ӨМІРБАЯН
Әр қадамымды Ехобамен бірге бастым
БІР КҮНІ таңертең мен байлар тұратын жерде орналасқан үйімнен шығып, жұмысқа қарай бара жаттым. Жолда жақында шыққан “Күзет мұнарасы” жайлы ойландым. Бұл журнал көршілеріміз бізді кім деп танитыны жайлы еді. Сонда мен жан-жанымдағы көршілердің үйлеріне қарап: “Олар мені кім деп таниды екен, табысты банкир деп пе, әлде отбасын қамтамасыз ету үшін банкте жұмыс істейтін Құдайдың қызметшісі деп пе?”— деп ойландым. Сонда өз жауабыма өзім қанағаттанбай, өзгерістер жасауым керектігін түсіндім. Бұл 1984 жыл еді.
Мен 1940 жылдың 19 мамырында Ливанның Амион қаласында дүниеге келдім. Менің үш әпкем, бір ағам болды. Үйдің кенжесі едім. Мен туылғаннан бірнеше жыл өткеннен кейін отбасымызбен Триполи қаласына көшіп кеттік. Отбасым Ехоба Құдайға қызмет ететіндіктен, тату-тәтті тұрды. Ата-анам ақша табуды ешқашан басты орынға қоймайтын. Отбасымыз үшін Киелі кітапты зерттеу, қауым кездесулеріне бару, адамдарға Ехоба жайлы айту әрдайым бірінші орында тұратын.
Қауымымызда бірнеше майланған мәсіхші болды. Солардың бірі Мишель Абуд еді. Ол қауымда Киелі кітапты зерттеу бөлімін жүргізетін. Мишель бауырлас алғаш рет шындықты Нью-Йоркте естіп, кейін 1921 жылы Ливанда уағыздай бастаған. Біздің қауымда Ғалақатты бітіріп келген Энн мен Гвен деген қыз бауырластар да болды. Оларға Мишель бауырластың көп көмектескені есімде қалды. Біз олармен жақсы дос болып кеттік. Біраз жылдан кейін мен Энн бауырласты Құрама Штаттарда кездестірдім, сонан соң Гвен бауырласты да көрдім. Ол Уилфред Гуч деген бауырласқа тұрмысқа шығып, Англияның Лондон қаласындағы Бетелде қызмет етіп жатқан екен.
ЛИВАНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІМІЗ
Бала кезімде Ливанда бірнеше ғана Куәгер болатын. Діни жетекшілер бізге қарсылық көрсететін. Бірақ біз соған қарамастан құлшына уағыздай беретінбіз. Қызметте болған бірнеше жағдай есімде.
Бір күні Сана әпкем екеуміз көп қабатты үйлерде уағыздап жүрген едік. Біз бір пәтердің тұрғынымен сөйлесіп жатқан кезде қасымызға діни жетекші келді. Меніңше, оны сол жердегілердің біреуі шақырған. Ол әпкемді әбден балағаттап, қатты ашумен баспалдаққа қарай итеріп жіберді. Әпкем байғұс жарақаттанып қалды. Сол кезде біреу полиция шақырды. Олар келіп, әпкеме көмектесті. Ал діни қызметкерді полиция учаскесіне алып кетті. Полиция қызметкерлері одан қару тапты. Сонда бір полиция оған: “Сен кімсің өзі? Діни жетекшісің бе, әлде бұзақылардың жетекшісің бе?”— деді.
Тағы бірде біз қауым болып автобус жалдап, шалғай аумаққа барып уағыздадық. Қызметіміз өте керемет болып жатқан еді. Бір қарасақ, сол жақтың діни қызметкері уағыздап жүргенімізді естіп, бізге қарсы бір топ адамды жинап әкеліпті. Олар бізге тас лақтыра бастады. Сол кезде әкемнің басына тас тиіп, бет-аузының бәрі қан-қан болып кетті. Сөйтіп, барлығымыз автобусқа қайттық. Әкемнің бетін сүртіп жатып анам: “Ехоба, оларды кешіре көрші. Олар не істеп жатқандарын білмейді”,— деді. Анамның бұл сөздері әлі күнге дейін есімде.
Тағы бір жолы біз туысқандарымызды көру үшін атамның үйіне бардық. Атамның үйіне бір беделді діни жетекші келген екен. Ол менің ата-анам Ехоба куәгері екенін білетін. Менің жасым небәрі алтыда болса да, ол маған: “Ей, сен неге шомылдыру рәсімінен өтпегенсің?”— деді. Сонда мен: “Мен әлі баламын. Киелі кітапты жақсы білмеймін. Шомылдыру рәсімінен өту үшін мықты сенім керек”,— жауап бердім. Сонда ол менің сөзімді жақтырмай атама: “Немерең үлкенді құрметтеу, сыйлау дегенді білмейді екен”,— деді.
Бірақ бұндай оқиғалар көп болды дей алмаймын. Жалпы алғанда, ливандықтар ақпейілді, қонақжай адамдар. Біз олармен жақсы сөйлесетінбіз. Біразымен Киелі кітапты зерттеу сабағын өткіздік.
БАСҚА ЕЛГЕ КӨШУІМІЗ
Мен мектепте оқып жүрген кезде, Венесуэладан бізге бір жас ер бауырлас келді. Ол менің Уафа әпкеммен кездесе бастады. Сөйтіп, олар үйленіп, Венесуэлаға кетті. Уафа бізге хат жазып тұратын. Ол бізді қатты сағынып, әкеме Венесуэлаға көшіп келіңдерші дейтін. Сонымен не керек, әпкем әкемді көндіріп, бәріміз Венесуэлаға көшіп кеттік.
1953 жылы Венесуэланың Каракас деген қаласына көшіп келдік. Біз президент резиденциясына жақын жерде тұрдық. Әлі бала болғандықтан, президенттің көліктерімен кетіп бара жатқанын көргенде қатты қызығып, мәз болатынмын. Бірақ ата-анама тіл үйрену, сол елдің мәдениеті мен тамағына, ауа райына үйрену оңай болған жоқ. Жаңа жерге енді үйрендім дегенде, отбасымызда бір қайғылы жағдай болды.
Сол жақтан оңға қарай: Әкем. Анам. Венесуэлаға көшкенде түскенім, 1953 жыл
АУЫР ҚАЗА
Әкем аяқастынан қатты ауырып қалды. Бұл біз үшін күтпеген жайт болды. Өйткені әкем денсаулығы мықты адам болатын. Оның ауырғанын ешқашан көрген емеспіз. Әкемде ұйқы безі қатерлі ісігі бар екені анықталды. Оған ота жасалып, өкінішке қарай, бір аптадан кейін қайтыс болды.
Бұл жайт біздің отбасымыз үшін қатты соққы болды. Есеңгіреп қалдық. Біз үшін дүниенің астан-кестені шыққандай болды. Анам біраз уақыт есін жия алмай, әкеміздің жоқтығына еш көне алмады. Ол кезде мен небәрі он үште едім. Бірақ өмір мұнымен тоқтамады. Ехобаның көмегімен біз қайғымызды көтере алдық. Мен 16 жасымда Каракастағы мектепті бітіріп шықтым. Сөйтіп, отбасымды асырауға өз үлесімді қосайын дедім.
Рухани өсуіме себепкер болған әпкем Сана және күйеуі Рубен
Сол кездері менің Сана әпкем Ғалақат мектебін бітіріп келген Рубен Араухо деген бауырласқа тұрмысқа шықты. Кейін олар Нью-Йоркке көшіп кетті. Мен де отбасымның қалауымен Нью-Йорктегі университетке түсіп, әпкем мен жездемнің қасында тұрдым. Олар рухани өсуіме көп көмектесті. Оның үстіне, мен барып жүрген Бруклиндегі испан қауымында көптеген рухани толысқан ер бауырластар бар еді. Мысалы, Милтон Хеншель мен Фредерик Френц. Олардың екеуі де Бруклиндегі Бетелде қызмет ететін.
Шомылдыру рәсімінен өтуім, 1957 жыл
Бірінші курсты бітіріп жатқан кезде мен өмірімді дұрыс нәрсеге арнап жатырмын ба деп ойлана бастадым. Мен “Күзет мұнарасынан” мәсіхшілер қоя алатын рухани мақсаттар жайлы көп мақала оқыдым. Бұл мені қатты ойландырып тастады. Қауымдағы ізашарлардың, бетелдіктердің қуана қызмет етіп жүргенін көргенде, мен де солар сияқты болғым келетін. Бірақ ол кезде мен әлі шомылдыру рәсімінен өтпеген едім. Сөйтіп, көп ұзамай 1957 жылдың 30 наурызында мен өмірімді Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өттім.
МАҚСАТ-МҰРАТТАРЫМ
Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін, ендігі мақсатым толық уақытты қызметті бастау болды. Бірақ университеттегі оқуым мен ізашарлық қызметті қалай бірге алып жүремін деп ойладым. Содан үйдегілерге хат жазып, университеттен шығатынымды, сөйтіп Венесуэлаға қайтып, ізашарлық қызметті бастайтынымды айттым.
1957 жылы маусым айында Каракасқа оралдым. Отбасымның жағдайына қарап, олардың тағы бір асыраушыға мұқтаж екенін түсіндім. Сол уақыттары маған банкте жұмыс істеуге ұсыныс түсті. Бірақ мен ізашар болып қызмет еткім келді. Қанша дегенмен, сол үшін оралдым ғой. Сөйтіп, мен екеуін алып жүремін деп шештім. Бірнеше жыл бойы мен банкте де толық уақыт жұмыс істедім, ізашарлық қызметті де алып жүрдім. Таңертеңнен кешке дейін қолым еш босамаса да, өзімді қатты бақытты сезінетінмін.
Сосын өмірімде тағы бір қуанышты жағдай болды. Мен Ехобаны қатты жақсы көретін Сильвия деген неміс бауырласқа үйлендім. Ол ата-анасымен бірге Венесуэлаға көшіп келген болатын. Біздің Мишель (Майк) деген ұлымыз және Самира деген қызымыз туылды. Мен анама қарау үшін оны өз қолыма алдым. Отбасылық міндеттерім көбейгендіктен, ізашарлық қызметті тоқтатуға тура келді. Бірақ мен ізашарлық рухты жоғалтпауға тырыстым. Сильвия екеуміз жұмыстан демалыс алған кездері үнемі қосалқы ізашар болатынбыз.
ҮЛКЕН БЕЛЕС
Мақаланың басындағы оқиғаға оралсақ, ол кездері балаларым әлі мектепте оқитын. Шыны керек, сол кезде өмірім жайлы еді. Жұмыста да барлығы мені сыйлайтын. Бірақ өзгелер мені табысты банк қызметкері емес, Ехобаның қызметшісі деп танығанын қаладым. Сол күні туған ойлар еш есімнен кетпей қойды. Содан әйелім екеуміз отырып, қаржыларымызды есептедік. Егер мен банктен шығатын болсам, маған үлкен сома ақша берілетін. Ешқандай қарызымыз болмағандықтан, қарапайым өмір сүрсек, бұл ақша бізге біраз уақытқа жетер еді.
Әрине, бұл оңай шешім емес еді. Бірақ аяулы жарым мен анам мені толығымен қолдады. Осылай қайтадан ізашарлық қызметті бастағалы жаттым. Қуанышымда шек болмады. Бірақ біз күтпеген жерден бір жаңалық естідік.
ТОСЫН СЫЙ!
Бізге тосын сый болған үшінші балам Габриел
Бір күні дәрігер бізге Сильвияның жүкті екенін айтты. Бұны естігенде, Сильвия екеуміздің қуанышымызда шек болмады. Бұл бізге тосын сый болды. Бірақ мен бұл менің ізашар боламын деген мақсатыма қалай әсер етер екен деп ойладым. Десе де біз өз-өзімізді дайындап, отбасымыздың жаңа мүшесін асыға күттік.
1985 жылы сәуірде ұлымыз Габриел дүниеге келді. Жағдайымызды тағы бір саралап, бастапқы қабылдаған шешімімізді өзгертпейміз деп шештік. Банктегі жұмысымнан шығып, 1985 жылдың маусым айында қайтадан ізашарлық қызметті бастадым. Кейін мені филиал комитетінің мүшесі етіп тағайындады. Мен Бетелде аптасына екі-үш күн қызмет ететінмін. Бірақ филиал Каракаста болмағандықтан, маған 80 шақырымдай жол жүруге тура келетін.
ЕКІНШІ РЕТ КӨШУІМІЗ
Бетел Ла-Викторияда орналасқандықтан, біз сол жерге көшіп баруды шештік. Бұл оңай болмаса да, отбасымның қолдауымен біз сол жаққа көшіп бардық. Сол үшін отбасыма шексіз ризамын. Сондай-ақ Баһа әпкеме де ризамын. Ол анамды өз қамқорлығына алды. Тұңғыш ұлымыз Майк үйленіп кеткен еді. Бірақ Самира мен Габриел әлі де бізбен тұрып жатқан болатын. Сондықтан оларға Каракастағы достарынан алыс кетуге тура келді. Жұбайым Сильвияға да кішігірім қалаға үйренуге тура келді. Үйіміз баяғыдай үлкен болмағандықтан, барлығымызға жаңа жағдайға бейімделу керек болды. Иә, Каракастан Ла-Викторияға көшіп бару үшін біз әжептәуір өзгерістер жасадық.
Арада уақыт өте ұлымыз Габриел үйленіп кетті. Қызымыз Самира да өз-өзін асырай алатын болды. Содан 2007 жылы Сильвия екеумізді Бетелге шақырды. Біз әлі күнге дейін осы жерде қуана қызмет етіп жүрміз. Тұңғыш ұлымыз Майк — ақсақал. Ол әйелі Моникамен бірге ізашар болып жүр. Кенже ұлымыз Габриел де ақсақал, ол әйелі Эмбрамен бірге Италияда қызмет етеді. Ал қызымыз Самира ізашарлық қызметімен қоса Бетелге қашықтағы ерікті қызметші болып көмектеседі.
Сол жақтан оңға қарай: Әйелім Сильвия екеуміз, Венесуэладағы Бетелде. Үлкен ұлым Майк пен Моника. Қызымыз Самира. Ұлымыз Габриел мен Эмбра
ЕШ ӨКІНІШІМ ЖОҚ!
Мен өмірімде көп маңызды шешімдер қабылдадым және оған ешқашан өкінбеймін. Егер біреу менен: “Сол шешімдерді қайтадан қабылдар ма едің?”— деп сұраса, мен ойланбай “иә” деп жауап берер едім. Ехоба үшін әртүрлі қызмет атқара алғаныма қатты қуанамын. Мен Ехобамен жақын дос болудың қаншалықты маңызды екенін өз тәжірибемнен көрдім. Үлкен не кішігірім шешімдер қабылдамайық, Ехоба бізге “адам ақылынан асқан тыныштығын” сыйлайды (Філіп. 4:6, 7). Қазір Сильвия екеумізге Бетелдегі қасиетті қызметіміз қатты ұнайды. Біз өміріміздегі әрбір қадамды Ехобамен бірге бастық. Ал Ехоба сол шешімдерімізге батасын берді.