өздеріне және сол сыйларды беріп отырған Исаға қалай ризашылық білдіре алатынымызды көреміз.

“ӨЗГЕЛЕРГЕ КӨМЕКТЕСЕТІН” ҚЫЗМЕТ КӨМЕКШІЛЕРІ

4. Бірінші ғасырда қызмет көмекшілері қандай қызмет атқарған?

4 Бірінші ғасырда кейбір ер бауырластар қызмет көмекшісі болып тағайындалған (Тім. 1-х. 3:8). Пауыл “өзгелерге көмектесетін” адамдар жайлы жазғанда, осы қызмет көмекшілері жайлы айтқан көрінеді (Қор. 1-х. 12:28). Ақсақалдар еш алаңдамай тәлім беріп, бақташылық сапар жасай алуы үшін бұл қызмет көмекшілері әртүрлі маңызды істерді атқарса керек. Мысалы, олар Жазбалардың көшірмелерін жасауға көмектескен болуы мүмкін, я болмаса көшірме жасауға қажетті заттарды сатып алумен айналысқан болуы мүмкін.

5. Бүгінде қызмет көмекшілері қандай істер атқарады?

5 Қауымыңыздағы қызмет көмекшілері қандай істер атқарып жүргенін білесіз бе? (Пет. 1-х. 4:10). Олар қауым қаржысымен және учаскелермен байланысты істерді атқарады. Бауырластардың алатын әдебиеттері болу үшін олар тапсырыс береді. Аудио-видео аппаратурасымен байланысты қызметтерді атқарады. Кейде қауымда қызмет көрсетуші болады. Сондай-ақ Патшалық сарайын күтіп ұстауға қолғабыс етеді. Осы істердің бәрі атқарылмаса, қауымымыз лайықты түрде өтіп, уағыз ісіміз тәртіппен жүрмес еді (Қор. 1-х. 14:40). Бұған қоса, кейбір қызмет көмекшілері “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” кездесуінде тапсырмалармен шығады. Сондай-ақ көпшілікке арналған баяндамалар айтады. Қызмет көмекшілері топ бақылаушысының көмекшісі ретінде де тағайындалуы мүмкін. Ал кейде қабілетті қызмет көмекшілері ақсақалдармен бірге бақташылық сапарлар жасайды.

6. Қызмет көмекшілерінің ерен еңбегін неге қатты бағалаймыз?

6 Қызмет көмекшілері атқарып жүрген істердің қауымдағылар қандай игілігін көріп жүр? Боливияда тұратын Беверлиb есімді әйел бауырлас былай дейді: “Қызмет көмекшілерінің арқасында қауымның бар пайдасын көріп жүрмін. Мен қауымда ән айтамын, түсініктеме беремін, баяндамалар тыңдаймын, экранда шыққан видеолар мен суреттерден сабақ алып отырамын. Бұның бәрі солардың еңбегінің арқасы ғой. Олар қауымның қауіпсіздікте өтуін қамдайды. Сондай-ақ қауымға видеоконференция арқылы қосылатындардың жағдайын жасайды. Ал қауымнан кейін тазалық жұмыстарына қатысып, бас-көз болады. Садақа жәшігіне түскен қаржыны есептейді. Сондай-ақ қандай әдебиеттер қажет екеніне көз жеткізеді. Бұл бауырластарыма сондай ризамын!” Күйеуі ақсақал болып қызмет ететін Колумбиядағы Лесли есімді бауырласымыз былай дейді: “Күйеуім қызмет көмекшілерінің арқасында бірталай істерді тындырып жүр. Олар болмағанда, істерінен қолы босамай, күйеуімді көрмей кететін едім. Әрдайым көмектесуге дайын осы бауырластарға шексіз ризамын!” Сіз де осы бауырластардың айтқан сөздерімен келісетін шығарсыз (Тім. 1-х. 3:13).

7. Қызмет көмекшілеріне қалай алғыс білдірсек болады? (Суретті де қараңыз.)

7 Бәлкім, біз қызмет көмекшілеріне іштей риза шығармыз. Бірақ Киелі кітап бізді: “Алғыс білдіріңдер”,— деп шақырады (Қол. 3:15). Финляндияда қызмет ететін Кристофер есімді ақсақал қалай ризашылық білдіретінін айтып былай деді: “Мен қауымдағы қандай да бір қызмет көмекшісіне ашықхат не хабарлама жазып, тармақ келтіремін. Сондай-ақ ол мені қалай жігерлендіргенін немесе оның қызметін не үшін бағалайтынымды айтамын”. Жаңа Каледонияда тұратын Паскаль мен Жаел қызмет көмекшілері үшін жиі дұға етіп тұрады екен. “Соңғы кездері өтініп, жалбарынып, ризашылық білдіріп айтқан дұғаларымыздың бәрі қауымдағы тағайындалған ер бауырластар жайлы болып жүр”,— дейді Паскаль. Ехоба бұндай дұғаларды тыңдайды және оның пайдасын бүкіл қауым көреді (Қор. 2-х. 1:11).

“АУЫР ЕҢБЕКТЕНІП” ЖҮРГЕН АҚСАҚАЛДАР

8. Неге елші Пауыл бірінші ғасырдағы ақсақалдарды “ауыр еңбектеніп” жүргендер деп атаған? (Салоникалықтарға 1-хат 5:12, 13)

8 Бірінші ғасырдағы ақсақалдар қауымның қамы үшін ауыр еңбектенген (Салоникалықтарға 1-хат 5:12, 13 оқыңыз; Тім. 1-х. 5:17). Олар қауымға “жетекшілік еткен”, яғни қауым кездесулерін өткізген және ақсақалдар кеңесі болып шешімдер қабылдаған. Сондай-ақ олар қауымды қорғау үшін бауырластарға нақты, сөйтсе де сүйіспеншілікпен “ақыл-кеңестер беріп” отырған (Сал. 1-х. 2:11, 12; Тім. 2-х. 4:2). Әрине, бұл ер кісілер отбасыларын асырау үшін және өздерінің рухани күйлерін мықты етіп сақтау үшін де көп күш салған (Тім. 1-х. 3:2, 4; Тит. 1:6—9).

9. Бүгінде ақсақалдар атқарып жүрген істердің кейбірі қандай?

9 Бүгінде ақсақалдардың атқаратын істері өте көп. Олар ізгі хабардың уағыздаушылары (Тім. 2-х. 4:5). Олар зор құлшыныспен уағыз ісіне жетекшілік етеді. Өз аумақтарында уағыз ісін ұйымдастырады және бауырластарға тиімді уағыздап, тәлім беруді үйретеді. Сондай-ақ олар мейірімді, ешкімді бөліп-жармайтын төрешілер. Мәсіхші ауыр күнә жасап қойғанда, ақсақалдар оған Ехобамен қарым-қатынасын қалпына келтіруге көмектеседі. Десе де қауымның таза сақталуына да мұқият болады (Қор. 1-х. 5:12, 13; Ғал. 6:1). Ақсақалдар бірінші кезекте бағушылар (Пет. 1-х. 5:1—3). Олар жақсы дайындалған және Жазбаларға негізделген баяндамалар айтады. Қауымда әрбір бауырласты жақсырақ білуге күш салады және бақташылық сапарлар жасайды. Бұған қоса, кейбір ақсақалдар Патшалық сарайларын соғу не жөндеу жұмыстарына қатысады, конгрестерді ұйымдастырады, “Ауруханалармен байланыс комитеттерінде” және “Науқастарға көмек көрсету топтарында” қызмет етеді. Олардың бұдан бөлек басқа тапсырмалары болуы мүмкін. Расымен де, ақсақалдар біздің қамымыз үшін ауыр еңбектеніп жүр!

10. Біз аянбай еңбек етіп жүрген ақсақалдарымызды не үшін бағалаймыз?

10 Ехоба бағушылардың бізді қамқорлайтынын және біз “ештеңеден үрейленбейтінімізді, шошынбайтынымызды” алдын ала айтқан (Ерм. 23:4). Финляндияда тұратын Джоанна бауырласымыз анасы қатты науқастанып қалған кезде осы сөздердің растығына көзі жеткен. Ол былай дейді: “Негізі, мен өзгелерге іштегі сезімдерімді айтуға қиналамын. Бірақ өзім аса жақсы танымайтын қауымдағы ақсақалым мені шыдаммен тыңдағанда, оған уайымдарымды айтып, бөлісе бастадым. Ол менімен бірге дұға етті, Ехобаның мені жақсы көретініне сендірді. Оның маған нақты не айтқаны есімде жоқ. Бірақ қорқыныш, уайымым сейіліп, өзімді жақсы сезінгенім есімде. Оны маған дәл керек кезінде жіберген Ехоба екеніне күмәнім жоқ”. Сіз қауымдағы ақсақалдардың қандай көмегін көріп жүрсіз?

11. Ақсақалдарға қалай ризашылық білдірсек болады? (Суретті де қараңыз.)

11 Ехоба біздің ақсақалдарға “еңбектері үшін” алғыс білдіргенімізді қалайды (Сал. 1-х. 5:12, 13). Финляндияда тұратын Хенритта есімді әйел бауырласымыз былай дейді: “Ақсақалдардың бізге көмектесуге асық болып тұрғаны олардың уақыттары мен күштері біздікінен көп, өмірлерінде ешқандай қиындықтары жоқ дегенді білдірмейді. Мен кейде ақсақалдарға жай ғана былай деймін: “Білесің бе, сен өте жақсы ақсақалсың. Осыны білсең екен деймін”. Түркияда тұратын Сера есімді әйел бауырлас болса былай дейді: “Ақсақалдарға да алға қарай жүре беру үшін “жанармай” керек. Сондықтан біз оларға ашықхат жаза аламыз, я болмаса бірге тамақ ішуге, қызмет етуге шақырсақ болады”. Сіздің де қауымда еңбегі үшін ерекше риза болып жүрген ақсақалыңыз бар ма? Бар болса, оған алғыс білдірудің мүмкіндіктерін іздеңіз (Қор. 1-х. 16:18).

Ақсақал қауымда баяндама айтып тұр. Коллаж: Ақсақалдарға ризашылық білдірудің жолдары. 1. Ерлі-зайыпты ақсақалмен және оның әйелімен бірге тамақ ішіп отыр. 2. Қарт әйел бауырлас дұға етіп отыр. 3. Сол қарт әйел бауырлас ашықхат жазып отыр.

Тағайындалған ер бауырластар алға қарай жүре беру үшін оларға “жанармай құйып” отырыңыз (7, 11, 15-абзацтарды қараңыз)


ҚАУЫМДАРДЫ НЫҒАЙТАТЫН АУДАНДЫҚ БАҚЫЛАУШЫЛАР

12. Қауымдарды нығайту үшін Иса тағы кімдерді берген? (Салоникалықтарға 1-хат 2:7, 8)

12 Иса берген “сый ретіндегі адамдарға” жататын тағы бір топты қарастырайық. Исаның жетекшілігімен Иерусалимдегі ақсақалдар Пауылды, Барнаба мен өзгелерді аралаушы бақылаушылар ретінде қауымдарға жіберіп отырған (Ел. іс. 11:22). Не себепті? Қызмет көмекшілері мен ақсақалдар сияқты, бұл тағайындалған бауырластардың да міндеті қауымдарды нығайту болған (Ел. іс. 15:40, 41). Бұл ер кісілер өзгелерге тәлім беріп, жігерлендіру үшін жайлы өмірлерін тастаған, кейде тіпті бастарын қатерге тіккен (Салоникалықтарға 1-хат 2:7, 8 оқыңыз).

13. Аудандық бақылаушылар қандай істер атқарады?

13 Аудандық бақылаушылар үнемі көшіп-қонып жүреді. Кейде олар бір қауымнан екінші қауымға жеткенше жүздеген шақырым жол жүреді. Апта сайын аудандық бақылаушылар бірнеше баяндама айтады, уағыздауға арналған кездесулер жүргізеді, бақташылық сапарлар жасайды, ізашарларға арналған кездесу өткізеді, ақсақалдармен кездеседі. Сондай-ақ аудандық және аймақтық конгрестерді ұйымдастырады, сол конгрестерде баяндамалар айтады. Олар ізашарларға арналған мектепте тәлім береді, аудандағы ізашарлармен арнайы кездесу өткізеді. Сондай-ақ филиал тапсырған әртүрлі жұмыстарды, кейде шұғыл істерді атқарады.

14. Аудандық бақылаушылардың ауыр еңбегін не үшін бағалаймыз?

14 Сый ретінде берілген аудандық бақылаушылардың қызметінің арқасында қауым қандай игілік көріп жүр? Түркияда тұратын бір ер бауырлас былай дейді: “Аудандық бақылаушының әр сапарынан кейін, бауырластарға көмектесуге деген ықыласым арта түседі. Мен көптеген аудандық бақылаушыларды көргенмін, бірақ ешқайсысы да қолы тимейтін, сенімен сөйлеуге уақыты жоқтай әсер қалдырған емес”. Жоғарыда айтылған Джоанна аудандық бақылаушымен қызметке шыққан, бірақ үйлерінде болмағандықтан бірде-бір адаммен сөйлесе алмаған. Ол былай дейді: “Сонда да сол күн мен үшін есте қалған ерекше күн болды. Сол кездері екі әпкем басқа қалаға көшіп кетіп, оларды сағынып жүрген едім. Ол мені жылы сөздерімен жұбатып, Ехобаға қызмет ету үшін бір-бірімізден жырақта жүргеніміз уақытша екенін, ал жұмақта мәңгі бірге бола алатынымызды есіме салды”. Аудандық бақылаушылардың көбісі осылай сүйіспеншілік, қамқорлық танытып, бауырластардың жүрегінен ерекше орын алған (Ел. іс. 20:37—21:1).

15. а) Жоханның 3-хаты 5—8 тармақтарға сай, аудандық бақылаушыларға ризашылығымызды қалай білдірсек болады? (Суретті де қараңыз.) ә) Тағайындалған бауырластардың әйелдерін не үшін бағалауымыз керек және бағалайтынымызды қалай көрсетсек болады? (“Олардың әйелдерін ұмытпаңыз” деген қоршауды қараңыз.)

15 Елші Жохан Гайды сапармен келген бауырластарға қонақжайлылық танытуға талпындырып, оларды “Құдайға ұнайтындай етіп шығарып салуды” айтқан (Жоханның 3-хаты 5—8 оқыңыз). Аудандық бақылаушыларымызды қолдаудың жолдары — оларды тамаққа шақыру, уағыздауға арналған кездесулерге қатысу. Оларға тағы қалай ризашылық білдіруге болатынын жоғарыда айтылған Леслидің сөздерінен көруге болады. Ол былай дейді: “Мен Ехобаға дұға етіп, оларға бар қажетін берші деп сұраймын. Сондай-ақ күйеуім екеуіміз оларға хат жазып, сапарлары бізге қалай көмектескенін айтып береміз”. Есіңізде болсын, аудандық бақылаушылар темір емес, олар да біз сияқты ет пен сүйектен жаралған. Олар да ауырады, уайымдайды, кейде тіпті көңілдері түседі. Сіздің жылы сөздеріңіз, қарапайым сыйлығыңыз олардың айтқан дұғаларына жауап болуы мүмкін (Нақ. с. 12:25).

Олардың әйелдерін ұмытпаңыз

Қызмет көмекшілерінің, ақсақалдардың және аудандық бақылаушылардың әйелдері көптеген құрбандықтарға барады. Соның арқасында олардың күйеулері қауымға көп көмектесе алады. Бір әйел бауырлас былай дейді: “Былайша айтқанда, бұл әйел бауырластар күйеулерін Ехобаға жалға бере тұрады. Ехоба осы аяулы қыздарын қатты бағалайтыны сөзсіз”. Осындай жанқияр әйел бауырластарымызды бағалайтынымызды қалай көрсетсек болады?

  • Алғыс білдіріңіз. “Күйеуіңізді қолдап жүргеніңіздің арқасында қауымда оның қызметінің көп пайдасын көріп жүрміз. Сізге көп рақмет!” деген қарапайым сөздердің өзі оларды қатты жігерлендіруі мүмкін.

  • Күйеулерінің тым көп уақытын алып қоймауға тырысыңыз. Тағайындалған ер бауырласқа өз уайымыңызды айтып, жолығудан тартынбаңыз. Бірақ, ұмытпаңыз, оған кейде алдымен өз отбасына көңіл бөлу керек болуы мүмкін (Тім. 1-х. 3:4, 5, 12). Ол өз әйел, бала-шағасымен бірге қызметке шығуы, отбасылық ғибадат өткізуі және демалуы да керек.

  • Олар үшін дұға етіңіз. Олардың күйеулері “сый ретіндегі адамдар” болғанындай, “ақылды әйелдер де Ехобадан” (Нақ. с. 19:14). Ехобаға дұға еткенде осы әйел бауырластар үшін ризашылық білдіріп, оларды нығайтуын сұраңыз.

“СЫЙ РЕТІНДЕГІ АДАМДАР” ӘЛІ ДЕ ҚАЖЕТ

16. Нақыл сөздер 3:27-ге сай, ер бауырластар қандай сұрақтар жайлы ойланса болады?

16 “Сый ретіндегі адамдар” бізге дүниежүзі бойынша әлі де көп қажет. Егер сіз шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырлас болсаңыз, сол “сый ретіндегі адамдардың” қатарына қосылуға мүмкіндігіңіз бар ма? (Нақыл сөздер 3:27 оқыңыз). Қызмет көмекшісі болғыңыз келе ме? Бауырластардың қамын көбірек жасау үшін ақсақал болуға ұмтыла аласыз ба?c Қажетті өзгерістер жасап, Патшалықты жариялаушыларға арналған мектепке өтініш толтыруға жағдайыңыз келе ме? Сол мектептен өтсеңіз, Иса сізді қазіргіден де көбірек қолдана алар еді. Ал егер өзіңізді әлі дайын емеспін деп ойласаңыз, Ехобаға дұға етіңіз. Өзіңізге тапсырылған кез келген істі жақсы атқаруға киелі рухы арқылы көмектесуін сұраңыз (Лұқа 11:13; Ел. іс. 20:28).

17. “Сый ретіндегі адамдар” Патшамыз Иса Мәсіх жайлы нені айқын көрсетеді?

17 Иса “сый ретінде” берген ер бауырластарға қарап, соңғы күндері бізді жетелеп отырған Исаның өзі екенін айқын көреміз (Мат. 28:20). Біздің қамымызды ойлап, қабілетті ер бауырластар тағайындаған сүюші де жомарт әрі қамқор Патшамызға өте ризамыз, солай емес пе?! Ендеше, біз үшін аянбай еңбек етіп жүрген ер бауырластарға ризашылық білдірудің мүмкіндіктерін іздейік. Сол үшін Ехобаға да ризашылық білдіруді ұмытпайық. Өйткені ол — барлық “игі де кемелді сыйдың” қайнары (Жақ. 1:17).

АУЫР ЕҢБЕКТЕНІП ЖҮРГЕН ЕР БАУЫРЛАСТАРҒА НЕ ҮШІН РИЗАСЫЗ?

  • Қызмет көмекшілеріне

  • Ақсақалдарға

  • Аудандық бақылаушыларға

99-ӘН Сансыз көп бауырластар

a “Сый ретіндегі адамдарға” Басқарушы кеңестің мүшелері, Басқарушы кеңестің көмекшілері, филиал комитетінің мүшелері және басқа қызмет түрлерін атқарып жүрген ер бауырластар да жатады.

b Кейбір есімдер өзгертілген.

c Қызмет көмекшісі не ақсақал боламын деген мақсатыңызға қалай жетуге болатынын білу үшін, 2024 жылғы “Күзет мұнарасының” қараша айындағы санынан “Ер бауырластар, қызмет көмекшісі болуға ұмтылып жүрсіз бе?” және “Ер бауырластар, ақсақал болуға ұмтылып жүрсіз бе?” деген мақалаларды қараңыз.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу